ҚазАқпарат-Анонс: ақпанның 9-ы мен 15-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None
ҮКІМЕТ ПАРЛАМЕНТПарламент Мәжілісінің регламентіне және «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы фракциясының жұмыс жоспарларына сәйкес, ағымдағы жылғы ақпанның 9-ы мен 18-і аралығында фракция депутаттары өңірлерде жұмыс істейтін болады. Сапар аясында фракция депутаттары жергілікті билік, аймақтық партия өкілдерімен кездесіп, «Нұр Отан» ХДП халықтық тұғырнамасының жүзеге асырылу жайын талқыға салады. ҚОҒАМ2009 жылғы ақпанның 25-і мен наурыздың 6-сы аралығында Қазақстан Республикасында Ұлттық халық санағы өткізіледі. СПОРТ2009 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне дайындық аясында футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы ақпанның 9-ы мен 15-і аралығында Қарағандыда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Айта кетейік, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан Ирландия, Англия және Кипр құрамаларына қарсылас атанып отыр. Біздің топтағы матчтар ақпанның 18-і мен 22-сі аралығында Ирландияның Дублин қаласында өтеді. Қазақстандық команда ақпанның 19-да Англиямен, 20-да Кипрмен, 22-де Ирландиямен ойнайды.Ақпанның 10-15 күндері баскетболдан ҚР Ұлттық лигасының ерлер командалары арасындағы 4-ші тур ойындары өтеді. АСТАНААқпанның 9-ында Үкімет үйінде селекторлық кеңес өтеді. Ақпанның 9-ында Ішкі істер және Сыртқы істер министрлігінде апталық брифингтер өтеді. АЛМАТЫ Ақпанның 9-ында Қазақ Ұлттық университетінде сенатор Қуаныш Сұлтановпен кездесу болады. Алматыда ақпанның 10-ы күні «Дағдарысты еңсерудің жолдары. Идеалды банкроттық» деп аталатын конференция өтеді. Оны ұйымдастыратын Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы. БАЙҚОҢЫРАқпанның 10-ында «Байқоңырдан» «Прогресс М-66" жүк кемесі ұшырылады. АЙМАҚТАРАЛМАТЫ ОБЛЫСЫӘкімдердің жыл сайынғы есеп беру науқаны биыл қаңтардың 28-інде басталып, ақпанның 11-інде аяқталады. Осы екі аптаның ішінде 16 аудан әкімі мен үш қала әкімі былтырғы жыл бойына атқарылған жұмыстары бойынша халық алдында есеп береді. Ал облыс әкімі Серік Үмбетовтың қорытынды есебі ақпанның 11-іне жоспарланып отыр.БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫАудан әкімдерінің есебі қаңтардың 19-ында басталды. Облыс басшысы ақпанның 12-сінде өңір тұрғындары алдында есеп береді. ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫОблыстың барлық өңірлерінде қаңтардың 12-сінен бастап барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру жиналыстары басталды. Қалалар мен аудандардың 19 әкімі өз есеп беру науқандарын қаңтардың 16-сында бастайды. -------------------------------------------------------------------------------------------------- АТАУЛЫ КҮНДЕР, ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР АҚПАННЫҢ 9-Ы, ДҮЙСЕНБІХалықаралық стоматологтар күні. Александрияда III ғасырда өмір сүрген Әулие Аполлонияны еске алу құрметіне бекітілген. Аполлония ? Христосқа сенген көрнекті александрлық шенеуніктің қызы. Аполлонияны христиандықтан бас тартуын талап етіп, қатаң жазаға тартады. Аполлония өлім алдында шімірікпеген. Қиналуы мен өжеттігі сол кездегі замандастарын қатты толқытқан, кейін Аполлония есімі естілсе не оған сыйынса ? тіс ауруы қоя қояды деген аңыз шыққан.Орыс жазушысы Федор Достоевскийді еске алу күні (1821-1881). Әлем әдебиетіне елеулі ықпал еткен ұлы орыс жазушысы Федор Михаилович Достоевскийді еске алу күні. Ол қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановты аса жоғары бағалап, дос тұтқан. Сонымен бірге «Жазушы күнделігінде» отар ұлттардың болашақтағы тағдыры туралы қайшылықты пікірлері де бар.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін және ғалымдарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы» Жарлығы жарық көрді.7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әкімшілік және мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құру туралы» Жарлығы жарық көрді.7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасы Президенті Үндістанға ресми сапар жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сапары барысында Дели қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай атындағы көше ашылды.105 жыл бұрын (1904) II Николай патшаның Жапониямен соғыс туралы манифесі жарияланды. Осы соғыста 500 мың орыс солдаты қаза тапқан. Ресейдің Тынық мұхиты бойындағы флоты түгел қирады. Ресейдің тұралаған экономикасы АҚШ пен Ұлыбритания қолдаған жапон күшіне төтеп бере алмады. Екі мемлекет арасындағы 1905-1907 жылдардағы алғашқы орыс төңкерісіне алып келді.ЕСІМДЕР70 жыл бұрын (1939) техника ғылымының докторы, профессор ТӘЖІБАЙ Санатбек дүниеге келді. Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. Мәскеу инженер-құрылыс институтын, Мәскеу электрондық машина жасау институтының аспирантурасын бітірген. Қазақ политехникалық институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан қызметтерін атқарды. С.Тәжібайдың ғылыми еңбектері машина жасау өнеркәсібінің мәселелеріне арналған. Ол механизмдер мен машиналардың ғарышта жұмыс істеу қабілеттілігін зерттеді. Осы зерттеу нәтижелері Ай бетінде еркін қозғалған «Луноход» аппаратының ішпектерін (подшипниктерін) жасауға негіз болды. Ғалымның 120 ғылыми мақаласы, 8 оқу құралы, 1 монографиясы, «Машина бөлшектері», «Қолданбалы механика» атты кітаптары жарық көрген. АҚПАННЫҢ 10-Ы, СЕЙСЕНБІРесей Федерациясының Аэрофлот күні. 1979 жылы бекітілген. Жыл сайын ақпанның екінші жексенбісінде атап өтіледі.Орыс ақыны А.С.Пушкинді (1799-1837) еске алу күні.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Жангелдин ауданындағы КОКП XXI съезі атындағы совхоз Абылай ханның оң қолы, белгілі қолбасшы Шақшақ Жәнібек есімімен аталды.16 жыл бұрын (1993) Ресейдің Қорған облысында тұратын қазақтардың құрылтайы өтті. Құрылтайдың арнайы шешімімен «Шаңырақ» атты Қорған қазақтарының мәдени орталығы құрылды.14 жыл бұрын (1995) Алматыда Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің ресми ашылу салтанаты өтті.8 жыл бұрын (2001) мәскеулік «Юность» журналының 2000 жылғы соңғы нөмірі толығымен Қазақстанға арналған.3 жыл бұрын (2006) Алматыда Мұқағали Мақатаев атындағы республикалық қоғамдық қор құрылды. Қордың алдына қойған негізгі мақсаты ? ақын туралы естеліктерді жарыққа шығарып, жас мұқағалитанушыларды жұртшылыққа таныту. Сондай-ақ ақын шығармаларын шет тілдеріне аудару.2 жыл бұрын (2007) Атырауда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдігі ашылды. Өкілдік жұмысының басты бағыттары ? тарихи отанына қайтқан оралмандарды орналастыру, шетелдегі отандастармен, соның ішінде, көршілес Астрахан облысының қазақтарымен байланысты жолға қою. Сондай-ақ, ұлттық әдебиетшілер өкілдерінің шығармаларын насихаттау, қазақ тіліндегі басылымдарды тарату, кездесулер, көрмелер және басқа да шаралар ұйымдастыру жоспарланған.ЕСІМДЕР90 жыл бұрын (1919-2001) жазушы АБДУЛЛИН Хамза дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Омбы қаласындағы ауыл шаруашылығы жұмысшылар факультетін, Алматыдағы Коммунистік журналистер институтын бітірген. «Социалистік Қазақстан» газетінде, Солтүстік Қазақстан облыстық газетінде, «Жаңа фильм» журналында қызмет істеген. 1941 жылы әскерге алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстың алғашқы жылдарында тұтқынға түсіп, концлагерьдің тауқыметін басынан өткерді. Кейін Мұстафа Шоқай ұйымдастырған Түркістан легионының қатарында болды. Жазушының алғашқы өлеңдері, очерктері, әңгімелері мен фельетондары 1936 жылдан бастап баспасөз бетінде жарық көре бастады. Жазушы 1940 жылы Бүкілқазақстандық әдеби конкурсқа қатысып, «Шойын жолда» атты дастаны бірінші бәйгеге ие болды. X.Абдуллин көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп, грузиннің ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһанкез» дастанын қазақ тіліне тәржімалады.90 жыл бұрын (1919-2002) хирург, медицина ғылымының докторы, профессор УДОД Владимир Максимович дүниеге келді. Черновцы медицина институтын бітірген. Ол Целиноград медициналық институтында жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі, оқу ісі және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болып жұмыс істеген. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері хирургия мәселелеріне арналған. Ол қалқанша без, ішек-қарын, іріңді жара хирургиясымен шұғылданған. Оның 4 авторлық куәлігі және 25 тиімді ұсынысы бар.80 жыл бұрын (1929-1996) жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері МАМАЖАНОВ Мұқан дүниеге келді. Алматы облысының Талғар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығармашылық еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінің әдеби қызметкері болып бастады. «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі, «Қазақстан пионері» газетінің редакторы, БЛКЖО Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, «Қазақстан» баспасының бас редакторы, директоры, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің алқа мүшесі, бас редакторы, төрағаның бірінші орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. Оның «Советтік Қазақстанның кітаптары», «Листовкадан энциклопедияға дейін», «Достар арасында», «Кітаптан түскен шуақ», т.б. еңбектері жарық көрді. Қаламгер көркем аударма саласында да еңбек етіп, С.Георгиеваның повестері мен әңгімелерін, Бонч-Бруевичтің Ленин туралы әңгімелерін, С.Зареснойдың «Жеті күн туралы» повесін, В.Песковтың «Таңғы шық», В.Котиктің «Ол пионер болған еді», Нгуен Динь Тхидің «Сөгілген көбе», «Бұрқанған дария», Петрусь Бровканың «Тоғысқан арналар» атты шығармаларын қазақ тіліне аударды. «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың игергені үшін» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 70 жыл бұрын (1939-1984) график-суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Жастар одағы сыйлығының иегері, семсерлесуден КСРО спорт шебері ҚИСАМЕДИНОВ Мақұм Мұстахұлы дүниеге келді. Ресейдің Волгоград облысында туған. Алматы көркемсурет училищесін, В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген. Бірнеше халықаралық, республикалық конкурсқа қатысқан. Оның 1968 жылы салынған «Күн шығып келеді» (линогравюра) график фрескалар топтамасында халық өмірін, табиғат сұлулығын, махаббат, отбасы тіршілігін жылы бейнелейді. Ол М.Әуезовтің «Абай жолы» романына байланысты иллюстрациялар топтамасын, «Абай», «Жас Абай» линогравюралар топтамасын салды. Қылқалам шеберінің «Жыл мезгілдері» (гравюра), т.б. сериялары 20-шы ғасырдың 60-70-ші жылдарындағы бейнелеу өнеріндегі елеулі құбылыс саналды. Суретшінің Гетенің «Фауст» трагедиясына салған иллюстрациялары 1981 жылы Бүкілодақтық кітап безендіру өнері конкурсында 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Оның Махамбеттің тұлғасын сомдайтын линогравюралар топтамасы, «Өмір өрнектері» атты портреттік литография жанрындағы шығармалары бар.70 жыл бұрын (1939-2006) композитор, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі МОЛДАҒАЙЫНОВ Әшір дүниеге келді. Жамбыл облысының Жамбыл ауданында туған. Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесін бітірген. 1957 жылы Мәскеуде студенттер мен жастардың республикалық және дүниежүзілік фестиваліне қатысып, әнші ретінде өнер көрсеткен. Сол жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның әншілер даярлайтын бөліміне оқуға қабылданды. Консерваторияда оқып жүргенде 1960 жылы Абай атындағы академиялық опера және балет театрына жұмысқа орналасты. Осы театр қабырғасында Ә.Молдағайынов әншілік өнерімен қатар композиторлық қабілетімен таныла бастады. «Ұстазым», «Сағындым, сағындым, сәулешім», «Аяулым, арманымдай асылым ең», «Алғашқы ұстазым», т.б. ән-романстары жұртшылық арасына кең таралды. Бұл күндері композитор 300-ден аса ән-романстардың, хорға арналған және симфониялық шығармалардың авторы. Оның «Туған ел, туған жер әуендері» жинағы жарық көрген.55 жыл бұрын (1954) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ЖАҚЫПБЕКОВ Есенқұл дүниеге келді. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазір Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы өнер мектебінде айтыс ақындарына дәріс береді. «Бастау», «Ағымнан жарыламын», «Біз екеуміз», «Жеріңе табын», «Біздің елдің жігіттері», «Есіл дүние-ай!», «Ар мен жар», «Жан қисса» атты шығармалары жарық көрген. Ол телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты атанған. АҚПАННЫҢ 11-І, СӘРСЕНБІИран Ислам Республикасының Ұлттық мейрамы ? Революция күні (1979). Астанасы ? Тегран қаласы. Ресми тілі ? парсы тілі. Мемлекеттік діні ? ислам дінінің шиит тармағы. Ақша бірлігі ? риал. Елді президент басқарады және ол төрт жылға сайланып, Министрлер Кабинетін де басқарады. Жоғарғы заң шығарушы органы ? бір палаталы парламент. Иран 1960 жылдан бастап Батыс үлгісінде дами бастады. Елде шет ел капиталының үстемдік алуы, ұлттық құндылықтардың аяққа басылуы 1978-1979 жылдары халықтың шаһ үкіметіне қарсы жаппай бас көтеруіне алып келді. Оны елдегі шиит дінбасылары басқарды. 1979 жылғы ақпанның 11-інде болған революция нәтижесінде шаһ үкіметі құлап, сәуірдің 1-нен бастап Иран Ислам Республикасы жарияланды. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 29-ында орнатылды.Жапонияның мемлекеттік мейрамы ? мемлекеттің құрылған күні (Кэнкоку кинэн-но хи). Соғысқа дейін империяның (Кигэнсэцу) құрылған күні ретінде атап өтілетін.Дүниежүзілік аурулар күні. 1992 жылы мамырдың 13-де Рим папасы Иоанн Павел II бекіткен.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР17 жыл бұрын (1992) Мәскеуде Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.15 жыл бұрын (1994) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қылмысқа қарсы күрес жөніндегі кеңес құру туралы» Жарлығы шықты.3 жыл бұрын (2006) Италияның Турин қаласында ХХ қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі 2006 жылғы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Валентино Кастеллани мен Халықаралық Олимпиадалық комитеттің басшысы Жак Роггенің құттықтауымен ашылды.80 жыл бұрын (1929) Римнің қақ ортасында әлемдегі ең ерекше ел ? Ватикан мемлекеті құрылды.ЕСІМДЕР85 жыл бұрын (1924-1997) заң ғылымының кандидаты, профессор, КСРО Ішкі істер министрлігінің құрметті қызметкері, милиция генерал-майоры, Ұлы Отан соғысы ардагері БЕЙСЕНОВ Бәрімбек Сәрсенұлы дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Алматы заң институтын бітірген. 1952-1957 жылдары Алматы қалалық прокуратурасының тергеушісі, аға тергеуші қызметін атқарған. 1957-1960 жылдары Қазақстан ҒА Философия және құқық институтының аспирантурасында оқыған. 1960-1964 жылдары ? КСРО ІІМ Мәскеу жоғары мектебі Алматы бөлімшесінің доценті. 1964-1969 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, проректоры қызметтерін атқарды. Бейсенов республикадағы алғашқы тәртіп сақшыларын даярлайтын оқу орны - Қарағанды жоғары милиция мектебін ұйымдастырушылардың бірі. 1969-1985 жылдары осы оқу орнының бастығы, кейін сол мектептің Алматыдағы бөлімшесінде оқытушы болды. Ғылыми еңбектері қылмыстық құкықтың, криминалистиканың мәселелерін зерттеуге арналған. Қылмыстық құқықтың білгір-маманы, теоретигі ретінде ол Ішкі істер министрлігі, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Конституциялық сот орындарының, Ғылыми-консультативтік кеңесінің тұрақты мүшесі болды. Республиканың Қылмыстық Кодексін жасауға қатысты. Заң қызметкерлерінің республикалық қауымдастығының вице-президенті болған. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Халықтар достығы» ордендерімен, медальдермен, Қазақстан және Қырғызстан Жоғарғы Кеңестерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.75 жыл бұрын (1934-2006) Қазақстанның халық жазушысы, драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ЖҮНІСОВ Сәкен Нұрмақұлы дүниеге келді. Ақмола облысының Қызылтау ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1957-1959 жылдары «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында және 1960-1964 жылдары Қазақ мемлекеттік драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1988 жылдан 1991 жылға дейін КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған. Балаларға арналған алғашқы кітапшасы «Сонарда» деген атпен 1959 жылы басылды. Бұдан соң жас жеткіншектер үшін «Әжем мен емші және дәрігер», «Кімнің мекені жақсы», «Сақау бәтеңке», т.б. кітаптары жарық көрді. 1968 жылдан «Өшпейтін іздер» «Алғашқы вагон», «Заманай мен Аманай» повестері, «Жапандағы жалғыз үй» романы, «Ақан сері» дилогиясы оқырман қолына тиді. Жазушының «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Қызым, саған айтам», «Жаралы гүлдер», «Қос анар», «Әр үйдің еркесі», «Қысылғаннан қыз болдық», «Кроссворд немесе масханадағы маскарад», т.б. пьесалары республика театрларында қойылды. Көптеген шығармалары шет ел тілдеріне аударылған. Көркем аударма саласында Л.Толстойдың, С.Цвейгтің бірқатар әңгімелерін, О.Гончардың романдарын, т.б шығармаларды қазақ тіліне тәржімалаған. АҚПАННЫҢ 12-І, БЕЙСЕНБІЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР73 жыл бұрын (1936) Жамбыл медицина колледжі ашылды. Бастапқыда «медбикелер мектебі» деп аталған. Қазіргі таңда аталмыш оқу орны «емдеу ісі», «акушерлік іс», «медбике ісі», «фармация», «ортопедиялық стоматология» мамандықтары бойынша мамандар даярлайды.17 жыл бұрын (1992) Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.14 жыл бұрын (1994) Норвегияның Лилехаммер қаласында өткен ХVII-ші қысқы ойындарға тәуелсіз Қазақстан құрамасы алғаш рет қатысты.2 жыл бұрын (2007) Ұлттық банктің Орталық филиалына номиналы 500 теңгелік екі коллекциялық күміс шақа келіп түсті. Шақалардың дайындалу сапасы - «proof», тиражы - 4 мың дана. Бірінші шақада - баласын бесікке бөлеп жатқан ана бейнеленсе, екіншісінде ? Алматыдағы орталық мешіт бейнеленген. Коллекциялық шақаның салмағы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм. Әрқайсысының құны 5 мың теңге. Шақалар 925-ші сынамалы күмістен жасалған.85 жыл бұрын (1924) қабірден Тутанхамон перғауынның мумиясы алынды. «Патшалар жазығын» қазу жұмыстары 1922 жылы басталған болатын. Тутанхамон қабіріндегі байлықтың осынша уақыт тонаудан аман-есен қалғандығы нағыз ғажап оқиға десе де болады. Одан табылған дүниелер 20 ғасырдағы керемет археологиялық жаңалық болды. ЕСІМДЕР115 жыл бұрын (1894-1956) пейзажшы, театр суретшісі, Қазақстанның енбек сіңірген өнер қайраткері ТЕЛЯКОВСКИЙ Всеволод Владимирович дүниеге келді. Теляковский 1912 жылы Санкт-Петербор гимназиясын бітірген соң, Париждегі Ронсон академиясының қондырғылы кескіндеме бөліміне түсіп, француз суретшілері М.Дени мен Ф.Валлотанан дәріс алған. 1935 жылдан Қазақстанда тұрды. Спектакльдерді безендіру жұмысын алғаш Атбасар қалалық музыкалық драма театрында бастады. 1936-1938 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театры мен Қазақстан Мемлекеттік орталық мұражайында қызмет етті. Қылқалам шебері қазақтың ұлттық эпосына арналған көптеген паннолардың топтамасын 1958 жылы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қамбар батыр», 1959 жылы «Қорқыт баба» т.б. жасады. Теляковский сондай-ақ 1959 жылы «Кеш», 1960 жылы «Пион гүлі», «Аквариум», т.б. натюрморттардың авторы. 1924 жылы Ленинград (Санкт-Петербург) қаласындағы архитектура институтында сурет пен кескіндеме пәнінен сабақ берді.70 жыл бұрын (1939-1996) жазушы, медицина ғылымының кандидаты, педагогика ғылымының докторы, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Зайсан ауданының құрметті азаматы ҒАББАСОВ Советхан дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірген. 1971-1978 жылдары Қазақ КСР Денсаулық министрлігіне қарасты Қазақтың экспериментальді және клиникалық ғылыми-зерттеу хирургиялық институтында ғылыми қызметкер болып істеген. «Қан жүрісі - жүрек тынысы», «Дәрігер келгенге дейінгі көмек», «Қатерлі ісіктің алдын алуға бола ма?» секілді кітапшаларын шығарған. Бірнеше прозалық шығармалары жарық көрді. «КСРО денсаулық сақтау үздігі» белгісімен марапатталған. 55 жыл бұрын (1954) тарих ғылымының докторы, саясаттану профессоры, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты АХМЕТОВА Ләйлә Сейсембекқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, проректоры, БАҚ және жарнама менеджменті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2003 жылдан «Мир Евразии» журналының бас редакторы болған. 2005 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры болып істейді. Бірнеше кітаптың авторы. «Өнер қайраткері» құрметті белгісімен, екі медальмен марапатталған. 200 жыл бұрын (1809-1865) АҚШ-тың 16-шы президенті ЛИНКОЛЬН Авраам дүниеге келді. АҚШ-тың Кентукки штатының Ходженвилл қаласында туған. 1834-1941 жылдары Иллинойс штатының заң шығару жиналысының мүшесі, 1847-1849 жылдары АҚШ Конгресі өкілдер палатасының депутаты болды. 1854 жылы Республикалық партияны құруға белсене атсалысып, құлдарды азат етуді жақтады. Линкольннің президенттікке сайлануы мен оңтүстік штаттарды қолдап келген демократтардың биліктен кетуі 1861-1865 жылдары АҚШ-та азамат соғысының басталуына себепші болды. 1863 жылы қаңтардың 1-інде Линкольннің «құл негрлерге еркіндік беру туралы» прокламациясы мен құл иеленушілердің талқандалуы АҚШ-та құлдықтың жойылуына алып келді. 1864 жылы Линкольн екінші мерзімге АҚШ президенті болып сайланды. Ол 1865 жылы сәуірдің 15-інде Вашингтонда құл иеленушілер жалдаған актер Дж.Бутстің қолынан қаза тапты. Ол адамдардың азаматтық және саяси құқықтарын кеңейтуді, әйелдерге сайлау құқығын беруді жақтады, құлдарды азат етуді іске асырды. АҚПАННЫҢ 13-І, ЖҰМАЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР16 жыл бұрын (1993) «Қазақстанкаспийшельф» теңіз мұнай кәсіпорны құрылды. Кәсіпорынның негізгі мақсаттары ? Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігінің жер қойнауындағы мұнай-газ қорын анықтау, мұнай операцияларын іске асыру, осы аймақтың биоқорларын, минералдық байлық көздерін ашу және жағалаудағы қайраңдық кен орындарының игерілуін тездету, теңіз байлығын қазіргі заманғы техника мен технологияны шет елдік компаниялардың әлемдік тәжірибесі мен инвестициясын пайдалана отырып игеру, Каспий маңы аймағының өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымын жан-жақты дамыту болып табылады. Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігінің жер қойнауындағы көмірсутек қорларын зерттеу және игеру жөніндегі кешенді бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 1993 жылы желтоқсанда Халықаралық мұнай компаниялары консорциумының негізі қаланды. Аталмыш консорциумның штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан. Ақтау мен Атырау қалаларында бөлімшелері бар.ЕСІМДЕР95 жыл бұрын (1914-1976) кино тарихшысы, өнертану ғылымының кандидаты СИРАНОВ Қабыш дүниеге келді. Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті редакциясында, Орталық біріккен киностудияда, «Қазақфильм» киностудиясында, Әдебиет және өнер институтындағы театр және кино бөлімінде қызмет істеген. Қ.Сиранов қазақ кино өнері тарихының мәселелерін зерттеумен айналысқан алғашқы кинотанушы. Ол В.Морозовпен бірге «Ақ гүл», Д.Тарасовпен бірге «Өмір жолы» көркем фильмдерінің, С.Тимошенкомен бірге «Домбыра үні», «Алматы», «Тыңдағы кеңшарлар», «Кенен Әзірбаев», т.б. деректі фильмдердің сценарийін жазды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.АҚПАННЫҢ 14-І, СЕНБІЛихтенштейн Князьдігінің Ұлттық мейрамы ? князьдің туған күні ( Князь Ханс Адам II фон Лихтенштейн) (1945).ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР17 жыл бұрын (1992) Венада Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы мәлімдемеге қол қойылды.17 жыл бұрын (1992) Мемлекеттік ономастика комиссиясының шешімімен Гурьев облысы мен Гурьев қаласының атауы Атырау облысы және Атырау қаласы болып өзгерді. Ал Павлодар облысының Ермак ауданы Ақсу ауданы аталды.17 жыл бұрын (1992) Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің көне оқу ғимаратының біріне ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі мен есімі қашалған ескерткіш тақта орнатылды.17 жыл бұрын (1992) Беларус астанасы Минск қаласында Әзірбайжан, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей және Украина мемлекеттерінің басшылары кездесіп, ТМД шеңберінде ынтымақтастық принциптерін сақтау туралы Декларация қабылдады.15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттікке (МАГАТЭ) кірді.ЕСІМДЕР110 жыл бұрын (1899-1972) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі СМИРНОВ Василий Иванович дүниеге келді. Петроград тау-кен институтын бітірген. 1946-1972 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институты директорының орынбасары қызметін атқарды. Ол Қазақстандағы ғылыми мекемелерді ұйымдастыруға, КСРО түсті металлургия саласын дамытуға үлкен үлес қосты. Оның қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының негізі қаланды. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері мыс өндірудің жаңа технологиялық әдістерін табу, өндіріске енгізу, Орал мен Қазақстан металлургиялық өнеркәсіптерін дамыту мәселелеріне арналған. «Ленин», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.40 жыл бұрын (1969) Қызылорда облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі ҚУАНДЫҚОВ Болатбек Баянұлы дүниеге келді. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінде экономист, жетекші экономист, бөлім бастығы, басқарма бастығы қызметтерін атқарған. 1996-1999 жылдары ? Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Қызылорда облыстық басқармасының бастығы. 1999-2004 жылдары ? Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары. 2004-2007 жылдары ? Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің департамент директоры, Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар вице-министрі. 2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың мамыр айынан бастап істейді. Медальмен марапатталған. АҚПАННЫҢ 15-І, ЖЕКСЕНБІРесейде интернационалист жауынгерлерді еске алу күні. Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай атап өтіледі.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР347 жыл бұрын (1662) Қазақстанның байырғы қалаларының бірі Атырау қаласының іргесі қаланды. 1640 жылы патша үкіметі ағайынды Гурьевтерге қалашық салуға рұқсат берген. Қала 1662 жылы салынып бітіп, патша жарлығымен Гурьев аталған. Ал жергілікті қазақтар оны Үйшік деп атаған. Бүгінгі таңда қала өнеркәсібінің басты саласы мұнай мен химия өндірісі. Қалада мұнай айыру, полиэтилен, машина жасау, металл өңдеу, балық құтылау, тамақ, басқа да жеңіл өнеркәсіп орындары бар. Сондай-ақ мұнда мұнай өнеркәсібінің жобалау институты, мұнай және табиғи тұздар институты, ғылыми-зерттеу институты, драма театры, филармония, музыка, спорт мектептері, мәдениет үйі, кітапханалар, кинотеатрлар, мәдениет және демалыс бақтары, қонақүйлер, медициналық мекемелер жұмыс істейді.95 жыл бұрын (1914) Император II алкогольді ішімдіктерді шектен тыс пайдалануға қарсы науқанның басталғанын мәлімдеді.90 жыл бұрын (1919) Петроградтың Үлкен драма театры Ф.Шиллердің «Дон Карлос» спектаклімен сахнасын ашты. Қазір бұл театр Георгий Товстогоновтың есімімен аталады.20 жыл бұрын (1989) Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағынан шығарылды. Ауғанстан жерінде 9 жылға созылған соғысқа Кеңес Одағының 500 мыңнан астам азаматы қатысты. Олардың арасында 22269-ы қазақстандықтар. Бұл соғыста 15 мың жауынгер опат болды. Оның 889-ы қазақстандық.ЕСІМДЕР115 жыл бұрын (1894-1966) мемлекет және қоғам қайраткері ТОҚТЫБАЕВ Иса дүниеге келді. Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын, Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. 1917-1919 жылдары ?Ташкент қалалық депутаттар кеңесінің хатшысы, Халық комиссариаты алқасының мүшесі және комиссарының орынбасары, Түркістан компартиясы орталық комитетінің баспа бөлімінің меңгерушісі. 1922-1925 жылдары ? Сырдария облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, «Шолпан», «Сәуле», «Коммунист», «Сана», «Шаншар» журналдарының және «Ақ жол» газетінің редакторы, Түркістан Республикасы Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі алқасының мүшесі, Қазақ АКСР-і Халық ағарту ХКК саяси-ағарту кеңесі басқармасының меңгерушісі. 1926-1929 жылдары ? Ақтөбедегі Жер басқармасының бастығы, Семейдегі «Қазақ тілі» газетінің редакторы, Орынбордағы педагогикалық институттың директоры және жұмысшы фақультетінің меңгерушісі. 1929-1930 жылдары ? Қазақ АКСР-і Халық ағарту комиссарының орынбасары. 1930-1932 жылдары ? Ленинград педагогикалық институтының аспиранты, Қызыл профессура курсының тыңдаушысы. 1932-1933 жылдары ? Ленинградтағы Шығыс халықтары курсының ректоры және әскери саяси академияның лекторы. 1933-1936 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеде отырды. 1936 жылы В.Куйбышевтың көмегімен босап шықты. 1937 жылы Ленинградтағы КСРО халықтарының этнографиялық мұражайының бөлім меңгерушісі қызметінде болды. 1938-1947 жылдары екінші рет қамауға алынып, Коми АКСР-іне, 1949-1957 жылдары үшінші рет ұсталып, Красноярск өлкесіне жер аударылды. 1957 жылы ақталып, елге оралды. 1958-1964 жылдары Қызылорда қаласындағы облыстық өлкетану мұражайының ұйымдастырушысы әрі директоры болды. И.Тоқтыбаев Қазақстанда оқу-ағарту саласын өркендету, әдеби мұраларды жинау ісінде қажырлы жұмыстар атқарды. Қызылорда қаласындағы бір көшеге есімі беріліп, өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды. 1998 жылдан туған ауданындағы қазақ орта мектебі Тоқтыбаевтың есімімен аталады. 95 жыл бұрын (1914-1970) актер, кинорежиссер, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі АЙМАНОВ Шәкен Кенжетайұлы дүниеге келді. Павлодар облысында туған. Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде, Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылды. Ш.Айманов 1933 жылдың маусым айында театрға жұмысқа қабылданды. Ол алғашында Грамофонов (К.Погодин «Менің досым»), Қодар, Алдар көсе (Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»), Исатай (I.Жансүгіров «Исатай - Махамбет»), Кассио (У.Шекспир «Отелло») рөлдерін ойнады. Көп ұзамай Тихон, Великанов (А.Островский «Таланттар мен табынушылар», «Найзағай»), Шадрин (К.Погодин «Мылтықшы адам»), Кидд (Б.Лавренов «Америка дауысы»), Бретт (Дж.Гоу, А.Дюссон «Терең тамырлар»), Хлестаков (Н.Гоголь «Ревизор»), Казанцев (М.Әуезов «Түнгі сарын») сияқты классикалық рөлдерді сомдады. Бұл тұлғалар ұлттық сахнамыздың сүбелі табыстарына жатады. Оның актерлік болмысы тұлғалы, іргелі, көшелі кейіпкерлерді кескіндеуге бейім. Ол қазақ сахнасында романтикалық театр мектебін калыптастырды. Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло бейнелерін аса зор актерлік машықпен зерледі. «Мылтықты адам», «Таланттар мен табынушылар», «Намыс соты» атты аударма пьесаларды сахнаға шығарып, режиссерлық жасады. 1947-1951 жылдары Қазақ драма театрының бас режиссері болды. Ш.Аймановтың режиссерлік стилінде ұлттық бояу, сахналық айшықты түр іздеуі басым еді. 1949 жылы өз инсценировкасымен қойған «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институты» спектаклінде осы ізденістері анық көрінді. Ал «Ақан сері ? Ақтоқты» трагедиясындағы ақындық шабыт, әншілік толғаныс, таза махаббат, мөлдір сүйіспеншілік сезім, философиялық ойлар, ұлттық тұрмыс-салт, әдет-ғұрып дәстүрлері Ш.Айманов режиссурасынан ансамбль тұтастығына құрылған актерлік ойындардан көркем шешімін тапты. Актер ғұмырының соңына дейін тынымсыз шығармашылық ізденісте жүрді. Өнер сапарымен әлемнің әр қиырында болып, өзі болған ортаның бәрінде қазақ халқының әнімен, өнерімен, дәстүрімен таныстырудан танбады. Әр түрлі кинофестивальдерде, симпозиумдарда Жан Габен, Жан Марэ, Лоуренс Оливье, Софи Лорен, Радж Капур, Френк Копра сияқты әлемдік киножұлдыздармен кездесіп, соларға еліктей жүріп, өзі сахнада, кинода ойнаған рөлдерін әлемдік биікке көтере білді. «Абай әні», «Жамбыл» фильмдеріне түсу арқылы кино өнерінің де қыр-сырын меңгеріп, осы саладағы жемісті жолын бастады. 1953-1970 жылдары «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлес қосты. 1953-1966 жылдары аралығында ол түсірген «Махаббат туралы аңыз», «Алдар көсе», «Атамекен», «Найзатас баурайында» фильмдердің бәрінен де ұлттық бояу сезіледі. Жұртты қыран-топан күлкіге батырған әндері, екінің бірінің аузынан түспейтін «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмдеріндегі әзіл-күлкілі көріністер мен қисындардың да табиғаты ұлттық дәстүрлермен тамырласып жатыр. Көп ізденістің нәтижесінде Ш.Айманов қазақ кино өнерінде де романтикалық-патриоттық мектептің негізін қалады. Оның соңғы еңбегі «Атаманның ақыры» фильмі талантының шарықтау шоқтығы болды. Бұл фильм таза іріктелген актерлік құрамы, режиссерлік сапасы, техникалық орындалу деңгейі жағынан да әлемдік талапқа сай шыққан туынды еді. Ш.Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1963 жылы Каир қаласындағы Азия мен Африка елдері Халықаралық және Мәскеу қаласында өткен үшінші халықаралық кинофестивальдердің қазылар алқасы мүшесі болды. Оның есімі Алматының бір көшесіне, «Қазақфильм» студиясына берілді. Ол тұрған үй мен студия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылып, мұражай кабинеті ұйымдастырылды. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», т.б. ордендермен марапатталған. 70 жыл бұрын (1939) биология ғылымының кандидаты КӘРІМОВ Шайдолла дүниеге келді. Атырау облысында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын, Қазақстан Ғылым академиясы Эксперименттік биология институтының аспирантурасын бітірген. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Индер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1992-1994 жылдары Атырау облысы әкімдігі басшысының орынбасары ? облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 1994-1995 жылдары ? Қазақстан Ғылым академиясының Батыс бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде 1995 жылдан бастап істейді. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 445 жыл бұрын (1564-1642) итальяндық физик, механик, астроном, табиғаттану ғылымдарының негізін салушы ГАЛИЛЕЙ Галилео дүниеге келді. Италияның Пиза қаласында кедейленген ақсүйек отбасында туған. Әкесі Винченцо белгілі музыкант еді. Галилейдің үлкен оқымысты болуына әкесінің ықпалы тиді. 1581 жылы Пиза университетіне түсіп, медицинаны оқып үйренеді. Мұнда ол Аристотель, Евклид, Архимед еңбектерімен танысты. Сөйтіп, геометрия мен механикаға әуестенген Галилей медицинаны тастайды. Флоренцияға оралып, төрт жыл бойы математиканы зерттейді. Аристотельге қарсы «Қозғалыс туралы сұхбат» деген еңбек жазды. 1592-1610 жылдары Галилей шығармашылығының кемеліне келген шағы болатын. Тепе-теңдік принципіне негізделген машина жайлы зерттеуі, дененің еркін түсуі, дененің көлбеу жазықтықтағы қозғалысы, көкжиекке (горизонтқа) бұрыш жасай лақтырылған дененің қозғалысы, маятник тербелісінің изохрондығы туралы жаңалықтары осы кезеңге жатады. 1609 жылы Галилей өзінің алғашқы телескопын құрастырды. Ол осы телескоптың көмегімен Шолпан планетасының фазасын, Күндегі дақты, Юпитердің 4 серігін, Сатурнның сақинасын ашты. 1916 жылы Дін басылары Н.Коперник іліміне тыйым салған соң, Галилей ұзақ уақыт үй тұтқында ұсталды. 1630 жылы «Әлемнің екі негізгі жүйесі туралы сұхбат» деген еңбегін Римге алып келді. Мұнда Коперник пен Евклидтің дүние жүйелері қаралған еді. 1637 жылы Галилей екі көзінен айырылады. Галилей 17 ғасырдағы механика, оптика және астрономия ғылымдарының дамуына елеулі үлес қосты. Ол ашқан жаңалықтар дүниенің гелиоцентрлік жүйесі туралы ілімнің жеңіп шығуына ықпал етті. Статика тарихы Архимедтен басталса, динамика тарихы Галилейден басталады. Ол ұлы ғалым болуымен бірге, музыкант, суретші, ақын, әдебиетші де болды.
Соңғы жаңалықтар