«Қазақмыстың» сирек металдарды «кен» ретінде сыртқа шығарып жатқаны рас па – депутат сауалы

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мен Құрылыс және өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағасбаевқа «Қазақмыстың» сыртқа шығаратын минералды шикізаты туралы сауал жолдады.

«Қазақмыстың» сирек металдарды «кен» ретінде сыртқа шығарып жатқаны рас па – депутат сауалы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Қазақстан церий, лантан, литий сияқты өнеркәсіптің жоғары технологиялы салаларында стратегиялық маңызға ие сирек металдардың айтарлықтай қорына иелік етіп отыр. Ғалам экономикасында сирек кездесетін металдар «жаңа мұнайға» айналып барады. Оның қоры әлемдегі күштердің теңгеріміне тікелей әсер ете бастады. Бұл ресурстардың бақылауға алу күресі ушығып келе жатқанын көріп отырмыз. Сирек металдарды тұтынудың көлемі әлем бойынша жыл сайын өсіп отыр. Кейбір сараптамалық болжамдарға қарасақ, сұраныс алдағы жақын жылдары 40 есеге дейін өсуі мүмкін. 2030 жылға қарай бұл нарықтың көлемі жылына 10 млрд долларға жететіні туралы болжамдар бар, — деп бастады ол.

Депутат әлеуметтік желі мен БАҚ-та «Қазақмыс» корпорациясының осы саладағы заңсыз әрекеттері туралы ақпарат тарап жатқанын атап өтті.

— Ақпан айында әлеуметтік «Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы зертхана маманының ақпараты шықты. Айтуынша, корпорация тонна-тонна мыс концентраты мен кенді химиялық талдау жүргізбестен, құрамындағы бағалы және сирек металдарды жасыра отырып сыртқа шығарып жатыр. Маманның пікірінше, осы арқылы компания сыртқа шығарылып жатқан ресурстардың бағасын қолдан төмендетіп, олигархтардың пайдасы үшін ел экономикасына шығын келтіріп жатыр. Тағы бір сұхбатта геология саласының сарапшысы тау-кен алпауыты ондаған жылдар бойы кен мен концентраттың талдауын жүргізбестен, шетелдегі өндіріске сирек металдың шикізатын шығарып келген. Аталған материалдардың сілтемесін депутаттық сауалмен бірге жолдаймыз, — деді Азат Перуашев.

Осыған байланысты депутат сала басшыларына бірнеше ұсыныс айтты.

— Пайдалы қазба өндіретін компаниялардың сыртқа шығарып жүрген кені мен концентраттары химиялық талдаусыз кетіп жатқаны туралы мәліметті не растаңыздар, не теріс екенін айтыңыздар. Егер ақпарат жалған болса, компания мен тұтас саланың репутациясына зиян келтірген жалған ақпарат үшін сотқа беріңіздер. Ал бұл мәліметтер рас болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тексеру жүргізіп, кінәлілерді анықтап, келген шығынды қайтаруға күш салыңыздар. Минералды шикізаттың экспортына кедендік бақылауды қатаңдатып, кеден бекеттерін сирек металдарды анықтайтын арнайы қондырғылармен жабдықтауды ұсынамыз, — деді Азат Перуашаев.

Бұған дейін Kazinform әлемде сирек металдарға неге сұраныс артқанын жазған еді

Соңғы жаңалықтар