Қазаққа «қымыз туралы» заң қажет - баспасөзге шолу
***
Бүгінгі «Айқын» газетінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы Қуаныш Нұрғазиевпен арада болған сұхбат жарияланды. Онда дәрігер Қазақстандағы онкология саласының ахуалы, елімізде онкологиялық ауруға шалдыққандар ішінде алғашқы сатысында жазылып кету мүмкіндігі, онкологиялық ауруды ерте сатысында анықтау үшін жүргізіліп жатқан скринингтік бағдарламалардың нәтижесі, қатерлі ісікті емдеуге қажет дәрі-дәрмек туралы сұрақтарға кеңінен жауап береді.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде бірінші орында әйелдер арасында сүт безінің қатерлі ісіктері, ерлер мен әйелдерде өкпе, сосын асқазан, ал төртінші орында тоқ ішектің қатерлі ісігі тұр. Өзі басқарып отырған институт қатерлі дерттің алдын алуда біршама жұмыстар атқарып, шетелдік мамандардың тәжірибесімен алмасып, көптеген мәселелерді талқылауда. Франция, Америка, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Италия мемлекеттерінің үлкен онкологиялық орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс жасауда.
«Қазақстан бойынша жүз қырық алты мыңнан астам адам қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Олар диспансерлік есепке алынған. Бұл бір облыс халқының санын көрсетеді. 2013 жылы жаңадан 33029, ал 2012 жылы 32005 науқас анықталған. Біздің басты мақсатымыз - ауруды алғашқы сатысында анықтап, ем жасау. Халықтың өмірін ұзарту. Осы тұста аты жаман дерттің алдын алуда еліміздегі әйелдер мен қыз балалар гинеколог, ал 45-50-ден асқан ерлер уролог дәрігеріне көрінсе, кез келген адам жылына бір рет өкпесін рентгенге түсірсе дер едім», - дейді маман.
Қалаулылар қымызды қалай атау жайына бас қатыруда. Қазақ үшін ол - шөлді басатын керемет сусын. Әйткенмен, шамалы қызуы болғандықтан, оған заң тілінде нақты бір ұғым-анықтама таңылуға тиіс.
Осы орайда бірқатар депутаттар «Қымыз туралы» жеке заң жазу мәселесіне қайта оралуды ұсынды. Бұл әңгімелерге ішімдік нарығын реттейтін жаңа заңның қабылдануы түрткі болған еді. Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында ұлттық заңнаманы «этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша» түзететін жаңа заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санында «Қазаққа «қымыз туралы» заң қажет» атты мақаласында жазып отыр.
Басылымның жазуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеулерге сәйкес, спирт ішімдіктерді тұтыну деңгейі жөніндегі рейтингте Қазақстан 188 елдің арасында 34-орынды иеленеді, - деп баяндады қалаулыларға Үкімет басшысының орынбасары-Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, - еліміздің әрбір азаматы жылына шамамен 5,5 литр таза этил спиртін немесе 11 литр арақ тұтынады. Нәтижесінде, Қазақстан бүгінде Орталық Азия аймағында «ең көп ішетін ел» болып тұр!
Сондықтан ел Үкіметі Елбасының тапсырмасымен, алкоголь өнімдерін ішуді қысқарту үшін біріншіден, «күшті алкогольге ақырындап, бірте-бірте бағаны көтеруге», екіншіден, «сату орындары мен уақытын шектеуге», үшіншіден, «этил спирті мен алкоголь өнімдерінің өндірілуі мен айналымына мемлекеттік бақылауды күшейтуге» шешім қабылдапты. Ал депутат Айгүл Соловьева «қызуы бар» деп, қымыздың арақ-шарап, сыра секілді саудасының шектелуін болдырмау керектігіне назар аудартты: «Бұл заң жобасы алкогольдік ішімдіктер нарығын реттеуді қарастырады, бұл өнімдердің айналымы мен сатылымы шектелуге тиіс. Ал қымыз еркін сатыла беруі керек. Сондықтан оны жеке заңмен реттеу жайын ойластыру қажет болады. Оның еркін саудасына ешкім де тыйым сала алмайды. Бұл заңмен тек оның қалай сатылатындығына бақылау енгізіледі».
- Шынында, бізде алкогольді тұтыну көлемі мен сипаты өзгерді, қысқарды, - деді депутат Тұрсынбек Өмірзақов. - Бізді алда арақты мүлдем тұтынбайтын Азия елдерімен салыстыруға да болады. Оның орнына қымыз өндірісін қолдау керек. Бірақ қымызды «Водкамен» салыстыруға болмайды: бұлар әрбасқа өнімдер. Оларды әрқалай қолданып, әртүрлі табыс көздеріне айналдыруға мүмкіндік бар.
Депутат Алдан Смайыл көршілеріміздің тәжірибесіне көңіл қоюға шақырды: «Ресейдегі Тыва, Якут сияқты арақтың кесірінен көп қиындық көрген елдердің «арақсыз ауыл», «арақсыз қала» қозғалыстарын бастағанына он шақты жыл болды. Қазір солардағы елді мекендерде арақ мүлдем сатылмайды! Соны Қазақстан неге жасай алмайды? Арақ-шарап орнына ұлттық тағамдарымызды, қымыз бен шұбатты көбейтейік дедік, ол да Үкіметте ешкімнің қаперіне кірмейді. Неге біз арақтың төңірегіне үйіріле береміз, пайдалы сусын туралы неге заң қабылдамаймыз?» деген А.Смайыл вице-премьер Бақыт Сұлтановқа алкоголь өнімдерінің орнын басатын қымыз бен шұбат туралы заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныс айтты. Егер жаңа Үкіметтің мұршасы келмесе, депутаттар күзге қарай осы арнайы заңды өздері жазбаққа бекініп отыр.
***
Өзінің астық сату көлемі жағынан алғанда әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 10 елдің құрамына кіретін Қазақстан ұн экспорттау жағынан соңғы бірқатар жылдар барысында бүкіл дүние жүзі бойынша алғанда тұрақты түрде алдыңғы үштіктің құрамында келеді. Астық өсіріп сату бір өнер болса, одан ұн өндіріп сату екінші бір үлкен өнер түрі саналатындығы белгілі. Өйткені, 1 килограмм астықтан 1 килограмм ұнның бағасы әлдеқайда қымбат. Ұн өндіру арқылы қосымша табыстарға кенелеміз. Екінші жақтан алғанда, өз адамдарымызды жұмыспен қамтимыз. Оның үстіне астық тасымалдауға қарағанда, ұн тасымалдау ісінің шығыны да едәуір төмен болатындығы түсінікті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Астық - еліміздің басты байлығы» атты мақаласында жазады.
Басылымның атап өтуінше, 2013 жылдың қорытындысында Қазақстан 4 миллион 922,8 мың тонна бидай экспорттап, бұдан елімізге 1,2 миллиард АҚШ долларынан астам кіріс кіргізді. Соның ішінде 20-дан астам елге астық жөнелтті. Қазақстан астығын тұрақты тұтынып келе жатқан елдер қатарында бізбен көршілес Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерімен қатар Иран, Түркия, Грузия, Қытай, Швеция, Ауғанстан елдері бар. Қазақстан экспорттайтын астықтың 98 пайызынан астамы міне, осы елдердің үлесіне тиеді. Сонымен қатар, Германия, Польша, Грекия, Ливан, Латвия, Нидерланды елдері де аз көлемде болса да Қазақстан астығын тұтынады. Қысқасын айтқанда, Қазақстан астығы қазіргі күні еліміздің атын әлемге жайып жүрген басты бренд өнімдеріміздің бірі болып табылады.
Халықаралық астық кеңесінің мәліметтері бойынша, Қытай әр жыл сайын 3 миллионнан 8 миллион тоннаға дейін астық сатып алады екен. Ендеше, іргемізде тұрған алып рыноктың осы мол мүмкіндіктерін неге ескермеске? Оның үстіне Қытай өңірлеріне астық жеткізіп сату мәселесін жолға қойып алған жағдайымызда, осы елдің аумағы арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің рыноктарына шығуымызға да болады. Сондықтан Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия бағыттарын Қазақстан астығын экспорттаудың болашағы зор стратегиялық бағыты деп есептеп отыр.
«Егемен Қазақстанның» жазуынша, Сарыағаш шекара жасағы тосын ұрлықтың үстінен түсті. Олар «Келес - Сарыағаш» бағытындағы пойыздың жүк вагонын тексеру кезінде жалпы салмағы 280 килограмм тартатын, яғни анау-мынау емес, үш центнерге жуық тасбақаларды тапты. Еркіндіктің өзінде ақырын басып, жайбарақат өмір сүретін қайран тасбақалар жеті қапқа нығыздалып салынғандықтан тұншығып қала жаздапты. Тек қаптың аузын ашқанда ғана дүниенің жарығы мен бір жұтым ауаның самалынан жыбырлап сала берді. Сөйтіп, шекара қызметкерлерінің арқасында суық қолды сұғанақтардың қолынан сытылып, қайта кеңдікке шыққан тасбақалар, әйтеуір бір түс көріп өткендей, аман-есен еркіндікке аттанды. Мақала «Тасбақалар тажалдан аман қалды» деген тақырыппен берілген.
***
Бүгінде Қазақстанда 3 мыңға жуық адам бүйрек ауруынан көз жұмуы мүмкін. Оларды тек бүйрек ауыстыру отасы ғана құтқара алады. Ал бұл отаны олар жылдап күтуге мәжбүр. Бұл туралы «Литер» газеті бүгінгі санындағы «В пересадке органов нуждаются сотни казахстанцев, но помочь врачи могут пока единицам» атты мақаласында жазады.
Басылымның атап өтуінше, жылына 170-200 отандасымыз бауыр ауыстыруға мұқтаж болады, ал жүректерін ауыстырмаса ажал құшуы мүмкін науқастар да осы шамалас. Олардың бар үміті ауру мүшесін ауыстырту ғана. Мәселе біздің дәрігерлерімізде емес, мәселе донорларда. Осы ретте депутаттардың ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңына енгізілген толықтырулар мен өзгертулерді бірінші оқылымнан қабылдағаны жақсы болды. Өйткені азаматтың өзі өлгеннен кейін дене мүшелерін өз еркімен донорлыққа беруге келісуі туралы енгізілген өзгерістер еліміздегі трансплантологияны дамыта түседі, деп жазады басылым.