ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 29-31 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 29-31 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

29 шілдеде Ауыл шаруашылығы министрлігінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтеді.

ҚОҒАМ

2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялады.

25 шілде мен 3 тамыз аралығында Мәскеуде «ТМД елдері жастар ұйымдарының көшбасшыларына арналған мәдениетаралық диалог» Жас көшбасшылар мектебі жұмыс істейді.

СПОРТ

16 шілде мен 1 тамыз аралығында Шанхайда жүзуден XIV әлем чемпионаты өтуде. Біріншілікке әлемнің 181 елінен 2,2 мыңнан астам спортшы қатысуда. Бұл жарыстарға Қазақстанның ұлттық құрамасы да қатысуда.

20- 31 шілде аралығында «Қазақстан» спорт сарайында жасөспірімдер арасында бокстан әлем чемпионаты өтуде. Оған әлемнің 50 елінің спортшылары қатысуда.

25-31 шілде аралығында Астанада Ұлттық теннис орталығында Қазақстан Президентінің Кубогы үшін халықаралық теннис турнирі өтуде. Оған әлемнің 30-дан астам елінен танымал теннисшілер қатысуда.

Бейбіт Шүменов 29 шілде күні АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегаста Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының жартылай ауыр салмақта Әлем чемпионы атағын қорғайды.

СЫРТҚЫ САЯСАТ

16 шілде мен 8 тамыз аралығында Ухань қаласында (Қытай, Хунань провинциясы) «Қытай тілінің көпірі» атты қытай тілі мен мәдениетінің 10-шы мерейтойлық бүкіләлемдік студенттер байқауы өтеді. Оған Қазақстан студенттері де қатысады.

АСТАНА

25-31 шілде аралығында Астанада осы маусымдағы Қазақстандағы ірі халықаралық теннис турнирі - ерлер үшін АТР және әйелер үшін ITF «Президент кубогы» жарысы өтеді .

28-29 шілдеде «Империя G» қонақүйінің мәслихат залында Еңбек заңнамасы бойынша журналистерге арналған тренинг өтеді.

29-31 шілде аралығында Авторлық әндердің «Астана-2011» халықаралық фестивалі өтеді.

29 шілдеде Астанада V Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені жетістіктерінің «Қараөткел-2011» жәрмеңкесі аясында, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ ресми қолдауымен, II Халықаралық «KazMeat&Milk-2011» мал шаруашылығы форумы өтеді.

АЛМАТЫ

29 шілдеде №84 орта мектепте Түркісіб ауданы оқушыларының арасында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған баскетбол турнирі өтеді.

29 шілдеде Қазақтың мемлекеттік циркінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Фантазия лета» қайырымдылық цирк бағдарламасы өтеді.

АЙМАҚТАР

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

23 сәуір мен 10 қыркүйек арасында Ақтөбе облысында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 екпінді апталық» деген ұранмен «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы өтеді.

ПАВЛОДАР

29 шілде күні Павлодардың қалалық саябағында «Даңқ минуты» байқауы өтеді. Байқауға 6 жастан 18 жас аралағындағы кез келген жас талант қатыса алады.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР ЖӘНЕ ЕСІМДЕР

ШІЛДЕНІҢ 29-Ы, ЖҰМА

Жүйе әкімшілері күні. 1999 жылдан бастап шілде айының соңғы жұмасында корпоративтік әкімшілік және үй жүйелері, деректер базасы, пошта жүйесі, программалық

комплекс және басқа да жүйелер мамандарының кәсіби мейрамы - Жүйе әкімшілері күні аталып өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

75 жыл бұрын (1936) Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің Қарағанды облысын бөлу туралы қаулысы жарық көрді. Осы құжатқа сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы бөлініп шықты. Қарағанды облысының орталығы - Қарағанды қаласы. Облыс құрамында 11 қала, 39 кент, 168 ауылдық әкімшілік округі бар.

75 жыл бұрын (1936) Қостанай облысы құрылды. Орталығы - Қостанай қаласы. Территория аумағы - 196 мың шаршы шақырым. Облыс Қазақстан Республикасының төрт облысымен - Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарымен және Ресей Федерациясының Орынбор, Челябі, Қорған облыстарымен шектеседі. 1997 жылғы маусымның 17-сінде Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен орыс тіліндегі «Кустанай» атауы «Костанай» болып, ал «Кустанайская область» - «Костанайская область» болып өзгертілді. Облыс аумағында 100-ден аса ұлт өкілдері тұрады. 2010 жылғы қазанның 1-індегі санақ бойынша облыс халқының саны 882018-ді құрады.

21 жыл бұрын (1990) Алматыдағы Медеу мұз айдынында «Азия дауысы» музыка өнеріндегі танымал әндер мен талантты орындаушылардың бірінші Халықаралық байқауы өтті. Бас жүлдені Өзбекстаннан келген «Карс» тобы жеңіп алды. 1993 жылы «Азия дауысы» Халықаралық фестивальдар ұйымдастыру федерациясына (ФИДОФ) мүшелікке қабылданды. Аталған байқауға арналған «Алтын домбыра» жүлдесін алғашқы жылдары Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, 1997 жылы Роза Рымбаева жеңіп алды.

11 жыл бұрын (2000) Семей полигонының аумағында соңғы ядролық заряд жойылды. Ұзақ жылдар бойы көп қасірет шеккен Қазақстан халқы халықаралық атом зардабының бүкіл ауыртпалығын көтеріп келді. 45 жыл бойына дерлік Семей даласында 459 ядролық жарылыс, соның ішінде ауада 113 жарылыс жасалды. Радиоактивтік сәуле алған жарты миллионнан астам қазақстандықтардың денсаулығы ядролық жанталаса қаруланудың құрбандығына шалынды.

9 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу ережесі» бекітілді.

6 жыл бұрын (2005) елордада жаңа саябақ ашылды. Ол Қазақстан спорткешенінің маңында Ақ Бұлақ өзенінің жағалауында орналасқан. Жалпы аумағы 11,32 га құрайды. Саябақта 2 мың 800 шаршы метрге гүл, 1800 ағаш көшеті отырғызылған, 385 шамдар орнатылған. 2 мың 146 шаршы метрді құрайтын балаларға арналған ойын алаңы бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңдары да бар. Спортшыларға арналған жаттығу орындары кішігірім теннис кортын, баскетбол алаңын, бадминтон ойнайтын алаңды құрайды. Саябақтың орталығында жалпы диаметрі 18 метрді құрайтын су бұрқақ орналасқан.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда шілденің 29 мен 31 аралығында «Тау самал» атты авторлық өлеңдердің фестивалі өтті.

Ұйымдастырушысы - Алматы облысы әкімшілігінің қолдауымен «Аэлита» шығармашылық бірлестігі. Шараға қолдау көрсеткендер «Dilmah» сауда маркасы, «Oil trade center» компаниясы және «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты.

2 жыл бұрын (2009) Павлодар облысында Есқара ауылында жаңа мешіт ашылды.

Көк күмбезді және төрт мұнаралы мешіт мектептің жанынан салынып отыр. Бұл кездейсоқ емес - мешітке Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан бұрынғы мұғалім Шайдолла Ахметовтың (1910-1943) есімі берілген.

Мешіт Железин ауданы тұрғындарының қаржыларына салынып отыр, жауынгердің ұлы мен немерелері де қомақты үлес қосты.

1 жыл бұрын (2010) Астанада «Менің Отаным - Қазақстан» сериясы ауқымында «Баянауыл» кітабы жарық көрді. Көркем безендірілген ғылыми-көпшілік басылымды тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев жазып шықты. Баспа 2006 жылдан «Менің Отаным - Қазақстан» сериясымен біздің тарихи аймақтарымызға арналған кітаптар шығарып келеді. Бұған дейін «Ұлытау», «Ойыл», «Ерейментау», «Қазығұрт», «Отырар» атты кітаптар шыққан болатын. Жамбыл Артықбаевтың кітабында Баянауыл өңірінің бұрынғы және қазіргі тарихынан сыр шертіледі. Табиғаты көркем өңірден талай марқасқа азаматтар шыққан.

Таныстырылымға қатысқан зиялы қауым бұл кітап өлкетанушылар мен тарихшыларға ғана емес, өңірдің ерекшелігін білуге құмартқан бүкіл оқырман қауым үшін де пайдалы екенін атап өтті. «Баянауыл» кітабының алғашқы таралымы - 1000 дана.

1 жыл бұрын (2010) Польшаның Балтық жағалауындағы Ленбе курорттық қалашығында Қазақстанға арналған көрме өтті. Бұл польшалық қала үшін көрменің ерекше экспонаты бай жабдықтарға толы қазақтың нағыз киіз үйі болды. Сондай-ақ «Астана - болашақтың қаласы» және «Қазіргі Қазақстан» фотокөрмелері де қойылды. Жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың ұйымдастыруымен өтіп отырған «Теңіз бен Дала - екі күш» атты көрме Қазақстанның бастамасымен биылғы жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында «Мәдениеттер жақындасуының халықаралық жылы» аясында Қазақстан мен Польша халықтарының мәдениетін танудағы тағы бір қадам болып табылады. Көрме аясында қазақтың музыка өнерін зерттеуші Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабының тұсаукесері тағы бір айтулы сәт болды.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1951) «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары, экономика ғылымының кандидаты ЖАНАБАЕВ Бердібек Шыныбайұлы дүниеге келді.

Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген. Құрылыс ұйымдарында инженер, шебер, прораб, болып жұмыс істеп, Оңтүстік Қазақстан облыстық коммуналдық меншіктерді және активтерді басқару жөніндегі департаменттің директоры болған. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республиксы Президенті Іс басқармасы Салынып жатқан нысандарға техникалық қадағалау жүргізуді жүзеге асыру жөніндегі дирекцияның директоры. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың тамызынан бастап істейді.

ШІЛДЕНІҢ 30-Ы, СЕНБІ

Марокко Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тақ күні. 7 жыл бұрын (1999) VI Мұхаммед таққа отырды. Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 28-інде орнатылды.

Вануату Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1980). Вануату - Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі аралдарда орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 11 округке бөлінеді. Астанасы - Порт-Вила қаласы. Ресми тіл - бислама (пинджин), ағылшын және француз тілдері. Ақша бірлігі - вату. 1980 жылы қабылданған Конституциясы бойынша мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы - Ұлттық ассамблея.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

57 жыл бұрын (1954) Қытайда Іле қазақ автономиялық ауданы құрылды.

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Кабо-Верде Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

18 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға ресми сапармен келген Болгария Президенті Желю Желевпен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Болгария арасындағы достық қарым-қатынас және ынтымақтастық туралы шартқа, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісімге, Қазақстан-Болгар бірлескен несие-инвестиция банкін және холдингісін құру туралы, ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық туралы конвенцияға және басқа да құжаттарға қол қойылды.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы құрылды.

Жаңа қоғамдық ұжымның мақсаты - елiн, жерiн сүйетiн, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге, оны өзгелерден талап етiп жүрген ұлтжанды, намысшыл азаматтарымыздың қайратын жанымақ.

2 жыл бұрын (2009) физика-математика ғылымдарының кандидаты, Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің доценті Байсалов Ержан Рахметоллаұлы «Қазақтан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болды.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1911-1992) қолданбалы математика және есептеу техникасы саласының ғалымы, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі АКУШСКИЙ Израиль Яковлевич дүниеге келді.

Украинаның Днепропетровск қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1953-1956 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы машина және есептеу математикасы зертханасында меңгеруші болған. Ол есептеу математикасы мен техникасы саласында қалдықтар кластары жүйесіндегі жаңа бағыттың, есептеу процестерін ұйымдастыру мәселелерінің негізін салған. Сондай-ақ есептеу теориясын, бағдарламалау негіздерін, қолданбалы инженерлік шешімдер мәселесін зерттеген. Ғалымның елімізде және шет елдерде кеңінен танымал 200-ден астам еңбегі және оның ішінде 12 монографиясы бар. 90 өнертабыстың авторы, олардың көпшілігі АҚШ-та, Жапонияда, ГФР-де патент алған.

60 жыл бұрын (1951) әнші, КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Бүкілодақтық комсомол сыйлығының, кәсіпқой әншілердің Михаил Глинка атындағы бүкілодақтық, Р.Шуман атындағы халықаралық конкурсының және Рио-де Жанейрода өткен Халықаралық байқаудың лауреаты ДІНІШЕВ Әлібек Мұсаұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы музыка училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1976-1979 жылдары Қазақ филармониясының, 1978-1996 жылдары Қазақ опера және балет театрының әншісі болған. 1997 жылдан бастап «Әлібек Дінішев театры және вокал академиясын» құрып, соған басшылық жасауда.

Ол театр сахнасында Ленский (Петр Чайковскийдің «Евгений Онегинінде»), Владимир (Александр Бородиннің «Князь Игорінде»), Айдар (Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абайында»), Төлеген (Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде»), т.б. партияларды орындап, халыққа концерттік-орындаушылық қызметімен де кеңінен танылды. Оның репертуарында қазақ халық әндері, халық композиторларының әндері, сонымен қатар шетел композиторларының да шығармалары бар.

Парасат орденімен, медальмен марапатталған.

50 жыл бұрын (1961) «ҚазАгроИнновация» АҚ «Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-ының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты ҚАСҚАРБАЕВ Жексенбай Айтошұлы дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Торғай облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасының агрономы, кіші, аға ғылыми қызметкері, директордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 1994-2002 жылдары - Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, бөлім меңгеруішсі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 2002-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Александр Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» респубилкалық мемлекеттік кәсіпорны директорының міндетін атқарушы, директоры. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.

60-тан астам ғылыми жарияланымның авторы.

2 медальмен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 31-І, ЖЕКСЕНБІ

Африка әйелдерінің күні. 1962 жылы Бүкілафрикалық әйелдер конференциясының ұйымдастыруымен бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

82 жыл бұрын (1929) белгілі ғалым-астроном Николай Степанович Черных сансыз жұлдыздардың арасынан белгісіз № 2402-ші ғаламшарды ашып, оны ғұлама-ғалым Қаныш Сәтбаев есімімен атады. Шағын ғаламшар Жерге әрбір 5 жылда жақын келеді.

35 жыл бұрын (1976) Орал қаласында облыстық ғылыми-техникалық кітапхана ашылды. Онда ғылым мен техниканың әр түрлі саласынан, сондай-ақ өндірістік және әлеуметтік-экономикалық әдебиеттер жинақталған. Кітапханадағы кітап қоры шамамен 815 000 дана.

25 жыл бұрын (1986) КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығымен қазақстандық интернационалист-жауынгер Шахворостов Андрей Евгеньевичке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Молдова арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

6 жыл бұрын (2005) «Қазпошта» АҚ «Сәулет» сериясынан Бейбітшілік және Келісім сарайы бейнеленген жаңа пошталық маркасын айналымға енгізді. Бейбітшілік және Келісім Сарайы Қазақстан халықтарының конфессия аралық келісімдерін нығайтады. Оның құрылысы туралы шешiм 2003 жылы Әлемдік дәстүрлі діндер съезінде қабылданған болатын. Ғимарат Есіл өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан.

Марканың тиражы - 50000 дана.

4 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Талдықорған қаласындағы «Гранита плюс» ЖШС-ның керамикалық-граниттік тақта өндіретін зауыттын іске қосты. Құны 6 млн. еуролық итальяндық «Сакми» фирмасы жабдықтаған кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 2 млн. шаршы метр керамикалық-граниттік тақтаны құрайды.

2 жыл бұрын (2009) Павлодар облысының Екібастұз қаласына қарасты Өлеңті ауылдық округының Тай ауылында Сұлтан қожа атындағы жаңа мешіт ашылды.

500-ге тарта адам сиятын ғимарат қызыл кірпіштен күміс күмбезден салынған.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1906-1977) жазушы, аудармашы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ШУХОВ Иван дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Петропавл педагогика техникумын, Омбы жұмысшылар факультетін, Мәскеудегі Әдебиет институтын бітірген. 1928-1934 жылдары «Рабочий путь» (Омбы), «Красная Башкирия» (Уфа), «Волжская коммуна» (Самара), «Советская Сибирь» (Новосибирск), «Сельскохозяйственный работник» (Мәскеу) газеттерінде әдеби қызметкер болып істеген. 1934-1937 жылдары Солтүстік Қазақстан облысындағы Пресновка аудандық «Ударник» газетінің редакторы болған.

Шығармалары 1926 жылдан жариялана бастады. «Өшпенділік» романында әлеуметтік, саяси-экономикалық, адамгершілік мәселелері көтеріліп, орыстар мен қазақтардың жаңа заман орнату жолындағы еңбегі, достығы баяндалады. «Қасірет белдеуі» романы қазақ, орыс халықтарының Қазан төңкерісіне келу жолдарын суреттеуге арналған.

Иван Шухов шығармашылығына Максим Горький зор баға берген, жазушының қазақтар өмірі тым қатал әрі нанымды етіп суреттелгеніне баса назар аударған. Солтүстік Қазақстандағы коллективтендіру тақырыбы «Отан» романында жалғасын тапқан. «Майдандағы армия» романында көтерілген тарихи оқиғалар Бірінші дүниежүзілік соғыспен, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы жылдары «Алтын алқап» кітабы, «Американың күндері мен түндері», «Югославия күнделігі», т.б. очерктер жинағы, «Туған ел және жат жер» атты прозалық топтамасы, «Пресновка әсерлері» атты өмірбаяндық повестер шоғырының алғашқы бөлімі, «Қазақстан желі өтінде» очерктер жинағы жарық көрді. Көркем аударма саласында жемісті еңбек етіп, Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», «Өмір мектебі» романдарын, Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің, Әлжаппар Әбішевтің бірқатар шығармаларын орыс тіліне аударған.

«Халықтар достығы» орденімен, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. Алматы қаласындағы бір көше, мектеп, Петропавл қаласындағы бір көше мен орталық қалалық кітапхана, Преснов стансасындағы мектеп жазушының есімімен аталады. Жазушының туған жерінде әдеби-мемориалдық мұражай үйі ашылған.

55 жыл бұрын (1956) «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары экономика ғылымының кандидаты, заңгер, «Еуразия» Халықаралық экономика академиясының корреспондент мүшесі МУСИНА Лейла Сәкенқызы дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Мәскеу экономика-статистика институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген. 1978-1980 жылдары - Павлодар облыстық қаржы басқармасының экономисі. 1980-1982 жылдары - Еңбек ғылыми-зерттеу институтының Қазақ филиалы бөлімінің аға экономисі. 1982-1988 жылдары - Павлодар облыстық атқару комитетінің аға маманы, бөлім бастығының орынбасары, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. 1991-1993 жылдары - Павлодар облыстық экономика басқармасының бөлім бастығы. 1993-1995 жылдары - «Октябрь» зауыты» АҚ-ының вице-президенті. 1995-1997 жылдары - Павлодар облыстық экономика басқармасы бастығының орынбасары. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Аймақтық даму және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі комитетінің мүшесі. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1999-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі. 2007 жылдың ақпанынан - «Қазагро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры, басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Астана» мерекелік медальдарымен марапатталған.

45 жыл бұрын (1966) Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, техника ғылымының кандидаты АЙТҚҰЛОВ Амангелді Бердаманұлы дүниеге келді.

Түрікменстан Республикасында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. «Өзенмұнай» компаниясының шебері, цех бастығы, өндірістік қызмет көрсету базасының бастығы қызметтерін атқарған. 1995-1997 жылдары - «Өзенмұнайгаз» Ашық акционерлік қоғамы Мұнай дайындау және өндірістік қызмет көрсету басқармасының бас инженері. 1997-1999 жылдары - «Ремсервис» ЖШС директорының бірінші орынбасары - бас инженері. 1999-2008 жылдары - «ҚазМұнайГаз» Мұнай Өңдеу» АҚ «Өзенмұнайгаз» Мұнай өңдеу» АҚ-ның басқарушы директоры. 2008 жылдың қарашасынан - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың сәуірінен бастап істейді.

Медальмен марапатталған.

45 жыл бұрын (1966) Алматы облысының әкімі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты МҰСАХАНОВ Анзар Тұрсынханұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын, Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген, мамандығы бойынша - мал дәрігері, мемлекеттік және жергілікті басқару менеджері. Еңбек жолын Күрті ауданындағы «Құйған» совхозында жұмысшы болып бастады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін әр жылдары «КСРО-ның 60 жылдығы» атындағы кеңшарда мал дәрігері, Күрті ауданының бас мал дәрігері, Жамбыл ауданы Ұзынағаш станциясы мал учаскесінің меңгерушісі, Теміржол ауылдық округінің әкімі, Ақсеңгір тәжірибелік шаруашылығының директоры, «Қазыбек бек» ЖШС директоры болып жұмыс істеді. Алматы облысының мемлекеттік басқару органдарында басшы лауазымдарда қызмет атқарды. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қарасай аудандық аумақтық басқармасының бастығы. 2005-2006 жылдары - Іле ауданы әкімінің орынбасары. 2006-2009 жылдары - Жамбыл және Қарасай аудандарының әкімі. 2009-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2010-2011 жылдары - Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2011 жылдың сәуір айынан - қазіргі қызметінде істейді.

Екі медальмен марапатталған.