ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 25 сәуір мен 1 мамырдың аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

25 сәуірде Үкіметте селекторлық отырыс болады.

18-26 сәуір аралығындареспублика аумағында Ішкі істер министрлігі «Түнгі қаладағы балалар» атты акция өткізуде.

28 сәуірде ҚР Әділет министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының техникалық қолдауымен «Қазақстан Республикасында Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакті және Әмбебап кезендік шолу ұсыныстары бойынша азаматтық және саяси құқықтарды жүзеге асыру, Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні орындауы туралы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінде алғашқы баяндамасын қорғау» тақырыбына дөңгелек үстел өткізеді.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

26 сәуір күні Бакуде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеу жөніндегі Арнайы жұмыс тобының 28-ші мәжілісі өтеді.

23-30 сәуір аралығында елімізде «Өзіңді және өз жақындарыңды қорға! Екпе жасат!» ұранымен еуропалық иммунизациялау апталығы өтеді

АСТАНА

9 сәуірден 15 маусымға дейін Астананың Жеңіс және Иманов көшелерінде жол-құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

23-26 сәуір аралығында Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Ұлттық театрлардың республикалық фестивалі өтеді.

25-29 сәуір аралығында Бас прокуратура институтында «Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік жасау және атқарушы іс өндірісін прокурорлық қадағалаудың басым бағыттары» атты тақырыпта семинар өтеді.

25 сәуірде «Рэдиссон» қонақүйінде Азиялық Даму банкінің Орталықазиялық аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы бойынша кеңес болады.

25 сәуірде Қазақтың Ұлттық өнер университетінде «20 жыл тоғысында» деген тақырыпта еліміздің саяси және мәдениет қайраткерлерімен кездесу болады.

25 сәуірде Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшілігінде «Чернобыль апатынан 25 жылдан кейін. Тарих бізге нені үйретті» деген тақырыпта брифинг болады.

27 сәуір күні ҚР Президенттік Мәдениет орталығында халық әртісі, академик, профессор және композитор Ахмет Жұбановтың туғанына 105 жыл толуына арналған «Ғасырлар пернесі» атты музыкалық кеш өтеді

29 сәуірде Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының көрме залында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі өтеді. Көрме 15.00 басталады.

АЛМАТЫ

Алматыда 15-26 сәуірде «ARTFOGLIO» галереясында «Сымбат» дизайн және технология академиясы жас оқытушыларының ұжымдық көрмесі өтуде.

22-26 сәуірдің аралығында Алматыда Студентік және дебюттік фильмдердің «Бастау» І халықаралық кинофестивалі өтуде.

25 сәуір мен 1 мамыр аралығында Алматыда теннистен ерлер арасында «Almaty Futures» деп аталатын жоғары дәрежелі халықаралық турнир болады

АЙМАҚ

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

25-26 сәуірде Көкшетау қаласында «Ақбота» қоғамдық қоры Ақмола облысының білім беру департаментімен және облыстық біліктілікті арттыру институтымен бірлесіп, Ұлттық волонтерлік желінің қолдауымен, Инновациялық жобалардың халықаралық жәрмеңкесін өткізеді.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

26-30 сәуір аралығында Оралда Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының гастролі болмақ.

25-30 сәуір аралығында «Біз бейбітшілікті қолдаймыз» атты сынып сағаттары, ұлттық ойындардан жарыстар, түрлі ұлт өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылмақ.

26 сәуір-1 мамыр аралығында «Әрқашан күн сөнбесін!» атты сурет, «Бір шаңырақ астындамыз» балалар шығармашылығы қолөнері, «Қазақстан достық шаңырағы астында» деген тақырыпта кітап көрмесі өткізілмек.

28 сәуірде Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған ХІІ «Достық» фестивалі ашылады.

1 мамыр күні Оралда мерекелік шеру болып, театрландырылған концерттік бағдарлама қойылмақ. Сондай-ақ өнімдер жәрмеңкесі мен мерекелік сауда-саттық, басқа да мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылады. Осындай шаралар мамыр бойы жалғаспақ.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ

25 сәуір күні Таразда теннистен балалар мен жасөспірімдер арасында бірінші дәрежелі міндетті турнирлер сериясы басталады.

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні Павлодарда субұрқақтар іске қосылады.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

СӘУІРДІҢ 25-І, ДҮЙСЕНБІ

Бүкіләлемдік безгекке қарсы күрес күні (ДДҰ). Безгек әлем халқының 40 пайызына қауіп төндіруде. Жыл сайын 500 миллионнан астам адам безгекпен ауырып, бір миллионнан астам адам осы кеселден көз жұмады. Ең ауыр салмақ Африканың Сахарадан әрі қарай оңтүстігіне түседі, бірақ бұл ауру адамдарды Азияда да, Латын Америкасында да, Таяу Шығыста да, тіпті Еуропаның кейбір бөлігінде де жалмайтын көрінеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы өзінің 2007-нші жылғы мамырдағы сессиясында бекіткен Бүкіләлемдік безгекке қарсы күрес күні - бұл безгекке қарсы тиімді күрес жүргізуді қамтамасыз ету бойынша жаһандық күш жұмылдыру қажеттігін мойындау күні. Бұл күні өз аумақтарында ауру тарап кеткен елдер - өз күш-жігерлерін бір-бірімен тәжірибе алмасып, бірін-бірі қолдауға жұмылдырады; жаңа донорлар - безгекке қарсы күрес жолында жаһандық әріптестікпен бірлесіп қимылдауға жұмылады.

ОҚИҒАЛАР

90 жыл бұрын (1921) құрамында 233 болыс елді біріктірген Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл уездері негізінде Ақмола губерниясы құрылып, орталығы Петропавл қаласы болды.

10 жыл бұрын (2001) Ыстамбұлда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммиті өтті.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда Сырым Бөкейхановтың қазақ және орыс тіліндегі «Өткенді ұмытуға болмайды» («Нельзя о прошлом позабыть») деген кітабының тұсау кесер рәсімі өтті. Ол кітапта қазақтың көрнекті қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ысмағұл Сәдуақасов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Елизавета Бөкейханова-Сәдуақасова және олардың ұрпақтары туралы айтылған. Қосымша мәліметтер Мәскеуден және Санкт-Петербордан алынған, Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы ақпарат кеңейтілген, Қасенхан Алтынбеков туралы жаңа тарау пайда болды.

5 жыл бұрын (2006) Қазақстанның Мәскеудегі Елшілік ғимаратында Шығыс Пруссияда қаза болған кеңес жауынгерлерін еске алу жөніндегі «Ескерткіш» қорының қызметіне арналған таныстырылым өтті. Галина Смирнова мен даңқты генерал Иван Панфиловтың қызы Майя Панфилова бастамашы болып отырған бұл ұйым ең алдымен, Ұлы Отан соғысы жылдарында Шығыс Пруссия аумағында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің құрметіне мемориалдық аумақ құруды жоспарлап отыр. Қордың таныстырылымына қазақстандық дипломаттар, қазақстандық мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық компаниялардың Мәскеудегі өкілдіктерінің басшылары, Мәскеудегі қазақстандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

5 жыл бұрын (2006) Астанада Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілердің «Атамекен» жалпыұлттық одағы мен Ресейдің кәсіпкерлер және өндірісшілер одағының басшылары өзара ықпалдастық жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Аталмыш құжатта Қазақстан мен Ресейдің іскер қауымдастықтары арасындағы өзара әріптестік қарым-қатынасты күшейту, екі ел аумағындағы ортақ өндіріс ошақтарының жұмысына қолайлы жағдай жасау, ғылыми-техникалық және сауда-экономикалық қатынастарды реттейтін бүгінгі заңдылықтар туралы бір-бірін хабардар ету мен ортақ іс-шараларды өткізуді қолдау міндеттері қарастырылған.

4 жыл бұрын (2007) Қазақстанда ең алғашқы «Сentras Private Equite Fund» халықаралық тікелей инвестициялық қор ашылды.

Бұл қордың басты инвесторы Еуропалық қайта құру және даму банкі.

Қордың негізгі инвестициялары бастапқы кездегі немесе бизнестің даму кезеңінде тұрған шағын және орта бизнес компанияларын дамытуға бағытталады. Қордың мақсатты секторлары болып банктік емес қаржылық қызмет, азық-түлік, бөлшек сауда, телекоммуникацияның баламалы қаражаты, құрылыс материалдары өндірісі табылады.

Қордың негізін қалаушы және инвестициялық менеджері «Ceнтрас Cекьюритиз» АҚ-ы.

4 жыл бұрын (2007) Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде Мұнай мен газ институтының жанындағы Геологиялық ғылымдарды зерттеу орталығы ашылды. Орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған.

2 жыл бұрын (2009) Алматыдағы қалалық әкімшілігі ғимаратының алдында Сакура аллеясының салтанатты ашылу рәсімі болды.

2008 жылдың маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапармен барған кезінде Сакура көшеттерін Қазақстан халқына сыйға тартқан болатын. Хоккайдо аралынан сакураның 9 түрі алынған, ондағы климат Алматының табиғатына ұқсас.

110 жыл бұрын (1901) Нью-Йорк штатында әлемде алғаш рет автомобиль нөмері енгізілді.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1931) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ӘМІРБАЕВ Вильжан Мәулетінұлы дүниеге келді.

Талдықорған қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және КСРО ҒА Математика институтының аспирантурасын бітірген. 1959-1965 жылдары - Қазақстан ҒА Төралқасы жанындағы машина және есептеу математикасы зертханасының кіші ғылыми қызметкері, меңгерушісі. 1966-1972 жылдары Мәскеудегі әр түрлі ғылыми мекемелерде қызмет істеген. 1972-1977 жылдары - Қазақ КСР ҒА-ның Математика және механика институты директорының орынбасары. 1978-1988 жылдары Мәскеу азаматтық авиация инженерлері институты электрондық есептеуіш машинасы кафедрасының меңгерушісі. 1988 жылдан Қазақстан ҒА Физика-математика ғылымы бөлімшесінің академик-хатшысы болған. Қазіргі уақытта Мәскеу қаласында тұрады.

Негізгі ғылыми еңбектері есептеу математикасына, сондай-ақ есептеуіш машиналардың арифметикалық негізін жетілдіруге арналған. 6 монографиясы және 20 авторлық куәлігі бар. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясында тұрады.

75 жыл бұрын (1936) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі АЛШЫНБАЕВ Тұрдыбек дүниеге келді.

ҚХР-дің Тарбағатай аймағындағы Шәуешек қаласында туған. Шынжаң мұғалімдер институтын бітірген. 1965-1988 жылдары аралығында аудандық «Жаңа өмір», қазіргі «Ұлан» газеттерінде, «Жалын» баспасында, қазіргі «Шалқар» газетінде жауапты қызметтер атқарған. 1988 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысады.

Алғашқы әңгімелері 1965 жылдан бастап жариялана бастаған. «Өткел», «Асу да асу бел еді», «Жалбыз иісі» атты әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрген.

65 жыл бұрын (1946) ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Тәуелсіздіктің он жылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері, Жамбыл облысының құрметті азаматы АХМЕТОВА Күләш дүниеге келді.

Қырғызстанда туған. Жамбыл медицина училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1973-1977 жылдары - республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1977-1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінің редакторы болған. 1980 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысады.

1975 жылы ақынның алғашқы «Ақ гүлім менің» жыр жинағы жарық көрді. Сонымен қатар «Сен менің бақытымсың», «Жапырақ жаздың - жүрегі», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Наурыз нұры», «Күн шыққанда күліп оян», «Арғымақтар даласы», «Махаббат жылы», «Ләйлектер қайтып келгенде», «Жасыл жағалау», «Өкініш әні», «Бақ», «Құт», «Махаббат» т.б. шығармалары бар. К.Ахметова әлем әдебиетінен А.Межиров, А.Ахматова, С.Нерис, Н.Ислам, Э.Межелайтис өлеңдерін қазақ тіліне аударған. «Сен менің бақытымсың» атты кітабы үшін ақынға Қазақстан Комсомолы сыйлығы берілген. Ақынның өлеңдері орыс, украин және бірнеше түркі тілдеріне аударылған.

«Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, басқа да бірқатар медальдермен марапатталған.

50 жыл бұрын (1961) САХНОВ Владимир Николаевич дүниеге келді. Ол - шаңғымен сырғанаудан халықаралық санаттағы спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы (1985-1989), Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушы.

Ақмоа облысында туған. Боровской ауылшаруашылық техникумын бітірген. Осы кезден бастап шаңғы спортымен айналыса бастаған.

КСРО халықтарының 5-6 қысқы спартакиадасының 50 шақырым қашықтықтағы жеңімпазы, 1984 жылғы қысқы олимпиада ойындарына қатысушы (30 шақырымдық жарыста 4-орын, 50 шақырымдық жарыста 8-орын, 1988 жылы эстафетадан 2-орын, Калгари, Канада), Әлем чемпионатының 4х10 шақырымдық эстафеталық жарысының күміс жүлдегері. Алғашқы жаттықтырушысы - А.Смагин, КСРО құрамасындағы жаттықтырушысы - В.Филимонов. 1993-1999 жылдары шаңғымен сырғанаудан Қазақстан ерлер құама командасында аға жаттықтырушы болып қызмет атқарды. Қазіргі кезде Көкшетау қаласында тұрады, Ақмола облыстық олимпиадалық резерв мектебін басқарады.

СӘУІРДІҢ 26-Ы, СЕЙСЕНБІ

Халықаралық зияткерлік меншік күні. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас ассамблеясы 2000-ыншы жылғы қыркүйектегі мәжілісінде осы мерекені бекіту туралы шешім қабылдады. Дүниежүзілік зияткерлік меншік күні адамның күнделікті өмірінде және қоғамды жетілдіруде инновациялардың маңызын атап өтуге мүмкіндік береді. Патенттердің, тауар белгілерінің, автор құқығы мен еншілес құқықтардың шығармашылық пен білім нәтижелері ретінде экономикалық және мәдени дамуға жәрдем жасайтын қуатты құралдар.

Радиациялық апат құрбандарын еске алу күні. 1986 жылғы сәуірдің 26-ында Чернобыль атом электр стансасында апат болды. Ресей Федерациясы Жоғарғы Кеңес Төралқасының 1993 жылғы сәуірдің 22-індегі қаулысына сәйкес атап өтіледі.

2005 жылғы тамыздың 26-ында Қазан қаласында өткен ТМД-ға мүше мемлекет басшыларының кеңесінде Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың 20 жылдығына байланысты және халықаралық қоғамдастықтың назарын радиациялық қауіпсіздік мәселесіне аудару мақсатында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықтары мен әлемдік қауымдастыққа үндеу» қабылданды.

2011 жылы Чернобыль атом электр стансасындағы апатқа 25 жыл толады.

ЮНИСЕФ Білім саласындағы әрекеттерінің жаһандық аптасы (сәуірдің 26-30 аралығында).

Танзания Біріккен Республикасының ұлттық мейрамы - Одақ күні (1964). Танзания Шығыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Угандамен, солтүстік-шығысында Кениямен, оңтүстігінде Мозамбикпен, оңтүстік-батысында Бурунди, Руандамен шектеседі. Шығысында Үнді мұхиты, батысында Танганьика, солтүстігінде Виктория көлдерімен шектеседі. Астанасы - Додома қаласы. Ақша бірлігі - шиллинг. Мемлекеттік тілі - суахими тілі.

ОҚИҒАЛАР

16 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев бірінші рет «Алтын алқа» белгісін табыс етті.

«Алтын алқа» - 1993 жылы бекітілген орден. Көп балалы аналарға беріледі.

15 жыл бұрын (1996) Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің президенттері Шанхай келісіміне қол қойды.

11 жыл бұрын (2000) Алматыда Давос аясындағы Еуразиялық экономикалық саммит ашылды. Басқосуға әлемнің 37 елінен 500-дей саяси басшылар, жетекші бизнесшілер мен халықаралық сарапшылар қатысты. Форумның төралқасын Әзірбайжанның, Арменияның, Грузияның, Тәжікстан мен Өзбекстанның мемлекет пен үкімет басшылары құрады. Форумда Қазақстан, Грузия, Қырғызстан президенттері, Әзірбайжанның Премьер-Министрі сөз сөйледі. Мемлекеттер жетекшілері Еуразия өңірін дамыту мәселелерін, оның мүмкіндіктері мен проблемаларын, өңірдің инвестициялар үшін тартымдылығы мен оның әлемдік аренада атқаратын рөлін талқылады.

11 жыл бұрын (2000) Атырауда халық ақыны Фариза Оңғарсынованың мерей тойына арналған мерекелік шара өтті.

5 жыл бұрын (2006) Алматыда «Үнді классикалық биі орталығы» ашылды. «Үнді классикалық биі орталығы» ұйымының негізін салушы, Үндістандағы КАЛАКШЕТРА ғажайып би өнері колледжінің түлегі Ақмарал Қайназарованың айтуынша, үнді биінің екі мың жылдық тарихы бар. Ол Үндістаннан би оқуын бітіріп келген соң Ұлттық кітапханадан бастап рухани-мәдени ошақтардан қазақ биі туралы жазылған танымдық әдебиеттерді таба алмаған. Сондықтан қазақ биі туралы кітап жазуды қолға алып, онда үнді мен қазақ биінің ұқсастығын сараптауға бел буып отыр. Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Ашок Кумар Мукерджи, «екі ел арасындағы мәдени-рухани ынтымақтастықты нығайтуда тағы бір қадам жасалды», деп бағалады. Өйткені осы орталықта тәлім алып жатқан 30 студент тек қана үнді биін емес, қазақтың ұлттық билерін де игеруде. Жиналғандар алдында жас бишілер үндінің «Маллари», «Гуджарад», «Шабдол» секілді 8 биін қойды. Ал Дамир Тасмағамбетовтың орындауындағы «Күй-дала» биі мен Жамал Терлікбаева билеген «Тұяқ» биі көпшілікті тәнті етті.

2 жыл бұрын (2009) Алматыда Чернобыль атом электр стансасындағы апат қалдықтарын жойған қазақстандық жауынгерлердің ерен еңбегіне арналған граниттен жасалған ескерткіш тақта орнатылды.

1 жыл бұрын (2010) Амманда Иорданияның Сауда дамыту орталығын Астанада ашу туралы құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

Орталықты ашу туралы шешім екіжақты экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай тереңдету және экономикалық-сауда қатынастарын нығайту мақсатында қабылданған болатын.

45 жыл бұрын (1966) Ташкентте Рихтер бағамы бойынша қуаты 8 балдық ірі жер сілкінісі болды. Жер дүмпуі салдарынан 236 әкімшілік ғимарат, 700-ге жуық сауда және қоғамдық тамақтану орыны, 26 коммуналдық кәсіпорын, 181 оқу орны, 36 мәдени-тұрмыстық мекеме, 185 медициналық және 245 өндірістік ғимарат қирады. 78 мыңға жуық отбасы немесе 300 мың адам баспанасыз қалды. Осы зілзала зардаптарын жою үшін бүкілодақтық құрылыс жарияланды. Алғашқы сәттен-ақ апат орын алған қалаға Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен мыңдаған жастар келе бастады.

25 жыл бұрын (1986) әлемдегі ең жойқын техногендік апаттардың бірі - Чернобыль атом электр стансасында орын алды. Бұл датаны БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық радиациялық апат құрбандарын еске алу күні ретінде таныды. Өткен жылдар ішінде апаттың жойқын салдарын еңсеру үшін көп күш-жігер жұмсалды. Апат салдарын жоюға Қазақстан Республикасының 30000 өкіл қатысты. Қазіргі таңда олардың шамамен 6000-ға жуығы тірі. Чернобыль, сондай-ақ Семей ядролық полигоны мұндай ауқымдағы апаттың салдарын жою ондаған жылдарды әрі халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорларының бірігуін қажет ететіндігін көрсетті.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1921) Даңқ орденінің толық иегері ВЕЛИЖАНЦЕВ Александр Федорович дүниеге келді.

РФ-нің Курган облысында туған. 1943 жылы армия қатарына шақырылған. Орал әскери аймағында өз міндетін атқара жүріп, жүргізуші-механик лауазымына курсант ретінде 39-оқу танкі полкіне жіберілген. Курстарды аяқтаған соң бірінші Украин майданының 4-ші танк армиясы құрамында болған. Ұрыстағы көрсеткен қимылдары үшін бірінші дәрежелі Даңқ орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Батыс Украина ұрыстарында, Висла, Одер өзендерінен жедел өтуге және басып алынған плацдармдарды ұстап тұру барысында ерен ерлік көрсеткен. 1960 жылы Қазақстанға көшіп келген. Қазіргі уақытта Ақмола облысының Шортанды ауданында тұрады.

70 жыл бұрын (1941) қоғам қайраткері СӘРСЕКЕНОВ Төлен Бисенғалиұлы дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Астрахан балық өнеркәсібі және шаруашылығы технологиялық институтын бітірген. 1965-1966 жылдары - Гурьев кеме жөндеу зауытының шебері. 1966-1969 жылдары - Гурьев балық өнеркәсібі басқармасы бөлім бастығының орынбасары, бастығы. 1969-1971 жылдары - Қазақ КСР Балық шаруашылығы минстрлігі басқармасының аға инженері. 1971-1977 жылдары - Қазақ Балықшылар одағының бас инженері. 1977-1980 жылдары - Қазақ КСР Балық шаруашылығы минстрлігінің бөлім бастығы. 1980-1982 жылдары - «Рафрыба» кеңес-иран бірлескен кәсіпорны директорының орынбасары. 1982-1985 жылдары - Қазақ Балықшылар колхоз одағы басқармасының төрағасы. 1985-1990 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының аға референті, бас маманы. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты және Министрлер Кабинетінің аға маманы, аға референті, бас испекторы. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары - Балық шаруашылығы жөніндегі комитеттің төрағасы. 1993-1995 жылдары - «Балық» мемлекеттік акционерлік қоғамының президенті. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы басқармасының бастығы. 1999-2000 жылдары - «Жібек жолы» маркетинг бөлімінің бастығы. 2000-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Аппарат кеңесшісі. 2004 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан.

50 жыл бұрын (1961) композитор ЖҰМАЛЫҰЛЫ Бақтығали дүниеге келді.

Атырау облысы Қызылқоға ауданында туған. Атырау педагогикалық институтының музыка бөлімін және Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1990-2000 жылдары - Ақтөбе педагогикалық институтында, кейін Құдайберген Жұбанов атындағы университетте оқытушы болды. 1991 жылдан «Серуен» көркемдік тобына жетекшілік етеді. Бұл топ Шәмші Қалдаяқов атындағы конкурстың лауреаты атанған болатын. «Назерке», «Әкеме», «Наурыз тойы», «Шашу», «Қариялар», «Қара нарым», «Мен сені ұнатамын», т.б. 50-ге тарта әндердің авторы. Оның әндерін БақытШадаева, Айжан Нұрмағамбетова, тағы басқалар орындайды.

СӘУІРДІҢ 27-І, СӘРСЕНБІ

Сьерра-Леоне Республикасының Ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні (1961). Сьерра-Леоне Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігі және шығысында Гвинеямен, оңтүстік-шығысында Либериямен, батысы Атлант мұхитымен шектесіп жатыр. Астанасы - Фритаун қаласы. Ақша бірлігі - леоне. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Әкімшілік жағынан 3 провинцияға және батыс облысына бөлінеді.

Того Республикасының Ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні (1961). Того - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Буркина-Фасомен, батысында Ганамен, шығысында Бенин Республикасымен шектеседі. Оңтүстігінде Гвинея шығанағымен шайылып жатыр. Астанасы - Ломе қаласы. Ақша бірлігі - франк. Мемлекеттік тілі - француз тілі. Мемлекет 5 облысқа бөлінеді. Елді 5 жылға сайланған президент басқарады. Жоғары атқарушы органы - Үкімет. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Ұлттық жиналыс.

Оңтүстік Африка Республикасының ұлттық мейрамы - Бостандық күні. 1994 жылы бұл елде алғаш рет жалпыхалықтық демократиялық сайлау болып өтті.

Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 5-інде орнатылды.

Одақтық Югославия Республикасының Ұлттық мейрамы - Одақтық Югославия Республикасының күні (1992). Одақтық Югославия Республикасы Еуропаның оңтүстігіндегі мемлекет. Ресми тілі - сербия-хорватиялық тілі. Астанасы - Белград. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы органы - 2 палаталы одақ (Азаматтар вечесі және Мемлекет вечесі).

Қазақстан Республикасы мен Одақтық Югославия Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1996 жылдың 10 желтоқсанында орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

16 жыл бұрын (1995) Алматыда елдегі алғашқы бес жұлдызды «Рахат-Палас» мейманханасы құрылысының аяқталуы салтанатты түрде атап өтілді. Жаңа мейманхана кешенінде жоғары дәрежелі қонақ үйде болуға тиісті мейрамхана, дүкендер, бизнес орталығы, конференция залдары, арнайы клубтарға арналған бөлмелер, жабық жүзу бассейні бар.

15 жыл бұрын (1996) Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының президенттері Каспий жөніндегі мәлімдемеге қол қойды. Іс-қағазында Каспий теңізіндегі мұнай-газ ресурстарын барлаудағы және өңдеудегі Қазақстанның құқығын мойындаған Ресей осы салада ынтымақтастыққа дайын екенін білдіреді.

11 жыл бұрын (2000) Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азияның экономикаларына арналған Арнаулы Бағдарламасын (СПЕКА) таныстыру рәсімі болды. Оған Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, БҰҰ-ның Еуропалық Экономикалық Комиссиясының (ЕЭК), сондай-ақ БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхит өңіріне арналған Экономикалық және Әлеуметтік Комиссиясының (ЭСКАТО) делегациялары қатысты. Президент Н. Назарбаев бастамашысы болған бұл іс-шараның басты мақсаты - Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық даму қарқынын және Еуропа мен Азияның экономикасына кірігуін жеделдету мақсатында олардың арасындағы ынтымақтастықты нығайта беру. Бағдарламаны таныстыру рәсімінде ұйымдастыру кезеңінің қорытындысы шығарылып, таяудағы жылдары оны іске асырудың нақтылы іс-шаралары белгіленді. Басқосуға қатысқандар СПЕКА, ЕЭК және ЭСКАТО-ға қатысушы елдерге Бірлескен мәлімдеме қабылдап, сонымен Бағдарламаның мақсаты мен міндеттеріне ықыластылық қуатталды.

4 жыл бұрын (2007) Есеп комитетінің төрағасы мен Польшаның Жоғарғы бақылау палатасының президенті ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды.

Келісімде аналитика, методологиялық ақпарат саласында қаржылық бақылау бойынша екі елдің мамандарының тәжірибе алмасуы және кәсіби оқыту мәселелері қамтылған.

4 жыл бұрын (2007) Алматыда қазақстанның танымал ғалымы, экономика ғылымдарының докторы Арыстан Есентүгеловтің «Тәуелсіз Қазақстанның экономикасы: нарықтық реформалардың тарихы» атты жаңа кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.

Кітапта социалистік жүйенің, КСРО құлдырауының өте маңызды себептері ашылған, нарықтық экономикаға өткен кезең туралы ашып айтылған. Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңі және ұлттық валютаны енгізген жағдайлары жазылған.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1956) «АЛМЭКС» холдингтік тобы» басқармасы төрағасының орынбасары, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Мәскеу қаласындағы өкілдігінің басшысы ДОЛГИХ Сергей Николаевич дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Қазақ химия-технология институтын бітірген. «Оңтүстікқазбасжабдықтау» кәсіпорнында, «Фараб» біріккен кәсіпорнында, «Интеграция-мақта» компаниясында, «АЛМЭКС» фирмасы» ЖШС-нде жұмыс істеген. 1999-2004 жылдары - «Атыраубалық» ААҚ-ның президенті. 2004 жылы - «Атыраубалық» ААҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, «АЛМЭКС» фирмасы» ЖШС-нің бас директоры. 2004-2005 жылдары - «АЛМЭКС» фирмасы» ЖШС бас директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 2005 жылдың қыркүйегінен бастап - қазіргі қызметінде.

50 жыл бұрын (1961) Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы, журналист ҒҰМАРОВА Майра Смайылқызы дүниеге келді.

Атырау облысы Балықшы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті). «Маңғыстау», «Каспий таңы» газеттерінде корректор, «Түлеген түбек» аудандық газетінде бөлім меңгерушісі болған. 1995-1997 жылдары - Жаңаөзен қаласы коммерциялық «Альбаз» телеканалының журналисі. 1997-2000 жылдары - Жаңаөзен қаласы коммуналды-шаруашылық мекемесі инженері. 2000-2001 жылдары - коммерциялық «МИК ТВ» телеканалының журналисі. 2001 жылы - Маңғыстау облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының маманы. 2001-2006 жылдары - Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бастығы, баспасөз хатшысы, баспасөз қызметінің бас маманы қызметтерін атқарған. 2006 жылдың қарашасынан бастап - қазіргі қызметінде.

45 жыл бұрын (1966) суретші, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, 2-ші республикалық «Шабыт-Миллениум» фестивалінің лауреаты СМАҒҰЛОВА Ақтоты дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы мемлекеттік көркем-театр институтын (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген. Оның қолынан шыққан өнер туындылары АҚШ, ТМД, Германия, Швейцария, Франция, Түркия, Корея, т.б. мемлекеттердің жеке коллекционерлерінің қолында. Сондай-ақ республикалық, халықаралық және шетелдік көрмелерге қатысқан. «Томирис», «Түс», «Айсұлу», «Суқұйғыш», т.б. шығармалардың авторы.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясын иеленген.

СӘУІРДІҢ 28-І, БЕЙСЕНБІ

Бүкіләлемдік жұмыс орындарындағы қауіпсіздік пен денсаулық күні. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынысымен өткізіледі. ХЕҰ мәліметтері бойынша әлемде әрбір 15 секундта жұмыстағы жазатайым оқиғалардан немесе кәсіби аурулардан 1 адам қайтыс болады, 160 адам әлдеқандай бақытсыз жағдайға душар болып жатады екен. Ал, Стандарттаудың Халықаралық Ұйымы (ИСО) стандарттарын енгізу арқылы осындай кездейсоқ жайттардың алдын алуға болады.

Еңбекті қорғаудың дүниежүзілік күні. Әлемнің 100-ден астам елінде атап өтіледі. Аталмыш күнді атап өту идеясы 1989 жылы американдық және канадалық жұмысшылардың қаза тапқан жұмысшыларды еске алу мақсатында өткізген күннен (the Workers Memorial Day) бастау алады. 2001 жылы жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

141 жыл бұрын (1870) Ташкент қаласында қазақ баспасөзінің тұңғышы - «Түркістан уәлаяты газеті» жарыққа шықты. Газет «Түркістан ведомостарына» қосымша ретінде айына екі рет екі тілде шығып тұрды.

11 жыл бұрын (2000) Алматы қаласында Түркия киносының күндері өтті.

6 жыл бұрын (2005) Президент Н.А.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

4 жыл бұрын (2007) Халық Қаһарманы, Ұлы отан соғысының ардагері, жазушы Қасым Қайсеновтың Кеңсайдағы зиратына ескерткіш орнатылды.

Қасым Қайсенов (1918-2006) - партизандар қозғалысының көрнекті ұйымдастырушысы, В.Чапаев атындағы дивизия отрядтарын басқарған, Украинаның, Молдованың, Румынияның, Чехословакияның жерінде көптеген операцияларды өткізді.

Ұлы Отан соғысының І дәрежелі, Богдан Хмельницкийдің, «Еңбек Ері», «Халық қаһарманы» ордендерімен, КСРО-ның 25 медалімен және құрмет грамоталарымен марапатталған.

Қазақ әдебиетіндегі партизан соғысы тақырыбының негізін қалаушы қаламгер «Жас партизан», «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Жау тылындағы бала», «Жау тылында», «Партизан шайқастары» сынды әңгімелер, очерктер мен повестер жазып қалдырған. Жазушының есімі еліміздің бірқатар көше, мектептеріне берілген.

2 жыл бұрын (2009) Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.

Орталықтың міндеті жерлесіміз Шер-ағаның шығармашылық мұраларын зерттеу және насихаттау болып отыр. Шерхан Мұртаза қазақ жазушыларының ішінде бірінші болып саясат және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов (1894-1938) туралы роман жазды.

2 жыл бұрын (2009) Қызылорда облысының Шиелі ауданында өндірістік қуаттылығы жылына 750 тонна уранды жер астынан шайып шығаратын жаңа «Иркөл» кенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Атом энергетикасы саласындағы қазақстан мен қытай ынтымақтастығының аясындағы өндіріске енгізілген бірінші кен болып табылады.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай номиналы 50 теңгелік шақаны айналымға шығарды.

Шақаның бет жағының жоғарғы бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Елтаңба бейнесінің оң жағында «ҚҰБ» деген аббревиатура орналасқан. Төменгі бөлігінде шақаның номиналын білдіретін «50 ТЕҢГЕ» деген жазу бар. Номиналдың сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу және шығыңқы жиек жүргізілген.

Шақаның сырт жағының орталық бөлігінде Жеңіс символдарынан композиция орналасқан. Композицияның оң және сол жағында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің және шақаның жылын білдіретін «1945» және «2010» деген сандар бедерленген. Жоғары бөлігінде айналдыра мемлекеттік тілде «ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 65 ЖЫЛ», төменгі бөлігінде орыс тілінде «65 ЛЕТ ВЕЛИКОЙ ПОБЕДЕ» деген жазу бар. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Таралымы - 50 мың дана.

1 жыл бұрын (2010) Венадағы «Австрия банкінің» салтанат залында 1941-1945 жылдары Австрия аумағында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу кітабы таныстырылды.

Ұлы Отан соғысы батырларының ерен ерлігіне арналған және Жеңіс күніне орай басып шығарылған ескерткіш кітапты Қазақстанның Австриядағы Елшілігі Соғыс салдарын зерттеу жөніндегі Людвиг Больцман атындағы Соғыс институтымен және Австрияның Қара крест ұйымымен бірлесіп әзірледі.

Австрия тарапынан қолдауға ие болған дипломатиялық миссияның бастамашылығы бойынша үлкен іздеу-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде Австрия аумағында фашизммен күресте өз өмірлерін қиған 980 жерлесіміздің аты-жөні анықталды, 200-ден астам зират табылды, мұрағат құжаттары мен фотоматериалдардың бірегей қоры жиналды.

2010 жылғы мамырдың 6-7-сінде Еске алу кітабы Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде ресми таныстырылды. Кітаптың электрондық нұсқасы Қазақстан елшілігінің сайтына - www.kazakhstan.at - орналастырылды.

ЕСІМДЕР

120 жыл бұрын (1891-1962) халық ақыны БАЙТУОВ Жәкен дүниеге келген.

Қарағанды облысы Шет ауданы Шаруатеңеу ауылында туған. Ауыл молдасынан оқып, хат таныған. Маясар, Болман, Тұңғышбай, Жалқыбай ақындармен айтысқа түскен. Жәкен ақынның «Қойшы мен қасқырдың», «Ақ қой мен қара қойдың» айтыстары, «Наршөккен», «Бірінші майға» өлеңдері, «Саржан-Бодық», «Бөрі батыр», «Көк жайдақ», т.б. дастандары бар. «Сал-сал», «Абылай», «Наурызбай» дастандарын жатқа айтып, ел ішіне таратқан.

95 жыл бұрын (1916) суретші ТКАНКО Анатолий Дмитриевич дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Одесса көркемсурет институтын бітірген. Суретпен қатар сәнді өнер заттарын, плакаттар жасайды.

Ол Кеңес Одағының Батырлары Ә.Молдағұлованың, Х.Хасеновтің, И.Шадриннің, политрук В.Клочковтың, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген қайраткері В.Саптың портреттерін салған. «Қазақстанның айтулы қызылша өсірушілері» панносының, «Теміртау қара металлургиясының тұңғышы» суретінің авторы.

55 жыл бұрын (1956) композитор, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, дирижер, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі АЛПЫСБАЕВ Әли Демегенұлы дүниеге келген.

Алматы облысының Ескелді ауданында туған. Шымкент мәдениет институтын (қазіргі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты), Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваориясы) бітірген. 1979-1982 жылдары Сарқант мәдени-ағарту училищесінде, 1982-1995 жылдары Талдықорған қаласындағы музыкалық училищеде, педагогикалық университетте оқытушы, сондай-ақ «Алтын дән» ұлт аспаптар ансамблінің негізін қалап, көркемдік жетекшісі, дирижері болған. 1995 жылдан Алматы облыстық филармониясының халық аспаптар оркестрінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі, сонымен қатар Талдықорған қаласындағы Мәдениет сарайының директоры қызметін атқарады. 1997 жылы - М.Төлебаев атындағы аймақтық филармония директоры және оркестрдің бас дирижері. 1999 жылдан - Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры. «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының мүшесі болып табылады. Қазіргі кезде Талдықорған қаласының депутаты.

Ә.Алпысбаевтың 100-ден аса әні, жеке музыкалық аспаптарға арналған бірнеше шығармасы бар. Ресей, Қытай, Түркия елдерін гастрольдік сапармен аралап, Польшада өткен 8- дүниежүзілік өнер фестиваліне қатысқан.

Астанада өткен «Елім менің» республикалық сазгерлер конкурсының үш мәрте лауреаты. 2007 жылы «Елге арнау» күй-поэмасы үшін мемлекеттік гранттың иегері атанды. 2008 жылы Болгарияда өткен «София көктемі - 2008» байқауында оған «Алтын алқа» жоғары марапаты табыс етілді. Халықтық музыканы насихаттау мақсатында бірқатар халықаралық форумдар мен байқауларда болды. Құрманғазы атындағы академиялық оркестрге, «Отырар сазы» оркестріне, Астана қаласының академиялық оркестріне дирижерлік етті.

«Астана» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл», Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» медальдерімен марапатталған, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатының иегері.

СӘУІРДІҢ 29-Ы, ЖҰМА

Халықаралық би күні. Бұл мереке ЮНЕСКО-ның шешімімен 1982 жылдан бастап, француздық балетмейстер, би өнерінің реформаторы әрі теоретигі Жан Жорж Новердің (1727-1810) туған күніне орай атап өтіледі. Халықаралық би күні - «барлық биді» бірге біріктіруіне қызмет етеді, өнердің осы түрінде мейрам жасау керек және оның саяси,мәдениетті және этникалық шекараны қиып өтетін мүмкіндігі бар, адамдарды достық пен бейбітшілік үшін қосу, би тілінде - сөйлесуге мүмкіндік беру.

ОҚИҒАЛАР

71 жыл бұрын (1940) Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» пьесасының премьерасы қойылды.

20 жыл бұрын (1991) Халықаралық хореография қайраткерлері қауымдастығы «Балеттік Бенуа» сыйлығын бекітті. Бұл сыйлық жыл сайын сәуірдің 29-дағы Халықаралық би күнінде табыс етіледі.

19 жыл бұрын (1992) Алматыда түрік елшілігі салтанатпен ашылды.

5 жыл бұрын (2006) Алматыда Ахмет Жұбанов мұрасын зерттеуге арналған мемориалдық мұражай ашылды. Академик Ахмет Жұбанов кәсіби қазақ музыкасының негізін салған, аса көрнекті композитор, дирижер, музыкатанушы, этнограф, ұстаз және қоғам қайраткері.

3 жыл бұрын (2008) Ұлттық инновациялық қордың қатысуымен «Logicom perspective innovations»АҚ атты жаңа венчурлық қор құрылды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Қазақстандық IV-ші инновациялық конгресс барысында мәлім етілді.

Қор акционерлері болып табылатын «Logicom»АҚ акциялардың 51-пайызына және «Ұлттық инновациялық қор» АҚ 49 пайызына ие. Қорды басқару ісіне «Seven Rivers Capital» компаниясы жауапты. Компания инвестиция нысандарын таңдау және бағалау жөніндегі іс қимылдарды қаржыландырушы компаниялармен келісімшарт жасау, олардың қызметін бақылау және жобадан шығуын қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асырады. Логиком ірі көлемдегі ақпараттық жобалар инвестициялық дамудың жаңа межесіне жеткізіп отыр. Сондықтан венчурлық қор нарығының белсенді мүшесіне айналуға алғышарттар бар. Қазақстанда венчурлық инфрақұрылымдарды дамыту Ұлттық инновациялық қордың басты міндеттерінің бірі болып табылады.

3 жыл бұрын (2008) Алматыда www.irq.kaznpu.kz Қазақ тілінің тарихи-мәдени қорының жазба және этноархеологиялық деректемелер бойынша веб-сайтының таныстырылымы болды.

Оны Қазақтың Абай атындағы ұлтық педагогикалық университеті Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетімен бірігіп жасап отыр. «Сайттың атауы» түрік бітік. Бұл - қазақ тілінің тарихи-мәдени қорының жазба және этноархеологиялық деректемелер қоры. Ондағы негізгі деректеменің бірі түрік бітік. Бүгінгі таңда Еуразиялық кеңістікте 500-ден астам түрік бітік жазба ескерткіштері тіркелген.

2 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында белгілі ақын Дүйсенбек Нақыповтың «Ре уақыты» атты поэмалар жинағы мен «Желдің көлеңкесі» атты романының таныстырылымы өтті.

Ақынның «Ре уақыты» атты жинағына 2001-2008 жылдары жазылған он жеті поэмасы мен екі эсселер топтамасы кірген. Ал «Желдің көлеңкесі» атты романында Алматы қаласындағы адамдардың тағдыры баяндалады.

2 жыл бұрын (2009) Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс 34-ші сессиясында «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беру жобасы бекітілді.

Құрметті атақ елорданың әлеуметтік саласын, ғылым және білім, экономикасын дамытудағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға да беріледі. Аталмыш дәрежені беру мәслихат сессиясының шешімімен жүзеге асырылады. Астана қаласының әкімі құрмет атағын беру туралы ұсынымды сессия мәслихатының қарауына жібереді. Осындай атаққа, құрметке ие болған тұлғаға елорда әкімі мен мәслихат хатшысы қол қойған «Құрмет дипломы» және арнайы куәлік тапсырылады.

1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құқық бұзушылықтардың алдын алудың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін белгілеуге бағытталған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңға қол қойды.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстанның астанасында «Балам-ай» атты мүмкіндігі шектеулі балалардың даму орталығы ашылды. «Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық қорының төрайымы Қамқа Жасанованың айтуынша, «Балам-ай» орталығы бірнеше үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес өкілдерінің белсенді демеу жасауы арқасында құрылды. Үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес сектордың табысты әріптестігінің арқасында Астанада балалар бір-бірімен жақсы араласып ойнайтын, оқып-білім алатын арнайы орталық дүниеге келді. «Балам-ай» орталығында тәжірибелі мамандар психолог, дефектолог және әлеуметтік педагогтар балаларға тек өз кемшіліктерін жеңіп қана қоймай тіпті мамандық та ала алады. Астаналық қоғам мүгедек балаларының жоспарында - әр жасөспірім өзінің жанына жақын болашақ мамандығын таңдай алатын арнайы курстар ұйымдастыру.

Орталық құрылуын «Agіp Karachaganak», «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамы, «Rіxos» қонақ үйі, Қазақстан БиДжи сияқты және басқа да компаниялар қолдады. «Бота» қоғамдық қорының қатысуымен орталықта ерекше мұқтаж балаларға берілу және кеңейту сапасын жақсарту әлеуметтік қызмет жобасы іске асырылады.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1906-1968) композитор, дирижер, музыкатанушы, этнограф, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты ЖҰБАНОВ Ахмет Қуанұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. 1929-1932 жылдары - Ленинградтағы М.Глинка атындағы музыка техникумының скрипка сыныбына оқуға қабылданып, кейін Римский-Корсаков атындағы консерваторияда гобой сыныбы бойынша және Ленинград консерваториясының тарихи-теориялық факультетінде қосымша білім алады. 1932-1933 жылдары Ленинград өнертану кадемиясының аспиранты. 1933 жылы Алматы музыка-драма техникумында сабақ беріп, қазақ тілінде алғашқы «музыка әліппесін» құрастырады. А.Жұбановтың жетекшілігімен 20 ғасырдың 30-жылдары қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыка-тәжірибелік шеберхана, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы төралқасы жанынан өнертану секторы (қазіргі Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімі) ашылды. 1934 жылы А.Жұбанов алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды.

1935-1945 жылдары Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі әрі дирижері болды. 1945-1951 жылдары - Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер мен аспаптанудан сабақ берді. 1961-1968 жылдары А.Жұбанов Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімін басқарды.

А.Жұбанов - қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторлардың бірі. Ол қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар: «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Абай сюитасы», т.б. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы оның «Серт», «Қалғанынша қасық қан», «Москва», «Майданнан хат», «Қарлығаш» сияқты вокалдық туындылары қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетіне соны өрнек қосты. Бұдан соң ол Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет» (М.Иванов-Сокольскиймен бірге) пьесасына, «Аманкелді» фильміне музыка жазды, «Отаным», «Ақ шолпан», «Біздің ел», «Жылқышы», «Лирикалық ән», т.б. әндер шығарды.

Ленин орденімен, т.б. ордендермен, медальдермен марапатталған. Алматы қаласы көшелерінің біріне, Республикалық музыка мектеп-интернатқа А.Жұбанов есімі берілген.

65 жыл бұрын (1946) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайратекері, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық шығармашылық Академиясының, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Алматы облысының құрметті азаматы ҚОЖАМҚҰЛОВ Төлеген Әбдісағиұлы дүниеге келген.

Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) және Ленинград қаласындағы (қазіргі Санкт-Петербург) А.Ф.Иоффе атындағы физика-техникалық институтының аспирантурасын бітірген. 1970-1998 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, деканы, университет жанынан алғаш құрылған Тәжірибелік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастырушы және оның тұңғыш директоры. 1998-2001 жылдары Жетісу мемлекеттік университетінің, 2001 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері атом ядросы мен элементар бөлшектер теориясына, кванттық хромодинамикаға арналған. Ол жарық физикасы саласында «Торланған калибрлік өрісті стохастикалық кванттау» атты жаңа ғылыми бағытты қалыптастырды.

100-ден аса ғылыми еңбектің авторы.

«Парасат» ордеімен, медальдермен марапатталған.

50 жыл бұрын (1961) саяси-қоғамдық «Айқын» газетінің бас редакторы, журнаист, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылым академиясының, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласындағы Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты ЖҮСІП Нұртөре Байтілесұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің тілшісі, көлік және коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі, бас редакторының орынбасары қызметін атқарған. 1990-1996 жылдары - «Егемен Қазақстан» газеті экономика бөлімінің меңгерушісі, бас редакторының орынбасары. 1996-2002 жылдары - «Жас алаш» газетінің бас редакторы. Н.Жүсіп басшылық жасаған жылдары аталмыш газет «Алтын Жұлдыз - 2000» сыйлығына ие болды. 2002-2005 жылдары - «Ақ Жол Қазақстан» газетінің бас редакторы. 2005-2006 жылдары - «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры. 2006-2008 жылдары - «Астана хабары» газетінің бас редакторы. 2008 жылдың ақпанынан бастап - қазіргі қызметінде.

Оның «Біз кімнен кембіз», «Қазақтың қызы», «Елес пен белес» атты публицистикалық жинақтары жарық көрген.

«Құрмет» орденімен, екі медальмен марапатталған.

СӘУІРДІҢ 30-Ы, СЕНБІ

Швеция Корольдігінің ұлттық мейрамы - Корольдің туған күні (1946). Швеция Корольдігі Солтүстік Еуропадағы Скандинавия түбегінің шығысы мен оңтүстігін алып жатқан мемлекет. Швецияның иелігіне сондай-ақ Балтық теңізіндегі Готланд пен Эланд аралдары мен бірнеше ұсақ аралдар да кіреді. Астанасы - Стокгольм қаласы. Басқару формасы - конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - король. Жоғары заң шығарушы органы - бір палаталы парламент (риксдаг). Ресми тілі - швед тілі. Ақша бірлігі - швед кронасы.

Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 7-інде орнатылды.

Нидерланды Корольдігінің ұлттық мейрамы - Королева күні. Нидерланды - Батыс Еуропадағы мемлекет. Нидерландының солтүстік және батыс бөлігі Солтүстік теңіздің жағалауында орналасқан. Ресми тілі - нидерланд тілі. Басқару формасы - конституциялық монархия. Жоғары заң шығарушы органы - екі палатадан тұратын Бас Штаттар. Астанасы - Амстердам қаласы. Ақша бірлігі - евро.

Қазақстан Республикасы мен Нидерланды Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 10-ында орнатылды. Нидерланды Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі - Мурзамадиева Майнюра Саветовна. Қазақстан Республикасындағы Нидерланды Корольдігінің Төтенше және Өкілетті елшісі - Франс Потойт.

ОҚИҒАЛАР

280 жыл бұрын (1731) Петр I басқарған кезеңдегі танымал мемлекет қайраткері Қазақ жерін қосу жоспары көрсетілген арнайы патша жарлығы жобасы авторларының бірі А.Тевкелев Әбілқайыр ханға жіберілген өкілдерімен бірге Санкт-Петербордан шығып, Уфа арқылы қазақ жеріне табан тіреді. Бұл оқиға Қазақстанның Ресейге қосылуына бастама болды. Саяхат және соған сәйкес Ресей елшісінің миссиясы тек екі жылдан кейін ғана аяқталды.

66 жыл бұрын (1945) Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа ту тікті.

Рахымжан Қошқарбаев (1924-1988) Ақмола облысының Ақмола (қазіргі Целиноград) ауданында туған. 1942 жылы әскер қатарына алынып, соғыстан кейінгі жылдары азат етілген аумақтағы әскерлердің құрамында қызмет еткен. Ал 1964-1967 жылдары Ақмола облысының атқарушы комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі басқармада инспектор болған. Ал 1967 жылдан бастап, «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарды. «Қызыл ту», «1-ші дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», медальдарының иегері. Рейхстагқа ту тіккені үшін «Жауынгерлік Қызыл ту» орденінімен марапатталған. Ал 2001 жылы «Халық қаһарманы» атанды.

Григорий Петрович Булатов (1925-1973) - Қызыл Армияның қатардағы барлаушы-жауынгері. Свердлов облысы Черкасово елді мекенінде жұмысшы семьясында туған. Рахымжан Қошқарбаевпен бірге 1945 жылы сәуірдің 30-ында Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Рейхстагқа ту тіккені үшін «Жауынгерлік Қызыл ту» орденімен, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен және көптеген меладьдармен марапатталған.

6 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» Жарлыққа қол қойды.

4 жыл бұрын (2007) Болгарлардың Қазақстан жеріне қоныс аударуының 100 жылдығына орай Павлодар облысының Ақтоғай ауылындағы Жеңіс саябағында Достық аллеясы отырғызылды.

Столыпин реформасы жылдары болгарлар Ақтоғай ауданында бірнеше село құрған болатын. Өткен ғасырда қазақтың қонақжай жері болгар диаспорасының бірнеше буын өкілдеріне отан болып отыр. Достық аллеясына алғашқы көшеттерді көнекөз қариялар, ардагерлер және облыстық болгар ұлттық мәдени орталығының белсенділері отырғызды.

2 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясы нормаларына сәйкестендіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

2 жыл бұрын (2009) Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентіндегі орталық саябаққа облысқа танымал тұлға, ауданның шаруашылық саласын қалыптастырып, дамытуға еңбек сіңірген басшы Қыдырбай Жүсіповтың есімі берілді.

Қыдырбай Жүсіпов (1933-1994) жетпісінші жылдары Шетпе ауылының коммуналдық-шаруашылық жұмыстарына басшылық етіп, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан ауылды өркендетуге үлес қосқан азамат.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1921-1996) балалар жазушысы ТӨРЕЖАНОВ Мәдіхат дүниеге келді.

Ақмола облысының Ақкөл ауданында туған. Семей педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастап, кейінірек Ақмола мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтының кабинет меңгерушісі болған.

Оның «Бітпеген ойын», «Тең ойын», «Шегіртке мен ара», «Қанатбек пен Жанатбек», «Кім ақылды», «Түйе қалай өз көлеңкесін жоғалтты» атты кітаптары бар.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

80 жыл бұрын (1931) техника ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің және КСРО-ның еңбек сіңірген энергетигі ЫСҚАҚОВ Кежек дүниеге келді.

Еңбек жолын Алматы ЖЭС-1 кәсіпорнында бас инженер болып бастаған. Зейнет демалысына шыққанға дейін «Қазтехэнерго» директоры болған. Бірнеше мәрте Алматы қалалық және Ленин аудандық кеңесіне депутат болып сайланған.

Оның 60-тан астам ғылыми еңбегі және «Қазақстанның бүгіні мен ертеңі», «Энергетика мамандығы» атты оқулықтары бар.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1941) қоғам қайраткері, сыншы, әдебиеттанушы, теледраматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, КСРО телевизиясы мен радиосының және КСРО баспасөзінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Халықаралық Абай атындағы әдеби сыйлықтың иегері, бірнеше институттардың құрметті профессоры, Халықаралық телевизия және радио академиясының (JATR) академигі ОРАЗАЛЫ Сұлтан Шәріпұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Қазақ радиосы мен телевизиясының редакторы, аға редакторы, бас редакторы қызметтерін атқарған. 1967-1984 жылдары Қазақ телевизиясы бағдарламалар бас редакциясының бас редакторы. 1984-1986 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК мәдениет бөлімінің нұсқаушысы, көркем әдебиет секторының меңгерушісі. 1986-1993 жылдары - «Өнер» баспасының директоры. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Тіл комитетінің төрағасы. 1995-1997 жылдары - Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары. 1997 жылы - Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігі Тіл саясатын үйлестіу департаментінің директоры. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Энергетика, инустрия және сауда министрлігі Авторлық құқық жөніндегі агенттіктің төрағасы. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Авторлық құқық жөніндегі комитетінің төрағасы. 2001-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Құқықтық насихат, мемлекеттік тілді дамыту және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры. 2005 жылдан бастап зейнеткерлік демалыста, «Заң - насихат» ЖШС-інің бас директоры болып қызмет атқарады.

Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің, Қазақстан халықтары Ассамблеясы кеңесінің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі мемлекеттік комисиясының мүшесі болып сайланған. Қазақстанның ономастикалық, терминологиялық комиссияларының жұмысын басқаруға қатысып, көптеген жер атауларының тарихи қалпына келуіне зор үлес қосқан. Ондаған әдеби-зерттеу мақалалары, «Өмір шындығы және көркемдік шешім», атты монографиясы, «Авторды қорғау - руханиятты қолдау», «Жүректің көзі ашылса» атты кітаптары, орыс және шетел жазушыларының роман, повестерін қазақшалаған еңбектері жарық көрген. Сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі «Абай елі» атты альбом-шежіресі әлемнің 70-ке жуық еліне тараған. Ол «Сұхба», «Халық қазынасы», «Шұғыла», «Қымызхана», «Кездесу», «Айтыс» хабарларын алғаш ұйымдастырып, сценарийлерін жазып, эфирде жүргізген, 300-ге жуық әдеби сценарий мен 40 шақты ғылыми-зерттеу мақалалардың авторы.

Осы жылдары оның қаламынан жүздеген әдеби телесценарийлер мен телепьесалар туып, көгілдір экранда қойылды. Олардың ішінде «Сұхбат», «Қымызхана», «Кездесу», «Шұғыла», «Айтыс», «Халық қазынасы», т.б. хабарлар циклі мен «Кек», «Отырар ойраны», «Өлім фабрикасы», «Қашқын», т.б. телеқойылымдары халыққа кеңінен танылды. Оның әдеби телехабарлары Ресейде, Молдавияда, Грузияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда көрсетілді. Ш.Айтматов, Ғ.Мүсрепов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин, Т.Ахтанов, С.Бегалин туралы «Сұхбат» сериясынан көрсетілген бейнефильмдері қазақ телевизиясының алтын қорына қосылған үздік шығармалар болып табылады.

«Парасат» орденімен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын барыс» және Әділет минстрлігінің «Фемидаға адал қызметі үшін» белгілерімен марапатталған.

2011 ЖЫЛДЫҢ МАМЫР АЙЫНДА:

ОҚИҒАЛАР

120 жыл бұрын (1891) іргетасы 1869 жылы қаланған Ақтөбе елді-мекеніне қала мәртебесі берілді. 1932 жылдың 10 наурызында Ақтөбе қаласы облыс орталығы болды. 1962 жылы Ақтөбе, Орал, Гурьев (қазіргі Атырау) облыстарын біріктіретін Батыс Қазақстан өлкесі құрылып, орталығы Ақтөбе атанды. 1977 жылы Ақтөбе қаласы Батыс Қазақстан темір жол орталығы болды. 1999 жылғы 11 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығына сәйкес орыс тіліндегі «Актюбинск» атауы «Актобе» болып өзгертілді.

Ақтөбе қаласы еліміздің батыс өңірінің ірі мәдени, білім және ғылым орталығы болып саналады. Қалада 11 жоғары, 16 арнаулы оқу орны бар. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті (Жұбанов Құдайберген Қуанұлы (1899-1938) - тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, түркітанушы, педагог, мемлекет және қоғам қайраткері), Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясы (Оспанов Марат (1949-2000) - Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің бірінші төрағасы болған, Қазақстан Республикасындағы парламентаризмнің, көппартиялық жүйенің және демократияның негізін қалағандардың бірі), Жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесі және басқалары тек қана Қазақстанға ғана емес, шет елдерге де кеңінен танымал оқу орындары. Сонымен қатар қалада қазақ және орыс труппасы өнер көрсететін драма театры, қуыршақ театры, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы мұражай жұмыс істейді. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі Қазақстан аумағы бойынша Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Алматы қалалары арқылы өтеді.

90 жыл бұрын (1921) Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасының түзетіліп, өңделіп, шын мәніндегі драматургия талабына жауап берер көркемдікке жеткен екінші нұсқасы Абайдың шәкірттері мен ізбасарлары ұйымдастырған «Ес-Аймақ» труппасының (қазіргі Абай атындағы музыкалық-драмалық театр. Театр өзінің 70 жылдығын 2004 жылғы қазан айында атап өтті) сахнасында Жүсіпбек Аймауытовтың режиссерлік етуімен қойылды. Онда Еңлік рөлін Фарида Кәрімова, Кебекті Ахмет Әуезов, Абыз бен Кеңгірбай рөлін Төрекеш Оспанов ойнады. Осы қойылымнан кейін пьеса Орынборда жеке кітап болып шығып, Қазақстанның көптеген қалаларындағы труппалар мен көркемөнер үйірмелерінің репертуарынан тұрақты орын алды.

90 жыл бұрын (1921) РКФСР Халық комиссарлары кеңесінің кооперативтік ұйымдар арқылы айырбас жасауына мүмкіндік беретін «Айырбас туралы» декреті жарық көрді. Губернияларда нанға айырбас жасау үшін мата, галантерея және бакалея тауарлары, ыдыс-аяқ, керамика қорлары құрылып, жеке саудаға рұқсат берілді. Қалаларда жекеменшік ет, өндіріс тауарлары дүңгіршектері, асханалар, моншалар ашылды. Жәрмеңке саудасы қайта жанданды.

90 жыл бұрын (1921) ФЕИ (FEI) Халықаралық ат спорты федерациясы құрылды. Федерацияның алғашқы президенті - барон du Teil (Франция). Халықаралық ат спорты федерациясына әлемнің 120 елі кірген. Жыл сайын Ассамблея өткізіп,әлемдік деңгейде ат спортын дамытуға үлес қоосып, халықаралық жарыстардың ережелерін бекітіп отырады.

85 жыл бұрын (1926) республиканың Халық комиссарлары кеңесінің «Қазақ КСР-індегі бірыңғай еңбек мектептері жарғысы» қабылданып, онда қазақ қыздары мен шығыс ұлттары қыздарының білім алуына ерекше көңіл бөлінді. Қыздар үшін арнайы мектептер Алматы, Шымкент, Түркістан, Орда қалаларында ашылды.

50 жыл бұрын (1961) Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы» құрметті атағы бекітілген. «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы» құрметті атағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Денешынықтыру және спорт істері мемлекеттік комитетінің коллегиясымен спорт жаттықтырушыларына (оқытушыларға), біліктілігі жоғары көп жыл еңбек сіңірген спортшыларға, халық аралық дәрежедегі спорт шеберлеріне, рекордшыларға, КСРО, Әлем, Еуропа біріншіліктерінің, Олипиада ойындарының жүлдегерлері мен чемпиондарына беріледі. 1992 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» болып өзгертілген.

15 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Ұлттық альпинизм қоры ұйымдастырылды. Қордың негізгі міндеті - Қазақстан Республикасында Альпинизм мен шыңға өрмелеу инфрақұрылымдарын құрып, Ересектер мен балаларға арналған альпинистік кешендер салып, альпинизмді дамыту. Қазақстан Республикасы Ұлттық Альпинизм қорының президенті - Казбек Валиев - ғылым кандидаты, альпинизмнен еңбек сіңірген спорт шебері, Эверест шыңына шыққан алғаш қазақстандық альпинист, Қазақстан Республикасы Альпинизм мен жартасқа өрмелеушілер федерациясының вице-президенті.

ЕСІМДЕР

185 жыл бұрын (1826-1906) айтыс ақыны ҚҰЛМАМБЕТ Құланаян Құлмамбет дүниеге келген.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Жетісуда Сүйінбай бастаған айтыс мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Жас кезінен өлең-жырға құмар болып өскен. Түбек, Жанақ, Тезек, Майкөт, Жамбыл тәрізді айтыс майталмандарымен айтысқан. Ол «Мың бір түн», «Қыз Жібек», «Рақымжанның зары», «Мұңлық-Зарлық», «Туғанбай мен Қоңырбай» сияқты дастандарды жырлаған. Құлмамбеттің айтыстары Жамбылдың жинақтарында, Сәкен Сейфуллиннің алғы сөзімен «Жаңа мектеп» журналында, «Айтыс» жинақтарында жарияланған. Шығармалары «Сөзімнің қыл сыймайды арасына» деген атпен 1998 жылы жарық көрді. Ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайылов, Нәзір Төреқұлов, т.б. ғалымдар зерттеулер жазды. Ақынның туындылары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында, Әдебиет және өнер институтының Қолжазба орталығында сақтаулы.

170 жыл бұрын (1841-1918) ақын ТОҚСАНБАЙҰЛЫ Қожабай дүниеге келген.

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Ауыл молдасынан сауат ашқан. Баршылық пен жоқшылық, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздіктер Қожабай жырларының өзекті тақырыбына айналды. Ол «Бай болмақ, кедей болмақ - бір Алладан» деген қалыптасқан қағидаға адал еңбек пен қажымас талапты қосады. «Кел, Қожабай, сөз сөйле, заманыңның зарынан» деген толғауында қоғамдағы кереғар құбылыстарға көзқарасын айқын танытса, «Қазақ баласына» атты жырында Сыр бойын жайлаған елдің кәсіп-тіршілігін салыстыра отырып ой түйеді, ел бастаған жақсылардың игі істеріне ризашылығын білдіріп, кейінгілерге үлгі етіп ұсынады. Қожабайдың Амангелді Имановқа хат ретінде жазған жыры болашаққа деген үміт пен жақсы тілекке толы. Ақынның «Ортадан асып барады менің жасым» деген ұзақ толғауы өмір мен өлім, баршылық пен жоқшылық, әділдік пен зұлымдық туралы философиялық ой түйетін күрделі туынды. Шығармадан ақынның шығыстың классикалық әдебиетімен жақсы таныс болғаны аңғарылады.

150 жыл бұрын (1861-1904) ақын, Абай Құнанбайұлының үлкен ұлы ҚҰНАНБАЕВ Ақылбай Абайұлы дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған, ауыл молдасынан білім алған. Сазгерлі талантымен де халыққа танылған. Орыс, Еуропа әдебиетімен өз бетінше оқып танысқан. Әкесі Абайдың кеңесі бойынша 3 поэма жазған. «Зұлыс» поэмасының оқиғасы ағылшын жазушысы Генри Хаггарттың «Сүлеймен патшаның кеніші» атты әйгілі романынан алынған. Бұл поэма толық сақталмаған. «Жаррах» поэмасы мүлде жоғалып кеткен. Толық сақталған «Дағыстан» поэмасына Дағыстан елінде, Кавказда болған оқиға өзек етіп алынғанымен, қазақ өмірі үшін зор мәні бар әлеуметтік мәселелер көтерілген. Ақынның бірнеше лирикалық өлеңі сақталған.

120 жыл бұрын (1891-1956) әнші, халық композиторы БАБАҚОВ Қосымжан дүниеге келген.

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. 1937-1943 жылдары Қазақ филармониясының әншісі болған. Әнші Біржан, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, т.б. халық композиторлары әндерін ерекше нақышпен шырқаған. Өзі де 20-ға жуық ән шығарды. Қосымжан Бабақов әндерін кезінде Рабиға Есімжанова, Мағауия Көшкімбаев, Жанна Қартабаева, т.б. орындады.

120 жыл бұрын (1891-1945) халық ақыны БАЙБОЛОВ Қазанғап дүниеге келген.

Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында туған. 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш съезіне халық ақыны ретінде қатысып, осы жылдан бастап баспасөзде өлеңдері жиі жарияланады.

«Толғау өлеңдер», «Халық қаһары», «Халық ақындары», «Пернедегі термелер» деген атпен шыққан шығармалары арқылы халық арасына танымал болды. «Төле бидің тарихы», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Өкірік Найман туралы» тарихи қисса-дастандары 17-18 ғасырларда қазақ елінде болып өткен тарихи оқиғалар желісін терең де көркем суреттейді.

«Сайыпжамал сұлу», «Шеризат-Күлшат» атты лирикалық шығармалардың авторы болып табылады. 1943 жылы Алматыда өткен ақындар айтысында саңлақ ақын Нартаймен сайысқа түсті. Осы айтысы 1966 жылы басылым көрген «Айтыс» кітабының үшінші томында басылды.

МАМЫРДЫҢ 1-І, ЖЕКСЕНБІ

Қазақстан халқының бірлігі күні. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтіледі. 140-тан астам ұлт өкілдері тұратын Қазақстан үшін бұл мереке дәстүрлі мейрамдардың біріне айналды. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының он жетінші сессиясы тұңғыш рет Бірінші Мамыр, Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында өтті. «Көктемгі 1 мамыр мерекесі біздің еліміздің барлық этностарын бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түсуге тиіс. Бұл - 20 жыл ішінде құрылған біздің ОРТАҚ ҮЙІМІЗ - туған Қазақстанымыздың ең басты мерекелерінің бірі. Біз оның берік қабырғасын тұрғыздық. Біздің шаңырағымыз берік нығайтылды. Біздің терезелеріміз мөлдір. Біздің үйіміздің есіктері бүкіл әлемдегі барлық достар үшін кеңінен ашық. Біз өзіміздің өте айрықша, тату-тәтті қазақстандық отбасын құрдық», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау - Қазақстан саясатының маңызды басымдықтарының бірі.

Еңбек мерекесі. Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні. Әлемнің 66 мемлекетінде атап өтіледі. 1886 жылы американдық жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, ереуіл ұйымдастырды. Аяғы полицейлермен қақтығысқа ұласып, үлкен қантөгіс болды. 1889 жылғы маусымда ІІ Интернационалдың Париж конгресі Чикагодағы жұмысшылар ереуілін мәңгі есте қалдыру мақсатында жыл сайын бірінші мамырда шеру өткізу туралы шешім қабылдады.

Литвада аналар күні. Католиктердің дәстүрiне сәйкес мамырдың бiрiншi жексенбiсiнде атап өтіледi.

Маршалл Аралдары Республикасының Ұлттық мейрамы - Конституция күні (1979). Маршалл Аралдары Республикасы Тынық мұхитының батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Ол 2 топқа бөлінген 34 аралдан тұрады. Оңтүстік-шығысы - Ратак аралы, солтүстік-шығысы - Ралик аралы деп аталады. Әкімшілік жағынан 25 ауданға бөлінеді. Астанасы - Маджуро қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлгі - АҚШ доллары. Елді президент басқарады. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Жоғарғы заң шығарушы органы екі палаталы парламент. Маршалл Аралдары Республикасы 1991 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше. Негізгі сауда серіктестері - АҚШ пен Жапония.

ОҚИҒАЛАР

110 жыл бұрын (1901) Орал қаласындағы баспаханада осы аймақтағы алғашқы саяси ереуіл болды.

81 жыл бұрын (1930) Орта Азия мен Сібір аралығын жалғастырған Түркістан-Сібір темір жолының ашылу салтанаты өтті. Бұл темір жол Семей қаласынан Алматы арқылы Жамбыл облысының Луговой бекетіне дейінгі аралықты жалғады. Ұзындығы - 1452 шақырым. Темір жол құрылысы 1927 жылы басталып, 1931 жылы толығымен аяқталған. Құрылыс инженері Мұхамеджан Тынышбаев болды. Ең бірінші болып Э-1441 паровозы құрылыс заттарымен жүріп өтті.

15 жыл бұрын (1996) Қазақстан халықтарының бірлігі күні бекітілді.

11 жыл бұрын (2000) Алматыда Қазақстан халықтары достығының I фестивалі өтті.

ЕСІМДЕР

115 жыл бұрын (1896-1945) тілші, ұстаз, филология ғылымының кандидаты, қазақ тілін оқыту әдістемесін қалыптастыруға елеулі үлес қосқан ғалым ЖИЕНБАЕВ Сейіл Сарықұлұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Бөрте ауданында туған. Орынбор қаласындағы мұғалімдер семинариясын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. 1916-1928 жылдары - Орынбор, Шымкент облыстарында мұғалім. 1929-1931 жылдары - Қазақстан халық ағарту комиссариатының қызметкері. 1931-1942 жылдары - Алматы ауыл шаруашылығы институтында, Мәдениет институтында, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында мұғалім, Қазақ КСР оқу комиссариаты жанындағы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері. 1942-1945 жылдары - КСРО Ғылым Академиясы филиалының Тіл, әдебиет, тарих институты секторының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Оның «Қазақ тілі», «Сөйлемнің тыныс белгілері», «Синтаксис мәселелері», «Қазақ тілінің методикасы», «Грамматикалық таблицалар», «Орысша-қазақша сөздік», «Бастауыш мектептегі қазақ тілінің әдісі», «Үлкендерге хат таныту методикасы», «Грамматика талдауыш», «Сөздіктің жасалу мақсаты мен принциптері» деген еңбектері бар.

100 жыл бұрын (1911-1989) қоғамдық-саяси қайраткер, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, пррофессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЖӘУТІКОВ Орынбек Ахметбекұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. 1934-1951 жылдары - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ассистенті, аға оқытушысы, деканы, директордың орынбасары, доценті, математиккалық талдау кафедрасының меңгерушісі. 1945-1965 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Математика және механика секторының аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі. 1965-1989 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика институты директорының орынбасары, зертхана меңгерушісі, бөлім меңгерушісі. 1970-1985 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы физика-математика ғылымдары бөлімшесі академик-хатшысының міндетін атқарушы, академик-хатшы қызметтерін атқарған.

Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі мен Қарқаралы қаласындағы №1 орта мектебіне О.Жәутіковтің есімі берілген. Орынбек Ахметбекұлы Алматы қаласында оқушылардың Кіші ғылымдар академиясын ұйымдастырып, академияның көп жылдар бойы Құрметті президенті болды.

Қазан революциясы орденімен, 2 мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің құрмет граммотасымен марапатталған.

85 жыл бұрын (1926-1992) әнші, композитор, Қазақстанның халық әртісі РАҚЫШЕВ Дәнеш дүниеге келді.

Алматы облысының Панфилов ауданында (қазіргі Жаркент қаласы) туған. 1944-1945 жылдары Шығыс Түркістандағы қазақтың жас әншілері құрамында ел аралап, өнер көрсетеді. 1945-1946 жылдары Қытайдың Құлжа қаласындағы ұйғыр-қазақ драма театрына актер болып орналасып, Бейімбет Майлиннің «Шұға» спектаклінде Әбдірахманның, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» және «Қалқаман-Мамырында» Жапалдың, Қалқаманның саханалық бейнелерін сомдайды. 1946-1949 жылдары Құлжа қаласындағы ұйғыр-қазақ драма театрының қазақ бөлімін басқарды. 1959 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін Талдықорған облысының Панфилов ауданындағы (қазіргі Алматы облысы Жаркент қаласы) «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы ұжымшарда халық театры режиссері және басшысы. 1968 жылдан Талдықорған облыстық филармониясының әнші-солисі, сонымен қатар «Тамаша әзіл-сықақ кеші» тобының жетекшісі қызметтерін атқарған.

М.Ержанов пен Ж.Елебековтің ән орындау ерекшеліктерін меңгеріп, олардың дәстүрін жалғастырды. Оның репертуарында - қазақ, ұйғыр, өзбек, қырғыз, татар композиторларының әндері бар. Олардың ішінде: Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні», Әсеттің «Ардақ», «Мақпал», «Атым Әсет», «Хисмет», «Аха-ау, жалған», «Жайқоңыр» әндері бар. Ол өзі де «Шаттық толқыны», «Мақтанышты елім бар», «Жас қайрат», «Жер сұлуы Жетісу», «Жеңеше», «Туған жер», «Алматым», т.б. әндерін шығарған. Оның орындауындағы әндер күйтабаққа жазылып алынған.

75 жыл бұрын (1936) «Әйелдердің республикалық кеңесі» Қоғамдық бірлестігінің президенті, Қазақстан Республикасы акушер-гинекологтар қауымдастығының президенті, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы профилактикалық медицина Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері ҚАЮПОВА Нина Әмірқызы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында туған. Қазақ ұлттық медицина университетін бітірген. 1959-1965 жылдары - Қазақ ұлттық медицина университетінің аспиранты, Алматыдағы № 1 перзентханада акушер-гинеколог. 1965-1971 жылдары - Ана мен баланы қорғау ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1971-1976 жылдары - Қазақ ұлттық медицина университетінің ассистенті, кафедра доценті. 1976-1981 жылдары - Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы. 1981-1991 жылдары - Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің акушерлік және гнеколоия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, директоры. 1991-1999 жылдары - ана мен бала денсаулығын қорғау Республикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры. 1999-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 12-ші шақырылымының депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты (Қазақстан Республикасы Президентімен тағайындалған), аймақтық даму және жергілікті өзін-өзін басқару комитетінің мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің мүшесі. 2003 жылдың сәуір айынан - Ана мен бала денсаулығын қорғау Республикалық ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері. 1991-1995 жылдары - Республикалық әйелдер ұйымы кеңесінің төрайымы. 1995-1998 жылдары - Қазақстан әйелдер кеңесінің төрайымы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы, әйел және демографиялық саясат мәселелері жөніндегі кеңес төрайымы. 1999-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары.

Парасат орденімен, медальдармен марапатталған, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының лауреаты, «Елеулі еңбегі үшін» аталымы бойынша «Тарлан» сыйлығының иегері.

75 жыл бұрын (1936) жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Жалын» журналының бөлім редакторы, Райымбек ауданының құрметті азаматы ҚАЗЫБЕКОВ Нұрқасым дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасы Іле Қазақ автономиялық облысында туған. Құлжа қаласындағы Ахметжан Қасым атындағы педагогикалық училищені, Қазақ мемлекеттік университетін, Синьцзян педагогикалық институтын бітірген. 1962-1976 жылдары тарихи отаны Қазақстанға оралып, «Жазушы» баспасында корректор, «Жалын» альманағында проза бөлімінің меңгерушісі. 1976-1983 жылдары - «Жалын» баспасында аға редактор болған. 1983-1987 жылдары шығармашылық жұмыспен айналысқан. 1987-1990 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының сын және проза секцияларының кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы. 1991-1993 жылдары - «Заман-Қазақстан» газетінің тілшісі, халықаралық «Түркістан» газетінің әлеуметтік және рухани мәселелер бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2003 жылдан бастап істейді.

Автордың «Тұсаукесер», «Шалғайдағы мектеп», «Бейтаныс», «Ағайын», «Ауылдағы ағайындар», «Ой таразысы», «Дала өрнектері», «Алтын Орданың құрылуынан құлауына дейін», «Мемлекет туралы ойлар», «Сын охотника», «Тасада қалған тарландар», «Халық сүйген қаламгер», «Бір оралман емеспіз», «Советский писатель» т.б. шығармалары бар. Ол қазақ, қырғыз, ұйғыр, қытай жазушыларының шығармаларын тәржімалаған.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.

70 жыл бұрын (1941) жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының иегері СЕГІЗБАЙ Кәдірбек дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Жас алаш» газеті, «Зерде» журналы, «Жалын» альманахы редакцияларында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, «Жалын», «Қазақ энциклопедиясы», «Санат», «Атамұра» баспаларында бас редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, бас редактор, баспа директоры болған.

Алғашқы әңгімелері 1968 жылдан бастап республикалық басылымдарда жарық көре бастаған. «Жап-жасыл әлем» повесі 1981 жылы жастар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың республикалық жабық байқауында бірінші жүлдеге ие болып, «Біз қалада тұрамыз» жинағы үшін оған 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы берілген. Сонымен қатар А.Лихановтың «Менің генералым» романын, словак жазушысы М.Дрючкованың «Ақ ханша» ертегілерін, поляк ғалымы Б.Залескийдің «Қазақ сахарасына саяхат» кітабын аударған.

«Қазақстан Республикасының конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

70 жыл бұрын (1941) Қазақсан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, Қазақстан өзбектерінің «Дослик» қоғамдық бірлестігі республикалық қауымдастығының президенті ХАЛМУРАДОВ Розақұл Сатыбалдыұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған. Ташкент мемлекеттік университетін, Ташкент ауыл шаруашылығы институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1965-1971 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Сайрам аудандық комитетінің бөлім меңгерушісі, екінші, бірінші хатшысы. 1971-1973 жылдары - Сайрам аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. 1977-1985 жылдары - Шымкент облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бірінші хатшысының көмекшісі, ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1985-1989 жылдары - Түркістан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1989-1991 жылдары - Шымкент облыстық партия комитетінің хатшысы. 1991-1992 жылдары - Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары - коммуналдық меншік басқармасының бастығы. 1992-1993 жылдары - Сайрам аудандық әкімдігінің басшысы. 1993-1998 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, әкімшілік басшысының орынбасары. 1998-1999 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі жанындағы экономикалық кеңестің хатшысы, әкімінің кеңесшісі. 1999-2002 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2002-2005 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Тәртіптік кеңесінің төрағасы. 2005-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жергілікті басқармасының бастығы - Оңтүстік Қазақстан облысы Тәртіптік кеңесінің төрағасы. 2007 жылы - Қазақсан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылымының депутаты (Қазақстан халық Ассамблеясынан), аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. 2003-2008 жылдары - Қазақстан өзбектерінің «Дослик» қоғамдық бірлестігі республикалық қауымдастығының президенті. 2005 жылы - Қазақсан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшесі.

Бірінші, екінші дәрежелі «Достық» ордендерімен, «Құрмет белгісі» және алты медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар