ҚазАқпарат-Анонс: 24-26 желтоқсан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ
24 желтоқсан күні Жоғарғы соттың пленарлық отырысы болады.
24 желтоқсанда ҚР Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ департаментінің директоры, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Сержан Әбдікәрімовтың қатысуымен «ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету 2010 жылдағы Қазақстанның ең басты сыртқы саяси миссиясы» тақырыбында он-лайн желідегі конференция өтеді.
24 желтоқсан күні Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де ҚР қазіргі Президентінің уәкілеттілік мерзімін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу мәселесі жөніндегі бастамашыл топтың кеңесі өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
24 желтоқсанда Парламент Мәжілісіне Пәкістан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад Ахтар Туфаиль мырза келеді.
СПОРТ
24 желтоқсан күні Алматыда Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналып еркін күрес бойынша жасөспірімдер арасында турнир өтеді.
2 желтоқсан мен 25 желтоқсан аралығында түріктің Хатай қаласында әйелдер арасында шахматтан әлем чемпионаты өтеді. Бәйгеге 64 шахматшы қатыспақ.
19-25 желтоқсан аралығында Алматы қаласындағы Б.Шолақ атындағы Спорт сарайында әйелдер арасында гандболдан 13-ші Азия Чемпионаты өтеді.
20-25 желтоқсан аралығында Астана қаласындағы «Қазақстан-2» Спорт сарайында 1997 жылы дүниеге келген балалардан тұратын жасөспірімдер командалары арасында шайбалы хоккейден Халықаралық балалар мен жасөспірімдер турнирі өтеді.
АСТАНА
24 желтоқсан күні Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану факультетінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «Алаш көсемсөзі» атты 10 томдықтың алғашқы 4 томының тұсаукесері өтеді.
24 желтоқсанда Астана қаласының «Жас отбасы» клубы және ауыл жасстары мен жас оралмандары әлеуметтік бейімдеу қызметінің 2010 жылдағы жұмысына арналып баспасөз мәслихаты өтеді.
24 желтоқсан күні «Думан» ойын-сауық орталығында ҚР Президентінің атынан жетім балаларға арналған жаңа жылдық шырша ұйымдастырылады.
АЛМАТЫ
24 желтоқсан күні 28-ші панфиловшылар саябағында Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналып гүл шоқтарын қою рәсімі болады.
24 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Қазақстан Ұлттық университетінде «Қазақ ұлтынан-Қазақ еліне» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
24 желтоқсан күні ҚР Президентінің шыршасы өтеді.
АЙМАҚ
ЕЛЕУЛІОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫКҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 24-І, ЖҰМА
ОҚИҒАЛАР
12 жыл бұрын (1998) «Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы» Заңы жарияланды.
6 жыл бұрын (2004) Астана қаласы Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталығы аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына елорданың барлық ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері мен құрметті ақсақалдар қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Резиденцияның ашылу салтанатында жаңа ғимаратты «Ақ Орда» деп атады.
Резиденция 2001 жылы қыркүйек айында салына бастады. Ғимараттың жалпы көлемі 36720 кв.м. Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерін қолдана отырып, монолит құйматастан салынған. Шатырсүмбіні қоса есептегендегі ғимараттың биіктігі 80 метр.
5 жыл бұрын (2005) Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазцинк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Геннадий Зильберберг қазақстан өндірісінің дамуына өз үлесін қосқаны үшін екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда бірінші «Құлагер» атты ұлттық кинематография сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі болып өтті.
Ұйымдастырушысы - Қазақстан кинематографистер одағы. Оның негізгі мақсаты - Қазақстандағы кинематография саласын дамыту және осы салада жүрген азаматтарға қолдау көрсету.
«Құлагер» аталымы бойынша «Үздік ер адам рөлі» үшін Нұржұман Ықтымбаев, «Үздік операторлық рөлі үшін» Борис Трошев, «Үздік дебютті фильмі үшін» Абай Құлбаев, «Үздік деректі фильмі үшін» Әсия Байқожина, «Үздік анимациялық фильмі үшін» Рамиль Усманов, «Кинотану және кино сыны жұмысы үшін» Гүлнар Әбікеева, «Үздік продюсерлік жоба үшін» Ақан Сартаев марапатталды.
1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы №2-ші қалалық аурухананың ашылу салтанатына қатысты.
Бұл көпсалалы стационар 360 орынға арналған. Оның 205-і хирургиялық, ал 155-і терапевтік сала бойынша. Стационардың негізгі мақсаты - кешенді мамандандырылған медициналық көмек көрсету. Аурухананың құрылымында 28 емдеу-диагностикалық бөлімдер жасақталған. Мұнда терапевтік, кардиологиялық, ревматологиялық, неврологиялық ауруға шалдыққан адамдар жатқызылады.
1 жыл бұрын (2009) Ақтауда Иран Ислам Республикасының елшілігі ашылды.
Ашылу рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Иран сыртқы істер министрі Фарахи Хоссейн.
Бұл елшіліктің ашылуы екі ел арасындағы достық, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға, сонымен қатар құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетеді.
1 жыл бұрын (2009) Алматы облысының Панфилов ауданындағы Головацкий атындағы кентте «Тәуелсіздік тұғыры» ескерткішінің ашылу рәсімі болып өтті.
Монумент авторлары - сәулетші Талғат Жортанов пен танымал мүсінші Павел Шорохов.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1982) даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты МОМЫШҰЛЫ Бауыржан дүниеге келді.
Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген.
1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. Отан соғысы басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі болған. 1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарған. Оның соғыс кезіндегі ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен жеке басының ерен ерлігі ерекше көзге түсіп, батырлық даңқы аңызға айналған.
Батырдың қаламынан туған көркем шығармалар бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Ол туындыларын орыс-қазақ тілінде бірдей жазған. Оның «Біздің семья», «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Москва үшін шайқас», «Майдан», «Төлеген Тоқтаров» атты кітаптары бар.
Сонымен қатар батырдың қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-дилогиясы, Мекемтас Мырзахметұлының «Бауыржан Батыр» атты кітабы, Мағира Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат»атты пьесалары жарық көріп, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» пьесасы қойылды. «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Москва академиялық драма театры Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. 2001 жылы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығы ашылған. Батырға туған жерінде, Астана қаласында ескерткіштер қойылып, Мәскеу облысы Волоколамск қаласында батырдың тас мүсіні орнатылды.
Батыр есімі ауылдарға, көшелерге, республикалық әскери балалар мектебіне берілген.
Қазақстанда Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерей тойы республика көлемінде кеңінен аталып өтілуде. 2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы, оның туған жерінде үстіміздегі жылдың 24-25 қыркүйек күндері аталып өтті. 24 қыркүйекте Тараз қаласында Бауыржан Момышұлының сан қырын сипаттайтын конференция ашылып, Тараз қаласындағы саябақта батыр атына мемориалдық тақта орнатылды. Жамбыл облысы Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлының үлкен мұражайы ашылды. Даңқты батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Бауыржан Момышұлының 30 томдық академиялық шығармалары 2010 жылдың 22 қыркүйегінде «Өнер» баспасынан толығымен жарық көрді.
2010 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапхананың «Көгілдір» залында тұңғыш рет Астанада қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлына арналған «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмінің көрсетілімі болып өтті. Фильмді «Қазақфильм» студиясы түсірген, режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы киномотографистер Одағының мүшесі, кинодокументалист Қалила Омаров, сценариін жазған - Елшат Ескендір.
Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
90 жыл бұрын (1920-1984) фтизиатр-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылыми қызметкері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері ТЕРЛІКБАЕВ Әйкен Ахатұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында туған. Қазақ медицина институтын бітірген.
1963-1982 жылдары - Қазақ туберкулез ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1983-1984 жылдары - Алматы мемлекеттік медицина институтының профессоры.
Негізгі ғылыми еңбектері туберкулез клиникасы мен эпидемиологиясына арналған. Қазақстанда туберкулезден арылу тарихымен шұғылданып, өкпе туберкулезін хирургиялық жолмен емдеу, басқа өкпе ауруларынан ажырату әдістерін ұсынып, өкпенін зақымданған бөліктерін алып тастау салдарынан пайда болатын асқынулар мен қайталауларға сипаттама берді.
Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1940-1991) қоғам қайраткері, КСРО Ішкі Істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері СЕРІКОВ Сайлау Досымұлы дүниеге келді.
Қостанай облысы Қарасай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ішкі Істер министрлігі академиясын бітірген.
1969-1976 жылдары - Алматы қаласы Ленин аудандық ішкі істер бөлімінің инспекторы, аға инспекторы, бастығының орынбасары, бастығы. 1978-1980 жылдары - Алматы қалалық атқару комитеті Ішкі істер басқармасының қылмыстық іздестіру басқармасы бастығының орынбасары. 1980-1984 жылдары - Фрунзе аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Алматы қалалық атқару комитеті Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары. 1984-1985 жылдары - Көліктегі шығыс ішкі істер басқармасының бастығы. 1985-1991 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 25-І, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1990) Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы 2-ші СЭС-інің бірінші энергоблогі іске қосылды.
15 жыл бұрын (1995) Елбасы Н.Назарбаев Конституциялық заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық бойынша сот жүйесінің құрылымы және оны қалыптастырудың тәртібі, барлық деңгейдегі соттардың өкілеттіктері, соттардың мәртебесі мен олардың тәуелсіздігінің кепілдігі, оған қойылатын талаптар, судьяларға өкілеттік беру мен оны тоқтату тәртібі, судьяларды жауапқа тарту, оларды материалдық және әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету белгіленген.
10 жыл бұрын (2000) Алматыда алғаш рет отандық троллейбус жасалды.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда көрнекті қазақстандық альпинист Анатолий Букреевті (1958-1997) еске түсіруге арналған шыңға шапшаң өрмелеу сайысы болып өтті.
Ол бұдан сегіз жыл бұрын дәл осы күні Аннапурна (Непал) шыңына өрмелеу кезінде қазаға ұшыраған болатын. Шара Кіші Алматы өзені аңғарындағы Тұйықсу альпинистік лагерінде, Шымбұлақ шатқалының жоғарғы жағында болды. Амангелді шыңының биіктігі - 3970 метр. Шыңға өрмелеуге тәжірибелі альпинистермен қатар жас спортшылар да қатысты.
1 жыл бұрын (2009) Атырауда Қазылар сарайы ашылды.
Мұнда облыстық және ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттар орналасқан. Жаңа ғимаратта судьялардың жұмыстары үшін барлық жағдайлар жасалған. Инновациялық телекоммуникациялық технологиялармен жабдықталған, сот отырыстарын өткізуге арналған бірнеше залдар жұмыс істейді. Мәжіліс залы, судьяларға арналған қолайлы бөлмелер бар.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1945) биология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Ақпаратандыру Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп Ғылым Академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті экология және ботаника кафедрасының оқытушысы БИҒАЛИЕВ Айтқожа дүниеге келді.
Ресейдің Куйбышев облысында туған. Алматы зооветеринарлық институтын, КСРО Ғылым Академиясы Жалпы генетика институтының аспирантурасын бітірген.
1969-1971 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы Эксперименттік биология институтының ғылыми хатшысы. 1971-1985 жылдары - Ақтөбе медицина институты биология және жалпы генетика кафедрасының меңгерушісі. 1985-1987 жылдары - Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің проректоры, ботаника, генетика және өсімдік селекциясы кафедрасының меңгерушісі. 1991-1995 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті экология және топырақтану кафедрасының меңгерушісі. 1995-2000 жылдары Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы Экология проблемалары ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметтерін атқарған.
120-дан астам ғылыми еңбегі бар.
Медальмен марапатталған.
50 жыл бұрын (1960-2003) ақын МӘУКЕНҰЛЫ Нұрлан дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Алматы менеджмент басқару және болжам институтын (КИМЭП) бітірген.
Еңбек жолын құрылысшы болып бастаған. 1984-1986 жылдары - Зайсан аудандық «Достық» газетінің тілшіcі. 1986-1988 жылдары - Зайсан аудандық комсомол комитетінің хатшысы. 1988-1989 жылдары - Зайсан аудандық баспахананың директоры. 1989-1990 жылдары - Зайсан аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1990-1991 жылдары республикалық «Жас қазақ» газетінің бөлім меңгерушісі, бас редакторы қызметтерін атқарған. Кейінгі жылдары «Ана тілі» - «Жалын» бірлескен басылым бас редакторының орынбасары болып жұмыс істеген.
«Аудитория», «Қарлығаш» жыр топтамаларында өлеңдері жарияланған. 1955 жылы «Бойтұмар» жыр жинағы жарық көрген. Бірнеше мүшәйраның, Алматыда өткен Түрік дүниесі поэзиясы фестивалінің жүлдегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Зайсан ауданындағы бір көшеге ақын аты берілген.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 26-Ы, ЖЕКСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
50 жыл бұрын (1960) Тың өлкесі құрылды. Оның құрамына Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары кірді. Тың өлкесі 1965 жылғы қазанның 19-да таратылды. Әкімшілік орталығы - Целиноград (бүгінгі Астана) қаласы болды.
15 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті туралы Конституциялық заң қабылданды.
5 жыл бұрын (2005) Семейде жаңа медресе ашылды.
Діни оқу мекемесі Әнет баба атындағы Орталық мешіттің жанында орналасқан. Кеңес дәуірінде Семей өңірінде 14 мешіт болған екен. Абай шығармаларында да ХІХ ғасырдың соңында өңірде 8 мешіт, 8 медресе болғандығы айтылады.
Жаңа медреседе 25 шәкірт білім алады.
5 жыл бұрын (2005) Ақтөбе облысының Алға аудан орталығында Мұхамбетқазы хазірет Меңдіғұлов атындағы мешіт ашылды.
Осыдан екі ғасыр бұрын Алғаның маңындағы Ақкемер кентінде ғұмыр кешкен хазірет Меккеге бірнеше рет барып қайтқан исламның адал да беделді қызметшісі болуымен бірге, өлке тарихында ағартушылық еңбегімен аты қалған өз заманының сауатты азаматы да болған адам еді. Ол Ресей патшасының қабылдауында болып, Ақкемерде мектеп ашуға рұқсат алған болатын.
Хазіреттің шөбересі, елімізге кеңінен танымал суретші, ұлттық валютамыздың дизайнын жасаушылардың бірі, кәсіпкер әрі меценат Хайролла Мағауияұлы Ғабжалиловтың қаражатына салынған мұнаралары 30 метрлік көк шатырлы ақ мешіт аудан орталығында орналасқан.
Салтанатқа Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Бас Мүфтиі Әбсаттар-қажы Дербісәлі, халық әртісі Асанәлі Әшімов және т.б. қатысты.
1 жыл бұрын (2009) Павлодар облысы Екібастұз қаласында жылдық қуаты 50 миллион кірпішті құрайтын жаңа зауыт іске қосылды.
Керамикалық кірпіш шығаратын кәсіпорынды «Вершина» ЖШС салып шықты.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1900-1978) тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты ПОКРОВСКИЙ Сергей Николаевич дүниеге келді.
Украинада туған. Қызыл Профессура институтын бітірген.
Қазақ КСР прокурорының орынбасары, Қазақ мемлекеттік университеті кафедрасының меңгерушісі, проректоры, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институты бөлімінің меңгерушісі, директоры, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Қоғамдық ғылым бөлімшесінің академик-хатшысы қызметтерін атқарған.
Оның негізгі еңбектері Қазақстандағы Қазан революциясы мен Азамат соғысына арналған. «Победа Советской власти в Семиречье», «Разгром иностранных военных интервентов и внутренней контрреволюции в Казахстане (1918-1920)», «Ленин и победа Советской власти в Казахстане» атты ғылыми еңбектері жарық көрген.
Еңбек Қызыл Ту, 2 рет «Құрмет белгісі», Халықтар достығы ордендерімен және медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1950) Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының орынбасары СӘРСЕМБАЕВ Шәріп Қайырбайұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Қазақ мемлекеттік Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылығы институтын бітірген.
1973-1976 жылдары - Ленинский кентінде комбайн зауытында цех шебері, Май ауданы Белогорский совхозында МТС меңгерушісі. 1976-1981 жылдары - Май ауданы Киров атындағы кеңшардың бас инженері, Қазан кеңшарының директоры. 1995-1997 жылдары - Май ауданы әкімінің бірінші орынбасары - Май ауданы ауыл шаруашылығы департаментінің бастығы, «Павлодарагровнешторг» ЖШС фирма директорының орынбасары. 1997-2002 жылдары - Качиры ауданы «Бобровка» жеке меншік ауыл шаруашылық кәсіпорны (ЧСХП) атқарушы директор, «Құндыз» ЖШС директоры, «Павлодарагровнештрог» фирмасы директорының орынбасары. 2002-2006 жылдары Павлодар облысы ауыл шаруашылығы департаментінің МТС және жабдықтау, механизация бөлімінің бастығы, Павлодар облысы ауыл шаруашылығы департаменті бастығының орынбасары, директоры қызметтерін атқарған. 2006 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Павлодар облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталған.