ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 25-31 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 25-31 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚОҒАМ

2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялады.

25 шілде мен 3 тамыздың аралығында Мәскеуде «ТМД елдері жастар ұйымдарының көшбасшыларына арналған мәдениетаралық диалог» Жас көшбасшылар мектебі жұмыс істейді.

СПОРТ

16 шілде мен 1 тамыз аралығында Шанхайда жүзуден XIV әлем чемпионаты өтуде. Біріншілікке әлемнің 181 елінен 2,2 мыңнан астам спортшы қатысуда. Бұл жарыстарға Қазақстанның ұлттық құрамасы да қатысуда.

Бейбіт Шүменов 29 шілде күні АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегаста Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының жартылай ауыр салмақта Әлем чемпионы атағын қорғайды.

СЫРТҚЫ САЯСАТ

16 шілде мен 8 тамыз аралығында Ухань қаласында (Қытай, Хунань провинциясы) «Қытай тілінің көпірі» атты қытай тілі мен мәдениетінің 10-шы мерейтойлық бүкіләлемдік студенттер байқауы өтеді. Оған Қазақстан студенттері де қатысады.

АСТАНА

25 шілдеде Эталон орталығында баспасөз брифингі өтеді.

25 шілдеде «Бәйтерек» орталығында Мұсылмандардың Қасиетті айы -Рамазан айына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.

25 шілдеде Орталық сайлау комиссиясында Парламент Сенаты депутаттығына Ақтөбе облысының атынан кандидаттарды тіркеу мерзімін ұзарту туралы комиссия отырысы өтеді.

25 шілдеде Журналистер үйінде «Жанар-жағармай бағасының көтерілуі» тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты болады.

25 шілдеде Ұлттық теннис орталығында Теннис федерациясының вице-президенті Әділ Бөрлібаевтың және Қазақстанның Ұлттық құрамасы ойыншыларының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.

25-31 шілде аралығында Астанада осы маусымдағы Қазақстандағы ірі халықаралық теннис турнирі - ерлер үшін АТР және әйелер үшін ITF «Президент кубогы» жарысы өтеді .

29 шілдеде Астанада V Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені жетістіктерінің «Қараөткел-2011» жәрмеңкесі аясында, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ ресми қолдауымен, II Халықаралық «KazMeat&Milk-2011» мал шаруашылығы форумы өтеді.

АЛМАТЫ

25 шілдеде Алматы ауданының әкімдігінде «Бизнес-Кеңесші» курсы бойынша семинар өтеді.

25 шілдеде «Жетісу» қонақүйінде «Лотерея» кинотуындысының режиссерімен және актерларымен кездесу болады.

27-28 шілде күндері Алматыда «Аграрлық нарық инновациясы және өндіріс арқылы - күшті Қазақстанды бірге қалаймыз» деп аталатын республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтеді.

АЙМАҚТАР

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

23 сәуір мен 10 қыркүйек арасында Ақтөбе облысында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 екпінді апталық» деген ұранмен «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы өтеді.

ПАВЛОДАР

29 шілде күні Павлодардың қалалық саябағында «Даңқ минуты» байқауы өтеді. Байқауға 6 жастан 18 жас аралағындағы кез келген жас талант қатыса алады.

ШІЛДЕНІҢ 25-І, ДҮЙСЕНБІ

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

106 жыл бұрын (1905) Қоянды жәрмеңкесіне жиналғандар патшаның отаршылдық зорлығына қарсы петиция қабылдады. Ресей Министрлер кеңесі төрағасына жолданған бұл петицияда қазақ жеріне орыс шаруаларының қоныс аударуын тоқтату, қазақтар үшін жеке басқаруды ұйымдастыру, цензураны жою, қазақ тілінде іс жүргізуді ресми енгізу, Мемлекеттік думаны шақыру жобаларын әзірлеу жөніндегі кеңес жұмысына қазақ делегаттарын қатыстыру сияқты талаптарын қойды.

106 жыл бұрын (1905) Ташкент-Орынбор темір жолының солтүстік телімі пайдалануға берілді.

79 жыл бұрын (1932) Қазақ КСР Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасы құрылды.

54 жыл бұрын (1957) Қазақ КСР Ғылым Академиясы Физикалық-техникалық институтының негізінде Ядролық физика институты құрылды. Институттың құрылу мақсаты - ядролық физика саласындағы физикалық және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту қажеттілігі және ауыл шаруашылығының түрлі салаларында атом энергиясын қолдану, жоғары сапалы мамандарды дайындау болды. Институтты ұйымдастырушылар - Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті, академик Қаныш Сәтбаев және КСРО Ғылым Академиясының академигі Игорь Курчатов болды.

6 жыл бұрын (2005) Павлодар облысының Шарбақты ауданында павлодарлық Мұсылман-әйелдердің бірлестігі бөлімшесі құрылды.

Павлодарлық мұсылман-әйелдердің бірлестігі 17 жыл бұрын құрылған. Бірлестік мүшелері қазақтың салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртып, ұлттық шығармашылықты насихаттайды, Қазақстан халықтарының кіші ассамблеясы жұмыстарына қатысады.

4 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күресті жетілдіруге, оның көріністеріне жауапкершілікті күшейтуге, оның алдын алуға бағытталған механизмдерді енгізуге бағытталған «Сыбайлас жемқорлықпен күресті жетілдіру мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

4 жыл бұрын (2007) Қазақстанда «Халық қаһарманы» республикалық сыйлығы бекітілді.

«Халық қаһарманы» сыйлығы қоғамға, Қазақстан халқына қызмет еткен жоғары жетістігі үшін беріледі және ол мемлекеттік немесе саяси сыйлыққа жатпайды. Қазақстанның әлеуметтік және қоғам өміріне араласып өзінің үлесін қосқан әрбір азамат, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар оның иегері бола алады. Ал саясаткерлер, саяси партиялар мен қозғалыстар оның иегері бола алмайды.

2 жыл бұрын (2009) Алматының Түркісіб ауданында жаңа тігін фабрикасы ашылды.

Фабриканың негiзгi өнiмi - барит концентратына арналған қаптар шығару. Барит меншiктi салмағы ауыр минерал болғандықтан, оған стандарттық нормаларға сәйкес келетін қап керек.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1926-2009) мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген құрылысшысы МУСИН Қорған Нұрханұлы дүниеге келді.

Ресей Федерациясында туған. Ташкент ирригация және мелиорация институтын бітірген. Орта Азия ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. 1959-1961 жылдары - «Қазбұрғылайсуқұрылыс» тресінің бастығы. 1961-1965 жылдары - Алматы облыстық суғару жүйелері басқармасының бастығы. 1965-1966 жылдары - «Алматыоблыссуқұрылыс» тресінің бастығы. 1966-1970 жылдары - Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, орынбасары. 1970-1985 жылдары - Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрі. 1985-1987 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік агроөнеркәсіп төрағасының орынбасары - Қазақ КСР министрі. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 8, 11-шақырылымдарының депутаты болған.

Қазан Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

65 жыл бұрын (1946) зоотехник-ғалым, қоғам қайраткері, «Экология» Ұлттық академиясының академигі ЕСПАҒАНБЕТОВ Келдібай дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Байғанин ауданында туған. 1972-1982 жылдары - Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының аға, бас зоотехнигі. 1982-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақтөбе облыстық жүн зертханасының бастығы. 1999-2001 жылдары - Ақтөбе облыстық Шаруа қожалықтары қауымдастығының төрағасы. 2001-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Фермерлер ұлттық қауымдастығы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы. 2006-2008 жылдары - «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Төрт медальмен марапатталған.

60 жыл бұрын (1951) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасының ұзаққа созылған шиеленістер жөніндегі арнайы өкілі, Төтенше және Өкілетті Елші НҰРҒАЛИЕВ Болат Қабдылхамитұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Ерментау ауданында туған. С.Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтын, КСРО МҚК Қызыл тулы институтын бітірген. 1974-1981 жылдары аралығында мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет еткен. 1981-1985 жылдары - КСРО-ның Пәкістандағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы. 1985-1990 жылдары - КСРО Сыртқы істер министрлігінің екінші, бірінші хатшысы. 1990-1992 жылдары - КСРО-ның Үндістандағы Елшілігінің бірінші хатшысы. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі, Халықаралық қауіпсіздік және қарулануды бақылау басқармасының бастығы. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2000-2003 жылдары - Қазақстан Республикасының Кореядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2003-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2007-2009 жылдары - Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы. 2010 жылдың қаңтарынан - қазіргі қызметінде.

Бірнеше медальмен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 26-СЫ, СЕЙСЕНБІ

Куба Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Ұлттық төңкеріс күні. Куба - Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлықтары аралығындағы Куба, Хувентуд және олардың жанындағы Үлкен Антил аралдар тобында орналасқан мемлекет. Астанасы - Гавана қаласы. Ақша бірлігі - Куба песосы. Ресми тілі - испан тілі. 1976 жылғы қабылданған конституция бойынша мемлекет билігі халықтық өкіметтің қолында. Ол өз депутаттары арасынан Мемлекеттік Кеңес сайлайды және Министрлер Кеңесінің мүшелерін бекітеді. Осы екі Кеңестің төрағасы мемлекет басшысы болып есептеледі.

Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.

Либерия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1847). Либерия - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 13 графтыққа бөлінеді. Астанасы - Монровия қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - либерия доллары. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы қос палаталы парламент - Сенат және Ұлттық ассамблея. Жоғары атқарушы органы - Үкімет.

Мальдив Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1965). Мальдив - Оңтүстік Азиядағы осы аттас аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы - Мале қаласы. Ресми тілі - мальдив тілі. Ақша бірлігі - мальдив руфиясы. Конституциясы бойынша мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Меджлис.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

91 жыл бұрын (1920) Кеңестер съезінде Сәкен Сейфуллин Ақмола атқару комитеті мүшелігіне қабылданды және төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

43 жыл бұрын (1968) «Абай тілінің сөздігі» жарық көрді. Сөздікке 6 000-ға жуық сөз бен түсіндірмелер енген.

41 жыл бұрын (1970) Қазақ мемлекеттік циркі құрылды.

Ұлттық Қазақ цирк бағдарламасының алғашқы тұсаукесері Саратов мемлекеттік циркінде өтті. Бүгінде Қазақ мемлекеттік циркінің жетістіктері Қазақстанның әлем қоғамдастығындағы ортақ өркендеуімен тығыз байланысты. Біздің еліміздің цирк әртістері әлемнің көптеген елдерінде кеңінен танымал.

22 жыл бұрын (1989) Қазақ КСР Компартиясы Орталық комитеті жанындағы комиссия қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері, қазақ прозасындағы ең алғашқы роман «Бақытсыз Жамалдың» авторы Міржақып Дулатовтың шығармаларына дұрыс бағасын беріп, оларды жариялау туралы, әділеттілікті қалыптастыру туралы қорытынды шығарды.

17 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының ақша жүйесі туралы» Жарлығы жарияланды.

12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Барыс» ордені белгіленді. Бұл орденмен марапаттау Қазақстан Республикасының мемлекеттігі мен егемендігін нығайту iciнe; бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халкының бірлігін қамтамасыз етуге; мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қызметте; халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға; ұлттық мәдениеттерді жақындастыру мен өзара байытуға; мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды дамытуға ciңipгeн ерекше еңбегі үшін жүргізіледі. «Барыс» орденінің үш дәрежесі бар. І дәрежелі «Барыс» opдені жұлдыздан және иыққа асатын лентадағы белгіден тұрады.

7 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес, республика аумағында осы уақытқа дейін қолданыста болған 3 сағаттық белдеудің орнына 2 сағаттық белдеу белгіленді. Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында уақыт өлшемі елорда сағатынан 2 сағатқа кешігіп жүретін болды. Бұл белдеуге Ақтөбе облысы да кірді. Қызылорда және Қостанай облыстары елорданың сағат белдеуіне жақын орналасуына байланысты, аталмыш облыстар Астана қаласының сағаттық белдеуіне ауыстырылды. Осылайша, республиканың Қостанай, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында уақыт өзгерді. Бұл шара ең алдымен, республика халқына жайлы жағдай жасауға, облыстардағы әкімшілік жұмыстарды оңтайландыруға, елдің біртұтас энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, сыртқы және ішкі көлік - жүк тасымалдарын, аймақтардың телекоммуникациялық жүйелерін өзара үйлестіруге бағытталды.

6 жыл бұрын (2005) Павлодарда «Дела давно минувших дней» атты кітап жарық көрді.

Басылымның авторы, милиция ардагері, отставкадағы полковник Николай Буран шынайы адамдардың шынайы жағдайлары туралы жазады. Бұл Павлодардағы жергілікті милиция қызметін деректі әңгіме түрінде жазылған алғашқы кітап.

4 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Орталық-азиялық ынтымақтастығы» ұйымының Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа ықпалдасуы жөніндегі хаттаманы бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

4 жыл бұрын (2007) елордада ЖҚТБ (СПИД) індетіне қарсы күресу жаңа бағдарламасы енгізілді.

Бағдарламаның негізгі құрастырушысы Астана қаласының денсаулық сақтау департаменті. Басты мақсаты - АҚТҚ жұқпасының таралу жағдайын бір деңгейде ұстап отыру, оның жалпы таралуына жол бермеу, АҚТҚ/ЖҚТБ-мен науқастанғандардың өмірін ұзарту, өлімін азайту.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1921-2001) суретші-график, Қазақстанның халық суретшісі ГАЕВ Николай Степанович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Ресейдің Қорған облысында туған. Свердлов көркемсурет училищесін бітірген. 1946 жылы Алматыға келіп, «Қазақфильм» киностудиясында, республикалық баспаларда қызметте болған. 1962-1965 жылдары - Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының, 1968 жылдан графика секциясының төрағасы болды.

Ол эстамп, кітап графикасында және техникалық линогравюра, офорт, пастель, тағы да басқа салаларда еңбек етті. Ол түрлі тақырыптағы шебер салынған 20-дан астам графикалық топтаманың авторы. Оның шығармашылық табысына «Қырағы болыңдар, адамдар», «Соңғы хаттар», «Тың игеру», «Республиканың тууы», т.б. линогравюра, триптих, графикалық топтамалары және әл-Фараби, Әбілқайыр хан, Кенесары, Абай, Мұхтар Әуезов, т.б. тарихи тұлғалардың, сондай-ақ, өз замандастарының, әртістер мен жазушылардың, соғыс ардагерлерінің портреттері жатады. Ол республикадағы және шет елдердегі 60-қа таяу көрмелерге қатысқан. Суретшінің туындылары Мәскеудегі Третьяков галереясында, Алматыдағы Қазақстан мемлекеттік өнер мұражайында, Миландағы өнер мұражайында (Италия) сақтаулы.

Ұлы Отан соғысының 1-ші, 2-ші дәрежелі ордендерімен, медальдармен марапатталған.

75 жыл бұрын (1936-1990) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ӘБДІХАЛЫҚОВ Маршалл дүниеге келді.

Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастап, Тарас Шевченконың әдеби-мемориалды мұражайында, «Жас алаш» газетінде, «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыз» журналдарында, «Қазақфильм» киностудиясында еңбек еткен.

Жазушының «Желаяқ бала», «Алыстағы Маңғыстауда», «Қара тасқын» повестері, «Жердің асты жеті қат», «Сүйінқара» романдары жарық көрген. «Асыл жандар» атты пьесасы Атырау облыстық музыкалық драма театрының сахнасында қойылған. Маңғыстау облысының Түпқараған ауданы Ақшұңқыр ауылындағы орта мектепке жазушының есімі берілген және мұражайы бар.

75 жыл бұрын (1936) қоғам қайраткері, ғалым-офтальмолог, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері МҰСТАФИНА Жанар Ғабиденқызы дүниеге келді.

Ресейдің Новосібір қаласында туған. Қазақ медицина институтын бітірген. Негізгі ғылыми еңбектері көру мүшесінің патологиясы бар ауруларды анықтауға, емдеуге және сауықтыруға арналған. Ол мыс қорыту өндірісінде жұмыс істейтін адамдардың көз патологиясына ұшырау себептерін зерттеген. Оның басшылығымен глаукома ауруын анықтау, емдеу және одан зағип болып қалмау әдістері жетілдірілді, офтальмологиялық жұмыстарға қажетті директивті-нормативтік құжаттар әзірленді, сондай-ақ халыққа офтальмологиялық көмек көрсету мәселесі және Қазақстанда көз микрохирургиясы ұйымдастырылды, оқу-әдістемелік және ғылыми-өндірістік «Офтальмология» бірлестігі құрылды. Ғалым 1960 жылдан бері Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында еңбек етті.

«Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 27-СІ, СӘРСЕНБІ

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

101 жыл бұрын (1910) Орынборда «Багбустан ханым» атты әйелдер медресесі ашылды.

39 жыл бұрын (1972) Қазақ КСР-інің Су кодексі қабылданды.

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

12 жыл бұрын (1999) елімізде қорғансыз балаларға арналған тұңғыш отбасылық жаңа үлгідегі «СОС Алматы балалар қалашығы» ашылды.

6 жыл бұрын (2005) Батыс Қазақстан облысының Казталовка ауданында белгілі күйші Науша Бөкейхановтың 135-жылдық мерейтойына арналған домбырашылардың облыстық байқауы болып өтті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Оралдан келген Дәурен Тәшпенов алды. Конкурсқа жалпы 18 жас музыканттар қатысты.

Науша Мырзагерейұлы (1870-1944) Бөкейорда ауданының Шонай ауылында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы аумағы) дүниеге келген. Халық композиторы Дәулеткерейдің күйшілік дәстүрін біздің заманға жеткізген. Ол Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестріне 30 күй берген. Дәулеткерейдің 50 шақты күйін тартқан.

4 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуға бағытталған «Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

4 жыл бұрын (2007) Алматыда «Өмір аллеясы» салтанатты түрде ашылды.

Аллеяда өмірді бейнелейтін, тұмсығымен баланы алып ұшып бара жатқан құтанның мүсіні тұрғызылған. Бұл бейнелеу өмірде үлкен ауыртпалық көріп, тағдырдың тәлкегіне түскен жандарға арналған.

Ұйымдастырушылары - «ЛП-13 Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Алматы қалалық және Алмалы ауданы әкімдіктері.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1946) Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы ӘУБӘКІРОВ Тоқтар Оңғарбайұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаған. 1989 жылы 1-ші болып авиатасушы крейсердің алаңқайшысына «МиГ-29г» реактивті ұшағын шеберлікпен дәл қондырған. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылы сәуірдің 2-сінде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазанның 2-сінде Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ұшқан. Ғарышта ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынған. Сонымен қатар Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды, аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өткен. Ол Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери партриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Аэроғарыштық агенттігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, кеңесшісі. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. 2002-2003 жылдары - «Испат-Қармет» ААҚ-ының корпоративтік істер жөніндегі орынбасары. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық іс, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

«Құрмет белгісі», Ленин, Қазан революциясы, «Алтын крест» ордендерімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1951) мемлекет қайраткері ТЕМІРБАЕВ Алик Ыдырысұлы дүниеге келді.

Қарақалпақстан АКСР Иуйнак ауданында туған. Мәскеу сәулет институтын бітірген. Алматы қалалық атқару комитеті Сәулеттік жоспарлау басқармасының бас сәулетшісі болып жұмыс істеген. 1979-1989 жылдары - «Алматыгипрогор» мемлекеттік жобалау институтының бас сәулетшісі, жобалардың бас сәулетшісі. 1989-1994 жылдары - «Алматы басжоспар» мемлекеттік жобалау институтының жобалар бас сәулетшісі. 1994-2003 жылдары - Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім бастығы. 2003-2004 жылдары - Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы. 2005-2006 жылдары - Алматы облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармасы бастығының орынбасары - бас сәулетшісі. 2006 жылдың қарашасынан - Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы, бастығы.

ШІЛДЕНІҢ 28-І, БЕЙСЕНБІ

Перу Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1821). Перу - Оңтүстік Американың батысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Эквадор, Колумбиямен, шығысында Бразилия, Боливиямен, оңтүстігінде Чилимен шектеседі. Астанасы - Лима қаласы. Ресми тілі - испан, кечуа және аймара тілдері. Ақша бірлігі - нуэво соль. Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1997 жылғы ақпанның 6-сында орнатылды.

PR-маман күні. 2003 жылы шілденің 28-інде Ресей Федерациясының еңбек және әлеуметтік даму министрі Жалпыресейлік жұмысшылар кәсібін, қызметкерлер лауазымын және тарифтік дәрежесін жіктеушімен жұртшылықты байланыстырушы мамандардың біліктілік сипаттамасын енгізу туралы қаулыға қол қойды.

Кәсіпті мемлекеттік тіркеу үдерісі 2001 жылы Ресей жұртшылықпен байланыс қауымдастығының бастамасымен басталды. PR - ұйымның негізгі бизнесін дамытуға мүмкіндік беретін маркетинг, жарнама сияқты мәртебеге ие болды. 2004 жылы шілденің 24-інде Ресей PR-қауымдастығы кәсіптің мемлекеттік тіркелген күнін атап өтті. Сол кезден бастап PR-маман күнін жыл сайын атап өту дәстүрі қалыптасты.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

42 жыл бұрын (1969) Жамбыл облысында Жаңатас қаласының іргетасы қаланды. Жаңатас - Жамбыл облысы Сарысу ауданының орталығы. Қала тарихы фосфорит өндірісінің жандануымен тікелей байланысты.

19 жыл бұрын (1992) Брюссельде Қазақстан Республикасымен Еуропалық Комиссия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы нота алмастыру рәсімі өтті.

11 жыл бұрын (2000) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының стратегиялық мүддесінде ерекше маңызы бар ұйымдар мен нысандардың қызметін мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету мақсатында жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлік нысандарының тізбесі туралы Жарлыққа қол қойды.

8 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі номиналы 10 000 теңгелік банкнотты айналымға енгізді. 2007 жылдың мамыр айында Бангкокте өткен банкноттар мен шақалар жасаудың технологиясына, оларды қорғаудың осы заманғы элементтеріне, қолма-қол ақшаның әртүрлі елдердегі айналымы проблемаларына арналған Currency конференциясында 2006 жылы қарашада шығарылған қазақстандық 10 000 теңгелік банкнот «Таңдаулы жаңа банкнот» аталымында бірінші орынға ие болды.

6 жыл бұрын (2005) Оралда «Соқпақ-Тропинка» ғылыми-әдiстемелiк журналдың бiрiншi саны жарық көрді.

Журнал қазақ және орыс тілдерінде басылып шығарылады. Оның бірінші саны педагогикалық жұмыстардың тәжірибесі, балалардың жазғы саяхаты, мектеп білімінің методикасы, қоршаған ортаны қорғау, өңірдің тарихы және психология тақырыптарын қамтыды. Журналдың басты мақсаты жас ұрпақты отан сүйгіштік сезімге тәрбиелеу болып табылады.

4 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білім саласында қоғамдық қатынастарды реттеуге, осы саладағы мемлекеттік саясаттың қағидаттарын анықтауға және Қазақстан Республикасы азаматтары, сондай-ақ елімізде тұрғылықты тұратын шетел және азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған «Білім туралы» Заңға қол қойды.

2 жыл бұрын (2009) «Ертіс» ӘКК және «Теньши» ЖШС кесек сөндірілмеген әк өндірісін өндіру жобасы бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қол қойылған құжатқа сәйкес «Ертіс» ӘКК жобаға қатысқан жағдайда әк зауытының дамуына өз үлесін қосып, тауарды қазақстанның және шетелдің нарығына өткізуге көмек көрсету керек.

1 жыл бұрын (2010) Алматыда Мега ойын-сауық кинотеатрында тұңғыш рет «Балаларға өмір сыйла!» деп аталатын қайырымдылық туралы түсірілген деректі фильмнің тұсауы кесілді. Деректі фильмнің режиссері - Игорь Гонопольский, авторы - Жанна Балақаева. Аталмыш шығарма «Мейірімділік» «Еріктілер қоғамы» қоғамдық қорының «Балаларға өмір сыйла!» деп аталатын акциясы аясында түсірілген. Бұл шара 2007 жылы ақпан айында басталған болатын.

Фильм қайырымдылық деген түсінікке жауап береді. «...Қайырымдылық қорлар қалай жұмыс істейді? Қаражаттар қайда барып жатыр? Қайырым көрсету қалай тартылады? Олар жалпы кімдерге көмектесуде, сол балаларға көмектің қажет екендігіне қалай сенуге болады? Көмек берілгеннен кейін не болды? Ол балалар қалай өмір сүруде және оның ата-аналары көмек берген адамдарға не айтқысы келеді?...» дегендей. Міне, осы сұрақтардың бәріне бүгінгі фильм жауап бере алады. Таныстырылым барысында сонымен қатар, танымал суретші Жанарбек Аманқұловтың «Рахмет, Сіз маған өмір сыйладыңыз» деп аталатын күнтізбенің тұсауы кесілді. Онда түрлі операциялардан кейін сауығып кеткен, дені сау балалардың суреттері енгізілген. Шараға фильмнің басты кейіпкерлері болған балалар және олардың ата-аналары, еріктілер, қоғам қайраткерлері, Бүқаралық ақпарат өкілдері, көмек көрсеткен дәрігерлер мен компаниялар қатысты.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1936) Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері, 3- сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі БАЙМҰХАМЕТОВ Иртай Делмағамбетұлы дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Қостанай облысы Жетіқара ауданаралық прокуратурасының тергеушісі, Қостанай облысы прокуратурасының аға тергеушісі, прокурор көмекшісі, Федоров ауданының прокуроры, Қостанай облыстық прокуратурасының бөлім бастығы қызметтерін атқарған. 1970-1975 жылдары - Қостанай облыстық атқару комитеті Әділет басқармасының бөлім бастығы. 1975-1985 жылдары - Қазақ КСР-і Әділет министрлігінің бөлім, басқарма бастығы. 1988-1993 жылдары - Алматы облысының прокуроры. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бөлім бастығы. 1995 жылдан бері зейнет демалысында. Қазақстан Республикасы Парламенті Аппаратында консультант болып жұмыс істеген.

Медальмен, Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

65 жыл бұрын (1946-2006) философия ғылымының докторы, профессор ОРЫНБЕКОВ Мұқанмадияр Серікбекұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым Академиясы Философия институтының аспирантурасын бітірген. 1972-1995 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының ғылыми қызметкері, аға, жетекші, бас ғылыми қызметкері, қазақ философиясы бөлімінің меңгерушісі. 1995-2006 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі болған. Ғалымның бірнеше кітабы және 60-тан астам жарияланымы бар.

50 жыл бұрын (1961) «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы, экономика ғылымының кандидаты ПАЛЫМБЕТОВ Болат Әбілқасымұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазақ политехника институтын, Еуразия нарық институтын бітірген. 1990-1991 жылдары - «Қайсар» өндірістік кешені төрағасының орынбасары, Республикалық жүйелі зерттеулер орталығы қолданбалы зерттеулер бөлімінің меңгерушісі. 1991-1992 жылдары - «Жастар» жастар қоры кеңесінің төрағасы, «Олжа» шағын кәсіпорны директорының орынбасары. 1992-1993 жылдары - Алматы қалалық жастар ісі комитеті экономика бөлімінің меңгерушісі, «Астана-Полис» сақтандыру фирмасының директоры. 1993-1997 жылдары - «Астана-Инвест» инвестициялық жекешелендіру қорының басқарушысы. 1997-1998 жылдары - «Астана-Холдинг» Корпорациясы» ЖАҚ-ының президенті, бақылау кеңесінің төрағасы. 1998-1999 жылдары - «Қазақстан халықтық жинақ банкі» ААҚ басқармасы төрағасының орынбасары. 1999-2001 жылдары - Атырау облысы әкімінің орынбасары. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Экономика және сауда вице-министрі, «ҚазТрансОйл» ЖАҚ бас директорының орынбасары, бас директоры, «Мұнай және газ тасымалдау» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ бас директорының бірінші орынбасары. 2002-2006 жылдары - Маңғыстау облысының әкімі. 2006 жылы - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі. 2007 жылы - «Меркурий» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. 2007-2010 жылдары - «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының басқарма төрағасы. 2010-2011 жылдары - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары - басқарушы директоры. «ҚазПетроМаш» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады.

«Құрмет», 3-дәрежелі «Ерен еңбегі үшін» ордендерімен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 29-Ы, ЖҰМА

Жүйе әкімшілері күні. 1999 жылдан бастап шілде айының соңғы жұмасында корпоративтік әкімшілік және үй жүйелері, деректер базасы, пошта жүйесі, программалық

комплекс және басқа да жүйелер мамандарының кәсіби мейрамы - Жүйе әкімшілері күні аталып өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

75 жыл бұрын (1936) Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің Қарағанды облысын бөлу туралы қаулысы жарық көрді. Осы құжатқа сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы бөлініп шықты. Қарағанды облысының орталығы - Қарағанды қаласы. Облыс құрамында 11 қала, 39 кент, 168 ауылдық әкімшілік округі бар.

75 жыл бұрын (1936) Қостанай облысы құрылды. Орталығы - Қостанай қаласы. Территория аумағы - 196 мың шаршы шақырым. Облыс Қазақстан Республикасының төрт облысымен - Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарымен және Ресей Федерациясының Орынбор, Челябі, Қорған облыстарымен шектеседі. 1997 жылғы маусымның 17-сінде Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен орыс тіліндегі «Кустанай» атауы «Костанай» болып, ал «Кустанайская область» - «Костанайская область» болып өзгертілді. Облыс аумағында 100-ден аса ұлт өкілдері тұрады. 2010 жылғы қазанның 1-індегі санақ бойынша облыс халқының саны 882018-ді құрады.

21 жыл бұрын (1990) Алматыдағы Медеу мұз айдынында «Азия дауысы» музыка өнеріндегі танымал әндер мен талантты орындаушылардың бірінші Халықаралық байқауы өтті. Бас жүлдені Өзбекстаннан келген «Карс» тобы жеңіп алды. 1993 жылы «Азия дауысы» Халықаралық фестивальдар ұйымдастыру федерациясына (ФИДОФ) мүшелікке қабылданды. Аталған байқауға арналған «Алтын домбыра» жүлдесін алғашқы жылдары Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, 1997 жылы Роза Рымбаева жеңіп алды.

11 жыл бұрын (2000) Семей полигонының аумағында соңғы ядролық заряд жойылды. Ұзақ жылдар бойы көп қасірет шеккен Қазақстан халқы халықаралық атом зардабының бүкіл ауыртпалығын көтеріп келді. 45 жыл бойына дерлік Семей даласында 459 ядролық жарылыс, соның ішінде ауада 113 жарылыс жасалды. Радиоактивтік сәуле алған жарты миллионнан астам қазақстандықтардың денсаулығы ядролық жанталаса қаруланудың құрбандығына шалынды.

9 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу ережесі» бекітілді.

6 жыл бұрын (2005) елордада жаңа саябақ ашылды. Ол Қазақстан спорткешенінің маңында Ақ Бұлақ өзенінің жағалауында орналасқан. Жалпы аумағы 11,32 га құрайды. Саябақта 2 мың 800 шаршы метрге гүл, 1800 ағаш көшеті отырғызылған, 385 шамдар орнатылған. 2 мың 146 шаршы метрді құрайтын балаларға арналған ойын алаңы бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңдары да бар. Спортшыларға арналған жаттығу орындары кішігірім теннис кортын, баскетбол алаңын, бадминтон ойнайтын алаңды құрайды. Саябақтың орталығында жалпы диаметрі 18 метрді құрайтын су бұрқақ орналасқан.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда шілденің 29 мен 31 аралығында «Тау самал» атты авторлық өлеңдердің фестивалі өтті.

Ұйымдастырушысы - Алматы облысы әкімшілігінің қолдауымен «Аэлита» шығармашылық бірлестігі. Шараға қолдау көрсеткендер «Dilmah» сауда маркасы, «Oil trade center» компаниясы және «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты.

2 жыл бұрын (2009) Павлодар облысында Есқара ауылында жаңа мешіт ашылды.

Көк күмбезді және төрт мұнаралы мешіт мектептің жанынан салынып отыр. Бұл кездейсоқ емес - мешітке Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан бұрынғы мұғалім Шайдолла Ахметовтың (1910-1943) есімі берілген.

Мешіт Железин ауданы тұрғындарының қаржыларына салынып отыр, жауынгердің ұлы мен немерелері де қомақты үлес қосты.

1 жыл бұрын (2010) Астанада «Менің Отаным - Қазақстан» сериясы ауқымында «Баянауыл» кітабы жарық көрді. Көркем безендірілген ғылыми-көпшілік басылымды тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев жазып шықты. Баспа 2006 жылдан «Менің Отаным - Қазақстан» сериясымен біздің тарихи аймақтарымызға арналған кітаптар шығарып келеді. Бұған дейін «Ұлытау», «Ойыл», «Ерейментау», «Қазығұрт», «Отырар» атты кітаптар шыққан болатын. Жамбыл Артықбаевтың кітабында Баянауыл өңірінің бұрынғы және қазіргі тарихынан сыр шертіледі. Табиғаты көркем өңірден талай марқасқа азаматтар шыққан.

Таныстырылымға қатысқан зиялы қауым бұл кітап өлкетанушылар мен тарихшыларға ғана емес, өңірдің ерекшелігін білуге құмартқан бүкіл оқырман қауым үшін де пайдалы екенін атап өтті. «Баянауыл» кітабының алғашқы таралымы - 1000 дана.

1 жыл бұрын (2010) Польшаның Балтық жағалауындағы Ленбе курорттық қалашығында Қазақстанға арналған көрме өтті. Бұл польшалық қала үшін көрменің ерекше экспонаты бай жабдықтарға толы қазақтың нағыз киіз үйі болды. Сондай-ақ «Астана - болашақтың қаласы» және «Қазіргі Қазақстан» фотокөрмелері де қойылды. Жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың ұйымдастыруымен өтіп отырған «Теңіз бен Дала - екі күш» атты көрме Қазақстанның бастамасымен биылғы жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында «Мәдениеттер жақындасуының халықаралық жылы» аясында Қазақстан мен Польша халықтарының мәдениетін танудағы тағы бір қадам болып табылады. Көрме аясында қазақтың музыка өнерін зерттеуші Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабының тұсаукесері тағы бір айтулы сәт болды.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1951) «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары, экономика ғылымының кандидаты ЖАНАБАЕВ Бердібек Шыныбайұлы дүниеге келді.

Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген. Құрылыс ұйымдарында инженер, шебер, прораб, болып жұмыс істеп, Оңтүстік Қазақстан облыстық коммуналдық меншіктерді және активтерді басқару жөніндегі департаменттің директоры болған. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республиксы Президенті Іс басқармасы Салынып жатқан нысандарға техникалық қадағалау жүргізуді жүзеге асыру жөніндегі дирекцияның директоры. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың тамызынан бастап істейді.

ШІЛДЕНІҢ 30-Ы, СЕНБІ

Марокко Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тақ күні. 7 жыл бұрын (1999) VI Мұхаммед таққа отырды. Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 28-інде орнатылды.

Вануату Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1980). Вануату - Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі аралдарда орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 11 округке бөлінеді. Астанасы - Порт-Вила қаласы. Ресми тіл - бислама (пинджин), ағылшын және француз тілдері. Ақша бірлігі - вату. 1980 жылы қабылданған Конституциясы бойынша мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы - Ұлттық ассамблея.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

57 жыл бұрын (1954) Қытайда Іле қазақ автономиялық ауданы құрылды.

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Кабо-Верде Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

18 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға ресми сапармен келген Болгария Президенті Желю Желевпен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Болгария арасындағы достық қарым-қатынас және ынтымақтастық туралы шартқа, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісімге, Қазақстан-Болгар бірлескен несие-инвестиция банкін және холдингісін құру туралы, ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық туралы конвенцияға және басқа да құжаттарға қол қойылды.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы құрылды.

Жаңа қоғамдық ұжымның мақсаты - елiн, жерiн сүйетiн, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге, оны өзгелерден талап етiп жүрген ұлтжанды, намысшыл азаматтарымыздың қайратын жанымақ.

2 жыл бұрын (2009) физика-математика ғылымдарының кандидаты, Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің доценті Байсалов Ержан Рахметоллаұлы «Қазақтан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болды.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1911-1992) қолданбалы математика және есептеу техникасы саласының ғалымы, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі АКУШСКИЙ Израиль Яковлевич дүниеге келді.

Украинаның Днепропетровск қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1953-1956 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы машина және есептеу математикасы зертханасында меңгеруші болған. Ол есептеу математикасы мен техникасы саласында қалдықтар кластары жүйесіндегі жаңа бағыттың, есептеу процестерін ұйымдастыру мәселелерінің негізін салған. Сондай-ақ есептеу теориясын, бағдарламалау негіздерін, қолданбалы инженерлік шешімдер мәселесін зерттеген. Ғалымның елімізде және шет елдерде кеңінен танымал 200-ден астам еңбегі және оның ішінде 12 монографиясы бар. 90 өнертабыстың авторы, олардың көпшілігі АҚШ-та, Жапонияда, ГФР-де патент алған.

60 жыл бұрын (1951) әнші, КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Бүкілодақтық комсомол сыйлығының, кәсіпқой әншілердің Михаил Глинка атындағы бүкілодақтық, Р.Шуман атындағы халықаралық конкурсының және Рио-де Жанейрода өткен Халықаралық байқаудың лауреаты ДІНІШЕВ Әлібек Мұсаұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы музыка училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1976-1979 жылдары Қазақ филармониясының, 1978-1996 жылдары Қазақ опера және балет театрының әншісі болған. 1997 жылдан бастап «Әлібек Дінішев театры және вокал академиясын» құрып, соған басшылық жасауда.

Ол театр сахнасында Ленский (Петр Чайковскийдің «Евгений Онегинінде»), Владимир (Александр Бородиннің «Князь Игорінде»), Айдар (Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абайында»), Төлеген (Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде»), т.б. партияларды орындап, халыққа концерттік-орындаушылық қызметімен де кеңінен танылды. Оның репертуарында қазақ халық әндері, халық композиторларының әндері, сонымен қатар шетел композиторларының да шығармалары бар.

Парасат орденімен, медальмен марапатталған.

50 жыл бұрын (1961) «ҚазАгроИнновация» АҚ «Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-ының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты ҚАСҚАРБАЕВ Жексенбай Айтошұлы дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Торғай облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасының агрономы, кіші, аға ғылыми қызметкері, директордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 1994-2002 жылдары - Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, бөлім меңгеруішсі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 2002-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Александр Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» респубилкалық мемлекеттік кәсіпорны директорының міндетін атқарушы, директоры. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.

60-тан астам ғылыми жарияланымның авторы.

2 медальмен марапатталған.