ҚазАқпарат-Анонс: қарашаның 20-cы мен 22-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: қарашаның 20-cы мен  22-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ЕЛБАСЫ

Қарашаның 20-да Елбасы  Н.Назарбаев   Астана-Бурабай  тас жолының  пайдалануға берілу  шарасына     қатысады.

ҮКІМЕТ

Қарашаның 20-да   Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде   ведомство алқасының кезекті  отырысы  өтеді.

Қарашаның  20-да Қорғаныс министрлігінде   ведомство алқасының    мәжілісі  өтеді.

ҚОҒАМ

Қарашаның 18-24-і аралығында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаровтың Вашингтонға сапары жоспарлануда. Онда АҚШ Президенті Әкімшілігінде, Конгресте, Мемлекеттік департаментте, Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде, энергетика және қорғаныс министрліктерінде кездесулер жоспарланған. Келіссөздер барысында ҚР мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту, екіжақты қатынастарды институциялық негізнге көшіру, аймақтық қауіпсіздік, сондай-ақ ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2010 жылғы сәуірде АҚШ-та өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммитке қатысу мәселелері талқыланбақ.

СПОРТ

Қарашаның 21-де Геннадий Головкин Германияның Киле қаласында   Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO)  нұсқасы бойынша құрлықаралық чемпионы атағын қорғайды. Геннадийдің бұл жолғы қарсыласы американдық Ише Смит.

АСТАНА

Қарашаның 19-21-і аралығында  Астанада  «Ядролық зерттеулер  бірлескен  институты   халықаралық   үкіметаралық   ұйымының Өкілетті  өкілдері комитетінің    алғашқы  көшпелі    сессиясы  өтеді.

Қарашаның 20-да   «Көрме»    орталығында «Кәсіптік  білім  және    бизнес:  серіктестер диалогы» тақырыбында халықаралық форум  болады.

Қарашаның  20-да  Мемлекеттік басқару академиясында  «Мемлекеттік   басқару  жүйесіндегі стратегиялық жоспарлауды     жетілдіру»    тақырыбында  бірінші академиялық симпозиум  өтеді.

Қарашаның 20-да Жоғарғы сотта   «Қазақстан  Республикасындағы ювенальдық  юстиция: даму   проблемалары  мен  перспективалары»    деген тақырыпта «дөңгелек үстел»  отырысы болады.

Қарашаның 20-да  «Іскер»  бизнес-орталығында  «Жастардың келісім   аумағы»  деген тақырыпта «дөңгелек үстел»  отырысы  болады. Қарашаның 20-да  «Нұр  Отан»  партиясының    Астана филиалында  «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық:   проблемалар   және   оларды шешудің  жолдары»  деген тақырыпта    қоғамдық тыңдау  болады.

АЛМАТЫ

Қарашаның  20-да  Тұңғыш  Президент  қорында  «Бәсекеге қабілеттікке әсер ететін  факторлар»  тақырыбына арналған  IV     халықаралық  форум өтеді.

Қарашаның  20-да   Қазақ-Британ техникалық университетінде  «Жер қойнауын   пайдалану  мәселелері» тақырыбына  арналған      көшпелі салалық  кеңес өтеді.

Қарашаның 20-да  Алматы әкімдігінде «Балаларға қатысты  хорлық-зомбылықты тоқтатайық!»  деген   тақырыпта конференция  өтеді.

Қарашаның 20-да  М.Әуезов атындағы   театрда   КСРО Халық  әртісі   Әзірбайжан  Мәмбетовты  ақтық сапарға шығарып  салу  рәсімі  өтеді.

Қарашаның  20-да Қазақстан баспасөз   клубында   БҰҰ-ның Балалар құқығы  жөніндегі конвенциясының  қабылдануының   20 жылдығына арналған    баспасөз мәслихаты өтеді.

АЙМАҚ

ҚАРАҒАНДЫ

Қарағандыда қарашаның 20-22-сі күндері «Жастар» спорт кешенінде дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді,

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕКЕЛЕР.

20 ҚАРАША, ЖҰМА

Дүниежүзілік балалар күні. 1954 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бүкіл әлемде балалардың аман-саулығын қамтамасыз етуге бағытталған игі іс-қимылдарға арналған балалардың бүкіләлемдік бауырластығы пен өзара түсіністігі күні ретінде «Дүниежүзілік балалар күнін» мерекелеу үрдісін барлық елдерде енгізуді ұсынды. Қарашаның 20-сы - Бас ассамблеяның 1959 жылы Балалар құқы декларациясын, ал 1989 жылы - Балалар құқы Конвенциясын қабылдауымен ерекшеленеді.

Африканы индустрияландыру күні. Африканы өнеркәсіптік жолмен дамытудың Екінші онжылдығы аясында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 20 қарашада жариялаған.

Мексикада Революция күні. Революция күніне - 1910 жылғы 20 қарашада, Мексика тәуелсіздігінің 100 жылдығын мерекелеу бойынша салтанаттар өткен соң, Франциско Мадеро бастаған Диас режиміне қарсы қарулы қақтығыстар басталған күнге орайластырылған.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2004) Павлодарда қазақ тілін үйрететін тегін жексенбілік мектеп ашылды. 

3 жыл бұрын (2006) Оралда Альфред Шнитке атындағы Саратов облыстық филармониясының «Волга-Бэнд» үрмелі аспаптар концерттік оркестрі өнерін көрсетті. Концерт М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өтті. Шығармашылық ұжымға Саратов консерваториясының профессоры, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері Анатолий Селянин жетекшілік етеді. Сахнада сондай-ақ танымал жеке орындаушы, «Славян базары» фестивалінің лауреаты Ирина Левина өз өнерін паш етті.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1939) қоғам қайраткері КӘРІБАЙҰЛЫ Жандар дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы Жоғары партия мектебін, Халықаралық құқық академиясын (1999) бітірген.

Еңбек жолын Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-интернатында неміс тілі пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған. 1966-1969 жылдары - Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакциясының әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары. 1969-1976 жылдары - аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, аудандық «Шұғыла» - «Радуга» газетінің редакторы. 1976-1984 жылдары - Жамбыл аудандық партия комитетінің хатшысы. 1984-1992 жылдары - Жамбыл облыстық партия комитетінің идеология, кейіннен ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімдерінің бастығы. Жамбыл облыстық Мәдениет басқармасының бастығы болды. 1995-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды. Сенаттың Аймақтық даму және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

100-ден астам көлемді публицистикалық мақалалардың авторы. Олардың тандаулылары «Ат тұяғын қыздырған Атамекен» деген атпен жеке кітап болып шықты.

«Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Астана» медальдарымен, ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясының күміс медалімен, «Алтын Барыс» белгісімен марапатталған. Сондай-ақ бауырластықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Моңғол Халық Республикасының «Достық» орденімен марапатталған.

55 жыл бұрын (1954) тарих ғылымының докторы, профессор, Халықаралық тарих ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Баспа және полиграфия ісінің қайраткері АЯҒАН Бүркітбай Ғелманұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында туған.

Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.

Қазақ педагогикалық институты комсомол ұйымының хатшысы, аға оқытушысы болған. 1990-1996 жылдары - Қазақ КСР-і Жоғарғы білім министрлігінде жетекші ғылыми қызметкері, Президент әкімшілігі мен Министрлер Кабинетінің баспасөз қызметінің кеңесшісі, сектор меңгерушісі, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1996-1998 жылдары - Қазақ мемлекеттік заң университетінің сыртқы байланыстар орталығының директоры. 1998-1999 жылдары - Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі БАҚ департаменті директорының орынбасары. 1999-2003 жылдары - Алматы калалық ақпарат пен қоғамдық келісім басқармасының бастығы болды. 2003-2008 жылдары «Қазақ энциклопедиясының» баспасының директоры қызметтерін атқарған. 2008 жылдың қазан айынан - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры - Қазақстан Республикасы тарихшылары және қоғамтанушылары лигасының төрағасы.

Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы (қоғамның әлеуметтік құрылымының эволюциясы, саяси өзгерістер, халықтың демографиялық құрылымындағы өзгерістер) тарихи мәселелерін зерттеуге арналған. «Қазақстан мемлекеті: қоғамдық жүйелердің эволюциясы», «Кеңестік социализмнің шарықтау шегі мен батуы. Қазақстан полигоны», «Қызылдар мен қаралар» кітаптарының, көптеген ғылыми мақалалардың авторы. Мектеп окушылары мен жоғары оку орындарының студенттеріне арналған оқулықтарды жазуға қатысты.

«Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

21 ҚАРАША, СЕНБІ

Бүкіләлемдік сәлемдесу күні. 1973 жылдан аталып өтеді. Бұл күнді өткізу идеясын Американың Небраска штатында тұратын ағайынды Майкл мен Брайан Маккормак «қырғиқабақ соғыс» өршіп тұрған кезде, халықаралық текетіресті күшейтуге қарсылық пен наразылық белгісі ретінде қабылдайды. «Қарапайым да тиімді амал табу қажет», - деп шешкен жігіттер ақжарқын көңілмен әлемнің түпкір-түпкіріне сәлем хаттар жөнелтеді. Олар бүкіл әлемде бейбітшілік орнатып, сол үшін жұрттың бәрін күреске шақыру идеяларын ешкімге тықпаламайды. Тек қана өздерінің сәлемдерін алғандар тағы біреулерге түзу сәлем берсе болғаны. идея қолдау табады. Содан бастап жыл сайын 21 қарашада Бүкіләлемдік сәлемдесу, қуанышты сезімдер мен көтеріңкі көңіл-күйлер күні атап өтіледі.

Дүниежүзілік телевидение күні. 1996 жылы 21 қарашада БҰҰ штаб-пәтерінде өткен тұңғыш Дүниежүзілік телевизиялық форум құрметіне сол жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жариялаған.

Босния мен Герцеговинадағы бейбітшілік туралы ортақ келісім күні. 1995 жылғы 21 қарашада Огайо штатының Дейтон қаласы маңындағы Райт-Патерсон америкалық әскери базасында, Дейтон бейбітшілік келісімі ретінде кеңірек танымал - Босния мен Герцеговинадағы бейбітшілік туралы Ортақ рамалық келісім жасалды. Сөйтіп, 1991 жылы Босния мен Герцеговина арасында тұтанған азаматтық соғыс ресми түрде аяқталды. Бейбітшілік конференциясы 1995 жылғы қарашаның 1-інен 21-не дейін созылып, Босния мен Герцеговина президенті Алия Изетбегович, Югославия Одақтық Республикасының президенті Слободан Милошевич, Хорватияның президенті Франьо Туджман, сондай-ақ басты американдық бітістіруші Ричард Холбрук пен американдық генерал Уэсли Кларк келісімдердің басты кейіпкерлері болды. Ресми келісімдерге Парижде сол жылдың 14 желтоқсанында қол қойылды.

Италияда Мадонна делла Салюте. Венециядағы үлкен канал жағасында храм тұрғызылған Мадонна делла Салюте құрметіне жыл сайын атап өтіледі. Шіркеу обадан құтылуды есте қалдыру мақсатында 1630 жылы салынған.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияға ресми сапары барысында Ұлыбританияның патшайымы ІІ Елизаветамен, елдің Премьер-министрі Тони Блэрмен, қаржы министрі Гордон Браунмен және Англияның іскер топтары өкілдерімен кездесті.

3 жыл бұрын (2006) 21-22 қарашада Алматыда «Иран және Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі кітап және жазба сөз» халықаралаық конференциясы өтті. Ұйымдастырушы - ҚР Ұлттық кітапханасы жанындағы Иран және Орталық Азия мәдениетін зерттеу жөніндегі орталық. Конференция жұмысына Қазақстан, Иран, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанның мамандары мен ғалымдары қатысып, тарих ғылымдарын дамытудағы жазу мен жазба көздердің рөлі қалыптасуының тарихы, сондай-ақ Қазақстанда, Иранда және де басқа елдерде қазіргі кездегі кітап басып шығару істеріндегі проблемалардың көкейкесті мәселелерін талқылады.

3 жыл бұрын (2006) Жидебай шатқалында Семей облысындағы Абай Құнанбаевтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық кешенінің құрылымды бөлігінің бірі - атақты философ, талантты композитор Шәкәрім Құдайбердиевтың республикадағы тұңғыш мұражайы ашылды. Экспозиция «Аңшы үйі» деп аталып, өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарында қуғын-сүргінге ұшыраған жазушының өмірбаяны мен шығармашылығын толықтай ашатын материалдар жинағын топтастырған. Көпшілік назарына оның Меккеге сапарын растайтын құжаттар тұңғыш рет ұсынылып отыр. Сонымен қатар экспозицияға батыс және шығыс философтарының, тарихшыларының еңбектері, қазақ және орыс классиктерінің шығармалары қойылған.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1904-1986) орыс әдебиеттанушы, қоғам қайраткері, КСРО ҒА академигі, КСРО ҒА әдебиет пен тіл бөлімінің академик-хатшысы, КСРО ҒА Президиумының мүшесі ХРАПЧЕНКО Михаил Борисович дүниеге келді.

РФ Смоленск облысында туған.

Смоленск университетінің түлегі.

1924-1928 жылдары - Солтүстік-Кавказ теміржолының Крыловская станциясындағы жеті жылдық теміржол мектебінің мұғалімі. 1928-1929 жылдары - Мәскеудегі Я.М.Свердлов атындағы Коммунистік университеттің тарих және әдебиет пәндерінің оқытушысы. 1929-1931 жж. - Воронеж университетінің доценті. 1931-1932 жылдары бастап Коммунистік академияның әдебиет пен өнер институтының оқу бөлімінің меңгерушісі. 1932-1938 жылдары бастап қызыл профессура Институтының орыс әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор. 1938-1948 жылдары - КСРО ХКК жанындағы өнер істері жөніндегі Комитет төрағасының орынбасары, төраға. 1948-1957 жылдары - М.Горький атындағы әлемдік әдебиет институтының аға ғылыми қызметкері. 1954-1957 жылдары - «Октябрь» журналының бас редакторы. 1957-1963 жылдары - КСРО ҒА әдебиет және тіл бөлімінің академик-хатшысының орынбасары. 1963-1974 жылдары - КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Жоғарғы аттестациялық комиссия Президиумының мүшесі.

1967 жылдан - КСРО ҒА әдебиет және тіл бөлімінің академик-хатшысы, орыс тілі мен әдебиет пәндері оқытушыларының Халықаралық ассоциациясының президенті.

Орыс әдебиеттануының даму тәжірибесін «Мировоззрение и творчество», «Литературные теории и творческий процесс» зерттеулерінде топтаған. «Семиотика и художественное творчество», «Размышления о системном анализе литературы» мақалаларында әдеби құбылыстарды тарихи-функционалдық және жүйелік зерттеудің қағидаларын жасап шығарды.

Н.В.Гоголь, Л.Н.Толстой туралы монографиялардың авторы.

Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте Ленин ордендерімен және медальдармен марапатталған.

80 жыл бұрын (1929) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Медицина ғылымдары академиясының академигі СОКОЛОВ Евгений дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған.

Мәскеу медицина институтын бітірген.

Ғарышты зерттеу Орталығында ғарышкерлерді ұшу сапарына іріктеу мен дайындау жұмыстарымен айналысып, ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор, оқу бөлімінің проректоры, Н.А.Семашко атындағы Мәскеу медицина институтының ректоры қызметтін атқарған.

Алғашында ғарышкерлерді іріктеу, кейіннен емханадағы науқастарды тексеру кезінде қолданылған психовегетативті тестілеу қағидасын ұсынған. Қазіргі кезде кардиология мен диабетология, қант диабеті дертіне қатысты ішкі органдардың бұзылу мәселелерімен айналысады. Көптеген ғылыми қауымдастықтардың, соның ішінде Американ диабеттік ассоциациясының мүшесі. 6 монографияның авторы, оның 4 шет тілдеріне аударылған. «Отан алдындағы ерен еңбегі үшін» III дәрежелі орденімен марапатталған.

65 жыл бұрын (1944) американдық актер, режиссержәне комедиялық жазушы РЭМИС Харольд Аллен дүниеге келді.

АҚШ-тың Чикаго қаласында туған.

Миссури штаты Сент-Луисте қаласындағы Вашингтон университетінің түлегі.

Оның ұзақ әрі жемісті шығармашылық қызметіне көз жүгіртсек, «Охотники за привидениями» фильміндегі Игон Спенглер мен «Нашивки» фильміндегі Рассел Зиски бейнелерін көрермендер ең сәтті деп таныды. Сондай-ақ, Рэмис аталған екі бейнефильм сценарийлерінің жазылуына өз үлесін қосты.

Оның жазушылық және режиссерлік қызметіне келетін болсақ, оның басты жұмыстары - «Мальчик для гольфа», «День сурка» және «Анализируй это» сияқты комедиялар. Рэмис рольдердің бірін өзі сомдаған «ССТВ» телехикаясының сценарийін жазды. Комедиялық жанр басым болғанымен, Рэмистің фильмдері жалпы қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді қозғайды. Ал оның фильмдерінің негізінде жатқан терең ой мысқыл және бой сергітетін ұрандармен тұстасып жатыр. Сондай-ақ, Рэмис еңбектерінің басты ерекшелігі суырып салма комедияны енгізуінде жатыр. 2002 жылы Харольд Рэмис «Как заработать 20 миллионов баксов» фильмін түсіру жұмыстарын жүргізу кезінде продюсерлік қызметті тағы бір мәрте байқап көрді. 2005 жылы ол «Ледяной урожай», ал 2007 жылы - «С кем бы отведать сыра» фильміне продюссерлік етті.

22 ҚАРАША, ЖЕКСЕНБІ

Ұлттық мейрам - Ливанның тәуелсіздігі күні (1943). Жерорта теңізінің шығыс жағалауында орналасқан, Таяу Шығыстағы мемлекет. Шығысы мен солтүстігінде Сириямен, оңтүстігінде - Израильмен шектеседі. Астанасы - Бейрут. Мемлекеттік құрылымы - парламенттік республика. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы билігі - Өкілдер ассамблеясы - парламент. Әкімшілік бөлінуі - 6 провинция, 25 аудан, округтер. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - ливан фунты.

Украинаның азаттық күні. 2005 жылғы 19 қарашадан Украина Президентінің Жарлығымен бекітілген. Жыл сайын демократия құндылықтарын бекіту және халықты ұлттық абыройлылық сезімде тәрбиелеу мақсатында атап өтіледі.

Армения банк қызметкерінің күні. 2003 жылғы 22 қарашада Армения Үкіметімен бекітілген.

Әзірбайжан әділет қызметкерлерінің күні. 2000 жылғы 11 қарашада Әзірбайжан Президентінің Жарлығымен бекітілген.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2004) Алматыда «Жемқорлыққа қарсы тұру негіздері» жаңа оқу құралының

таныстырылымы өтті. Бұл оқулық Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Роговтың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәмидың және Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Бычкованың редакторлығымен шығарылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мәселелері жөніндегі оқулық қазақ, орыс және ағылшын тілінде тұңғыш рет дайындалып, басып шығарылып отыр. Мұнда сыбайлас жемқорлық әлеуметтік құбылыс ретінде сипатталып, жемқорлықты жоюдағы сот жүйесі мен азаматтық қоғамның рөлі ашып көрсетілген.

5 жыл бұрын (2004) Таразда 70-інші жылдардағы Жамбыл облысының қоғамдық және мемлекеттік қайраткері Елубай Олжабаевты есте қалдыру мақсатында мемориалдық тақта орнатылды.

5 жыл бұрын (2004) Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының Үкібай ауылында Ғани Мұратбаев атындағы бірегей бақылау-өткізу пунктінің (ББӨП) ашылуы өтті. Мұндай пункттерді салу және жарақтандырудағы негізгі мақсат - сыртқы экономикалық іс-қимылмен айналысатындар үшін қолайлырақ жағдайлар жасау, кедендік үдерістерді қарапайымдандыру, мемлекеттік шекара арқылы өту уақытын мейлінше қысқарту.

5 жыл бұрын (2004) Қызылордадағы көшелердің біріне облысқа кең танымал жазушы және журналист Орман Нұрқабаевтың есімі берілді.

Ол Шиелі мен Сырдария аудандарында шыққан аудандық газеттердің редакторы болған, облыстық «Ленин жолы» газетінің бөлім меңгерушісі, облыстық баспахананың директоры қызметтерін атқарған. О. Нұрқабаев осы аймақтағы журналистика мен полиграфия саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан.

ЕСІМДЕР

95 жыл бұрын (1914-1986) театр және кино суретшісі, кескіндемеші, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері ҚОЖЫҚОВ Құлахмет Қоңырқожаұлы дүниеге келген.

Оңтүстік Қазақстан облысыныңТүркістан қаласында туған.

Санкт-Петербор үлкен театры жанындағы көркемсурет студиясын бітірген.

Өнердегі шығармашылық жолын анасы Ләтипа Қожықова мен ағасы Қожахмет Кожықовпен бірге драма театры сахнасын көркемдеуден бастаған. 1932-1938 жылдары М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрының суретшісі болды. 1938-1954 жылдары Алматы киностудиясында, Орталық Біріккен киностудия құрамында суретші, Қазақ мемлекеттік баспасының суретшісі қызметін атқарды. 1970-1986 жылдары өзі ұйымдастырған Республикалық қолөнер мұражайының тұңғыш директоры болды. Қазақ драма театрында спектакльдердің сахналық безендіруін жасады. 1944 жылы қойылған «Абай» операсының декорациясы мен костюмдерінің үлгілерін дайындап, көптеген опералық шығармаларды сахналауға қатысты. Қожықов қазақ кино өнерінің дамуына да зор үлес қосты.

 «Домбыра сазымен», «Алып туралы ән», «Абай әні», «Біз Жетісуданбыз», «Менің атым Қожа», «Алдар Көсе», «Атамекен» және «Гауһартас». Абай, М.Әуезов, Т.Г.Шевченко, Ы.Алтынсарин кітаптарын, «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Қобыланды», т.б. эпостарды безендірді. Оның бірқатар графикалық туындылары пейзаж жанрына арналған: «Танаптағы орман», «Шырша», «Үшқоңыр жайлауы», т.б. Ол «Қазақ қолөнер шеберлері» ғылыми-көпшілік фильмін түсіруге атсалысты.

80 жыл бұрын (1929) ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Білім беру ісінің үздігі ЖҰБАНОВ Есет Құдайбергенұлы дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған.

Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет), Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген.

1951-1957 жылдары - Петропавл педагогикалық училищесінің оқытушысы, Солтүстік Қазақстан облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының бөлім меңгерушісі, оқу бөлімінің нұсқаушысы, «Қазақстан мұғалімі» газетінің қызметкері. 1957-1991 жылдары - Тіл және әдебиет институтының кіші, аға ғылыми қызметкері болған. 1991 жылдан - Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, қазақ және жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі.

Негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары қазақ эпостарының тілін, әдеби тіл тарихын талдауға арналған.