ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 4-8 мамыр аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ЕЛБАСЫ

4 мамырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облысында жұмыс сапары жалғасады. Сапарының екінші күні Елбасы Қарағандыдағы «Эргономика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, аймақтағы энергия үнемдеуші технологиялардың енгізілу үдерісімен танысады. Одан кейін Президенттің қатысуымен жаңа заманауи Қан орталығының ашылу рәсімі болады.

ҮКІМЕТ

4 мамырда Министрлер үйінде Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев Халыққа қызмет көрсету орталықтарының басшыларымен кеңес өткізеді.

4 мамырда Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов елімізге сапармен келген Жапонияның бұрынғы премьері Ю.Хатоямимен кездеседі.

ҚОҒАМ

26 сәуір мен 25 мамыр аралығында Ішкі істер министрлігі республикалық «Назар аударыңыз - бағдаршам!» айлығын өткізеді. Бұл акцияның мақсаты - балалар жол-көлік жарақатының алдын алу және жүргізушілердің назарын кәмелетке толмаған жаяу жүргіншілерге аудару.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров 5-6 мамыр күндері жұмыс сапармен Куба Республикасында болып қайтады.

СПОРТ

Қытайда 5-9 мамыр күндері әйелдер боксынан Азия кубогы сарапқа салынады

АСТАНА

9 сәуірден 15 маусымға дейін Астананың Жеңіс және Иманов көшелерінде жол-құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

3-4 мамыр күндері елордада IV Астана экономикалық форумы өтеді.

3-4 мамыр күндері Астана қаласының Тәуелсіздік сарайында өтетін IV Астаналық экономикалық форум (АЭФ) аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ шағын және орта бизнестің дағдарыстан кейінгі даму мәселелеріне арналған арнайы сессия өткізгелі отыр.

4 мамырда елордадағы Тәуелсіздік сарайында 2 халықаралық «AstanaInvest 2011» инвестициялық форумы өтеді

4 мамыр күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, ІV Астаналық экономикалық форум аясында «Іскерлік көпір - жастар үшін инновациялық болашақ» атты халықаралық конференция өтеді

4 мамырда Ұлттық академиялық кітапханада профессорлар В. Григорьев пен Л.Ахметованың оқу құралының тұсаукесер рәсімі болады.

4 мамырда Президенттік мәдениет орталығында «Ел үмітін ер ақтар, Ар атағын ел сақтар» атты көрме ашылады.

4 мамырда Ресейдің Ғылым және мәдениет орталығында елші М.Бочарниковтың қатысуымен ҰОС ардагерлерін құттықтау шарасы өтеді.

5-6 мамырда сағат 19.00 К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Август Бурнонвильдің «Сильфида» романтикалық балетінің премьералық қойылымы өтеді. Музыкасын жазған Херман Левенсхольд.

4 мамырда Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының көрме залында Ұлы Жеңістің 66 жылдығына арналған «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» атты көрмесі және «Әскери әндер» атты іс-шарасы ұйымдастырылады. Іс-шаралар 11.00 басталады.

4 мамырда «Аққу» бизнес-отелінде «ЕурАзЭҚ елдерінің тауарлы биржаларын дамыту» тақырыбында халықаралық конференциясы өтеді.

6 мамырда Конгресс-Холда Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған «Ленинградтық өрендерім!» атты қайырымдылық концерті өтеді.

АЛМАТЫ

4-5 мамырда Алматыда «Қауіпсіздік. Дабылқаққыш. Күзет - Алматы» атты халықаралық мамандандырылған көрме өтеді

Алматыда 5 мамыр күні Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясында Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің Жеңіс күніне арналған концерті өтеді.

АЙМАҚ

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

7 мамыр күні Ақмола облысы, Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында «Күш атасы Қажымұқан» - атты Қажымұқан Мұнайтпасұлының туғанына 140 жыл толуына арналған ерекше маңызды мәдени-спорттық іс-шара өткізіледі.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

МАМЫРДЫҢ 4-І, СӘРСЕНБІ

Жапонияда көгалдандыру күні. «Көгалдандыру күні» Жапонияда 2007 жылға дейін сәуірдің 29-ында атап өтілген. Мерекенiң табиғи атауы Сёва Императорының атымен және оның қағылез табиғатқа деген терең махаббатымен байланысты.

2007 жылдан бастап бұл күн 4-ші мамырда атап өтіледі.

Қытай жастарының күні. Шэньси-Ганьсу-Нинся Шекаралық ауданындағы жастар ұйымдарының бастамасымен алғашқы рет 4-ші мамыр Қытай жастарының күні болып жарияланды. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін Орталық халық үкіметінің Мемлекеттік әкімшілік кеңесі 1949 жылғы желтоқсанда ресми түрде 4-ші мамырды Қытай жастарының күні деп жариялады.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы «Қазақша жер-су аттарын, атауларды орыс тілінде дәл жазуды тәртіпке келтіру және Қазақстан Республикасы жекелеген әкімшілік-аумақтық мекендерінің атауларын өзгерту туралы» қаулы қабылданды.

18 жыл бұрын (1993) Абай атындағы опера және балет театрында, Абай атындағы қалалық қордың ашылу құрметіне қазақтың салты бойынша «тұсау кесу» рәсімі өткізілді.

10 жыл бұрын (2001) Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында Төле биге ескерткіш орнатылды.

6 жыл бұрын (2005) Елбасы «Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан әрі пайдалану жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

5 жыл бұрын (2006) Алматыдағы Республикалық Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепте «Жауынгерлік ағайын» одағының қолдауымен ауған соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» және «Қызыл Белгі» ордендерінің иегері, запастағы полковник Сержан Қазақбаевтың «Қандағар күнделігі» кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Өзінің бұл туындысын Отан алдындағы борышын адал атқара жүріп, ауған жерінде қаза тапқан барша жауынгер-сарбаздарға арнайтынын атап өткен С.Қазақбаев: «Иә! Мен шыныменен нағыз соғысқа қатыстым! Ал енді ол соғыс менде өмір сүреді? Себебі, мен бұл күнделіктің әр бетін толтырар сәтте қатты қиналумен болдым. Сондықтан болар, бұл еңбектің кез келген ауған соғысы ардагері үшін ыстық, әрі қымбат екенін білемін», - деді. Оның айтуынша, түрлі қанды оқиғалар жайлы асыра айту болмаса да, жағдайларға байланысты кейбір адамдардың аты-жөндері өзгертіліп берілген.

5 жыл бұрын (2006) Атыраудағы Сот сараптамасы орталығында молекулярлы-генетикалық зертхананың ашылу рәсімі өтті. Бұл - Қазақстанда ашылып отырған үшінші молекулярлы-генетикалық зертхана, оның біреуі Алматы жұмыс істесе, екіншісі жақында, сәуірдің 20-сында Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығының Қарағанды аймақтық бөлімшесінде ашылды. Молекулярлы-генетикалық зертхана ДНК-ны анықтау мен зерттеуге арналған қазіргі заманға сай арнайы құралдармен және реактивтер кешенімен жабдықталған.

4 жыл бұрын (2007) ұзындығы 235-шақырымдық Хромтау-Алтынсарин жаңа теміржол желісі учаскесі пайдалануға берді. Жаңа теміржол желісі Қазақстанның солтүстігіндегі астықты және орталығындағы өнеркәсіпті аймақтарды елдің батысына қарай ең қысқа жолмен жалғастырады. Бұдан басқа, Қазақстаннан өтетін экспорттық жүктерді балтық және қаратеңіздік айлақтарға өткізетін жаңа жолбағыт жасақталған.

3 жыл бұрын (2008) Қазақстан халқының Павлодардағы Кіші Ассамблеясы мен облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің редакциясы «Павлодардың Ертіс жағалауы - достық пен келісім өңірі» конкурсының қорытындысын шығарды. Үздік жұмыстардың авторлары дипломдармен марапатталды. Олардың шығармалары «Жүректен шыққан сөздер» кітабында жарияланатын болады. Қазақ және орыс тілдерінде жазылған өлеңдер мен прозалық шығармалардың, эсселер мен суреттердің авторлары - оқушылар. Балалар ата-аналарының, ата-әжелерінің, отбасыларының тарихы, туған жері, арман-тілектері жайында сыр шертеді. Ұлттар арасындағы достық пен келісім тақырыбы да назардан тыс қалмаған. Жас талапкерлердің шығармашылық байқауы Павлодар облысының 70 жылдығына арналып отыр.

3 жыл бұрын (2008) Президенттік мәдениет орталығына Қазыбек бидің шапаны тарту етілді.

Қазақ халқының ұлы қайраткері Қазыбек бидің 6-шы ұрпағы Алтын Қожахметов ақсақал Президенттік мәдениет орталығына аты аңызға айналған атасының шапанын тарту етті.

Президенттік мәдениет орталығының басшысы өз сөзінде аталмыш оқиғаның тарихи мәнін атап көрсетті. «Біз мұражайымызда осындай бірегей зат пайда болатынын мақтан тұтамыз», - деді ол. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 16 жылдығы қарсаңында қазірде мұражайда лайықты орын алған Абылай хан шапанының тұсаукесері өткен болатын. XVIII ғасырдағы әйгілі 3 бидің бірі, Тәуке хан құрған Билер кеңесінің мүшесі ? Қазыбек бидің шапанына 300 жыл. А.Қожахметов ақсақалдың сөзіне қарағанда, Қазыбек би өлер алдында оны өзінің ұлы Бекболатқа мұра етіп қалдырды. Одан кейін отбасылық жәдігер ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырды.

Президенттік мәдениет орталығы директорының айтуынша, шапанды қайта қалпына келтіруге 4-5 ай кетеді. Сонымен қатар, Қазыбек бидің ұрпағы қайырымдылық ісі үшін марапатталып, оған «Волга» көлігі мінгізілді.

2 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тауарлық биржалардың қызмет үдерісі мен биржалық сауда-саттықты жүзеге асыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін «Тауар биржалары туралы» Заңға қол қойды. Елбасы сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы «Тауар биржалары туралы» Заңға сәйкестендіруді қарастырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлық биржа мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

2 жыл бұрын (2009) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осы оқу орнының тарихы туралы жаңа мұражайы галереясының бірінші тасын және капсуласын қою рәсімі өтті. Шара еліміздің алдыңғы қатарындағы университеттің 75-жылдық мерейтойына арналған.

Мұражайдың қорында фотоматериалдар, қолжазбалар, сувенирлер, сыйлықтар, суреттер, портреттер, кiтаптар, ғалымдардың монографиясы және тағы басқа 14 мың бiрлiк нақты материалдар жинағы бар.

Мұражайдың жалпы ауданы - 900 шаршы метрді, университет тарихының галереясын қосқанда (өткел) - 540 шарша метр, Даңқ залы - 120 шаршы метр, «ҚазҰУ - бүгін, ертен» залы - 240 шаршы метрді құрайды.

Мұражайда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi рәсімделген және құрметті қонақтармен, шетелдік делегациялармен, ардагермен, жастармен кездесулер өткізуге арналған.

1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың негіздерін, сондай-ақ қауіпсіз және сапалы тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) қамтамасыз ету жөніндегі шараларды анықтауға бағытталған

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

1 жыл бұрын (2010) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қызметтері үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты нысандардың иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру мәселелері жөніндегі өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Заң қауіпті өндірістік нысандардың зиянды әсерінен халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ келтірілген зиянның толық өтелуіне бағытталған.

1 жыл бұрын (2010) Алматыда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында Ұлы Отан соғысының ардагері Кәкен Әбеновтың «Марс» операциясы. «Өлім алқабындағы» қазақтар» деп аталатын жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.

Бұл шығарма 1942 жылғы қарашаның 25-і мен желтоқсанның 20-сы аралығында Кеңес әскерлері басшылығының «Марс» атты әскери операциясын жүзеге асыру барысында қаза тапқан 100-ші және 101-ші Қазақ жеке атқыштар бригадалары жауынгерлерінің құрметіне арналған.

1941 жылы Қазақстанда 2 Қазақ бригадасы құрылды. 100-ші бригада Алматыда, 101-ші бригада Ақтөбеде. Олар бір уақытта, бір күнде 1942 жылы қарашаның 25-і күні Ржев түбінде соғысқа кірді. Онда өте қатты ұрыс болды. Бір айдың ішінде 80 пайызымыз оққа ұшты. Калинин майданында 39-шы Армияның құрамында Ржев плаңдармында соғысқан және КСРО әскери басшылығының «Марс» әскери операциясын жүзеге асыру барысында қаза тапқан марқұмдарды есте қалдыру мақсатында осы кітапты жаздым», дейді 100-ші бригаданың мүшесі Кәкен Әбенов. Ардагердің айтуынша, кейін ол құрамында болған 100-ші бригаданы қайта жасақтаған кезде 6 мың адамнан 530-ы ғана аман қалғаны белгілі болды. Алайда бұл туралы айтуға тиым салынғандықтан, оған ұзақ жылдар бойы баға берілмей келді. Тек 60 жылдан кейін ғана Ржов ауданында іздеу тобы құрылып, Қорғаныс министрлігінің Мәскеудегі орталық мұрағатынан Ржовта оққа ұшқандардың тізімі жасалған.

Қазір тарихшылар Ржов шайқасын Сталинград шайқасымен теңестіріп жүр. Тіпті кейбір зерттеушілер әскери техникалар мен әскери жеке құрамдардағы жауынгерлердің шығыны бойынша оның Сталинград шайқасынан асып кететінін дәлелдеп шықты. Ржов плацдармын немістер Мәскеуге жасалынатын екінші жорықтың бастамасы деп санады. Ал Кеңес әскер басшылығы олардың «Орталық» деп аталатын негізгі армиясын генерал Паулюстің армиясына көмек көрсетуіне тосқауыл қоюды мақсат тұтты. Сондықтан да Кеңес армиясының Сталинградтағы жеңісіне Батыс және Калинин майданындағы әскерлер зор үлес қосқанын ұмытпауымыз керек», дейді майдангер Кәкен Әбенов. Оның сөзіне қарағанда, екі елдің үкіметтері Ржовта және Алматы мен Ақтөбеде 100, 101-ші бригада майдангерлеріне ескерткіш қою үшін арнайы қаулы шығарып отыр.

1 жыл бұрын (2010) Астана қалалық мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасы мен Мемлекеттік мұрағат ұжымдары бірігіп «Ақмолалықтар - майдан мен тыл шебінде» атты мұрағаттық құжаттар жинағын жарыққа шығарды.

Аталған жинаққа сол кездегі Ақмола қаласында жасақталған 310, 387 және 29-шы атқыштар дивизияларына қатысты бұрын жарияланбаған, «құпиялық» белгісі алынбаған құжаттар топтастырылған. Кітапқа енген материалдардан соғыс жылдарының қарбаласы мен қазақстандық тыл еңбеккерлерінің жеңісті жақындата түсуге қосқан үлесі, ең бастысы Ақмола қаласының сол кезеңдегі тыныс-тіршілігі айқын көрінеді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери және қорғаныс шараларымен бірге әлеуметтік және саяси салада атқарылған қарбалас сәттер де көрініс тапқан. Жергілікті билік органдарының Ақмолаға уақытша қоныс аударған кәсіпорындар мен тұрғылықты жерлерінен еріксіз көшірілген ұлт өкілдерін орналастыру мен оларға жағдай жасау барысында атқарылған жұмыстары да нақты құжаттар негізінде әсерлі баяндалған. Қ.Тоқабаев, Ш.Мұқанов, Қ.Қамышұлы сияқты ақмолалық майдангерлердің жеке қорларынан алынған құжаттарды осы жинақтан табуға болады. Сонымен қатар «Мемориалдық аймақ» іздестіру отрядының атқарған қызметі толығымен ашып көрсетілген. Олардың араласуымен жүзеге асырылған жұмыстардың жай-күйі де жан-жақты қамтылған.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1956-2010) педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі САРМАНОВ Ерғали Сатыбалдыұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. Шымкент педагогикалық институтын бітірген. 1980-1985 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Шымкент облысы кеңшар комсомолдық комитетінің хатшысы, комитет нұсқаушысы, сектор меңгерушісі. 1989-1990 жылдары - Сайрам аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1990-1994 жылдары - мектеп директоры. 1994-1999 жылдары - Сайрам аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі. 1999-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің мүшесі. 2004-2005 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі. 2005 жылы - Оңтүстік Қазақстан облысы білім департаменті директорының орынбасары. 2005-2006 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы білім департаментінің директоры. 2006-2010 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 1999-2004 жылдары - 2-ші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

50 жыл бұрын (1961) Қазақ инфокоммуникация академиясының президенті, электрбайланыс инженері, техника ғылымының кандидаты, экономика ғылымының докторы, іскерлік әкімшілік магистрі, Халықаралық байланыс Академиясының академигі, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасының құрметті байланысшысы СЕЙІЛОВ Шахмаран Жүсінбекұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Жезқазған қаласында туған. Электр байланыс мамандығы бойынша М.А.Бонч-Бруевич атындағы Ленинград электротехникалық байланыс институтын, Мәскеу электротехникалық байланыс институтын, Халықаралық бизнес академиясын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. 1983-1986 жылдары - Алматы энергетикалық институты радиотехника және байланыс кафедрасының лаборанты, ассистенті, стажер-зерттеушісі. 1986-1989 жылдары - Мәскеу электротехникалық байланыс институтының аспиранты. 1989-1992 жылдары - Алматы энергетика институтының оқытушысы. 1992-1995 жылдары - Алматы қалалық телефон желісі Солтүстік телефон торабының техникалық директоры. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Аппараты құрылыс, көлік және коммуникация бөлімінің референті. 1996 жылы - Қазақстан Республикасы Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі, бірінші орынбасарының кеңесшісі. 1996-1997 жылдары - «Қазақтелеком» ҰАҚ-ның президенті, бірінші вице-президенті. 1997-2000 жылдары - «Алматы радиотелехабарларын тарату стансасы» (Көктөбе) Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры. 2000-2001 жылдары - «Қазтелерадио» ААҚ басқармасының төрағасы. 2001-2002 жылдары - «Қазақстан хабар тарату корпорациясы» ААҚ басқармасының төрағасы. 2002-2007 жылдары - «Қазақтелеком» ААҚ-ның атқарушы директоры. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.

3 монографияның және 70 ғылыми жарияланымның авторы.

МАМЫРДЫҢ 5-І, БЕЙСЕНБІ

Халықаралық мүгедектер құқын қорғау күні. 1992 жылы Бас Ассамблея Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектердің онжылдығы соңында (1983-1992 жылдары) Халықаралық мүгедектер күнін жариялады. Халықаралық мүгедектер күнін атап өту олардың мәселелеріне көңіл бөлуге, қадір-қасиетін, құқығы мен аман-саулығын қорғауға, мүгедектердің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірге қатысуынан қоғамға келетін басымдылыққа назар аударуға бағытталған.

Еуропа күні. 1949 жылдан аталып өтіледі. Осы күні Еуропа Кеңесі құрылды.

Қырғыз Республикасының Ұлттық мейрамы - Конституция күні. 1993 жылғы мамырдың 5-інде елдің жаңа Конституциясы қабылданды. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанның 15-інде орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

86 жыл бұрын (1925) Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы әйелдер бөлімі шығарған «Азат әйел» газеті негізінде «Теңдік» газетінің алғашқы саны шықты. 1955 жылдан бастап «Қазақстан әйелдері» деген атпен журнал болып шыға бастады.

25 жыл бұрын (1986) Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың мұражайы ашылды. Мұражай жыл сайын 30 мыңға жуық адам қабылдайды. Мұрағаттар саны 7 мыңнан асады. Олардың қатарында КСРО Төралқасының төрағасы М.Шверниктің Әлияның әкесі Сарқұл Нұрмағамбетовке жолдаған жауап хаты, Әлия оқыған Псков облысындағы Вятск орта мектебіндегі 7-ші сыныбының сабақ үлгерімі журналының түпнұсқалары, Кеңес Одағы Батырының Грамотасы, Әлия ерлікпен қаза тапқан ұрыс даласының ақтөбелік суретші В.В.Шукин жасаған көрінісі (диорама), «Әлия» кемесінің макеті, майданнан әкелінген қару-жарақтар, Әлия ерлігі арқау болған оннан астам кітаптар, елге жазған хаттарының көшірмесі, т.б. ерекше көз тартады. Мұрағаттар қоры жылма-жыл толығуда. Өлкетанушы, мектеп мұғалімі С.А.Сысоенко бастаған «Әлия» іздестіру тобы жаз айларында Новгород, Псков, Калуга облыстарына сапар шегіп, ұрыс даласынан табылған құнды дүниелерді әкеліп тапсырады. Батырдың туған жері Қобда ауданындағы Әліпбайсай ауылында мұражай филиалы жұмыс істейді. Оны ұйымдастырып, мұрағаттарын толықтыруға өлкетанушы Ғ.Байдербес салмақты үлес қосты. Әр жылдарда болған мемлекет қайраткерлері, жазушылар, мәдениет өкілдері қолтаңба қалдырған. Олардың арасында Елбасы Н.Ә.Назарбаев, көрнекті жазушы Ә.Кекілбаев, аса көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Д.А.Қонаев, халық әртістері Р.Бағланова, Р.Рымбаева, Кеңес Одағының Батыры И.Прохоров, ақын-жазушылар Ф.Оңғарсынова, А.Жағанова, Мұрат Аджи, Т.Молдағалиев, Б.Тәжібаев, театр саңлақтары С.Майқанова, Ә.Молдабеков, сазгерлер С.Бәйтереков, Е.Хасанғалиев, т.б. бар.

20 жыл бұрын (1991) «Табиғат» экология одағы құрылды. Төрағасы Мэлс Елеусізов. Осы экологиялық одақ 2002 жылы мәртебелі Global-500 сыйлығына ие болған.

18 жыл бұрын (1993) Вашингтондағы Дүниежүзілік банктің штаб-пәтерінде Арал теңізіне арналған халықаралық семинар өтті. Онда Арал теңізінің қайта түлеуін қамтамасыз ететін деңгейде тұрақтандыру жөнінде төрт тармақтан тұратын бағдарлама қабылданды.

16 жыл бұрын (1995) Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ ауылында Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының мұражайы ашылды.

3 жыл бұрын (2008) Алматыдағы Орталық мұражайға Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатында сақталған Ұлы Отан соғысына қатысушы қандасымыз сержант Тілеуғали Әбдібековтың наградалары жайындағы құжаттары табыс етілді.

1916 жылы өмірге келген Т.Әбдібеков Ұлы Отан соғысы жылдарында 30-гвардиялық атқыштар полкінің, 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының мергені болған. 1942 жылы алғашқылардың бірі болып мергендер полкін басқарған ол 395 фашисті жер жастандырады. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін қайтыс болған соң Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту, Бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған. «Ресейлік мерген Столечков 125 фашисті жойғаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Біздің қандасымыз 395 фашистің көзін жойса да Батыр атағын ала-алмады. Оған себеп, оның туған ағасы Кемелбай кезінде «халық жауы» ретінде атылып кеткен екен. Қазір сол олқылықтың орнын толтырып, Батыр атағына ұсыну үшін Ресейдің Қорғаныс министрлігінің мұрағатынан атамыздың жасаған ерліктерін растайтын құжаттарды алдырып отырмыз, дейді Қазақстан Республикасының Орталық мұражайына құжаттарды Ресейден алдырып, табыс еткен Саяси құғын-сүргін құрбандарының қазақстандық қауымдастығының президенті Жұмабек Ашуов.

3 жыл бұрын (2008) атақты жазушы Анатолий Ивановқа оның туған жері - Шемонаиха кентінде ескерткіш-мүсін орнату рәсімі өтті.

Жазушының туған жері - Шемонаихада өткен осы мерекелік шараға құрамында Қазақстанның және Ресейдің жазушылар одақтарынан келген қонақтар, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары және Анатолий Ивановтың туыстары бар үлкен делегация қатысты. Олар жазушы шығармаларында сипатталған жерлерде, А. Островский атындағы № 1 орта мектепте болды. Сөз зергері 1945 жылы дәл осы мектепті бітірген болатын. Салтанатты мерейтойлық шара аясында қалалық саяжайға орнатылған Анатолий Иванов ескерткішінің ашылу ресімі болды. Ескерткіштің авторы - мүсінші Владимир Самойлов.

Анатолий Иванов 1928 жылы 3 мамырда Шемонаихада дүниеге келген. «Мәңгілік шақыру» («Вечный зов»), «Көлеңкелер талтүсте жоғалады» («Тени исчазают в полдень») романдары мен басқа да танымал прозалық шығармалардың авторы. А. Иванов 1999 жылы дүниеден озды.

3 жыл бұрын (2008) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар заңдарға қол қойды. «БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» заңы сыбайлас жемқорлықтың барынша тиімді алдын алуға және онымен күреске бағытталған шараларды қабылдап, нығайтуға бағытталған. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға қол қойылды. Жасалған өзгерістер заңды жаңартылған Конституцияға сәйкестендіреді. Елбасы қол қойған тағы бір заңмен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Прокуратура органдарында қызмет ету, Қазақстан Республикасы прокуратурасы қызметкерлерінің сыныптық шендері мен әскери атақтары жөніндегі Ережесін бекіту туралы» қаулысының күші жойылды.

2 жыл бұрын (2009) елордалық «Жастар» сарайында «Көлеңке» деп аталатын Астанада түсірілген жаңа фильмнің премьералық көрсетілімі өтті.

Криминалдық драма тағдыр тәлкегімен түрлі жолмен кеткен екі достың өмірін баяндайды. Кейіпкерлердің бірі полиция қызметкері, екіншісі - мафиялық топтың жетекшісі.

Режиссері - Ренат Елубаев. Фильмге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Асылболат Ысмағұлов пен «101» тобының әншісі Ербол Жайлауов түскен.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1926-2005) қобызшы, Қазақстанның халық әртісі, профессор БАЛҒАЕВА Фатима Жұмағұлқызы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. 1942 жылдан - қазақ халық аспаптар оркестрінің тенор-домбырашысы, қобызшысы. 1960 жылдан - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық еткен. Ф.Балғабаеваның репертуарында қобызшы ретінде фортепианомен қосылып халықтың ән, күйлерімен бірге Қазақстан композиторларының, орыс және шетел классиктерінің шығармалары да бар.

Концерттік бригада құрамымен бауырлас республикаларда және шетелдерде гастрольдік сапармен жүрген: ГДР-да, Индияда, Индонезияда, Албаниада, Канадада болған. Берлинде өткен 3-ші Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалі байқауының лауреаты. 80-ге жуық шәкірт тәрбиелеген, олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі М.Қалембаева, қобызшылар А.Шағырова, З.Бисембаева, С.Құсайынова, Р.Нұртазина, К.Ахметова, т.б. бар.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

80 жыл бұрын (1931-2002) суретші-кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері ҚАЛЫМОВ Мұхит дүниеге келді.

Атырау облысының Индер ауданында туған. И.Репин атындағы Ленинградтың кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын және аспирантурасын бітірген. 1965-1970 жылдары Алматы көркемсурет училищесінде ұстаздық еткен. 1970-1980 жылдары - Қазақ мемлекеттік педагогика институтының портрет факультетінде оқытушы. 1980-1985 жылдары - Алматы сәулет-құрылыс институты портрет және кескін кафедрасының меңгерушісі. 1985-1993 жылдары және өмірінің соңына дейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кафедра меңгерушісі, профессоры.

Қылқалам шеберінің туындылары Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында, Атырау, Астана, Қарағанды мұражайларында сақтаулы. Оның негізгі шығармалары «Юность отца», «Махамбет», «Сырым батыр», «Исатай-Махамбет», «Мұрат ақын», «Құрманғазы», «Қайран шешем», «Ғани Мұратбаев», «Әуезов пен Шыңғыс Айтматов», «Алғашқы қазақ атты әскері», «Абылай хан билер ортасында», «Көбік шашқан», «Первая коммуна в Казахстане», «Портрет профессора Ахмета Жубанова», «Групповой портрет передовиков Гурьевского рыбкомбината», «У вечного огня», т.б. Ол тарихи тақырыптарға, қазақтың белгілі өнер саңлақтары мен ірі қайраткерлерінің бейнесін сомдауға көп көңіл бөлген.

65 жыл бұрын (1946) «Математика, информатика және механика институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының және Халықаралық инженерлік академияның академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Халықаралық Математика одағында (International Mathematical Union) Қазақстан Республикасының өкілі, Қазақстан Республикасы Математикалық қоғамының төрағасы КӘЛМЕНОВ Тынысбек Шәріпұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында туған. Новосібір мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Математика институтының аспирантурасын бітірген. 1972-1985 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Математика және механика институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1985-1991 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық униерситетінің кафедра меңгерушісі, деканы. 1991-1996 жылдары - Қазақ химия-технология институтының ректоры. 1996-1997 жылдары - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры. 1997-2004 жылдары - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті экономикалық кибернетика кафедрасының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде 2004 жылдан бастап істейді.

10 ғылым докторын және 55 ғылым кандидаттарын дайындаған. 120-дан аса ғылыми мақаланың авторы.

«Астананың 10 жылдығы» медалімен және «Кұрмет» орденімен марапатталған, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты.

МАМЫРДЫҢ 6-Ы, ЖҰМА

Мацзу Аспан Патшайымының мерекесі. Тянь-хоу Мацзу (Мацзу Аспан патшайымы) - ежелгі қытай мифологиясындағы теңіз құдайы. Оның мәдениеті Х-ХІ ғғ. дүниеге келді. Тянь-хоудың толқында, бұлтта немесе тақта отырғаны бейнеленген. Оның екі көмекшісі бар: біріншісінің қолы құлағына, ал екіншісінің қолы көзіне қойылған. Аңызда айтылғандай Мацзу 960 жылдары өмір сүрген, Линь деген балықшылар ауылының қызы болған, тоқымамен теңіз арқылы жүзе білген және бұлттармен аралдарды кесіп өтетін болған. Бүгінгі таңда Мацзу елдегі және шетелдегі қытайлықтарды байланыстырады. Орта есеппен алғанда, құдай анаға әлемнің түпкір-түпкірінен 200 миллионнан астам адамдар сыйынады.

ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Дания Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы Хаттамаға қол қойылды.

18 жыл бұрын (1993) Алматыдағы Республикалық кино үйінде 1991-1993 жылдары жасалған фильмдердің байқауы өтті. Гран-при жүлдесі режиссер Ардақ Әмірқұловтің «Отырардың күйреуі» және режиссер Дамир Манабаевтың «Сұржекей» фильмдеріне берілді.

16 жыл бұрын (1995) 6-8 мамыр аралығында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Лондонда, Парижде және Мәскеуде өткен Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50-жылдық мерейтойына арналған салтанатты рәсімдерге қатысты.

Елбасы мерекелік шараларға қатысу барысында Эдинбург және Уэльсский ханзадаларымен, Ұлыбританияның Премьер-министрі Дж.Мейджормен, Францияның Президенті Ж.Ширакпен, Германияның Федеральды канцлері Г.Кольмен, АҚШ-тың Вице-президенті А.Гормен, Иордания Королі Хусейнмен және басқа да мемлекеттердің басшыларымен кездесулер өткізді.

16 жыл бұрын (1995) бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға тең адамдарға жеңілдік пен әлеуметтік көмек көрсету туралы» Жарлығы жарияланды.

13 жыл бұрын (1998) Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы - Ақмола қаласының атауы Астана қаласы болып өзгеріп, «Сарыарқа» және «Алматы» аудандары құрылды.

5 жыл бұрын (2006) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Моңғолияны операциялар елі ретінде қабылдау мақсатында Еуропалық қайта құру және даму банкін құру туралы Келісімге түзетуді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

5 жыл бұрын (2006) Елбасы Қазақстандағы аудит және аудиторлық қызмет жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.

3 жыл бұрын (2008) «Байқоңыр» ғарыш айлағында Мәскеу және барша Рус Патриархының хоругвь-жалаушасын табыс ету рәсімі болды.

Рәсім ресей жауынгерлігінің қамқоршысы - Георгий Победоносец храмында өтті. «Байқоңыр» айлағының басшысы генерал-майор Олег Майдановичке әскери айбын мен даңқ белгісі - хоругвь-жалаушасын Мәскеу және барша Рус Патриархы Алексий ІІ-нің атынан Байқоңырдағы Әулие Георий Победоносец храмының бастығы протоиерей Сергий табыс етті. О. Майданович патриарх Алексий ІІ-ге алғысын білдіріп, ғарыш айлағы әскерилерінің Отаны алдындағы борышын лайықты атқара беретіндігіне сендірді.

3 жыл бұрын (2008) Алматыда 1942-1945 жылдары Ленинград майданында қазақ тілінде шығарылған «Отанды қорғауда» газетінің тігінділері Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына сыйға тартылды.

Ленинград қорғаушыларының жауынгерлік ерлігі туралы мол материалдар жинақталған майдандық бұл газет басылымының ұйымдастырушысы және тілшісі Түймебай Әшімбайұлының жеке мұрағатында сақталып келген болатын. Оны Т. Әшімбаевтың мұрагерлері өзара кеңесіп, оқырманның игілігіне ұсыну үшін Қазақстан Респу Ұлттық кітапханасына сыйға тартып отыр. Түймебай Әшімбайұлы 1918 жылы Жамбыл облысында дүниеге келіп, 1941-1945 жылдары екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан болатын. КСРО-ның 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендері мен көптеген медалдардың иегері, соғыстан кейін де ерен еңбегімен көзге түсті. Қазақстан экономикасы туралы бірнеше монография жазып, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі болды.

3 жыл бұрын (2008) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев салық заңнамасын жетілдіруге бағытталған «Салық және бюджетке басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының Кодексіне толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

3 жыл бұрын (2008) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы 6 мамырдағы Жарлығына сәйкес, Астана қаласының 10 жылдығы құрметіне орай, еліміздің және елорданың дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан республика азаматтары мен шетел азаматтары «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталатын болатын. Ережеге сәйкес, мерекелік медальға алғашқылардың қатарында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектері ие болды.

2 жыл бұрын (2009) Алматыда «Спира-Берга» ЖШС-ның жаңа полиэтилен тұрбалар зауыты іске қосылды.

«Спира-Берга» зауыты - қазіргі заманғы сумен жабдықтау, канализация және кабелді қорғайтын жүйелерге арналған полиэтилен тұрбаларының жоғары сапалы өндiрiсін оңтайлатқан Қазақстан аумағындағы алғашқы кәсiпорындардың бiрi.

Өнiм Cincinnati, Corma және Jweel дүниежүзілік өндiрушiлердің жабдығында шығарылады.

1 жыл бұрын (2010) Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері, рейхстагқа ту тіккен, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев тұрған Достық даңғылының бойындағы үйде батырдың құрметіне мемориалды тақта ашылды.

«Бұл тақтаның ашылуы - шындықтың салтанат құруы. Бұл күн әкеме 60 жылдан кейін болса да «Халық Қаһарманы» атағының берілуімен айтулы күн. Тақта бұған дейін Жамбыл көшесі жағында ілініп тұрды. Ол жерде кафе ашылғандықтан алып тасталған болатын. Алматы әкімдігі Ұлы Жеңістің 65 жылдығы алдында бізге үлкен қуаныш сыйлағандығына ризамыз», деді ардагердің қызы Әлия Рахымжанова.

Бұған дейін белгілі болғандай, Ресейдің әскери тарих институты қазақстандық 150-ші атқыштар дивизияның, 1-ші Беларус майданының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылы сәуірдің 30-ы күні Рейхстагқа ту тіккендердің бірі болды деп мақұлдаған болатын.

«Бұл деректі білген адамдар болса да, ол дәйек мойындалмай келді. Бір өкініштісі, шындық орнағанда әкемнің өмірде болмағандығы», деп атап өтті батырдың қызы.

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Отан соғысында ерлігі үшін полк басшылығы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынса да, ол Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.

Батыр дүниеден өткеннен кейін, 1999 жылы мамырдың 7-де Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Бүгінде Ақмола облысының Косшы ауылындағы орта мектеп Рақымжан Қошқарбаев есімімен аталады. Сондай-ақ, Астана қаласында батырдың есімімен аталатын көше бар.

Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы дүниеден озды.

1 жыл бұрын (2010) Орал қаласында соғыс және еңбек ардагері Есім Сәрсенов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

Жаңақала ауданында 1910 жылы дүниеге келген Есім Сәрсенов еңбек жолын Орда ауданының Азғыр бастауыш мектебінде мұғалім болып бастап кейін мектеп директоры, басқа да лауазымдық қызметтер атқарады. Соның ішінде Жәнібек ауданын басқарып, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальмен марапатталған ол кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында Ұлы Отан соғысы және прокуратура органдарының ардагерлеріне арналған мұражай ашылды. Мұражайдың ашылу салтанаты Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылған.

Мұражайда, Кеңес Одағы тұсындағы прокуратура органдарының қызметімен байланысты құжаттар мен сол уақытта прокуратура саласында қызмет еткен белгілі тұлғалардың суреттері, мүсіндері мен олар жөніндегі өмірдеректер сақталған. Сонымен қатар онда Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында прокуратураны басқарған және осы саланың дамуына үлес қосқан азаматтар жөнінде де көптеген деректер бар. «Қорыта айтқанда, мұражайдың жәдігерлері кешегі мен бүгінгіні үндестіріп тұр. Бұл экспозицияларға біз «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ» деген айдар тағып отырмыз», дейді мұражайды ұйымдастырушылар.

1 жыл бұрын (2010) Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері Еремей Эстриннің сценарийі бойынша түсірілген «Батырлар әні» атты деректі фильмнің таныстырылымы өтті.

Деректі фильмнің кейіпкерлері қазіргі кезде арамызда өмір сүріп жатқан қарапайым майдангерлер. Деректі фильмде олар соғыс туралы, ондағы достық, адамгершілік туралы өз пікірлерін, өмірлерін ортаға салады.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1936) композитор, өнер зерттеушісі, жазушы, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты ЖАҚАНОВ Ілия дүниеге келді.

Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1959-1963 жылдары - «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің әдебиет және өнер бөлімі меңгерушісі. 1963-1984 жылдары - Қазақстан теледидар және радиохабарлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1984 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысады.

Алғаш рет оқырмандарына «Қайта оралған ән», «Хош бол, вальс» кітаптары арқылы танылған. Қазақтың ұлы күйші, қобызшысы Ықылас туралы романы «Кертологоо» деген атпен алғаш рет қырғыз тілінде, кейін «Ықылас» деген атпен қазақ тілінде жарық көрді. Оның қазақ өнері қайраткерлерінің өмірін зерттеу негізінде «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі», «Аққулар қонған айдын көл» атты деректі жинақтары, содай-ақ «Қарабура» тарихи-танымдық шығармалары, «Әселім-әнім», «Даниярдың әні», «Еділ мен Жайық», т.б. халық арасына кеңінен танылған әндері бар. Қырғыз жазушысы Төлеген Қасымбековтың «Сынған қылыш» дилогиясын қазақ тіліне аударған. «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ», т.б. сал-серілер ғұмырнамалары, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусиндердің шығармашылық портреттерін жасады. «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты деректі фильмдері бар.

60 жыл бұрын (1951) палуан, грек-рим күресінен олимпиада ойындарының жеңімпазы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген бапкері, Тараз қаласының құрметті азаматы ҮШКЕМПІРОВ Жақсылық дүниеге келді.

Жамбыл облысы Байзақ ауданында туған. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын бітірген.

Бапкерлері - Р.Ильматов, В.Псарев, В.Угренинов. Қазақстан және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. КСРО чемпионатының алтын (1975, Алматы), күміс (1974, Мәскеу, 1978, Запорожье), және қола жүлдегері (1973, Таллин). КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы (1975, Алматы). Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (1980), әлем чемпионы (1981, Осло, Норвегия) және кубогының иегері (1982). Олимпиада ойындарының жеңімпазы (1980, Мәскеу). 1974-1984 жылдары - Қазақ КСР-і Мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы, 1984-1993 жылдары - республикалық кәсіподақтардың Ерікті дене шынықтыру спорт одағы спорт мектебінің директоры қызметтерін атқарған. 1993 жылдан «Жақсылық» спорт клубының директоры. Спорттағы жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен, және көптеген грамоталармен марапатталған.

Жақсылық Үшкемпіров 2011 жылғы 30-шы қаңтар күні «Астана-Арена» стадионында өткен 7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімі барысында Азиаданың бас алауын тұтатқандардың бірі болды.

40 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау жөніндегі комитетінің төрағасы ТҰРЛЫБЕК Арман Алашұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қазақстан-Ресей университетін бітірген. 1993-1999 жылдары бірқатар коммерциялық құрылымдарды басқарды, 1999-2000 жылдары - Сәтбаев қалалық мәслихаттың хатшысы, 2000-2007 жылдары - Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, 2007-2008 жылдары - Қарағанды облысының Энергетика және коммунальдық шаруашылық департаментінің директоры, 2008-2010 жылдары - Сәтбаев қаласының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың желтоқсанынан бастап істейді.

МАМЫРДЫҢ 7-І, СЕНБІ

Отан қорғаушы күні. 1992 жылғы мамырдың 7-інде Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Нақ осы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі - жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштері бас штабтары бекітіліп, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қайта құрылды. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери - Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді.

Дәстүр бойынша Отан қорғаушы күні Қазақстан Президенті (Жоғарғы Бас қолбасшы) кезекті әскери атақтар тағайындап, көзге түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсырады.

ОҚИҒАЛАР

36 жыл бұрын (1975) Өскемен қаласындағы Ертіс өзенінің жағасында Ұлы Отан соғысы жылдарында мерт болған шығысқазақстандық азаматтарға ескерткіш орнатылды.

26 жыл бұрын (1985) Петропавлдағы Жеңiстiң жаңа саябағында 1941-1945 жж. соғыстағы Ұлы Жеңiстiң 40-жылдығына арналған обелиск ашылды.

Биiктiгi 14 метр, темiр-бетоннан жасалған, мәрмәр тақтайшамен қапталған, Жеңiстiң бiр метрлiк орденiмен аяқталған. Обелискiнiң төменгi бөлiгiнiң екi жағында жауынгерлердiң стильденген мүсiндерiнiң рельефтiк суретi бар. Басқа екi жақта ту және Қызыл ту орденiнiң суретi орын алған.

Ұлы Отан соғысы жылдары Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 314-ші атқыштар дивизиясы және тағы басқа да әскери бөлімшелер ұйымдастырылған.

19 жыл бұрын (1992) Президент Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.

12 жыл бұрын (1999) Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа (марқұм) - «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

3 жыл бұрын (2008) Кеңес Одағының Батыры Серікбай Мүткеновке (1913-1944 жж.) Павлодар облысының Ақтоғай ауданында ескерткіш ашылды.

Қаһарман жауынгердің кеуде мүсіні қазір Батырдың атымен аталатын ауылда биік тұғырға орнатылды. С. Мүткенов Черкас облысының (Украина) Ризино деревнясының түбінде қаза тапты. Ақтық шайқастағы ерлігі үшін ол жоғары жауынгерлік награда Алтын Жұлдызбен - Кеңес Одағының Батыры атағымен марапатталды. Оның есімі ауылға және мектепке берілді. Мектеп жанынан ұйымдастырылған мұражай С. Мүткеновтың өмірі мен ерлігі туралы сыр шертеді. Жеңіс мерекесі күндері патриоттық экспедицияға қатысушы бір топ павлодарлықтар Украинада болып, жерлестерінің зиратына тәу етеді.

2 жыл бұрын (2009) Павлодар облысының Ақсу қаласында жауынгер-интернационалистерге арналған ескерткiш орнатылды.

Жаяу әскердiң жауынгерлiк машинасы Баянауыл тастарынан қаланған биiк тұғырда орнатылған. Мемориал тақтада Ауғанстан соғысында апатқа ұшыраған жерлестердiң есімдері жазылған.

1 жыл бұрын (2010) Алматыда, Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова соңғы жылдары тұрған үйде ескерткіш тақта ашылды.

1922 жылдың мамыр айының 15-інде Атырау облысында дүниеге келген Хиуаз Ұлы Отан соғысында әскери ұшақпен аспан төрінде майдан салған ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы.

Хиуаз Отанын шын сүйген сол кездегі албырт жастардың бірі болатын. Кеңес заманындағы авиацияның жетістіктері мен ұшқыштардың сан түрлі ерлік істері жөніндегі үгіт-насихат қазақ қызының да осы салаға деген ынтызарлығын оятқан. Осындай ой-қиялдың тұңғиығында жүрген қағілез де пысық қыз ақыры дегеніне жетіп, 1940 жылы мектепті үздік деген бағамен бітірген. Ол тек мектепті ғана тәмәмдап қоймай, запастағы ұшқыш деген куәлігін қоса ала шығады. Енді өзінің ұшқыш болатындығына сенімі нығая түскен, оқудан соң тура Мәскеуге жол тартып, Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түспек болған оның алғашқы қадамы сәтсіз болады. Бұған налыған Хиуаз ба? Ол бірден Мәскеудің бірінші медициналық институтына түседі.

1941 жылдың қыркүйек айы. Мәскеудің оқу орындарында жаңа оқу жылының басталып жатқан кезі. Ал жастардың көпшілігі Отанды жаудан қорғау үшін майданға аттанып жатқан шақ. Бұл кезде Хиуаз да майданға медбике, тегі болмаса, санитар болып кетсем бе деп, талпынып жүрген. Сөйтіп жүргенінде ол әйгілі Марина Раскованың қыз-келіншектерден авиаполк құрып жатқандығын естиді. Бұл Хиуаз сияқты нағыз өршіл жас үшін өзінің кім екендігін көрсетіп қалатын жақсы мүмкіндік еді. Бұны Хиуаздың өзі де жақсы түсінеді. Көктен сұрағаны жерден табылған қайсар қыз ойланбастан, бірден аталған полк басшысына келеді. Қазақ қызына полк басшылығы алғашында сенімсіздікпен қараса да жауынгерлер құрамына қабылдайды. Сөйтіп, жауынгер қыз Саратов қаласының әскери әуе училищесіне жіберіледі. Мұнда штурмандар даярлайтын арнайы курсты аяқтаған жас қыз 1942 жылдың көктемінде сол кездегі авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау шептерін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанады.

Қыз-келіншектерден жасақталған және Хиуаз қызмет еткен авиаполк үкіметтің көптеген жоғары наградаларын алған. Алдымен оған «Гвардиялық» деген атақ беріліп, артынан «Тамань», Қызыл Ту, Суворов ордендері беріледі.

Авиаполк қызметкерлерінің жазып қалдырған деректері бойынша, соғыс кезінде алған қатты жарақаттың салдарынан Хиуазды алғашында қаруластары өлді деп санайды. Алайда оның шалажансар күйде жатқандығын біреулер байқап қалады. Сөйтіп ол аман қалып, тек 6 айдан кейін ғана айығып шығады.

Соғыстағы ерліктері үшін батыр қыз «Қызыл Жұлдыз», «II дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Кавказды азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарын иеленіп, әскери атағы аға лейтенант шеніне дейін өседі.

Кеңес әскері 1945 жылы Берлинді азат еткен соң Мемлекеттік Қорғаныс комитеті қыз-келіншектер авиаполкін бірінші болып таратады. Ал бұл кезде екінші топтағы мүгедек Хиуаз медицина институтына келіп оқуын жалғастырмақ болады. Алайда ол сол кездері өзінің ерлік істерімен, іскерлігімен Орал облыстық комитетінің бірінші хатшысы Мінайдар Салинннің көзіне түседі. Содан Хиуаз өзі туған облыстағы обкомның нұсқаушысы болады. Кейіннен Алматыдағы Жоғары партия мектебіне жіберіледі. Сол уақыттан бастап, оның ел басқару ісіндегі қырына жол ашылады. Сөйтіп, ЛКСМ Орталық комитетінің бірінші хатшысы сияқты көптеген лауазымды қызметтерді атқарады.

Ел басына күн туған шақта сұрапыл соғысқа араласып, бейбіт заманда еліне талмай еңбек еткен «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанова 2008 жылдың мамыр айының 20-сы күні өмірден өтті.

1 жыл бұрын (2010) Қостанайда Ұлы Отан соғысына атсалысқан қостанайлық ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне арналған обелиск ашылды.

Обелисктің ашылу рәсіміне соңыс ардагерлері, қоғам өкілдері және студенттер қатысты. Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин өз сөзінде: «Жауынгерлердің майдан даласындағы ерліктерін ғана емес, тылда еңбек етіп, Жеңіске өз үлестерін қосқан адамдардың да ерліктерін ұмытпауымыз керек. Олар тәулігіне 16-18 сағаттан еңбек етіп, нормалар мен жоспарларды асыра орындады, Жеңіске жету жолында жан аямай еңбек етті. Обелиск Отан қорғаушы күні кездейсоқ ашылып отырған жоқ. Осынау қасиетті борыштарын кезінде орындаған және қазір де атқарып жатқан адамдарға біз барлығымыз рахмет айтуымыз, оларды ешқашан ұмытпауымыз керек», деп атап көрсетті.

Ескерткішті тұрғызуға 10 миллион теңге жұмсалды. Бұл соманың жартысын - облыс бюджеті аударса, тағы 5 миллион теңге қалалық және аудандық Ардагерлер кеңестерінен түсті.

1 жыл бұрын (2010) Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің ғимараты жанында Ұлы Отан соғысының милиционер-ардагерлеріне қойылған Даңқ мемориалының ашылу салтанаты болды.

Биіктігі 3 метр қара гранит тақтаға солтүстікқазақстандық 755 милиционер-ардагердің аты-жөндері жазылған. Полиция қызметкерлері мемориал жанына ағаштар аллеясын отырғызды.

Даңқ мемориалының ашылу салтанатына Ішкі істер департаментінің басшылары мен қызметкерлері, Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, қоғам өкілдері қатысты.

1 жыл бұрын (2010) Ақтөбеде, Әлия Молдағұлова атындағы даңғылда Кеңес Одағы Батырлары аллеясы құрылысының іргетасын қалау рәсімі болды.

Ұлы Отан соғысы жылдары 35 ақтөбелік жауынгер ерен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алса, 9 жауынгер - Даңқ орденінің толық иегері атанған.

Салтанатты шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Кеңес Одағы батырлары мен Даңқ ордені иегерлерінің ұрпақтары, Ақтөбе қаласының құрметті азаматтары, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары, студенттер мен оқушылар қатысты.

1 жыл бұрын (2010) Атырау қаласындағы саябақтардың бірінде аңызға айналған қазақтың жауынгер-әйел ұшқышы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың қоладан жасалған мүсіні салтанатты түрде ашылды.

1 жыл бұрын (2010) Петропавлда Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында жаңартылған Жеңіс саябағының салтанатты түрде ашылуы болды. Салтанатты шараға соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, қаланың құрметті тұрғындары, Петропавл әскери горнизонының, еңбек ұжымдарының, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Салтанаты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының орындалуынан басталды, содан кейін шараға қатысушылар Ұлы Отан соғысы жылдары қаза болған солтүстік қазақстандық жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

1 жыл бұрын (2010) Оралда Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Жеңімпаздар» кітап-альбомы жарық көрді.

Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Жайық Пресс» ЖШС дайындаған.

Қатты мұқабамен, түрлі-түсті суреттермен әдемі безендірілген кітапта Ұлы Отан соғысына қатысқан батысқазақстандықтар, Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ орденінің иегерлері, сондай-ақ тыл еңбеккерлері туралы барынша мол мағлұмат берілген. Сондай-ақ Жұбан Молдағалиев бастаған батысқазақстандық ақындардың Жеңіс пен соғыс тақырыбына арналған жырлары да енгізілген.

1 жыл бұрын (2010) Павлодар қаласындағы Даңқ аллеясында соңғы жылдары өмірден озған сегіз Кеңес Одағы Батырына орнатылған ескерткіштің ашылуы болды. Олар - Степан Токарев, Иван Скляров, Александр Квитков, Максим Милевский, Спартак Маковский, Иван Кудин, Құдайберген Сұрағанов, Константин Шувалов. Олар соғыста қаза тапқан Алтын Жұлдыз және Даңқ ордендерінің толық иегерлері болған жерлестерінің қатарынан орын алды.

Ескерткіштің ашылуына арналған Жеңіс саябағындағы митингіге ардагерлер, Батырлардың туыстары, қалалықтар, кадеттер мен мектеп оқушылары жиналды. Батырлар мүсіндерінің авторлары - павлодардық суретшілер.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1941) ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі ЕГЕУБАЕВ Арғынғазы Әбутәліпұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Қостанай ауданында туған. Қостанай ауыл шаруашылығы техникумын, Алматы зооветеринарлық институтын бітірген. 106 ғылыми жарияланымның, оның ішінде 2 монографияның, 2 оқулықтың, 3 оқу құралының, 8 ұсыныстың, 14 оқу-әдістемелік нұсқаулықтың және 1 өнертабыстың авторы. Сонымен қатар 3 ауыл шаруашылығы ғылымы кандидатын және 1 докторын дариярлаған. 1968-1996 жылдары Алматы зооветеринарлық институтының аспиранты, ассистенті, аға оқытушысы, доценті, факультет деканы, кафедра меңгерушісі, тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры. 1996-2003 жылдары - Қазақ ұлттық аграрлық университеті ауыл шаруашылығы малдарын азықтандыру және азық өндірісі кафедрасының меңгерушісі. 2003 жылдан бастап Қазақ ұлттық аграрлық университеті мал тұқымын асылдандыру және мал шаруашылығы кафедрасының профессоры қызметін атқарған.

Медальдармен, КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

55 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасының Омск қаласындағы консулы, техника ғылымының кандидаты, «Экология» халық академиясының академигі, Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев атындағы университетінің құрметті профессоры ҚОНАЕВ Эльдар Асқарұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1978-1979 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Ядролық физика институтының инженері. 1979-1983 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Металлургия және байыту институтының инженері, кіші ғылыми қызметкері. 1983-1987 жылдары - Алматы қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1987-1988 жылдары - Қазақстан кәсіподақтары республикалық кеңесінің нұсқаушысы. 1988-1989 жылдары - Қазақ политехникалық институтының ғылыми қызметкері. 1989-1992 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Металлургия және байыту институтының ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, «Заман» шағын өндірісінің директоры. 1992 жылдан Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті, президенті. 1998-2001 жылдары - Алматы облыстық Жоғары экономикалық кеңесінің бөлім бастығы. 2001-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агенттігі Төтенше жағдайларды ескерту департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының орынбасары. 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлар аймағын мемлекеттік бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары. 2005-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының орынбасары. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі жетекшісінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап істейді.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агенттігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан темір жолының 100 жылдығы» мерейтойлық медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

МАМЫРДЫҢ 8-І, ЖЕКСЕНБІ

Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алуға арналған Зерде және бітістіру күндері. 2004-інші жылғы қарашаның 22-інде Бас Ассамблея мамырдың 8-і мен 9-ын зерде және бітістіру күндері деп жариялап, мүше-мемлекеттердің әрқайсысы өз жеңіс күні, азат етілген күні және мереке күнін белгілей алатынын мойындай отырып, барлық мүше-мемлекеттерге, БҰҰ жүйесіндегі үкіметтік емес ұйымдарға және жеке тұлғаларға жыл сайын осы екі күннің біреуін немесе екеуін де Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандары құрметіне атап өтуге шақырды.

Дүниежүзілік Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест күні. 1953 жылдан бастап, «Қызыл Крест» халықаралық қоғамының негізін қалаушы, швейцар гуманисі, қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының иегері Анри Дюнанның құрметіне жыл сайын атап өтіледі. Ал қозғалыстың өзі 1863 жылы Жаралыларға көмек көрсету жөніндегі халықаралық комиссия құрылған кезде пайда болып, алғашында соғыс майдангерлеріне және ұрыс барысында жарақаттанғандарға көмек көрсететін болған. 1864 жылдың тамызында Швейцарияда қол қойылған конвенцияға сәйкес, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің символы ретінде ақ фондағы Қызыл Крест алынған. 1906 жылы Осман империясында мұсылман елдерінің Қызыл Крестке ұқсас Қызыл Жарты ай қайырымдылық қоры құрылды. Осы екі қауымдастық та Женева қаласында штаб-пәтері орналасқан Халықаралық комитетке бағынышты. Әскери уақытта Комитет соғысушы елдермен және Қызыл Крест пен Қызыл Жарты ай аумақтық бөлімшелері арасында делдалық қызмет атқарады. Бұл ұйымның өкілдері тұтқындар мен босқындар лагерлері аймағына бөгетсіз өту құқықтары бар. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған екі қозғалыс әлемнің 180 еліндегі 400 миллионнан астам адамды біріктіреді. 2002 жылы Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты ай ұлттық қоғамы құрылып, 2003 жылдың желтоқсан айында Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамдары Халықаралық федерациясына қабылданды.

ОҚИҒАЛАР

46 жыл бұрын (1965) Байқоңыр ғарыш айлағы Ленин орденімен марапатталды.

18 жыл бұрын (1993) Алматының Республика алаңында тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең алғашқы әскери шеруі болып өтті.

4 жыл бұрын (2007) Семейде Жоғарғы Ертiс өзені пароход шаруашылығының қызметi туралы және барлық тарихи айғақтар мен мәлiметтер жиналған ерекше басылым жарық көрді. Кітаптың авторы - Ұлы Отан Соғысының ардагері, пароход шаруашылығының қария қызметкері Николай Верещагин.

Мұндағы 1930-1990 жылдардағы пароход шаруашылығының құрылуынан бастап және оның қызметінің тоқталуына дейінгі қамтылған барлық деректер мұрағаттан алынған құжаттар мен суреттерге негізделген.

Кітап шығысқазақстандық су жолдары кәсіпорнының қолдауымен жарық көрді.

3 жыл бұрын (2008) Өскемен әкімдігі мен ЮНИСЕФ ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

350-ден астам адам, атап айтқанда педагогтар, психологтар, тәрбиешілер, балалар үйлері мен жасөспірімдер клубтарының жетекшілері қатысқан кеңес өтті.

Келісімде балалардың өмір сүруіне, шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға жақсы жағдай қалыптастыру және олардың мүддесін қорғау мақсатында көптеген бірлескен іс-шаралардың тізбесі қарастырылған.

2 жыл бұрын (2009) Елордалық «Жастар» сарайында Памирдегі 1995 жылғы 7 сәуірдегі оқиға туралы әңгімелейтін «Қазбат» деректі фильмінің таныстырылымы болды.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы» 1992 жылғы 15 мамырдағы мемлекетаралық шартқа сәйкес ел басшылығы Қалайқұм қаласы аумағындағы тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын нығайту үшін Қазақстан Республикасының қосынды батальонының құрамында ІІМ Ішкі әскерлерінің қосынды ротасын жіберу туралы шешім қабылданған болатын. Ауысымды кесте бойынша осы кезең ішінде Ішкі әскерлер жедел құрамының бөлімшелерінен 20 қосынды рота жасақталды. 1995 жылғы 7 сәуірде Пшихавр шатқалында Ішкі әскерлер моджахедтермен ұрыста 17 жауынгерінен айырылды. Боздақтар Отанның және ТМД елдерінің мүддесін қорғау жолында опат болды.

Деректі фильмнің авторы қоюшы режиссер Рустам Одинаев. «Қазбат» фильмі ұрысқа тікелей қатысқан жауынгерлердің және әр жылдары тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен әскери қызметшілердің естеліктері бойынша шынайы оқиғалардың негізінде жасалған.

Фильмнің таныстырылымы Жеңіс күні қарсаңында өтті, оның негізгі мақсаты - жастарға отансүйгіштік тәрбие беру. Шараға ардагерлер, әскери қызметшілер, қала тұрғындары мен қонақтары, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

2 жыл бұрын (2009) елордадағы Көктал тұрғын кентіндегі саябақта Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне орнатылған мемориалдық барельефтің салтанатты ашылуы болды. Ескі ескерткішке қашап жазылған С.М.Киров кеңшарынан майданға аттанып, қаза тапқан 74 жауынгердің есімі жаңа тақтаға толығымен көшірілді.

2 жыл бұрын (2009) «Жазушы» баспасынан Қазақстанның алғашқы мұнайшысы, мұнай-газ өндірісі реформаторының 100-жылдық мерейтойына арналған «Сафи Өтебаев» атты кітабы жарық көрді. Авторы - танымал журналист Нұрлыбек Сафин, Бақытжан Жұмалиева орыс тіліне тәржімалаған.

Сафи Өтебаев (1909-2007) - Қазақ ССР-нің ғылым мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ақтау, Атырау қалаларының және Атырау облысындағы Жылысой ауданының құрметті азаматы. Елімізде Кеңқияқ, Күлсары, Қаратон, Мұнайлы, Жетібай, Өзен және басқа да маңызды мұнай орындарының ашылуы және оның өндірісі Сафи Өтебаевтың атымен тығыз байланысты. Ленин, «Құрмет белгісі», 2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы», «Отан», 2-ші дәрежелі «Барыс» ордендерімен, медалдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

«Сафи Өтебаев» кітабы «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясынан басып шығарылған.

2 жыл бұрын (2009) Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің Жарлығымен еліміздің М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрының әртісі Владимир Толоконников Достық орденімен марапатталды.

Қазақстан Республикасының азаматы, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрының әртісі Владимир Алексеевич Толоконниковтің театр және кинематография өнерін дамытуға, Қазақстан Республикасында орыс мәдениеті мен орыс тілін таратуға қосқан зор үлесі атап көрсетілген.

1 жыл бұрын (2010) Атырауда Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловқа ескерткіш орнатылды.

Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі Қайырғали Смағұлов атындағы бульварда өтті. Қ.Смағұлов соғысқа бастан аяқ қатысқан, Алтын жұлдыздан басқа көптеген наградалар мен медальдарға ие болған. Соғыстан кейін көп жылдар білім беру саласында қызмет еткен. Оның есімі Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» кітабынан кейін кеңінен танылды, ол жерде Қайырғали Смағұлов бас кейіпкер болып бейнеленген.

Кеңес Одағының Батыры атағына атыраулық 9 ардагер ие болған, оның төртеуі Даңқ орденінің толық иегерлері.

1 жыл бұрын (2010) Атырауда Жеңіс күні қарсаңында «1945-2010...тарихтағы есімдер» атты кітап жарық көрді.

Кітапты Атырау облыстық мұрағатының қызметкерлері дайындаған. Кітап мұрағат қорында сақталған деректерден тұрады. Кітапта майдангерлер туралы естеліктер мен олардың әңгімелері, аурухана жұмыстары туралы тарихи құжаттар, майданнан келген жауынгерлер хаттарының көшірмелері басылған.

«1941-1945 ж.ж Ұлы Отан соғысының маңызды даталары» атты бөлімінде көптеген ақпараттық материалдар басылған.

125 жыл бұрын (1886) тегі Атланталық дәрігер Пемпертон мыс тегенеге тәтті әрі қою және кәдімгі шәрбатқа ұқсамайтын жаңа өнім қайнатқан еді. Бұл қазіргі «Кока-кола» сусынының рецепті болатын. Ол өзі өндірген осы ғажайып эликсир бас ауруына және де басқа да сырқат түрлеріне дәру болады деп ойлаған. Кейінірек осы жаңа өнімге газдалған су қосқан. 2000 жылы неміс Удо Поллмер мен Сюзанна Вармут, бүгінгі таңда дүниежүзіне танымал болған осы сусынның рецептін тапты. Шырынның 99,5 пайызын көмір қышқылды газды су, ал қалған 0,5 пайызын кола жапырағы, ваниль, кофеин және какао концентраты, шамалы лимон шырыны, мандарин қабығының тұнбасы, тропикалық май тамшысы мен мимоза ағашы тамырының сіріндісі (экстракт) құрайды.

ЕСІМДЕР

95 жыл бұрын (1916-1973) Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері КӨБІКОВ Хамит Қожабергенұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Панфилов ауданында (қазіргі Жаркент қаласы) туған. Педагогикалық курс бітіргеннен кейін Панфилов ауданы ұжымшарында ұстаздық еткен. 1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол 1945 жылы қаңтардың 23-і күні Одер өзенін кесіп өтіп, жаудың минометтік батареясын, БТР-ін және бір взвод солдатының көзін жойып, атқыштар бөлімшесінің өзеннен еркін өтуіне жол ашқан. 1946 жылы әскер қатарынан босанып, Қазақстан КП ОК-і жанындағы партия мектебін бітірген. Өмірінің соңына дейін әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған.

Ленин, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері, Қазақстан Еңбек конфедерациясының президенті ӘБДІРАХМАНОВ Серік дүниеге келді.

Алматы облысының Кеген ауданында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1973-1981 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Алматы қалалық және облыстық комитеттерінде түрлі қызметтер атқарған. 1981-1987 жылдары - Қазақстан ЛКЖО ОК-інің бірінші хатшысы. 1987-1990 жылдары - Алматы үй құрылысы комбинатының бас құрылысшысы. 1990-1991 жылдары - Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 1992-1994 және 1995-1999 жылдары - «Елім-Ай» халықаралық экологиялық қорының президенті, «Қазақстан халықтық бірлігі одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Экономикалық реформалар жөніндегі комитетінің мүшесі. 1999-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі, «Парасат» депутаттық тобының жетекшісі. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі, «Парасат» депутаттық тобының жетекшісі. 2007-2011 жылдары - «За правовой Казахстан» республикалық азаматтық қозғалысы төрағасының орынбасары, «Әділет» демократиялық партия төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазір шығармашылық жұмыспен айналысады.

«Парасат», Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

40 жыл бұрын (1971) Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары СКЛЯР Роман Васильевич дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Мәскеу қаласының заманауи бизнес институтын және Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген. 1989-1990 жылдары - «Экибастузуглеавтоматика» құрастыру-баптау басқармасында «Казпромтехмонтаж» өндірістік-құрастыру басқармасы слесарь-құрастырушы болып, Екібастұз кеніш құрылысы басқармасының құрастырушысы болып еңбек етті. 1990-2002 жылдары коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі Комитетінің Павлодар облысы бойынша басқармасы бөлімінің бастығы. 2003-2005 жылдары - Павлодар қаласының мемлекеттік сатып алулар басқармасының бастығы, Павлодар облысы әкімінің бас инспекторы. 2005-2006 жылдары - әкім аппаратының басшысы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары. 2006-2007 жылдары - Астана қаласы әкімі аппаратының инфрақұрылымды дамыту меңгерушісі. 2007-2008 жылдары - Астана қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры. 2008-2010 жылдары - Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың қазанынан бастап істейді.

Соңғы жаңалықтар