ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 12-14 тамыз аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ЕЛБАСЫ
12 тамыз күні Астанада ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет басшыларының бейресми кездесуі өтеді.
ҮКІМЕТ
12 тамыз күні ҚР Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі агенттігінде ТКШ-ны қайта жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруды жариялауға қатысты жиын болады.
АСТАНА
12 тамыз күні«BNews.kz» Ақпарат агенттігінің студиясында «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың қатысуымен он-лайн желідегі конференция өтеді.
АЛМАТЫ
12 тамызда Алматыда «Жұмыс істейтін стратегия!» атты семинар өтеді.
12 тамыз күні қаладағы №173 мектепте ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту аясында спорттық іс-шара өтеді.
12 тамызда Қазақ ұлттық университетінде екінші деңгейлі банкттер беретін білім алу кредиттерін түсіндіру бойынша брифинг өтеді.
СПОРТ
12 тамыз бен 23 тамыз аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында 26-шы Бүкіләлемдік жазғы Универсиада өтеді, оған қазақ спортшылары да қатысады. Қазақстан құрамасының 103 спортшысы спортың 11 түрі бойныша өнер көрсетеді.
9 тамыз бен 13 тамыз аралығында Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ҚР Президенті кубогы үшін шайбалы хоккейден Халықаралық турнир өтуде.
ҚОҒАМ
2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялады.
1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республикалық акция аясында Астанада «Мектепке барар жол» акциясы өтеді .
9-13 тамызда Астанада ҚР Президентінің кубогы үшін Шайбалы хоккейден халықаралық турнир өтеді .
СЫРТҚЫ САЯСАТ
16 шілде мен 8 тамыз аралығында Ухань қаласында (Қытай, Хунань провинциясы) «Қытай тілінің көпірі» атты қытай тілі мен мәдениетінің 10-шы мерейтойлық бүкіләлемдік студенттер байқауы өтеді. Оған Қазақстан студенттері де қатысады.
Санкт-Петерборда Ресей, Қазақстан, Украина, Норвегия, Финляндия, Германия, Франция, Италия, Беларусь, Латвия, Эстониядан келген 100-ден астам темірден түйін түйетін ұсталар мен суретшілер өз шеберліктерін көрсететін «Туфелька для Золушки» атты халықаралық байқау басталды. Фестивальдің өзі 10-11 қыркүйек күндері Кронштадта өтетін болады. Байқауға дейінгі бір айда барлық темір ұсталары шығармашылық тапсырманы орындап, темірден туфли мен басқа аяқ киім жасап шығарады.
АЙМАҚТАР
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ
23 сәуір мен 10 қыркүйек арасында Ақтөбе облысында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 екпінді апталық» деген ұранмен «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы өтеді.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
6 тамыз бен 14 тамыз аралығында Өскемен қаласында «Қазақстан оқушысы» атты дәстүрлі көпкүндік веложарыс өтеді. Спорттық шараға 137 жас спортшы қатысуда.
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ
15 шілде мен 15 қыркүйек аралығында Қостанайда «мектепке жол» акциясы өтеді.
АҚТАУ
10-12 тамызы аралығында Ақтау қаласында Каспий экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы Каспий маңы елдері ынтымақтастығы Тегеран конвенциясы тараптарының үшінші сессиясы болады.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
ТАМЫЗДЫҢ 12-СІ, ЖҰМА
Жастардың халықаралық күні. Жастар істері жөніндегі министрлердің Бүкіләлемдік конференциясының (Лиссабон, 1998-інші жылғы тамыздың 8-і мен 12-сі аралығы) ұсынысымен мақұлданған БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес 1999 жылғы желтоқсанның 17-сінен бастап атап өтіледі.
Ресей Федерациясының Әскери-әуе күштері күні. Ресей Федерациясы Президентінің 1997 жылғы тамыздың 29-ындағы «Әскери-әуе күштері күнін бекіту туралы» Жарлығына сәйкес атап өтіледі.
Бүкіләлемдік дыбыс жазу тарихы. 1877 жылы дыбыс жазу өнерінің тарихы басталды. Американдық өнертапқыш Томас Эдисон механикалық тәсілмен «Mary Had A Little Lamb» әуенін күйтабаққа жазды. Оның дыбыс жазуға арналған алғашқы машинасы қолдың көмегімен іске қосылатын цилиндрден тұрды. Сонымен қатар құрылғыда керней мен ұшы мұқалған ине болды. Кернейдің жіңішкеріп аяқталған жері жұмсақ мембранамен жабылды. Кернейдің кең жағынан шыққан дыбыс басына ине орнатылған мембрананы тербеліске түсіреді. Ал ине дыбыс әсерінен жоғары төмен қозғалады. Цилиндр жұқа қалайымен қапталған. Осы қаптаманың үстімен кернейге бекітілген ине қолдың көмегімен қозғалады. Осылайша цилиндрді бірнеше мәрте айналып шыққан ине қаптамаға жолақ сызып шығады. Кернейден ән салғанда немесе сөйлегенде ине жоғары-төмен қозғалысқа түседі. Ине төмен түскенде жұқа қалайының бетіне терең, ал көтерілгенде ұсақ жолақ сызады. Жолақ тереңдіктерінің өзгеруі сөйлегенде немесе ән салғанда шығатын дыбыс толқынын шағылыстырады. Осылайша дыбыс жазу пайда болды. Жазылған жазбаны тыңдау үшін инелі кернейді жолақтың басталған жеріне қою қажет. Ине жолақ бойымен қозғалғанда нәзік мембрананы дірілдетеді. Бұл керней бойындағы ауада діріл тудырып, жазу барысында сақталған дыбыстың сыртқа шығуына түрткі болады.
Қырғызстанның қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің күні. Қырғыз Республикасының «Қылмыстық-түзету жүйесі органдары және мекемелері туралы» Заңының 39 бабына сәйкес 2003 жылғы қыркүйектің 26-ындағы Қырғыз Үкіметінің №609 қаулысымен бекітілген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
58 жыл бұрын (1953) Семей полигонында қуаттылығы 400 килотонналық термоядролық жарылыс жасалды.
41 жыл бұрын (1970) Алматыда Қазақ циркінің ғимараты салынып бітті. 1979 жылы Бүкілодақтық цирк өнері конкурсында «Земля чудес» бағдарламасы 1-ші орынды иеленді. 1991 жылы Қазақ циркі «Одақмемцирк» құрамынан шықты.
40 жыл бұрын (1971) іргетасы 1950 жылы қаланған Лисаков елді-мекеніне қала мәртебесі берілді. Қала - Тобыл өзенінің оң жағалауына орналасқан, Қазақстандағы темір кенін өндіретін орталықтардың бірі.
14 жыл бұрын (1997) Душанбе қаласында Мұхтар Әуезовтың туғанына 100 жыл толуы аталып өтті.
Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) - қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған.
12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңы жарияланды.
7 жыл бұрын (2004) Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Хайдардың «Халық даналығы» атты кітабы жарық көрді. Кітап қазақ мақал-мәтелдерінің шығу мәселелеріне, олардың табиғаты мен дамуына арналған бөлімдерден тұрады.
4 жыл бұрын (2007) Астанада Адам құқықтары және Еуропалық құқық институтының директоры Марат Башимовтың «Новый Казахстан в новом мире» атты кітабының таныстырылымы болды.
2002 жылдың тамызында омбудсмен институтын - адам құқығын қорғайтын мемлекеттік органды құру туралы шешім қабылданды. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бағдарламасы бойынша шығарылған кітап елімізде құрылған институттың омбудсмен жұмысынның талдауына арналған.
4 жыл бұрын (2007) Атырауда «Где единство, там и процветание» атты халық өнерінің фестивалі өтті.
Ұйымдастырушылары - «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы және Қазақстан халықтарының Ассамблеясы. Фестиваль шығармашылық жарыс ретінде өтті, оған Атырау облысында жұмыс істейтін барлық ұлттық-мәдениет орталықтарының өкілдері қатысты.
Негізгі мақсаты Қазақстанда тұратын әр түрлі халықтардың салт-дәстүрлерін және құндылықтарынның мәртебесін жоғарлату болып табылады.
Фестивальде армяндар, башқұрттар, грузиндер, қазақтар, кәрістер, немiстер, орыстар, татарлар, украиндер және тағы басқа ұлт өкілдері өз өнерлерін паш етті.
2 жыл бұрын (2009) «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Қол қойылған ынтымақтастық жөніндегі меморандум стипендиаттардың оқу тәжірибесін мемлекеттік орган мен ұйымдарда өткізуге, мемлекеттік қызмет саласында карьералық бастамалар үшін стипендиаттарға тренинг ұйымдастыруға, мемлекеттік қызметке орналасқан стипендиаттарға бағыт-бағдар беруге ықпалдасады.
160 жыл бұрын (1851) американдық өнертапқыш Исаак Зингер тігін машинасына патент алды.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің «Саясаттану» бағдарламасының үйлестірушісі, тарихшы, саясаттану ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Саясаттану ғылымдары академиясының академигі, 1-ші рангілі хатшы ЖҮНІСОВА Жаңылжан Қасымқызы дүниеге келді.
Петропавл қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1981-1986 жылдары - Петропавл педагогикалық институтының аға оқытушысы, доценті. 1986-1988 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің лекторы. 1988-1992 жылдары - Алматы жоғары партия мектебінің доценті. 1992-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі. 1997-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясы сыртқы саясат және дипломатия кафедрасының меңгерушісі. 2004-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппараты депутаттық бірлестіктермен жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2010 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің грамотасымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісімен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 13-І, СЕНБІ
Солақайлардың халықаралық күні. 1984 жылы Халықаралық солақайлар конфедерациясының бастамасымен атап өтіледі. Әлем тұрғындарының 10 пайызға жуығы - солақай. Солақайлардың қатарында Юлий Цезарь, Жанна д׳Арк, Наполеон, Уинстон Черчилль, Микеланджело, Рафаэль, ағылшын королевасы Елизавета, Бетховен, Мэрилин Монро, Грета Гарбо сынды танымал тұлғалар бар.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
92 жыл бұрын (1919) Түркістан майданы әскерлерінің негізінде Түркістан әскери округі құрылды.
91 жыл бұрын (1920) бірінші Қазақ ақпарат агенттігі, қазіргі «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясы» АҚ 1920 жылы РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде құрылды. 1925 жылы - агенттік аты ҚазРОСТ болып өзгертілді. 1937 жылы - ҚазТАГ деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. 1997 жылы қыркүйектің 10-ында Қазақстан Республикасы Президентінің №3629 Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазААГ)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді. 2002 жылы қарашаның 8-інде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды. 2008 жылы шілденің 3-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №668 қаулысына сәйкес «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді.
Әр жылдары агенттіктің басшылары болғандар: ҚазТАГ-тың бірінші басшыларының бірі Вятич-Кириллов Аркадий Иванович; журналист, қоғам қайраткері Қасым Шәріпов; жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев; жазушы, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері Жұмағали Ысмағұлов; еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қоғам қайраткері, Амангелді Ахметәлімов; Парламенттің ақпараттық-сараптамалық орталығының бастамашысы және авторы Мұрат Әренов; «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының негізін қалаушы, Халықаралық журналистика академигі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылым депутаты Ғаділбек Шалахметов; мемлекет және қоғам қайраткері, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Омаров Жанай Сейітжанұлы. Қазақ ақпарат агенттігінде әр жылдары еліміздің: Н.Оразбек, Ж.Түменбаев, А.Ротмистровский, Б.Аманғалиев, Н.Ыдырысов, В.Черкизов, С.Машаков, О.Еркімбаев, Н.Савицкая, Т.Дәулетов, Т.Есілбаев, А.Шағалақов және тағы басқа танымал журналистері, Т.Чапала, В.Венгловский, Г.Кошкинцев, Р.Дүйсенғалиев, И.Будневич секілді фотоқызмет шеберлері жұмыс істеді. «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы - бұл акциялар топтамасы 100% мемлекетке тиесілі ашық акционерлік қоғам.
Бүгінгі таңда компанияның 110-ға жуық қызметкері бар. Қазіргі уақытта «ҚазАқпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы басқармасын Дияров Дәурен Кеңесұлы басқарады. 2005 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудан кейін «ҚазАқпарат» ҰҚ» АҚ-ның кеңсесінде болды. «ҚазАқпарат агенттігі» жоғары билік буындарындағы тағайындаулар мен өзгертулер, президент жарлықтары мен үкімет қаулылары жөнінде мейлінше дәл ресми ақпарат беріп, республиканың барлық облыстарының экономикалық, мәдени ең соңғы жаңалықтарын ұсынады. Қазақстан, Орталық Азия, Еуразия Экономикалық қауымдастық, ТМД және Балтық жағалауы елдері жаңалықтары қазақ, орыс тілдерінде, Қазақстан мен Орталық Азия жаңалықтары ағылшын тілінде жедел таратылып тұрады.
ҚазАқпарат - АТААҰ (Азия және Тынық мұхит елдерінің ақпарат агенттіктері ұйымы), ТААҰ (Түркі елдері ақпарат агенттіктері ұйымы) сияқты халықаралық қауымдастықтардың мүшесі. ҚазАқпарат - РАТА-ТАСС, «Жаңалықтар» РАА, Синьхуа, Би-Би-Си, Кабар, БелТА, УкрИнформ сияқты ақпарат агенттіктердің серіктесі. Бүгінде агенттік ТМД аумағында жұмыс істейтін 527 жаңалықтар веб-сайты рейтингінде алдыңғы қатарларға шығып отыр. «ҚазАқпарат» Қазақстандағы ең ірі және таралымы жоғары ақпарат агенттігі болып табылады. Елдің барлық облыстарында, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Байқоңыр, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Тараз, Талдықорған. Орал, Өскемен, және Шымкент қалаларында меншікті тілшілері бар. Арнаулы тілшілер республикамызға стратегиялық маңызы бар таяу және алыс шетелдердің астаналары мен қалаларында - Нью-Йорк, Мәскеу, Бейжің, Брюссель, Ташкент, Бішкек және Санкт-Петербор мен Түменде арнайы тілшілер жұмыс істейді. Агенттік шет елдердегі тілшілер желісін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. «ҚазАқпарат» жаңалықтары агенттіктің - www.inform.kz, www.nkkazinform.kz, www.kazinform.kz - веб-сайттары арқылы қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерінде таратылады. Сонымен қатар қазақ тіліндегі жаңалықтар академик Ә.Қайдар әдісі нұсқасы негізінде латын қаріптерімен де беріледі. Осының арқасында шет елдерде тұратын және кирил әрпін білмейтін қандастарымыз өздерінің тарихи отандарында болып жатқан оқиғалардан хабардар болу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар ағылшын тіліндегі сайтты пайдаланушы елдердің қатарында Венгрия, Бельгия, Франция, Түркия, Польша, Нидерланд, Украина, Қырғызстан, Жапония, Сингапур, Израиль, Австрия және тағы да басқа мемлекеттер бар.
«ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-ның негізгі ақпараттық өнімдері, жаңалықтар таспасы, сатып алушыларға жіберілетін негізгі ақпараттық топтамалар: «Таңғы жаршы», «Ресми жаршы», «ҚазАқпарат», «Қазақстан-бизнес», «ҚазАқпарат-анонс», «ҚазАқпарат-фото» фотожаңалықтар таспасы, «Атаулы күндер. Оқиғалар, Есімдер» ақпараттық күнтізбесі.
Қазіргі уақытта ҚазАқпараттың www.foto.inform.kz фотосайты жұмыс істейді. www.foto.inform.kz қызметінің негізгі бағыты - фотоөнімдерді дистанциялық сату.
ҚазАқпарат бүгінде On-line режимінде қазақ, орыс, ағылшын және араб тіліндегі қазақстандық және әлемдік жаңалықтардың шұғыл, обьективті және эксклюзивті таспасы. Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігі, Үкімет, Мәжіліс, аумақтық мемлекеттік органдар, ұлттық қаржылық және өнеркәсіптік құрылымдар сияқты - мемлекеттік құрылымдардың қызметі туралы толық және нақты ақпарат беріп отырады.
Қазақстанның барлық аймақтарының, Орталық Азияның және әлемдік қауымдастықтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің барлық салалары бойынша анық та сарапталған нақты ақпараттар береді.
Агенттіктің орталық кеңсесі Астана қаласында орналасқан.
«ҚазАқпараттың» Алматыдағы филиалы ірі мегаполистің, еліміздің қаржы және мәдени орталығының тіршілігінен жедел ақпарат беретін тәжірибелі журналистермен қамтылған.
37 жыл бұрын (1974) Қазақ КСР-нің «Мемлекеттік нотариат туралы» Заңы қабылданды.
12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Сертификаттау туралы», «Стандарттау туралы», «Демпингке қарсы шаралар туралы» және «Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік марапаттаулар туралы» Жарлығына өзгертулер мен толықтырлар енгізу туралы» Заңы жарияланды.
8 жыл бұрын (2003) Семей қаласында аквапарк ашылды. Құны 295 миллион теңгеге бағаланған бұл нысан республикалық бюджеттің есебінен қаржыландырылған. Аквапарк іске қосылғаннан кейін «ШАМ» республикалық қазыналық кәсіпорнының балансына өтті. Жаңа аквапаркте субұрқақтар, пластиктен жасалған су ішіндегі қыраттар, сарқырамалы жартасы бар айдын, көпірше, жазғы кафе, секіру трамплині бар бассейн жұмыс істейді.
7 жыл бұрын (2004) Алматыдағы «Кеңсай» қорымында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сауық Тәкежановтың бейіті басына орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
Сауық Тәкежанов 1931 жылы қарашаның 18-інде дүниеге келген. Томск политехникалық институтын бітірген ұзақ жыл Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының бас инженері болып, Қазақ КСР Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары - Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Ол - Халықаралық Инженерлік академияның академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ұлттық валютамыз теңгенің жасалуына белсенді араласқан. Қазақстанның Ұлттық инженерік академиясының құрылуы да оның есімімен тығыз байланысты.
4 жыл бұрын (2007) Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы Базартөбе ауылының әкімі Аманжол Сәлімов басқарған археологиялық және өлкетанушылық жұмыстары нәтижесінде ұлы ақын әрі батыр Махамбет отырған зынданның есігі табылды.
Төбесі дөңгеленіп өрілген, тік төрт бұрышты қабырғалары қыш-тастан қаланған бұл зынданның биіктігі 3, ені 4 метрдей болған. Ішіне кіргенде, тастан трапеция етіп өрілген баспалдақпен 1-1,5 метрдей төмен түсуге тура келеді. Жоғары жағында екі торлы терезе болған. Қабырғаларына тұтқынның қолын байлайтын темір шығыршықтар бекітіліпті. Есіктің жасалуы ерекше, ешқандай дәнекерлеуші құралсыз темірден түрлі ою-өрнектер салып, оны мықтап бекіткен.
Махамбет Өтемісовті (1804-1846) Орынбор губернаторының бұйрығы бойынша 1841 жылы Жылыой жағында казак-орыс әскері тұтқынға алады. Содан оны алдымен Гурьевке (Атырау) әкелген, сосын Калмыковқа (Тайпақ) жеткізген. Калмыковтан Оралға апара жатқанда Антон ауылындағы (қазіргі Атамекен ауылы) зынданға салып, бір түн «түнеткен».
4 жыл бұрын (2007) Қытайда қазақ жазушысы және драматургі, Атырау облысының тумасы Рахымжан Отарбаевтың төте жазумен және қытай тілінде жарық көрген «Соғыстың соңғы бомбасы» (қытай аудармасы - «Хэй Сюаньфэн») кітабының таныстырылымы өтті.
Жинаққа «Бәйтерек», «Американың ұлттық байлығы», «Жалғыздық», «Жайық туралы аңыз» және т.б. повестері мен тарихи әңгімелері кірді. Кітап Қытайда тұратын қазақтар қоғамының бастамасымен аударылып отыр.
2 жыл бұрын (2009) Өскеменде тамыздың 13-і мен 15-і аралығында Қазақстандағы беларустардың мәдениеті мен тарихының күндері өтті.
Бұл шара беларустардың Қазақстан жеріне қоныстана бастауының 100 жылдығына арналып отыр.
Беларустар XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде Қазақстанға қоныс аударуы 1861 жылы крепостнойлық құқықтың жойылуымен және «Село тұрғындары мен мещандарды қазына жерлеріне өз еріктерімен қоныс аудару» туралы заңның қабылдануымен байланысты. Көші-қон үдерісі столыпиндік аграрлық реформадан кейін және 1849 жылы Сібір темір жолы ашылғаннан кейін күшейе түскен.
2 жыл бұрын (2009) Оралда ақын Сағат Әбдіғалиевтің (1948-1984) «Жанымның жалғыз бұлбұлы» атты жаңа өлеңдер жинағы жарық көрді.
Кітап «Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы» топтамасы шеңберінде «Ағартушы» баспасынан басылып шықты. Жинақтың тиражы - мың дана.
Кітапты баспаға дайындаған және құрастырған журналист, ақындар Ғайсағали Сейтақ және Қазыбек Құттымұратұлы. Жинаққа ақынның бұрынғы және соңғы өлеңдері енді.
75 жыл бұрын (1936) Женевада Бүкіләлемдік еврейлер конгресі құрылды.
50 жыл бұрын (1961) Берлин қаласын батыс және шығысқа бөліп тұратын қабырға тұрғызылды. Бұл қабырғаны 1989 жылы қарашаның 9-ында алып тастады.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1941) «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Мемлекеттік тіл » қоғамдық қозғалысының төраға орынбасары, Алматы облыстық әзірбайжан мәдени орталығының төрайымы, филология ғылымдарының кандидаты ОСМАН Асылы Әлиқызы дүниеге келді. Ол сондай-ақ Қазақстан Халықтары ассамблеясының мүшесі, Қазақ тілін дамыту, оны шын мәнінде мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізу ісіне белсене ат салысып жүрген белгілі қоғам қайраткері, Алматы облысының, Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының құрметті азаматы.
Грузияның Ахалқалақ ауданында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын 1961 жылы орта мектепте мұғалімдіктен бастаған. 1969-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аспиранты, кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Тіл комитеті Ұлт тілдерін дамыту басқармасының бөлім бастығы, басқарма бастығы. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитеттің мемлекеттік тілді дамыту, терминология және ономастика жұмысы жөніндегі Бас басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 1997 жылдан зейнеткерлік демалыста.
Ол қазақ тілі жөнінде жазылған көптеген ғылыми кітаптар мен сөздіктердің авторы. Осы тақырыпта баспасөз беттерінде 200-ден аса ғылыми және аударма мақалалары жарық көрген.
«Парасат», ІІ дәрежелі «Достық » ордендерімен марапатталған.
55 жыл бұрын (1956)Жамбыл облысы әкімшілігі Мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы ОСПАНБЕКОВА Нұргүл Құлтайқызы дүниеге келді.
Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Мәскеу тарихи-мұрағат институтының курсын бітірген. 1973 жылы еңбек жолын балабақшада тәрбиешіліктен бастаған. 1978-1981 жылдары - Мойынқұм аудандық кино жүйесі мемлекеттік мекемесінің әдіскері, балабақшаның тәрбиешісі. 1981-2000 жылдары - Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағатының мұрағатшысы, бөлім бастығы, директоры. 2000-2005 жылдары - Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 2005 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, медальдармен марапатталған.