ҚазАқпарат-Анонс: қаңтардың 12-сі мен 17-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

Қаңтардың 12-сінде Үкімет үйінде министрлер кабинетінің отырысы өтеді. Онда тұрғын үй-коммуналдық секторды қайта құрылымдаудың негізгі бағыттары туралы мәселе қаралып, Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин баядама жасайды.

Қаңтардың 12-сінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының әкімшілік ғимаратында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтеді. Онда компанияның 2009 жылғы жұмыс қорытындысы талқыға салынады.

Қаңтардың 13-інде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен ҚР Көлік және коммуникация министрлігі алқасының кеңейтілген мәжілісі өтеді.

МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ

Қаңтардың 12-15-і аралығында ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған ресми делегация Австрия Республикасына ресми сапармен барады.

ПАРЛАМЕНТ

Қаңтардың 12-сінде Парламент Мәжілісінде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәжілісі өтеді.

БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР

Қаңтардың 13-інде Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінде БАҚ өкілдеріне арналған брифинг болады. Онда кеден органдарының 2009 жылғы жұмысы қорытындыланады.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

2010 жылдың қаңтар айында Венада Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы (ЕҚЫҰ) төрағалығына арналған салтанатты таныстырылым өтеді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының ресми ашылуына орай қаңтардың 13-і күні Венада бірқатар маңызды мәдени шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, осы қаңтардың 13-і күні Хофбург сарайындағы қазақстандық кеш ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабының австриялық нұсқасының тұсаукесерімен ашылады.

2010 жылы Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшілігі ашылады.

2010 жылы қаңтардың 1-інен бастап Беларус, Қазақстан және Ресей елдері Бірыңғай кедендік тарифті енгізеді. Тарифті қалыптастыру жөніндегі өкілдік Кедендік одақ Комитетіне беріледі.

Қаңтардың 5-інен бастап Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына арналған номиналдары 1 мың теңгелік жаңа банкноттар айналымға шығарылады.

Қаңтардың 14-інде Венада ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің мәжілісі өтеді.

Қаңтардың 16-сы мен 18-і аралығында Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кирилл Қазақстанда ресми сапармен келеді. Патриарх сапар аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі және Астанадағы жаңа кафедралдық соборда дұға рәсімдерін атқарады. Әулие Патриарх Кирилл сонымен қатар өзінің сапары барысында Алматыда болып, қаланың Вознесенск кафедральдық соборында дұға оқиды және Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жұртшылықпен кездеседі.

ҚОҒАМ

Қаңтардың 1-інен бастап Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар тек электрондық әдіспен жасалатын болады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан төленетін әлеуметтік төлемақылардың көлемі қаңтардың 1-інен бастап көтеріледі.

СПОРТ

Қаңтардың 17-сі мен 22-сі аралығында елордада жас теннисшілер үшін іріктеу жарысы өтеді. Оның негізгі мақсаты - еліміздің жастар құрамасын құру.

Еліміздің грек-рим стиліндегі балуандары қаңтардың 15-17-сі аралығында Ресейдің Түмен қаласында өтетін Иван Поддубныйды еске алу турниріне қатысады.

Қаңтардың 16-сы мен 23-і аралығында Астанада ересектер арасында кикбоксингтан Қазақстан чемпионаты өтеді. Турнирдің басты мақсаты - ұлттық командаға іріктеу үшін мықтыларды анықтау.

АСТАНА

Қаңтардың 11-і мен 17-сі аралығында Президенттік мәдениет орталығында «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы және оның негізін қалаушы - Президент Нұрсұлтан Назарбаев» деген тақырыпта көрме өтеді.

Қаңтар айында Президенттік мәдениет орталығының «Қазақ әлемі» залында сондай-ақ, И. Тасмағамбетовтың жеке коллекциясының көрмесі өтеді.

Қаңтар айында Президенттік мәдениет орталығының ғылыми залында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына - 10 жыл» деген тақырыпта көрме өтуде.

Қаңтардың 12-сінде «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында партия төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин Корея Елшісі Ли-Бен-Хвамен кездеседі.

Қаңтардың 14-інде денсаулық сақтау мекемелерінде «Нұр Отан» партиясының партиялық бақылау қосындарының таныстырылымы өтеді.

АЛМАТЫ

Қаңтардың 11-і мен 17-сі аралығында Алматыда VI халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтеді. Оған Қазақстанның мамандандыылған мектептерінің 46 командасы, Алматының құрама командасы, республикалық мамандандырылған физика-математикалық мектебінің үш командасы, ТМД және алыс шетелдерден командалар қатысады.

Қаңтардың 12-сінде Д.Қонаевтың мұражай-үйінде қайраткердің туған күніне орай көрме ашылады.

Қаңтардың 12-сінде қазақстандық баспасөз клубында «Мемлекеттік аннуитеттік компания: 2009 дылдың қорытындысы және 2010 жылдың жоспары» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтеді.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

ҚАҢТАРДЫҢ 12-СІ, СЕЙСЕНБІ

Түрікменстан Республикасының Еске алу күні. 1881 жылы Геок-Тепин шайқасы басталып, ол есепсіз қан төгіске алып келді. Соғыста шейіт кеткендердің құрметіне арнап, осы күн әруақтарға бас иіу күні болып саналады.

Ресей Федерациясы прокуратура қызметкерлері күнi. Ресей Федерациясы Президентiнің 1995 жылдың 29 желтоқсанындағы «Ресей Федерация прокуратурасының қызметкерлер күнiн белгілеу туралы» Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтедi.

ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1990) Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды.

15 жыл бұрын (1995) Президент Жарлығымен қазақ ғарышкерлері Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаевқа «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, жоғары ерекшелік белгісі - «Алтын Жұлдыз» тапсырылды.

8 жыл бұрын (2002) Алматыда Қазақстан Коммунистiк партиясы Орталық комитетінің бұрынғы бiрiншi хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың (1912-1993) мұражайы ашылды.

3 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ойын кәсiпкерлiгi туралы», «Қазақстан Республикасының ойын кәсiпкерлiгi сұрақтары бойынша кейбiр заң актiлеріне өзгерiстер және қосымшалар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.

1 жыл бұрын (2009) Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Бiрiншi Президентiнiң алғашқы Интеллектуалдық мектебі ашылды. Зияткерлiк мектеп балалардың қабiлеттiлiктерiн және жеке бас мүддесiн есепке алып кең ауқымда бiлiм бағдарламаларын береді. Бұл мектепте цифрлы техникамен жарақтанған 24 смарт-сыныптар, 14 интерактивті пәндік кабинеттері, 4 физика, 6 мультимедиа кабинеттерi бар. Әрбiр оқушы интернетке шығатын дербес ноутбукпен қамтамасыз еткен.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1940) белгілі жазушы, драматург, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ДОСАНОВ Сәбит Айтмұханұлы дүниеге келді.

Қостанай облысында туған.

Қазақ мемлекетттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

Ең тұңғыш туындысы - «Шабындық басында» екінші сыныптың «Ана тілі» оқулығына енді. Қаламгерді елге танымал еткен туындысы «Ақ аруананы» басып шығарғанда ол 27 жаста болатын. Жазушының ең алғашқы кітабы «Қайырлы таң» деген атпен 1966 жылы жарық көрді. Содан кейін әлем халықтарының бірнеше тілдеріне аударылған ондаған шығармалары, соның ішінде «Тау жолы», «Екінші өмір» атты романдары жазылды. Бірнеше көркем шығармалары 1981, 1988, 1999 жылдары Мәскеуде жеке кітап болып шықты және өзге тілдерге аударылды. 1998 жылы «Санат» баспасынан «Жиырмасыншы ғасыр» атты жаңа романы жарық көрді. С.Досанов драматургия жанрында да жемісті еңбек етті. Оның «Дауыл» атты алғашқы пьесасы еліміздің көптеген театрларында және Қырғызстан, Өзбекстан драма театрларында қойылып, көрерменнің көзайымына айналды. Драматургтің көптеген радиопьесалары Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Кейінгі кездері «Тозақ шеңбері» атты пьеса жазып шықты. Ол өзінің өзгеше формасымен, кейіпкер таңдауымен, ой жаңашылдығымен, шарықтау шегінің шебер түйілуімен ерекшеленеді.

Ресей Федерациясының Шолохов атындағы халықаралық сыйлығының, Қырғызстан Республикасының «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері.

60 жыл бұрын (1950)Қазақстан Республикасының халық әртісі, Парламент Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі АХМАДИЕВ Мұрат Әбдурейімұлы дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасының Чугучак қаласында туған.

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясын бітірген.

Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр театрының директоры болған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.

ҚАҢТАРДЫҢ 13-І, СӘРСЕНБІ

Ресей баспасының күні. 1703 жылы қаңтардың 13-де Ресейде І Петрдің жарлығымен «Ведомость» газетінің алғашқы саны жарық көрді. 1917 жылы бұл мереке «Правда» кеңес газетінің шыққан күніне, яғни мамырдың 5-не ауыстырылып, «Кеңес баспасы күні» деп өзгертілді. Тек 1992 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жарлығымен «Ресей баспасының күнін» тойлау күні қайтадан өзінің тарихи күніне - қаңтардың 13-не қайтарылды.

ОҚИҒАЛАР

84 жыл бұрын (1926) Қазақ драма театры (М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драмы театры) К.Кемеңгеровтың «Алтын сақина» атты пьесасымен ресми түрде ашылды. Театр 1925 жылы Қызылордада құрылған. 1929 жылы театрдың труппасы Алматыға көшірілді. 1937 жылы театр академиялық атаққа ие болды. 1961 жылдан бастап М.Әуезов атында. Труппада И.Байзақ, Ә.Қашаубаев, С.Қожамқұлов, К.Куанышбаев, З.Атабаев және т.б. халық өнерi мен көркемөнерпаздың белгiлi ұсталары ойнады.

Театрдың сахнасында А.Сүлейменовтың «Жетінші палатасы», Иран Ғайыптың «Шыңғысханы», К.Гоццидің «Турандот Ханшайымы», М.Әуезовтің «Жауыз жылдар», Шахимарданның «Томирис» және т.б. дүниежүзілiк және қазақ драматургиясының шығармалары қойылды. Театрда Ш.Жандарбекова, Ф.Шәрiпова, С.Оразбаев, З.Шәрiпова, Ш.Ахметова және басқада дарынды актерлер жұмыс iстейдi.

18 жыл бұрын (1992) Республикалық мәртебе алған Б.Момышұлы атындағы қайырымдылық қоры құрылды.

17 жыл бұрын (1993) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару жүйесін жаңарту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды.

1 жыл бұрын (2009) Екібастұзда (Павлодар облысы) халық қаһарманы Жасыбай батырдың Қоғамдық қоры құрылды.

Оны көмір шығарушылар мен энергетиктер қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының минералды қорлар академиясының корреспондент мүшесi Серік Жақсыбаев құрды. Павлодарлық Ертіс жағалауының тарихына арналған бірнеше кітаптардың авторы.

Жасыбай батыр жоңғарлармен шайқасқан отрядты басқарды. 1752 жылы бүгінгі Баянауыл ауданы аумағында жау жебесiнен қаза болған. Бұл Шойынкөл көлінің маңайында болды, содан кейін ол жер Жасыбай аталып кеткен.

Қор Жасыбай батырға ескерткіш орнатуға қаражат жинау үшін құрылған.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1985) суретші, Казақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер кайраткері ЦИВЧИНСКИЙ Николай Владимирович дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған.

Украин технологиялық керамика және шыны институтын бітірген.

1937 жылдан Алматы қаласында тұрып, осындағы кілем-гобелен шеберханасында суретші болды.

Цивчинский - «Көктем», «Абай» атты алғашқы қазақстандық кілем гобелендерінің авторы. Монументті-сәндік өнер саласында Цивчинский кезінде Өскемен қаласындағы металлургтер, Балқаш қаласындағы құрылысшылардың Мәдениет сарайын, Алматы қаласындағы «Шолпан» кафесін безендірді.

Ол өзінің таңдаулы шығармаларын суретші М.Кенбаевпен бірге жасады: Алматы қаласы «Алматы» мейрамханасындағы «Көкпар», «Қобыланды», «Еңлік - Кебек», Айнабұлақ кафесіндегі мозаикалар, «Қазақстан» дүкеніне арналған «Қазақ халқының кәсіптері» сграффитосы, Модельдер үйіндегі «Казақ халқының ұлттық киімі» қабырға өрнегі мен «Қалыңдықты киіндіру» витражы, Неке сарайындағы, Тараз қаласының «Восток» мейрамханасындағы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» қабырға өрнегі, т.б.

75 жыл бұрын (1935-2000) белгілі жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері ТОҚТАРОВ Рамазан дүниеге келді.

Алматы шет тілдер институтының француз тілі факультетін бітірген соң, Павлодар облыстық газетінде жұмыс істеді. Содан бергі еңбек жолы қазақ баспасөзімен тығыз байланысты. Әр жылдары «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында, сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы» баспасында қызмет атқарды.

Жазушы «Ертіс перзенттері» деп аталатын әңгіме хикаяттар жинағымен әдебиетке келді. Ол көркем эссе, әдеби сын жанрларында қалам тербеді. Жазушының негізгі суреткерлік қарымы мен дарыны эпикалық прозада көрінді.

«Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Жердің үлгісі», «Тұлпардың сыны», «Сусамыр», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Бақытты құлдықтың ақыры», «Бітеу жара» сияқты 24 кітаптан тұратын 16 романның авторы.

ҚАҢТАРДЫҢ 14-І, БЕЙСЕНБІ

Өзбекстанда отан қорғаушылар күні. Тәуелсіз Өзбекстан өзінің қарулы күштерінің құрылған күніне арнап атап өтеді. Бұл мереке 1993 жылдың 29 желтоқсанындағы Республиканың Жоғарғы Кеңесi шешiмiмен қаңтардың 14-не бекітілген.

ОҚИҒАЛАР

50 жыл бұрын (1960) Қазақстан КП ОК Пленумында Д.А.Қонаев Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің І хатшысы болып тағайындалды.

18 жыл бұрын (1992) Қызылорда педагогикалық институтына көне түрік халқының ұлы ақыны және композиторы Қорқыт Атаның есімі берілді.

1 жыл бұрын (2009) Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Иіркөл ауылында жаңа клуб пайдалануға берілді. Аудандық бюджеттен әлеуметтiк объектiнің құрылысына 6 млн. 500 мың теңге бөлінді. Клубта 200 орындық көрермен залы, кітапхана бар.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1940-1983) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЖАЙСАҢБАЕВ Есболған Ботабайұлы дүниеге келді.

Алматы облысы, Ақсу ауданында туған.

Қазақ драма театры жанындағы студияны, ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген. 1960 жылы Қазақ драма театры әртістерінің негізгі құрамына қабылданды. Театр сахнасында алғашқы ойнаған рөлі - З.Шашкиннің «Заман осылай басталады» спектакліндегі Покудин.

Жайсаңбаев көбінесе комедиялық бейнелер сомдауымен көрермендер ілтипатына бөленді. Оның таңдаулы рөлдері - Хасен, Серке (Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітов «Беу, қыздар-ай» мен «Ой, жігіттер-ай»), Сейіт (Ш.Айтматов «Аңсаған менің әнімсің» және Ғ.Мүсірепов «Ақын трагедиясы»), Дәуіт (Б.Майлин «Майдан»), Жапал (М.Әуезов «Еңлік-Кебек»), Махмұт (Д.Файзи «Башмачки»).

Табиғатынан аңқау, адал да ақкөңіл жандардың күлкілі қылықтарын көңілге ұялар тартымдылықпен кескіндеу - Есболғанның актерлік болмысына тән қасиет.

1976 жылдан бастап бірнеше фильмге түсті.

45 жыл бұрын (1965) Шығыс-Қазақстан облысы әкімінің орынбасары ПИНЧУК Григорий Васильевич дүниеге келді.

Семей қаласында туған.

«Қайнар» университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған. Аталған қызметінде - 2009 жылдан.

ҚАҢТАРДЫҢ 15-І, ЖҰМА

Хорватияны халықаралық мойындау күні. 1992 жылдың қаңтардың 15-інде Хорватия Республикасын Еуропалық одақтың 12 елі халықаралық түрде мойындады. Дәл осы күні оған Австрия, Болгария, Канада, Венгрия, Мальта, Польша және Швейцария қосылды. 1992 жылы қаңтардың аяғына дейін тағы да жеті мемлекет: Финляндия, Румыния, Албания, Босния мен Герцеговина, Бразилия, Парагвай және Боливия мақұлдады. Хорватияны азиялық елдер ішінде бірінші болып Иран мақұлдады, ал африкалық елдерде Мысыр. 1992 жылы мамырдың 22-інде Хорватия БҰҰ-на қабылданды, және сол кезде Ресеймен, Жапониямен, АҚШ, Израильмен және Қытаймен мойындалған. Хорватияда 48 елшілік, әртүрлi халықаралық ұйымдарда алты тұрақты миссиялары, 23 елшіліктері бар және әлемнің 120 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған.

ОҚИҒАЛАР

285 жыл бұрын (1725) Әбілқайыр ханның қазақтардың басын қосып, Түркістанды қайта алғаны жөніндегі хабар Мәскеуге жетті.

235 жыл бұрын (1775) «Жайық өзенін - Орал, сонда орналасқан казактарды оралдықтар, Жайық қаласын - Орал» деп өзгерту туралы ІІ Екатерина патшаның жарлығы шықты.

45 жыл бұрын (1965) Семей ядролық полигонында, қурап қалған Шаған өзенінің 178 метрлік тереңдігінде 104-тонналық атом бомбасы жарылды. Жарылыстың соңында ені 408 метрлік және тереңдігі 100 метрлік шұңқыр пайда болды. Содан кейін шұңқырдан 25-30 метрдей жерде айдын шалқар көл пайда болды. Жер қазатын техниканың көмегімен канал қазылып, ол арқылы су шұңқырға құйылды. Содан бастап шұңқырды су қоймасы ретінде пайдаланады.

1 жыл бұрын (2009) Республикадағы танымал жазушы Медеу Сәрсекенің жаңа кітабы жарық көрді. «Дара дарын» атты роман-эсседе қазақтың ұлы ақыны академик Қаныш Сәтпаев туралы жазылған. Жаңа баспаға ғалымның өмірі мен қызметінің әр түрлі кезеңін көрсететін үш жүзге жуық фотосуреттер кірді.

1 жыл бұрын (2009) Ақмола облысының Еңбекшiлер ауданында жаңа туристiк кешен ашылды. Бес жақсы жабдықталған коттедждер, спорт және балалар алаңы, бассейні бар 60 адамға қызмет көрсетуге есептелген орталық Щучье-Бурабай курорт аймағында орналасқан.

1 жыл бұрын (2009) «Semey» фотоальбомы жарық көрді. Тиражы 500 мың дана. Журнал қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде басылған. Альбомда ескі Семейдің тарихи ескерткіштері, сәулеті мен мәдениетінің, қазiргi заман жаңа құрылыстары, даңғылы және көшелерінің суреттері жинақталған. Оның авторы - мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басқарушысы Айдар Самаев.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1935) актриса, Қазақстанның халық әртісі ӘКБАРОВА Зинат дүниеге келді.

Алматы облысы Жаркент қаласында туған.

Алматы хореографиялық училищесін бітірген.

1955 жылдан бастап Ұйғыр музыкалық театрының бишісі, кейін актрисасы болды.

Әкбарова жасаған образдар қызу каңды, өткір мінезімен айқындалады. Театр сахнасында Майымхан, Лейліхан, Гүлзара (Д.Асимов пен А.Садыров «Анархан»), Гүлбадам (Д.Асимов пен В.Дьяков «Ғарип пен Сәнәм»), Гүлшеһра (Ү.Гаджибеков «Аршин мал алан»), Айхан (X.Хамзан «Майсараның айласы»), Назугум (Қ.Хасанов пен С.Башоян «Назугум»), Әмал (С.Жамал «Қара райхан»), Яренка (А.Александров пен Л.Юхвид «Малиновкадағы той») рөлдерін орындады.

60 жыл бұрын (1950-2008) сәулетші, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сәулетшісі, КСРО халық сәулетшісі МОНТАҚАЕВ Қалдыбай Жұмағалиұлы дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Алтай Республикасында туған.

Қазақ политехникалық институтын бітірген.

1972-1982 жылдары Алматы Жобалау институтында сәулетші, аға сәулетші, топ жетекшісі, шеберхана бастығы, бас сәулетшісі қызметтерін атқарған. Қазақстан Сәулетшілер одағының президенті, Шығыс елдері Сәулет Академиясыньң вице-президенті, оның Қазақстандағы бөлімшесінің төрағасы, «Алматыгипрогор» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды.

Алматыдағы 12-қабатты экспериментті тұрғын үйдің, Қазақстан КП ОК ғимаратының, Алматыдағы Президент сарайының, Республика алаңы кешенінің, «Айнабұлақ», «Ақсай», «Орбита» ықшам аудандарындағы бірқатар кешенді құрылыстардың, сондай-ақ Мәскеу қаласындағы Қазақстан мәдени орталығы жобасының авторлар тобын басқарған. Кейінгі жылдары Астана қаласындағы Президент резиденциясы, Үкімет және Парламент үйі, бірқатар министрлер, Конгресс-холл, Астана аэропорты мен аэровокзалы, орталық әмбебап дүкені және тағы басқа жобаларын жасады.

КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Афина қаласында өткен Акрополь мұражайына арналған халықаралық байқаудың дипломанты, дүниежүзілік Бьеннале фестивалінің иегері.

Қазақстанның 2000 жылғы «Жыл сәулетшісі» атағын алған. «Құрмет» орденімен марапатталған.

ҚАҢТАРДЫҢ 16-СЫ, СЕНБІ

АҚШ-та дiни сенімнің бостандық күнi. Қаңтардың 16-сын Құрама Штаттарда дiни сенімнің бостандық күнi деп жариялай отырып, бұрынғы Президент Буш діни сенімге және сол сенімді өз сөздерімен істерінде білдіру құқығы ол «әрбір адамға берілген құқық» деп атап өтті.

Тайландта мұғалім күні. 1956 жылы премьер-министр Филд Маршал Пибулсонкрам бiлiм саласы қызметкерлерiнiң кәсiби мерекесiн - мұғалiм күнін бекітті.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1992) Швеция Корольдігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін мойындады.

3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк бірлестіктерді құру және қызметтерін қамтамасыз ету шаралары туралы» Жарлықа қол қойды.

3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) қазiргi саясат мәселелеріне арналған төрт монография басылып шықты.

Бұл еңбек халықаралық және аймақтық аренада, соның ішінде Қазақстанда әлемдік геосаясатпен айналысатындардың стратегиялық мүдделері мен жаңа саясаттарын, біздің еліміздің Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен шекара құрудағы мүдделерін зерттеуге арналған.

Төрт монографияның екеуі қазақ тілінде.

1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойды.

ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын (1900-1989) альпинизм және туризмнен спорт шебері, ГТО белгісінің Қазақстандағы алғашқы иегері ЗИМИН Виктор Матвеевич дүниеге келді.

Тау, шаңғы және велосипед туризмін ұйымдастырушы.

1930-1963 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі болды.

1932 жылы Каменский үстіртінде Қазақстандағы алғашқы шаңғыға арналған трамплин салды. 1934 жылы Кішіалматы шыңына көтерілген бірінші топқа, 1935 жылы Комсомол шыңына көтерілген бұқаралық альпиниадаға жетекшілік етті. Сол жылдың қазан айында республикалық альпинистер мен туристер клубын ұйымдастырды.

1935 жылы 12 адамнан тұратын альпинистер тобымен Талғар шыңына, 1938-1940 жылдары Іле Алатауы шыңдарына алғаш рет жол салды.

1940 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында республиканың бас мектептеріне оқытушылар дайындайтын дене тәрбиесі бөлімшесін ашты. Осы бөлімшенің негізінде 1945 жылы Дене тәрбиесі институты ашылды.

В.Зимин есімі Қазақстан Республикасының спорт ардагерлері алтын кітабына енгізілген.

60 жыл бұрын (1950) актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі КЕНЖЕБЕКОВА Алмахан Нұрпейісқызы дүниеге келді.

Алматы облысы Райымбек ауданында туған.

Алматы Республикалық эстрада студиясын бітірген.

1975 жылдан Б.Римова атындағы Алматы облыстық қазақ драма театрының актрисасы.

Теарт сахнасында Мақпал (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Маржан, Бопай (М.Әуезовтің «Қарагөз», «Хан Кене»), Толғанай, Әже, Жәмила, Хадиша (Ш.Айтматовтың «Ана - Жер-Ана», «Ақ кеме», «Жәмила», «Арманым, Әселім») образдарын сомдады.

ҚАҢТАРДЫҢ 17-СІ, ЖЕКСЕНБІ

Бүкіләлемдік діндер күні. 1950 жылдан бастап, БҰҰ-ның бастамасымен қаңтардың үшінші жексенбісінде аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

50 жыл бұрын (1960) «Білім және еңбек» деген атпен ғылыми-танымдық журнал жарық көрді. 1989 жылдан «Зерде» деген атаумен шығады. Журнал өз оқырмандарын, оның ішінде жастар мен жасөспірімдерді отандық және әлемдік ғылым мен білім саласындағы жаңалықтармен таныстырып келеді. Қазақ басылымдарының ішінде алғаш рет әл-Фараби туралы мақала осы журналда жарияланды. Абылай хан мен Әбілқайыр ханның суреттері де тұңғыш рет «Білім және еңбекте» жарық көрді.

18 жыл бұрын (1992) Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң қабылдады.

9 жыл бұрын (2001) Оралда өрт машиналары шығарыла бастады.

1 жыл бұрын (2009) Өскеменде есімі өлкенің автомобиль саласының қалыптасуы мен дамуына тікелей қатысты қаланың құрметті азаматы Григорий Флейтлихқа арналған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтті.

Г.Флейтлих (1927-2007) бұл салаға өзінің 50 жылдық еңбегін арнады. Оның жетекшілігімен облыстық жолаушылар кәсiпорындарының ең iрi материалдық-техникалық базасы және көлiк инфрақұрылымы салынды. Григорий Флейтлих Өскемен қаласының құрметті азаматының жоғарғы мәртебесімен, Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен мараппаталған.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1987) ғалым, малдәрігерлік ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері БОЕВ Сергей Николаевич дүниеге келді.

Орал қаласында туған.

Саратов зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген.

Қазақ малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институты ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың орынбасары, Қазақстан Ғылым Академиясы Зоология институтының зертхана меңгерушісі, ғылыми кеңесші қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері үй малдары мен тұяқты жабайы аңдарда кездесетін гельминттерді зерттеуге арналған.

К.Скрябин атындағы сыйлықтың иегері. 2 рет «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. Оның есімі Республиканың Құрметті Алтын кітабына жазылған.

100 жыл бұрын (1910-1974) экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі БУТИН Мәжікен Есенұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған.

Ленинград тұтынушылар кооперациясы институтын, Мәскеу экономика және тауартану институтының аспирантурасын бітірген.

Бутин әсіресе, бухгалтерлік есеп саласының республикада орнығуына, бухгалтер мамандар даярлауға үлкен үлес қосты. 1957 жылы ҚазМУ-де республикадағы тұңғыш бухгалтерлік есеп кафедрасын ұйымдастырды.

1945-1954 жылдары - Қазақ КСР Тамақ өнеркәсібі министрі. 1967 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Тамақ өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары болып істеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты бухгалтерлік есеп, экономикалық талдау салаларының теориялық және тәжірибелік негіздеріне арналған.

«Бухгалтерлік есеп және бухгалтерлік сараптау», «Қазақстан тамақ өнеркәсібінің экономикасы» атты кітаптардың авторы.

1-дәрежелі Отан соғысы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар