ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 19-24 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҚОҒАМ
«Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялады.
18-20 шілдеде Вашингтонда қазақстандық-американдық консульдық консультациялар өтеді
19-22 шілде аралығында бір мезгілде Қазақстанның төрт қаласында (Астана, Алматы, Қарағанды және Петропавл) «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі мен «Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ ҚР Ішкі істер министрлігінің қолдауымен автокөлік иелеріне айыппұлды кезексіз төлеуді үйрету акциясын өткізеді
СПОРТ
16-24 шілде аралығында Рио-де-Жанейро қаласында (Бразилия Федеративтік Республикасында) әскери қызметшілер арасында 5-інші жазғы Бүкілдүниежүзілік армияшылардың ойыны өткізіледі. Ойынға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің кұрама командасы қатысады.
16 шілде мен 1 тамыз аралығында Шанхайда жүзуден XIV әлем чемпионаты өтуде. Біріншілікке әлемнің 181 елінен 2,2 мыңнан астам спортшы қатысуда. Бұл жарыстарға Қазақстанның ұлттық құрамасы да қатысуда.
СЫРТҚЫ САЯСАТ
16 шілде мен 8 тамыз аралығында Ухань қаласында (Қытай, Хунань провинциясы) «Қытай тілінің көпірі» атты қытай тілі мен мәдениетінің 10-шы мерейтойлық бүкіләлемдік студенттер байқауы өтеді. Оған Қазақстан студенттері де қатысады.
АСТАНА
18-19 шілде күндері Астанада «Сот билігі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара әрекеттестігі» тақырыбында конференция өтеді .
19 шілдеде «Нұрсәулет» бизнес орталығында «Жергілікті басқару» тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.
19 шілдеде «Даму» қоры «Безмолвный мир» қоғамдық қорына демеушілердің атынан сыйлықтар табыс етеді.
19 шілдеде Астана қаласы Ішкі істер департаментінде апталық брифинг болады.
20 шілдеде «Қазақстанның индустрияллық даму институты» АҚ президенті Мейрам Қажыкеновтың қатысуымен онлайн-конференция өтеді.
20-23 шілде аралығында «Нұр Отан» кеңсесінде «Лаңкестік: оған қарсы күресу мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді.
20 шілдеде Назарбаев университетінде Қазақстандағы жоғары білім мәселелеріне арналған «Университетті басқарудың жаңа жолдары» атты дөңгелек үстел отырысы өтеді
20-21 шілде күндері Астанада «Қазақстанның кен-руда кәсіпорындарында бұрғылау-қопару жұмыстарының технологиясын жетілдіру» тақырыбына арналған І ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді.
АЛМАТЫ
13-22 шілде аралығында Орталық көрме залында Ысқақ Оразаевтың туындыларының жеке көрмесі өтеді.
15-19 шілде күндері Алматыда медиация туралы тренинг өтуде.
20-21 шілде күндері «Қазақстанның кен-руда кәсіпорындарында бұрғылау-қопару жұмыстарының технологиясын жетілдіру» тақырыбына арналған І ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. Шараға Қазақстаннан және Кеден одағы елдерінен 100-ден астам делегат қатысады.
19 шілдеде «Метро» ойын-сауық орталығында «Кеден одағы шекарасының ашылуының әсері: ықпалдастықтың плюсі мен минусы» деген тақырыпта отырыс өтеді.
19 шілдеде Қазақстандық баспасөз клубында мүмкіндіктері шектеулі өз істерін енді бастаған кәсіпкерлерді қолдауға арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
19 шілдеде Ұлттық баспасөз клубында Қазақ географиялық қоғамы мен Қазақстан журналистерінің одағы журналистер мен фототілшілер арасында ұйымдастырып отырған шығармашылық конкурстың шарттарына арналған баспасөз мәслихаты болады.
АЙМАҚТАР
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ
18-22 шілде аралығында Ақмола облысындағы «Зеренді» шипажайында қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен тәуелсіз сарапшылардың жазғы мектебі өтеді.
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ
23 сәуір мен 10 қыркүйек арасында Ақтөбе облысында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 екпінді апталық» деген ұранмен «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы өтеді.
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ
23 шілдеде Қарағандыда субұрқақтар алаңында «Муызкар» поп-рок-фестивалі өтеді.
ПЕТРОПАВЛ
18 шілдеден бастап Петропавл қаласында қоғамдық көлікте жол жүру құны қымбаттайды.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
ШІЛДЕНІҢ 19-Ы, СЕЙСЕНБІ
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
6 жыл бұрын (2005) Баянауыл ауданындағы Теңдік ауылында (Семей губерниясы Павлодар уезі Ақкелі болысының №4 ауылы) қазақтың алғашқы академигі Қаныш Сәтбаевтың туған ауылында, атақты жерлестеріне арналған болашақ мемориалды кешеннің бірінші іргетасы қаланды.
Баянауыл жері өзінің танымал ғұлама ұлдарын естерінде сақтайды. Шараға мыңдаған адамдар, елордадан және көрші облыстардан келген қонақтар қатысты. Олар аудан орталығындағы академиктің мұражайына, танымал ақын Бұқар жыраудың, философ және әдебиеттанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, қазақ поэзиясының классигі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың басына барды.
6 жыл бұрын (2005) Петропавлдың бейнелеу өнері мұражайында жергілікті суретшілердің «Жаз тынысы» көрмесі ашылды.
Көрмеге Қазақстан Респуликасы еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Анатолий Бургаев, бірнеше жеке көрме ашқан Валерий Савельев, Григорий Кайдаш сияқты танымал қылқалам шеберлерімен қатар, барлығы 9 суретшінің туындылары қойылған. Солардың ішінде Есіл ауданындағы Явленка селосынан әуесқой-суретші Вячеслав Смирнов көрмеге алғаш рет қатысты.
4 жыл бұрын (2007) Орталық сайлау комиссиясы жанынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс және мәслихаттардың кезекті сайлауы барысында туындауы мүмкін ақпараттық талас-тартыстарды қарастыратын қоғамдық кеңес құрылды.
Қоғамдық кеңес құрамына Орталық сайлау комиссиясы мүшелері, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары басшылары кірді. Кеңестің басты мақсаты сайлау науқаны барысында туындаған ақпараттық таластарды, түсінбеушіліктерді, сондай-ақ, сайлау заңнамасы мен Конституцияға сәйкес сайлау нормаларын сақтауды алқалы түрде қарастыру болып табылады.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1936) жазушы БЛИНСКИЙ Анатолий Данилович дүниеге келді.
Орал қаласында туған. Александр Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық институтын (қазіргі Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті) бітірген. Орал облыстық «Приуралье» және «Красный луч» газеттерінің әдеби қызметкері, Ақтөбе облысы бойынша «Казахстанская правда» газетінің арнаулы тілшісі, «Казахстанская правда» газеті редакциясының ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің ауылшаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитеті екінші хатшысының көмекшісі, КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінде әр түрлі лаауазымды қызметтер атқарған.
«Первопроходцы пустыни», «Кипяток бесплатно», «Государственный человек», «Устюртский меридиан», «Ключи от пустыни», «Поклонись Мугоджарам», «И жизнь впридачу» атты повестері мен әңгімелері жарық көрген.
Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамоталарымен марапатталған.
75 жыл бұрын (1936) әнші (сопрано), Қазақстанның халық әртісі РӘЗИЕВА Гүлвира Тұрсынқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы консерваториясының вокалдық факультетін бітірген. Қазақ теле-радио хабарларын тарату жөніндегі комитеттің жеке дауыстағы әншісі болған. Оның репертуарында қазақ және орыс композиторларының әндері бар. Негізінен ұйғырдың халық әндері мен мұқамдарын, Қ.Қожамияров, И.Масимов, С.Кибированың вокалдық шығармаларын насихаттайды. Әнші гастрольдік сапармен Кипр, Испания, Пәкістан, Италия, Францияда өнер көрсеткен.
ШІЛДЕНІҢ 20-СЫ, СӘРСЕНБІ
Халықаралық шахмат күні. Халықаралық шахмат федерациясының құрылуына орай 1966 жылдан бастап аталып өтеді. Бүгінгі таңда аталмыш ұйымға әлемнің 200-ге жуық елі мүше. Федерацияның өз туы, әнұраны және «Біз барлығымыз бір отбасымыз» атты ұраны бар.
Ойынның атауы парсы сөздерінен шыққан: шах мат - билеуші қайтыс болды дегенді білдіреді. Шахматтың отаны - Үндістан. Онда V ғасырда шахматтың арғы атасы - чатуранга ойыны пайда болған. Шахмат - 64 тордан тұратын тақтаның үстіне 32 (16 ақ және 16 қара фигура) фигураны орналастыру арқылы ойналатын ойын. Ойынның мақсаты қарсыласыңның короліне мат қою болып табылады. Әрбір қалада спорттың осы түрін ұнататындарға арналған шахмат клубтары бар. Халықаралық шахмат күнінде бұл клубтарда сайыстар, ойын-сауық шаралары өтеді.
Колумбия Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1810).Колумбия - Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Шығысында Венесуэла, Бразилиямен, оңтүстігінде Эквадор, Перумен, солтүстік-шығысында Панамамен шектеседі. Әкімшілік жағынан 32 департаментпен астаналық округке бөлінеді. Астанасы - Богота (Санта-Фе-де-Богота) қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - песо. Конституциясы бойынша елді Президент басқарады және ол 4 жылға бір-ақ рет сайлана алады. Заң шығарушы органы Сенат және Өкілдер палатасынан тұратын парламент.
Қазақстан Республикасы мен Колумбия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 23-інде орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Таиландқа алғаш рет ресми сапармен барды.
17 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлерді әлеуметтік қолдау жөніндегі қосымша шаралар туралы», «Зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасыларын әлеуметтік қорғау жөніндегі аймақтық қайырымдылық қорларын ұйымдастыру туралы» Жарлықтары жарияланды.
16 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Заң күші бар Жарлыққа қол қойды.
16 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бағалы металдар мен асыл тастарға байланысты қатынастарды мемлекеттік реттеу туралы» Заң күші бар Жарлыққа қол қойды.
6 жыл бұрын (2005) Астананың Конгресс-Холлында Еуропарламент депутаты Струан Стивенсонның Семей ядролық сынақ полигонының қайғы-қасіретін бейнелейтін «Мәңгілік қасірет» атты фотокөрмесі болып өтті.
Бірнеше жыл бұрын Струан Стивенсон Семей өңіріне барып 1000-нан астам фотосурет түсірген болатын, онда адамгершіліксіз сынақтың бүкіл қорқынышы көрсетілген. Струан Стивенсон Семей полигонының меселесіне арналған назары үшін «Семей қаласының құрметі азаматы» атағына ие болған. Сонымен қатар, Струан Стивенсон кеңес ядролық сынақ қаруының құрбандары туралы жазған мақалаларының қаламақыларына Семей қаласындағы онкология орталығына медициналық жабдық сатып алып беріп, Семей өңірінің тұрғындарына заттай көмек көрсетті.
6 жыл бұрын (2005) Алматыда «Өз үйіңді қорға» атты қоғамдық комитет құрылды.
Жаңа бірлестікке жергілікті әкімшіліктің шешімі бойынша мемлекетке қажетті жерлерді көшіру мәселесі қауіп болып тұрған қала тұрғындары енді. Комитеттің мақсаты - азаматтардың күштерін біріктіріп, мәселенің шешілу жолын табу.
5 жыл бұрын (2006) Алматыдағы «Қазақстан» кинотеатрында «Таңсәрі» балалар театрының «Қазақстан балаларының соғыс ардагерлеріне ілтипаты» атты деректі фильмі таныстырылды. 2005 жылы «Таңсәрі» театры Мәскеу үкіметінен соғыстың аяқталғанына 60 жыл толуына арналған шараларға қатысуға шақырту алып, оған 5 жас пен 15 жас аралығындағы жас балалар барған болатын. Аталмыш фильм Мәскеу сапарының қорытындысы негізінде түсірілген. Фильмнің барысында Отан соғысы ардагерлеріне бүгінгі бүлдіршіндердің құттықтауы мен ілтипаты, сондай-ақ ардагерлерге арнап қойылған концерттер түсірілген.
5 жыл бұрын (2006) Алматыда Қазақстанның музыка индустриясына және мәдениетіне арналған «Камертон» журналының тұсаукесер рәсімі өтті.
2 жыл бұрын (2009) Ақтөбеде жұмыс істейтін әйелдердің балаларына арналған алғашқы бөлме ашылды.
Жоба Мемлекет басшысының Қазақстан әйелдерінің бесінші форумында берілген тапсырмасын іске асыру және Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясы мақсатында жүргізіліп отыр. Жобаның бастамашысы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер және отбасы-демографиялық саясат істері жөніндегі ұлттық комиссия іс-қимыл жасауда.
Алғашқы балалар бөлмесі шағын екі бөлмеден тұрады, оларға жиһаздар, үстелдер және ойыншықтар қойылған. Ұйымдарда балалар бөлмелерінің болуы емізетін аналардың өндірістен қол үзбей жұмыс істеулеріне мүмкіндік береді.
2 жыл бұрын (2009) Қостанайда «Қазақтың дәстүрлі сот жүйесі» кітабының және «Торғай мен Тобылдың билері» фильмінің таныстырылымдары болып өтті.
Бұл шығармалар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалды. Бұлар ұлттық сот жүйесінің қайнар бастауын іздеуге арналған үлкен зерттеу жұмыстарын қорытындылайды.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1926-1998) жазушы ЖҮНІСОВ Ахмет дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат ауданында туған. Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласындағы педагогикалық институтты бітіріп, сол қаладағы «Шұғыла» журналының редакторы болған. 1995 жылдан өмірінің соңына дейін «Ана тілі» газетінде жұмыс істеген. Жазушының «Жанасыл», «Өмір іздері», «Аласапыран кез», «Екі ошақтың түтіні» атты әңгімелер мен повестер жинағы, тағы басқа кітаптары жарық көрген.
50 жыл бұрын (1961-2011) самбодан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, білгілі палуан, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлемнің біріншілігінің жүлдегері, әлем чемпионы, Еуропа чемпионы, Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, КСРО кубогының 2 дүркін жеңімпазы БАЙШОЛАҚОВ Қанат Сайрамұлы дүниеге келді. Қарағанды облысы Атасу кентінде туған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын (Тараз мемлекеттік университеті) бітірген. Алғашқы жаттықтырушысы - КСРО, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жахит. Өмірінің соңына дейін Қазақстан Республикасының дзюдодан құрама командасының жаттықтырушысы болып қызмет атқарған.
ШІЛДЕНІҢ 21-І, БЕЙСЕНБІ
Бельгия Корольдігінің ұлттық мейрамы - Король I Леопольдтің ант берген күні (1831). Қазақстан Республикасы мен Бельгия Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 18-інде орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
94 жыл бұрын (1917) Орынбор қаласында I жалпықазақ съезі өтіп, онда қазақ интеллигенциясының өкілдері «Алаш» партиясын құру туралы шешім шығарды.
53 жыл бұрын (1958) Қазақ симфониялық оркестрі (қазіргі Қазақ мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі) құрылды.
40 жыл бұрын (1971) Қазақ КСР-нің Жер кодексі қабылданды.
18 жыл бұрын (1993) Вильнюсте Қазақстан мен Литва Үкіметтері еркін сауда туралы, халықаралық жолаушылар және жүк тасымалы туралы, әуе қатынасы туралы, темір жол көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.
17 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығы туралы» Заң баспасөзде жарияланды.
16 жыл бұрын (1995) Бішкек қаласында «Манас» эпосының 1000 жылдығына және ұлы Абайдың 150 жылдығына орай халықаралық ақындар айтысы және манасшылар конкурсы басталды.
6 жыл бұрын (2005) Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан-Ресей «Қарақоға» бірыңғай бақылау-өткізу орны ашылды.
«Қарақоға» бірыңғай бақылау-өткізу орны Ресей Федерациясының шекарасында орналасқан, жалпы алып жатқан аймағы 320 км. Ол халықаралық көпжақты өткізу орны болып табылады. Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар алмастыруды және сауда-экономикалық байланысын ары қарай дамытуға арналған өткізу орны «бір аялдама» жүйесі бойынша жұмыс істей отырып, тауар алмастыру барысын жеңілдетеді.
5 жыл бұрын (2006) «Қазпошта» АҚ республикаішілік пошталық айналымға жаңа марка шығарды. Жаңа шығарылым танымал геолог-ғалым, Қазақстандағы геомеханиканың негізін салушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы мүшесі, профессор Ақжан Машанидің 100 жылдығына арналған. Екінші Аристотель атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеуге барлық саналы ғұмырын арнаған ол геология және тау істері бойынша жарық көрген бірқатар оқу құралдарының авторы.
4 бояулы офсеттік тәсілмен орындалған марка 50 мың дана таралыммен шыққан.
4 жыл бұрын (2007) Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бір топ қызметкерлері Тараздағы қазба жұмыстарын өткізген кезде, қала ортасында орналасқан Қарахан кесенесінің маңынан мешіт қалдықтарын тапты.
Мешіттің құрылысына қарағанда 14 ғасырда салынғанға ұқсайды, сол кезде құрылысқа кірпіш-шікізатын қолданған. Соңғы исламның мешіттері терракота кірпіштерінен көтерілген. Бұл ғимараттың сақталып қалған бөлігі - іргесі, ішкі атрибутикасы - осы жерде мешіт болғанын дәлелдейді, енді ислам дінінің біздің елімізде қай уақытта пайда болғанын айтуға болады. Бұл мешiт бұрын салынған несториан немесе манихей храмның iргесiнде тұрғызылған.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1931) жазушы, Қазақ балалар әдебиетіндегі ертегі жанрын дамытуда аянбай тер төгіп жүрген қаламгер, Бородулихин ауданының құрметті азаматы РЫМЖАНОВ Таупық Нәбиұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Семей педагогикалық институтын бітірген. Аягөз, Жаңасемей аудандарындағы орта мектептерде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор болған. 1976 жылдан Петропавловка селосындағы орта мектепте мұғалім қызметін атқарған.
«Өткелдер» тұңғыш әңгімесі 1965 жылы облыстық «Семей таңы» газетінде жарық көрген.
Таупық Рымжанов аңызға бергісіз оқиғаларды ұшқыр қиялымен жаулай отырып, оқырманға әсерлі әңгімелеудің шебері. Қаламгер көтерген тақырыптар сан алуан, оқиғалары да әр қилы. Ертегі-хикаят жанрын жаңғыртуды басты ұстанымына айналдырған оның тынымсыз ізденісінің арқасында талай құнды шығармалары жарық көрді.
2011 жылғы 30 мамырда Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында жерлес ұстаз, жазушы Рымжанов Таупықтың «Ертегілер хикаяттары» атты кітабінің тұсаукесері өткізілді.
Жазушының «Жалықпас шежіресі», «Аруг гүн немесе арғын тайпасының тарихы туралы», «Өлместің жұлдызы», «Зәйтүнқарлығаштың ерлігі», тағы да басқа кітаптары бар. Ол Қазақстан Жазушылар Одағының балалар әдебиеті саласында өткізген халықаралық «Дарабоз» байқауының 2008, 2009 жылдары арнайы ынталандыру жүлдесіне ие болды.
55 жыл бұрын (1956) ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ЗУБОВ Валерий Николаевич дүниеге келді.
Ресейдің Пермь қаласында туған. Семей педагогикалық институтын және Алматыдағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын бтірген. Педагогикалық институтта мұғалім, Ішкі істер министрлігінде қызмет атқарған. Мәскеуде өткен 12-ші әлемдік жастар және студенттер фестиваліне қатысып, Новосібірде өткен поэзия байқауының дипломанты атанған.
Ақынның бірнеше жыр жинағы жарық көрген.
40 жыл бұрын (1971) экономика ғылымдарының кандидаты, «Тау-кен компаниясы» ЖШС-інің Бас директорының корпоративтік даму жөніндегі орынбасары БАЙМҰҚАНОВ Бауыржан Амангелдіұлы дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті жанындағы Баға институтын бітірген. «Қазақстан-коммерция» аймақтық сыртқы экономикалық қауымдастығының бас маманы болып қызмет атқарған. 1995-1996 жылдары - «Спевдормаш» агенттігі директорының орынбасары. 1996-1997 жылдары - «Казкоммерцбанк» ЖАҚ-ының менеджері, аға менеджері. 1997 жылы - «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Маркетинг және экспедиторлық фирмалармен байланыс басқармасының бастығы, бөлім бастығы. 1997-1998 жылдары - «Транко» ААҚ-ының вице-президенті. 1998-1999 жылдары - «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Фирмалық көліктік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының директоры, директордың брінші орынбасары. 1999-2001 жылдары - «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары, басқарушы директоры, Тасымалдау департаментінің бастығы, Жүк және коммерциялық жұмыстар бас басқармасының бастығы, Экономика, қаржы және есеп департаменті бастығының орынбасары. 2001-2002 жылдары - «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры. 2003 жылы - «Ренессанс-капитал» инвестициялық тобының аға кеңесшісі. 2003-2004 жылдары - «АТФ банкі» АҚ-ының басқарма төрағасының кеңесшісі. 2004 жылы - «Ауыл» Қазақстан әлеуметтік-демократиялық партиясы орталық сайлау штабының басшысы. 2004-2008 жылдары - «Дала-Транс» ЖШС директорының кеңесшісі. 2008 жылы - «Самұрұқ холдингі» АҚ-ының басқарушы директоры. 2008-2009 жылдары - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ының атқарушы директоры. 2009-2011 жылдары - «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық акционерлік компаниясы» Сауда-көлік компаниясы ЖШС-інің бас директоры. Қазіргі қызметінде 2011 жылдан бастап істейді.
ШІЛДЕНІҢ 22-СІ, ЖҰМА
Әзірбайжанның ұлттық баспасөз күні. Елдің алғашқы баспа өнімі - «Экинчи» газетінің жарық көрген күніне орай атап өтіледі. Көптеген демократиялық елдерде сияқты Әзірбайжанда да Баспасөз жөніндегі кеңес құрылып, «БАҚ туралы» заң қабылданған. 1998 жылы тамыздың 16-сында мемлекет басшысы Гейдар Әлиевтің «Әзірбайжан Республикасындағы сөз, ой және ақпарат бостандығын қамтамасыз ету шаралары туралы» Жарлығымен елдегі бұқаралық ақпарат құралдарына цензура жойылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
189 жыл бұрын (1922) Патша үкіметінің «Сібір қазақтары туралы» Жарлығы шықты.
70 жыл бұрын (1941) қазақстандық генерал-майор Кузьма Александрович Семенченко соғыс басталғанына 1 ай өткеннен кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
19 жыл бұрын (1992) Қазақстан мен Украина арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
16 жылбұрын (1995) Қарақалпақ Республикасында Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуы кеңінен аталып өтті.
12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы авиациясын дамытудағы ерекше үлесі үшін» сыйлығы тапсырылды.
6 жыл бұрын (2005) Алматыда Саин көшесінің және Райымбек даңғылының қиылысындағы ең ірі жол айырығы пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Алматы қаласының әкімі қатысты.
Үш деңгейлі айрық көпір көлік қатынасын 3,5 есе жеңілдетіп, күніне 120000 автомобиль жүргізуде.
2 жыл бұрын (2009) Атырауда Жайық өзенінің үстімен өтетін жаңа екі көпірді пайдалануға беру салтанатты рәсімі өтті.
Жалпы ұзындығы 800 метр болатын бір көпір «Привокзальный» шағын ауданын әуежаймен жалғастырды. Көпірдің ұзындығы - 22 метр. Көпірдегі қозғалыс төрт жолақты, оның тәулігіне 5 мың автомобильді өткізу мүмкіндігі бар. Жолаушылар үшін ені 2,5 метрлік аяқжолдар көзделген.
Екінші көпір «Жилгородок» шағын ауданында қаланың еуропалық және азиялық бөліктерін қосты. Оның жалпы ұзындығы - 693 метр. Ол да тәулігіне кеміне 5 мың автомобильді өткізуге есептелген.
2 жыл бұрын (2009) Екібастұзда қуаты айына 300 тонна шикізат дайындап, құрым тері жартылай фабрикатын шығаратын зауыт іске қосылды.
Зауытқа заманауи итальяндық жабдықтар орнатылған. Өнімдерді Италия, Испания, Қытай, Үндістан нарықтарына шығарылады.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1921) Ұлы Отан соғысының ардагері, партия және мемлекет қайраткері, құрметті теміржолшы, Тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамының құрметті президенті ЖИЕНБАЕВ Сұлтан Сүлейменұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін, Алматыдағы саяси жетекшілердің орынбасарларын дайындайтын курсты бітірген. Алматыдағы «Қазақ мал дайындау» кеңсесінде, одан кейін Қазақстат басқармасында қызмет істейді. 1941 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында жасақталып жатқан 100-ші дербес қазақ атқыштар бригадасының атқыштар ротасына старшина болып тағайындалады, кейін взвод командирі болады. 100-ші дербес атқыштар бригадасы 1942 жылы қарашада Калинин майданында 39-шы армия құрамында сұрапыл соғысқа кірісіп кетеді, сол ұрыста Сұлтан айрықша ерлік үлгісін көрсетеді. 100-ші дербес атқыштар бригадасының Великие Луки, Невель, Ржев маңындағы жерлерді және көптеген елді мекендерді неміс басқыншыларынан азат етудегі ерлік істері тарихтан белгілі. 1944-1950 жылдары Түркістан-Сібір темір жолы жұмысшы жабдықтау басқармасы жүйесінде әр түрлі басшы қызметтерде болды. 1950 жылы КСРО Сауда министрлігінің Мәскеу қаласындағы жоғары сауда курсына жіберіліп, оны үздік бітіреді. 1954 жылдың күзінде Алматы қалалық партия комитетінің әкімшілік, қаржы-сауда бөлімінің меңгерушісі болады. Ал одан бес жылдан соң Алматы қаласының Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. 1962 жылы Сұлтан Жиенбаев республиканың Сауда министрі болып тағайындалады. Министрлікті басқару барысында 1962-1970 жылдары Сұлтан Сүлейменұлы сауда және көпшілік тамақтандыруды дамыту мен сала қызметін жетілдіруге көп күш-жігерін жұмсайды. Саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, сауда қызметін көрсетудің прогресшіл түрлерін енгізуге зор үлесін қосады. Сұлтан Жиенбаевтың өміріндегі белесті кезеңнің бірі оның 1970 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалуымен байланысты. Ол бұл қызметте 15 жылға жуық еңбек етті. Бұл ретте сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларымен қоса республиканың Қарулы Күштеріне қамқорлық жасаумен айналысты. Орта Азия әскери округінің құрылуына белсенді көмек көрсетті. Округ әскерлерінің оқуы мен тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Ол 1985 жылы Республиканың тарихи және мәдени ескертіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы болып сайланды және 1988 жылға дейін осы қызметті атқарды. Сұлтан Жиенбаевтың жеке бастамасымен және ғылыми, мәдени және қоғамдық мекемелердің тілектерін ескере отырып, 1992 жылы Дінмұхаммед Қонаев атындағы Халықаралық қор құрылды. Қордың бірінші президенті болып Сұлтан Сүлейменұлы сайланды, қазіргі таңда ол Қордың құрметті президенті болып қызмет атқарады.
Октябрь революциясы, үш Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы және «Құрмет» ордендерімен, екі «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше құрмет грамоталарымен марапатталған.
85 жыл бұрын (1926) тарихшы-ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, Ресей Әскери ғылым академиясының академигі, отставкадағы полковник, Қазақстанның бірінші әскери академигі, Зайсан ауданының құрметті азаматы АМАНЖОЛОВ Керейхан Рахымжанұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. Ленинград жоғары әскери-саяси училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1975-1995 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының тарих кафедрасында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі болған. 1995 жылдан - аталмыш институттың Қазақстан тарихы және саясаттану кафедрасының профессоры. Қазіргі кезде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақ тарихы кафедрасының профессоры болып үздіксіз қызмет етіп келеді.
Ол әскери ғылым саласында 400-ден астам мақаланың, 20-дан астам монография мен оқулықтың, бес әскери іс туралы сөздіктің және өзге де кітаптардың авторы.
Парасат орденімен, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Армиясына 30 жыл», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері», «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
65 жыл бұрын (1946-1999) жазушы, ақын МҰХТАРҰЛЫ Сейсен дүниеге келді.
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1971-1982 жылдары - Қазақ Совет энциклопедиясының аға ғылыми қызметкері. 1982-1986 жылдары - «Өнер» баспасының редакторы, редакция меңгерушісі. 1992-1995 жылдары «Жалын» баспасының аға редакторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық мұрағаты ғылыми басылымдар бөлімінің бастығы болған. Өмірінің соңғы жылдары Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы болған.
Ақынның «Құм кескен керуен», «Саптағы сарбаз», «Тағы бір көктем», «Нұр тағысы» өлеңдер жинағы, «500 сұраққа жауап» атты өнертану, зерттеу кітабы, «Шоқан және өнер» атты ғылыми-публицистикалық кітабы және халық суретшісі Қанапия Телжанов туралы тарихи-библиографиялық «Атамекен» повесі жарық көрген.
ШІЛДЕНІҢ 23-І, СЕНБІ
Египет Араб Республикасының Ұлттық мейрамы - Революция күні (1952). ГенералМұхаммед Нәджіб Египетті Республика деп жариялады.
Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 6-сында орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы мен Грузия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы мен Колумбия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңы қабылданды.
12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы шықты.
4 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Бельгия Корольдігі Үкіметі арасында халықаралық автомобильді тасымал жөніндегі келісімді бекіту туралы», «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ұлыбритания Біріккен Королдігі және Солтүстік Ирландия Үкіметі арасында халықаралық автомобильді тасымал жөніндегі келісімді бекіту туралы» Заңдарға қол қойды.
2 жыл бұрын (2009) Қазақстанда Саяси шешімдер институты жұмыс істей бастады.
Саяси шешімдер институты елдегі саяси шешімдерге қоғамның толыққанды араласуын қамтамасыз етуді алдына мақсат етіп қойып отыр. Жаңа институт пікірсайыстар, брейн-сторминг, дөңгелек үстел жиындары, конференциялар, брифингтер, таныстырылымдар, қоғамдық талдаулар, пікірталастар, саяси рауттарды өткізумен айналысады. Сондай-ақ талдау және кеңес беру, қолданбалы саяси зерттеулерді және әлеуметтік сауалнамаларды жүргізу және сарапшылардың кәсіби желісін қалыптастыру мәселесі де басты назарда болады.
2 жыл бұрын (2009) Ақтөбе қаласы мәслихаттының шешімі бойынша бірқатар атаусыз көшелер жаңа атауға ие болып, ал кейбір көшелердің аты өзгертілді.
Қалалық ономастикалық комиссияның шешімі бойынша қаланың ортасындағы атаусыз көшеге XVIII ғасырдағы Қазақ мемлекетінің көрнекті қайраткері, биі Бөгенбай батырдың, тағы да Заречный-2 ықшам ауданындағы атаусыз көшеге XVIII-XIX ғасырлардағы тарихи тұлғалардың бірі Қайдауыл батырдың есімі берілді. Жол полициясы басқармасы ауданындағы көшеге Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі Сақтаған Байышевтің есімі берілді. Ақжар кентіндегі екі көшеге Береке және Бірлік атауы берілді. Заречный-1 ықшам ауданындағы Энтузиастер көшесіне Жауынгер-интернационалистер, Новая көшесіне Кеңес Одағының Батыры, Ақтөбе облысы Мартұқ ауданының тумасы, барлаушы Федор Озмителдің есімі берілді.
Ақтөбе маңындағы «Новый» елді мекенінің атауы қазақша «Жаңақоныс» деп өзгертілді.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1946) «Эмбаведьойл» мұнай өңдеу компаниясының бас директоры, экономика ғылымының докторы, профессор, «Экология» Ұлттық академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық экология және тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі ғылымы академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының құрметті жер қойнауын барлаушысы, Мақат ауданының құрметті азаматы ШЕРДАБАЕВ Мағауия Тәжіғараұлы дүниеге келді.
Атырау облысы Мақат ауданы Доссор ауылында туған. Жамбыл гидромелиоратив-құрылыс институтын, Иван Губкин атындағы Мәскеу мұнай химиялық және газ өнеркәсіп институтын, Қазақ академиялық университетін бітірген. 1981-1984 жылдары - «Ембімұнай» бірлестігі Мұнай өңдеу жұмыстары Каспий маңы басқармасының бас маманы. 1984-1991 жылдары - «Ембімұнай» өндірістік бірлестігі партиялық комитетінің хатшысы, бас директордың орынбасары. Қазіргі қызметінде 1991 жылдың қазанынан бастап істейді.
1996 жылдан - Атырау мұнай-газ институтының Экономика кафедрасының меңгерушісі, аға оқытушысы. 1999 жылдың қазанынан Атырау облыстық мәслихатының депутаты болды. 2005 жылдан - Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясындағы (ЭСКАТО) Жалықаралық экология және тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі ғылымы академиясының өкілі.
120-ға жуық ғылыми жарияланымның авторы.
«Құрмет» орденімен, Халықаралық экология және тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі ғылымы академиясының орденімен, медальмен марапатталған.
30 жыл бұрын (1981) онсайысшы, спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері КАРПОВ Дмитрий Васильевич дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Бапкері - В.Б.Карпов. 2001-2007 жылдардағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы. Азия ойындарының (2002, Пусан, Оңтүстік Корея) және 2 мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері (2003, Париж, Франция, 2007, Осако, Жапония). Олимпиалық ойындардың қола жүлдегері (2004, Афины, Грекия).
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
ШІЛДЕНІҢ 24-І, ЖЕКСЕНБІ
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
67 жыл бұрын (1944) Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесі 1944 жылы қазанның 1-інде Алматы мемлекеттік өнер институтын ашу туралы қаулы қабылдады. Аталмыш мекеме Алматының музыкалық-хореографиялық комбинаты негізінде құрылды. 1945 жылы консерваторияға Құрманғазы есімі беріліп, басшылыққа Ахмет Жұбанов келді.
10 жыл бұрын (2001) Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласындағы «Еменді бақта» жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
4 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы елордамыздың жұмыс істеу саласында қоғамдық қатынастарды реттейтін «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасы астанасының даму мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды.
4 жыл бұрын (2007) Павлодарда қазақтың кәсіпқой халық аспаптар оркестрі құрылды.
Ұжым репертуарында ұлттық және шетелдік композиторлардың туындылары.
4 жыл бұрын (2007) Пекинде Қытай Халық Республикасы ұлттардың iстерi жөніндегі комитеттің баспаханасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, драматург, жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Соғыстың соңғы бомбасы» (қытай тілінен аударғанда - «Хэй Сюаньфэн» - «Черный смерч» деген мағынаны білдіреді) атты әңгімелер жинағы қазақ (арабтың өрме жазуымен) және қытай тілдерінде жарық көрді.
Тұсау кесер рәсімге көркемөнер зиялыларының және Қытайдағы қазақ диаспорасының, Қытайдың және Синьцзянь Жазушылар одағының, Қытай ұлттық университетінің, ҚХР ұлттардың iстерi жөніндегі комитеті Аударма бюросының, Қытайдың орталық радиосының және тағы да басқа медиа құрылымдарының өкілдері қатысты.
2 жыл бұрын (2009) Атырауда Хиуаз Доспанова атындағы жаңа заманауи Мұз айдыны сарайы пайдалануға берілді.
Жаңа спорт кешенінің көлемі 1800 шаршы метрден астам аумақты алып жатыр, онда жаттығулармен қатар командалық жарыстар өткізіледі.
Доспанова Хиуаз Қайырқызы (1922-2008) - қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы. Атырау облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысында әскери ұшақпен аспан төрінде майдан салған ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы. Өжеттілігі мен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерейтойы қарасаңында соғыс ардагері, ұшқыш қызы Доспанова Хиуаз Қайырқызына Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Атырау қаласында ескерткіш орнатылып, оның есімі бір көшеге берілген.
ЕСІМДЕР
45 жыл бұрын (1966) Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары ЕСКЕНДІРОВ Самат Сапарбекұлы дүниеге келді.
Ақмола облысының Зеренді ауданында туған. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, Көкшетау экономика және менеджмент институтын бітірген. 1994-2004 жылдары - Тайынша аудандық «Есіл» ЖШС-інің директоры, бас директоры. 2004 жылы - Солтүстік Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары департаменті бастығының орынбасары. 2004-2007 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының әкімі. 2007 жылы - Қызылжар ауданының әкімі. 2007 жылдың қазанынан - Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың сәуірінен бастап істейді.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
45 жыл бұрын (1966) шахматшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, зағиптар арасындағы әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері ЖҮНІСОВ Мұрат Сатыбалдыұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Балқаш қаласында туған. Алғашқы жаттықтырушылары - Ерғазы Әлімжанов, гроссмейстер Болат Асанов. Қарағанды облысының екі дүркін чемпионы (1990, 1991), республикалық студенттер ойындарының чемпионы (Алматы, 1989), Қазақстан зағиптар қоғамының төрт дүркін чемпионы (Алматы, 1990, 1992, 1994, 1997), халықаралық турнирлердің жүлдегері (Брно, Чехия, 1994; Москва, 1994; Петропавловск, 1994; Бенавенте, Испания 1995; Нью-Йорк, США 1995). Шахматты шапшаң ойнаудан Астана қаласының чемпионы (2000), Алматы қаласының чемпионы (1997, Алматы; 2000, Астана). Қазір Астана қаласындағы шахмат клубында жаттықтырушылық қызмет атқарады.