ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 2-сі мен 4-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ЕЛБАСЫ
Қазанның 2-сінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Әзірбайжанға ресми сапары жоспарлануда. Екі ел басшылары екіжақты және көпжақты форматтағы қазақстан-әзірбайжан арасындағы өзара ынтымақтастық перспективалары мәселелерін талқылауды жоспарлауда.
Қазанның 3-інде Нахичеванда (Әзірбайжан Республикасы) Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев қатысатын Түркі тілдес елдер басшыларының 9-шы Саммиті өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Қазанның 2-сінде Парламент Мәжілісінде бірінші шақырылған Мәжілістің төрағасы М.Оспановтың кітабының таныстырылымы өтеді.
Қазанның 2-сінде Парламент Мәжілісінде «Марат Оспанов және қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуы» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
ҮКІМЕТ
Қазанның 2-сінде Астанада экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақстан-польша үкіметаралық комиссиясы өтеді. Отырыста қазақстан тарапынан ҚР Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Рапиль Жошыбаев ал польша жағынан - ПР Премьер-министрдің орынбасары - Экономика Министрі Вальдемар Павляк бастаған делегациялар қатыспақ.
Қазанның 2-сінде «Рэдиссон» отелінде Қазақстан-Бразилия бизнес-форумы өтеді.
Қазанның 2-сінде «Риксос» отелінде Қазақстан-Польша бизнес форумы өтеді.
Қазанның 2-сінде Білім және ғылым министрлігінде жастардың еңбек жасақтарының жұмыс қорытындылары мен алдағы жоспарларына арналған брифинг өтеді.
ҚОҒАМ
Қыркүйектің 28-і мен қазанның 9-ы аралығында Варшава қаласында мыңнан астам ұлттық делегациялар өкілдері, адам құқықтары мен демократизациялау жөніндегі көптеген үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ), академиялық топ өкілдерінің қатысуымен адам өлшемі саласындағы міндеттемелерді орындау барысына қатысты жыл сайынғы ЕҚЫҰ Кеңесі өткізіледі. Кеңеске Қазақстан жағынан СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Мәдина Жарбосынова бастаған делегация қатысады.
Қазанның 1-2-сінде Қазақстанға Египет Араб Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмед Фатах Аланың іссапары жоспарлануда.
Қазанның 2-сінде Қазақстанға Бразилия Федеративті Республикасының Даму, өндіріс және халықаралық сауда министрінің орынбасары Иван Жоао Гимараес Рамальо бастаған бразилиялық бизнес-делегация келеді.
АСТАНА
Қыркүйектің 11-і мен қазанның 11-і аралығында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайында Қостанай облыстық мұражай қорларының «Ұлттық мәдениеттер бесігі» тақырыбындағы көрмесі өтеді.
Қыркүйектің 15-і мен қазанның 15-і аралығында Астанада тазалық айлығы өтеді.
Қазанның 2-9 аралығында Астанада тұңғыш рет Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) Бас Ассамблеясының XVIII сессиясы өтеді. Оған әлемнің 156 елінен 600 делегат қатыспақ.
Қазанның 2-сінде Астанада Бразилия Федеративті Республикасының Даму, өндіріс және халықаралық сауда министрінің орынбасары Иван Жоао Гимараес Рамальоның Қазақстанға сапары аясында «Қазақстан-Бразилия: ынтымақтастық перспективалары» атты бизнес-форум өтеді. Форумға әуе, тау-кен, энергетика, металл өндіру, байланыс, медицина, химия, ауылшаруашылық, агроөнеркәсіп және тамақ сынды әртүрлі сала өкілдерінен құралған 20-дан аса бразилиялық компания өкілдері қатысады деп күтілуде.
Қазанның 2-сі күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қосымша білім беру гранттарын тапсыру салтанаты өтеді.
Қазанның 2-сінде Мемлекеттік басқару академиясында «Этносаралық толеранттылықтың қазақстандық моделі» модулі таныстырылады.
Қазанның 2-сінде Конгресс-Холда Мұғалімдер күніне орай Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен оқытушыларды марапаттау рәсімі өтеді.
Қазанның 2-сінде «Нұр Отан» партиясының орталық кеңсесінде «Жастардың кадрлық резерві» жобасының қатысушылары Б.Тілеуханмен кездеседі.
Қазанның 3-інде Астанада Бразилия Федеративті Республикасының Даму, өндіріс және халықаралық сауда министрінің орынбасары Иван Жоао Гимараес Рамальоның қатысуымен қазақстандық БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
Астанада қазанның 4-і күні «Қазанат» ипподромында ұлттық ат спорты түрлерінен фестиваль өтеді. Аталмыш шараныҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және ҚР Ұлттық ат спорты түрлерінің қауымдастығы бірігіп ұйымдастыруда. Бұл бәсеке Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) Бас Ассамблеясының XVIII сессиясына орайластырылып отыр. Қазанның 2-9 күндері өтетін бұл алқалы жиын биыл елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылуда. Оған әлемнің 156 елінен 600 делегат қатыспақ.
АЛМАТЫ
Алматыда қыркүйек айының 25-інен қазан айының 5-іне дейін дәстүрлі 4 қалалық «Алматы - менің сүйікті қалам» атты фото байқау өтеді. Шараны Алматы қаласы жастар саясатының мемлекеттік дамыту қоры мен Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы ұйымдастыруда.
Қазанның 2-сінде Алматы қаласында М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының базасында (солтүстік және шығыс өңірлер мен Алматы) және қазанның 9-ында Қызылорда қаласында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті базасында (орталық, оңтүстік, және батыс өңірлер мен Астана қаласы) «Жастардың тәрбиесі мемлекет дамуының кепілі» тақырыбында жоғары оқу орындарының проректорларының қатысуымен республикалық есептік конференциялар өткізілу жоспарланып отыр.
Қазанның 2-сінде «Қазжол» қонақүйінде «Журналистердің және қазақ тілді БАҚ заңгерлерінің құқықтық мәдениеттерін көтеру» тақырыбында тренинг болады.
АЙМАҚ
2009 ЖЫЛДЫҢ ҚАЗАН АЙЫНДА:
ОҚИҒАЛАР
130 жыл бұрын (1879) ағартушы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) «Қырғыз хрестоматиясы» басылып шықты. Бұл - қазақ ауыз әдебиеті туындылары: ертегілер, аңыздар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар жинағы.
100 жыл бұрын (1909) Санкт-Петерборда Абай Құнанбаевтың (1845-1904) алғашқы жыр жинағы басылып шықты. Ақынның 1889-1990 жылдары кейбір өлеңдері Омбыда «Дала Уалаяттары» газеті беттерінде жарияланған болатын.
85 жыл бұрын (1924) Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағаты құрылды.Ақмола уездік мұрағаты болып құрылып, 1928 жылы - округтік, 1932 жылы - Ақмола аудандық, 1939 жылдан бастап Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағаты, 1960-1993 жылдары - Целиноград облыстық мемлекеттік мұрағаты болып аталған. Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағаты - Ақмола облысының тарихына байланысты құжаттарды мемлекеттік сақтауға алған арнаулы мекеме. Мұрағатта облыстық, уездік, аудандық, болыстық ревкомдар мен Кеңестердің атқару комитеттерінің қызметін айғақтайтын 1917 жылдан бергі тарихи құжаттар жинақталған. Облыс жеріндегі кәсіпорындар мен ауыл шаруашылық, халық ағарту, заң қорғау, денсаулық сақтау мен мәдени ағарту орындарының жұмысын айғақтайтын құнды деректер сақталады. Тың өлкесі кезіндегі бүкіл Солтүстік Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін сипаттайтын қорлар кешені бар.
70 жыл бұрын (1939) Жамбыл облыстық мұрағаты құрылды. Ғылыми-анықтамалық әдебиеттер қоры 1,5 мыңға жуық. Құжаттардың хронологиясы 1917 жылдан басталады. Қаратау қалалық бөлімшесі, 8 ауданда бөлімшелері бар.
79 жыл бұрын(1970) «Өскемен» қонақ үйі пайдалануға берілді.
68 жыл бұрын (1941) Петропавл №239 зауыты (В.Куйбышев атындағы Петропавл машина жасау зауыты) алғашқы өнімін берді
51 жыл бұрын (1958) Өскемен құрылыс-жол институты ашылды. Қазіргі атауы - Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті. Қазақстанның аса ірі техникалық жоғары оқу орны. Техникалық әрі экономикалық бейіндегі, сондай-ақ ақпараттық технологиялар, сәулет өнері мен дизайн аясында мамандар дайындайды.
50 жыл бұрын (1959) жазушы Сәуірбек Бақбергенов қазақтың күйшісі Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін балаларға арналған «Дина» атты повесть жазып шығарды.
45 жыл бұрын (1964) Қалижан Бекқожин (1913-1990) революционер Әліби Жангельдин және ақын Сәкен Сейфуллинге арналған «Сұңқар туралы аңыз» поэмасын жазды.
40 жыл бұрын (1969) жазушы Әлжаппар Әбішев өзінің «Найзағай» атты романын жазып бітірді. Бұл кітапта қазақ халқының ер жүрек ұлы - азаттық және әділеттілік үшін күрескер, белгілі ақын және композитор Мәдидің өмір сүрген сол кездегі тұрмыс-тіршілік, әдет-ғұрып, салт-дәстүр және әбігерлік көріністері баяндалған. Басына түскен ауыр соқпақтар халық жақтаушысының табандылығы мен мүдірместігінен бас тартқызбайды.
25 жыл бұрын (1984) қазақтың көрнекті ақыны Кенен Әзірбаевтің (1884-1976) 100-жылдық мерейтойына арнап «Жазушы» баспасы «Песни гор и степей» атты жырлары, айтыстар мен поэмалар жинағын басып шығарды.
2 ҚАЗАН, ЖҰМА
Гвинея Республикасының мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1958). Мемлекет Батыс Африкада орналасқан. Солтүстігінде Гвинея-Бисаумен, Сенегал және Малимен шектессе, шығысы мен оңтүстік-шығысында - Кот-д'Ивуармен, оңтүстігінде Либериямен және Сьерра-Леонмен шектеседі. Батыс жағалауын Атлант мұхиты шайып жатыр. Астанасы - Конакри. Мемлекеттік тілі - француз. Мемлекеттік құрылымы - республика. Мемлекет басшысы - президент. Ақша бірлігі - гвинеялық франк.
Қазақстан Республикасы мен Гвинея Республикасы арсындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылғы маусымның 6-да орнатылған.
Бүкіләлемдік ауылшаруашылығы жануарларының күні.
Бұл мереке 70 жылдан аса уақыттан бері аталып келеді. Көптеген елдерде табиғат қорғау ұйымдарының бастамасымен үй жануарларына қамқорлықпен қарау мәселесіне байланысты көптеген заңдар қабылданды. Содан бері өркениетті елдерде үй жануарлары отбасы мүшесі ретінде есептеледі. Олар да жақсы тамақ ішіп, медициналық көмекке құқығы бар, тіпті мейрамдары бар.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1991) Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Ресейлік А.Волков, австриялық Ф.Фибекпен бірге Байқоңырдан «Союз-ТМ-13» кемесімен ұшып, «Мир» орбиталық кешенінің космонавт-зерттеуші болған. Онда барлық ғарышкерлермен бірге технология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 10 қазанда «Союз-ТМ-12» кемесімен Жерге оралған. Ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут болған.
68 жыл бұрын (1941) Мәскеуді жаулауға арналған гитлерлік жоспар - «Тайфун» операциясы басталды. Гитлер әскерлеріне «үш жарым айда, қыс түспей жатып, жауды жеңеміз. Барлық дайындық аяқталды. Бүгін бұл жылдың ең шешуші соғысы болады» деп хабарлаған болатын. Екі айдан соң Мәскеу түбінде кеңес әскерлерінің қарсы шабуылына ұшыраған ол, енді Мәскеуді жоюды емес, өз армиясын аман алып қалуды ойлады.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924-1987) жазушы ИМАНБАЕВ Зейнел-Ғаби дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Солтүстік Қазақстан облысы Сергееев ауданы Ортақкөл ауылында туған.
Баян орта мектебін бітіргеннен кейін ұжымшарда есепші болып жұмыс істеген.
«Қанатты өмір» атты очерктің, «Бастама» әңгімелер жинағының, «Сұңқар туралы жыр» деректі повестердің, «Қыран түлегі», «Ауыл түтіні» кітаптарының, «Сырымбет», «Арлан», «Дала көктемі», «Кішкене малшы», «Кең аймақ», «Жас шыбықтар», «Солмайтын гүл», «Нажағайлы түн» атты туындылардың авторы. Жекелеген әңгіме-очерктері мектеп оқулықтарына енген.
«1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
65 жыл бұрын (1944) ғалым, педагогика ғылымдарының докторы СИҚЫМБАЕВ Игілік дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған.
Шымкент педагогикалық институтын және оның аспирантурасын бітірген.
1969-1975 жылдары мұғалім болып жұмыс істеген. 1975-1978 жылдары - Шымкент педагогикалық институты мәдени-ағарту жұмыстары теориясы кафедрасының аға оқытушысы. 1981-1984 жылдары - мәдени-ағарту жұмыстары факультеті деканының орынбасары. 1988-1997 жылдары - мәдени-ағарту теориясы кафедрасының меңгерушісі. 1997-1999 жылдары - аға ғылыми қызметкері. 2001-2007 жылдары - Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университеті мәдениеттану және әлеуметтік педагогикалық кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
65 ғылыми еңбектің, оның ішінде бір монография, бес оқу құралының авторы.
65 жыл бұрын (1944) баскетболшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері ЖАРМҰХАМЕДОВ Әлжан Мұсырбекұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған.
1970-1974 және 1976-1980 жылдар аралығында КСРО-ның, 1972 жылы Мюнхендегі (Германия), 1980 жылы Мәскеудегі (Ресей) Олимпиадалық ойындарының, 1967, 1971 және 1979 жылдары Еуропаның чемпионы.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1949) «Еуразия» Халықаралық экономикалық академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты ТІЛЕУБЕРДИН Алтай Абылайұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.
1972-1981 жылдары - Қазақ КСР-і Мемлекеттік жоспар экономисі, аға экономисі, бас маманы. 1981-1986 жылдары - Қазақстан Орталық Комитеті Коммунистік партиясының нұсқаушысы. 1986-1991 жылдары - Алматы облыстық партия комитеті экономика бөлімінің меңгерушісі, Министрлер Кеңесі төрағасының, Қазақ КСР Премьер-Министрі көмекшісі, Қазақ КСР Президент Аппаратының және Министрлер Кабинеті нарық экономикасы жөніндегі тобының консультанты. 1991-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы вице-президентінің кеңесшісі, көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 1994-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті хатшылығының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы экономика министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министр Кеңсесінің жетекшісі, Қазақстан Республикасы табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын кәсіпкерлікті қолдау агенттігінің төрағасы. 2000-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы қызметін атқарған. 2007 жылдан - Парламент Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі.
3 ҚАЗАН, СЕНБІ
Германия Федеративтік Республикасының мемлекеттік мейрамы - Германияның бірігу күні (1990). Мемлекет Орталық Еуропада орналасқан. Солтүстігінде Даниямен шектессе, шығысында - Польшамен және Чех Республикасымен, оңтүстігінде - Австриямен және Швейцариямен, батысында - Франциямен, Люксембургпен, Бельгиямен және Нидерландиямен шектеседі. Солтүстігін Солтүстік және Балтық теңіздері шайып жатыр. Астанасы - Берлин. Мемлекеттік тілі - неміс тілі. Мемлекеттік құрылымы - федеративтік республика. Мемлекет басшысы - президент, үкімет басшысы - канцлер. Немістер бірлігі күні 1990 жылғы Батыс және Шығыс Германияның біріккен күні атап өтіледі. Сонымен бірге бұл күн ресми ұлттық мереке және мемлекеттік демалыс күні боп жарияланған.
Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылғы ақпанның 12-де орнатылған.
Халықаралық жануарларды қорғау күні.
Бұл мереке 1931 жылдан бері табиғат қорғау қозғалысы жақтастары тарапынан Халықаралық конгресте қабылданды. Содан бері жануарларды қорғау қоғамы бұл атаулы күнді тойлап келеді.
ОҚИҒАЛАР
52 жыл бұрын (1957) КСРО-да алғаш рет әлемдегі жердің жасанды серігі «Спутник-І» ұшырылды. Содан бері 4-10 қазан аралығында Дүниежүзілік космос күні аталып өтіледі.
19 жыл бұрын (1990) екі ел - ГДР мен ФРГ әлемдік картадан алынып тасталып, орнына Германия деген мемлекет пайда болды. Берлинде бұл күні ГДР-дің байрағы түсіріліп, сол күннен бастап бұл мемлекеттің аты жойылды.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1939) жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері ҚАЛДЫБАЕВ Әділхан дүниеге келді.
Жамбыл облысының Шу ауданындағы «Кербұлақ» ұжымшарында туған.
Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын 1963 жылы Қызылорда облысының Арал ауданындағы Бөген орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1965 жылдан Жамбыл облыстық теледидар және радио хабарларын тарату жөніндегі комитетінің редакторы, облыстық «Еңбек туы» газетінің әдеби қызметкері, Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған. 1976-1995 жылдары - облыстық «Еңбек туы» («Ақ жол») газеті редакторының орынбасары, редакторы.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтары облыстық ұйымдарының төрағасы.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Көк дөңгелек», «Қос тентек», «Су тасушы Әшірбек», «Байнаш солдат», «Шаншар атай», «Мишка - менің досым», «Өзен жағасында», «Менің ағам - солдат», «Көк дөңгелек», «Автобус аялдамасы» кітаптарының авторы. «Ата» деген атпен таңдамалы шығармалары жарық көрді. Жазушының бірқатар туындылары орыс, беларус, армян, түркімен, татар тілдеріне аударылған.
«Шаншар» атай аталған комедиясы 1980 жылы Жамбыл облыстық драма театрында қойылып, балалар мен жастарға арналған спектакльдердің Бүкілодақтық байқауында бірінші орынға ие болды.
4 ҚАЗАН, ЖЕКСЕНБІ
Лесото Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1966). Бұл ел Африканың оңтүстігінде орналасқан. Астанасы - Масеру. Мемлекеттік тілдері - ағылшын, сото тілдері. Мемлекеттік құрылымы - парламенттік демократия негізі бар конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - король. Үкімет басшысы - премьер-министр. Ақша бірлігі - ма-лоти.
Мұғалім күні. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың 1998 жылғы 20 қаңтарындағы Жарлығына сәйкес қазанның бірінші жексенбісінде аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) Ангола Республикасымен Дипломатиялық қарым-қатынастар орнату туралы хаттамаға қол қойылды.
10 жыл бұрын (1999) Президент Н.Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сол кездегі төрағасы, Норвегияның Сыртқы істер министрі К.Воллебекты қабылдады. Кездесу барысында Н.Назарбаев пен К.Воллебек Қырғызстандағы жағдай, Стамбулда өтетін ЕҚЫҰ саммиті және республикадағы парламенттік сайлауды өткізуге дайындық барысы туралы пікір алмасты. Сондай-ақ мемлекет басшысы мен ЕҚЫҰ-ның төрағасы әлемдегі және Орталық Азиядағы қоғамдық өмірді демократияландыру үрдісін кеңейту мен тереңдетудің ахуалы және келешегін талқылады. Әңгіме барысында сонымен қатар көлік және коммуникация, сумен жабдықтау, экология салаларында Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің болашағы қарастырылды.
5 жыл бұрын (2004) «Қазпочта» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы аумағында почта айналымына «Құттықтаймыз!» купонды көркем пошталық маркасы пошталық төлемдердің мемлекеттік белгісін енгізді. Қазпошта қызметін пайдаланушы өз суреті салынған марка ала алады. Ол үшін поштамтқа келіп суретке түсіп, купонмен өзінің жақын туыстарына хат жіберсе ғана болғаны
1 жыл бұрын (2008) қазанның 4-11 аралығында Түркияда «Ресей баспа БАҚ-ның нарығы: үрдістер, жаңа технологиялар, келісім-шарт қатынастары» тақырыбындағы Баспа өнімдерін таратушылар ассоциациясының (БӨТА) XV халықаралық семинары болып өтті.
Форумда баспасөз нарығының ресейлік және шетелдік сарапшылары, баспа үйлерінің және таратушы мекемелердің басшылары, медиабизнес саласында істейтін аймақтық ұйымдардың өкілдері баяндамалар жасап, хабарламалар таратып, сөз сөйледі.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1904-1987) ғалым, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор КЕНЖЕБАЕВ Бейсенбай дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Бөген ауылында туған.
Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, Казақ мемлекеттік университетін бітірген.
«Жас қайрат», «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Кеңес туы», «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеттерінде редактор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1941-1944 жылдары - Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы. 1961-1987 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессоры.
Кенжебаев - қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай, С.Торайғыров, Ж.Жабаев, М.Сералин, М.Әуезов, С.Шәріповтердің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулықтар мен хрестоматиялар, «Тымпи», «Көңіл ашар» сатиралық фольклор мұраларын жариялады. «Асау жүрек» әңгімелер жинағы жарық көрген.
Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.
50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қаржы және экономика департаменті басшысы РАЕВА Бақытжан Темірбайқызы дүниеге келді.
Алматы облысы Шамалған аулында туған.
Москва гидромелиоративті институтын, Алматы экономика және статистика институтын бітірген. Лондон қаласындағы Экономикалық және саяси ғылымдар мектебінде кәсібін жоғарылату курсынан өткен.
1984-1985 жылдары - Үлкен Алматы каналын пайдалану жөніндегі басқармасының инженері. 1985-1986 жылдары - Алматы облысы Қаскелен ауданы «Дружба» кеңшарының инженері, комсомол комитетінің хатшысы. 1986-1992 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Қаскелен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1995-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қаскелен және Алматы қалаларындағы әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы, мемлекеттік инспектор, жұмыспен қамту испекциясы бөлімінің бастығы. 1999-2000 жылдары - Денсаулық сақтаудың медициналық және экономикалық мәселелері жөніндегі ғылыми орталықтың кіші ғылыми қызметкері. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау істері жөніндегі агенттігінің қаржыландыру бөлімінің бастығы, бас маманы. 2001-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және мониторингі бөлімінің бастығы, қаржы және экономика департаменті жоспарлау және экономика басқармасының бастығы, қаржы және экономика департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.