ҚазАқпарат-Анонс: ақпанның 24-28-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

Ақпанның 22-24-і аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Қытайға ресми сапары өтуде.

Ақпанның 24-інде Ішкі істер министрлігінде апталық брифинг жоспарланған.

Ақпанның 24-інде Әділет министрлігінде адвокаттық қызметпен айналысу құқығын аккредитациялау рәсімі өтеді.

Ақпанның 26-сында Мәскеу қаласында Еуразиялық Экономикалық Қауымдастықтың Интеграциялық комитетінің 48-ші және Кедендік одақ Комиссиясының 14-ші басқосуларының өтуі жоспарланған. Аталған шараларға қатысатын қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің орынбасары, ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитеті мен Кедендік одақ Комиссиясының мүшесі Өмірзақ Шөкеев бастап барады.

ПАРЛАМЕНТ

Ақпанның 24-інде Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысы болады.

Ақпанның 24-інде елордадағы Политехникалық колледжде Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің көшпелі мәжілісі өтеді

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Ақпанның 26-сы мен наурыздың 1-і аралығында Швейцарияның Женева қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы комитетінде Қазақстан Республикасының жұпталған төртінші және бесінші ұлттық баяндамалары тыңдалады. Аталған шарада Қазақстан делегациясының баяндамасы және Комитет мүшелерінің сауалдар қою мен ұсыныстар енгізуі күтілуде.

СПОРТ

Ақпанның 12-28-і аралығында Ванкуверде ХХІ Қысқы Олимпиадалық ойындар өтуде. Олимпиада ойындарына Австралия, Австрия, Багам аралдары, Беларус, Бельгия, Болгария, Бразилия, Ұлыбритания, Венгрия, Гана, Германия, Гонконг, Грузия, Дания, Израиль, Үндістан, Иран, Испания, Италия, Қазақстан, Кайман аралдары, Канада, Қытай, Солтүстік Корея, Латвия, Ливан, Литва, Лихтенштейн, Молдова, Монако, Моңғолия, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Польша, Ресей, Румыния, Сенегал, Словакия, Словения, АҚШ, Түркия, Украина, Финляндия, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Эстония, Оңтүстік Корея, Ямайка, Жапония елдері қатысуда.

Ақпанның 23-і күні Түркияда футболдан ұлттық құраманың биылғы жылдағы алғашқы оқу-жаттығу жиыны басталды. Бас бапкер Бернд Шторк оған ел чемпионатында өнер көрсететін 21 спортшыны шақырып отыр. Жалпы бұл оқу-жаттығу жиыны кезінде Антальяда наурыздың 3-і күні Қазақстан мен Молдованың ұлттық құрамалары арасында жолдастық кездесу өтеді.

ҚОҒАМ

ҚР Әділет министрлігі 2010 жылғы ақпанның 24-інен 27-сі аралығында адвокаттық қызметпен айналысу құқығына арналған аттестация өткізудің басталғанын жариялайды.

АСТАНА

Ақпанның 24-інде Астана әкімі И.Тасмағамбетовтың және «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» компаниясының басқарма төрағасы Қ.Келімбетовтің қатысуымен көшпелі кеңес өтеді.

Ақпанның 24-інде Ұлттық академиялық кітапханада 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің мәжілісі болады.

Ақпанның 24-інде Президенттік мәдениет орталығында «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» жобасы таныстырылады.

Ақпанның 24-інде Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде «Тұрақты дамыту тұрғысындағы Қазақстан Республикасының Экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелері» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.

АЛМАТЫ

Ақпанның 16-ы мен наурыздың 13-і аралығында университет профессорлары Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып үміткерлерді 14 пән бойынша сынақтан өткізеді. Оның нәтижесі бойынша үздік мектептердің рейтингі жасалады.

Алматыда ақпанның 24-і күні "Сталинизм тарихы: репрессияланған Қазақстан" деп аталатын халықаралық конференция өтеді.

Алматыда ақпанның 24-і күні «Тағылым» мәдени-интеллекуалдық клубының «Нені саламыз: бекініс пе, әлде арнаулы автомобиль жолдарын ба?» деген тақырыпта ТМД елдеріндегі мәдени саясаттың стратегияларын талқылауға арналған мәжілісі өтеді.

Алматыда ақпанның 24-і күні "Әкелер мен балалар: проблемалары және таяу болашағы" деп аталатын кітаптың тұсаукесері өтеді. Ол Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2009 жылғы әлеуметтік маңызы бар жобалар аясындағы тапсырысы бойынша әзірленіп отыр

Ақпанның 24-інде Мәдениеттану институтында «ТМД елдеріндегі мәдени саясаттың стратегиялары» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.

Ақпанның 24-інде Д.А.Қонаевтың мұражай-үйінде «Д.А.Қонаев және оның дәуірі» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.

Алматыда ақпан айының 25-і күні ҚР Мемлекеттік орталық мұражайында «Хаттар заман ағымында» атты көрме ашылады. Көрмеге мұражай қорындағы араб, латын және кирилл қаріптерінде жазылған әр түрлі хаттар, ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Алтын Орда хандары - Тоқтамыс пен Темір Құтылықтың, XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ хандары мен сұлтандары Абылай, Әбілпейіз, Кенесары хандардың тарихи хат-құжаттарының көшірме нұсқалары қойылады.

АЙМАҚ

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ

Ақпанның 12-сі мен наурыздың 12-сі аралығында Атырау облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиялымен бірлесе отырып, партия филиалының ғимаратында азаматтардың қоғамдық қабылдауын өткізеді.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН

Батыс Қазақстан облысында ақпанның 23-і мен наурыздың 23-і аралығында туберкулезбен күрес айлығы өткізілмек.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

АҚПАННЫҢ 24-І, СӘРСЕНБІ

Эстонияның Тәуелсіздік күні - Эстон Республикасының ұлттық мерекесі (1918). Қазақстан Республикасы мен Эстон Республикасы арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы мамырдың 27-сінде орнаған.

Румынияның ұлттық мерекесі - Ұлттық жалау күні. Ол 1998 жылдан бері аталып өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

93 жыл бұрын (1917) Торғай даласында атақты Доғал шайқасы болып өтті. Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық қозғалысындағы ең ірі шайқас саналады. Шайқаста Амангелдімен қатар, оның жауынгер серіктері Ыбырай Атамбеков, Кейкі Көкімов ерекше ерлік көрсетті.

5 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында мұғалім Қанат Ибрагимовтың «Қазақ тілі» атты кітабінің тұсау кесер рәсімі өтті. Автор өзінің кітабында шет тілді оқыту әдісін пайдаланды. Оның оқулығы орыс мектептерінде оқитындарға арналған. Оқулық үш кітаптан және практикалық жаттығуларға арналған аудиодискілер. Оқулықтың баспагері Халықаралық Қоғамдық KATEV қоры.

1 жыл бұрын (2009) Астанадағы Қазіргі заман өнері мұражайында халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 105 жылдығына арналған оның шығармаларының көрмесі ашылды. Суретшінің жеке көрмесінде 17 өнер туындысы қойылған, оның ішінде 4 кескіндеме, 12 графика және 1 мүсін жұмысы бар.

ЕСІМДЕР

115 жыл бұрын (1895-1963) жазушы ИВАНОВ Всеволод Вячеславович дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Семей облысында туған.

Шығармалары 1915 жылдан жарық көрген. 1921 жылдан Петроградта (Санкт-Петербор) тұрған.

Ұлы Отан соғысы жылдары «Известия» газетінің тілшісі болған.

«Партизаны», «Цветные ветра», «Бронепоезд 14-69», «Сизиф, сын Эола» повестер мен әңгімелердің, «Голубые пески», «Кремль» романдарының, «Похождения факира», «Мы идем в Индию», «История моих книг» өмірбаяндық шығармалардың авторы.

АҚПАННЫҢ 25-І, БЕЙСЕНБІ

Мәуліт-ан-Наби - Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күні. Рәбиуль-Аууаль айының 12-ші күнінде атап өтіледі.

Мұхаммед пайғамбар - Алла тағаланың елшiсi әрi пайғамбарлардың ең мәртебелiсi және соңғысы. Әкесiнiң аты Абдуллаһ милади жыл санауымен 571 ж. сәуiр айының 20 күнiне сәйкес келетiн 12 рабиал-әууалда дүйсенбi күнi түнде Меккеде дүниеге келдi. Әкесi ол тумай тұрып қайтыс болған едi. Алты жасында анасынан, сегiз жасында атасынан айрылды. Кейiн әкесінің інісі Әбу Талибтың қолында өстi. 25 жасында Хадишаға үйлендi. Одан төрт қыз, екi ұлы болды.

Мәулiт - араб сөзі, сөздік жағынан алғанда, қазақшасы «туған күн» - деген мағына бередi. Бұл Алла тағаланың ең сүйiктi пендесi, Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) дүниеге келген айына атау етiп қойылған. Барлық мақтау-мадақтау, «Мәуліт оқу» Пайғамбарымыз Мұхаммедке арналған. Қазір мәуліт Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ұйымдастыруымен бүкіл елімізде тойлануда. 2000 жылдан бастап ол белсендірек өткізілуде. Мәуліт әуелі мешіттерде оқылады, сонан соң көпшіліктің қатысуымен аудандық, облыстық, республикалық деңгейде атап өтіледі. Қасиетті мәуліт тура бір айға созылады.

Куәйт мемлекетінің ұлттық мерекесі - Ұлттық күн. 1961 жылы ақпанның 25-інде Куәйт әмірі Абдалла ас-Салем ас-Сабахты таққа отырғызудың құрметіне белгіленген.

Қазақстан Республикасы мен Куәйт Мемлекеті арасында дипломатиялық қатынас 1993 жылы қаңтардың 1-інде орнаған.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Мәскеуде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының белгілі әншісі Жәмила Баспақованың концерті өтті. П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Үлкен залында Жәмиланың орындауында В.Моцарт, Г.Доницетти, Дж.Пуччини, Дж.Мейербер, М.Глинка, Н.Римский-Корсаков, Л.Хамиди сияқты композиторлардың операларынан ариялар шырқалды.

5 жыл бұрын (2005) Қызылордада Асқар Тоқмағамбетовтің атымен аталатын Мәдениет орталығында ақынның бір ғасырлық мерейтойына арналып, «Дария сыры-ақын жыры» деген атаумен облыстық ақындар айтысы өткізілді. Ақиық ақын, сатира сарбазы, өткір публицист Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған айтысқа аймақтың 20-дан астам суырып салма ақындары қатысып, Сырдың атақты перзентінің қазақ әдебиеті мен өнеріндегі алатын орны мен беделін айшықты тіл, орамды жыр шумақтарымен кестеледі. Ақындар айтысы әділ қазылар алқасының мүшесі ақын Әскербек Рахымбековтің айтуынша, негізінен жас ақындардың жаңа толқыны қатысқан қызу да қызықты өткен айтыстың бас жүлдесін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Еркін Садықұлы жеңіп алды. Ал, бірінші бәйге Жастар одағы силығының лауреаты Зухра Төлеповаға тисе, екінші орынды студент Нұрмат Мансұров пен белгілі айтыскер Кенжебай Жүсіпов, үшінші орынды аралдық Дархан Оразымбетов пен қызылордалық Айдос Рахметовтер бөлісті. Айтыскер ақындарды Асқар Тоқмағамбетовтің қызы Аякөз Тоқмағамбетова құттықтап, оларға алғыс айтты.

1 жыл бұрын (2009) Польшада «Поляк Бенедикт: Еуропадан Азияға Қазақстан арқылы (1245-1247 жж.)» атты кітап жарық көрді. Осыдан жеті ғасырдан астам, Марко Поло дүниенің азиялық бөлігіне келгенінен 30 жыл бұрын, францискалық тақуа Бенедикт Поляк Қасиетті Тақтың дипломатиялық миссиясы құрамында еуропалықтардың ішінде бірінші болып, қазіргі Қазақстан даласын басып өтіп, Азия құрылығының терең қойнауына саяхат жасады. Бұл саяхаттаудың нәтижесі замандастарының күткен жаңалықтарының бәрінен де асып түсті. Поляк саяхатшысының жасаған хабарламасы Еуразиядағы Алтын Орданың салтанат құру дәуіріндегі ең жарқын құжаттардың бірі болып табылады. Ғалымдардың пікірі бойынша, поляк Бенедикт Ұлы Дала туралы ақпарат жинауда маңызды рөл атқарды, осының арқасында Еуропа бірінші рет дала тұрғындарының өмірі мен тұрмысы туралы жайларды білді. Варшавадағы Қазақстан Елшілігі бастамасымен басылып шыққан жарияланымда оқырмандарға Вена және Париж қалаларындағы Ұлттық кітапханаларда сақталған осы саяхаттың жылнамасы берілген. Сонымен қатар, саяхат барысын сипаттаған көне қолжазбалар ғылыми айналымға тұңғыш рет бірнеше тілде: латын, поляк, қазақ және орыс тілдерінде енгізілді.

1 жыл бұрын (2009) Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Райерсон университетінің Роджер байланыс орталығының бас директоры (Канада, Торонто қаласы) доктор Майкл Дж. Мерфимен кездесу болды. Доктор Мерфи «Телевизия мен радионың мәдениетке әсері» және «АҚШ пен Канаданың спутниктік радиосы: мәдени тәуелсіздікке ықпалы» деген тақырыптарда дәріс оқып, студенттер мен оқытушылардың сұрақтарына жауап берді. Northern Telecom (Nortel) - сандық жүйесін, мультиплекс, мобильді телефон және интегралды сандық қызмет желісі стратегиясын жүзеге асырушы профессордың дәрісі оқытушылар мен студенттер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Кездесу соңында ЕҰУ журналистика кафедрасының меңгерушісі Қайрат Сақ профессор Мерфидің Райерсон университетімен әріптестік байланыс орнату туралы ұсынысын қолдады. Профессор Мерфи Канадада сандық аудио және бейне техниканың негіздері және коммуникациялық байланыс технологиялары курсы бойынша дәріс оқиды. Роджер байланыс орталығы «Канаданың сандық мәдениет орталығы» немесе радио, телевизия, журналистика және компьютер ғылымдары орталығы ретінде танымал. Оның қызметкерлері жаңа БАҚ-тарды зерттеуде белсенділік танытуда.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты ДҮЙСЕБАЕВ Жексенбай Қартабайұлы дүниеге келді.

Ақмола облысы Шортанды ауданында туған.

Волгоград ауыл шаруашылығы институтын, Алматы саясаттану және басқару институтын бітірген.

Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.

45 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасының орынбасары ЖҰМАДІЛДАЕВ Әнуар Серқұлұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысының Шиелі ауылында туған.

П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін бітірген.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің салық комитеті Акциздерді әкімшілдендіру басқармасының бастығы болған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан.

АҚПАННЫҢ 26-Ы, ЖҰМА

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийге арналған ескерткіш тақталарын ашты.

Барельефті Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Азат Боярлин жасады. Барельефті Астанада «Өнер» ЖШС -де жасалды. Биіктігі 1,5 метр, ал ені 2,5 метр. Барельефтің мүсіндік бөлігі салмағы 500 кг қоладан жасалды, ал мәтіндік бөлігі салмағы 400 кг граниттен жасалған.

5 жыл бұрын (2005) Ақмола облысының www.akmo.kz веб-сайты ашылды. Онда оқырман аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, жоспарлары мен мақсаттары, мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар туралы ақпарат ала алады. Сайт ашылуна облыстық акимат көмек көрсетті. Сайттың басты мақсаттарының бірі Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын насихаттау.

3 жыл бұрын (2007) Көкшетауда Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап кітапханасында ақпараттық-библиографиялық бөлімнің ұйымдастыруымен «Алтын Арқа-мәдени мұра» атты алғашқы CD-ROM-дискісінің тұсаукесері болды. «Мәдени мұра» республикалық бағдарламасы аясында жарық көрген дискі 4 бөлімнен тұрады. Онда өңірдің суырып салма айтыс ақындары, ақын-жазушылар, орындаушылар, жас таланттар, композиторлар, көркемөнерпаздар ұжымдары жайында мол мағлұмат беретін 115 анықтамалық шығармашылық деректер қамтылған.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда режиссер Константин Харалампидистің «Алатаудың киелі биігі» деген деректі фильмін таныстыруға арналған баспасөз мәслихаты өтті. «Алатаудың киелі биігі» фильмі қиын-қыстау замандарда отандарынан ықтиярсыз Қазақстанға айдалған адамдар үшін қазақ халқының бауырмалдылығы, олардың жәрдемдері үлкен қуат берді. Фильмнің идеясы да өзге діндегі, өзге ұлттағы адамдар арасындағы бейбітшілік пен келісімді паш етуді көздейді.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ тұңғыш рет он-лайн жүйесінде астықтың биржалық саудасын өткізді. Шара халықаралық астық конференциясының аясында өтті.

ЕСІМДЕР

30 жыл бұрын (1980) ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлем рекордшысы ХРОМОВА Татьяна дүниеге келді.

Өзбекстанда туған.

Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген.

Ауыр атлетикамен 1996 жылдан бері айналысып келеді. Жаттықтырушысы - Ю.Мельников.

2001 жылы Түркияның Анталья қаласында өткен әлем біріншілігіне қатысып, 5-ші орынға ие болды. 2000-2002 жылдар аралығында Жапониядағы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. Катар елінде өткен Әлем кубогының иегері атанып, Сиднейде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. 2003 жылы Мәскеудегі ауыр атлетикадан өткен арнайы турнирдің жеңімпазы атанған.

2004 жылы - Азия чемпионы (Алматы), 77 кг салмақта 120 кг-ды жұлқи көтеруден әлем рекордын жаңартқан, Афинада өткен Олимпиада ойындарына қатысып, 6-орынға ие болған.

АҚПАННЫҢ 27-І, СЕНБІ

Доминикан Республикасының Тәуелсіздік күні. 1844 жылы доминикандықтар гаитяндықтардан өздерінің тәуелсіздіктерін жариялады. Олардың қол астында доминикандықтар 22 жыл өмір сүрді. Доминикан Республикасының табиғаты аса көркем, Латын Америкасының қайталанбас мәдениеті, ежелгі тарихы және ғажайып сымбат өнерлері бар. Астанасы - Санта-Доминго. Ресми тілі - испан, католицизм дінін ұстанады. Мемлекет Гаити аралының шығыс бөлігінде орналасқан.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2007) Алматыда Литваның Құрметті консулдығы ашылды. Екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынасы 18 жыл бойы жалғасып келеді.

3 жыл бұрын (2007) Оралдық белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайыр Бектұрғановтың «Ат жалы» атты повестер жинағы жарық көрді. Орал қаласындағы «Дастан» баспасынан басылып шыққан бұл кітап жазушы шығармаларының үшінші томы болып табылады. Мұндағы алты повестің бәрі де орта жастағы балалар мен жасөспірімдерге арналған.

3 жыл бұрын (2007) Солтүстік Қазақстан облысы Ішікі істер департаментінің интернетте жеке сайты ашылды. Сайттың 12 бөлімінде ІІД құрылымы туралы ақпарат, департамент басшылығының азаматтарды қабылдау кестесі орналастырылған. Басқармалардың парақтарында жол апаты кезінде өзіңді қалай ұстау қажеттігін, қаруға рұқсатты қалай рәсімдеуге болатынын білуге, Қазақстан Республикасы ІІМ оқу орындарына түсу ережелерімен танысуға болады. «Кері байланыс» бөлімінде солтүстікқазақстандықтар өздерін толғандыратын сұрақтарын қоя алады, олардың жауаптары кейіннен сайтта орналастырылады. Веб-сайтта «Назар аударыңыздар! Іздеу», ішкі істер департаментінің телефон анықтамалығы, сенім телефондары бар.

1 жыл бұрын (2009) М.Әуезов атындағы мұражай үйде 2006-2008 жж. шығарылған өнертану бойынша 27 кітабының тұсау кесер рәсімі болып өтті. Бұл еңбектер - «Мәдени мұра» бағдарламасына ғылыми-зерттеу жобасына кірген және мемлекеттік және халықаралық мәжілістердің мәліметтері. Институт ғалымдары дайындаған еңбектердің ішінде - 5 томдық «Қазақ музыкасы», 3 томдық қазақ тіліндегі «Қазақ өнерінің тарихы» бар.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда үйлерді жалға беру жобасы таныстырылды. Бұндағы мақсат Астана мен Алматы қалаларындағы тұрғын үй нарығын тұрақтандыру. Қор бірінші бағыт бойынша екінші деңгейлі банктердің қатысуымен Алматы мен Астанадағы тұрғын үйлердің құрылысының аяқталуын қамтамасыз етіп, тұрғындарға сатып алу мақсатымен жалға береді.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1940) ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі МАМАТКУЛОВ Савутжан дүниеге келді.

Алматы облысында туған.

Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

«Коммунизм туғи» («Ұйғыр авази») газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, «Арзу» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы ұйғыр жазушылары бірлестігінің төрағасы, «Жазушы» баспасы редакциясының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

«Жастық жыр», «Ағады Өсек өзені», «Өзімді іздеймін», «Ізгілік», «Мейір» жырларының, «Мен және Некрасовтың жеті мужигі» поэмасының авторы. Абай, А.Пушкин, Н.Некрасов, Ш.Айтматов, Р.Гамзатов, О.Сүлейменов, М.Жәлел, С.Иманасов, Е.Раушановтардың шығармаларын және Шекспирдің «Король Лир» драмасын ұйғыр тіліне тәржімалаған.

І.Жансүгіров атындағы Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының иегері.

АҚПАННЫҢ 28-І

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) К.Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында жазушы Ілияс Есенберлиннің 90 жылдық мерейтойына арналған «Алмас қылыш» атты еске алу кеші өтті.

Жазушы І.Есенберлин (1915-1983) кеңестік дәуірдің цензуралық қыспағын, идеологиялық кедергілерін көп көрсе де, ұлт намысы үшін қазақ әдебиетіне тарихи тақырыптарда жазылған танымды шығармаларымен мол үлес қосты.

3 жыл бұрын (2007) Иерусалимде (Израиль мемлекеті) Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі жөнінде екі жақты келіссөздер өтті. Хаттамаға Израиль мемлекеті Премьер-министрінің орынбасары, Индустрия, сауда және еңбек министрі Элияху Ишай қол қойды. Қазақстан жағынан құжатқа Индустрия және сауда вице-министрі, Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздердегі арнайы өкіл Жанар Айтжанова қол қойды. Кездесуге израиль ксеннетінің вице-спикері «Израиль-Қазақстан» парламентаралық достық лигасының төрағасы Амнон Коэн және Израильдегі Қазақстан елшісі Вадим Зверьков қатысты. Екі жақты келіссөз барысында қазақстандық нарыққа жоғары технологиялық машиналар мен жабдықтардың, химия және тамақ өнеркәсібі өнімдерінің енуі, сондай-ақ Қазақстанда компьютерлік қызмет көрсететін шетел компанияларына қатысты инвестициялық саясат мәселелері талқыланды.

3 жыл бұрын (2007) Астанада Сапар Исаковқа балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану халықаралық Академиясының ғылыми академик атағын беру салтанатты рәсімі өтті. Қазақстан Республикасының туризм және өлкетанудың дамуы өзінің қосқан үлесі үшін Сапар Исаковқа құрметті атақ берілді.

Сапар Исаков танымал саяхаттанушы, көне өркениет жерлерінде, және әлемнің 80 елінде болған. Пасхи және Жана Гвинея аралында болды. Көптеген халықаралық және үкімет сыйлықтарының иегері.

1 жыл бұрын (2009) Павлодарда «ЭКО» баспасынан «Баянауыл - аңыздар елі» деп аталатын жаңа кітап жарық көрді. Көркем безендірілген кітап беттерінен оқырман Қазақстанның табиғаты ғажайып өлкесі туралы көптеген қызықты мағлұмат алады. Мұнда өлкедегі ежелгі таулар мен көлдер туралы аңыздар жинақталған, ұлттық саябақтың жануарлар дүниесі мен өсімдіктері туралы материалдар берілген, ауданның даму кезеңдері баяндалған. Кітап беттерінде Баянауыл жерінде дүниеге келген қазақтың атақты ғалымдарының, ақындарының, көрнекті қайраткерлерінің өмірбаяндары жарияланған. Көпшілікке арналған кітап бұдан жүз жыл бұрын түсірген Дмитрий Багаевтың тарихи фотосуреттерімен, Александр Пархоменконың Баянауыл табиғатын кескіндеген суреттерімен айшықталған.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1950) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылымдар академиясының академигі ІЗТАЕВ Әуелбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында туған.

Одесса тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген.

Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының оқытушысы, Қазақ аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектерінің бағыты элеваторда астықты қабылдау мен өңдеу технологиясын, астық сақтау қоймаларының техникалық жабдықталуын ғылыми негіздеу. Аграрлы ғылым саласында астық технологиясының жаңа теориясын қалыптастырды, бидайдың жаңа тұқымдарының технология белгісі бар соттарын шығаруда кешенді математикалық үлгілер арқылы ғылыми негіздеме жасады. Ол 15-тен аса ғылыми жұмыстарды орындап, олардың нәтижелерін элеватор, ұн-жарма және құрама жем өнеркәсібінде қолданды. Ғалымның Қазақстандағы элеватор өндірісін дамытудағы ғылыми табыстары Орта Азия мемлекеттік жобалау институты мен әрбір аумақтағы астық өнімдері кәсіпорындарында кеңінен қолданылады.

10-нан астам жобаларды басқарған. 250-ден аса ғылыми еңбектердің авторы.

Соңғы жаңалықтар