Қазақмыс таяу жылдары өндіріс көлемін 2 есе ұлғайтпақ

«Директорлар кеңесі 7 желтоқсанда техникалық-экономикалық негіздемесінің оң қорытындысы бойынша Ақтоғай кен орнын игеру жобасын бекітті. Оны игеру жобасымен біз алғаш рет 2004 жылы кеңестік дәуірде жасалған құрылыс құжаттары бойынша айналыстық. Алайда бұрғылау кезінде ондағы қор дәлелденген жоқ. Сондықтан қайтадан 160 мың метрдей бұрғылау жұмысы мен технологиялық тест жасап, жобалық құжатты жаңадан әзірледік. Оған 4 жыл уақыт жұмсалды», - дейді О.Новачук. Оның айтуынша, Директор кеңесі бұған дейін 2011 жылы Бозшакөл кен орнын игеру жобасын да мақұлдаған болатын. Ресурс қоры Бозшакөлде 1 173 млн. тонна, Ақтоғайда 1 719 млн. тоннаны құрайды. Бұл кен орындары посткеңестік кеңістіктегі бірегей жобалар. Ақтоғайда тотықты кеннен өнім 2015 жылы, сульфидті кеннен 2016 жылы алынса, Бозшакөлде үгіткішке алғашқы кен 2015 жылы түспек. Әрқайсысының пайдалану мерзімі 50 жылды құрайтын бұл екі жоба бойынша 50 мыңдай тонна руда өндіріліп, 240 мың тонна мыс өндіріледі. Олар іске қосылған кеніштерде 3 мың адам жұмыс жасамақ.