ҚазАқпарат-Анонс: 20-26 желтоқсан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ПАРЛАМЕНТ
20 желтоқсанда Парламент Мәжілісінде «Көлік инфрақұрылымын дамыту» тақырыбында үкіметтік сағат өтеді.
17-20 желтоқсан аралығында ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларус Республикасына жұмыс сапарын жасайды.
БАСҚА МЕМОРГАНДАР
20 желтоқсан күні «Қазақстандағы жерлерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жүргізу» туралы онлайн желіде конференция өтеді.
СПОРТ
2 желтоқсан мен 25 желтоқсан аралығында түріктің Хатай қаласында әйелдер арасында шахматтан әлем чемпионаты өтеді. Бәйгеге 64 шахматшы қатыспақ.
19-25 желтоқсан аралығында Алматы қаласындағы Б.Шолақ атындағы Спорт сарайында әйелдер арасында гандболдан 13-ші Азия Чемпионаты өтеді.
20-25 желтоқсан аралығында Астана қаласындағы «Қазақстан-2» Спорт сарайында 1997 жылы дүниеге келген балалардан тұратын жасөспірімдер командалары арасында шайбалы хоккейден Халықаралық балалар мен жасөспірімдер турнирі өтеді.
АСТАНА
20 желтоқсанда «Бейжің Палас» қонақ үйінде «Астана саммиті - ЕҚЫҰ дамуындағы маңызды кезең » атты пікірталас клубының отырысы өтеді.
20 желтоқсанда Ұлттық мұрағатта ҚР Тәуелсіздігіне арналған дөңгелек үстел өтеді.
20 желтоқсан күні «Іскер» іскерлік орталығында «Конфессияаралық келісімді нығайтудағы БАҚ рөлі» атты семинар өтеді.
20 желтоқсанда Астанада Қазақстан инноваторларының қатысуымен дөңгелек үстел өтеді.
АЛМАТЫ
20 желтоқсанда Алматыда БТА банк баспасөз брифинг өткізеді.
20 желтоқсан күні ҚР Мемлекеттік мұражайында Жаңа жылдық қайырымдылық іс-шарасы болып өтеді.
20 желтоқсан күні ҚР Президентінің Резиденциясында мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімі болады.
ЕЛЕУЛІОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫКҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 20-Ы, ДҮЙСЕНБІ
Адамдар ынтымақтастығының халықаралық күні.
Кедейшілікті жоюмен күрес жөніндегі БҰҰ-ның бірінші онжылдығы шеңберінде Бас Ассамблея жыл сайын желтоқсанның 20-да Адамдар ынтымақтастығының халықаралық күні деп шешім шығарды (№A/RES/58/220 қарар). Бұл шешімді қабылдау кезінде Бас Ассамблея Мыңжылдық декларацияда ынтымақтастық XXI ғасырдағы халықаралық қатынастар негізі болып табылатын түпкілікті және салалы құндылық деп танылғанын еске салды.
ОҚИҒАЛАР
40 жыл бұрын (1970) Сұлтан Қожықовтың қазақтың ұлттық кинематографиясы алтын қорының мұрасына айналған әйгілі кинотуындысы «Қыз Жібек» экранға шықты.
Фильм кезінде бір-бірімен жауласқан қазақ тайпаларынан шыққан жігіт пен қыздың трагедиялық махаббаты жөніндегі қазақ халық эпосына негізделген. Туынды көпшілік қауымның көзайымы, нағыз халық киносына айналды және әлемнің 70-тен астам елінде тамашаланды.
Туындының басты рөлдеріндегі Төлеген мен Қыз Жібектің рөлдері сол уақытта небәрі 17-ге толған жас актерлер Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешоваға бұйырды. Фильм Алматы облысының Күрті ауданында, Іле өзенінің жағасы мен Жаркентте түсірілді. Қазақтың ең танымал фильмдерінің бірін шығарғаны үшін режиссер Сұлтан Қожықов Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Үздік кинотуындының сценариін жазған Ғабит Мүсірепов болатын.
5 жыл бұрын (2005) Елбасы «Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы шеңберінде құпия ақпараттарды сақтауды өзара қамтамасыз ету жөніндегі Келісімді бекіту туралы» Заңға қол қойды. Онда Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымына қатысушы мемлекеттердің қызметінде пайдаланылатын құпия ақпараттарды қорғау саласындағы ынтымақтастықтың құқықтық негіздері айқындалады. Мемлекет басшысы сонымен қатар «Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі Үкіметі арасындағы халықаралық жолаушылардың автомобильдік тасымалы және жүктер туралы Келісімді бекіту туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасында қосарланған салық салуды болдырмау жөніндегі және кіріс пен капиталға салынатын салықты төлеуден жалтаруды жою туралы Конвенцияны бекіту туралы» Заңдарға да қол қойды.
3 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекттік шекараны күзету жүйесін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау деңгейін арттыруды қарастырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамту және еңбек мәселелері жөніндегі өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Елбасы сондай-ақ 1994 жылғы сәуірдің 15-індегі «Еңбек миграциясы және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы бекіту туралы» және «Қазақстан Республикасының үкіметі мен Польша Республикасының үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді бекіту туралы» Заңдарға қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Алматыда белгілі журналист-зерттеуші, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлының «Шоқан» атты кітабы жарық көрді.
Жарылқап Бейсенбайұлы 1969-1990 жылдары «Жас Алаш» газетінде қызмет істеді. 1990-1997 жылдары - «Ана тілі» газетінің тұңғыш бас редакторы. 1997-2010 жылдары - «ҚазАқпарат» ҰК» акционерлік қоғамы Қазақ редакциясының бас редакторы қызметтерін атқарған. 2010 жылдан бастап - «ҚазАқпарат» ҰК» акционерлік қоғамы Төте жазу сайтының жетекшісі.
Оқырман қауымға ол «Буырқанған бояулар», «Әдеп әлемі», «Қазақ шежіресі», «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» атты кітаптарымен таныс.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1900-1970) Қазақ КСР-нің саяси және қоғам қайраткері ГОГОСОВ Владимир дүниеге келді.
Грузияда туған. Новочеркаск авиациалық институтын бітірген.
1920-1928 жылдары Қырымда партия, комсомол ұйымдарында қызметтер атқарған. 1932-1936 жылдары - КСРО Ауыр өнеркәсібі Халық комиссариаты авиациалық зауыттарды жобалау институтының инженері, зауытың аға шебері. 1936-1939 жылдары - Рыбинск авиациалық институтының директоры. 1939-1943 жылдары - Ярослав облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы. 1943-1947 жылдары -Кемеров облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1947-1951 жылдары - Бүкілодақтық Коммунистер (большевиктер) партиясының инспекторы. 1951-1955 жылдары - КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік штаттар комиссиясы төрағасының орынбасары, РФ Қаржы министрлігі штаттар басқармасының бастығы. 1955-1957 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы. 1956-1957 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары. 1957-1959 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Мемлекеттік ғылыми-техникалық комитеті төрағасының орынбасары. 1959-1970 жылдары - КОКП жанындағы Жоғары партия мектебінің оқытушысы, КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономикалық ғылыми-зерттеу институының аға ғылыми қызметкері.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің 2-шақырылымының, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 4-шақырылымының депутаты болған.
«Основные направления технического прогресса в Казахстане», «Экономическое стимулирование научно-технического прогресса» (бірлесіп шығарған) атты кітаптарының авторы.
Еңбек Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
50 жыл бұрын (1960) Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының директоры - көркемдік жетекшісі ӘБДІРАХМАНОВ Сәкен Сейітқалиұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Күләш Байсейітова атындағы Республикалық орта-арнайы музыка мектебін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.
1982-1998 жылдары - «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің әртісі, директоры. 1998-1999 жылдары Астана қаласы Мәдениет департаменті өнер бөлімінің бастығы. 1999-2002 жылдары - «Жастар» сарайының директоры, Конгресс-Холлдың көркемдік жетекшісі. 2002-2006 жылдары - Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының бас директоры. 2006-2008 жылдары - Астана қаласы Мәдениет департаментінің директоры. 2008 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
Әбдірахмановтың қолдауы және ұйымдастыруымен «Наз» халық би театры, жас өспірімдер театры, Астаналық балет компаниясы сияқты жаңа ұжымдар пайда болды. «Астана самалы» атты үрлемелі оркестрлер фестивалі, «Серпер» халық аспаптарының халықаралық фестивалі, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» музыкалық фестивалі, «Шашу» халық би фестивальдарының бастамашысы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» «Астана» медальдарымен марапатталып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісіне ие болған.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 21-І, СЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1991) Алматыда бұрынғы он бір кеңес республикалары (Балтық бой республикалары мен Грузиядан басқалары) басшыларының кездесуі болып өтті. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы өз өмірін тоқтатқаны ресми құжатталды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы дүниеге келді.
5 жыл бұрын (2005) Ақмола облысы Ерейментау қаласында Қанжығалы Бөгембай батыр атындағы мұражай ашылды.
Бөгенбай Ақшаұлы, Қанжығалы Бөгенбай (1680-1775 кейбір деректерде 1776-1778) - қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі тарихында ерекше рөл атқарған батыр, қолбасшы.
5 жыл бұрын (2005) Орал қаласында ақын Ұлдай Сариеваның «Жапырақ ғұмыр» кітабының таныстырылымы болып өтті.
Көптен бері өлең жазып, есімі әдеби ортаға жақсы таныс болса да, жеке жинағы енді ғана жарық көрген Ұлдайдың кітабына алғысөзді оралдық белгілі ақын Жанғали Нәбиуллин жазған. Сонымен қатар ақын Ұ.Сариеваның сөздеріне жазылған көптеген әндер бар.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Құрметті докторы атағы берілді.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тіл жанашыры-2009» байқауының №1 Құрметті белгісімен марапатталды.
Елімізде мемлекеттік тілді дамыту арналған байқау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тілдер бойынша комитетімен, «Тіл жанашыры» бірлестігімен және «Тіл» журналымен ұйымдастырылып өткізілген болатын.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1925) ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі ТАЛИПОВ Тұғлұқжан дүниеге келді.
Алматы облысы Ұйғыр ауданында туған. Жаркент педагогикалык училищесін, Қазақ педагогикалық институтын, Қазақстан Ғылым Академиясының аспирантурасын бітірген.
1962-1968 жылдары - Тіл білімі институты секторының, ұйғыр филологиясы бөлімінің аға ғылыми қызметкері. 1968-1990 жылдары - Ұйғыртану институтының бөлім меңгерушісі. 1991 жылдан - Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Шығыстану институты ұйғыртану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері.
Негізгі ғылыми еңбектері түркітанудың жалпы мәселелеріне, ұйғыр тілінің тарихи фонетикасы, салыстырмалы тіл білімі мәселелерін зерттеуге арналған.
75 жыл бұрын (1935) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Инженерлік Ғылым Академиясының академигі ҚАМАЛОВ Сухан Мақсотұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1965-1972 жылдары - Қазақстан Республикасы Геология министрлігінің бас геологы. 1976-1985 жылдары - Орал мұнай және газ барлау экспедициясының аға геологы, бас геологы. 1985-1989 жылдары - «Оралмұнайгазгеология» өндірістік бірлестігінің директоры. 1989-1991 жылдары - Қазақ КСР-нің Геология және жер қойнауын қорғау жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1991-1992 жылдары - «Қарашығанақгазөнеркәсіп» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры. 1992 жылдан «Қазақгазжобалау» газ өнеркәсібі ғылыми зерттеу-жобалау институтының директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясының Батысқазақстандық орталығының директоры қызметтерін атқарған.
Республикамыздың барлық аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жобалаумен және жоспарлаумен айналысты. Сол жылдары қоры аса бай сұйық көмірсутекті Өзен және Жетібай кендері ашылды. Ақтөбе экспедициясының бас геологы ретінде тікелей қатысуымен «Жаңа жол» ірі мұнай кен орнын зерттеліп, ашылды. Осы кезеңде бірегей Қарашығанақ газконденсат кені барланды. 90-ға жуық ғылыми еңбектері бар.
«Октябрь Революциясы», «Құрмет белгісі», «Парасат», «Барс» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Орал қаласының құрметті азаматы.
55 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Астана қаласы Қазіргі заман өнері мұражайының директоры ШИВРИНА Нелли Викторовна дүниеге келді.
Ресейдің Свердлов облысында туған. Целиноград педагогикалық институтының филология факультетін (Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) бітірген. 1973-1974 жылдары - Шортанды ауданындағы мектеп жанындағы интернат тәрбиешісі. 1974-1979 жылдары - Шортанды ауданындағы мектептердің мұғалімі. 1979-1981 жылдары - Ақмола (Астана) қаласы облыстық өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері. 1981-1992 жылдары - Ақмола (Астана) қаласы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ескерткіштерді қорғау ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі. 1992-1999 жылдары Ақмола облыстық әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарған. 1998 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Шапағат» медальдарымен марапатталған.Польша Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 22-І, СӘРСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және қорғанысы туралы» Заң қабылданды.
10 жыл бұрын (2000) «Айгөлек» балалар журналының алғашқы саны жарық көрді.
5 жыл бұрын (2005) Новосібірде қазақ қарпімен басылған «Ұлы Абайға адалдық» кітабының ілкі данасы Семейге жеткізілді.
Кітаптың баспадан шығуына Абай республикалық қоры жәрдемдесті. «Ұлы Абайға адалдық» кітапта Абай өмір сүрген кезеңнің белгілі оқиғалары мен бүгінгі күнге дейін жарық көрмеген материалдарды да қамтып отыр, яғни Абайдың тікелей ұрпағы - Мінаш Ысқақованың естеліктерін айтуға болады.
3 жыл бұрын (2007) Петропавлда Қазақстанның және Якутияның көрнекті мемлекет қайраткері Максим Амосовқа ескерткіш тақта орнатылды.
Максим Амосов (1897-1938) Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеттерінің, Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған. Қазақстан экономикасының дамуына, босқын-қазақтардың туған жеріне оралуына, оларды баспанамен және жұмыспен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосқан азамат. Голощекиннің саясатына наразы болғандардың бірі. Тұрар Рысқұловпен және Сәкен Сейфуллинмен дос болған. 1938 жылы Қырғызстанда репрессияға ұшырап, кейіннен атылып кеткен.
1 жыл бұрын (2009) Алматы қаласында физика-математика пәндері тереңдетіп оқытылатын «Абылай - Т» гимназиясы салтанатты түрде ашылды.
Жаңа гимназия 300 оқушыға лайықталған. Қазақ тілімен қатар әлемдік қолданыстағы қытай, ағылшын тілдерін жоғары дәрежеде үйретеді. Оқу ғимараты сапалы білім беру негізінде қазіргі заман үлгісіндегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Оқушыларды 3 мезгіл тамақпен қамту мен мектепке әкелу мен үйлеріне жеткізіп салу қарастырылған.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1905-1985) географ, геоморфолог, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері, КСРО Ғылым Академиясының академигі, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Болгар Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Польша, Сербия, Ұлыбритания, Австрия, Италия, Колумбия, Шотландия мемлекеттері географиялық қоғамдарының құрметті мүшесі ГЕРАСИМОВ Иннокентий Петрович дүниеге келді.
Ленинград университетін бітірген.
1926 жылы КСРО Ғылым Академиясының экспедициясы құрамында Қазақстанға келіп, Жем, Шаған өзендері аңғарларының пайда болу тарихын және онда төрттік кезең шөгінділерінің таралуын зерттеді. Қазақ жеріндегі далалы және шөлейтті аймақтың топырақ аймағын тұңғыш рет сипаттады. Арнаулы геоморфологиялық зерттеулердің нәтижесінде Каспий деңгейінің өзгеруі геологиялық факторларға байланысты екенін көрсетті.
Негізгі еңбектері палеогеография, геоморфология және топырақ географиясына арналған. Ол Қазақстан жері мен Батыс Сібірдің тың және тыңайған жерлерін игерудің, сол аймақтардың жер қыртысындағы топырақ эрозиясымен күресудің ғылыми негіздерін құруға үлес қосты.
2 рет Ленин орденімен және басқа да орден, медальдармен марапатталған.
95 жыл бұрын (1915-1970) кен ісі саласындағы ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор ШӘРІПОВ Уақит Шәріпұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданында туған. Қазақ тау-кен-металлургия институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1947 жылдан Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тау-кен ісі институтының ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі болды.
Негізгі ғылыми жұмыстары жер астынан кен қазу жұмыстарын механикаландыруға арналған. Оның 100-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 3 монографиясы жарық көрген.
2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.
95 жыл бұрын (1915-1999) геолог- ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЛИ Виталий Гаврилович дүниеге келді.
Қазақ тау-кен институтын бітірген.
1941-1962 жылдары Қазақстан мен Ресейдің бірқатар кен-металлургиялық және геологиялық ғылыми-зерттеу орталықтарында, 1962-1999 жылдары Қазақстан ҰҒА Қаныш Сәтбаев атындағы Геология институтында жұмыс істеген.
Негізгі ғылыми еңбектері түсті және сирек кездесетін металдар барлау, Успен кентасты белдеуін геологиялық-геофизикалық және металлогендік зерттеу мәселелеріне арналған. Сонымен қатар Саяқ мыс кен орнын ашқан. 122 ғылыми еңбектің, соның ішінде 3 монографияның авторы.
60 жыл бұрын (1950) тарих ғылымдарының кандидаты, Шымкенттегі №5 кәсіптік-техникалық лицейдің басшысы САХОВ Сапарбек Мұсаханұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында туған. Шымкент педагогикалық институтын бітірген.
1978-1987 жылдары - Шымкент дене тәрбиесі техникумының оқытушысы, Қазақ химия-технология институтының оқытушысы, аға оқытушысы. 1987-1991 жылдары - Дзержинский аудандық комитеті бөлімінің меңгерушісі, Шымкент облыстық партия комитетінің лекторы. 1991-1992 жылдары - Шымкент фармацевтика институтының проректоры. 1992-1993 жылдары - Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. 1993-1995 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі бөлімінің меңгерушісі. 1995-2002 жылдары - Шымкенттегі №5 кәсіби-техникалық мектебінің директоры. 2002-2003 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы қызметтерін атқарған. 2003-2004 жылдары - «Нұр Отан» ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрағасы. 1999-2003 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болған. 2003 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
«Толқынды теңіз заманам» атты кітабы жарық көрген.
Медальдармен марапатталған.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 23-І, БЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
16 жыл бұрын (1994) Бішкекте Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды.
15 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Заң күші бар «Жекешелендіру туралы» Жарлығы жарық көрді.
12 жыл бұрын (1998) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия туралы» Жарлығы жарық көрді.
3 жыл бұрын (2007) Астанада Ресейдің «Лукойл» мұнай компаниясының мұрындық болуымен «Лукойл аймақтары» сериясы бойынша шыққан «Қазақстан әлемнің тоғызыншы мекені» атты кітаптың таныстырылымы болып өтті.
Бұл кітап кең байтақ даласы мен көгілдір айдын көлдері, шөлейт жерлері мен ну орманды таулары бар Қазақстанға арналған. Кітап беттерінен оқырман қауым Қазақстанда қолға алынған мәдени мұраның тамаша үлгілерімен, еліміздің әсем табиғатымен және қазіргі заманғы кәсіпорындарымен танысумен қатар, бүгінгі Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосып жатқан адамдардың қуат күші және дарындылығы жөнінде кең көлемде мағлұмат алады.
«Лукойл» компаниясы 1995 жылдан бастап Қазақстандағы мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға қатысуда. Қазіргі таңда компания Қазақстан аумағындағы 8 мұнай-газ жобасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, «Лукойл» Қазақстандағы ірі ресейлік инвестор болып табылады.
1 жыл бұрын (2009) елордада Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен 240 балаға арналған «Қарлығаш» балабақшасы ашылды.
Балабақшада тәрбиелеу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіліп, ағылшын тілін меңгеру үшін арнайы сабақтар өтеді. Ол орналасқан ғимарат екі қабатты төрт блоктан тұрады. Жалпы аумағы 11641 шаршы метрді құрайды, оның 4195 шаршы метрі техникалық ғимарат. Балабақшаның барлық бөлмелері қазіргі заманғы талаптарға сай жарақтандырылған.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1920-1987) жазушы, Қазақ КСР-нің еңбегі сіңірген мәдениет қайраткері ЛАРИН Вениамин Иванович дүниеге келді.
Алтай аймағында туған. Томск медициналық техникумын, педагогикалық институтты, КОКП жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген.
Еңбек жолын Предгорненский мекетбінде мұғалім болып бастаған. 1942-1949 жылдары журналистік жұмыста, комсомол, партия ұйымдарында басшылық қызметтер атқарды. 1949-1974 жылдары - «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары, Қазақ КСР ЛКЖО Орталық Комитеті Үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, «Білім» республикалық қоғамының жауапты хатшысы, Қазақ КСР Теледидар и радио тарату комитеті төрағасының бірінші орынбасары, «Огни Алатау», «Вечерняя Алма-Ата» газеттерінің редакторы. 1974-1985 жылдары - «Простор» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. Өмірінің соңғы жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы болды.
Алғашқы очерктер жинағы 1956 жылы басылып шыққан. «Спроси у своего сердца», «Земле нужны звезды», «Век прожить» (бірлесіп шығарған), «Баллада о первой палатке», «Все остается нам» атты еңбектері жарық көрген.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 24-І, ЖҰМА
ОҚИҒАЛАР
12 жыл бұрын (1998) «Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы» Заңы жарияланды.
6 жыл бұрын (2004) Астана қаласы Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталығы аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына елорданың барлық ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері мен құрметті ақсақалдар қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Резиденцияның ашылу салтанатында жаңа ғимаратты «Ақ Орда» деп атады.
Резиденция 2001 жылы қыркүйек айында салына бастады. Ғимараттың жалпы көлемі 36720 кв.м. Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерін қолдана отырып, монолит құйматастан салынған. Шатырсүмбіні қоса есептегендегі ғимараттың биіктігі 80 метр.
5 жыл бұрын (2005) Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазцинк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Геннадий Зильберберг қазақстан өндірісінің дамуына өз үлесін қосқаны үшін екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда бірінші «Құлагер» атты ұлттық кинематография сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі болып өтті.
Ұйымдастырушысы - Қазақстан кинематографистер одағы. Оның негізгі мақсаты - Қазақстандағы кинематография саласын дамыту және осы салада жүрген азаматтарға қолдау көрсету.
«Құлагер» аталымы бойынша «Үздік ер адам рөлі» үшін Нұржұман Ықтымбаев, «Үздік операторлық рөлі үшін» Борис Трошев, «Үздік дебютті фильмі үшін» Абай Құлбаев, «Үздік деректі фильмі үшін» Әсия Байқожина, «Үздік анимациялық фильмі үшін» Рамиль Усманов, «Кинотану және кино сыны жұмысы үшін» Гүлнар Әбікеева, «Үздік продюсерлік жоба үшін» Ақан Сартаев марапатталды.
1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы №2-ші қалалық аурухананың ашылу салтанатына қатысты.
Бұл көпсалалы стационар 360 орынға арналған. Оның 205-і хирургиялық, ал 155-і терапевтік сала бойынша. Стационардың негізгі мақсаты - кешенді мамандандырылған медициналық көмек көрсету. Аурухананың құрылымында 28 емдеу-диагностикалық бөлімдер жасақталған. Мұнда терапевтік, кардиологиялық, ревматологиялық, неврологиялық ауруға шалдыққан адамдар жатқызылады.
1 жыл бұрын (2009) Ақтауда Иран Ислам Республикасының елшілігі ашылды.
Ашылу рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Иран сыртқы істер министрі Фарахи Хоссейн.
Бұл елшіліктің ашылуы екі ел арасындағы достық, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға, сонымен қатар құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетеді.
1 жыл бұрын (2009) Алматы облысының Панфилов ауданындағы Головацкий атындағы кентте «Тәуелсіздік тұғыры» ескерткішінің ашылу рәсімі болып өтті.
Монумент авторлары - сәулетші Талғат Жортанов пен танымал мүсінші Павел Шорохов.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1982) даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты МОМЫШҰЛЫ Бауыржан дүниеге келді.
Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген.
1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. Отан соғысы басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі болған. 1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарған. Оның соғыс кезіндегі ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен жеке басының ерен ерлігі ерекше көзге түсіп, батырлық даңқы аңызға айналған.
Батырдың қаламынан туған көркем шығармалар бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Ол туындыларын орыс-қазақ тілінде бірдей жазған. Оның «Біздің семья», «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Москва үшін шайқас», «Майдан», «Төлеген Тоқтаров» атты кітаптары бар.
Сонымен қатар батырдың қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-дилогиясы, Мекемтас Мырзахметұлының «Бауыржан Батыр» атты кітабы, Мағира Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат»атты пьесалары жарық көріп, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» пьесасы қойылды. «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Москва академиялық драма театры Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. 2001 жылы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығы ашылған. Батырға туған жерінде, Астана қаласында ескерткіштер қойылып, Мәскеу облысы Волоколамск қаласында батырдың тас мүсіні орнатылды.
Батыр есімі ауылдарға, көшелерге, республикалық әскери балалар мектебіне берілген.
Қазақстанда Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерей тойы республика көлемінде кеңінен аталып өтілуде. 2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы, оның туған жерінде үстіміздегі жылдың 24-25 қыркүйек күндері аталып өтті. 24 қыркүйекте Тараз қаласында Бауыржан Момышұлының сан қырын сипаттайтын конференция ашылып, Тараз қаласындағы саябақта батыр атына мемориалдық тақта орнатылды. Жамбыл облысы Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлының үлкен мұражайы ашылды. Даңқты батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Бауыржан Момышұлының 30 томдық академиялық шығармалары 2010 жылдың 22 қыркүйегінде «Өнер» баспасынан толығымен жарық көрді.
2010 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапхананың «Көгілдір» залында тұңғыш рет Астанада қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлына арналған «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмінің көрсетілімі болып өтті. Фильмді «Қазақфильм» студиясы түсірген, режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы киномотографистер Одағының мүшесі, кинодокументалист Қалила Омаров, сценариін жазған - Елшат Ескендір.
Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
90 жыл бұрын (1920-1984) фтизиатр-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылыми қызметкері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері ТЕРЛІКБАЕВ Әйкен Ахатұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында туған. Қазақ медицина институтын бітірген.
1963-1982 жылдары - Қазақ туберкулез ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1983-1984 жылдары - Алматы мемлекеттік медицина институтының профессоры.
Негізгі ғылыми еңбектері туберкулез клиникасы мен эпидемиологиясына арналған. Қазақстанда туберкулезден арылу тарихымен шұғылданып, өкпе туберкулезін хирургиялық жолмен емдеу, басқа өкпе ауруларынан ажырату әдістерін ұсынып, өкпенін зақымданған бөліктерін алып тастау салдарынан пайда болатын асқынулар мен қайталауларға сипаттама берді.
Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1940-1991) қоғам қайраткері, КСРО Ішкі Істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері СЕРІКОВ Сайлау Досымұлы дүниеге келді.
Қостанай облысы Қарасай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ішкі Істер министрлігі академиясын бітірген.
1969-1976 жылдары - Алматы қаласы Ленин аудандық ішкі істер бөлімінің инспекторы, аға инспекторы, бастығының орынбасары, бастығы. 1978-1980 жылдары - Алматы қалалық атқару комитеті Ішкі істер басқармасының қылмыстық іздестіру басқармасы бастығының орынбасары. 1980-1984 жылдары - Фрунзе аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Алматы қалалық атқару комитеті Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары. 1984-1985 жылдары - Көліктегі шығыс ішкі істер басқармасының бастығы. 1985-1991 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 25-І, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1990) Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы 2-ші СЭС-інің бірінші энергоблогі іске қосылды.
15 жыл бұрын (1995) Елбасы Н.Назарбаев Конституциялық заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық бойынша сот жүйесінің құрылымы және оны қалыптастырудың тәртібі, барлық деңгейдегі соттардың өкілеттіктері, соттардың мәртебесі мен олардың тәуелсіздігінің кепілдігі, оған қойылатын талаптар, судьяларға өкілеттік беру мен оны тоқтату тәртібі, судьяларды жауапқа тарту, оларды материалдық және әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету белгіленген.
10 жыл бұрын (2000) Алматыда алғаш рет отандық троллейбус жасалды.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда көрнекті қазақстандық альпинист Анатолий Букреевті (1958-1997) еске түсіруге арналған шыңға шапшаң өрмелеу сайысы болып өтті.
Ол бұдан сегіз жыл бұрын дәл осы күні Аннапурна (Непал) шыңына өрмелеу кезінде қазаға ұшыраған болатын. Шара Кіші Алматы өзені аңғарындағы Тұйықсу альпинистік лагерінде, Шымбұлақ шатқалының жоғарғы жағында болды. Амангелді шыңының биіктігі - 3970 метр. Шыңға өрмелеуге тәжірибелі альпинистермен қатар жас спортшылар да қатысты.
1 жыл бұрын (2009) Атырауда Қазылар сарайы ашылды.
Мұнда облыстық және ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттар орналасқан. Жаңа ғимаратта судьялардың жұмыстары үшін барлық жағдайлар жасалған. Инновациялық телекоммуникациялық технологиялармен жабдықталған, сот отырыстарын өткізуге арналған бірнеше залдар жұмыс істейді. Мәжіліс залы, судьяларға арналған қолайлы бөлмелер бар.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1945) биология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Ақпаратандыру Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп Ғылым Академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті экология және ботаника кафедрасының оқытушысы БИҒАЛИЕВ Айтқожа дүниеге келді.
Ресейдің Куйбышев облысында туған. Алматы зооветеринарлық институтын, КСРО Ғылым Академиясы Жалпы генетика институтының аспирантурасын бітірген.
1969-1971 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы Эксперименттік биология институтының ғылыми хатшысы. 1971-1985 жылдары - Ақтөбе медицина институты биология және жалпы генетика кафедрасының меңгерушісі. 1985-1987 жылдары - Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің проректоры, ботаника, генетика және өсімдік селекциясы кафедрасының меңгерушісі. 1991-1995 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті экология және топырақтану кафедрасының меңгерушісі. 1995-2000 жылдары Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы Экология проблемалары ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметтерін атқарған.
120-дан астам ғылыми еңбегі бар.
Медальмен марапатталған.
50 жыл бұрын (1960-2003) ақын МӘУКЕНҰЛЫ Нұрлан дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Алматы менеджмент басқару және болжам институтын (КИМЭП) бітірген.
Еңбек жолын құрылысшы болып бастаған. 1984-1986 жылдары - Зайсан аудандық «Достық» газетінің тілшіcі. 1986-1988 жылдары - Зайсан аудандық комсомол комитетінің хатшысы. 1988-1989 жылдары - Зайсан аудандық баспахананың директоры. 1989-1990 жылдары - Зайсан аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1990-1991 жылдары республикалық «Жас қазақ» газетінің бөлім меңгерушісі, бас редакторы қызметтерін атқарған. Кейінгі жылдары «Ана тілі» - «Жалын» бірлескен басылым бас редакторының орынбасары болып жұмыс істеген.
«Аудитория», «Қарлығаш» жыр топтамаларында өлеңдері жарияланған. 1955 жылы «Бойтұмар» жыр жинағы жарық көрген. Бірнеше мүшәйраның, Алматыда өткен Түрік дүниесі поэзиясы фестивалінің жүлдегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Зайсан ауданындағы бір көшеге ақын аты берілген.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 26-Ы, ЖЕКСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
50 жыл бұрын (1960) Тың өлкесі құрылды. Оның құрамына Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары кірді. Тың өлкесі 1965 жылғы қазанның 19-да таратылды. Әкімшілік орталығы - Целиноград (бүгінгі Астана) қаласы болды.
15 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті туралы Конституциялық заң қабылданды.
5 жыл бұрын (2005) Семейде жаңа медресе ашылды.
Діни оқу мекемесі Әнет баба атындағы Орталық мешіттің жанында орналасқан. Кеңес дәуірінде Семей өңірінде 14 мешіт болған екен. Абай шығармаларында да ХІХ ғасырдың соңында өңірде 8 мешіт, 8 медресе болғандығы айтылады.
Жаңа медреседе 25 шәкірт білім алады.
5 жыл бұрын (2005) Ақтөбе облысының Алға аудан орталығында Мұхамбетқазы хазірет Меңдіғұлов атындағы мешіт ашылды.
Осыдан екі ғасыр бұрын Алғаның маңындағы Ақкемер кентінде ғұмыр кешкен хазірет Меккеге бірнеше рет барып қайтқан исламның адал да беделді қызметшісі болуымен бірге, өлке тарихында ағартушылық еңбегімен аты қалған өз заманының сауатты азаматы да болған адам еді. Ол Ресей патшасының қабылдауында болып, Ақкемерде мектеп ашуға рұқсат алған болатын.
Хазіреттің шөбересі, елімізге кеңінен танымал суретші, ұлттық валютамыздың дизайнын жасаушылардың бірі, кәсіпкер әрі меценат Хайролла Мағауияұлы Ғабжалиловтың қаражатына салынған мұнаралары 30 метрлік көк шатырлы ақ мешіт аудан орталығында орналасқан.
Салтанатқа Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Бас Мүфтиі Әбсаттар-қажы Дербісәлі, халық әртісі Асанәлі Әшімов және т.б. қатысты.
1 жыл бұрын (2009) Павлодар облысы Екібастұз қаласында жылдық қуаты 50 миллион кірпішті құрайтын жаңа зауыт іске қосылды.
Керамикалық кірпіш шығаратын кәсіпорынды «Вершина» ЖШС салып шықты.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1900-1978) тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты ПОКРОВСКИЙ Сергей Николаевич дүниеге келді.
Украинада туған. Қызыл Профессура институтын бітірген.
Қазақ КСР прокурорының орынбасары, Қазақ мемлекеттік университеті кафедрасының меңгерушісі, проректоры, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институты бөлімінің меңгерушісі, директоры, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Қоғамдық ғылым бөлімшесінің академик-хатшысы қызметтерін атқарған.
Оның негізгі еңбектері Қазақстандағы Қазан революциясы мен Азамат соғысына арналған. «Победа Советской власти в Семиречье», «Разгром иностранных военных интервентов и внутренней контрреволюции в Казахстане (1918-1920)», «Ленин и победа Советской власти в Казахстане» атты ғылыми еңбектері жарық көрген.
Еңбек Қызыл Ту, 2 рет «Құрмет белгісі», Халықтар достығы ордендерімен және медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1950) Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының орынбасары СӘРСЕМБАЕВ Шәріп Қайырбайұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Қазақ мемлекеттік Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылығы институтын бітірген.
1973-1976 жылдары - Ленинский кентінде комбайн зауытында цех шебері, Май ауданы Белогорский совхозында МТС меңгерушісі. 1976-1981 жылдары - Май ауданы Киров атындағы кеңшардың бас инженері, Қазан кеңшарының директоры. 1995-1997 жылдары - Май ауданы әкімінің бірінші орынбасары - Май ауданы ауыл шаруашылығы департаментінің бастығы, «Павлодарагровнешторг» ЖШС фирма директорының орынбасары. 1997-2002 жылдары - Качиры ауданы «Бобровка» жеке меншік ауыл шаруашылық кәсіпорны (ЧСХП) атқарушы директор, «Құндыз» ЖШС директоры, «Павлодарагровнештрог» фирмасы директорының орынбасары. 2002-2006 жылдары Павлодар облысы ауыл шаруашылығы департаментінің МТС және жабдықтау, механизация бөлімінің бастығы, Павлодар облысы ауыл шаруашылығы департаменті бастығының орынбасары, директоры қызметтерін атқарған. 2006 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Павлодар облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталған.