ҚазАқпарат-Анонс: қарашаның 11-і мен 15-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: қарашаның 11-і мен  15-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

АҚОРДА

Қарашаның 11-інде Ақордада  Елбасы Н.Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген  Словения Президенті  Данило Тюркпен  кездеседі.

ҮКІМЕТ

Қарашаның 11-інде   Қаржы полициясы агенттігінде    апталық брифинг  болады.

Қарашаның  11-інде  «Думан»    қонақүйінде   ҚР Үкіметі  жанындағы  Үкіметтік емес  ұйымдармен  өзара іс-қимыл жөніндегі  үйлестіру  кеңесінің VIII  мәжілісі өтеді.

ПАРЛАМЕНТ

Қарашаның 11-інде   Парламент  Мәжілісінің  жалпы отырысы  өтеді.

ҚОҒАМ

Қарашаның 8-11-і аралығында Орталық  Азияға  Германия  экономикасы Шығыс    комитетінің төрағасы  Клаус  Мангольд  бастаған      делегация  сапармен  келеді.  Делегация       алғашқы аялдамасын   Қазақстанға  жасады.     Шығыс комитеті   герман   экономикасының басын қосып,   соның   атынан   әрекет ететін    орган. Комитет    экономиканы   жаңартуды қолдауға   мүдделі.

Қарашаның 11-і мен 12-сі күндері Астанаға Словения Президенті Данило Тюрктің мемлекеттік сапары жоспарлануда. Қазақстанға сапарында Словения Президенті қазақстандық-словениялық бизнес-форум жұмысына қатысып, еліміздің жоғары оқу орындарының бірінде дәріс оқиды деп күтілуде.

АСТАНА

Қарашаның 9-ы мен 13-і аралығындаАстанада Халықаралық қызыл крест комитеті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетімен бірлесе отырып, ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен, «Қазіргі кездегі қауіп-қатерлер және гуманитарлық нормалар» атты халықаралық форум өткізуде. Алқалы жиын бағдарламасы қазіргі кездегі әлеуетті гуманитарлық мәселелерге байланысты ұлттық заңнамаға гуманитарлық нормаларды енгізу мен оларды қолдану жөніндегі тақырыптарды қамтитын болады.

Қарашаның 10-12-сі  аралығында Астана  қаласының  Сол жағалауында, Достық көшесі, 3 мекенжайындағы «Көрме» кешенінде «Қазавтожол - 2009». Жабдықтар, құрылыс және жол кешенінің қызмет көрсету индустриясы» VI Қазақстандық халықаралық көрме өткізіледі. 

Қарашаның  11-і күні Астанадағы «Дипломат» қонақ үйінде Қазақстан Республикасындағы Қызыл  ай қоғамы «Қазақстан халқының осал топтағы санын азайтуда ҚР-дағы Қызыл  ай қоғамының рөлі» тақырыбында қоғамдық тыңдаулар өткізеді. Оған Қызыл ай халықаралық комитетінің аймақтардағы өкілдіктерінің, Қызыл   ай және Орталық Азия бойынша Қызыл  ай халықаралық қауымдастығының басшылары қатысады.

Қарашаның 11-інде  Мемлекеттік  басқару академиясында   «Авторлық құқық - ХХІ ғасыр. Авторлық құқықты   дамыту  және   оның  сотпен қорғалуы    мәселелерін   шешудің    ТМД-дағы перспективасы» деген  тақырыпта   халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция  өтеді.

Қарашаның 11-інде «Риксос»   отелінде Қазақстан-Словения  бизнес-форумы    өтеді.

Қарашаның 11-інде  «Нұр Отан»  партиясының    орталық кеңсесінде апталық брифинг өтеді.

Қарашаның 11-інде Мемлекеттік басқару академиясының   оқытушылары мен   тыңдаушыларының алдында  ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының  төрағасы Жоао Соареш сөз сөйлейді. 

Қарашаның 13-інде елордадағы Қазақ ұлттық музыка академиясында Бразилия классикалық музыкасының концерті өтеді.

Қарашаның 14-і күні Астанадағы «Көрме» сарайында «Астананың кішкентай аруы - 2010» ұлттық  балалардың әсемдік пен талант конкурсының V финалдық байқауы өтеді.

АЛМАТЫ

Қарашаның 11-інде Алматы әкімдігінде    әкімдік  пен «Самұрық-Қазына» Ұлттық  әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының арасындағы   ынтымақтастық туралы меморандумның  орындалу  мәселелеріне арналған  кеңес  өтеді.

Қарашаның 11-інде  «Анкара» қонақүйінде  «Қазақстанда  ғылымды,  технологиялар  мен инвестицияларды  дамытудағы    халықаралық ынтымақтастықтың ролі»  жобасының таныстырылымы болады.

АЙМАҚ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Қарашаның 11-і күні Талдықорғанда "Туған тілім - тұғырым" деп аталатын өнер кеші өтеді. Бұл шара одан кейін қарашаның 17-сі күні Алматыда жалғасады. Оған ҚР еңбек сіңірген әртістері Қанат, Айткүл және Ерболат Құдайберген әулеті, ҚР халық әртісі Мақпал Жүнісова, "Ду-ду" комедия театры және тағы басқа да өнерпаздар қатысады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕКЕЛЕР.

11 ҚАРАША, СӘРСЕНБІ

Польша Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Польша - Орталық Еуропадағы, Висла мен Одра өзендерінің аумағындағы мемлекет. Солтүстігін Балтық теңізі шайып жатса, батысында Германиямен шектеседі, оңтүстік-батысында Чехиямен, оңтүстігінде Словакиямен, оңтүстік-шығысында Украинамен, шығысында Белоруссиямен, солтүстік-шығысында Литвамен және Ресеймен шектеседі. Астанасы - Варшава. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы орган - екі палаталы парламент (Сейм мен Сенат). Әкімшілік бөлінісі - 16 воеводство, повяттар, гминдер. Ресми тілі - поляк тілі. Ақшалай бірлігі - злотый.

Бельгияның мемлекеттік мейрамы - Татуластық күні (1918). 1918 жылдың 11 қарашасындағы Антанта мен Германия арасындағы татуластық келісіміне қол қойылуының кезекті жылдығына орай аталып өтеді және қаза тапқан барлық француз және бельгиялық солдаттарды еске алу күні болып есептеледі.

Латвияның мемлекеттік мейрамы - Лачплесис күні (1919). 1919 жылғы осы күні Бермонт әскерлерінің Ригаға шабуылдарын жас латвиялық әскери құрылымдары қайтарған. Осы оқиғаға байланысты 1919 жылдың 11 қарашасында Лачплесис жауынгер ордені бекітілген. 1920 жылғы 18 қарашада орденнің жарғысы және оның «Латвия үшін» ұраны қабылданды.

Канадада Еске алу күні. Жыл сайын 11-і айдың 11-і күні сағат 11-де бүкіл Канада қалыпты ырғағын тоқтатып, екі минут үнсіз қалады. Осы екі минут тыныштықтарында канадалықтар өз өмірлерін ұлттың жарқын болашағы үшін қиған отандастарын еске алуға арнайды. Бұл дәстүр 1919 жылдан, Бірінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталуына бір жыл толуына орай, Король V Георг «Империяның барлық халықтарына» өмір сүру құқығы мен отандастарының бостандығы үшін өмірлерін құрбан еткендерді мәңгі есте қалдыруға шақырған үндеу арнауымен басталған еді.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2004) Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының IV Құрылтайы өтті. Бұл шараға барлық облыстардан делегаттар, қазақ қоғамдастығының шет елдердегі өкілдері де қатысты. Мемлекеттік тілдің қолданылуы мен дамуы, оның мәртебесін арттыру, сондай-ақ республикадағы ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды.

5 жыл бұрын (2004) 11-13 қарашада Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Н.Тілендиев атындағы I Республикалық дирижерлер конкурсы өтті. Оны атақты композитордың өз атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестр ашты. Өнер сайысын ұйымдастырушылар - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі мен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы.

5 жыл бұрын (2004) Алматыда «Таза алау жағамыз» деп аталған «Күміс кітап» сериясының тұңғыш томы жарық көрді. Кітап әдеби жанрлардың - тарихи зерттеу, саяси эссе және тіпті шытырман оқиғалы әңгімелеу тәрізді синтезден құралған. Басылымның негізгі арқауының бірі - сондай термин қалыптаспай тұрып-ақ, кең-байтақ Далада өз бетінше-ақ әлеуметтік-экономикалық құбылыс болып қалыптасқан Евразия ұғымының көне бастауларын ашып көрсету.

3 жыл бұрын (2006) Павлодар облысының Баянауыл ауданында көрнекті энциклопедияшы-ғалым, ағартушы және әдебиетші Мәшхүр Жүсіп Көпеев кесенесінің ашылуы болды. Кешенді кесене сары алтын түсті кірпішпен тұрғызылған, кесененің өзіне 73 баспалдақпен көтеріледі - Мәшхүр Жүсіп осынша жыл өмір сүрген. Ғимараттың ішінде мұсылман діни ұстанымдары негізінде екі бөлме - зиратхана мен гурхана бар. Біріншісі намаз оқып, келушілердің еркін әңгімелесуіне арналса, гурханада сандықтас орналасқан. Ол қордайлық граниттен көне түркілік үлгіде, адам өмірінің кезеңдеріне сәйкес, үш деңгейде орындалған. Алтынмен апталған кіреберіс есікті көркем өрнектеп, әсем әшекейлеген ең үздік қазақстандық зергерлердің бірі - Қырым Алтынбеков. 14 метрлік  екі күмбезге Алланың 99 аты жазылған. Көрікті кешеннің авторлары - Бек Ыбыраев пен Сәдуақас Ағытаев.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1924-1985) ақын, жазушы АМАНШИН Берқайыр Сәлімұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған.

Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) бітірген.

Атырау, Жамбыл облыстарында әр түрлі жауапты қызметтер атқарған. 1952-1953 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК-нің нұсқаушысы. Республикалық газет-журналдар мен баспа орындарында жұмыс істеді.

Алғашқы «Өлеңдер» жинағы 1954 жылы жарық көрді. «Жылқылы ауылда» (1956), «Бұтақтағы бұлбұлдар», «Жетісу - Жайық», «Ақбота», «Менің өмірбаяным», «Маңғыстауым менің», «Ақ жүректер», «Жайық желі», «Құтты мекен» атты өлеңдер мен поэмалар жинақтарының, «Жан мұңы», «Көкжар», «Гүл көтерген» әңгімелер мен повестердің, «Махамбеттің тағдыры» романының авторы.

«Исатайдың семсері», «Таныстық керек», «Жылама, Дәмеш» (М.Гершпен бірге), «Маңғыстау оқиғасы» пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылған.

Махамбет, ЬІ.Шөреков шығармаларын жинастырып, жүйелеп бастыруға елеулі еңбек сіңірді. Л.Н.Толстой, А.С.Пушкин, С.Юлаев, т.б. шығармаларын, көне орыс әдебиеті ескерткіші - «Игорь жорығы туралы жырды» қазақ тіліне аударған.

75 жыл бұрын (1934) дәрігер-оториноларинголог, медицина ғылымының докторы, профессор ШАЙЫҚОВ Задаш Шайықұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған.

Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын (қазіргі Қарағанды мемлекеттік медициналық академия), КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің Орталық дәрігерлер білімін жетілдіру институтының аспирантурасын бітірген.

Қарағанды мемлекеттік медициналық институты кафедрасының ассистенті, меңгерушісі, профессоры, Целиноград медициналық институтының (қазіргі Ақмола мемлекеттік медициналық академиясы) кафедра меңгерушісі, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері оториноларингология мәселелеріне - көмей ісік ауруларының клиникасы мен емі, құлақ микрохирургиясы, танау, кеңірдек ауруларына арналған.

12 ҚАРАША, БЕЙСЕНБІ

  

Әзірбайжан Конституциясы күні. Республиканың Негізгі заңы 1995 жылғы 12 қарашада қабылданған, сол күні тәуелсіз Әзірбайжанда тұңғыш парламенттік сайлау өтті. Конституция күнін бекіту туралы шешім 1996 жылғы 6 ақпанда қабылданды.

Бүкіләлемдік сапа күні. Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Еуропалық сапа ұйымы (ЕСҰ) бекіткен. Жыл сайын қарашаның екінші бейсенбісінде аталып өтеді.

Бүкіләлемдік юзабилити күні. «Бүкіләлемдік қолданушылық күні» (World Usability Day) 2005 жылы құрылған. Жыл сайын қарашаның екінші бейсенбісінде атап өтіледі. «Юзабилити» (Usability) ағылшын тілінен сөзбе-сөз аударғанда «ыңғайлы, қолайлы және қарапайым пайдалана, қолдана алу» деген мағына береді. Бұл мейрамның миссиясы - адамзат үшін аса маңызды өнімдер мен қызметтерді қиналыссыз пайдалануға жетімділікті қарапайымдандыру және пайдалану қарапайымдылығын арттыру қажеттілігі жайлы қоғамдық пікірді жақсарту. «Бүкіләлемдік юзабилити күнінің» басты ұраны: «Қарапайымдандырайық!». Өйткені, қарапайым және ұғынықты технологиялар әркімнің де өмірін қарапайым етіп көрсетіп, әлемнің кез-келген түпкірінде олардың сапасын арттырады.

Ресей Жинақ банкі қызметкерлерінің күні. 1841 жылғы 30 қазанда (ескі санау бойынша 12 қарашада) император І Николай Ресейде жинақ кассаларын құру туралы Жарлық шығарған. 1998 жылдан атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

283 жыл бұрын (1726) ІІ Екатерина патшайым Сырым Датұлын тұтқыннан босату туралы барон О.Игельстромға жарлық хат (рескрипт) жолдады.

50 жыл бұрын (1959) 12-14 қарашада баспасөз құралдары өкілдерінің шығармашылық ұйымы - Қазақстан журналистер одағы құрылды.

Қазақстан журналистер одағының тарихы өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады. Қазақстан журналистерінің тұңғыш съезінде «Баспасөз туралы» деген тақырыпта баяндама жасап, баспасөздің міндеттерін айқындап берді. Бұл кезде орыс тілінде 16, қазақ тілінде 12, ұйғыр тілінде 1 газет шығып тұрған. Съезд баспасөз қызметкерлерінің ұйымын құрып, оның Бүкілқазақстандық Орталық бюросын сайлады, төрағалығына Т.Рысқұловты бекітті.

1959 жылғы 12-14 қарашада өткен Қазақстан Журналистерінің 1-съезінде Қазақстан журналистер одағы құрылды. 2001 жылы сәуірде қайта тіркелді. 2003 жылғы дерек бойынша Қазақстанда 2 мыңға жуық бұқаралық ақпарат құралдары, 44 республикалық және аймақтық телерадиокомпаниялар жұмыс істейді. Қазақстан журналистер одағының 5 мың мүшесі бар.

  

5 жыл бұрын (2004) Өскеменде Ауғанстанда қаза тапқан шығыс-қазақстандық интернационалист-жауынгерлер құрметіне салынған Мемориалдың ашылу салтанаты болды. Біреуі түзу, екеуі ұштары көлбеу - аспанға ұмтылған үш стелла және соны көмкерген гранитті қабырғаға қаза болғандар есімі ойып жазылған 12 метрлік монумент Ертістің жағасында, қаланың орталығында орнатылған.

5 жыл бұрын (2004) Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт ұйымы (ҰҚШҰ) елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. ҰҚШҰ құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан кіретін көпфункционалды әскери-саяси интеграциялық жүйе. Ұйымның негізгі міндеті - мүше-мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне кез-келген қатерге тиімді қимыл таныта алатын дамыған ұжымдық қауіпсіздік жағдайын жасау болып табылады.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1909-1962) ғалым, экономика ғылымының кандидаты, доцент ЕРОФЕЕВ Николай Александрович дүниеге келді.

Ресейдің Симбирск губерниясындағы Панская Слобода селосында туған.

1935 жылы Ленинградтың (Санкт-Петербор) индустриалдық институтын, Б(б)КП ОК жанындағы Жоғарғы озық тәжірибе мектебін бітірген.

1940-1941 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі. 1941-1945 жылдары - Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі Төрағасының орынбасары. 1945-1950 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Кәсіпшілік кооперациясының басқарма бастығы. 1950-1952 жылдары - Қазақ КСР Кәсіпшілік кооперациясы кеңесі басқармасының бастығы. 1952-1953 жылдары - Қазақстан ҒА Экономика институты директорының орынбасары. 1953-1954 жылдары - Қазақстан ҒА партия комитетінің хатшысы. 1954-1962 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетнің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) аға оқытушысы, доценті, өнеркәсіп экономикасы кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

«Экономические административные районы Казахской ССР», «Ведущая роль социалистической промышленности в развитие народного хозяйства СССР. Развитие промышленности Казахской ССР», «Учись хозяйствовать», «Отраслевая структура промышленности СССР. Развитие отраслевой структуры промышленности Казахской ССР» кітаптарының авторы.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 2-3-шақырылымдарының депутаты.

«Құрмет Белгісі» орденімен, медальмен марапатталған.

95 жыл бұрын (1914-2001) ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, мемлекет және қоғам қайраткері ІЛИЯСОВ Ғұбайдолла Отарұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған.

Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесі ауылшаруашылық тобының бастығы қызметін атқарған. 1950-1952 жылдары - Қазақ КСР жеңіл өнеркәсіп министрінің бірінші орынбасары. 1952-1954 жылдары - Көкшетау облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1954-1955 жылдары - Ақмола облыстық партия комитетінің екінші хатшысы. 1956-1959 жылдары - Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1959-1961 жылдары - Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1961-1975 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқытушысы, аға оқытушысы.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 4-5-шақырылымдарының депутаты.

2 мәрте 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Құрмет грамотасымен марапатталған.

13 ҚАРАША, ЖҰМА

  

Халықаралық соқырлар күні. 1784 жылы Парижде әлемде тұңғыш рет соқырлар үшін интернат ашқан, француз ағартушысы, тифлопедагогиканың негізін қалаған Валентин Гаюи (1745-1822) туған күні өткізіледі.

Ресейде радиациялық, химиялық және биологиялық қатерлерден қорғау әскерлері күні. Республиканың Революциялық Әскери Кеңесінің №220 бұйрығымен іс-қимыл үстіндегі армияда алғашқы химиялық қорғау органдары мен бөлімшелері құрылған 1918 жылдың 13 қарашасы - Радиациялық, химиялық және биологиялық қатерлерден қорғау әскерлерінің ресми құрылған күні болып есептеледі. 1992 жылдың тамызынан бастап химиялық әскерлер қазіргі атауларына ие болды.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2006) Оралда «Батыс Қазақстан облысындағы білім беру жүйесінің тарихы» электрондық ақпараттық анықтамалық жарық көрді. Басылымда БҚО-ның мұрағаттары мен мұражайларынан алынған нақты статистикалық мәліметтер келтірілген. Анықтамалықтан құжаттамалық мәліметтерді, соның ішінде XIX ғасырдан бастап қазіргі күндерге дейінгі кезеңді қамтитын суреттер де бар, осы аумақтағы алғашқы педагогикалық басылымдар жайлы, балалар ұйымдары, оқушылар саны, т.б. туралы білуге болады.

3 жыл бұрын (2006) Павлодар облысының Екібастұз қаласында алғашқы «сөйлейтін» бағдаршамдар қойылды. Олардың бірі соқырларға арналған кітапханаға барар жолдағы көшеге орнатылса, екіншісі әлеуметтік қорғау бөлімі орналасқан ғимаратқа қарсы орнатылып, зағип қалалықтарға үлкен көмек көрсетуде. Бағдаршам күшті естілетін және айқын дауыспен жүргіншілерге жасыл шам жанғанын хабардар етеді. Бұл көшелерден өту нашар көретіндер үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, сөйлейтін бағдаршам көздері көретіндерді де тәртіпке келтіргені даусыз.

3 жыл бұрын (2006) Қызылордада терме жанрындағы мақамдар жинағынан тұратын белгілі күйші Ерболат Мұстафаевтың кітабы жарияланды. Бұл кітап «Мәдени мұра» және «Өнер жылы» аумағында шығарылып отыр. Аталған жанрда халық аңыздары және ауыз әдебиеті шығармалары өлең түрінде домбыраның сүймелдеуімен орындалады. Автор - республикалық және халықаралық өнер сайыстарының бірнеше мәрте жеңімпазы, орындаушыларға және музыка сүйетіндерге танымал немесе онша танымал емес 35 жырды зерттеп, нотаға түсірген, сөйтіп оларды осы жинаққа ендіріп отыр.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1954) «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары БАЗАРБАЕВ Асқар Ермырзаұлы дүниеге келді.

Талдықорған қаласында туған.

В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

Еңбек жолын Алматы рудалық емес материалдар комбинатының жұмысшысы болып бастаған. 1977-1982 жылдары - Қарағанды металлургия комбинатының инженері, аға инженері, партия комитетінің нұсқаушысы. 1982-1983 жылдары - Теміртау қалалық партия комитетінің нұсқаушысы. 1983-1988 жылдары - Қарағанды облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1988-1991 жылдары - Теміртау қалалық партия комитетінің екінші, бірінші хатшысы. 1991-1993 жылдары - «ТСК Стил» біріккен кәсіпорын өкілдігінің директоры. 1993-1995 жылдары - Қарағанды металлургия комбинатының бас директорының орынбасары - өкілдіктің директоры, 1995-1996 жылдары - «Испат-Қармет» АҚ-ы Алматы қаласындағы бюросының кеңесшісі. 1996-1998 жылдары - «Хлеб Лтд» ЖШС директорының орынбасары. 1998-1999 жылдары - «Базарстан» компаниясы» ЖШС-нің президенті. 1999-2002 жылдары - Қарағанды облысы әкімінің көмекшісі. 2002-2007 жылдары Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.

Медальмен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

50 жыл бұрын (1959) журналист, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, «Время» газеті бас редакторының орынбасары БОРЕЙКО Вадим Николаевич дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Калининград қаласында туған.

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

1980-1982 жылдары - «Ленинская смена» республикалық жастар газеті жауапты хатшысының орынбасары. 1982-1983 жылдары - «На страже» газетінің жауапты хатшысы. 1983-1989 жылдары - «Огни Алатау» газеті жауапты хатшысының орынбасары. 1989-1992 жылдары - «Горизонт» газетінің жауапты хатшысы. 1992-1993 жылдары -«Caravan Business News» журналының жауапты хатшысы. 1993-1994 жылдары - «АБВ» газетінің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, 1994-1996 жылдары - «Караван-блиц» газетінің жауапты хатшысы. 1996-1997 жылдары - «Какаду» және «Будем!» журналдарының жауапты хатшысы. 1997-1998 жылдары - «Юридическая газетаның» жауапты хатшысы. 1998-1999 жылдары - «КТК» телеарнасының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1999 жылдың тамызынан «Время» газетінің жауапты хатшысы, шолушысы, бас редактордың орынбасары.

40 жыл бұрын (1969) «Қазпошта» АҚ-ы қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі ОЛЖАБАЙҰЛЫ Найзабек дүниеге келді.

Атырау облысында туған.

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Москвадағы Ашық Ресей университетін бітірген.

1991-1992 жылдары - «Максимум» радиосында «Сәлем» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі. 1992-1997 жылдары - «Dala TV» телекомпаниясының бас редакторы, «Қазақстан телерадиосы» республикалық корпорациясының стратегия және даму басқармасының бастығы. 1997-1998 жылдары - «Shahar» телерадиокомпаниясының бас продюсері. 1998-2000 жылдары - «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны баспасөз қызметінің жетекшісі. 2000-2002 жылдары - «ҚазТрансГаз» ЖАҚ-ның қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры. 2002-2004 жылдары - «Репутация» орталығының корпоративтік даму жөніндегі атқарушы директоры. 2004-2005 жылдары - Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, «Меркурий» ЖШС-гі бас директорының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі. 2005-2009 жылдары - «SAT & Company» ЖШС-гі бас директорының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың мамырынан.

14 ҚАРАША, СЕНБІ

  

Дүниежүзілік диабетке қарсы күрес күні. 1991 жылдан, Дж.Маклеодпен бірлесіп инсулин гормонын ашқан канадалық физиолог Фредерик Грант Бантингтің туған күнінде аталып өтеді.

Россияда социолог күні. 1901 жылдың 14 қарашасында Парижде Орыс жоғарғы қоғамдық білімдер мектебі ашылады, ол әлемдік ғылым тарихындағы тұңғыш әлеуметтік факультет тәжірибесі деп есептеледі. Ресейде 1994 жылдан бекітілген осы күннен бастап Санкт-Петербор университеті социология факультетінде жыл сайын атап өтіледі. Ресейдегі тұңғыш академиялық социология да нақ осы жерде дүниеге келген.

Үндістандағы Бал дивас (Балаларды қорғау күні). Атақты мемлекет қайраткері, тәуелсіз Үнді елінің тұңғыш премьер-министрі Джавахарлал Нерудің (1889 жылдың 14 қарашасында туған) туған күні бүкіл ел болып, «Балаларды қорғау күні» ретінде аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

70 жыл бұрын (1939) Жамбыл облысы құрылған. Орталығы - Тараз қаласы. Облыс 10 ауданнан, үш қала Қаратау, Жаңатас, Шу аудан орталықтарынан тұрады. Соңғы жүз жыл ішінде қала аты бірнеше рет өзгертілді: Әулие-ата, Мирзоян, Жамбыл, ал 1997 жылы алғашқы Тараз аты қайтарылды. Қала территориясында X-XI ғасырлардың «Айша бибі», «Бабаджа қатын», X-XIII ғасырлардың «Қарахан», «Дәуітбек» тарихи ескерткіштері орналасқан.

14 жыл бұрын (1995) Орал қаласында халықаралық «Бөбек» қорының өкілдігі ретінде «Балдырған» қоғамдық балалар қоры ашылды.

10 жыл бұрын (1999) «Хабар» телеарнасында жаңалықтар алғаш рет ағылшын тілінде оқыла бастады - «Khabar News weekly review». Алғашқы жүргізушілер - ақын қыз Сабрина Велли мен журналист Джон Манн; жоба редакторы - тағы бір ағылшын қызы Пола Раберфорд.

3 жыл бұрын (2006) Астанада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен АҚШ Елшілігінің ресми ашылу салтанаты болып өтті.

3 жыл бұрын (2006) 14-17 қарашада Алматыда Иран тауарларының Қазақстандағы көрмесі өтті. Оған мұнай химиясы, инженерлік және техникалық қызмет, құрылыс материалдары, кілем тоқу, тағам өнімдері мен ауыл шаруашылығы, жихаз және үй жабдықтары, мата мен киім-кешек, қолдан тоқылған бұйымдар сияқты салаларда жұмыс істейтін ирандық компаниялар қатысты. Сараптамаға сәйкес, ирандық өндірушілер өнімдері қазақстандық нарықта, алыс шетелдер арасында, Қытай мен Түркиядан кейінгі, үшінші орын алады екен.

ЕСІМДЕР

115 жыл бұрын (1894-1957) домбырашы, педагог, Қазақстанның халық әртісі МҰХИТОВ Лұқпан дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданында туған.

Халық композиторлары мен халық күйлерін біздің заманымызға жеткізіп, насихаттаған. Халық композиторы Мұхит Мералыұлының немересі. Әкесі Шоң ертеректе қайтыс болған. Атасы Мұхиттың тәрбиесінде өсіп, өнерпаздық тағлымын алған. Абыл күйшіден бергі Тазбала, Сәулебай, Кәуен, Құрманғазы шығармаларын мейлінше көп игерген. Оның «Нар ату», «Өтті-кетті», «Сән-әу», «Боз төбе», «Кербез ақжелең», «Бала қаратөс», «Жем суы», т.б. шығармаларының құндылығы жоғары. Л.Мұхитовтың 1933 ж. Алматыда өткен малшылар слетіне қатысып, өзінің домбырашылық әрі әншілік өнерін танытты. А.Жұбанов оны музыка-драмалық техникумға қызметке шақырды. Сонда жүріп композитор Е.Г.Брусиловскийге атасы Мұхиттың әндерін айтып, нотаға түсіртті, көптеген күйлер жаздырды. Музыка техникумының студенттері мен оқытушыларынан құралған домбырашылар ансамблі бүгінгі Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің негізі болды. Ол 1934 жылдан осы оркестрдің тобында домбырашы концертмейстер әрі ұстаз ретінде еңбек етті. 1936 жылы Қазақстанның Мәскеуде өткен онкүндігінде ол орындаған «Ақсақ құлан» күйі қазақ домбырасының қасиетін одаққа танытты. 2-дүниежүзілік соғыс жылдары концерт бригадасымен майдангерлер арасында өнер көрсетті. Құрманғазы оркестрінің шетелдік сапарларына қатысты. 1944-1952 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық етіп, Н.Тілендиев, Қ.Мұхитов, Ф.Сұлтанов, т.б. шәкірттерін тәрбиеледі.

80 жыл бұрын (1929-1998) этнограф, тарих ғылымының докторы МҰҚАНОВ Марат Сәбитұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында туған.

Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1954-1955 жылдары Өскемен қаласында тарихи-өлкетану мұражайында жұмыс істеген. 1956 жылдан этнография саласында зерттеу жүмыстарымен айналыса бастаған. 1956-1987 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының М.Мұқанов ұйымдастырған этнологиялық 6 экспедициясы Қазақстанның 9 облысында болып, онда қазақтың этногенезі мен этнографиясы және халықтың мәдени қарым-қатынастарының тарихы жөніндегі еңбектеріне мол материалдар жинады.

М.Мұқановтың 40 ғылыми еңбегі, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрген. «Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза», «Қазақ жерінің тарихы», «Из исторического прошлого», т.б. кітаптардың авторы. М.Мұқанов Қазақстанның тарихи-этнология ғылымына зор үлесін қосты.

55 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Павлодар облыстық физкультура және спорт басқармасының бастығы ШНЕЙДМЮЛЛЕР Александр Викторович дүниеге келді.

Павлодар облысында туған.

Павлодар педагогикалық институтын бітірген.

1975-1980 жылдары спорт мектебінде жаттықтырушы-оқытушы болып жұмыс істеген. 1980-1987 жылдары - «Труд» Бүкілодақтық ерікті спорт қоғамының облыстық «Еңбек» кеңесінде бөлім меңгерушісі, төрағасы. 1987-1994 жылдары - Индустриалды ауданы физкультура және спорт комитетінің төрағасы, Павлодар трактор зауыты «Трактор» стадионының директоры. 1994-1996 жылдары - Павлодар облыстық бодибилдинг және пауэрлифтинг федерациясының төрағасы. 1996-1999 жылдары - Павлодар қаласы әкімшілігі спорт ғимараттары басқармасының бастығы. 1999-2001 жылдары - Павлодар облыстық туризм және спорт басқармасының бастығы. 2001-2003 жылдары - Павлодар облысы әкімі іс басқармасының бастығы. 2003-2005 жылдары - Павлодар облыстық туризм және спорт департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2005 жылдың қаңтарынан.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 10 жыл» және «Қазақстан Республикасының Конституциясына - 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

15 ҚАРАША, ЖЕКСЕНБІ

  

Қазақстан ұлттық валютасы күні. Қазақстанның теңгесі - еліміздегі ұлттық валюта. Купюралар мен ақшаларда теңгенің белгісі қабылданған. 1993 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында ұлттық валютаны енгізу туралы» Жарлығы шықты. Содан бері бұл күн ресми түрде ұлттық валюта күні болып саналады.

Қазақстанда мұнайшы күні. Бүгінде Қазақстанның мұнай жүйесі - ең ірі және серпінді дамушы сала. Мұнай - экспорттың басты саласы және валюталық түсімдердің негізгі көзі.

Бразилия Республикасы жарияланған күн. 1889 жылғы 15 қарашада император тағынан тайдырылып, республика - Бразилияның Құрама Штаттары жария етілді. Жыл сайын аталып өтеді.

Бельгиядағы Король Династиясы күні - Ұлттық мейрам (1866). Екінші бельгиялық король ІІ Леопольд бекіткен. 1866 жылдың 15 қарашасынан тойланады. Бұл күн, бүкіл саяси, мәдени және тілдік әр алуандығына қарамастан, бельгиялық ұлттың бірлігін паш етеді.

Дүниежүзілік жағрафиялық ақпараттық жүйелер (ЖАЖ) күні. Бірқатар ірі америкалық компаниялар мен ұйымдардың (Ұлттық жағрафиялық қоғам, USGS, Sun Microsystems, Hewlett - Packard, ESRI, т.б.) бастамасымен жыл сайын атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

68 жыл бұрын (1941) Алматы киностудиясы Қазақстанға көшірілген «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудияларымен - Орталық Бірлескен Киностудияға (ОБКС) қосылды. Ол 1944 жылға дейін Алматыда жұмыс істеп, соғыс жылдарында барлық отандық көркем фильмдердің 80 пайызын шығарған.

10 жыл бұрын (1999) құны бес мың теңге банкнот айналымға шығарылды.

5 жыл бұрын (2004) «Экоправда» газетінің - Қазақстандағы тұңғыш экологиялық газеттің 500-інші шығарылымы жарық көрді.

5 жыл бұрын (2004) «Қазақтелеком» АҚ-ын Халықаралық Euromoney журналы Орталық Азиядағы маңдайалды компания деп таныды.

Euromoney қаржы әлеміндегі жұмыстар жайлы жария ететін Еуропадағы ең ірі компаниялардың бірі. Ай сайын мұнда халықаралық қаржы қауымдастығы «бизнесті дамыту үшін маңызды» деп бағаланатын мақалалар шығады.

3 жыл бұрын (2006) Варшавада поляк тілінде тұңғыш рет «Қазақ далаларының аңыздары» аталған қазақ халқы ертегілерінің жинағы жарық көрді. Бұл кітапты Қазақстанда туып-өскен, қазір Польшада тұратын поляк-оралмандар - Президент жұбайының, Польшаның бірінші ледиі, пани Мария Качиньская мен Қазақстан Республикасының Польшадағы Елшілігінің қолдауымен - шығарған. Ертегілерді поляктық тіл маманы Альдона Юдина аударған, ертегілер ішіндегі түрлі-түсті безендірулерді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырған.

ЕСІМДЕР

120 жыл бұрын (1889-1954) режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЛЕОНОВ-ВЕНДРОВСКИЙ Леонт Владимирович дүниеге келген.

Санкт-Петербор қаласында туған.

Санкт-Петербор театр училищесі мен сахна өнері техникумын бітірген.

1940-1954 жылдары Семей облыстық музыка драма театрының көркемдік жағын басқарды, бас режиссерлық қызметін атқарды. Осы театрда М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысы» мен «Сын сағаттасын», Ғ.Мүсірепов пен Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібегін», Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесін», Ә.Әбішевтің «Достық махаббатын», Л.А.Юхвид пен А.Б.Александровтың «Малиновкадағы тойын», Т.Г.Шевченконың «Назар Стодолясын», У.А.Гаджибековтің «Аршин мал аланын», т.б. қойды.

  

115 жыл бұрын (1894-1938) ақын, жазушы, драматург МАЙЛИН Бейімбет (Бимұхамед) Жармағамбетұлы дүниеге келді.

Қостанай облысында туған.

Арғынбай қажының медресесінде, Қостанайдағы орыс-қазақ мектебінде, Уфадағы Ғалия медресесінде, Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде оқыған.

1923-1925 жылдары Қостанай губерниялық «Ауыл» газетінде, 1925-1928 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде, 1928-1932 жылдары республикалық «Ауыл тілі» газетінде әдеби қызметкер, редактор болды. 1932-1937 жылдары - «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған.

Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған жылдары татардың Ғ.Ибрагимов, М.Ғафури ақын-жазушылармен шығармашылық байланыста болды. Осы оқу орнындағы «Садақ» қолжазба журналында «Мұсылмандық белгісі» атты тұңғыш өлеңі жарық көрді. Оның алғашқы шығармалары - «Қостанай уезі, Дамбар болысы» очеркі, «Мұқтаждық», «Көңіліме» атты өлеңі, «Мал», «Шұғаның белгісі» повесі, «Болған іс» әңгімесі «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде жарияланды.

«Кедейге», «Гүлденсе ауыл - гүлденеміз бәріміз», «Жазғы жайлауда», «Наурыз түлегі», «Көк сиыр», «Біздің жастар», «Мырқымбай», «Әйт, шу... ала атым», «Қарасор», «Бер, Мырқымбай, қолыңды!», «Әй, Мырқымбай», «Байдың қызы», «Рәзия қыз», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Қанды кек», «Сексен сом», «Күлпаш», «Талақ», «Қара шелек», «Ақталған еңбек», «Сары ала тон», «Шапайдың хаты», «Арыстанбайдың Мұқышы»,  «Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры», «Биғайшаның хаты», «Аштық құрбаны», «Сойқанды содырлар», «Кесінділер», «Алыптарды аралағанда», «Шұғаның белгісі», «Раушан - коммунист», «Азамат Азаматыч», «Қызыл жалау», «Қоңсылар», «Тартыс» атты поэмалар, фельетондар, очерктер, повестер мен романдардың, 25 пьесаның, либретто мен сценарийлердің авторы.

75 жыл бұрын (1934) онколог ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері МҰСЫЛМАНБЕКОВ Қани Жұмкенұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған.

Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген.

1957-1972 ж. еңбек жолын Жезқазған кенішінде телімдік терапевтен бастап, Қарағанды облыстық онкология дипансерінің бас дәрігері болды. 1972 жылдан Қарағанды мемлекеттік медицина институтында (қазіргі Қарағанды медицина академиясы) онкология курсының меңгерушісі.

Негізгі ғылыми еңбектері қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды хирургиялық жолмен емдеуге арналған. Өңеш, асқазан қатерлі ісігін хирургиялық және терапевтік жолмен емдеу тәсілдерін жетілдірді. Ол өңештегі қатерлі ісікті сылып тастаудың ерекше әдісін тауып, соның нәтижесінде өңеш қатерлі ісігімен ауыратын науқастардың операциядан кейінгі өмірін ұзартуға мүмкіндік беретін нәтиже алды. Операциядан кейін науқастардың өлімін және дертінің асқынуын азайтуға мүмкіндік беретін адаптациялық, инвагинациялық, т.б. анастомоздардың түрлерін жасады.

13 өнертабыстың авторы, халықаралық деңгейдегі 2 патенті бар, 20 өнертабыстық ұсыныс енгізген.

  

60 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары КӨПЕЕВ Мұхамбет Жұманазарұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған.

В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, Алматы жоғары партия мектебін, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын тау-кен орнында шебер, Қарағанды облысының басқармаларындағы қызметтерден бастаған. Жәйрем-Атасу еркін экономикалық аймақ әкімшілік кеңесінің төрағасы болып сайланған. 1995 жылдың желтоқсанынан - Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты, 1999 жылдың желтоқсанынан - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжіліс төрағасының орынбасары. 2004 жылдан - Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі. 2007 жылдан - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары.

Қазақстан Республикасындағы Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның, Парламентаралық одақтың мүшесі.

«Парасат», ІІІ-дәрежелі «Барыс» ордендерімен, төрт медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.