Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақмыс тобының кәсіпорындары қазақстандық қамту үлесін арттыруда

АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақмыс тобының кәсіпорындары тауарлардағы, жұмыстар мен қызмет көрсетулердегі қазақстандық қамтудың үлесін арттырып отыр. Бұл туралы аталған компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазақмыс тобының кәсіпорындары қазақстандық қамту үлесін арттыруда

«Бүгін Қазақмыс тобының құрамына кіретін Екібастұз ГРЭС-1 мен Майкөбе көмір кенішінің өкілдері, отандық кәсіпорындардағы қазақстандық үлесті дамыту мақсатымен ұйымдастырылған Павлодар форумының жұмысында белсенді атсалысты. Форум ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өтті», - делінген баспасөз хабарламасында.

Алқалы жиын барысында кәсіпорын басшылары қазақстандық жұмыстар мен қызмет көрсетулерді жеткізушілердің үлестері: электр стансысындағы жалпы шығындар сомасынан 59.3 пайызды (2009 жылы - 57.5 пайыз) және көмір кенішінің жалпы шығындар сомасынан 95 пайызды (2009 жылы - 86 пайыз) құрағандығын жеткізді. Ал 2011 жылға болжанған сатып алулардағы қазақстандық үлес: электр стансысында 60.4, кеніште - 98 пайызды құрайтын болады.

2010 жылы Екібастұз ГРЭС-1 стансының отандық компаниялармен сатып алуларға жасаған шарттарының сомасы 61,9 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде 59,5 млрд. теңге Павлодар облысының компанияларына тиесілі. 2010 жылы көмір кенішінің қазақстандық кәсіпорындармен сатып алуларға жасаған шарттарының сомасы 3,9 млрд. теңгені құраған, соның 3,5 млрд. теңгесі павлодарлық компанияларға тиесілі. Негізінен, отандық өндірушілерден құрылыс, жылуоқшаулағыш және жанар-жағармай материалдары, жабдықтардың қосалқы бөлшектері, электродтар, жарылғыш заттар, кабельдік-өткізгіш және баспаханалық өнімдер, тігін бұйымдары, сонымен қатар жұмыстар мен қызмет көрсетулер сатылып алынады.