ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 10-14 тамыз аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ
10 тамыз күні ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде «Судағы қайғылы оқиға» тақырыбында брифинг өтеді.
БАСҚА МЕМОРГАНДАР
10 тамыз күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасының негізгі ережелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
АСТАНА
10 тамыз күні «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-да лапораскопиялық тәсіл арқылы өткен алғашқы бүйрек ауыстыру операциясына қатысты баспасөз мәслихаты өтеді.
10 тамызда «Қазақстан» Орталық концерт залында Астана қаласының Үкіметтік емес ұйымдары қалалық форум ұйымдастырады.
10 тамыз күні «Бәйтерек» халықаралық медиа орталығында «Менің Қазақстаным!» атты пойыздың салтанатты басталуы болады.
АЛМАТЫ
10 тамызда Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Абай оқулары» өтеді. Іс-шара сағат 17.00-де басталады.
СПОРТ
12 тамыз бен 23 тамыз аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында 26-шы Бүкіләлемдік жазғы Универсиада өтеді, оған қазақ спортшылары да қатысады. Қазақстан құрамасының 103 спортшысы спортың 11 түрі бойныша өнер көрсетеді.
ҚОҒАМ
2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялады.
1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республикалық акция аясында Астанада «Мектепке барар жол» акциясы өтеді .
9-13 тамызда Астанада ҚР Президентінің кубогы үшін Шайбалы хоккейден халықаралық турнир өтеді .
СЫРТҚЫ САЯСАТ
16 шілде мен 8 тамыз аралығында Ухань қаласында (Қытай, Хунань провинциясы) «Қытай тілінің көпірі» атты қытай тілі мен мәдениетінің 10-шы мерейтойлық бүкіләлемдік студенттер байқауы өтеді. Оған Қазақстан студенттері де қатысады.
Санкт-Петерборда Ресей, Қазақстан, Украина, Норвегия, Финляндия, Германия, Франция, Италия, Беларусь, Латвия, Эстониядан келген 100-ден астам темірден түйін түйетін ұсталар мен суретшілер өз шеберліктерін көрсететін «Туфелька для Золушки» атты халықаралық байқау басталды. Фестивальдің өзі 10-11 қыркүйек күндері Кронштадта өтетін болады. Байқауға дейінгі бір айда барлық темір ұсталары шығармашылық тапсырманы орындап, темірден туфли мен басқа аяқ киім жасап шығарады.
АЙМАҚТАР
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ
23 сәуір мен 10 қыркүйек арасында Ақтөбе облысында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 екпінді апталық» деген ұранмен «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы өтеді.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
6 тамыз бен 14 тамыз аралығында Өскемен қаласында «Қазақстан оқушысы» атты дәстүрлі көпкүндік веложарыс өтеді. Спорттық шараға 137 жас спортшы қатысуда.
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ
15 шілде мен 15 қыркүйек аралыңғында Қосатанйда «мектепке жол» акциясы өтеді.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
ТАМЫЗДЫҢ 10-Ы, СӘРСЕНБІ
Абай поэзиясының күні.
Құнанбайұлы Абай (1845-1904) - ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Ол ауылдағы Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресіне оқуға барған. Мұнда араб, парсы тілдерін үйреніп, дін сабақтарын оқумен қатар Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули, т.б. шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады. Медресенің үшінші жылында Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, 3 ай оқиды. Сол кезден бастап Александр Пушкин, Михаил Лермонтов, Лев Толстой, Иван Крылов, Федор Достоевский шығармаларын оқып, Гете, Дж.Байрон мұраларына ден қояды. 13 жасында әке ықпалымен оқудан қол үзіп, әкімшілік билікке араласады. Отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өседі. 1875 жылы Қоңыркөкше елінде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жоралғыларын, әдеп-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. 1885 жылы мамыр айында Шар өзенінің бойындағы Қарамола деген жерде Семейдің генерал-губернаторы Цеклинцкийдің басқаруымен Семей губерниясына қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съез өтеді. Осы съезде төбе би болып сайланған Абайға «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін» әзірлеу тапсырылады. Абай бастаған комиссия барлығы 93 баптан тұратын ережені 3 күн, 3 түнде әзір етеді. Бұл қазақ қауымында ежелден қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, өзгеше құжат еді. Оның әсіресе ұрлық, қылмыс пен әйел мәселелеріне арналған баптары ерекше құнды. Бірақ Абайдің атақ-даңқын осынша көкке көтерген Қарамола съезінен кейін оның дұшпандары тіпті ширыға түседі. 1890 жылы Байғұлақ, Кұнту деген жуандардан бастаған 16 атқамінер Жиренше қыстауының шетіндегі Ши деген жерде Абайға қарсы дұшпандық әрекетке сөз байласады. 1891 жылы Оразбай бастаған дау 1897 жылға дейін созылып, аяғы 1898 жылғы Мұқыр сайлауындағы жанжалға, Абай өміріне қастандыққа әкеп соқтырады. Ақын бұл жанжалдың барша жиренішті сырын, өзінің ақ екендігін Сенатқа хатында барынша айғақты деректермен дәлелдеп береді. Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен ғана шұғылданған. Оның көптеген шығармаларында Адам, Болмыс және Ғалам тақырыбы, сондай-ақ, абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады. Ол терең ғибратты ой-толғамдарға толы өлеңдермен қатар жастық ауан, ғашықтық сезімді, табиғат көріністерін, адамның жан дүниесін көркем тіл, бейнелі теңеу, психологиялық шендестіру арқылы шеберлікпен, төгілте жырлаған ақын. Ол дәстүрлі қазақ поэзиясына құрылымдық, стильдік және көркемдік тұрғыдан сонылық алып келді. Әсіресе, оның ғақлиялары - «Қара сөздеріндегі» көркемдік шеберлік пен ғылыми пайымдарды астастырған философиялық ой-толғамдары жалпы адамзаттық гуманистік-әлеуметтік мұраттарға ұласып жатады. Абай - әлемге көзқарасы қалыптасқан, өзіндік философиялық түйіндері бар ғұлама. Ақынның рухани, даналық мұрасы терең мағыналы философиялық идеяларға толы. Ол күллі Шығыста философияның негізгі мәні болып табылатын «жетілген адамды» өзекті және басты проблема етіп қарастырып, соған айрықша көңіл бөлді. Адамгершілік туралы ілімді дамыта отырып, адамды адамгершілік, кісілік тұрғысынан жетілдіру принциптерін, ұлттық эстетика мәселелерін алға тартты. Адамның шексіз танымдық мүмкіндіктері жөнінде, білім мен ғылымның әлеуметтік рөлі туралы, адамтану мәселелерін көтерді. Даналықтың өлшемі бола білген философ-ақынның рухани мұрасы шын мәнісінде, қазақ халқының зерделі ойы мен өмірі тұрғысындағы энциклопедия секілді. Абайды танып, белсенді игере отырып, сол кездегі қазақ қоғамының экономикалық, саяси, құқықтық, отбасылық, мәдени-тарихи, моральдық хал-жайынан айқын да толық мағлұматтар алуға болады. Орыстың қоғамдық-философиялық ақыл-ойы ақынның эстетикалық көзқарасының қалыптасуына елеулі әсер етті. Сондай-ақ басын сонау антикалық ежелгі заман мәдениетінен алатын Батыс Еуропа мәдениеті Абай дүниетанымының даму процесінде тарихи сабақтастық желісін атқарды. Қазақ кеменгері Сократ, Платон, Аристотель еңбектерімен жақсы таныс болды. Сонымен қатар ол Спенсердің «Тәжірибелерін», Льюистің «Позитивтік философиясын», Дрепердің «Еуропа ақыл-ойының даму тарихы» атты туындылары мен Милльдің, Бокльдің және тағы басқа көптеген авторлардың да шығармаларын оқыған. Батыстың өркениеті мен философиясы, қоғамдық ойдың даму тарихы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани есею жолында елеулі рөл атқарып, Батыс пен Шығыс мәдениеттерін оның өз дүниетанымында тамаша ұштастырды. Абай музыка саласында да мол мұра қалдырып, қазақтың музыка өнерін дамытты. Қазіргі уақытта ақынның 27 әнінің 36 нұсқасы нотаға түсірілген. Ақын қазақтың ән-күй шығармашылығын ерекше бағалаған. Бірақ ән атаулының бәрін қабылдамай, оның да «естісі мен есері барын» айтып, «Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күйді» ғана ұнатқан. Бүкіл шығыстың, орыстың, қазақтың халықтық әдебиетін терең зерттегеніндей, Абай қазақтың халық ән-күйлерін де жете білген. Біржан сал, Ақан сері, Тәттімбет, Жаяу Мұса сынды халық композиторларының ән-күй дариясынан сусындап, әншілік-күйшілік өнерді ерекше бағалаған. Ол тек тыңдаушы ғана болмай, өзі де ән шығарған. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасының тарихында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Айттым сәлем, Каламқас», «Ата-анаға көз қуаныш», «Сұрғылт тұман», «Желсіз түнде жарық ай», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Амал жоқ қайттым білдірмей» («Татьянаның хаты»), «Қараңғы түнде тау қалғып», «Ішім өлген, сыртым сау», т.б. әндері арқылы халықтың ән шығармашылығын сан жағынан байытып қана қоймай, сондай-ақ қазақ поэзиясында жаңа өлшем, жаңа түр тапқаны сияқты қазақ әніне де жаңа әуен, ырғақ, жаңа үн, өзгеше өлшем ала келген жаңашыл композитор болды. Абайдың мазмұны терең, көркемдігі жоғары өлеңдері мен поэмалары («Масғұт», «Ескендір», «Әзім»), қара сөздері мен аудармалары сан рет жарық көріп, қазақ еліне тарады, көптеген шетел тілдеріне аударылды. Елімізде ұлы ақынға жасалған құрмет ерекше. Абай атында қала, аудан, Семей, Қарқаралы қалаларында, Жидебайда әдеби-мемориалдық мұражайлар бар. Алматыда және тағы басқа да қалаларда театрларға, көшелерге ақын аты берілген. Абай атындағы шың, асу бар. Сонымен қатар Абай қоры жұмыс істейді. Фильмдер, көркем шығармалар, зерттеулер жазылған. Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің бас кітабы - «Абай жолы» ұлы ақынға арналған. Бұл эпопея дүниежүзі халықтарының 116 тіліне аударылған.
Алматыда жерленген раввин Леви-Ицхак Шнеерсон, Любавичский Ребо әкені еске алу күні және оның есімі берілген Алматы синагогасының туған күні.
Эквадор Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні (1809). Эквадор - Оңтүстік Американың солтүстік батысында орналасқан мемлекет. Астанасы - Кито қаласы. Әкімшілік аумағы 21 провинцияға бөлінеді және оған провинция мәртебесі бар Галапагос аралы да кіреді. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі жоқ, дегенмен 2000 жылдан бастап АҚШ доллары есептесу қаражаты ретінде қолданылады. Мемлекеттік құрылысы - Республика. Мемлекет басшысы - президент (президент - үкімет басшысы және қарулы күштердің бас қолбасшысы).
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
52 жыл бұрын (1959) Павлодар облыстық атқару комитетінің шешімімен облыстық балалар кітапханасына ақын, ағартушы-демократ Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімі берілді.
16 жыл бұрын (1995) Семей қаласында Абайдың жаңа мәдени-тарихи және аумақтық-мемориалдық кешен салтанатты түрде ашылды. Кешенге жаңа мұражай мен қайта өңдеу өткізілген Абайдың өзі тәлім алған медресе мен мешіт кіреді.
12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы ауылдық тұтыну кооперациясы туралы» заңы жарияланды.
7 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми орталығының Геофизикалық зерттеулер институтының филиалында ядролық жарылыстарды бақылау бойынша жаңа сейсмикалық стансасының ресми ашылуы өтті. Станса Қазақстан Республикасы ҰҒО Геофизикалық зерттеулер институты мен АҚШ Әуе күштерінің қолданбалы технологиялары агенттігі арасындағы ынтымақтастық негізінде құрылды. Ғылыми мекеме кез-келген елде жасырын өткізілген ядролық жарысты анықтаумен айналысады. Қазақстан Республикасы ҰҒО Геофизикалық зерттеулер институты сейсмикалық стансаларының аспаптары Қазақстанның барлық аумағында бірдей орнатылған. Жаңа сейсмикалық стансасының Қазақстан үшін маңызы зор. Біріншіден Қазақстан яролық қарусыз ел, сондықтан қауіпсіздігінің кепілі болуы маңызды. Екіншіден, бұл жаңа жұмыс орындары, үшіншіден, бұл жиналған ғылыми тәжірибені сақтауға және пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл стансаның болуы Қазақстан үшін мәртебе болып саналады.
6 жыл бұрын (2005) қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 160 жылдық мерейтойын зиялы қауым өкілдері мен Алматы жұртшылығы атап өтті. Жиналған қауым Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Абай оқулары мен концерттік бағдарламаны тамашалады. Абай Құнанбайұлы - қазақ ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалыптастырған ұлы ақын, ағартушы әрі ойшыл. Оның шығармалары бүгінгі күнге дейін әлемнің 60 тіліне аударылған. Қазіргі таңда Алматыда ақынның атымен жоғары оқу орны, опера және балет театры, үлкен даңғыл аталса, көркем әдебиет саласы бойынша мемлекеттік сыйлық тағайындалған. Шығыс Қазақстан облысындағы бір ауданға, Қарағанды облысындағы бір қалаға аты берілген. Сондай-ақ Іле Алатауының теңіз деңгейінен 4010 метр биіктіктегі шыңы да ақын есімімен аталады.
5 жыл бұрын (2006) Выборг қаласында «Қазтеңізкөлікфлоты» АҚ-на «Ақтау» танкерін салтанатты тапсыру рәсімі өтті. Қазақстанның үшінші «Ақтау» танкері 2005 жылғы қарашаның 30-ында жасала бастады. Кеме Выборгтың кеме жасау зауытында 10 ай бойы құрастырылды. 2006 жылғы тамыздың басынан танкер Балтық теңізінде сынақтан өтті. Танкердің құрылысын «Райффайзен Лизинг Қазақстан» компаниясы лизинг жүйесі бойынша қаржыландырды.
4 жыл бұрын (2007) Өскеменде Александр Пушкин атындағы облыстық кітапханада қала күніне орайластырылған «Туған күніңмен, сүйікті қалам!» атты кітап көрмесі өтті.
Қаланың үш жүз жылдық тарихы келушілерге кітап түрінде, жергілікті ақындардың өлеңдер жинағы және пайдалы қызықты мәліметтер ретінде ұсынылған. Бүгiнгi Өскеменнiң фотопортретi Шығыс Қазақстаны туралы сәндi суреттер альбомдардың беттерiнде бейнеленген. Көрме Өскеменнің тарихымен қазiргi заманғы зерттеулерін еске түсiруге мүмкiндiк береді.
2 жыл бұрын (2009) Ақмола облысының Щучинск қаласында жаңа мешіт ашылды. Ашылу салтанатына Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысты. Мешіте ортақ бөлмеден басқа үш намазхана, және қосалқы бөлмелер бар.
1 жыл бұрын (2010) Талдықорған қаласында жаңа Спорт сарайының алдында қазақтың айтыс өнерінің алтын діңгегі Сүйінбай Аронұлына арналған ескерткіш орнатылды. Биіктігі 10 метрді шамалайтын монумент таза қоладан құйылған, оның авторлары - танымал сәулетші Қазбек Жарылғапов пен мүсінші Мерлан Азмағамбетов.
Сүйінбай ақын Алматы облысының Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген, сонда қайтыс болды. Қазақ халқының ақыны, айтыс өнерінің шебері. Аронұлы Сүйінбай (1815 - 1898) - қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің майталман жүйрігі. Туып өскен жері Алматы маңы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ елді мекені. Осы өңірден топырақ бұйырған. Шыққан тегі Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Шежіре дерегі бойынша арғы атасы Күсеп дәулескер қобызшы болған. Күсептен Арон, одан Сүйінбай туған. Сүйінбайдан туған Малыбай, Бағыжан, Жетібай есімді балаларының ұрпағы өсіп өнген.
Сүйінбай, әсіресе, айтысқа түскенде қынынан суырылған қылыштай жарқылдап, өзінің туа біткен ақындық дарынымен қауышқандай әсерге бөлеп отырады. Оның Майлықожамен, Тезек төремен, Қатағанмен, Арыстанбекпен айтыстары нағыз шашасына шаң жуытпайтын жүйріктің айғағы. Сүйінбай поэзиясы арқылы қазақтың айтыс өнерінің өрісі анағұрлым ұзарып, биіктеді, тақырып аясы кеңейіп, әлеуметтене түсті. Эпикалық қарымдағы ақын ретінде Сүйінбай халықтың әр түрлі жыр дастандарын таңды таңға ұрып айтып, «Манас», «Көрұғлы», «Рүстем Дастан», «Тотынама» сияқты туындыларды шығармашылықпен өзінше жырлаған. Оның Сұраншы, Саурық батырлар туралы циклді өлеңдері мен толғаулары нағыз эпик ақынның өресін танытатын өлмес мұра. Мұнда ежелгі эпосқа тән асқақ рух, алапат теңеулер қарша борап отырады. «Лашын құстай түйілген, ақ тұйғындай шүйілген» батыр тұлғасын, «отыз жылдай алысқан, қырық жылдай шабысқан» дұшпан бейнесін нағыз жыраулық тегеурінмен сипаттайды.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1906-1993) Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі ОСПАНОВ Өмірбек дүниеге келді.
Қостанай облысының Федоров ауданында туған. Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын, КСРО Ғылым Академиясы Топырақ институтының аспирантурасын бітірген. 1936-1939 жылдары - КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы геология секторының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1939-1942 жылдары - КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы Жезқазған тәжірибелік стансасының директоры. 1942-1946 жылдары - КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының Төралқасы төрағасының орынбасары. 1943-1968 жылдары - Топырақтану және ботаника институтының, Қазақстан Ғылым Академиясы Топырақтану институтының директоры. 1968-1983 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Топырақтану институтының бөлім меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер-консультанты. 1983 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан.
Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан топырағының генезисі мен географиясына, топырақ түрлерін жіктеуге арналған. Ол республиканың, оңтүстік облыстардың топырақ карталарын жасады, жазық жерлер топырағының географиялық-генетикалық, аймақтық, тағы да басқа ерекшеліктерін сипаттап, топырақ түрлерін аграрлық-өндірістік топтарға, табиғи аймақтар мен облыстарды топырағына қарай категорияларға бөлді. Жыртуға жарамды тың жерлерді іріктеу жөніндегі зерттеулерге басшылық етті.
«Қазақ КСР-інің топырағы», «Тақыр жерлердің генезисі мен мелиорациясы» атты кітаптардың авторы.
Ленин, «Құрмет белгісі», екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Өмірбек Оспанов есімі Қазақстанның Алтын кітабына енгізілген, Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу инсититутына ғалымның есімі берілген.
65 жыл бұрын (1946-2001) кинорежиссер, продюсер, кинооператор, қоғам қайраткері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты РЫМЖАНОВ Ораз Мақатұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Бүкілодақтық кинематография институтын бітіргеннен кейін «Қазақфильм» студиясында режиссер болып қызмет атқарған. 1989 жылдан Қазақстан Кинематографияшылар одағының бірінші хатшысы, 1994 жылдан «Қазақкино» мемлекеттік кинокомпаниясының төрағасы болды. Сондай-ақ «Қазақкино» мемлекеттік киноконцерні (1992-1996 жылдары) мен Ұлттық продюсерлік орталықтың басшысы қызметін де атқарды.
30-дан аса деректі - «Көгілдір таулар симфониясы», «Жүнісбектің ұлы Мұратбек», «Сенім адамы», «Саты. Тыныш ауылдың тынысы», «Қарауыл» және 10-ға тарта көркем фильмдердің режиссері. Ол қойған Семей ядролық полигонның қасіретті зардаптарын ашып көрсететін «Полигон» фильмі кезінде үлкен табысқа кенелді. Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1951) Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы БАТЫРХАНОВ Айдар Тапашұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, Алматы жоғары партия мектебін, Варна қаласындағы толық шаруашылық есеп пен өзін-өзі қаржыландыру шартындағы маркетинг және басқару мәселелері бойынша Кеңес-болгар менеджерлер мектебін бітірген. 1977-1981 жылдары Қазақстан ЛКЖО Фурманов ауданының бірінші хатшысы, 1981-1983 жылдары ауылшаруашылық және тамақ өнеркәсібі бөлімінің нұсқаушысы, Қазақстан Компартиясының Орал облыстық комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, 1983-1991 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орда аудандық комитетінің хатшысы, 1991-1997 жылдары - Батыс Қазақстан облысы Жалпақтал ауданының әкімі, 1997-2000 жылдары - «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары, 2000-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік стандартты мемлекеттік қадағалаудың Батыс Қазақстан облысы бойынша басқарма бастығы, сонымен қатар Индустрия, сауда және кіші бизнесті қолдау департаментінің Батыс Қазақстан облысы бойынша директоры болып жұмыс істеген. Қазіргі қызметінде 2003 жылдан бастап істейді.
ТАМЫЗДЫҢ 11-І, БЕЙСЕНБІ
Чад Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960).Чад - Орталық Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ливиямен, шығысында Суданмен, оңтүстігінде Орталық Африка Республикасымен, Батысында Камерун, Нигерия және Нигермен шектеседі. Астанасы - Нджамен қаласы. Ресми тілі - араб және француз тілдері, сонымен қатар тағы да 100-ге жуық тіл қолданылады. Ақша бірлігі - Африка қаржы қауымдастығы франкі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1993) 103 отбасынан тұратын иран қазақтарының алғашқы легі тарихи отаны Қазақстанға оралды.
16 жыл бұрын (1995) Жидебайда «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институты мен Шәкәрім» кесенесі ашылды.
7 жыл бұрын (2004) «Атамұра» баспасынан Қызылорда локомотив депосының құрылғанына 100 жыл толуына арналған кітап жарық көрді. Төлеген Жылгелдиев пен Меруерт Өмірзақованың авторлығымен шыққан кітапта Орынбор-Ташкент магистралының құрамына кірген депоның құрылған кезінен бастап басынан өткерген маңызды оқиғаларынан сыр шертіп, аймақтың темір жол саласының дамуына зор еңбек сіңірген азаматтардың өмірбаяны берілген.
6 жыл бұрын (2005) Орал көшелерінің біріне белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Мұстахим Ықсановтың есімі берілді.
Мұстахим Ықсанов (1926-1991) Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының Борсы ауылында дүниеге келген. 1975-1986 жылдар аралығында КОКП Орал облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметінде аймақты ойдағыдай басқара отырып, қала сәулетіне ерекше көңіл бөлді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Бірнеше мемлекеттік сыйлықтардың иегері. Мұстахим Ықсанов тұрған үйде ескерткіш тақта және оның атындағы мектептің алдында бюст орнатылған.
4 жыл бұрын (2007) Павлодар қаласында Ресей Федерациясы Ғылым академиясының жоғары марапаттары салтанатты түрде табыс етілді.
Павлодар қаласының әкімі Бәкір Демеуов денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі, әлеуметтік мәні бар дәрі-дәрмек өнімдерінің отандық өндірушілерін қолдағаны үшін Ресей Ғылым академиясының Ұлы Петр орденімен марапатталды. Сондай-ақ, «Ромат» фармацевтикалық компаниясының президенті Тұрарбек Рақышқа және вице-президент, химия ғылымдарының докторы Күнназ Баймұхановаға «Рихлокаин» антиаритмикалық анестезия жаңа бірегей препараты мен туберкулезге қарсы жаңа буын дәрісін жасағаны үшін Ломоносов атындағы орден берілді.
2 жыл бұрын (2009) Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Ядролық қаруға жол жоқ» атты қазақстан-жапон көрмесінің салтанатты ашылуы болды.
Қазақстан мен Жапонияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктері көрмені ядролық қарусыздану жөніндегі шаралардың аясында және келесі жылы өтетін Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қатысушы елдердің Шолу конференциясы қарсаңында өткізіп отыр. Семей сынақ алаңындағы ядролық сынақтардың тоқтатылуының 20 жылдығы мен Халықаралық «Невада- Семей» қозғалысының құрылуына арналған.
Көрме жұмысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы және Орталық мемлекеттік мұрағат мағлұматтары қолданылған. Көрмені ұйымдастыруға Семей, Хиросима және Нагасаки қалаларының әкімшіліктері, Сәулеге ұшырағандардың денсаулығы мәселелері жөніндегі Хиросима Халықаралық кеңесі, Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен Орталық мемлекеттік мұрағаты қатысты. Көрменің ашылу салтанатына БҰҰ-ға мүше елдердің, БҰҰ Хатшылығының, АҚШ-тың қоғамдық-саяси және іскер топтарының өкілдері, қазақстандық диаспора мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.
1 жыл бұрын (2010) Таразда, химпоселоктағы жекеменшік үйлердің бірінің ауласынан шамамен ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың бас кезінің бірегей қыш құмырасы табылды. Оқиға орнына келіп кеткен Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының сәулетші-реставраторы Тайжан Дәуренованың айтуынша, табылған хумның формасына және орналасу тереңдігіне қарап, ыдыстың біздің дәуіріміздің ХІІ ғасырының соңы мен ХІІІ ғасырының бас кезінен, көне қала шекарасы қазіргі химпоселоктың ауданына дейін жеткен кезеңнен жеткенін пайымдауға болады. Тарихшылардың пікірінше, қазіргі кент кезінде саудагерлер мен қолөнерлер қоныстанған, керуен-сарайлар орналасқан рабадтың орны болған. Археология институтының мамандары осы құмыра табылған жерге жақын жерде қазір көне керуен-сарайлардың орнын қазып жатыр. ХІІІ ғасырда Тараз басқыншылардың шабуылдарынан кейін қирап, бірнеше ғасыр бойы иесіз қалып, қала шекарасы қазіргі орталық базардың көлеміне дейін тарылған. Мамандардың айтуынша, хум табылған маңнан тағы біраз жәдігерлер табуға болады.
ЕСІМДЕР
50 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетiнiң төрағасы НЫСАНБАЕВ Ерлан Нұрәліұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Ұйғыр ауданында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (Қазақ ұлттық аграрлық университеті), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. 1983-1991 жылдары - Ұйғыр аудандық ауылшаруашылығы басқармасының нұсқаушысы, шебері, Ұйғыр аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Алматы облыстық комсомол комитеті ауылшаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, нұсқаушысы. 1991-1992 жылдары - «КРАМДС Агро» фирмасының бас маманы. 1992-1994 жылдары - «Ақжол» сыртқы сауда фирмасының директоры. 1994-1996 жылдары - «Нысана» шаруа қожалығының төрағасы. 1996-2000 жылдары - «Сельхозэнерго» аудандық өндірістік бірлестігінің бастығы. 2000-2002 жылдары - Атырау облыстық әкімшілігі «Шаруашылық басқармасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны мекемесі департаментінің бастығы. 2002-2003 жылдары - Атырау қаласындағы «ЛЕЕР» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. 2003-2004 жылдары - «Әлем Моторс Автоорталығы» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. 2004-2006 жылдары - «Көгалдандыру құрылысы» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны мекемесі директорының бірінші орынбасары, директоры. 2006-2009 жылдары - «Астана-Көгалдандыру құрылысы» Акционерлік қоғамының бас директоры, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Тұзды ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарған. 2009 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. 2007 жылдан - Астана қалалық мәслихатының депутаты.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 12-СІ, ЖҰМА
Жастардың халықаралық күні. Жастар істері жөніндегі министрлердің Бүкіләлемдік конференциясының (Лиссабон, 1998-інші жылғы тамыздың 8-і мен 12-сі аралығы) ұсынысымен мақұлданған БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес 1999 жылғы желтоқсанның 17-сінен бастап атап өтіледі.
Ресей Федерациясының Әскери-әуе күштері күні. Ресей Федерациясы Президентінің 1997 жылғы тамыздың 29-ындағы «Әскери-әуе күштері күнін бекіту туралы» Жарлығына сәйкес атап өтіледі.
Бүкіләлемдік дыбыс жазу тарихы. 1877 жылы дыбыс жазу өнерінің тарихы басталды. Американдық өнертапқыш Томас Эдисон механикалық тәсілмен «Mary Had A Little Lamb» әуенін күйтабаққа жазды. Оның дыбыс жазуға арналған алғашқы машинасы қолдың көмегімен іске қосылатын цилиндрден тұрды. Сонымен қатар құрылғыда керней мен ұшы мұқалған ине болды. Кернейдің жіңішкеріп аяқталған жері жұмсақ мембранамен жабылды. Кернейдің кең жағынан шыққан дыбыс басына ине орнатылған мембрананы тербеліске түсіреді. Ал ине дыбыс әсерінен жоғары төмен қозғалады. Цилиндр жұқа қалайымен қапталған. Осы қаптаманың үстімен кернейге бекітілген ине қолдың көмегімен қозғалады. Осылайша цилиндрді бірнеше мәрте айналып шыққан ине қаптамаға жолақ сызып шығады. Кернейден ән салғанда немесе сөйлегенде ине жоғары-төмен қозғалысқа түседі. Ине төмен түскенде жұқа қалайының бетіне терең, ал көтерілгенде ұсақ жолақ сызады. Жолақ тереңдіктерінің өзгеруі сөйлегенде немесе ән салғанда шығатын дыбыс толқынын шағылыстырады. Осылайша дыбыс жазу пайда болды. Жазылған жазбаны тыңдау үшін инелі кернейді жолақтың басталған жеріне қою қажет. Ине жолақ бойымен қозғалғанда нәзік мембрананы дірілдетеді. Бұл керней бойындағы ауада діріл тудырып, жазу барысында сақталған дыбыстың сыртқа шығуына түрткі болады.
Қырғызстанның қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің күні. Қырғыз Республикасының «Қылмыстық-түзету жүйесі органдары және мекемелері туралы» Заңының 39 бабына сәйкес 2003 жылғы қыркүйектің 26-ындағы Қырғыз Үкіметінің №609 қаулысымен бекітілген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
58 жыл бұрын (1953) Семей полигонында қуаттылығы 400 килотонналық термоядролық жарылыс жасалды.
41 жыл бұрын (1970) Алматыда Қазақ циркінің ғимараты салынып бітті. 1979 жылы Бүкілодақтық цирк өнері конкурсында «Земля чудес» бағдарламасы 1-ші орынды иеленді. 1991 жылы Қазақ циркі «Одақмемцирк» құрамынан шықты.
40 жыл бұрын (1971) іргетасы 1950 жылы қаланған Лисаков елді-мекеніне қала мәртебесі берілді. Қала - Тобыл өзенінің оң жағалауына орналасқан, Қазақстандағы темір кенін өндіретін орталықтардың бірі.
14 жыл бұрын (1997) Душанбе қаласында Мұхтар Әуезовтың туғанына 100 жыл толуы аталып өтті.
Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) - қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған.
12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңы жарияланды.
7 жыл бұрын (2004) Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Хайдардың «Халық даналығы» атты кітабы жарық көрді. Кітап қазақ мақал-мәтелдерінің шығу мәселелеріне, олардың табиғаты мен дамуына арналған бөлімдерден тұрады.
4 жыл бұрын (2007) Астанада Адам құқықтары және Еуропалық құқық институтының директоры Марат Башимовтың «Новый Казахстан в новом мире» атты кітабының таныстырылымы болды.
2002 жылдың тамызында омбудсмен институтын - адам құқығын қорғайтын мемлекеттік органды құру туралы шешім қабылданды. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бағдарламасы бойынша шығарылған кітап елімізде құрылған институттың омбудсмен жұмысынның талдауына арналған.
4 жыл бұрын (2007) Атырауда «Где единство, там и процветание» атты халық өнерінің фестивалі өтті.
Ұйымдастырушылары - «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы және Қазақстан халықтарының Ассамблеясы. Фестиваль шығармашылық жарыс ретінде өтті, оған Атырау облысында жұмыс істейтін барлық ұлттық-мәдениет орталықтарының өкілдері қатысты.
Негізгі мақсаты Қазақстанда тұратын әр түрлі халықтардың салт-дәстүрлерін және құндылықтарынның мәртебесін жоғарлату болып табылады.
Фестивальде армяндар, башқұрттар, грузиндер, қазақтар, кәрістер, немiстер, орыстар, татарлар, украиндер және тағы басқа ұлт өкілдері өз өнерлерін паш етті.
2 жыл бұрын (2009) «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Қол қойылған ынтымақтастық жөніндегі меморандум стипендиаттардың оқу тәжірибесін мемлекеттік орган мен ұйымдарда өткізуге, мемлекеттік қызмет саласында карьералық бастамалар үшін стипендиаттарға тренинг ұйымдастыруға, мемлекеттік қызметке орналасқан стипендиаттарға бағыт-бағдар беруге ықпалдасады.
160 жыл бұрын (1851) американдық өнертапқыш Исаак Зингер тігін машинасына патент алды.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің «Саясаттану» бағдарламасының үйлестірушісі, тарихшы, саясаттану ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Саясаттану ғылымдары академиясының академигі, 1-ші рангілі хатшы ЖҮНІСОВА Жаңылжан Қасымқызы дүниеге келді.
Петропавл қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1981-1986 жылдары - Петропавл педагогикалық институтының аға оқытушысы, доценті. 1986-1988 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің лекторы. 1988-1992 жылдары - Алматы жоғары партия мектебінің доценті. 1992-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі. 1997-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясы сыртқы саясат және дипломатия кафедрасының меңгерушісі. 2004-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппараты депутаттық бірлестіктермен жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2010 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің грамотасымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісімен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 13-І, СЕНБІ
Солақайлардың халықаралық күні. 1984 жылы Халықаралық солақайлар конфедерациясының бастамасымен атап өтіледі. Әлем тұрғындарының 10 пайызға жуығы - солақай. Солақайлардың қатарында Юлий Цезарь, Жанна д׳Арк, Наполеон, Уинстон Черчилль, Микеланджело, Рафаэль, ағылшын королевасы Елизавета, Бетховен, Мэрилин Монро, Грета Гарбо сынды танымал тұлғалар бар.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
92 жыл бұрын (1919) Түркістан майданы әскерлерінің негізінде Түркістан әскери округі құрылды.
91 жыл бұрын (1920) бірінші Қазақ ақпарат агенттігі, қазіргі «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясы» АҚ 1920 жылы РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде құрылды. 1925 жылы - агенттік аты ҚазРОСТ болып өзгертілді. 1937 жылы - ҚазТАГ деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. 1997 жылы қыркүйектің 10-ында Қазақстан Республикасы Президентінің №3629 Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазААГ)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді. 2002 жылы қарашаның 8-інде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды. 2008 жылы шілденің 3-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №668 қаулысына сәйкес «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді.
Әр жылдары агенттіктің басшылары болғандар: ҚазТАГ-тың бірінші басшыларының бірі Вятич-Кириллов Аркадий Иванович; журналист, қоғам қайраткері Қасым Шәріпов; жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев; жазушы, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері Жұмағали Ысмағұлов; еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қоғам қайраткері, Амангелді Ахметәлімов; Парламенттің ақпараттық-сараптамалық орталығының бастамашысы және авторы Мұрат Әренов; «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының негізін қалаушы, Халықаралық журналистика академигі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылым депутаты Ғаділбек Шалахметов; мемлекет және қоғам қайраткері, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Омаров Жанай Сейітжанұлы. Қазақ ақпарат агенттігінде әр жылдары еліміздің: Н.Оразбек, Ж.Түменбаев, А.Ротмистровский, Б.Аманғалиев, Н.Ыдырысов, В.Черкизов, С.Машаков, О.Еркімбаев, Н.Савицкая, Т.Дәулетов, Т.Есілбаев, А.Шағалақов және тағы басқа танымал журналистері, Т.Чапала, В.Венгловский, Г.Кошкинцев, Р.Дүйсенғалиев, И.Будневич секілді фотоқызмет шеберлері жұмыс істеді. «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы - бұл акциялар топтамасы 100% мемлекетке тиесілі ашық акционерлік қоғам.
Бүгінгі таңда компанияның 110-ға жуық қызметкері бар. Қазіргі уақытта «ҚазАқпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы басқармасын Дияров Дәурен Кеңесұлы басқарады. 2005 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудан кейін «ҚазАқпарат» ҰҚ» АҚ-ның кеңсесінде болды. «ҚазАқпарат агенттігі» жоғары билік буындарындағы тағайындаулар мен өзгертулер, президент жарлықтары мен үкімет қаулылары жөнінде мейлінше дәл ресми ақпарат беріп, республиканың барлық облыстарының экономикалық, мәдени ең соңғы жаңалықтарын ұсынады. Қазақстан, Орталық Азия, Еуразия Экономикалық қауымдастық, ТМД және Балтық жағалауы елдері жаңалықтары қазақ, орыс тілдерінде, Қазақстан мен Орталық Азия жаңалықтары ағылшын тілінде жедел таратылып тұрады.
ҚазАқпарат - АТААҰ (Азия және Тынық мұхит елдерінің ақпарат агенттіктері ұйымы), ТААҰ (Түркі елдері ақпарат агенттіктері ұйымы) сияқты халықаралық қауымдастықтардың мүшесі. ҚазАқпарат - РАТА-ТАСС, «Жаңалықтар» РАА, Синьхуа, Би-Би-Си, Кабар, БелТА, УкрИнформ сияқты ақпарат агенттіктердің серіктесі. Бүгінде агенттік ТМД аумағында жұмыс істейтін 527 жаңалықтар веб-сайты рейтингінде алдыңғы қатарларға шығып отыр. «ҚазАқпарат» Қазақстандағы ең ірі және таралымы жоғары ақпарат агенттігі болып табылады. Елдің барлық облыстарында, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Байқоңыр, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Тараз, Талдықорған. Орал, Өскемен, және Шымкент қалаларында меншікті тілшілері бар. Арнаулы тілшілер республикамызға стратегиялық маңызы бар таяу және алыс шетелдердің астаналары мен қалаларында - Нью-Йорк, Мәскеу, Бейжің, Брюссель, Ташкент, Бішкек және Санкт-Петербор мен Түменде арнайы тілшілер жұмыс істейді. Агенттік шет елдердегі тілшілер желісін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. «ҚазАқпарат» жаңалықтары агенттіктің - www.inform.kz, www.nkkazinform.kz, www.kazinform.kz - веб-сайттары арқылы қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерінде таратылады. Сонымен қатар қазақ тіліндегі жаңалықтар академик Ә.Қайдар әдісі нұсқасы негізінде латын қаріптерімен де беріледі. Осының арқасында шет елдерде тұратын және кирил әрпін білмейтін қандастарымыз өздерінің тарихи отандарында болып жатқан оқиғалардан хабардар болу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар ағылшын тіліндегі сайтты пайдаланушы елдердің қатарында Венгрия, Бельгия, Франция, Түркия, Польша, Нидерланд, Украина, Қырғызстан, Жапония, Сингапур, Израиль, Австрия және тағы да басқа мемлекеттер бар.
«ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-ның негізгі ақпараттық өнімдері, жаңалықтар таспасы, сатып алушыларға жіберілетін негізгі ақпараттық топтамалар: «Таңғы жаршы», «Ресми жаршы», «ҚазАқпарат», «Қазақстан-бизнес», «ҚазАқпарат-анонс», «ҚазАқпарат-фото» фотожаңалықтар таспасы, «Атаулы күндер. Оқиғалар, Есімдер» ақпараттық күнтізбесі.
Қазіргі уақытта ҚазАқпараттың www.foto.inform.kz фотосайты жұмыс істейді. www.foto.inform.kz қызметінің негізгі бағыты - фотоөнімдерді дистанциялық сату.
ҚазАқпарат бүгінде On-line режимінде қазақ, орыс, ағылшын және араб тіліндегі қазақстандық және әлемдік жаңалықтардың шұғыл, обьективті және эксклюзивті таспасы. Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігі, Үкімет, Мәжіліс, аумақтық мемлекеттік органдар, ұлттық қаржылық және өнеркәсіптік құрылымдар сияқты - мемлекеттік құрылымдардың қызметі туралы толық және нақты ақпарат беріп отырады.
Қазақстанның барлық аймақтарының, Орталық Азияның және әлемдік қауымдастықтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің барлық салалары бойынша анық та сарапталған нақты ақпараттар береді.
Агенттіктің орталық кеңсесі Астана қаласында орналасқан.
«ҚазАқпараттың» Алматыдағы филиалы ірі мегаполистің, еліміздің қаржы және мәдени орталығының тіршілігінен жедел ақпарат беретін тәжірибелі журналистермен қамтылған.
37 жыл бұрын (1974) Қазақ КСР-нің «Мемлекеттік нотариат туралы» Заңы қабылданды.
12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Сертификаттау туралы», «Стандарттау туралы», «Демпингке қарсы шаралар туралы» және «Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік марапаттаулар туралы» Жарлығына өзгертулер мен толықтырлар енгізу туралы» Заңы жарияланды.
8 жыл бұрын (2003) Семей қаласында аквапарк ашылды. Құны 295 миллион теңгеге бағаланған бұл нысан республикалық бюджеттің есебінен қаржыландырылған. Аквапарк іске қосылғаннан кейін «ШАМ» республикалық қазыналық кәсіпорнының балансына өтті. Жаңа аквапаркте субұрқақтар, пластиктен жасалған су ішіндегі қыраттар, сарқырамалы жартасы бар айдын, көпірше, жазғы кафе, секіру трамплині бар бассейн жұмыс істейді.
7 жыл бұрын (2004) Алматыдағы «Кеңсай» қорымында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сауық Тәкежановтың бейіті басына орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
Сауық Тәкежанов 1931 жылы қарашаның 18-інде дүниеге келген. Томск политехникалық институтын бітірген ұзақ жыл Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының бас инженері болып, Қазақ КСР Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары - Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Ол - Халықаралық Инженерлік академияның академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ұлттық валютамыз теңгенің жасалуына белсенді араласқан. Қазақстанның Ұлттық инженерік академиясының құрылуы да оның есімімен тығыз байланысты.
4 жыл бұрын (2007) Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы Базартөбе ауылының әкімі Аманжол Сәлімов басқарған археологиялық және өлкетанушылық жұмыстары нәтижесінде ұлы ақын әрі батыр Махамбет отырған зынданның есігі табылды.
Төбесі дөңгеленіп өрілген, тік төрт бұрышты қабырғалары қыш-тастан қаланған бұл зынданның биіктігі 3, ені 4 метрдей болған. Ішіне кіргенде, тастан трапеция етіп өрілген баспалдақпен 1-1,5 метрдей төмен түсуге тура келеді. Жоғары жағында екі торлы терезе болған. Қабырғаларына тұтқынның қолын байлайтын темір шығыршықтар бекітіліпті. Есіктің жасалуы ерекше, ешқандай дәнекерлеуші құралсыз темірден түрлі ою-өрнектер салып, оны мықтап бекіткен.
Махамбет Өтемісовті (1804-1846) Орынбор губернаторының бұйрығы бойынша 1841 жылы Жылыой жағында казак-орыс әскері тұтқынға алады. Содан оны алдымен Гурьевке (Атырау) әкелген, сосын Калмыковқа (Тайпақ) жеткізген. Калмыковтан Оралға апара жатқанда Антон ауылындағы (қазіргі Атамекен ауылы) зынданға салып, бір түн «түнеткен».
4 жыл бұрын (2007) Қытайда қазақ жазушысы және драматургі, Атырау облысының тумасы Рахымжан Отарбаевтың төте жазумен және қытай тілінде жарық көрген «Соғыстың соңғы бомбасы» (қытай аудармасы - «Хэй Сюаньфэн») кітабының таныстырылымы өтті.
Жинаққа «Бәйтерек», «Американың ұлттық байлығы», «Жалғыздық», «Жайық туралы аңыз» және т.б. повестері мен тарихи әңгімелері кірді. Кітап Қытайда тұратын қазақтар қоғамының бастамасымен аударылып отыр.
2 жыл бұрын (2009) Өскеменде тамыздың 13-і мен 15-і аралығында Қазақстандағы беларустардың мәдениеті мен тарихының күндері өтті.
Бұл шара беларустардың Қазақстан жеріне қоныстана бастауының 100 жылдығына арналып отыр.
Беларустар XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде Қазақстанға қоныс аударуы 1861 жылы крепостнойлық құқықтың жойылуымен және «Село тұрғындары мен мещандарды қазына жерлеріне өз еріктерімен қоныс аудару» туралы заңның қабылдануымен байланысты. Көші-қон үдерісі столыпиндік аграрлық реформадан кейін және 1849 жылы Сібір темір жолы ашылғаннан кейін күшейе түскен.
2 жыл бұрын (2009) Оралда ақын Сағат Әбдіғалиевтің (1948-1984) «Жанымның жалғыз бұлбұлы» атты жаңа өлеңдер жинағы жарық көрді.
Кітап «Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы» топтамасы шеңберінде «Ағартушы» баспасынан басылып шықты. Жинақтың тиражы - мың дана.
Кітапты баспаға дайындаған және құрастырған журналист, ақындар Ғайсағали Сейтақ және Қазыбек Құттымұратұлы. Жинаққа ақынның бұрынғы және соңғы өлеңдері енді.
75 жыл бұрын (1936) Женевада Бүкіләлемдік еврейлер конгресі құрылды.
50 жыл бұрын (1961) Берлин қаласын батыс және шығысқа бөліп тұратын қабырға тұрғызылды. Бұл қабырғаны 1989 жылы қарашаның 9-ында алып тастады.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1941) «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Мемлекеттік тіл » қоғамдық қозғалысының төраға орынбасары, Алматы облыстық әзірбайжан мәдени орталығының төрайымы, филология ғылымдарының кандидаты ОСМАН Асылы Әлиқызы дүниеге келді. Ол сондай-ақ Қазақстан Халықтары ассамблеясының мүшесі, Қазақ тілін дамыту, оны шын мәнінде мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізу ісіне белсене ат салысып жүрген белгілі қоғам қайраткері, Алматы облысының, Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының құрметті азаматы.
Грузияның Ахалқалақ ауданында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын 1961 жылы орта мектепте мұғалімдіктен бастаған. 1969-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аспиранты, кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Тіл комитеті Ұлт тілдерін дамыту басқармасының бөлім бастығы, басқарма бастығы. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитеттің мемлекеттік тілді дамыту, терминология және ономастика жұмысы жөніндегі Бас басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 1997 жылдан зейнеткерлік демалыста.
Ол қазақ тілі жөнінде жазылған көптеген ғылыми кітаптар мен сөздіктердің авторы. Осы тақырыпта баспасөз беттерінде 200-ден аса ғылыми және аударма мақалалары жарық көрген.
«Парасат», ІІ дәрежелі «Достық » ордендерімен марапатталған.
55 жыл бұрын (1956)Жамбыл облысы әкімшілігі Мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы ОСПАНБЕКОВА Нұргүл Құлтайқызы дүниеге келді.
Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Мәскеу тарихи-мұрағат институтының курсын бітірген. 1973 жылы еңбек жолын балабақшада тәрбиешіліктен бастаған. 1978-1981 жылдары - Мойынқұм аудандық кино жүйесі мемлекеттік мекемесінің әдіскері, балабақшаның тәрбиешісі. 1981-2000 жылдары - Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағатының мұрағатшысы, бөлім бастығы, директоры. 2000-2005 жылдары - Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 2005 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, медальдармен марапатталған.