ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 20-22 мамыр аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ
20 мамыр күні СІМ-де ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов Конрад Аденауэр Қорының желісі бойынша Еуропарламент депутаттарымен кездеседі.
20 мамырда ҚР ТЖМ-да ҚР-дың «Азаматтық қорғаныс туралы» заң жобасын талқылайтын дөңгелек үстел отырысы болады.
20 мамыр күні Тәуелсіздік сарайында Еуразиялық қайта құру және даму банкісінің бас экономисі Эрик Берглофтың қатысуымен брифинг өтеді.
20 мамырда Тәуелсіздік сарайында Қадағалаушы кеңес отырысының сессиясы басталады.
ПАРЛАМЕНТ
20 мамыр күні ҚР Парламенті Сенатында «Аймақтық деңгейде қоршаған ортада эмиссия үшін алынатын қаражатты тиімді пайдалану тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.
ҚОҒАМ
26 сәуір мен 25 мамыр аралығында Ішкі істер министрлігі республикалық «Назар аударыңыз - бағдаршам!» айлығын өткізеді. Бұл акцияның мақсаты - балалар жол-көлік жарақатының алдын алу және жүргізушілердің назарын кәмелетке толмаған жаяу жүргіншілерге аудару.
6 мамырдан бастап, «Дегдар» гуманитарлық қоры, «JTI» компаниясының қолдауымен еліміздің бес қаласында - Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент және Қарағанды қалаларында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне классикалық музыкадан қайырымдылық концерттер ұйымдастырады.
23 мамыр мен 2 маусым аралығында Төтенше жағдайлар министрлігі халықаралық құтқарушы бөлімшелердің 16-шы «Қазспас-2011» халықаралық семинар - жиынын ұйымдастырмақ.
АСТАНА
20 мамырда «Түркі әлемі және егеменді Қазақстан» тақырыбында халықаралық конференция өтеді.
20 мамыр күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Еуроодақ жобасының аясында «БАҚ туралы халықаралық стандарттар және ұлттық заңнамалар» атты халықаралық конференция өтеді.
20 мамыр күні Тәуелсіздік сарайында Орталық және Шығыс Еуропадағы Үкіметтік емес ұйымдар желісі ұйымдастыратын баспасөз мәслихаты болады.
20 мамырда Астанада Құнта Қажы атындағы мешіт ашылады.
19-20 мамыр күндері Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында драматург Е.Жуасбектің «Антивирус» спектаклінің тұсауы кесіледі.
20 мамырда ҚР Президенттік мәдениет орталығында екі ғасырдың куәгері, Алатаудың бұлбұлы атанған қазақ халқының дүлдүл ақыны, жыршысы, күміс көмей әншісі әрі композиторы Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы түсірілген «Алатаудың ақиығы»атты деректі фильмнің тұсауы кесіледі.
22-30 мамыр аралығында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының еліміздің бас қаласы- Астанада гастрольдік сапарлары өтеді.
25 мамырда Президенттік Мәдениет Орталығының залында "Қазақстан Камератасы" ғажайып бағдарламаны - қазақстандық композиторлардың қазіргі заманғы музыкасы орындалады.
АЛМАТЫ
20 мамыр күні Алматыда Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде медициналық білім берудің бірегей үлгісі таныстырылады.
20 мамырда Алматыда Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы ашық есік күндерін өткізеді.
20 мамыр күні Жазушылар үйінде «Дарабоз» атты халықаралық балалар әдебиеті байқауының жеңімпаздары марапатталады.
29 мамыр күні Алматыда автоәуесқойлар мерекесі өтеді.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
МАМЫРДЫҢ 20-Ы, ЖҰМА
Дүниежүзілік метрология күні. Бұл күн өркениетті елдердің бәрінде арнайы түрде аталып өтіледі. Атап айтқанда түрлі кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер түрінде көрініс тауып, әр ел өздерінің метрология саласында жүргізген жұмыстарының қорытындысын шығарады. Сондай-ақ өзара тәжірибелерімен бөлісіп, маңызды деген мәселелер талқыға түсіп отырады.
Метрология (грек тілінде metron - өлшем және logos - сөз, ілім) - өлшеу туралы өлшеудің бірлігі мен қажетті дәлдікке жету тәсілдері туралы ғылым. Метрологияның негізгі мәселелеріне: өлшеудің жалпы теориясы, физикалық шамалардың және оның жүйелерінің бірліктерін ұйымдастыру, өлшеудің әдістері мен құралдары, өлшеудің дәлдігін анықтау әдістері (өлшеудің қателіктер теориясы), өлшеу бірлігін және өлшеу құралдарының метрология жарамдылығын қамтамассыз ету (заңды метрология) эталондар мен өлшеу құралдарының үлгілерін жасау, эталондарды бірлік өлешемдерін тарату әдістері жатады. Метрология алғашқыда өлшеудің әр түрлі тегін (сызықты, сыйымдылық, салмақ, уақыт) жазумен сонымен қатар бірнеше мемлекеттерде қолданылған ақша және олардың ара қатынасын табумен айналысты. Метрологияның күрт дамуына 1975 жылы Метрикалық конвенциясының (құрамында 17 мемлекет бар) қорытындысы (Өлшеу мен таразылар және өлшеудің метрикалық эталонын жасаудың халықаралық мекемесі) себепші болды. Қазіргі кездегі метрология физика, химия т.б. жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін пайдаланып, физикалық тәжірибенің жоғарғы дәлдігіне сүйенеді. Қазақстанда алғашқы метрологиялық мекеме 1923 жылы Семей қаласында ұйымдастырылды. Ол 1925 жылы Семей және Жетісу губернияларындағы таразыларды, ұзындық пен көлем өлшемдерін тексеруді жүзеге асыратын өз алдына жеке палата болды. Оның бөлімдері Петропавл, Ақтөбе, Алматы қалаларында жұмыс істеді. 1930 жылы палата Алматыға көшірілді. 1974 жылы Алматы қаласында арнайы эталондар сақтайтын ғимарат салынды.
Республиканың метрологиялық қызметінде тексеру жұмыстарын жүргізу үшін 20 жұмыс эталоны (қысым, температура, масса, ұзындық, электрлік сыйымдылық, электрлік кедергі, түзу, түзу сызық, т.б.) қолданылады. 2000 жылы Қазақстанда мемлекеттік уақыт және жиілік эталоны пайдалануға енгізілді.
Куба Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1902 жылдан бастап атап өтіледі. Испан отарынан құтқарған американдықтардың әскери үкіметі Куба жерін 10 жыл басқарып, 1902 жылы бар билікті Куба президентіЭстраде Пальмеге ұсынды. Куба - Америкадағы, Вест-Индиядағы мемлекет. Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлықтары аралығында Куба, Хувентуд және олардың жанындағы Үлкен Антиль аралдар тобында орналасқан. Аралдардың жапы саны 1600-ге жуық. Олардың көпшілігінде адамдар қоныстанбаған. Астанасы - Гавана қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - Куба песосы. 1976 жылғы қабылданған Конституция бойынша мемлекет билігі халықтық өкіметтің қолында. Ол өз депутаттары арасынан Мемлекеттік Кеңес сайлайды және Министрлер Кеңесінің мүшелерін бекітеді. Осы екі Кеңестің төрағасы мемлекет басшысы болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы мен Куба арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.
Сауд Арабстаны Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Сауд Арабстаны Оңтүстік-Батыс Азияның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Араб түбегінде және Қызыл теңіздегі, парсы шығанағындағы аралдарда орналасқан. Солтүстігінде Иорданиямен, Иракпен, Куәйтпен, оңтүстік және оңтүстік-батысында Йеменмен, Оманмен, Біріккен Араб Әмірілігімен, Катармен шектеседі. Әкімшілік жағынан 13 ауданға бөлінеді. Астанасы - Ар-Рияд қаласы. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - реал. Сауд Арабстаны - абсолюттік манархия. Мемлекет басшысы - Король. Жоғары заң шығарушы органы - Король және Консультативтік кеңес. Жоғары атқарушы органы - Министрлер Кеңесі.
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабстаны арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы сәуірдің 30-ында орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
71 жыл бұрын (1940) Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыс сақинасы» жол құрылысы басталды.
11 жыл бұрын (2000) «Алпамыс батыр» жырының 1000 жылдығы республика көлемінде аталып өтті.
6 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың заңнамасы негіздерінің мәртебесі, оларды әзірлеу, қабылдау және іске асыру тәртібі туралы шартты бекіту туралы» Заңға қол қойды.
3 жыл бұрын (2008) НАТО киберқауіптерден қорғанудың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін жүргізетін жаңа орталығын ашты.
Орталық киберқауіптерден қорғану саласында тәжірибелер және дайындықтар жүргізетін болады. Орталықта қызметшілерінің саны - 30 адам болады, олардың тең жартысы - альянс қызметіне қолдау көрсетуші елдер: Германия, Испания, Италия, Латвия, Литва, Словакия және Эстония елдерінің мамандары болмақ. «Орталықты құрудағы мақсат - киберқауіптерден қорғану жөніндегі тәжірибелерді жүзеге асыру және дайындық жүргізу болып отыр. Мұндай орталық НАТО-ға бұл саладағы қауіптерге бой бермеуге және оларға қарсы табанды күресуіне мүмкіндік беретін болады», деді құжатқа қол қою рәсімінде НАТО-ның трансформациялау жөніндегі жоғарғы бас қолбасшысы генерал Джеймс Маттис.
3 жыл бұрын (2008) Астрахан қаласының теңіз айлағында «Жайық» гидрогеографиялық кемесінде Қазақстан Республикасы Туының салтанатты көтерілу ресімі болды. Кемені Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша «Астрахан кеме зауыты» ресейлік кәсіпорны жасаған.
Салтанатты рәсімде Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы контр-адмирал Р. Комратов, Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Ж. Жанұзақов, «Жайық» гидрогеографиялық кемесінің капитаны, Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің аға лейтенанты А. Тудаков, Астрахан қаласындағы Қазақстан Республикасы Консулдығының қызметкерлері болды. Ресей тарапынан РФ Қорғаныс министрлігі Каспий флотилиясы қолбасшысының бірінші орынбасары О. Журавлев, РФ шекара және кеден қызметтерінің өкілдері қатысты.
1 жыл бұрын (2010) Мәскеуде ИТАР-ТАСС агенттігінің кеңсесінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен ағылшын жазушысы Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан жасампаздығы» кітабының орысша аудармасы таныстырылды.
Өз сөзінде К.Мәсімов кітап авторына, басылымды ұйымдастырғаны үшін ИТАР-ТАСС агенттігіне және ресейлік «Көркем әдебиет» баспасына алғысын білдіріп, бұл еңбекте шынайы көзқарас және алдын ала екшелмеген дұрыс пікір көрініс тапқанын атап өтті.
Шараға қатысқан кітап авторы Дж.Айткеннің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын батыста алғашқы болып қолға алу арқылы Қазақстанның да, Ресейдің де қызықты тарихына, саясатына және мәдениеті әлеміне бойлаған. «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірін, әрине, эпикалық саяси баяндау деп айтуға болады, сонымен қатар жылы адами қатынастар сәттері көп», - деп атап көрсетті жазушы.
ЕСІМДЕР
165 жыл бұрын (1846-1902) орыс шығыстанушысы, ағартушы, миссионер КАТАРИНСКИЙ Василий Владимирович дүниеге келді.
Ресейдің Орынбор қаласында туған. Қазан қаласындағы діни семинарияны, кейін діни академияны бітірген. 1975 жылдан бастап Орынбор округінде татар, башқұрт және қазақ мектептері жөніндгі окургтік инспектор болып тағайындалып, осы жұмысты ұзақ жылдар атқарған. Сонымен бірге діни мектептердегі оқу-тәрбие жұмысының барысын бақылап отыру тапсырылған. Ол Алтынсариннің оқу ісі саласындағы идеяларын қолдап, оның іске асуына тікелей көмек берген. Торғайда облыстық және ауылдық училищелер мен мектептердің ашылып, қалыптасуына көп еңбек сіңірген. Ырғыздағы қыздар училищесіне және Орскідегі қазақ оқытушыларын даярлайтын мектепке қамқоршы болған. Сондай-ақ Орынбор окургіне қатысты оқу-ағарту істерімен байланысты құжаттар даярлап, олардың жүзеге асуына ерекше көңіл бөлген. Оның қазақ мектептері үшін орыс тілінде «Қырғыздарға арналған әліппе», «Қырғыздарға арналған орыс тілінің бастапқы оқулығы» атты оқу құралдарын жазып, қазақ тілінің грамматикасын, сөздігін жасауға қатысқан.
105 жыл бұрын (1906-1944) Кеңес Одағының батыры ИШАНОВ Естай дүниеге келді.
Қостанай облысының Жітіқара ауданында туған. Ұлы Отан соғысы майданында 60-шы армияның 3-ші гвардия Бахмач жеңіл артиллерия бригадасының 206-ші полкі құрамында ұрысқа қатысқан. Гвардия кіші сержанты Ишанов Днепрдің батыс жағалауындағы Медвин ауданында болған ұрыста дұшпанның 3 танкісін, қару-жарақ тиеген 7 автокөлігін, батальонға жуық жаяу әскерін жойған. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ол Висла өзенінен өту кезіндегі ұрыста ерлікпен қаза тапқан.
2-ші дәрежелі Отан соғысы, 3-ші дәрежелі Даңқ, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. Батырдың туған жері Жетіқара қаласында ескерткіш орнатылған.
75 жыл бұрын (1936-1995) филология ғылымының кандидаты, профессор АРЫНОВ Мұхтар Ғалиұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Алматы мемлекеттік шет тілдер институтын бітіргеннен кейін осы оқу орнының оқытушысы, кафедра меңгерушісі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының проректоры, Білім министрлігінің бөлім меңгерушісі болған. 1983 жылдан өмірінің соңына дейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің ректоры болды. Оның «Неміс тілінің қысқаша грамматикасы», «Неміс тілі грамматикасы» оқулықтары тіл білімі ғылымындағы елеулі табыс ретінде бағаланады. Ол 1989 жылы халыаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына ұйытқы болып, Ақтөбе облысындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде қазақ тілінде оқытатын мектептердің ашылуына көп күш-жігерін жұмсады. Арыновтың ұйымдастыруымен «Ақтөбе өңіріндегі білім беру жүйесінің дамуы» мұражайы, Абай мұражайы ашылды. Оның ұлттық философиялық, дидактикалық, этнографиялық және этнолингвистиклық деректер негізінде жазылған «Бес анық» кітабы қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымын зерделеуге арналған алғашқы еңбектердің бірі, сонымен қатар ұлттық рухтың ерекшелігін көрсететін тіл, дін, салт-дәстүр, тарих, атамекен туралы ой-толғамдары халықтық педагогика пәнінің қалыптасуына негіз болып қаланды. Ол Есет, Көтібар батырлардың, күйші Қазанғаптың тарихи-сәулет кешендерінің бой көтеруіне ұйытқы болды. Әйтеке бидің, кердері Әбубәкірдің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге елеулі үлес қосты. Ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының «Тілдер туралы», «Жоғары білім туралы» заңдарының қабылдау мен талдау жұмысына қатысқан.
65 жыл бұрын (1946-2002) тарихшы-мұрағатшы, тарих ғылымының кандидаты ХАСАНАЕВ Марат Жақсыбайұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Мәскеу тарих-мұрағат институтын бітірген. 1975-1979 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Бас мұрағат басқармасының инспекторы, аға инспекторы. 1979-1994 жылдары - - Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының директоры. 1994-1996 жылдары - - Қазақстан Республикасы Бас мұрағат және іс қағаздары басқармасының бастығы. 1996-2000 жылдары - «Сорос-Қазақстан» қорының сарапшысы. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының директоры болды.
100-ден астам ғылыми еңбектердің және «Архивное строительство в Казахстане (1920-1980)» атты кітаптың авторы.
МАМЫРДЫҢ 21-І, СЕНБІ
Дүниежүзілік қарым-қатынас пен даму мақсатындағы мәдени әралуандылық күні. 2002 жылғы желтоқсанның 20-сында «Мәдениет және даму» қарарымен мамырдың 21-ін Дүниежүзілік қарым-қатынас пен даму мақсатында мәдени әралуандылық күні деп жариялауға қаулы қабылдады.
Қазақстан Бүкіләлемдік табиғи және мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияға 1994 жылғы сәуірдің 29-ында қосылды.
Есте қалар күннің мақсаты - қоғам мәдениетінің әртүрлі құндылығы мен маңыздылығына ақпарат беруі және әртүрлі мерекелік шаралар өткізуіне көмектесу. Бұл күн мәдениет құндылығын терең тануға әлем халықтарының ынтымақтастығының дамуына мүмкіндік береді.
Жұмыссыздықтан қорғау күні. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша жұмыссыздардың саны миллиард адамға жетеді. Бұл ғаламшардағы жұмыс күшінің үштен біріне тең.
ОҚИҒАЛАР
12 жыл бұрын (1999) ақын Мұхтар Шахановқа халықаралық «Руханият» сыйлығы берілді.
12 жыл бұрын (1999) Батыс Қазақстаннан Қара теңіз жағалауына дейін созылатын Каспий мұнай құбырын төсеу басталды.
7 жыл бұрын (2004) Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында бірінші рет Халықаралық органдық музыкалар фестивалі өтті.
6 жыл бұрын (2005) басылым беттерінде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөлім) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы жарық көрді.
4 жыл бұрын (2007) Павлодар облысындағы Успен ауданының орталығында Кеңес Одағының Батыры Максим Милевскийге ескерткіш орнатылды.
Максим Милевский (1923-2005) Успен ауданының Павловка ауылында дүниеге келген, соғыс басталғанда майданға өз еркімен аттанған. Соғыста Сталинградтан Берлинге дейінгі жорық жолдарынан өтіп, Қырым, Литва және Латвияны азат етуге қатысқан. Қазақстандық жауынгер ұрыстардағы ерлігі үшін Қызыл жұлдыз, 3-дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. Кенигсберг түбіндегі шайқаста ержүрек командирге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
2004 жылы Максим Милевский республика алдында сіңірген еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.
3 жыл бұрын (2008) Қазақстанда Ұлттық аэроғарыштық қауымдастық құрылды.
Құрамында аэроғарыштық мекемелердің басшылары, аэроғарыш саласының мамандары, қоғам өкілдері бар ынталы топ Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, ғарышкер Талғат Мұсабеавты қолдап, елімізде кәсіби аэроғарыштық бірлестік - Ұлттық Аэроғарыштық қауымдастық құру қажеттігі жайында мәлімдеме жасады.
Мұндай ұйым елімізді әлемдік аэроғарыштық нарықтың толыққанды мүшесіне айналдыру жоспарын жүзеге асуыруға мұрындық болмақ. Ынталы топ өкілдерінің пікірінше, Қазақстанның әлемдік аэроғарыштық елге айналуға мүмкіндігі жеткілікті. «Байқоңыр айлағы, сынақ алаңдары, кәсіби аэродромдар, дамыған аэронавигациялық жүйе, халықаралық деңгейдегі әуе компаниялары - осыған дәлел. Сондай-ақ елімізде ғарышты бағындыруға арналған алғашқы қадамдар жасалуда» - дейді мамандар. Ұлттық аэроғарыш қауымдастығын құру арқылы оның мүшелері «Байқоңыр» ғарыш айлағының проблемаларын да шешуге ықпал жасамақ.
2 жыл бұрын (2009) «Жеті жарғы» баспасынан екі тілде жазылған «Кеден ісі бойынша сұрақтар мен жауаптар» - «Вопросы и ответы по таможенному делу» атты кітап жарық көрді. Авторы - кеден қызметінің полковнигі Бекен Нұрахметов.
Кітапта оқырмандардың үш жүздей сұрақтарына жауаптар берілген. Онда Қазақстанның заң шеңберiндегі кеден iсi туралы ғана емес, сонымен бірге бiздің елде бекiтiлген халықаралық конвенциялар, басқа да мәлiметтер жинақталған.
1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы «Сәйкестігі міндетті бағалануға (расталуға) жататын өнімнің Кеден одағының кедендік аумағындағы айналысы туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
ЕСІМДЕР
115 жыл бұрын (1896-1983) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЗАХАРОВ Вадим Павлович дүниеге келді.
Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. Мәскеу электртехника институтын бітірген. 1944-1978 жылдары Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, ғылыми кеңесшісі болды. 1978 жылдан өмірінің соңына дейін Орта Азия ирригация ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді.
Ол кешенді су торабына арнап су шаруашылығы мен су энергетикасы салаларындағы жұмыстарды экономикалық тұрғыдан есептеу әдістерін ұсынды. Орта Азия республикалары мен Қазақстанда электрлендіру ісі және су энергетикасын дамыту жөнінде бағалы ұсыныстар жасады.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
65 жыл бұрын (1946)Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Алтын бесік» журналының бас редакторы, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері БАЛҒАБАЕВ Сұлтанәлі дүниеге келді.
Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітіріп, «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде»), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), журналдарында, «Жалын» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. Он жылға жуық Ғабит Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған.
1978 жылы «Жалын» баспасынан «Жұлдызың жансын» атты қазақ спортшылары туралы деректі повестері мен әңгімелері шыққан. Содан бергі уақытта оның «Алтын сағым», «Құм мен қызғалдақ», «Дала мен дария», «Қазақтың қызыл кітабы» атты повестері мен әңгімелері, мақалалар жинақтары жарық көріп, «Қыз жиырмаға толғанда», «Біз де ғашық болғанбыз», «Қазақша күрес», «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек», «Ең әдемі келіншек», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Жымбала, Мико және қасқыр» атты пьесалары сахнаға қойылған.
55 жыл бұрын (1956) әскери қайраткер, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Қытай Халық Республикасындағы әскери атташесі, генерал-майор ОРАЗОВ Еділ Лұқпанұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Ақ Жайық ауданында туған. Энгельс әскери зениттік-зымырандық қолбасшылық училищесін, Георгий Жуков атындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс академиясын бітірген. 1979-1993 жылдары - Энгельс әскери зениттік-зымырандық қолбасшылық училищесінің взвод командирі, батарея курсанттарының командирі, оқытушысы. 1993-1998 жылдары - Шыңғырлау аудандық әскери комиссары, Батыс Қазақстан облысы әскери комиссарының орынбасары. 1998-2002 жылдары - Маңғыстау облысының және Ақтау қаласының әскери комиссары. 2002-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Ұлттық университетінің бастығы. 2005-2006 жылдары - «Батыс» өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының орынбасары. 2006 жылы - Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінде әскери атташе. 2007 жылы - Маңғыстау облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы. 2007-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери институтының бастығы. Қазіргі қызметінде 2010 жылдан бастап істейді.
Медальмен марапатталған.