Қазақмыс тобы 2011 жылдың ІІ тоқсанындағы және І жартыжылдығындағы өндірістік нәтижелерін жариялады
АСТАНА. 28 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақмыс тобы 2011 жылдың екінші тоқсанындағы және бірінші жартыжылдығындағы өндірістік нәтижелерін жариялады, деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Осы аталған кезең ішіндегі мыс өндірісі мен қосарлы өнімдер бойынша көрсеткіштер жыл басында межеленген жоспарларға сай келіп отыр. Бірінші жартыжылдықта меншікті концентраттан өндірілген катодты теңгерімдегі мыстың ауқымы 300 мың тонна шамасында жоспарланған жылдық ауқымға қарағанда 153 мың тоннаны құрады. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда кен өндіру мен катодты мыс шығарудың артуы бірқатар нысандардағы жабдықтардың профилактикасының аяқталуымен байланысты болды.
Бірінші жартыжылдықта мырыш өндірісі 76 мың тоннаны құрады, күміс пен алтынның өндіріс ауқымы 90 пайызға артып, тиісінше 4.43 мың унцияға және 36.6 мың унцияға жетті. Екінші тоқсанда күміс пен алтын өндірістерінің елеулі өсімі аяқталмаған жұмыстарды соңына жеткізуге мүмкіншілік берген Балқаштағы бағалы металдар зауыты жұмысының қалпына келтірілуімен байланысты болып отыр.
Бірінші жартыжылдықтың ішінде электр энергиясының өндірілімі 19 пайызға артып, 6,395 ГВтсағатты құрады, ол Қазақстан мен Ресей нарықтарындағы электр энергиясына деген сұраныстың тұрақтылығына байланысты. 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында Екібастұздың ГРЭС-1 стансысының қолданыстағы таза қуаттылығы 2010 жылғы дәл сондай кезеңдегі көрсеткішпен салыстырып қарағанда, бесінші энергоблогында электр статикалық сүзгінің пайдалануға берілуінің және де алтыншы энергоблогына тиімділеу жабдықтардың орнатылуының арқасында 39 МВт-қа артты.
Қазақмыс тобының басқарушы бас директоры Олег Новачук өз сөзінде: «Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында жағымды нәтижелерге қол жеткіздік, әрі межеленген жоспарымызға сай бағытта келеміз. Жыл басындағы қолайсыз ауа-райының болғандығына қарамастан, мыс пен қосарлы өнімдер өндірісінде белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізе алдық. Электр энергиясына деген жоғары сұраныс әлі де сақталуда, ол әрине қызметіміздегі осы бағытты дамыта түсу үшін жағымды экономикалық жағдайларды көрсетіп отыр», - деп түсіндірме берді. .