ҚазАқпарат-Анонс: қаңтардың 5-і - 10-ы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ
ҚР Үкіметінің қаулысымен жұмысшылардың тынығуына қолайлы жағдай жасау және жұмыс уақытын тиімді пайдалану үшін демалыс күні 2010 жылғы қаңтардың 10-ындағы жексенбіден қаңтардың 8-індегі жұма күніне ауыстырылды.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
2010 жылдың қаңтар айында Венада Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы (ЕҚЫҰ) төрағалығына арналған салтанатты таныстырылым өтеді.
2010 жылы Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшілігі ашылады.
2010 жылы қаңтардың 1-інен бастап Беларус, Қазақстан және Ресей елдері Бірыңғай кедендік тарифті енгізеді. Тарифті қалыптастыру жөніндегі өкілдік Кедендік одақ Комитетіне беріледі.
Қаңтардың 5-інен бастап Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына арналған номиналдары 1 мың теңгелік жаңа банкноттар айналымға шығарылады.
ҚОҒАМ
Қаңтардың 1-інен бастап Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар тек электрондық әдіспен жасалатын болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан төленетін әлеуметтік төлемақылардың көлемі қаңтардың 1-інен бастап көтеріледі.
СПОРТ
Қаңтардың 6-сы мен 10-ы аралығында Қарағандыда футзалдан 2009/2010 жылғы Қазақстанның ашық чемпионатының үшінші туры өтеді,
Қаңтардың 9-10-ында Астанада ралли-спринттен «Самұрық-2010» Қазақстан чемпионатының І кезеңі өтеді. Ралли-спринттен болатын Қазақстанның ашық чемпионатының бірінші кезеңі жалпы ұзындығы 80 шақырымды құрайтын арнайы учаскелерде өтетін жарыстарды қамтиды.
АСТАНА
Желтоқсанның 4-і мен қаңтардың 10-ы аралығында Қазіргі заман өнері мұражайында Қалиолла Ахметжанның Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған дербес көрмесі өтуде.
Қаңтардың 6-сында Астана қаласы Ішкі істер департаментінде апталық брифинг өтеді.
Қаңтардың 6-сында Дарынды балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында (Затаевич көшесі, 14) өзге ұлт оқушыларының арасында қазақ тілінен өтетін IV республикалық олимпиаданың ашылу рәсімі болады.
Қаңтардың 9-10-ында Астанада ралли-спринттен «Самұрық-2010» Қазақстан чемпионатының І кезеңі өтеді.
АЛМАТЫ
Қаңтардың 2-10-ы күндері аралығында Алматыда Азиялық мультфильмдердің «Анимация» фестивалі өтеді. Шараға әйгілі «Алғашқы топ» мультфильмінің режиссері Йошихару Асино арнайы келмек. Фестиваль күндері ол 2 күн арнайы шеберлік сыныбын өткізеді.
Қаңтардың 6-да Алматыда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына арналған шаралар аясында Төрағалық логотипі көрсетілген пошталық марканың таныстырылымы болады.
Қаңтардың 6-сында Жетісу ауданындағы «Көкжиек» ықшамауданында жаңа емхананың ашылу рәсімі болады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
Құрметті жазылушылар!
«ҚазАқпарат» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы
Ақпараттық жобалар бөлімі сіздерді Жаңа жылдарыңызбен құттықтайды !
Жаңа 2010 жыл жаңа бақыт әкелсін !
Желтоқсанның 31-і мен қаңтардың 1-не қараған түні әлемнің көптеген елдері Жаңа Жылды қарсы алады. Биыл шығыс күнтізбесі бойынша Сиыр жылының аяқталып, Барыс жылының басталатыны мезгілі.
Шығыс күнтізбесі бойынша 2010 жылы Барыс жылы және ол 2010 жылдың ақпан айының 14-нен басталады. Бұл шығыс күнтізбесіндегі жануарлардың он екінші айналымының үшінші жылы. Азия құрлығында барыс бейнесі мақтаныш пен қорқыныш тудырады. Барыс алапат күш, энергияның белгісі. Шығыста барыс жер шары мен барлық жер энергиясын құраушы күштердің сұлтаны деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан да Азияның көптеген мемлекеттеріндегі халықтар барыс бейнесін өздерінің тәу етуші күші ретінде қолданады.
Келе жатқан 2010 жыл өте ашық-жарқын бейнелі, мықты да қауіпті жыртқыш барыстың жылы. Оның үстіне тұғырға жай ғана барыс емес ер адамның айбынды да сұсты бейнесін паш ететін ақ немесе металл барыс отырады.
2010 жылы күміс металл белгісінде бейнеленеді. (Биылғы жылдың келбетінің түсі күміс металл болады).
Металлдың табиғи түрде пайда болуы: металл - табандылық пен ұтқырлық, суық та тазалық, әділдік пен мәңгілік. Биылғы жылдың ең басты ерекшеліктері де ержүректік пен батылдық. Сондықтан да бұл жылы қиындықтан қорықпайтын, жалған дүниенің құбылмалы құбылыстарына төтеп бере алатын рухы мықты адамдар жақсы жетістіктерге жетеді. Бұл жылы жаңа бастамалар үшін сәтті жыл. Ең бастысы іске асырылатын шаруаны мықтап ойластырып алу қажет, асығыс шешімдер қабылдаудан аулақ болған жөн. Бұл біздің өміріміздің лауазымының өсуі, жеке өмір, қаржы мен денсаулық сияқты салаларына байланысты.
Егер сіздің нәрестеңіз батыс пен шығыстың арасында дүниеге келсе, оның қорғаушысы күн болады.
Барыс бейнесіндегі 2010 жыл әлеуметтік мәселелерге, толы, яғни ол жақындарыңызға деген қамқорлықтың белгісі. Оның үстіне барыс тек бір адамды ғана жақсы көргенді ұнатады. Сондықтан да жеке және отбасылық өмірде азаматтарды бақыт пен үйлесімділік күтіп тұр. Барыс тек алға жүргенді ұнатады. Ол шарттылық пен ақыл ойдың консервативті болуын ұнатпайды. Барыс әдеттен тыс іс-қимылдар мен ойламаған жағдайлардың және қайталанбас тағдырдың белгісі. Қалай болған күнде де барыс дарынды тұлғалардың жылы. Ол адамзаттың ең биік мақсаттарының қақтығысы. Ол жетістіктер мен сынның бүкіл жылдың табандылығының өлшемі. 2010 жыл ақ немесе металл барыс жылы техника мен ғылымдағы жаңалықтар үшін сәтті жыл. Ол жаһандық деңгейдегі мәселелер бойынша жаңаша, революциялық идеялар жылы.
Барыс жылын қалай қарсы алу қажет. Егер сіздің биылғы жылдың иесімен ортақ тіл тапқыңыз келсе, жаңа жылды атап өтетін түні сіз міндетті түрде теріден тігілген немесе жүннен тоқылған киім киіп жүруіңіз керек. Егер сіз барыстың терісіндей ала-құла киім кисеңіз тіпті жақсы. Онда барыс сізді жақсы қабылдап, жыл бойына жақсы жаңалықтарымен қуантып, пәле-жаладан аулақ ұстап жүреді. Ал әшекейлер мен сәндік заттарды табиғи бұйымдардан, яғни тастардан жинаған абзал. Мысалы, металлдан дайындалған жүзіктер мен білезіктер, алтын, күміс, жез және платинадан жасалған сырға жақсы әсер етеді. Ал киімдердің табиғи материалдар, тері мен жүн және мақтадан тігілгені дұрыс.
Биылғы жылы мерекелік дастарханда не болғаны жөн?
2010 жылды қарсы ала отырып, дастарханға сары, немесе сары жолақты (екі түрлі түске боялған) шырақ қойған дұрыс. Ал дәмге еттен дайындалған кез келген тағамды қоюға болады. Сусындардың мүмкіндігінше, сары, қызыл түсті, яғни жарқын болғаны дұрыс. Апельсин немесе мандарин шырыны болса тіпті жақсы.
Жаңа Жылдарыңызбен!
2010 жыл
Халықаралық биоалуандылық жылы
Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымында ғылым мен инновация жылы
Малерия індетінің дамушы елдерде тарауын азайтудың әсіресе аталмыш аурудың Африкадағы ауқымын тарылтудың онжылдығы
Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылы
Бас Ассамблея 2007 жылдың желтоқсан айының 17-інде 2010 жылды халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылы деп жариялады. Қазақстандық делегацияның ұсынысымен халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылы деп жариялау жөніндегі қарарда «Бас Ассамблея 2010 жылды халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылы деп жариялау жөнінде қаулы етеді және осы жыл соңына дейін бейбітшілік пен ынтымақтастық жолындағы дінаралық, мәдениетаралық диалогқа бағытталған тиісті шаралар ұйымдастыруды, сонымен қатар азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, ресми немесе интерактивті тыңдаулар өткізуді ұсынады» делінген. Алдағы жылдардың бірін мәдениеттерді жақындастыру жылы деп жариялау бастамасын Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2009 жылдың қыркүйек айында өткен жалпы пікір алмасулар барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білдірген болатын.
2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨІСШК), ОИК, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ЕурАзЭҚ, және ТҮРКСОЙ сияқты ұйымдарға төрағалық етеді. Сондай-ақ 2010 жылдың басты жаңалығы қазақстандық делегацияның ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 35-ші сессиясына қатысуы болады. Онда аталмыш ұйымның 2010-2011 жылдарға арналған басымдықтары айқындалмақ.
2010 жылы Қазақстан посткеңестік елдер арасында алғаш болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын басқаратын болады. 2010 жылдың қаңтар айында Венада Қазақстанның аталмыш ұйымға төрағалығына арналған салтанатты тұсаукесер рәсімі өтеді. ЕҚЫҰ Қазақстанға өзінің ұлттық мүдделері мен басымдықтарын жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік беріп отыр, ал ұйымның институттары мен құрылымдары оларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, еліміздің әлемдегі жаңа бет-бейнесін айқындайды.
Тарихи анықтама: Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету жөніндегі өтінішін 2003 жылы беріп, елде демократия мен азаматтық қоғам орнатуда мойынына үлкен жауапкершілік алды.
2010 жылы Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы, ал 2011 жылы Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы жылы болып жарияланды. «Біз өзіміздің экономикамызбен және мәдениетімізбен кеңірек танысу үшін 2010 жылды Қазақстанның Кореядағы, ал 2011 жылды Кореяның Қазақстандағы жылы деп жариялағанды жөн деп шештік», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың мамыр айының 3-індегі сапары барысындағы Оңтүстік Корея Президенті Ли Мен Бакпен бірге берген баспасөз мәслихатында. Екі елдің астаналары бауырлас болып келеді. Мұндай шешім Мемлекет басшысының осы елге 2003 жылы жасаған сапары барысында қабылданды. Бауырлас қатынастар сонымен қатар Алматы облысы мен Кореяның Кенги провинциясының арасында да жарияланды.
2010 жылы Германия жылы Қазақстанда тойланады. Бұл шешім Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ГФР федералдық Президенті Хорст Келлердің 2009 жылдың қыркүйек айының 3-дегі келіссөздері барысында қабылданды.
2010 ЖЫЛЫ:
ЕСІМДЕР
500 жыл бұрын (1510-1580) 1538-1580 жылдардағы қазақ ханы, қазақ халқын біріктіруге, мемлекеттігін нығайтуға айрықша еңбек сіңірген мемлекет қайраткері, қолбасшы, Қасым ханның ұлы АҚНАЗАР ХАН, Хақназар дүниеге келді.
285 жыл бұрын (1725-1820) би, шешен БАЙДАЛЫ Бекшеұлы дүниеге келді.
100 жыл бұрын (1910-1982) қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы, Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі - Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазушы БАУЫРЖАН Момышұлы дүниеге келді.
ОҚИҒАЛАР
55 жыл бұрын (1955) Байқоңыр космодромы ашылды.
15 жыл бұрын (1995) Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» Жарлығымен елдегі қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында 1995 жылы 1-ші наурызда құрылған.
Бүгінде Ассамблея құрамында 450 ұлттық-мәдени орталықтар бар. Қазақстанда 130 ұлт өкілдері тұрып жатыр.
10 жыл бұрын (2000) бұрынғы Семей ядролық полигонында ядролық сынақа арналған соңғы ұңғыма жойылды.
2010 ЖЫЛДЫҢ ҚАҢТАР АЙЫНДА:
ОҚИҒАЛАР
90 жыл бұрын (1920) «Казахстанская правда» республикалық қоғамдық-саяси газеттің алғашқы саны жарық көрді. 1920 жылдың қаңтарынан маусымына дейін «Известия Киргизского края», 1921 жылдың 1 шілдесінен 1923 жылдың қарашасына дейін «Степная правда», 1923 жылдың желтоқсанынан 1931 жылдың аяғына дейін «Советская степь» атауымен жарық көрді. 1932 жылдың қарашасынан «Казахстанская правда» атымен шығып келеді. Республиканың саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріндегі жаңалықтарды жиі жариялап тұрады. Аптасына 5 рет орыс тілінде шығады.
80 жыл бұрын (1930) «Екпінді жас» балалар журналы шықты. Қазақстан өлкелік пионерлер бюросының құрылтайшылығымен ай сайын шығып тұрды. Редакторы Ә.Мәметова болды. Шығарушылар алқасында М.Жолдыбаев, Б.Майлин болған. Таралымы 5 мың дана. Журналдың 7 саны сақталған.
40 жыл бұрын (1970) «Ақбөте тәттілері» АҚ кондитер фабрикасы ашылды. Бүгінгі таңда өз өнімдерін Қазақстанның барлық облыстары мен Ресейге жөнелтеді.
18 жыл бұрын (1992) «Азия» республикааралық апталық газеттің алғашқы саны жарық көрді. 30 мың данамен Орта Азия республикаларына, Әзірбайжанға тарады. Негізгі тақырыптары - экономикалық саясат, ортаазиялық мемлекеттер интеграциясы мәселелері болды. Газет 1995 жылы жабылды.
ЕСІМДЕР
315 жыл бұрын (1695-1770) ЕСКЕЛДІ Жылкелдіұлы - би, шешен, туған жерін жоңғар шапқыншыларынан азат етуде аянбай күрескен қолбасшы.
Алматы облысының Іле мен Қаратал өзені аралығында туған. Ұлы жүз құрамындағы жалайыр тайпасының сиыршы руынан шыққан.
Ескелді би «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары Тұрлыбет Бекенұлы, Жайнақ, Тәттібай мерген, Малтабар, Құлжан сияқты батырларды өз маңына жинап, жоңғар шапқыншылығына қарсы қанды шайқастарда қаһармандық көрсетті. Кейін Ескелді би бастаған жалайыр қолы Аңырақай шайқасына, Аягөз, Таскескен мен қазіргі Текелі қаласынан әрідегі Жолбарыс сайы, Балдырғанды, Қызқұлаған деген жерлерде өткен шайқастарға қатысып, қазақ жерін жаудан азат етуге елеулі үлес қосты. Ескелді бидің Абылай ханның сенімді серігі болғаны жайында да аңыздар сақталған. Соның бірі - Ескелді бидің қалмақ ханы Қалдан Серенмен келіссөз жүргізуге барып, соңында «судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді» деп, қалмақ ханы қызын Ескелді биге бергендігі туралы аңыз. Бірақ Ескелді би «Ата салтты санасыз бұзады. Тон жағасыз, ел ағасыз болмас» деп, жолын Абылай ханға берген екен.
Халық арасында «Ескелді би айтты» деген ұлағатты сөздер кең таралып, ол жөнінде Бақтыбай Жолбарысұлы, Сара Тастанбекқызы, т.б. жыр жолдарын арнады. Ескелді би туралы жазушы Ұ.Доспанбети «Қызыл жолбарыс» атты 2 томдық тарихи роман жазды.
Алматы облысының Талдықорған ауданы 1929 жылға дейін «Ескелді би» ауданы аталып, 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бұл атау қалпына келтірілді.
135 жыл бұрын (1875-1921) ақын, қоғам қайраткері ҒҰМАР Қараш дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында туған.
Жастайынан жетім қалып, ағайын-туыстарының қамқорлығымен ауыл молдасынан оқып, сауат ашады.
1902 жылдан өз ауылында бала оқытқан. 1911-1913 жылдары «Қазақстан» газетінің жүмысына атсалысқан. Сол жылдары Орынбор қаласында, Шәңгерей Бөкеевтің қамқорлығымен, ел аузынан жинаған әдеби мұраларды құрастырып, «Шайыр», «Көксілдер» атты екі жинақ жариялаған.
Ғұмар Қараштың «Бала тұлпар, «Қарлығаш», «Тумыш», «Ағатұлпар», «Тұрымтай» деп аталатын бес поэзиялық, «Ойға келген пікірлерім», «Өрнек», «Бәдел қажы» дейтін үш зерттеу кітабы жарық көрген. Ақын өлең-толғауларында, көсемсөздері мен мақалаларында заман, өмір, дін-шариғат, табиғат, махаббат, т.б. мәселелер туралы толғанады, патша үкіметінің отарлаушылық саясатын, жергілікті әкімдердің екі жүзділігін сынап, халыққа адал қызмет етуге үндейді. Өз тілі мен мәдениетін сақтай отырып, ғылым, білімге ұмтылуды, мәдениетті елдерден үлгі алуды насихаттайды.
Ғұмар Қараш 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін ұйымдасқан «Алаш» партиясына, Алашорда үкіметіне үлкен үмітпен қарап, «Алаштың азаматтарына», «Неден қорқам?», «Күн туды» атты арман мен үмітке толы өлеңдерін жариялайды. 1917 жылғы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы съезіне, сол жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен 2-жалпықазақ съезіне қатысып, баяндама жасайды. Бөкей губатком мұғалімдерінің 1-съезіне, 1918-1920 жылдары өткен Бөкей губатком кеңестерінің 1-, 2-, 3-, 4-съездеріне делегат болып қатысады.
1919 жылы Бөкей губаткомында қызмет істейді, коммунистік партия мүшелігіне өтеді. Қазақтың тұңғыш педагогикалық журналы «Мұғалімге басшылық етеді, сол журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды. 1920 жылы Бөкей губаткомында бөлім басқарады. 1921 жылғы 12 сәуірде Құнаншапқан деген жерде қарақшылар қолынан қаза табады.
Ғұмар шығармалары мектеп оқулықтарында, орыс тілінде жарық көрген «Казақ поэзиясының антологиясы» мен «Қазақстан ақындары» жинағында, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған. Өлең, толғаулары мен философиялық ой-толғамдары және әңгіме, мақалалары 1994 жылы жарық көрді («Замана», Алматы, «Ғылым» баспасы, 1994).
ҚАҢТАРДЫҢ 6-СЫ, СӘРСЕНБІ
Ямайкада марундар күні. Бұл мереке капитан Куджоенiң туған күнiнде атап өтедi. Капитан Куджое марун болды. Марундар - бұл Британдық колонияға қарсы азаттық үшін күрескерлер.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Қазақстанда «КАДА» Қазақ дизайн, сәулет және жобалық iстер қауымдастығы құрылды.
Оның мақсаты дизайнерлік, сәулеттiк, жобалық, шығармашылық-өндiрiстiк ұйымдарды біріктіру, олардың қоғам өмiрiнде әлеуметтiк рөлiн күшейту және құрылыс-жобалық істердің мәдениетiн жоғарылату болып табылады.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда Исматұллы Мақсұмның «Құран қазыналарының әлiппесi» атты кiтабының тұсау кесер рәсімі өттi.
Кiтап зерттеуiнiң басты назары - адам жүрегі. Құран кітабын тану сананың терең қабатында болып жататын iшкi үдерістердің табиғатын түсiндiру арқылы адамның рухани толық жетiлуi туралы ғылым ретінде берілген.
Кітап Құран мен пайғамбар хадистерінің маңызды анықтамаларынан құралған.
4 жыл бұрын (2006) Астанада «Фото. Телерадио.» атты жаңа республикалық журналының бiрiншi саны жарық көрді.
Баспа Қазақстанның мемлекеттiк саясатына, кино мен телерадиохабарлардың ерекшелігіне, әлем мәдениетінің оқиғаларына қызыққан оқырмандарға арналған. Редакция журналының алқа мүшелері - мәдениет пен ғылымның белгiлi қайраткерлерi - Әкім Тарази, Әбiш Кекiлбаев, Мырзатай Жолдасбеков. Журнал қазақ және орыс тiлінде шығады. 5 мың данамен екi айда 1 рет басылады.
ЕСІМДЕР
150 жыл бұрын (1860-1917) Абайдың шығармаларын жинап, өз қолымен көшіріп, ел арасына таратушы БІКЕҰЛЫ Мүрсейіт дүниеге келді.
Ол Семейде төрт жылдық орыс мектебін бітірді. Орыс, қазақ, араб әдебиетімен біршама таныс болды.
Біраз жыл Семей оязының кеңсесінде тілмаш әрі писарь болып жұмыс істеді. Ел ішінде мектеп ашып, бала оқытады. Кейін ұлы ақынның әдеби хатшысы болған.
Мүрсейіт Абай шығармаларының 1909 жылы шыққан тұңғыш басылымының түпнұсқасын құрастыруға қатысып, оған корректорлық еткен. Бізге Абай еңбектерінің түпнұсқасы Бікеұлының 1905, 1907, 1910 жылдардағы үш қолжазбасы арқылы жеткен. Қазір бұл қолжазбалар Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақтаулы. Мүрсейіттің Абайтану ғылымына қосқан үлесін М.Әуезов «Жалпы, Абай мұраларын көшіріп таратушылар арасында Мүрсейіт Бікеұлының еңбегін айрықша атап өту керек» деп жоғары бағалады.
45 жыл бұрын (1965) Қостанай облысы Қарасу ауданының әкімі АХМЕТОВ Қайрат Жұмашұлы дүниеге келді.
Қостанай облысы Боровой ауданының Төленгіт ауылында туған.
Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген.
2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облыстық аумақтық басқармасының бастығы. 2002-2006 жылдары - Қостанай облысы Меңдіқара ауданының әкімі. 2006-2007 жылдары Қостанай облысы ауыл шаруашылығы департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдың 7 қыркүйегінен.
ҚАҢТАРДЫҢ 7-СІ, БЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) «Қазақстан Республикасының ғылым және мемлекеттiк ғылыми-техникалық саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жарық көрді.
18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қоймасына асыл металдардың бiрiншi партиясы - «төрт тоғыздық» және 2 күмiстік сапасымен 5 алтын кесек қабылданды. Мемлекеттік құндылықтар қоймасының тарихы 1991 жылғы тамыздың 31-інде Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақ ССР алтын валюталы және алмас қордың жасау туралы» Жарлығынан бастау алады.
4 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының Президентi сөзін Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев, әнін Шәмші Қалдаяқов жазған «Менің Қазақстаным» өлеңі негізге алынған Қазақстан Республикасының жаңа Мемлекеттiк ән-ұраны бекітілген Заңға қол қойды.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1905-1973) қазақтың атақты әншісі, Қазақстанның халық әртісі, режиссер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері ЖАНДАРБЕКОВ Құрманбек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған.
Ташкент педагогикалық училищесін, Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының актерлік бөлімін және Мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас режиссері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы қызметтерін атқарған.
Бекежан (Е.Брусиловский «Қыз Жібек»), Тарғын («Ер Тарғын»), Жалбыр («Жалбыр») партияларын орындап, әншілік шеберлігін танытты. Режиссер ретінде Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Гвардия, алға», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларын қойды. Киноға түсіп, Жақас («Амангелдіде»), Қадырбай («Жамбылда»), Садық («Біз Жетісуданбызда») бейнелерін сомдады.
Жиырмасыншы жылдарда Ташкент қаласында өткен бір концертте қазақтың жетпістен астам әнін шырқаған.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Алматы қаласында бір көшеге аты беріліп, өмірінің соңғы жылдарында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған.
45 жыл бұрын (1965) Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының әкімі МЕДЕБАЕВ Советбек Тұрсынұлы дүниеге келді.
Жезқазған облысы Қарсақпай ауылында туған.
О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін, Орталық-Азия университетін бітірген.
1988-1992 жылдар аралығында Жезқазған геологтар экспедициясында жұмыс атқарған. 1992-1995 жылдары Жезқазған облыстық тұтынушылар одағының көлік және материалды-техникалық жабдықтау, күрделі құрылыс бөлімінің бас маманы, бастығы қызметтерін атқарған. 1995 жылдың мамыр айынан бастап Жезқазған қаласы әкімшілік аппаратының басшысы, 1995 жылдың қазан айынан Жезқазған қаласы әкім аппаратының басшысы. Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың 11 қыркүйегінен.
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшесі.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен, «Жезқазғанға 50 жыл» күміс медалімен, «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
ҚАҢТАРДЫҢ 8-І, ЖҰМА
Грециядағы Гинайкратия. Грецияда қаңтардың 8-ін мағынасы біздің 8-і наурыздағы мерекемізге ұқсайтын күн деп айтуға болады. Бұл күні әйелдердің Гинайкратия фестивалі өтедi. Әйелдер жанұядағы үй машақаттарынан босап, демалыс орындарында көңіл көтереді. Осы уақытта күйеулері үй шаруаларымен шұғылданады.
ОҚИҒАЛАР
146 жыл бұрын (1864) Торғайда (Орынбор бекінісі) қазақ балаларына арналған алғашқы мектеп ашылды. Ыбырай Алтынсарин осы оқиғаға байланысты қуанышын Н.Ильминскийге жазған хатында бөлісті.
13 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Жамбыл қаласынның аты Тараз болып өзгертілді. Біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырдың ортасындағы Қытай деректеріндегі ескертулерде сақталған қаланың тарихи атауы қайтарылды.
7 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасының «Инвестициялар туралы» Заңы қабылданды.
3 жыл бұрын (2007) Парижде Мұстафа Шоқай атындағы қазақ-француз достығының қоғамы ашылды.
Мұстафа Шоқай (1889-1941) - өткен жүз жылдықтың бiрiншi жартысындағы ұлттық тарихтың танымал қоғам және саясат қайраткерi, Орта Азияның бостандығы мен тәуелсіздігіне күрескен публицист, идеолог, «Алаш Орда» партиясы жетекшілерінің бірі.
3 жыл бұрын (2007) Батыс Қазақстан облысында «Жыр өзегі - Жымпиты» атты ұжымдық жинақ жарық көрді. Кітапқа Сырым ауданы ақындарының туындылары енген.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1998) балет әртісі, педагог, Қазақ КСР-нің және КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері УЛАНОВА Галина Сергеевна дүниеге келді.
Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған.
1928-1944 жылдары С.М.Киров атындағы Ленинград опера және балет театрының әртісі болды. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақ опера және балет театрында (Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) қызмет атқарды. 1944-1960 жылдары КСРО Үлкен театрының соло-бишісі, балетмейстер-репетиторы болды.
Одетта-Одиллия (П.Чайковскийдің «Аққу көлі»), Мария (Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы»), Жизель (А.Адананың осы аттас операсы), Джульетта (С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта») және т.б. партияларды орындады.
Оның бишілік өнері хореографиялық элементтерінің және мәнерлеу тәсілдерінің айрықша үйлесім табуымен, таңғажайып орындаушылық шеберлігімен ерекшеленді және өз шығармашылығымен орыс хореографиялық мектебінің принципі мен дәстүрін ілгері дамытты.
КСРО Мемлекеттік, Ленин сыйлықтарының иегері.
Парасат, 3 мәрте Ленин, 2 рет Еңбек Қызыл Ту, 2 рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1940) аудармашы, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының құрметті азаматы НҰСҚАБАЙҰЛЫ Жарылқасын дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында туған.
Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Еңбек жолын қазақ теледидарында бастап, бас редакторы болған. Қазақ телеграф агенттігінің («Қазақпарат» ҰҚ» АК) аудармашы-редакторы, «Жалын» баспасының бөлім меңгерушісі, «Мектеп» баспасының бас редакторы, директоры қызметтерін атқарған.
Балаларға арналған кітапшалардың, «Қазақ журналистикасының тарихы», «Көне басылымдар, аяулы есімдер», «Алты алаштың ардақтылары» атты ғылыми-педагогикалық еңбектердің авторы.
Х.Андерсеннің «Ертегілер жинағын», «Словак халық ертегілері», «Сібір халықтарының ертегілерін», Ш.Әлімбаевтың «Даналық субстанциясы» романын, Е.Кобалевтің «Хо Ши Мин» ғұмырнамасын, «Шаңқай түсте көлеңкелер қалмайды» деп аталатын 7 сериялы көркем фильмді, «Аласұртқан ақша» көркем фильмін, түрікмен жазушылары Х.Халлыевтің «Жол», Ш.Чарыевтың «Саз сырнайшы», беларус, қырғыз, тәжік, орыс, армян жазушыларының әңгіме, повестерін аударған.
ҚАҢТАРДЫҢ 9-Ы, СЕНБІ
Мемлекеттiк мереке - Серб Республикасының күнi. 1992 жылғы қаңтардың 9-да Босния мен Герцеговинаның Серб Республикасы жарияланды.
1992 жылдың сәуірдің 5-де Босния мен Герцеговина Югославиядан тәуелсіздігін жариялаған соң, Босния мен Герцеговинаның Серб Республикасы 1992 жылғы сәуiрдің 7-де Босния мен Герцеговинадан бөлiнетіні туралы және Югославияның құрамында қалатыны туралы жария етті. 1992 жылғы тамыздың 12-нен бастап республика Серб Республикасы деп аталатын болды.
Тайландта балалар күні. 1-і маусым күні атап өтетін Халықаралық балалар күнiнен айырмашылығы, Тайландта осы оқиғаны қаңтардың екiншi сенбiсiнде атап өтеді.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезекті отырысы болып өтті. Онда «Қазақстан Республикасының заңсыз көшіп-қону мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» және «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты рақымшылдық жасау туралы» заң жобалары мақұлданды.
8 жыл бұрын (1992) Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Иман» газеті шыға бастаған.
7 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Германия Федеративті Республикасында, Француз Республикасында, Иран Ислам Республикасында, Әзірбайжан, Армения, Беларус, Қырғызстан, Молдова, Түрікменстан, Өзбекстан Республикаларында, Украинада және Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.
3 жыл бұрын (2007) танымал Қарағанды марафоншы Павел Сиротин «Әлемнiң елшiсi» атағын алды. 2006 жылғы желтоқсанда 70 жасқа толу мерейтойын атап өткен спортшы өз өмiрiнiң жартысын марафон жүгiрісіне арнаған. Оның есебінде бiрнеше 100-шақырымдық дистанциялар бар. П.Сиротин өзінің мерейтойын Темiртаудан Қарағандыға дейін 32 шақырым кезектi жүгiрiспен атап өтті. Оған бұл атақты Бүкіләлемдік достық федерациясы мен Діниаралық және халықаралық федерациялары тағайындады.
«Әлем елшісі» атағын иеленген адамдар БҰҰ-ның ерекше қамқорлығында болады.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Иордания Хашимиттік Корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылуы туралы Жарлыққа қол қойды.
ЕСІМДЕР
160 жыл бұрын (1850-1902) орыс геологы және географы, Түркістан өлкесін алғаш зерттеушілердің бірі МУШКЕТОВ Иван Васильевич дүниеге келді.
Ресейдің Волгоград облысында туған.
Санкт-Петербор тау-кен институтын бітірген.
Түркістан генерал-губернаторының жанындағы ерекше тапсырмалар бөлімінде қызмет істеген. 6 рет ғылыми-зерттеу экспедицияларына қатысып, Тянь-Шань, Жоңғар (Жетісу) Алатауы, Памир-Алай тауларын зерттеді. Түркістан өлкесінің картасын түзетіп, толықтыруға ат салысты. Орта Азия тау тізбектерінің орографиялық кұрылысы туралы бұрынғы түсінік өзгертіліп, Тянь-Шань мен Памир-Алтай тауларының солтүстікке қарай иілген ендік доғалардан тұратындығын анықтады. 1884 жылы Г.Романовскиймен бірге Түркістанның тұңғыш геологиялық картасын жасады. Арал Қарақұмының шығу тегін, Каспий теңізі деңгейінің көтерілу мөлшерін зерттеп, Батыс Қазақстанда геологиялық және географиялық бақылаулар жүргізді. 1887 жылы Верныйға (қазіргі Алматы) келіп, жер сілкіну себептерін және оның зардаптарын анықтады. Өлкедегі зерттеулерін 2 томдық «Түркістан» деп аталатын еңбегінде қорытындылады. Бұл еңбекте аймақтың тұңғыш геолог және орографиялық толық сипаттамасы берілді.
Әр жылдары Оңтүстік Оралда, Кавказда геологиялық және кен барлау жұмыстарымен айналысты.
2 томдық «Физикалық геология» атты теориялық еңбегі жарияланған.
Мушкетов құрметіне Сібірдегі тау, Тянь-Шаньдағы мұздық аталған.
50 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Байланыс саласындағы талдау және тарифтік реттеу департаментінің директорыНАМЕТШАЕВ Талғат Қасқырұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған.
Алматы энергетикалық институтын, Еуразиялық нарық институтын бітірген.
Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Жалпы әдістеме, лицензиялау және реттеу басқармасының бастығы болған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан.
ҚАҢТАРДЫҢ 10-Ы, ЖЕКСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
86 жыл бұрын (1924) «Тілші» газетінде И.Жансүгіровтың ісқағазды қазақ тілінде жүргізу туралы мақаласы шықты. Қазақ тiлiнiң тағдыры және бүгiнде де өзектiлiгін жоғалтпаған мәселелер туралы сөз болды.
76 жыл бұрын (1934) қазақ әдебиеті мен өнеріне арналған «Қазақ әдебиеті» атты апталық газеті шыға бастады. Газеттің шығармашылығында қазақ әдебиетінің классиктері С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткерлері О.Исаев, Ж.Сәдуақасов, И.Қабылов, О.Жандосов және т.б. жұмыс істеді. Алғашқы редакторы Ғ.Мүсірепов болды.
18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасының Қауiпсiздiк Кеңесi Республикалық ұланды құру туралы шешiм қабылдады.
18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаевтiң «Қазақстан Республикасының iшкi әскерлерi туралы» Жарлығы шықты.
15 жыл бұрын (1995) Польшаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Марек Гавенцкий Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа Сенім грамотасын тапсырды.
12 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулысына сәйкес 1997 жылғы қаңтардың 10-да Алматы энергетикалық институттының (АЭИ) негізінде Алматы энергетика және байланыс институты (АЭБИ) құрылды. Бұл институт - Орталық Азиядағы энергетика және телекоммуникациялар саласындағы мамандандар дайындау бойынша жалғыз оқу орны.
11 жыл бұрын (2003) Өскеменде «АВТОВАЗ» АҚ-ның техникалық көмегімен құрылған «Азия Авто» зауытының ашылу салтанаты өтті. Жаңа құрастырушы кәсiпорын «Нива» автокөлiктерін өндiрiп шығарады.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1915-1983) танымал жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері ЕСЕНБЕРЛИН Ілияс дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Ақмола облысы Атбасар қаласында туған.
Қазақ тау-кен және металлургия институтын бітірген.
1942-1947 жылдары - Казақстан КП ОК-нің нұсқаушысы. 1947-1951 жылдары - Қазақ филармониясының директоры. 1953-1957 жылдары - Қазақстан Геология министрлігінің аға инспекторы, Ақтөбе облысындағы Берсүгір шахта басқармасының бастығы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы. 1958-1975 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы қызметтерін атқарды.
Алғашқы шығармалары баспасөз бетінде 1940 жылдан бастап жарық көрді. Ол поэзия, проза, драматургия, кинодраматургия саласында жемісті еңбек етті. Алғашында ақын ретінде танылды. «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағы, «Жұлдыздар» атты поэмалар жинағы, «Большевик туралы поэма», «Біржан сал трагедиясы», «Сұлтан», «Айша» дастандары жарияланды. 20 ғасырдың 60-жылдары проза жанрына қалам тарта бастады. «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», орыс тілінде жазылған «Адам туралы ән» повестері жарық көрді. Жазушы қазақ әдебиетінде роман жанрын дамытуға, әсіресе, тарихи тақырыпты игеруге елеулі үлес қосты. «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Қаһар», «Алмас қылыш», «Алтын құс», «Жанталас», «Көлең-кеңмен қорғай жүр», «Маңғыстау майданы», «Аманат», «Махаббат мейрамы», «Алыстағы аралдар», «Аққу құстың қуанышы» романдары, «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогиясы жарияланды. Драматургия саласында да қызмет етіп, «Таудағы тартыс» пьесасын жазды.
40-тан астам ән мәтіндерінің авторы.
Шығармалары орыс, украин, латыш, литва, өзбек, алтай, башқұрт, қарақалпақ, болгар, венгр, поляк, ағылшын, француз, қытай, неміс, араб, испан тілдерінде жарияланды.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Атбасар қаласындағы, Алматыдағы мектептерге, көшелерге жазушының есімі берілген.
55 жыл бұрын (1955) ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор ӘЛІБАЕВ Нұрадин Нәжімединұлы дүниеге келді.
Түрікменстанда туған.
Мәскеудегі К.Скрябин атындағы малдәрігерлік академиясын бітірген.
1977-2003 жылдары казіргі Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-өндіріс орталығының кіші, жетекші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2003 жылдан осы мекеме директорының ғылым жөніндегі орынбасары.
Қаракөл қойын селекциялаудың жаңа әдістерін тауып өндіріске енгізген және қаракөл қойлары эмбриондарын трансплантациялаудың ғылыми негізін салып, практикалық әдістемесін ойлап тапты.
35-тен аса ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 11 авторлық куәлік пен 5 ұсыныс бар. Қазақстан комсомолы сыйлығының және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері.