ҚазАқпарат-Анонс: қаңтардың 28-і мен 31-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: қаңтардың 28-і мен 31-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ЕЛБАСЫ

Жұма, қаңтардың 29-ы күні, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жасайды.

ҮКІМЕТ

Қаңтардың 28-інде Білім және ғылым министрлігінде министр Ж.Түймебаевтың қатысуымен Жастар істері жөніндегі кеңестің мәжілісі өтеді.

Қаңтардың 28-інде Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде «Қазақстандық кәсіпорындардың экологиялық рейтингі» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтеді.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ЕҚЫҰ

Қаңтардың 28-і күні ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Лондонда өтетін Ауғанстан мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға қатысады. Конференцияда баяндама жасайтын Қ.Саудабаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде Қазақстанның ауған жерінде бейбіт өмір орнатуға байланысты ұстанымын жария етпек.

ПАРЛАМЕНТ

Қаңтардың 28-і күні Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заң жобасының таныстырылымы өтеді. Заң жобасы жөнінде ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің жауапты хатшысы Дина Шаженова баяндама жасап, қандай түзетулер енгізілетіні туралы депутаттарға түсінік береді деп күтілуде. Осы заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Татьяна Яковлева жетекшілік жасайды.

Қаңтардың 28-інде Парламент Сенатының пленарлық отырысы өтеді.

Астанада қаңтардың 29-ында Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтеді. Осы мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жасайды

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Қаңтардың 27 - 31-і аралығында Швейцарияның Давос қаласында өтетін жыл сайынғы Дүниежүзілік Экономикалық Форумының жұмысына министр Б.Сұлтанов бастаған қазақстандық делегация қатысады.

СПОРТ

Қаңтардың 29-31 күндері Ресейдің Красноярск қаласында еркін және әйелдер күресінен "Иван Ярыгинді" еске түсіруге арналған халықаралық турнир өтеді. Бұл шараға жарыс қожайындарынан басқа, Қазақстан, Украина, Моңғолия және тағы басқа елдердің балуандары қатыспақ.

АСТАНА

Қаңтар айында Президенттік мәдениет орталығының «Қазақ әлемі» залында сондай-ақ, И. Тасмағамбетовтың жеке коллекциясының көрмесі өтеді.

Қаңтардың 28-інде «Есіл» қонақүйінде Қазақстанда ана өлімін азайту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны қолдаудың ЮНПФА бағдарламасының атқарылу қорытындысына арналған кеңес өтеді.

АЛМАТЫ

Қаңтардың 28-інде Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде ҚР Құқықтық саясат тұжырымдамасының тарауларын жүзеге асыру мәселесіне арналған халықаралық конференция өтеді.

Қаңтардың 28-інде Алатау ауданының әкімдігінде «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күресу жөніндегі қоғамдық кеңесінің көшпелі мәжілісі өтеді.

Қаңтардың 28-інде Алматы әкімі А.Есімовтың қатысуымен Жетісу ауданының әкімі Е.Әліқұловтың халықпен есеп беру кездесуі өтеді.

Қаңтардың 28-інде Жамбыл атындағы филармонияның залында Медеу ауданының әкімі М.Бейдалидің есеп беру кездесуі өтеді.

Қаңтардың 29-30-ында ардагерлер арасында Алматыда С.Жандосовтың 80 жылдығына орай волейболдан еске алу турнирі өтеді,

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

ҚАҢТАРДЫҢ 28-І, БЕЙСЕНБІ

Ядролық қаруға жұмыла қарсылық көрсетудің халықаралық күні. 1985 жылы Үндістан, Аргентина, Грекия, Мексика, Танзания және Швецияның мемлекет және үкімет басшыларының Делиде өткен кездесуінде Дели декларациясы қабылданды. Онда ядролық қаруы бар ірі мемлекеттерді, басқа да елдердің парламенттері мен үкіметін ядролық қаруды көбейту ісіне қарсылық білдіруге шақырды.

ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1993) ҚР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын қабылдады.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда ресейдің танымал жазушысы Николай Анастасьевтің қазақстандық «Өлке» баспасынан шыққан «Небо в чашечке цветка» атты кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.

Кітап қазақтың танымал прозашысы Әбдіжәміл Нұрпейсов шығармашылығына арналған. Н.Анастасьев әр түрлі халықтың әдебиетіне арналған 10-нан астам монографияның және 1000-нан астам мақаланың авторы. Соның ішінде «Феномен Набокова», «Творчества Эрнеста Хемингуэя», «Владелец Йокнапатофы», «Обновление традиции» және басқаларын атап өтуге болады.

1 жыл бұрын (2009) Павлодарда журналистика ардагері Юрий Ковхаевтің «Крушение мифов» атты кітабы жарық көрді.

Оның беттерінде автордың өз замандастары өміріндегі экономикалық, әлеуметтік және адамгершілігі мен өнегелілігі жақтарынан сыр шертетін көркемдік прозалары мен танымдық мақалалары орын алған.

Ю.Ковхаев - облыстағы танымал журналист, көптеген повестер мен әңгімелердің авторы.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1935-2007) Қазақстанның ғылым мен техникасына еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі АЙТАЛИЕВ Шмидт Мұсаұлы дүниеге келді.

Республикадағы жер асты құрылыстары механикасының ғылыми мектебін құрушылардың бірі.

Орал қаласында туған.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет) бітірген.

Қазақстан Ғылым Академиясы математика және механика секторының кіші ғылыми қызметкері, Қазақстан ҒА Математика және механика институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, Қазақстан ҒА Сейсмология институтының зертхана меңгерушісі, Қазақстан ҒА Батыс бөлімшесінің төрағасы, Қазақстан ҒА физика-математика бөлімшесінің академик-хатшысы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының бас ғылыми қызметкері болып жұмыс атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері тау жыныстары механикасына арналған. Біртекті және әртекті анизотроптық серпімді-пластикалы тұтқыр массивтегі жер асты құрылыстарының статикалық және динамикалық кернеу күйін, деформациялануын, қозғалуын, беріктілігі мен орнықтылығын зерттеген. Жер асты бекітпелерінің жаңа құралымдарын есептеу әдістерін жасады. 9-10 балдық жер сілкінісі кезіндегі болашақ Алматы метросының сейсмикалық орталығын анықтады. Сондай-ақ терең мұнайгаз оқпарын бұрғылау динамикасының кейбір өзекті мәселелерін де зерттеді.

«Сейсмонапряженное состояние подземных сооружений в анизотропном массиве», «Оптимальное проектирование подземных сооружений», «Динамика тоннелей и подземных трубопроводов», «Метод граничных интегральных уравнений в задачах динамики упругих многосвязных тел», «Механика прихвата бурильных колони в нефтегазовых скважинах» атты кітаптардың, 260-ден аса ғылыми басылымдардың авторы.

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті сыйлығының иегері.

Екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, медальдармен марапатталған.

55 жыл бұрын (1955) мемлекеттік 2-ші дәрежелі әділет кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Әділет министрі ТҮСІПБЕКОВ Рашид Төлеутайұлы дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Қарағанды қаласы Совет аудандық халық сотында 1981 жылы қараша айында халық судьясы болып тағайындалды. 1984-1999 жылдары - Қарағанды облысы Нұра аудандық соты төрағасы, Қарағанды облысы сотының төрағасы. 1999 жылдың сәуір айынан Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағалығына тағайындалды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты төрағасы міндетін атқарды. 2000 жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің төрағасы болды. 2000-2009 жылдары - Қазақстан Республикасының Бас прокуроры. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың сәуірінен.

2 дәрежелі «Барыс» орденімен, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен марапатталған.

ҚАҢТАРДЫҢ 29-Ы, ЖҰМА

Молдовада прокуратура қызметкерлерiнiң күнi.

Украинада өрттен қорғау қызметкерлерiнiң күнi. Жыл сайын қаңтардың 29-ында аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы Хаттамаға қол қойылды.

3 жыл бұрын (2007) Румынияның Бая Маре қаласында қазақстан-румын бірлескен «Ромалтын» серіктестігінің тұсау кесер рәсімі өтті.

ЕСІМДЕР

150 жыл бұрын (1860-1904) орыс жазушысы ЧЕХОВ Антон Павлович дүниеге келді.

Ресей Федерациясы Ростов облысы Таганрог қаласында туған.

Мәскеу университетін бітірген.

Әдеби жолын 19 ғасырдың 70-жылдары бастаған.

«Тоска», «Студент», «Человек в футляре», «Дама с собачкой», «Степь», «В овраге», «Дядя Ваня», «Чайка», «Вишневый сад», «Иванов», «Три сестры», «Крыжовник», «Палата №6», «Из сибири» атты әңгіме, повестердің, романдар, драматургиялық шығармалардың, очерктердің авторы.

Әңгіме, таңдамалы шығармалары қазақ тілінде бірнеше том болып басылып шыққан.

80 жыл бұрын (1930-1992) қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі ЖАНДОСОВ Санжар Оразұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Өзбекстандағы Қоқан мұнай техникумын, Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), СОКП ОК жанындағы Қоғамдық Ғылым Академиясын бітірген.

Атырау облысындағы Қосшағыл, Құлсары мұнай өндіру кәсіпшіліктерінде, Қазақ КСР жоспарлау комитетінің экономисі, Алматы қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, Алматы облыстық партия комитетінің насихаттау бөлімінің меңгерушісі, Мемлекеттік теле-радиохабарлары комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан КП ОК-і насихаттау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі, Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономика ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақстан КП ОК-нің ғылым мен оқу орындары бөлімінің меңгерушісі, Кәсіби-техникалық білім беру мемлекеттік комитетінің төрағасы, Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы, Еңбек жөне әлеуметтік мәселелер жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасы қызметтерін атқарған.

Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі 3-шақырылым депутаты. Қазақстан кәсіпкерлері конгресінің тұңғыш президенті. Қазақстанның демократиялық жаңаруына, республика экономикасының нарық қатынасына ауысуына және елімізде жеке кәсіпкерліктің дамуына зор үлесін қосты.

«Принципы оптимизации регионального планирования», «Системный анализ в региональном планировании», «Оптимизация отраслевых и региональных комплексов Казахстана» (бірлескен авторлықта), «Экономические проблемы размещения сельского хозяйства в Казахстане» (бірлескен авторлықта) атты кітаптардың авторы.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.

ҚАҢТАРДЫҢ 30-Ы, СЕНБІ

Әзiрбайжанда кеден қызметкерлерiнiң күнi. 1997 жылғы қаңтардың 10-даӘзірбайжан Президентінің Жарлығымен бекітілген. Жыл сайын аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев түркі тілдес елдердің мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесі ТҮРКІСОЙ-дың XVII отырысына қатысушылармен кездесті. Кездесуде ұйым алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер талқыланды.

10 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің депутаттары Қазақстан мен Қырғызстан үкіметі арасындағы Шу және Талас өзендерінің су шаруашылық құрылымдарын екі мемлекеттің тең пайдалануы туралы келісімін талқылады.

6 жыл бұрын (2004) Ресей Федерациясының Омбы қаласында қазақтың ұлы ғалымы, этнограф Шоқан Уәлихановқа ескерткіш орнатылды.

Ескерткіш Омбыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы көшеге орнатылды. Мүсін авторы - Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, доцент Азат Баярлин.

3 жыл бұрын (2007) Мәскеудің «Вече» баспасында шығысқазақстандық журналист, тарихшы-зерттеуші, облыстық «7 күн» газетінің бас редакторы Вадим Обуховтың «Схватка шести империй. Битва за Синьцзян» атты кітабы жарық көрді.

Жаңа кітап «ХХ ғасырдың әскери құпиялары» топтамасымен басылып шықты.

ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын (1900-1955) кеңес композиторы, Ресей халық әртісі ДУНАЕВСКИЙ Исаак Осипович дүниеге келді.

Украинаның Полтава облысында туған.

Харьков консерваториясын бітірген.

«И нашим, и вашим», «Женихи», «Ножи», «Золотая долина», «Соломенная шляпка», «Дороги к счастью», «Вольный ветер» оперетталардың, «Отдых фавна», «Мурзилка», «Невеста и автомат» балеттерінің, «Летите, голуби», «Вечер вальса», «Школьный вальс», «Молчание», «Не забывай» әндерінің және көптеген спектакльдерге, мультфильмдерге, кинофильмдерге арналған музыкалардың авторы.

Екі мәрте Сталиндік сыйлықтың иегері.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Оның есімімен Мәскеу, Липецк, Новосібір, Алматы қалаларындағы көшелер аталған.

65 жыл бұрын (1945-1990) қазақ ақыны ЖАҚЫПБАЕВ Жұматай Сағадиұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған.

Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет) бітірген.

Талдықорған облыстық газетінде, «Жалын» баспасында, «Жалын» журналында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген.

Қазақ өлеңіне нәзік те сырбаз сезімге, сырлы суретке толы, әсем нақышпен өрнектелген қанық бояулы жырлар әкелді. «Саратан», «Ләйлә», «Шұғынық гүл төркіні» жыр жинақтарында туған жердің көркем табиғатын, махаббат пен сұлулықты жырлады. Ақын дүние салғаннан кейін жарық көрген «Көктемгі хаттар» өлеңдер жинағы оқырман қауымының ілтипатына бөленді.

ҚАҢТАРДЫҢ 31-І, ЖЕКСЕНБІ

Бүкілдүниежүзілік алапес ауруымен ауыратын адамдарға көмек көрсету күні. 1954 жылдан қаңтардың соңғы жексенбісінде аталып өтіледі.

Үндістан тәуелсіздігі үшін құрбан болғандарды еске алу күні. Махатма Гандидің қаза тапқан күніне (1869-1948) орай атап өтіледі. Ол Үндістан ұлт-азаттық қозғалысының басшысы, «гандизм» деп аталатын ілімнің негізін қалаушы ретінде белгілі. Қаңтардың соңғы жексенбісінде атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасы Президентінің Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары барысында Берлин қаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» атты кітабының тұсау кесері болды.

Салтанатты шараға Бундестаг депутаттары, ГФР-дағы қазақ ұлт өкілдері, Қазақстанда бұрын өмір сүрген немiстер қатысты.

3 жыл бұрын (2007) Алматыда Қазақстан Ұлттық география атласы және «Қазақстан Республикасы» монографиясының тұсау кесер рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігінің Институты дайындаған Қазақстан Республикасының Ұлттық географиялық атласы үш томнан тұрады. Жинаққа зерттеу институттары мен орталықтардың барлық ғылыми және ғылыми-тәжірибелік жұмыстары енгізілген. Онда еліміздің экологиялық қауiпсiздiк картасы алғаш рет жарияланған.

Атластың бiрiншi томы геологиялық құрылымдарға, бедерлер, минералды және су қорларына, ауа райы, флора мен фаунаға арналған, оған 118 карта енгізілген.

Атластың екінші томына еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы және тұрғындары, әлеуметтiк салаға, ауыл шаруашылығы туралы ақпарат жинақталған. Облыстық орталықтар, сыртқы экономикалық байланыс, туристiк назар аударатын жерлер, тарихи және археологиялық ескерткiштер - бұның барлығы 116 картада көрсетілген.

Атластың үшінші томы елдің табиғи-шаруашылық жүйесiне және экологиялық ахуалына арналған, бұл томда 89 карта көрсетілген.

«Қазақстан Республикасы» монографиясы да үш бөлімнен тұрады: біріншісі - «Табиғат жағдайы және қорлардағы» литосфера, гидросфера, атмосфера және биосфера зерттелген. Кітаптің екінші бөлімі Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдағаннан кейін елдің әлеуметтiк-экономикалық жағдайына, ал үшінші том экологиялық қауiпсiздiк сұрақтарына арналған.

3 жыл бұрын (2007) Семейде танымал ақын және прозашы Николай Алексеевтің «Свет Незакатный» атты жаңа кітабы жарық көрді. Кітапқа очерктер, қысқа әңгімелер енгізілген. Баспаның 7 тарауы автордың туған өлкесі Семейдің Ертіс жағалауына арналған.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1910-1988) қазақстандық геолог, металлогения саласының маманы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Социалистік Еңбек Ері СМИРНОВ Владимир Иванович дүниеге келді.

Ресейдің Мәскеу қаласында туған.

Мәскеу геологиялық-барлау институтын бітірген.

Негізгі ғылыми еңбектері терең қабаттағы кендерді іздеудің, барлаудың және қорын бағалаудың әдістерін зерттеу мен металлогения мәселелеріне арналған. Ол эндогендік факторлардың руда түзудегі мәнін, Орта Азия, Кавказ аймақтарында рудалы кендер қалыптасуы мен орналасуының аймақтық заңдылықтарын ашты.

Үш рет Ленин орденімен, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

45 жыл бұрын (1965) экономика ғылымдарының кандидаты, Психология және менеджмент Халықаралық Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі РҮСТЕМОВ Нұрбах Тұрарұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған.

Алматы шетел тілдері институтын, БЛКЖО ОК жанындағы Жоғары комсомол мектебін, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің Дипломатиялық академиясын, Қазақстан-Ресей университетін бітірген.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV-шақырылым депутаты. Қазақстан Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан.