ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 30 қыркүйек пен 2 қазан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ЕЛБАСЫ
30 қыркүйекте Ақордада Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стипендиялары тапсырылады.
ҮКІМЕТ
30 қыркүйекте Астанада «Әлеуметтік жаңарту - жаңа әлеуметтік саясат» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
30 қыркүйекте ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексі жобасы бойынша кеңейтілген отырыс өтеді.
БАСҚА МЕМОРГАНДАР
30 қыркүйекте Астана қалалық мәслихатының жетпісінші сессиясы өтеді.
30 қыркүйекте ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демография саясаты ұлттық комиссиясының отырысы өтеді.
30 қыркүйекте ҚР Жоғарғы сотында брифингі өтеді.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
29 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астанада Қазақстанның ИЫҰ-ға төрағалығы ауқымында Денсаулық сақтау министрлерінің ІІІ Ислам конференциясы өтеді.
ТМД
27-30 қыркүйек күндері Донецк қаласында ТМД қатысушы елдерінің «Донбасс-Лаңкестікке қарсы-2011» бірлескен жаттығуы өтуде.
28-29 қыркүйек күндері Минскіде «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына 20 жыл» атты халықаралық ғылыми-пактикалық конференция өтуде.
28-30 қыркүйек күндері Киевте ТМД елдерінің халықаралық инновациялық форумы өтуде.
29-30 қыркүйек күндері Санкт-Петерборда «Тарих сабақтары. Ұлы Отан және Екінші дүниежүзілік соғыстары, Ресей мен әлемнің 20-21 ғасырлардағы тарихы» атты V халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде.
СПОРТ
21-29 қыркүйекте Тегранда (Иран) волейболдан ерлер ұлттық командалары арасында XVI Азия чемпионаты өтуде.
22 қыркүйек пен 10 қазан аралығында Бакуде бокстан XVI әлем чемпионаты өтуде.
2 қазанда «Қазақстандық бокс федерациясының кубогы» басталады.
АСТАНА
1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық акциясы өтуде.
18-27 қыркүйек аралығында Астанада Бибігүл Төлегенованың V халықаралық әншілер конкурсы өтуде.
30 қыркүйекте Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетовтің қатысуымен мұғалім күніне арналған салтанатты шара өтеді.
АЛМАТЫ
25 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Алматыда ХІХ республикалық театр фестивалі өтуде.
30 қыркүйекте Алматы ЖПБ-да қалада «Жолдағы қабылдау» акциясының кезекті кезеңін өткізу жөнінде брифингі өтеді.
30 қыркүйекте «Есік» пленэр көркемсурет акциясы өтеді.
30 қыркүйекте Мұғалім күніне арналған мерекелік шара өтеді.
30 қыркүйекте респуикалық театр фестивалінің жабылуына арналған салтанатты шара өтеді.
30 қыркүйекте Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді.
30 қыркүйекте OPEN WAY 2011 жас дизайнерлер ұлттық конкурсының финалына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
30 қыркүйекте «Тәуелсіздік өнері» қайырымдылық арт-жобасы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді
30 қыркүйекте Алматыда «Қазақстан мемлекеті: Тәуелсіздіктің 20 жылы» фотоплакаттар көрмесі ашылады.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 30-Ы, ЖҰМА
Бүкіләлемдік теңіз күні. 1978 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 10-сессиясының шешімімен қабылданған. Бүкіләлемдік теңіз күнінің мақсаты - теңіздер мен мұхиттарда балықты шектен тыс аулаудың, суаттарды ластау мен жаһандық жылынудың қаншалықты орны толмас зиян шектіретініне халықаралық қоғамдастық назарын аудару. Мейлінше маңызды екі міндет - теңіздегі қауіпсіздікті арттыру және теңіз аумағын, соның ішінде мұнаймен, ластаудың алдын алу.
Дүниежүзілік аударма күні (Аудармашылар күні). 1991 жылы Халықаралық федерация (FIT) қыркүйектің 30-ын Халықаралық аудармашылар күні деп жариялады.
Ботсвана Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1966). Ботсвана -Оңтүстік Африкада орналасқан мемлекет. Астанасы - Габороне қаласы. Ресми тілі - ағылшын және сетсвана тілдері. Ақша бірлігі - пула. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - бір палаталы Ұлттық жиналыс.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
187 жыл бұрын (1824) Ресей Сенатының шешімімен Көкшетау қамалы империяның бекітілген аудандар жөніндегі ресми тізіміне енгізген.
1839 жылы Көкшетауға әскери гарнизон енгізіліп, казактар стансасы құрылған. 1868 жылы әскери құрылымдардың жойылуына байланысты қамал жергілікті азаматтық қоныстарға айналған.
92 жыл бұрын (1919) Қырғыз (Қазақ) революциялық комитетінің Әділет бөлімін құру туралы шешімі қабылданды.
11 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Білім» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
6 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің қатысуымен Балқаш көлінің мәселелеріне бағытталған халықаралық экологиялық форум болып өтті.
Форумға Қытайдың, Қырғызстанның белгілі ғалымдары, экологтары, мамандары, Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімшіліктері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, барлығы 400-ден астам делегаттар қатысты.
Форумның мақсаты Балқаш көлінің мәселелеріне әлемдік қоғам назарын аудару, бірлескен іс-әрекеттің кешенді бағдарламасын құрастыруға Қазақстанның қоғамдық, үкіметтік және бизнес ұйымдардың қызығушылығын біріктіру, сонымен қатар Балқаш көлі бассейнінің барлық аумағындағы экологиялық және экономикалық ынтымақтастық аймағын құрастыру болып табылады.
6 жыл бұрын (2005) Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында керең-мылқау суретшілерінің көрмесі ашылды.
Ұйымдастырушысы - Кереңдердің мәдениет үйі. Жұмыстар әр түрлі жанрда орындалған - пейзаж, портрет, графика, комикстар. Көрмеде қылқалам өнерінен басқа, мүсіндік және сәндік өнердің туындылары қойылған. Авторлардың жасы14-тен 50-ге дейін.
70 жыл бұрын (1941) Мәскеу үшін шайқас басталды.
15 жыл бұрын (1996) Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шарт мәтініне қол қойды.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1941) заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі СҮЛЕЙМЕНОВ Майдан Күнтуарұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), КСРО Ғылым Академиясы мемлекет және құқық институтының аспирантурасын бітірген. 1966-1991 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Мемлекет және құқық институтының директоры. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Төралқасының бас ғалым хатшысы. 1995 жылдан Қазақ мемлекеттік заң университеті Ғылыми-зерттеу орталығының директоры болып істейді.
Қазақстан Республикасы Конституциясын, Азаматтық кодексін, тұрғын үй заңын және басқа да экономикалық реформаға қатысты заңдарды жасауға қатысқан.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
2011 ЖЫЛДЫҢ ҚАЗАН АЙЫ:
ОҚИҒАЛАР
65 жыл бұрын (1946) Қазақ КСР Ғылым Академиясының баспасы ұйымдастырылды (1964 жылғы маусымнан «Наука», қазіргі «Ғылым» баспасы). Баспа ғылыми, ғылыми-танымдық әдебиеттер, әмбебап және салалық анықтамалықтар мен сөздіктер, т.б. шығарады. Бірінші редакциялық-баспа кеңесінің жетекшісі Қаныш Сәтбаев, директоры Б.Нинбург болды. Баспа 1946-2000 жылдары аралығында қазақ, орыс, ұйғыр және басқа да тілдерде 13 мың кітап пен жалпы саны 31 млн дана журнал шығарды. Олардың қатарында Абай, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтбаев, т.б. Қазақстанның өнер және мәдениет қайраткерлерінің шығармалары, 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», 5 томдық «Қазақ КСР тарихы» бар.
40 жыл бұрын (1971) Достоевскийдің Семейдегі 1857-1859 жылдары тұрған үйіне әдеби-мемориалдық мұражай ұйымдастырылды. Бұл шара қазақ жеріне жер аударылған орыс жазушысының туғанына 150 жыл толуы қарсаңында жүзеге аста. Мұражай жартылай ашылған кітап пішінде, екі қабат ағаш үйге жапсарлас ғимаратта орналасқан. Кіре берісіне Достоевский мен Ш.Уәлихановтың достығын бейнелейтін қоладан құйылған мүсін қойылған. Мұражайда жазушының «Бейшаралар» романынан бастап «Ағайынды Қарамазовтар» романына дейін, сондай-ақ әр жылдары толық басылған жинақтары, әлем тілдерінде жарық көрген туындылары, ғалымдардың жазушы шығармашылығы туралы жазған зерттеу еңбектері бар. Сонымен қатар оның Ш.Уәлихановпен жазысқан хаттары, оған байланысты көптеген құнды экспонаттар қойылған.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1911-1955) ақын, драматург, сазгер, аудармашы АМАНЖОЛОВ Қасым Рақымжанұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Семей малдәрігерлік техникумын бітіріп, Ленинградтың Орман шаруашылығы институтына түскен, бірақ денсаулығына байланысты оқи алмаған. 1931-1941 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде, Орал облыстық театрында жұмыс істеген. 1941-1946 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан оралған соң біраз жылдар «Әдебиет және өнер» журналы поэзия бөлімінің меңгерушісі болған. Ақынның соғысқа дейінгі кезеңдегі көркемдік сапасы аса биік туындылары қатарына «Ақын», «Бірінші май», «Жолдас маршал», «Орамал», «Мен табиғат бөбегі», т.б. өлеңдері жатады. Ал Ұлы Отан соғысы кезеңі оның ақындығының қалыптасқан, ең шоқтықты да өнімді тұсы. Бұл шақта ақынның «Байкал», «Оралым», «Дариға, сол қыз» өлеңдері, «Мартбек», «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмалары жазылды. Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын Ғ.Мүсірепов қазақ поэзиясындағы жаңа бетбұрыс деп бағалаған. Ол ақындығымен қатар үлкен сазгер де болған. Оның әнін өзі шығарған «Дариға, сол қыз», «Туған жер», т.б. шығармалары халықтың сүйікті әндеріне айналған. Аударма саласында да жемісті еңбек етіп А.Пушкиннің «Полтава», М.Лермонтовтың «Маскарад», А.Твардовскийдің «Василий Теркин», Г.Низамидің «Ләйлі - Мәжнүн» поэмаларын, Т.Шевченконың, В.Маяковскийдің өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Ақын қазақ поэзиясына он буынды өлең түрін енгізіп, оның әбден тұрақтануына көп еңбек сіңірді.
2011 жылғы қыркүйектің 9-ында Қарағанды қаласында Қасым Аманжоловтың 100-жылдық мерейтойына орай еңселі ескерткіш ашылды.
ҚАЗАННЫҢ 1-І, СЕНБІ
Халықаралық қарттар күні
Халықаралық қарттар күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 1991-ыншы жылғы 1 қазанда негізінде жыл сайын атап өтіледі. (қарар 45/106 1990 жылғы 14 желтоқсанда).
БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990-ыншы жылғы желтоқсанның 15-індегі № 45/106 қарары негізінде жыл сайын атап өтіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 65 жастан асқандар халықтың 7,5 пайызын құраса, ал 2030 жылы 11,5 пайызын құрайтын болады. БҰҰ-ның бұл болжамы осы аумақтағы туудың төмендеуі мен ер адамдардың өлімінің жоғарылығына негізделген.
Халықаралық музыка күні
1975 жылы ЮНЕСКО-ның Халықаралық музыка кеңесінің шешімімен жыл сайын қазанның 1-інде атап өтіледі. Халықаралық күннің бекітілуінің бастаушыларының бірі ХХ ғасырдың композитор-классигі - Дмитрий Шостакович. Жыл сайын бүкіл дүниежүзінде үлкен концерттің бағдарламамен және жақсы әртістер мен көркемдік ұйымдардың қатысуымен өтеді. Бұл күні дүниежүзілік мәдениеттің асыл қазынасына кірген шығармалар оқылады.
Бүкіләлемдік күлімсіреу күні
Жыл сайын қазанның бірінші жұмасында атап өтіледі. Бұл ғажайып мейрамның болуына әлем суретші Харви Бэллуға (Harvey Ball) борышты. 20 ғасырдың ортасында ол Америкада өмір сүрді. Оның шығармашылығы ешқандай қызығушылық танытпады. Бір күні сақтандыру компаниясының өкілдері келіп, есте тез сақталатын визитка карточкасын ойлап табуын сұрады. Харви көп ойланбастан тапсырыс берушілерге, қазір барлық интернет пайдаланушылар «смайлик» деп атайтын - күліп тұрған сары бетті ұсынды. Бұл 1963 жылы болатын. Тапсырыс берушілер оның ұсынған жұмысын қабылдап, компанияның жұмысшыларына таратып берді. Сосын бұл сүйкімді бет футболкаларда, бейсболкаларда, конверттерде, ашық хаттарда, сіріңке қораптарында пайда бола бастады. АҚШ-тың почтасы осы символмен маркалар шығарды.
Дүниежүзілік күлкі күні алғашқы рет 1999 жылы атап өтілді.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2008) Павлодарда Достық үйінің жанына әуезді сағат орнатылды. Бұл жер облыс орталығындағы көрнекті орындардың біріне айналмақ. Диаметрі 1,5 метрлік сағаттың хронометрі әрбір жарты сағат сайын жергілікті композитор Иван Чужиновтың әуендерін орындайды. Сағат павлодарлық электроншы-инженерлердің жобасы бойынша жасалды. Оның механизмін микрокомпьютер басқарады.
1 жыл бұрын (2010) Қазақстан мен Кореяның қорғаныс министрлері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбекотың жұмыс бабындағы сапарда меморандумға қол қойылды.
Сапар барысында қорғаныс ведомствосының басшысы Корей Республикасы Ұлттық қорғаныс министрі Тэ Ёнг Киммен кездесті. Екі елдің қорғаныс министрлері қорғаныс ведомстволары арасында өзара түсіністік пен әскери саладағы ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Сонымен бірге кездесу кезінде әскери ынтымақтастықтың келешектегі жай-күйі талқыланды.
Екі мемлекет қорғаныс ведомствосының басшылары арасында Каспий теңізінде әскери және азаматтық кемелерді жөндейтін көп салалы кеме жасау кешенін салу жөнінде де әңгіме қозғалды. Бұл ретте корей жағының технологияны трансферттеу мен қызметкерлерді оқытуды қамтамасыз етуі қарастырылған.
Қазақстан армиясының әскери қызметшілері Қорғаныс министрімен бірге Корея Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерімен танысып, су ығыстырғышы 450 тонналық кораблін көрді, «STX Co» кеме жасау зауытында болды және атыс, радиолакация, байланыс пен бақылау жүйесін өндіретін «Samsung Thales» әскери өндіріс кешенінің кәсіпорнын аралады.
1 жыл бұрын (2010) Қазақстан мектептерінде медиация институты енгізілді.
Медиация институтының енгізілуі кәмелетке толмағандар арасындағы үдеп бара жатқан қылмыстық оқиғаларды азайтып, балалардың бір-бірімен қарым-қатынасында шиеленістердің төмендеуіне септігін тигізеді. «Жобаның басты мақсаты - мектеп ортасында бейбітшілік пен зорлық-зомбылықсыз мәдениетті дамыту», дейді жоба жетекшісі, «Астананың коммерциялық емес ұйымдарының форумы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Баян Ахметжанова.
Медиация - мектеп оқушылары арасында туындаған дау-дамайлы қарым-қатынастарын баламалы түрде шешудің бірден бір жолы. Ол араздасушы тараптардың бір-біріне деген өшпенділігін азайтып, керісінше өзара келісімге деген ынта-ықыластарын арттырады. Олардың екіжақты татуластыруға бағытталған тетіктерді пайдалануларына мүмкіндік береді.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1941) инженер-металлург, дипломат, саяси ғылымдардың кандидаты, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген жұмысшысы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының директоры СҮЛЕЙМЕНОВ Төлеутай Ысқақұлы дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті), КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген. 1969-1971 жылдары - Қарағанды металлургия комбинаты комсомол комитетінің хатшысы, цехтың шебері. 1971-1977 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Теміртау қалалық комитетінің бірінші хатшысы. 1973 жылы - Теміртау қалалық бақылау комитетінің төрағасы. 1973-1977 жылдары - Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы. 1977-1980 жылдары - Дипломатиялық академияның тыңдаушысы. 1980-1981 жылдары - КСРО Сыртқы істер министрлігі Орта Шығыс елдері бөлімінің бірінші хатшысы. 1981-1985 жылдары - КСРО-ның Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласындағы Бас өкілдігінің (консульство) консулы. 1985-1988 жылдары - КСРО Сыртқы істер министрлігі Орта Шығыс елдері бөлімінің кеңесшісі. 1988-1991 жылдары - КСРО-ның Ирандағы Елшілігінің кеңесшісі. 1991-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы -ының Америка құрама штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 1996-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы -ының Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Польша, Болгария, Чехия, Словакия және Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасының Люксембург Ұлы герцогтығындағы, Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі және Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ және Солтүстік-Атлантикалық шарт ұйымы жанындағы өкілдігі басшысы қызметін қоса атқарушы. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасының Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. Қазіргі қызметінде 2005 жылдың қыркүйек айынан бастап істейді.
«Парасат», «Құрмет», «Құрмет белгісі», «Даңқ», Құрмет, Орта Крест, Қос крестің ақ ордендерімен және медальдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің құрмет грамотасымен марапатталған.
65 жыл бұрын (1946-2003) Қазақстан Республикасының Денсаулық ісінің үздігі ҚҰРМАНОВ Нұрлепес Төлегенұлы дүниеге келді.
Атырау облысында туған. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1975-1977 жылдары - 1-ші Мәскеу медицина институтының клиникалық ординаторы. 1977-1992 жылдары - Маңғыстау облыстық ауруханасының бөлімше меңгерушісі, бас дәрігерінің орынбасары, бас дәрігері. 1992-1994 жылдары - Маңғыстау облыстық әкімдігі басшысының орынбасары. 1994-2000 жылдары - «Каскор» АҚ-ының вице-президенті, президенті. 2000-2003 жылдары - «Ча-Кур» медициналық фирмасының директоры болған.
Медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1951) «Павлодар облысының жылжымайтын мүлік Орталығы» РМК-ның директоры, ғалым агроном-экономист, экономика ғылымының кандидаты АДАМОВ Абызбай дүниеге келді.
Павлодар облысының Ертіс ауданында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті), Қазақ құқықтану және халықаралық байланыс институтын бітірген. 1980-1981 жылдары - Ертіс аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1981-1985 жылдары - совхоздың партия комитеті хатшысы, Ертіс аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығының орынбасары, бастығы, аудандық жоспарлау комитетінің төрағасы. 1985-1987 жылдары - Ертіс аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы. 1987-1989 жылдары - совхоз директоры. 1989-1992 жылдары - Ертіс аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 1992-1994 жылдары - Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1994-1997 жылдары - «Берік» мемлекеттік ауыл шаруашылық сауда үйінің бас директоры. 1997-1998 жылдары - Павлодар облыстық агроөнеркәсіп кешені бастығының орынбасары. 1998-1999 жылдары - «Ай-Мелькомбинат» акционерлік қоғамы директорының орынбасары. 1999-2000 жылдары - «Энергоқұрылыс» акционерлік қоғамының басқарушысы. 2000-2002 жылдары - Павлодар облыстық қаржы департаменті клирингтік және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы. 2002-2007 жылдары - Павлодар облысы Ертіс ауданының әкімі. 2007-2010 жылдары - Павлодар облысы әкімшілігінің бас инспекторы. Қазіргі қызметінде 2010 жылдан бастап істейді.
«Тыңға 50 жыл», «Қазақстан Республикасының конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» мерекелік медальдармен марапатталған.
50 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасы құрметті спорт қайраткері, «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры ИМАНҒАЛИ Қазбек Қажыұлы дүниеге келді.
Атырау облысының Индер ауданында туған. Қазақ дене шынықтыру институтын бітірген. 1978-2000 жылдары - Атырау облысының Махамбет ауданындағы балалар спорт мектебінің бокстан жаттықтырушысы, директордың орынбасары, директоры. 2000 жылы - Махамбет аудандық туризм және спорт бөлімінің меңгерушісі. 2000-2001 жылдары - Олимпиадалық қор дайындау жөніндегі Атырау арнайы спорт мектебінің директоры. 2001-2002 жылдары - Атырау облыстық жастар ісі, туризм және спорт департаментінің бастығы. 2002-2005 жылдары - Атырау облыстық туризм және спорт басқармасының бастығы, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы. 2005-2006 жылдары - Атырау облыстық денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы. 2006-2010 жылдары - Атырау облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы, «Астана волейболдық клубы» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры. Қазіргі қызметінде 2011 жылдан бастап істейді.
ҚАЗАННЫҢ 2-І, ЖЕКСЕНБІ
Тұңғыш ғарышкер-қазақ Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан тарихи күні
1991 жылғы қазанның 2-сінде жергілікті уақыт бойынша 11 сағат 59 минутта «Байқоңыр» ғарыш айлағынан құрамында ресейлік Александр Волков, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен австриялық ғарышкер Франц Фибек бар «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен кеңес-австрия экипажы ұшып шықты. Қазақстан мен Австрия арасында ғарышқа жол салған бұл тарихи бастаманы Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Австрия Республикасының канцлері Франц Враницкий бақылады.
Мұғалім күні
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1998-інші жылғы қаңтардың 20-сындағы Жарлығына сәйкес жыл сайын қазанның бірінші жексенбісінде атап өтіледі. 2003-інші жылғы қарашаның 15-інде ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстанда кәсіби және басқа да мерекелердің жаңа тізімі бекітілді. Осы Жарлыққа сәйкес мұғалім күні - қазан айының бірінші жексенбісі.
Мұғалім - тек ғылымдарға үйретуші ғана емес, сондай-ақ рухани игіліктер мен адамгершілік ізгі ниеттерді оқушылар бойына сіңіруші де. Ұстаздар айрықша азаматтық парыз - жас ұрпақты тәрбиелеу міндетін атқарады. Олардың білімі мен тәжірибесі, дәстүрлер сабақтастығы мен жаңашылдығы әрбір мектептің негізі боп қаланған. 1994-інші жылы ЮНЕСКО қазанның 5-інде аталып өтетін - Дүниежүзілік Мұғалім күнін (World Teachers' Day) бекіткен.
Халықаралық жәбірлемеушілік күні
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2007-інші жылғы маусымның 27-сінде (БҰҰ-ның №A/RES/61/271 қарары) бекіткен. 2007-нші жылдан бастап жыл сайын, қазанның 2-сінде, жәбірлемеу философиясының негізін қалаушы Махатма Гандидің туған күнінде атап өтіледі.
Бас Ассамблея қарарында айтылғандай, бұл Халықаралық күннің мақсаты - бейбітшілік, шыдамдылық, түсіністік пен жәбірлемеушілік мәдениетін бекітуге талпыныс. Қарар барлық адамдарға осы дата туралы жария етіп, осы күнді атап өтуге және мерекелеуге шақырады.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2008) Астана тұрғындары Бірыңғай төлем орталығы (БТО) арқылы коммуналдық, оның ішінде электр энергиясы, ыстық және ауыз су, газ, кәріз және қоқыс шығару қызметтері үшін төлемақыны бір түбіртекпен төлей бастады. Мұндай орталық алғаш 1997 жылы Алматыда іске қосылды. Астана жүйені енгізген екінші қала.
3 жыл бұрын (2008) Алматыдағы орталық бейітте Ұлы Отан соғысына қатысушы, генерал-лейтенант Константин Максимовке орнатылған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті.
К.Максимов 1917 жылы наурыздың 29-ында Украинаның Харьков облысының Барвенково қаласында туған. 1917 жылдың желтоқсанында Қызыл Армия қатарына шақырылып, қатардағы солдаттан генерал-лейтенант шеніне дейін көтерілген. Әскери тақырыптарға мақалалар да жазған. Ол үш мәрте Қызыл Ту орденінің, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі ордендерінің иегері.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1926-1983) кинорежиссер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері ҚАРСАҚБАЕВ Абдолла дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Мәскеу қаласындағы Сергей Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының режисер факультетін бітірген. 1947-1983 жылдары - «Қазақфильм» студиясында режиссер болып «Ана мен бала», «Егер біздің бәріміз де...», «Қанатты сыйлық», «Ботагөз» атты көркем фильмдерді қоюға қатысты. Тарихи тақырыпқа «Қилы кезең», «Даладағы қуғын» секілді фильмдерді, «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Менің ағам», «Қатарыңнан қалма», «Оу, ковбойлар», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шақтың кермек дәмі» көркем фильмдерін, сонымен қатар «Қазақ халқының қолөнері», «Торғай шеті», «Черкасск қорғаны», «Ақтөбе», т.б. деректі фильмдер қойған.
2001 жылы 24 шілдеде Абдолла Қарсақбаевтың аты Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылдық округінің Жаңақұрылыс орта мектебіне берілді.
50 жыл бұрын (1961) Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы, заңгер, 1-ші класты бағаланған соттың судьясы СМАҒҰЛОВ Мұхтар Керімқұлұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Іле ауданында туған. Аль-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1982-1987 жылдары - Калинин аудандық сотының кеңесшісі, сот орындаушысы, сот отырысының хатшысы. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жетекші консультанты. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының аға консультанты. 1994-1995 жылдары - Алматы қалалық арбитраждық сотының мемлекеттік арбитры, судьясы. 1995-2002 жылдары - Алматы қалалық сотының судьясы, шаруашылық істер жөніндегі алқасының төрағасы. 2002-2007 жылдары - Маңғыстау облыстық сотының төрағасы. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.