ҚазАқпарат-Анонс: 10-12 желтоқсан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ЕЛБАСЫ
10 желтоқсан күні Бейбітшілік және келісім сарайында республикалық мектептердің 11 сынып оқушылары арасындағы математика, физика, химия мен биология пәндері бойынша Президенттік олимпиада басталады. Елбасы қатысады деп күтіліп отыр.
ҮКІМЕТ
10 желтоқсан күні «Rixos» қонақ үйінде ҚР Үкімет басшысының орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың қатысуымен Болашақ-2010 түлектерінің форумы өтеді.
10 желтоқсанда ҚР туризм және спорт министрлігінде 2010 жылдың қорытындылары мен 2020 жылға дейінгі жоспарға арналған ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының республикалық кеңесі өтеді.
10 желтоқсан күні ҚР Білім және ғылым министрлігінде «Астанадағы Саммит: болашақ диалогы» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтеді.
10 желтоқсанда «Бірыңғай экономикалық кеңістік. Құрылу мәселелері мен болашақ» атты тақырыпта Мәскеу-Астана бейнекөпірі болады.
10 желтоқсан күні Министрліктер үйінде мемлекеттік қызмет пен рұқсат ету құжаттарына рұқсат алу және оның сапасын бақылау мен мониторинг жүргізу жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтеді.
10 желтоқсанда ҚР Үкіметінде ҚР Президентінің жанындағы әйелдер ісі мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы болады.
10 желтоқсан күні «Дипломат» қонақ үйінде құқық қорғау органдарын реформалау аясында қылмыстық-атқару жүйелерінің қызметін жетілдіру жөніндегі конференция өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
10 желтоқсанда ҚР Парламент Сенатының жалпы отырысы өтеді.
10 желтоқсан күні Парламант Мәжілісінде «Адам капиталының бәскеге қабілеттілігі мен оның заңнамамен қамтамасыз етілуі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
СЫРТҚЫ САЯСАТ
9-10 желтоқсан күндері Мәскеуде ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесі мен Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өтуде.
8 желтоқсанда Немістің Прюм қаласындағы белгілі «Базилика-Прюм» католик соборында түркі тілдес халықтар суретшілерінің «Әлем суретшілер көзқарасымен» атты сурет көрмесі ашылды. Оған Қазақстаннан барған Қаллиола Ахметжанов пен Марат Бекеев қатысып, суреттерін көрмеге қойды. Көрме ағымдағы жылдың 14 желтоқсанына дейін жалғасады
ҚОҒАМ
GSM Қазақстан/Kcell 1 желтоқсаннан бастап Алматы мен Астана қалаларында 3G қызметін іске қосады.
СПОРТ
10 желтоқсан күні Астанада Қытайдың Бейжің қаласының командасы мен Астана командасы арасындағы кәсіпқой боксшылардың сайысына арналып баспасөз мәслихаты өтеді.
11-12 желтоқсанда шағын футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Новосібірде «Сибиряк», ал Тюменьде "Тюмень" клубтарымен жолдастық кездесулер өткізеді.
АСТАНА
10 желтоқсан күні Астанада Инвесторлар және Кредиторлар клубының төртінші отырысы өтеді.
10 желтоқсанда «Отандастарымызды тарихи отанына қайта көшіру» тақырыбында Халықаралық ғылыми конференция ұйымдатырылады.
10 желтоқсан күні Орталық сайлау комиссиясында Астанадағы ЕҚЫҰ өкілдерінің қатысуымен сайлауларды халықаралық бақылау тәжірибесі туралы семинар-тренинг өтеді.
10 желтоқсанда «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің баспасөз залында «Алтын күз» Қоғамдық қорының қорытынды баспасөз мәслихаты өтеді.
10 желтоқсан күні Қазіргі заман өнер мұражайында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналып «Халық Қаһарманы - Бауыржан Момышұлы» атты көрме өтеді.
10 желтоқсанда Астанада Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне арналып мерекелік іс-шара өтеді.
АЛМАТЫ
15 қазан мен 15 желтоқсан аралығында Алматыда «Үздік инвестор» конкурсы өтуде. Бұл шараны «CAIFC», «Centras Securities», «Halyk Finance», «Seven Rivers Capital», «Premier Capital брокерлік компаниялары ұйымдастырып отыр.
9 желтоқсан күні С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің 80 жылдығын арналған мерекелік іс-шаралар басталады.
10 желтоқсанда Ұлттық кітапханада «Қазақтың атақты қолбасшылары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
10 желтоқсан күні Алматыда «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының қорытындылары» атты халықаралық конференция болады.
10 желтоқсанда «Нұр Отан» ХДП-да әлеуметтік шиеленістерді шешу мен қарастыру жөнінденгі Қоғамдық кеңес отырыс ұйымдастырады.
10 желтоқсан күні ҚР Бас прокуроры А.Мами Алматыда Қазақстанның 15 бас прокурорымен кездесу өткізеді.
10 желтоқсанда Алматыда Қ.Мұхамеджановты еске алуға арналған іс-шара болады.
10 желтоқсан күні Азиада-2011 ойындарына арналған ҚР журналистері арасындағы байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болады.
10 желтоқсанда Алматыда Бауыржан Момышұлының 10 жылдығына орай салтанатты жиын болады.
10 желтоқсан күні Тұңғыш Президент қорында ҚР Тұңғыш Президенті қоры жүлдесінің лауреаттарын марапаттау рәсімі болады.
ЕЛЕУЛІОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫКҮНДЕР. ЕСІМДЕР
2010 ЖЫЛДЫҢ ЖЕЛТОҚСАН АЙЫНДА:
ОҚИҒАЛАР
90 жыл бұрын (1920) Түркістанда алғаш рет жергілікті тұрғындарды күштеп Қызыл Әскер қатарына жарақтау жарияланды. Жыл аяғында Қазақ әскери комиссариаты Бөкей, Орал және Торғай облыстарында 37 әскери бөлім құрады.
85 жыл бұрын (1925) РКП(б) V Жалпықазақ конференциясы ауылдарды жаппай кеңестендіруды жариялады.
80 жыл бұрын (1930) «Қарағанды» тресі құрылды. Алғашқы басшысы - Корней Осипович Горбачев.
15 жыл бұрын (1995) Конакри (Гвинея) қаласында өткен «Ислам Конференциясы» ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері бас қосуында Қазақстан мүшелікке қабылданды.
«Ислам Конференциясы» ұйымы 1969 жылы қыркүйекте Рабатта (Марокко) өткен мұсылман елдерінің үкіметі мен мемлекет басшыларының конференциясында негізі қаланды.
2010 жылы 1-2 желтоқсан күндері Астана қаласында жаңа мыңжылдықтағы тұңғыш Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Саммиті өтті.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құрамына Солтүстік Америка, Еуропа және Орталық Азияда орналасқан 56 қатысушы мемлекет кіретін жалпыеуропалық ұйым. БҰҰ Жарғысының 8-тарауына сәйкес Еуропадағы дағдарыстық ахуалдардың ерте алдын алу және оларды болдырмау, Еуропадағы қазіргі бар жанжалдарды және жанжалдан кейін қалыпқа келтіруді реттеудің басты құралы ретінде құрылған. Ұйым қару-жараққа бақылау жасауды, алдын алу дипломатиясын, сенім шаралары мен қауіпсіздікті нығайтуды, адам құқықтарын, сайлауға бақылауды, сондай-ақ экономикалық және экологиялық қауіпсіздікті қоса алғандағы мәселелердің кең ауқымымен айналысады. ЕҚЫҰ қауіпсіздікті кешенді ұғым деп санайды және үш өлшемде -әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдерде әрекет етеді.
Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға 1992 жылғы қаңтардың 30-ында кірді. Осы жылғы шілденің 8-інде республика ЕҚЫК-нің Хельсинки қорытынды актісіне, ал қыркүйектің 23-інде - Жаңа Еуропа үшін Париж хартиясына қол қойды. 1995 жылы еліміздің ЕҚЫҰ-ға тікелей қатысуын қамтамасыз еткен, Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілдігінің іргетасы қаланды. Ал 2008 жылдан бастап алдағы төрағалық тұрғысында Елші Қайрат Әбдірахманов Құдайбергенұлы басқаратын Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі жұмыс істеуде. 1995 жылы Ташкенттегі офисімен ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы өңірлік Бюросы ашылды. 1999 жылы ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы Орталығы ашылды, сосын ол 2007 жылы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығы болып қайта құрылды. Орталықты қазір Елші Александр Кельчевски (Франция) басқарады.
Соңғы бірнеше жыл бойында Қазақстан ЕҚЫҰ-ның бірқатар ірі шараларын өткізді, олардың арасында: «Адам саудасына қарсы күрес - өңірлік жауап» атты өңірлік Орталықазиялық конференция (Астана, 2006 ж. 18-19 мамыр); Еуропадағы әдеттегі қарулы күштер туралы шарт бойынша ІІІ шолу конференциясында Қазақстанның төрағалық етуі (Вена, 2006 ж. 29 мамыр - 2 маусым); ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі «Мәдениетаралық, дінаралық және этникааралық түсінік» атты Кеңесі - Толеранттық жөніндегі кеңес (Алматы, 2006ж. 12-13 маусым); «Минасыздандыру саласындағы сенім шаралары мен өңірлік ынтымақтастық» атты өңірлік семинар (Алматы, 2007ж.26-27 наурыз); ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясының 17-ші жылсайынғы сессиясы (Астана, 2008 ж. 29 маусым - 3 шілде). 2009 жылғы қаңтарда қазақстандық дипломат, Елші Вячеслав Ғиззатов ЕҚЫҰ Қазіргі төрағасының мұсылмандарға қатысты төзімсіздік пен кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі Жеке өкілі болып тағайындалды.
2007 жылғы қарашада ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің Мадридтегі кездесуінде Қазақстанның Ұйымға 2010 жылғы төрағалығы туралы шешім қабылданды.
Қазақстан 2008 жылғы тамызда қабылдаған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалықтың басымдықтарын нақтылау жөніндегі жұмыс көзделген. Олардың қатарына мынадай мәселелер кіреді:
ЕҚЫҰ кеңістігінде демократиялық институттардың дамуы үшін жағдай жасау жөніндегі күш-жігерлерді жалғастыру; ЕҚЫҰ мемлекеттерінің транзиттік-көлік және еуразиялық құрлықүсті көлік дәліздерінің әлеуетін дамыту; экологиялық проблемалардың шешілуі; Қазақстанның бейбітшілікті, қауіпсіздікті және ядролық қарусыздануды қамтамасыз етуге қосқан үлесін ескере отырып, сенім мен өңірлік қауіпсіздік шараларын нығайту; ЕҚЫҰ қызметіндегі қауіпсіздіктің әскери емес, атап айтқанда, терроризмге, экстремизмге, есірткі құралдарының заңсыз айналымына, ұйымдасқан қылмысқа, қару-жарақ пен адам саудасына қарсы күрес саласындағы, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның әріптес елі - Ауғанстанды қалпына келтіру тәрізді аспектілерін дамыту.
2009 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Қазақстан Республикасы ресми түрде ЕҚЫҰ төрағалары Үштігінің құрамына кірді. ЕҚЫҰ-ның Рәсімдер ережелеріне сәйкес Үштікті Ұйымның қазіргі, алдыңғы және кейінгі төрағалары құрайды. Биылғы жылы Үштікке Грекия, Финляндия және Қазақстан қатысады. Үштік іс-қимылдар мен орта мерзімдік жоспарлауды үйлестірудің маңызды құралы болып табылады. Ол Ұйым қызметіндегі сабақтастықты қамтамасыз ететін және Қазіргі төрағаға кеңес беретін орган болып табылады.
2010 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан Республикасы ресми түрде 20-сыншы ел болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына кірісті.
2010 жылы шілде айында Алматы қаласында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлерінің биресми кездесуінде ЕҚЫҰ саммиттін үстіміздегі жылы өткізу туралы шешім 2010 жылғы тамыздың 3-інде қабылданған болатын.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарихында Астана саммиті жетінші болып өтпекші. Алғашқы саммит 1975 жылы Хельсинки қаласында, 1990 жылы Парижде, 1992 жылы Хельсинкиде, 1994 жылы Будапеште, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Стамбул қаласында өткен болатын.
Астанада өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитіне 56 елдің басшылыры мен 65 халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ 1500 жуық шетел және қазақстандық журналистер қатысты.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 10-Ы, ЖҰМА
Адам құқықтарының халықаралық күні.
1950 жылдан бастап атап өтіледі. 1948 жылғы желтоқсанның 10-да БҰҰ Бас Ассамблеясы Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясын қабылдады.
Онда адам дүниеге келгенінен бастап нәсілінен, терісінің түсінен, жынысының, тілінің, дінінің, саяси, басқа да көзқарастырынан, ұлттық және әлеуметтік шығу тегінен, мүлігінен, сословиелігінің және басқа да жағдайларынан тәуелсіз қандай құқықтар тән екендігі көрсетілген.
Барлық адамдар нәсіліне, терісінің түсіне, жынысына қарамастан дүниеге ерікті және тең болып туылады.
Дүниежүзілік футбол күні.
БҰҰ-ның шешімімен атап өтіледі. Миллиондаған адамға тек ойын ғана емес, өмір стиліне айналған спорттың бұл түріне халықаралық қоғамдастық ерекше құрмет көрсетеді. Футбол ойыны туралы алғашқы ескертпені тарихшылар біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтағы қытай деректерінен тапқан. Ол Цу Чю деп аталған, «аяқпен итеру» деген мағынаны білдіреді. Футбол ойыны қытай жауынгерлеріне дене формасын қалыпты сақтауға септігін тигізген. Ал кейбіреулер футболдың ізашары деп 8-ші ғасырда Англияда өмір сүрген саксондардың жабайы ойынын таниды. Олар ұрыстан кейін шайқас даласында дұшпанының шабылған басын тепкілеп ойнаған. Футболды біздің заманымызға дейінгі екі жарым мыңжылдықта Ежелгі Грекияда, Римде де ойнаған. Грекияда бұл ойын жауынгерлік қимылдардың барлық мүмкіншілігін пайдалана отырып ойналып, «доп үшін шайқас» деп аталған.
Нобель сыйлығын тапсыру күні.
Белгілі ғалым А.Нобельдің туған күніне байланысты, жыл сайын Норвегия королінің қатысуымен Осло университетінің үлкен залында және Швецияның Стокгольм қаласында Нобель сыйлығын тапсыру салтанаты өтеді. 1900 жылы құрылған Нобель қорының бастапқы капиталы 31 миллион швед кронасы болды. Алғашқы Нобель сыйлығы 1901 жылғы желтоқсанның 10-да табыс етілді. Физика, химия, физиология және медицина бойынша сыйлықтар Стокгольмде, ал бейбітшілік сыйлығы Осло қаласында беріледі. 2004 және 2005 жылдардағы ақшалай сыйлықтың көлемі 10 миллион швед кронасын құрады.
ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1991) Алматыда ашылған Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясында Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атауға шешім қабылдады.
19 жыл бұрын (1991) Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев республика халқына Ант берді. Анттан кейін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Президент өз қызметіне кірісті деп есептелінді.
19 жыл бұрын (1991) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың республиканың Алмас қорын құру туралы Жарлығы жарық көрді.
19 жыл бұрын (1991) Алматы қаласында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мамандыққа бағыттандырылған арнаулы мектеп-интернатта батырдың ескерткіш мүсінінің ашылу салтанаты өтті.
5 жыл бұрын (2005) Астанада Қырғызстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жұмағұл Сааданбековтың «Нұрсұлтан Назарбаев. Көшбасшылық заңдары» атты шығармасының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Дипломаттың бұл еңбегінде Елбасы саяси-әлеуметтік, әкімшілік реформалардың көшбасшысы ретінде қарастырылады, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы орасан еңбегі жайлы баяндалады.
5 жыл бұрын (2005) 10-13 желтоқсан аралығында Астанада І Халықаралық «Астана - Жас скрипкашы» байқауы болып өтті.
Байқау «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Қазақ ұлттық музыка академиясының ұйымдастыруымен өткізілді. Шараға арнайы музыка мектептерінен келген төменгі топтағы 10-12 жас және жоғары топқа жататын 13-15 жастар аралығындағы оқушылар қатысты. Бас жүлдеге Қазақ ұлттық музыка академиясы жанындағы музыкалық мектеп оқушысы Лейла Ахметова мен Қырғызстаннан келген Айзада Болатбекқызы ие болды.
3 жыл бұрын (2007) Алматының «Алтын бесік» ықшамауданының бір көшесіне Әнет баба есімі берілді.
Әнет баба Кішікұлы (1626-1723) - Тәуке ханның уәзірі, «Жеті жарғыны» жүйелеушілердің бірі. Бұхар медресесін тәмамдаған. Әнет баба билер институтын қалыптастыруда үлкен белсенділік танытқан. Туған жерінің азаттық пен бостандығы үшін, туған елінің бірлігі мен татулығы үшін күрескер болған. Өзінің бес ұлымен қатар жоңғар шапқыншылығы кезінде қаза тапқан.
1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заң «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға және Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес процессуалдық заңнамаға келтірілген, елімізде үш буынды сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1971) қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген шахтері СЕРҒАЗИН Файзолла дүниеге келді.
Ақмола губерниясының Атбасар уезінде (Ақмола облысы) туған. Мәскеу тау-кен институтын, КСРО көмір өнеркәсібі академиясын, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын бітірген.
1929-1931 жылдары - Қазақ АКСР НКВД істері меңгерушісі. 1936-1950 жылдары - шахта телімі бастығы, «Қарағандыкөмір» трестінің инженер-диспетчері, шахтаның бас инженері, «Қарағандыкөмір» комбинаты ашық жұмыстары басқармасының бас инженері. 1952-1957 жылдары - «Ленинкөмір» тресінің басқарушысы. 1957-1963 жылдары - Қарағанды ауыл шаруашылығы кеңесі төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары. 1963-1964 жылдары - Қарағанды облыстық өндірістік атқару комитетінің төрағасы. 1964-1967 жылдары - Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы. 1967-1970 жылдары - Қазақ КСР Көмір өнеркәсібі басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1970-1971 жылдары - «Қарағандыкөмір» комбинаты бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 2-дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталған.
65 жыл бұрын (1945) әскери қайраткер, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі АЛТЫНБАЕВ Мұхтар Қапашұлы дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Армавир әуе қорғанысы жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Г.К.Жуков атындағы Әуе қорғанысы әскери академиясын бітірген.
Әскери ұшқыш-инженер. Армия генералы. Саяси ғылымдарының кандидаты. Әуе қорғанысы авиациялық истребителдік полкының ұшқышы, аға ұшқышы, Перм облысындағы Әуе қорғанысы авиациялық истребителдік полкы авиациялық звеносының командирі, авиациялық эскадрильясы командирінің орынбасары, командирі, Самарқан қаласындағы Әуе қорғанысы дивизиясы командирінің орынбасары, командирі, Мары қаласындағы Әуе қорғанысы дивизиясының командирі, Алматы облысы Борандай поселкесіндегі Әуе қорғанысы корпусының командирі, Әскери-әуе күштерінің басшысы - Қорғаныс министрінің орынбасары, Әскери-әуе күштерінің басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштерінің басшысы, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Штаб басшылары Комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен екі рет Қорғаныс министрі болып тағайындалған. 2010 жылдың сәуір айынан. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған.
«Отан ордені» және Алтын жұлдызбен, ІІ дәрежелі «Барыс», «КСРО Әскери күштерінде Отанға қызметі үшін», Ресей Федерациясының «Дружбы народов», «Петр Великий» ордендерімен және жиырма алты медальмен марапатталған.
55 жыл бұрын (1955) «Ардфильм» компаниясының директоры, кинорежиссер, продюсер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ӘМІРҚҰЛОВ Ардақ Жамансарыұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематографистер институтын бітірген.
Темірбек Жүргенов атындағы Алматы көркем театр институтының (Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) оқытушысы, профессоры. 1988-1992 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері. 1992-1996 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының бас директоры қызметтерін атқарған. 1996 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
Ол түсірген «Отырардың күйреуі» фильмі Монреалда (Канада) өткен Халықаралық кинофестивальда ФИПРЕССИ сыйлығына, Фигейра да Фошта (Португалия) өткен Халықаралық кинофестивальда «Серебряная пластина» сыйлығына, Ашхабатта (Түркменстан) өткен Халықаралық кинофестивальда «Серебряный полумесяц» сыйлығына ие болып, Алматыда өткен «Қазақ киносы -бүгін» байқауында Гран-приді жеңіп алды. 1997 жылы режиссердің «Абай» атты фильмі Ташкент қаласында өткен Халықаралық кинофестивальда «Ұлттық дәстүрлерді сақтағаны үшін» номинациясы бойынша «Серебряный Семург» сыйлығына ие болды. 2008 жылы «Қош бол, Гүлсары» кинофильмі Астанада өткен V Халықаралық «Еуразия» кинобайқауында Гран-приді жеңіп алған.
«Шанхай» кинофильміне продюссер болып, «Абай», «Записи Рустема с картинками», тағы басқа фильмдерді түсірген.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
50 жыл бұрын (1960) Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор ТЕЛЕУОВ Мұрат Қойшыбайұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Н.И.Пирогова атындағы Мәскеу мемлекеттік медицина институтын бітірген.
1984-1988 жылдары - Алға аудандық ауруханасының дәрігер-хирургі. 1991-1993 жылдары - Алға аудандық орталық ауруханасының хирургі, бас дәрігерінің орынбасары. 1993-1999 жылдары - Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығының аға, жетекші, бас ғылыми қызметкері. 1999-2000 жылдары - Ақтөбе медицина академиясы жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау істері бойынша агенттігі хирургиялық көмек бөлімінің бас хирургі, бастығы. 2001-2008 жылдары - Семей мемлекеттік медицина академиясының ректоры. 2008-2009 жылдары Республикалық ғылыми жедел медициналық көмек орталығының (Астана қаласы) бас директоры қызметтерін атқарған. 2009 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
2 монографияның, 2 әдістемелік нұсқаулықтың, 100-ден астам мақаланың, Қазақстан Республикасының 26 өнертабысының авторы.
«Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы қызметі үшін» Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің кеуде белгісімен, «Қазақстан конституциясына 10 жыл» және «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 11-І, СЕНБІ
Халықаралық тау күні.
Халықаралық таулар күні 2003 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының 57 шешімі бойынша желтоқсанның 11-де тойланады (№A/RES/57/245 қарары). 2004 жылдан бері БҰҰ шешімі бойынша «Бейбітшілік - таулардың тұрақты дамуына кілт» атты ұранмен өткізіледі. Бас Ассамблеяның қарарында ерекше өзекті мәселелер белгіленген, таулы аймақтардың тұрақты дамуына бағытталған. Бұл күні Бас Ассамблея халықаралық бірлестіктерге жоғары деңгейдегі мерекелік шаралар ұйымдастыруына шақырды, оның мақсаты таулы аймақтардың тұрақты дамуын насихаттау.
Жер шарының шамамен төрттен бірін алып жатқан таулар 10 пайызға жуық тұрғындардың үйі. Бұл - өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін көптеген түрлері үшін қорық, жердегі негізгі өзендердің қайнар көзі.
Демікпенің дүниежүзілік күні.
Кеңірдек демікпесі ауруына назар аударту мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен атап өтіледі. Бұл күннің негізгі мақсаты - денсаулық саласындағы күрделі мәселелерінің бірі болып саналатын демікпе ауруының себеп-салдарларымен халықты жан-жақты таныстыру. Оны жеңу жолында ғылым саласында жасалған жаңалықтар туралы хабарлау.
Бүгінде әлемде 300 миллион адам демікпемен ауырады. Ол көбіне нашар экологияның салдарынан пайда болады.
Халықаралық танго күні.
«Танго королі» Карлос Гарделдің туған күніне байланысты желтоқсанның 11-і күні аталып өтеді.
«Танго» сөзі биден бұрын пайда болған. Бұл сөзді басында Канар аралдарында қолданған, оның мағынасы - «негрлердің билеп және барабанда ойнау үшін жиналысы».
ОҚИҒАЛАР
13 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Ресейдің қолданбалы ғылымдар академиясының Құрметті мүшесі болып тағайындалды.
12 жыл бұрын (1998) Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қалың елім, қазағым» атты кітабының тұсау кесер рәсімі болып өтті.
5 жыл бұрын (2005) Астанада Қазақстанның Ұлттық банкі күміс монеталардың үш коллекциясын сатуға шығарды.
Бұл - номиналдық құны 500 теңге болатын 3 мың дана «Жайран»,3 мың дана «Жошы ханның кесенесі» және 5 мың дана «Жолбарыстың басы» монеталар. Монеталар арнайы қорапқа салынып, олардың сапасы сертификатпен расталған.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда израилдік жас қаламгер Алон Давидовтың «Құдайдың қолын сырттан қою» атты кітаптың таныстырылымы болып өтті.
Кітаптың таныстыру рәсіміне автормен қатар, қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық компаниясының Бас директоры Сергей Әзімов, «Книголюб» журналының редакторы Лилия Клаус пен Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Беки Гила мырза қатысты. Автор өз шығармасында қасиетті Құран мен Тәурат кітаптарындағы сөздерді пайдалана отырып, детективті жанрды тиімді қолдана білген. Онда Джекоб есімді екіжүзді адамның іс-әрекетіне жан-жақты баға беріледі. Бұл адам бір жағынан, әлемге қауіп төндіруші жауыз ретінде сипатталса, екінші жағынан, оның адамдарды қорғап қалуда дұрыс бағыт ұстанатыны да айтылады.
Кітап алғаш рет осыдан жеті жыл бұрын ағылшын тілінде жарық көрген болса, орыс тіліндегі аудармасына қазақстандық мамандардың ұсынысымен бірқатар өзгерістер енгізіліп, қайта басылып шықты.
3 жыл бұрын (2007) Оралда «Батыс Қазақстанның скифтері» атты кітап жарық көрді.
Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының жинақтауымен шыққан басылымда тек батысқазақстандықтар ғана емес, сондай-ақ Мәскеу, Челябі және Ақтөбе ғалымдарының еңбектері де топтастырылған. Кітап ерте темір дәуірінде қазіргі Батыс Қазақстан аумағын мекен еткен скифтер мәдениеті, Ақ Жайықтың тарихи және мәдени ескерткіштері, археологиялық жерлері туралы сыр шертеді.
1 жыл бұрын (2009) ЕЦ-166/10 мекемесіндегі орта мектептің базасында Қазақстанда тұңғыш рет адам құқықтары жөніндегі сынып ашылды.
Түзету мекемелерінде жазаларын өтеп жатқан тұлғалар құқық пен бостандықты қорғау саласындағы ең осал халық санатына кіретіндер. Жаңа сыныптың ашылуы сотталушылардың адам құқықтары саласындағы білімдерін көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сотталушыларға мемлекеттік органдарға, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне арыз-шағымдар жазуға көмек көрсетіледі.
1 жыл бұрын (2009) Ақтөбе қаласындағы бір көшеге Бөкенбай батыр аты берілді.
Бөкенбай Қараұлы (т.ж.б.-1741) - Әбілқайыр хан жасағы қолбасшылырының бірі, батыр. Жоңғарлармен күресте Әбілқайыр ханмен бірге болып, қазақ жасақтарының үлкен бір тобына қолбасылық жасады. 1710 жылы Тәуке ханның ықпалымен өткен Қарақұмдағы халық құрылтайына қатысып, онда жауға тегеуірінді соққы беру үшін бытыраңқы қазақ жасақтарын біріктіру жөнінде ұсыныс білдірді. 1726 жылы Әбілқайырдың Еділ қалмақтарына жасаған жорығына қатысты. Бөкенбай батыр 1741 жылы 500 адамнан тұратын жасақпен түрікмендерге жорық ұйымдастырды. Ол осы жорық кезінде түрікмендермен болған шайқаста қаза тапты. Қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы қыраттың бірін халық Бөкенбай батырдың құрметіне «Бөкенбай шоқысы» деп атап кеткен.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1930-2001) хирург-пульмонолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласына еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Ақпараттану Академиясының академигі ИОФФЕ Лев Цодикович дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген.
1954-1956 жылдары - Целиноград облыстық ауруханасының (қазірігі Ақмола облысы) хирург-дәрігері. 1956-1973 жылдары - Қазақ ғылыми-зерттеу институты клиникалық және эксперименталдiк хирургиясының клиникалық физиология зертхана меңгерушісі, өкпе хирургия бөлім меңгерушісі, аға, кіші ғылыми қызметкері. 1973-1999 жылдары - Қазақ ғылыми-зерттеу институты клиникалық және эксперименталдiк хирургиясының пульмонологиялық хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1999 жылдан бастап Қазақстандағы еврейлер қауымдастығының президенті және Қазақстан халықтар Ассамблеясының мүшесі болған.
Негізгі ғылыми еңбектері пульмонология саласына арналған. Ол жетілдірілген бронхиоскоптың көмегімен өкпе ауруларын диагностикалау әдістерін ойлап тапқан.
55 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты - Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Прокуратураның құрметтi қызметкерi САРПЕКОВ Рамазан Құмарбекұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1982-1989 жылдары - Жангелдин аудандық прокуратурасының тергеушісі, Торғай (Қостанай) облыстық прокуратурасының ерекше маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, Амангелді аудандық прокуратурасының тергеушісі. 1989-1997 жылдары - Амангелді аудандық сотының төрағасы, Торғай (Қостанай) облыстық соты төрағасының бірінші орынбасары, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы. 1997-1999 жылдары - Қостанай облыстық сотының судьясы, Арқалық қаласындағы аймақтық соттық құрамның төрағасы. 1999-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет Министрілігінің Тіркеу қызметі комитеті Төрағасының бірінші орынбасары. 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Аппарат басшысы және алқа мүшесі қызметтерін атқарған. 2007 жылдың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты - Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына», «Қазақстан Республикасының Парламентінің 10 жылдығына», «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің 10 жылдығына» мерейтойлық медальдарымен, «Тыңайған жерлердi игеру басталуының 50 жылдығына» медалімен марапатталған.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 12-І, ЖЕКСЕНБІ
Қазақстан Республикасының Кедендік қызметі құрылған күн.
1991 жылғы желтоқсанның 12-де Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Кеден қызметі құрылды.
Балалар телеарнасының халықаралық күні.
1994 жылғы сәуірде Каннада өткен Халықаралық телебағдарламалар нарығында БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдері жариялады. Сол кезден бері жыл сайын желтоқсанның екінші жексенбісінде барлық телерадиокомпаниялардың жүргізушілері эфирді балаларға және балалар бағдарламасына арнайды.
ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1991) Елбасы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеден комитетін құру туралы», «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-дегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылғандарды ақтау туралы» Жарлықтарға қол қойды.
15 жыл бұрын (1995) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының наградалары туралы» заңдық күші бар Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы ең жоғары дәрежелі «Алтын қыран», «Айбын», «Достық» ордендері бекітілді. «Алтын қыран» орденімен республикаға ерекше еңбек сіңірген азаматтар, ал «Айбын» орденімен ҚР Қарулы Күштерінің, Республикалық Ұланның, Президент күзеті қызметінің, Шекара және Ішкі әскердің әскери қызметкерлері, сондай-ақ Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер қызметкерлері әскери даярлықта қол жеткізген жетістіктері, әскери жаңа техниканы игергені, заңды, қоғамдық тәртіпті бұлжытпай сақтағаны, халық мүддесін қорғаудағы адалдығы, т.б. үшін, «Достық» орденімен елдегі қоғамдық келісімді сақтауға, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастық ахуалын нығайтуға үлес қосқан азаматтар марапатталады.
15 жыл бұрын (1995) ақындар Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әліге «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілді.
14 жыл бұрын (1996) Жамбыл қаласында 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің 10 жылдығына орай Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткіш орнатылды.
13 жыл бұрын (1997) Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола (қазіргі Астана) қаласында Орталық Азияның үш республикасы - Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан басшыларының кездесуі өтті. Кездесу барысында үш мемлекеттің халықаралық консорциумдар құру жөнінде бірлесе әрекет етуінің принциптері жөніндегі тұжырымдаманы мақұлдау туралы хаттамалық шешімге қол қойылды.
10 жыл бұрын (2000) Алматыдағы Қазақ драма театрында Бауыржан Момышұлының туғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс өтті.
5 жыл бұрын (2005) ТМД елдері Халықаралық сәулетшілер одағының қауымдастығы өткізген ең жақсы жобалар байқауының алтын медалін Астана қаласындағы көп тарапты «Балбалтас» кешені иеленді.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда Халықаралық «Болашақ» стипендиясы иегерлерінің І конгресі болып өтті.
Шараны ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы, Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы түлектерінің қауымдастығы және «Қазақстан жастар конгресі» ұйымдастырды. Оған «Болашақ» бағдарламасының түлектері, мемлекеттік органдар, елшіліктер және ұлттық компаниялар өкілдері қатысты.
Негізгі мақсат - «Болашақ» стипендиясы иегерлерінің басын қосып, өзара қарым-қатынасын дамыту, шет елдерде алған білім тәжірибелерімен ой бөлісу.
1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік қолдау мен мемлекеттік реттеу мәселелері жөніндегі «Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар егізу туралы» және білікті заң көмектерін алудағы, сондай-ақ халыққа құқықтық көмекті ұйымдастыруды жақсартудағы азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған «Білікті заң көмектерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар егізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарынақол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Алматыдан 128 шақырым жерде «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» трансұлттық газ құбырының қазақстандық учаскесінің ашылу салтанаты болып өтті.
Астанада тікелей бейне-байланыс бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао қосу түймесін символдық басу арқылы желілік газ кранын ашты.
Газ құбырының құрылысын «ҚазТрансГаз» және «Транс-АзияГазпипилайн компании» компаниялары басымдық негізде құрған «Азиялық газ құбыры» ЖШС 2008 жылғы шілденің 9-да бастаған болатын. «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» трансазиялық газ құбырының жалпы ұзындығы 7000 шақырымға жуық. Оның 188 шақырымы Түрікменстан, 525 шақырымы - Өзбекстан, 1293 шақырымы - Қазақстан, 4860 шақырымнан астамы Қытай аумағында тартылды. Қытайда газ құбыры Гуанчжоу қаласына дейін жеткізіледі, ол жерден басқа да жұмыс жасап тұрған газ құбыры тармақтарына бөлінеді.
Газ құбыры, Түрікменстаннан Қытайға табиғи газ транзиттеумен қоса, қазақстандық газдың еліміздің батыс кеніштерінен оңтүстік аймақтарға жеткізілімін қамтамасыз ететін болады.
Қазақстан аумағы арқылы өтетін құбыр желісі екі учаскеден тұрады: жылдық өткізу қуаты 40 миллиард текше метрді шамалайтын алғашқы учаске - Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан қазақстан-қытай шекарасына дейін тартылса, екіншісі, өткізу қуаты 10 миллиард текше метрді шамалайтын, екінші учаске - «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» бағыты бойынша өтеді.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1915-2000) ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ҚОРДАБАЕВ Төлеубай Рақымжанұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. Қазақ педагогика институтын бітірген.
Моңғолияның Баян Өлгий аймағында қызмет істеген. 1946-1993 жылдары Қазақ педагогика институтында, Қыздар педагогика институтында, Жоғары партия мектебінде әр түрлі қызметтер атқарып, Қарағанды мемлекеттік университетінде қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Тіл білімі институты бөлімінің меңгерушісі болған.
Ғалымның 10-нан астам оқулығы, ғылыми-зерттеу еңбектері, монографиясы бар. Негізгі ғылыми еңбектері қазақ тілінің тарихи синтаксисіне, мақал-мәтел және поэзия синтаксисіне, тіл графикасы мен орфографиясына, лексикасы мен лексикографиясына, сондай-ақ жалпы тіл білімі мәселелеріне арналған.
Еңбек Қызыл Ту және Моңғол Халық Республикасының «Алтын ғадас» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
50 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі ҚҰЛ-МҰХАММЕД Мұхтар Абрарұлы дүниеге келді.
Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
1982-1992 жылдары - «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясының ғылыми редакторы, аға ғылыми редакторы, философия, құқық және әлеуметтану редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас директордың орынбасары. 1992-1999 жылдары - шағын кәсіпорын директоры, «Атамұра» корпорациясының президенті. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. 2001-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары. 2007-2008 жылдары - Қызылорда облысының әкімі. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі қызметтерін атқарған. 2010 жылдың 12 наурызынан - қазіргі қызметінде.
Заң ғылымдарының докторы, профессор. 100-ден аса ғылыми еңбектері, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрді. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, руханият пен өркениет мәселелеріне арналған.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. «Құрмет» орденімен марапатталған.