ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 2-3 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ
ҚОҒАМ
28 маусым мен 3 шілде аралығында Мәскеу қаласындағы Бүкілресейлік көрме орталығында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің Мемлекетаралық көрмесі өтеді.
1 шілдеден «Жеке мақсатта пайдалану үшін жеке тұлғалардың жеңіл автокөліктерді тасымалдау мәселелері туралы» ҚР Үкіметі қаулысының мерзімі аяқталады.
1 шілдеден бастап елімізде «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы жүзеге аса бастайды.
АСТАНА
2 шілде күні Астанада К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына, қала күніне орай
Еркін Жуасбектің«Терең тамырлар»аллегориялық драмасының премьерасы болады.
2 шілдеде Бейбітшілік және келісім сарайында әртістер Стивен Сигал мен Мишель Родригестің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.
2 шілде күні Конгерсс-Холл сарайында Роза Рымбаеваның концерті өтеді.
АЛМАТЫ
Алматыдағы Орталық көрмеде 25 мамыр - 2 шілде аралығында "Kazakhstan Art Week" қазақстандық өнер апталығы өтуде.
2 шілдеде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «XXI ғасырдағы нық дамудың жаһандық энергияэкологиялық стратегиясы» атты кітабының тұсаукесері болады.
2 шілде күні Ұлттық баспасөз клубында бас редакторларды - Геннадий Толмачев атындағы жүлде лауреаттарын марапаттау рәсімі болады.
СПОРТ
2 шілде күні «Жас батыр» спорт кешенінің шағын футбол алаңында Спорт журналистерінің халықаралық күніне орай турнир өтеді.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
2011 ЖЫЛДЫҢ ШІЛДЕ АЙЫНДА:
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
90 жыл бұрын (1921) Орынборда (1920-1924 жылдардағы Қазақстанның астанасы) Қазақстан комсомолының бірінші өлкелік конференциясы өтті. Конференцияны ұйымдастырған сол кездегі Түркістан комсомол ұйымы Орталық комитетінің бірінші хатшысы - Ғани Мұратбаев (1902-1924) еді.
Ғани Мұратбаев - қоғам қайраткері, Орта Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, БЛКЖО мен Коммунистік жастар интернационалының қайраткері. Қазалыдағы орыс-қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін, Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын, Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін бітірген. Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырды, Жетісу облыстық және Ташкент, Самарқанд, Верный қалалық комсомол ұйымдарының негізін қалауға ат салысты. Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене кірісіп, олар үшін ұйымдастырылған интернаттың директоры болды. 1921 жылы Ташкенттен шығатын «Жас алаш» газетінің бас редакторы болды. 1921 жылы алдымен Самарқанд өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы Комсомол ұйымы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1922-1924 жылдары Ресей Коммунистік жастар одағының (РКЖО) 5-съезінде Ресей Коммунистік жастар одағы Орталық комитетінің мүшесі, Коммунистік Жастар одағы Орталық комитеті Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы болып сайланды.
Ғани Мұратбаевтың қысқа ғұмыры туралы Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Жұбан Молдағалиев сынды ақындар жыр арнаған. Қоғам қайраткерінің есімі Алматы, Қызылорда, Астана, Ақтөбе, тағы да басқа қалалардағы көшелерге берілген. Алматы қаласында оған ескерткіш орнатылып, Республикалық оқушылар сарайына Ғани Мұратбаев есімі берілген, Қазалы қаласында мемориалды мұражай ашылған. 2002 жылы Ғани Мұратбаевқа арналған Қазақстанның пошта маркасы айналысқа енді. Көрнекті қоғам қайраткері туралы «Біздің Ғани» көркем фильмі, «Осындай қысқа ғұмыр» деректі фильмі түсірілді.
70 жыл бұрын (1941) Ақтөбе қаласында 312-інші атқыштар дивизиясы жасақталып, қолбасшылыққа полковник Александр Федорович Наумов тағайындалды. Дивизияның құрамына жалпы саны 11347 адам кірді. Ол 4460 орыс, 3556 қазақ, 2012 украин, 212 өзбек, 184 татар, 86 тәжік, 74 түрікмен, 23 беларус жауынгерлерінен жасақталды.
Дивизия құрамына Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Қызылорда және Ақтөбе облыстарынан әскер қатарына шақырылғандар кірді. Дивизия алғашқы майданды Новгород, Борок, Заречье және Демьянск жерлерінде бастаған болатын. Төрт полктен тұратын дивизияның қатысуымен болған шайқастардың көпшілігі жеңіспен аяқталған. Қысқа мерзімде дайындықтан өткен дивизия қайта жасақталып, сол жылғы қазан айының 11-інде Мәскеу үшін болып жатқан шайқасқа араласты. Майдан даласында ерлік көрсеткен дивизия құрамындағы көптеген жауынгерлер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Дивизия кейінірек 43-ші армия құрамында Варшава шоссесін қорғады. Осыдан кейін дивизияның аман қалған жауынгерлерінен 12-інші атқыштар полкі жасақталып, 53-інші дивизия құрамында Малоярослав, Харьков және Румынияны азат етуге қатысты. Ақтөбе қаласындағы бір көше 312-атқыштар дивизиясы атымен аталады.
53 жыл бұрын (1958) бастауыш сынып балаларына арналған «Балдырған» әдеби-көркем журналының алғашқы саны жарық көрді. Айына бір мәрте шығатын журнал бетінде қазақ халқының тарихына қатысты шағын ақпараттар, балалардың ой-өрісін кеңейтетін, тілін ұстартып, сөздік қорын байытатын өлең-тақпақтар, ертегі-аңыздар, жаңылтпаштар мен жұмбақтар тұрақты жарияланып келеді.
53 жыл бұрын (1958) «Парасат» қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журналының алғашқы саны жарық көрді. Бастапқыда «Мәдениет және тұрмыс» деген атаумен шыққан. Қазіргі атауымен 1990 жылдан бастап жарық көріп келеді. Журнал бетінде тарих пен әдебиет, мәдениет пен өнер, руханият мәселелері көтеріледі. Айына 1 рет жарық көретін басылымның «Ойтолғақ», «Жаңғырық», «Тарих-тағдыр», «Таным», «Дерек пен дәйек», «Ғұмырдария» «Салауат», т.б. тұрақты айдарлары бар.
46 жыл бұрын (1965) Алматы мақта-мата комбинаты алғашқы өнімін шығара бастады. Комбинат Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі болып табылады, мақта талшықтарынан жіп иіріп, мата тоқумен айналысады.
45 жыл бұрын (1966) Атырау облыстық филармониясы құрылды. Кезінде филармония жанынан құрылған «Атырау-Жайық» фольклорлық ансамблі бүкіл республикамызға, шет елдерге де танымал болды. Сондай-ақ оның құрамында «Нарын» фольклорлық-этнографиялық ансамблі бар. Филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері - Ұ.Қарақұлова, М.Төрешев, халықаралық байқаудың лауреаты - Сембек Жұмағалиев, республикалық байқаудың лауреаты - Шәрипа Жаменовалар қызмет істейді. Филармонияға 1991 жылы Нұрмұхан Жантөриннің есімі берілді.
20 жыл бұрын (1991) республикалық ақпараттық-жарнамалық апталық «Караван» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Экономикалық, әлеуметтік-саяси сипаттағы ақпаратпен хабардар етіп отырады. Газет апталық және қосымшаларын қоса алғанда шамамен 500 мыңға жуық данамен шығады.
Қазіргі кезде «Караван» апталығының бас редакторы - Ыбыраев Әділ. Өскемен қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. ҚазТАГ ақпараттық агенттігінде тілші, «Ленинская смена» газетінің бас редакторының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың қарашасынан істейді.
18 жыл бұрын (1993) қазақ халқының төл тарихына арналған ғылыми-әдістемелік, педагогикалық басылым ретінде «Қазақ тарихы»журналы «Қазақстан мектебі» журналына қосымша ретінде шыға бастады. 2003 жылдан дербес басылымға айналды. Басылым алғашқы санынан бастап қазақтың арғы-бергі тарихын, оның атауының шығу тегін, жазу-сызуының пайда болған уақытына қатысты материалдарды, Кеңес империясы тұсындағы саяси өмір тынысын, экономикасын, мәдениетін жүйелі жариялап келеді, орта, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында қазақ тарихын оқыту тұжырымдамалары, әдіс-тәсілі, оқулықтары талқыланады. Қазақ тарихына қатысты Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан пікірлерімен таныстырады.
11 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада жаңа алаңның, Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының ашылу салтанаты өтті.
6 жыл бұрын (2005) Астана қаласында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайының ашылу рәсімі өтті. Мұражай Мемлекет басшысының бұрынғы резиденциясында орналасқан. Бірегей жиһаздары мен бүтін бір кешенді құрастыратын ішкі көрінісі сол қалпында сақталған. Мұражайдың алғашқы жәдігерлері ел президентіне тарту етілген кітаптардан, суреттерден, сувенирлерден бастау алады.
Бүгінде мұражай коллекциясында 60 мың данадан аса дүниелер бар. Олар - мұрағаттық-жазба, басылым материалдары, кино және суретті құжаттар, бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнер туындылары, қару-жарақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке заттары және құжаттары, Мемлекет басшысы марапатталған сыйлардың бірегей коллекциясы.
ЕСІМДЕР
180 жыл бұрын (1831-1867) батыр, Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына қатысушы, Тойшыбек бидің баласы ТОЙШЫБЕКҰЛЫ Байсейіт дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Ол Патшалық Ресейдің Жетісудағы үстемдігіне қарсы күресті. 1854 жылы әкесімен бірге орыстар үстемдігі орнаған Іле өңіріне жорықтар ұйымдастырды. Ұзынағаш шайқасына қатысқан. 1862 жылы бауыры Керімбекпен бірге Жетісудағы патшалық Ресей билігін мойындауға мәжбүр болды. Ресейдің Әулиеатаға жасаған жорығына қатысып, қоқандықтар қолына тұтқынға түсті. 1863 жылы тұтқыннан қашып құтылу кезінде ауыр жарақат алды. Оның ерліктерін халық ақындары жырға қосқан.
ШІЛДЕНІҢ 2-СІ, СЕНБІ
Дипломатиялық қызмет күні. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылғы шілденің 1-індегі «1998 жылғы қаңтардың 20-сындағы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына сәйкес атап өтіледі.
Халықаралық кооперативтер күні. 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 1995 жылғы шілденің бірінші сенбісін - 700 миллионнан астам адамды біріктіретін Халықаралық кооперативтік альянстың жүзжылдығын тойлау мақсатында - Халықаралық кооперативтер күні (желтоқсанның 16-сындағы №47/90 қарары) деп жариялады.
1994 жылы Бас Ассамблея кооперативтердің әлеуметтік-экономикалық дамудың қажетті құралына айналғанын ескере отырып, жыл сайын осы күні атап өтуді ұсынды (желтоқсанның 23-індегі №49/155 қарары).
Халықаралық кооперативтер күнінің мақсаты - әлем қоғамдастығының назарын кооперативтерге аудару және халықаралық кооперативтік қозғалыс пен басқа да, үкіметтер мен барлық деңгейдегі үкіметтік емес ұйымдарды қоса есептегендегі, субъектілер арасындағы әріптестік байланыстарды кеңейте түсу.
Спорт журналистерінің халықаралық күні. Спорт журналистерінің халықаралық күні 1995 жылдан бастап Халықаралық спорт баспасөз қауымдастығының бастамасымен тойланады. 1924 жылы Парижде Халықаралық спорт баспасөз қауымдастығының құрылуына орай аталып өтілді.
Украинаның салық қызметі қызметкерлерінің күні. Салық қызметі Украин КСР Министрлер Кеңесінің 1990 жылы ақпанның 12-сіндегі «Украин КСР-інде мемлекеттік салық қызметін құру туралы» қаулысына сәйкес құрылған болатын. 2005 жылы қазанның 24-інде Украина президенті «Украинаның мемлекеттік салық қызметі қызметкерлерінің күні туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес жыл сайын шілденің 2-сінде Украинаның салықшылары кәсіби мерекелерін атап өтеді.
Норвегияның Мемлекеттік мейрамы - Король күні. Қазақстан мен Норвегия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы маусымның 6-сында орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
85 жыл бұрын (1926) Ташкенттегі халық ағарту институты Ташкент Қазақ педагогикалық институты болып қайта құрылды.
21 жыл бұрын (1990) Өскемен қаласында Салық комитеті құрылды.
17 жыл бұрын (1994) Петропавлда «Вместе» облыстық жастар газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылымда «Біздің университеттер», «Спортзал», «Андеграунд», «SOS» (өзің туралы сұра), «Сенің құқың», т.б. айдарлар бар.
17 жыл бұрын (1994) Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Баянтау» демалыс үйі ашылды. Демалыс үйі Баянауыл ұлттық паркіндегі Сабындыкөл өзенінің жағалауында орналасқан.
15 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар» туралы Заңы қабылданды.
13 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасының «Жемқорлықпен күрес туралы» Заңы қабылданды.
12 жыл бұрын (1999) Астрахан қаласынан бұрғылау баржасы суға түсірілді. Бұл шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ақын Фариза Оңғарсынова қатысып, бұрғылау баржасына «Сұңқар» есімін берді. Баржа ұзындығы - 85 метр, ені - 53 метр, бұрғылау мұнарасын қоса есептегендегі биіктігі 50 метр, салмағы 10000 тонна. «Сұңқардың» бірінші бұрғылау жұмыстары Шығыс Қашағаннан бастау алды.
8 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы Каспий теңізі түбін екі ел арасындағы межелеу туралы Келісімді және осы келісімге хаттаманы бекіту туралы» Заңға қол қойды.
4 жыл бұрын (2007) Астанада Есіл өзені арқылы өтетін М-2 автокөлік көпірі ашылды. Көпірдің салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Көпірдің ұзындығы - 362 метр, ені - 38,7 метр.
4 жыл бұрын (2007) Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының полицейлері өздерінің мұражайын ашты. Онда тарихи материалдар қойылған: аудан полициясының бұрынғы қызметкерлердің сақтап қоюға тапсырған құжаттары, фотосуреттері және альбомдары.
2 жыл бұрын (2009) Астанада өткен Экономика және өнеркәсіп салаларындағы ықпалдастық бойынша қазақстандық-испандық үкіметаралық аралас комиссиясының кезекті IV отырысында Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды. Қол қойылған құжаттар: Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасында Стратегиялық әріптестік туралы келісім шарт; Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі Үкіметтері арасында Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция; Испания мен Қазақстан арасында 2009-2011 жылдар кезеңіне арналған Білім, ғылым, мәдениет, жастар және спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы; Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Испания Корольдігінің Өнеркәсіп, туризм және сауда министрлігі арасында туризм саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
2 жыл бұрын (2009) Орал қаласындағы Достық даңғылы мен Сарайшық көшесінің қиылысында Журналистер аллеясы ашылды.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1936) Жұмат Шанин атындағы Қазақ драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Сайрам ауданының және Шымкент қаласының құрметті азаматы ҚАЛМЫРЗАЕВ Ақсақал дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған. Ташкент қаласындағы Орта Азиялық Александр Островский атындағы мемлекеттік театр өнері институтын (қазіргі Маннон Уйгур атындағы Ташкент мемлекеттік өнер иституты) бітірген. Қазіргі қызметінде 1957 жылдан бастап істейді.
Ол ұлттық және шетел, орыс драматургтерінің шығармаларында ойнаған. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласындағы» - Данияр, Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібегіндегі» - Төлеген, «Ақан сері - Ақтоқтысында» - Мұрат, Жалмұқан, Мылқау, Мұхтар Әуезовтің «Айман - Шолпанында» - Әлібек, Арыстанды, «Абайындағы» - Айдар, Сағыр Камаловтың «Ер Тарғынындағы» - Ер Тарғын, Загир Исмагиловтың «Құдашасындағы» - Жаппар, Ғаджибек Ғаджибековтың «Аршин мал аланындағы» - Әскер, Бейімбет Майлиннің «Жалбырындағы» - Сүгір, Бекен, «Шұғасындағы» - Әбіш, т.б. тұлғаларды сомдады. Ол осы секілді 200-ден астам образдарды сахна төрінде ойнаған.
«Парасат» орденімен, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
45 жыл бұрын (1966) «Қазақстан Астық одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы ТІЛЕУБАЕВ Нұрлан Сақтапбергенұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1986-1992 жылдары - кеңшар механизаторы. 1992-1998 жылдары - «Алиби» Акционерлік қоғамының президенті қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 1998 жылдан бастап істейді. 2006-2008 жылдары - «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы саяси кеңесінің мүшесі. 2006 жылдан - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі. 2008 жылдан - «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» Акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі.
«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
ШІЛДЕНІҢ 3-І, ЖЕКСЕНБІ
Беларус Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1990). 1996 жылдан бастап, Беларус Президенті Александр Лукашенко Тәуелсіздік күнін елді фашистік Германиядан азат еткендердің құрметіне орай шілденің 3-інде атап өтуге Жарлық шығарды. Беларус - Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Шығысында Ресеймен, оңтүстігінде Украинамен, солтүстігінде Латвиямен, батысында Польшамен және солтүстік-шығысында Литвамен шектеседі. Әкімшілік-аумақтық жағынан 6 облысқа және Минск, Брест, Витебск, Гомель, Гродно, Могилев орталықтарына бөлінеді. Астанасы - Минск қаласы. Ресми тілі - беларус тілі. Ақша бірлігі - рубль.
Қазақстан мен Беларус арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 16-сында орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
108 жыл бұрын (1903) Қазақстандағы алғашқы арнаулы орта оқу орындарының бірі - Семей мұғалімдер семинариясы ашылды. Үш негізгі және бір даярлық оқу орны бар болатын. Оның дайындық класына алғаш Семей, Кереку, Өскемен, Қарқаралы, Ақмола уездерінен 24 бала қабылданды. Кейіннен Тобыл, Барнауыл, Жетісу аймақтарынан да жастар тартыла бастады. 1967 жылы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. 1992 жылы мамырдың 22-сінде педагогикалық колледжге айналды.
101 жыл бұрын (1910) мемлекет қайраткері Әліби Жангелдин Мәскеу қаласынан дүниежүзін жаяу аралау сапарына аттанды. Ол 1913 жылдың қантарына дейін Польша, Австро-Венгрия, Югославия, Болгария, Түркия, Сирия, Палестина, Мысыр, Месопотамия, Персия, Үнді, Сиам, Қытай және Жапония елдерінде болды.
Жангелдин Әліби Тоқжанұлы (1884-1953) - мемлекет және партия қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату және нығайту жолындағы күресті ұйымдастырудағы көрнекті басшылардың бірі. Қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген. Торғайдағы кәсіптік училищесін, Қостанай орыс-қазақ және Орынбор діни училищесін бітірген. Қазандағы мұғалімдер семинариясында оқыған. Ол туралы көптеген көркем шығармалар жазылып, кинофильм түсірілген. Қостанай облысының бір ауданына, көптеген елді мекендер мен көшелерге, мектептерге Әліби Жангелдиннің есімі беріліп, Ақтөбе, Алматы, Торғай қалаларында ескерткіш орнатылған.
51 жыл бұрын (1960) Қарағандыдағы металлургия комбинатында тұңғыш домна пеші іске қосылды және сол күні Қазақстанның тұңғыш шойыны алынды. Бұл күн Қазақстан Магниткасының дүниеге келген күні болып саналады.
16 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануын мәңгі есте қалдыру, қоғамды топтастыру, гуманизм, ұлтаралық татулық, қазақстандық патриотизм тәрбиелеу идеяларын көркем бейнелеу мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты.
15 жыл бұрын (1996) Венгрия Парламентінде тұңғыш рет Қазақстан мен Венгрия арасындағы ынтымақтастыққа арналған «дөңгелек үстел» өтті.
12 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласында «Алпамыс батыр» эпосының 1000 жылдығы аталып өтілді.
5 жыл бұрын (2006) Астанада Меценаттар клубы құрылды.
4 жыл бұрын (2007) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Үкімет мүшелерінің қатысуымен «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» Мемлекеттік бағдарламасына кірген жобалардың жалпыұлттық тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге 9 өңір қатысты. Негізгі 7 бағыт бойынша 900 миллиардқа жуық теңгені құрайтын барлығы 20 серпінді жобалар таныстырылды. Аталмыш тұсаукесер Мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуының шын мәніндегі бастамасы болып, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруге негіз болмақ.
4 жыл бұрын (2007) Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылында салынатын цемент зауыты құрылысының іргетасына Елбасының болашақ ұрпаққа жолдауы мәтіні бар капсуласы салынды. Зауыт жылына 1,8 миллион тонна цемент өндіреді. Бұл зауыт бүкіл батыс облыстардың сұраныстарын қамтамасыз етеді.
2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы төбесі жабық 30 мың орындық «Астана-Арена» стадионының ашылу салтанатына қатысты.
Жабық стадион спортшыларға қысы-жазы жаттығуларына мүмкіндік береді, ол Еуропа футбол одағы қауымдастығының (УЕФА) барлық стандарттарына сай салынған. Жасанды газон жамылғысы төселген футбол алаңы Футбол қауымдастықтарының халықаралық федерациясы (ФИФА) мен Еуропа футбол одағы қауымдастығының (УЕФА) стандарттарына толық сәйкес жасалған. Бұл стадионда футбол ойынынан бөлек спорттың күрес, бокс, спорттық гимнастика, дзюдо, каратэ сынды түрлерінен жарыстар өткізуге болады. Жаңа футбол стадионының ерекшелігі - 20 минуттың ішінде ашылып-жабылатын шатыры бар. Спутниктің және эфирлік антенналары бар теледидар желісімен, радиохабар эфирімен, отырыс залдары, баспасөз конференция залдары дыбыс күшейткіш және синхронды аудармасымен, таблосымен, телерадиокомментаторымен жабдықталған.
Көрермендердiң ыңғайы және сыйымдылығы үшін, мiнбе екi деңгейде орналасқан: 16 мың көрермен - астыңғысында, 14 мың - үстіңгісінде, стадионның батысында VIP-орындар орналасқан.
Стадион сахнасында 2009-2010 жылдары футболдан Қазақстан Кубогының финалдары өтіп, 2010-2011 жылдарыы футболдан Қазақстан Суперкубогы сарапқа салынған болатын. Сондай-ақ «Астана-Арена» стадионында 2011 жылғы қаңтарда 7-ші қысқы Азиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы индустриялдық парктің аумағында локомотив құрастыратын жаңа зауытты ашты.
Аталмыш локомотивтің техникалық сипаты қазіргі қолданылып жүрген машиналардан бірнеше есе жоғары. Зауыттың өнімі Қазақстанның тепловозға деген сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, болашақта таяу және алыс шетелдерге шығарылатын болады.
2 жыл бұрын (2009) Жамбыл облыстық соты өзінің Интернеттегі веб-сайтын - www.oblsot.zhambyl.kz ашты.
Сайтта әдеттегідей «Кері байланыс» және «Сұрақ-жауап» сілтемелерінен басқа сот шешімдерінің банкі, азаматтарды қабылдаудың кестесі мен уақыты және қаралатын істер орналастырылған.
ЕСІМДЕР
45 жыл бұрын (1966) суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы жастар одағы сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының, мемлекеттік степендиясының, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, халықаралық «Жігер» жас суретшілер фестивалінің, республикалық «Шабыт» жас суретшілер шығармашылығы фестивалінің, республикалық «Астана-Бәйтерек» байқауының лауреаты ӘЖІБЕКҰЛЫ Қазыбек дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Николай Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, Алматы театр-көркемсурет институтын (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген.
Ол республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысқан. 1995 жылы - Біріккен Ұлттар Ұйымының 50-жылыдығына арналған суретшілер шығармалары көрмелерінің дипломанты. 1996 жылы - Халықаралық «Арт-Еуразия» жас суретшілер шығармашылығы көрмесінің дипломанты. 1999 жылы - 2-ші Республикалық «Шабыт Милениюум» жас суретшілер шығармашылығы фестивалінің дипломанты, Әбілхан Қастеев атындағы сыйлықтың иегері. 2007 жылы - «Астана дамиды, өнер өркендейді» Халықаралық суретшілер симпозиумының қатысушысы. 2003-2005 жылдары - Бурабайда және Қарқаралыда өткен республикалық суретшілер симпозиумын ұйымдастырушылардың бірі. Қазыбек Әжібекұлының шығармашылығы жөнінде «Степная пастораль», «Сары дала», «Мечты о прошлом» фильмдері түсірілген.