«Қазақмыс» өз қызметкерлерін еңбек қауіпсіздігіне оқыту үшін 2011 жылы 10 миллион теңге жұмсады
АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өндірістегі қауіпсіздік жөніндегі KIOSH-2012 конференциясы аясында «Қазақмыс» кәсіпорындарындағы парамедиктердің жұмысы» атты шеберлік сабақтары өткізілді.
Аталмыш конференцияда «Өмір» жобасының бір бөлігі болып табылатын - парамедик мамандарды оқыту бағдарламасы таныстырылды. Шеберлік сабақтары кезінде парамедиктерге арналған арнайы киім мен жабдықтар, медициналық аспаптар және өндірісте алғашқы медициналық көмек көрсету техникасы көрнекі түрде көрсетілді.
«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Еңбекті, қауіпсіздік пен экологияны қорғау департаментінің директоры Игорь Рахимовтың айтуынша, «Қазақмыс» компаниясы былтыр өз қызметкерлерін еңбек қауіпсіздігіне оқыту үшін 10 миллион теңге жұмсады. Соның арқасында 2011 жылы шахталық-қазба трестінің кәсіпорындарында бірде-бір жазатайым оқиға болған жоқ.
Сонымен қатар кәсіпорындарда қазіргі заманғы жеке қорғану құралдары мен жарықтандырғыш аспаптар қолданылып жүр. Әсіресе барлық тиеп-жеткізуші машиналардың машинистері мен автосамосвалдардың жүргізушілері түтін мен газдардан, аэрозольдардан жұмыскерді қорғай алатын бетке толық киілетін маскалармен және буланбайтын шынылармен жабдықталды.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада KIOSH 2012 еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік жөніндегі ІІ Халықаралық конференциясы мен көрмесі жалғасын табуда. Іс-шара Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орайластырылған және Қазақстанда өндірістерде болатын қайғылы оқиғалардың санын азайту мақсатында ұйымдастырылды. Екі күнге жалғасатын шара барысында сала мамандарының қатысуымен семинарлар ұйымдастырылмақ.