ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 21-і мен қазанның 24-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ
Қазанның 21-і күні Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі алқасының Министрліктің тоғыз айдағы жұмыс қорытындысы жөніндегі баспасөз мәслихаты өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Қазанның 21-і күні Парламент Сенатының жалпы отырысы өтеді.
Қазанның 21-інде Парламент Сенатында Экономикалық және аймақтық саясат жөніндегі комитеттің кеңейтілген отырысы өтеді.
Қазанның 21-і күні Парламент Мәжілісінде «Ауылға медициналық және педагогикалық кадрларды жіберу үшін қолға алынып жатқан шаралар мен қазіргі жағдай» мәселесі қаралатын әлеуметтік кеңестің отырысы өтеді.
Қазанның 21-інде Парламент Сенатында «Қазақстанның дағдарыстан кейінгі кезеңге өтуі кезіндегі қаржы жүйесінің дамуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.
СЫРТҚЫ САЯСАТ
Қазанның 21-22-сі күндері Минскідегі ТМД Атқарушы комитетінде өтетін отырыс барысында ТМД сарапшылары 2020 жылға дейінгі Достастық елдерінде зияткерлік жекеменшік саласындағы құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жасау бойынша өткізілетін іс-шаралар Тізімін талқылайды.
Қазанның 18-26-сы аралығында Венадағы Хофбург сарайында ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде Шолу конференциясының веналық бөлігі өтуде. Шолу конференциясының екінші бөлігі әскери-саяси, экономикалық және экологиялық қауіпсіздік мәселелерінің талқылануына арналатын болады.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Қазан айының 20-23-і аралығында ТМД-ның Қаржылық-банктер кеңесі мен Әзірбайжанның Халықаралық банкі Достастықтың Атқарушы комитетінің қолдауымен Бакуде халықаралық конференция өткізеді.
ЭКОНОМИКА
Қарашаның 1-інен бастап Қазақстан Халықаралық валюта қорының және Дүниежүзілік банк тобының Швейцариялық кіші тобына ауысады
СПОРТ
Қазанның 21-і күні Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде алда келе жатқан қазақша күрес бойынша ІІІ Әлем чемпионаты мен V Бүкіләлемдік күрес ойныдары жөнінде баспасөз мәслизат өтеді.
АСТАНА
Қазанның 21-інде «BNews.kz» АА студиясында ҚР Байланыс және ақпарат министрінің орынбасары Сәкен Сәрсеновтің қатысуымен: «2010-2014 жылдарға арналған ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытудың салалық бағдарламасының негізгі бағыттары туралы» Online-конференция (бейне Online -хабары www.bnews.kz порталында) өтеді.
АЛМАТЫ
Қазанның 15-і мен желтоқсанның 15-і аралығында Алматыда «Үздік инвестор» конкурсы өтеді. Бұл шараны «CAIFC», «Centras Securities», «Halyk Finance», «Seven Rivers Capital», «Premier Capital брокерлік компаниялары ұйымдастырып отыр.
Қазанның 21-і күні Алматыда «Жеңіл өнеркәсіптегі Қазақстандық үлес» тақырыбында конференция өтеді.
Қазанның 21-інде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Білім беру мен даму» тақырыбында Орта Азиялық конгресс болады.
Қазанның 21-і күні Алматыда метро вагондары сыналады.
Қазанның 21-інде Алматыда ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов пен Алматы қаласының әкімі А.Есімовтың қатысуымен ҚазҰАУ Ғылыми кеңесінің мерейтойлық отырыс өтеді.
Қазанның 21-і күні Алматының бас поштасы ғимаратында Ш.Уалихановтың 175 жылдығына арналған іс-шара өтеді.
Қазанның 21-і күні Алматыда Владимир Фатьянов пен Ираклий Квирикадзенің «Қасқырлардың әділ соты» атты мистикалық драмасының таныстырылымы өтеді
АЙМАҚТАР
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ
Қарашаның 1-інен бастап Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Боранқұл кентінде «Бизнес-Кеңесші» бизнес-оқыту бағдарламасын жүзеге асырудың ІІІ кезеңі басталады.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ҚАЗАННЫҢ 21-І, БЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Ақтау теңіз портында «Батыр» буксир-кантовщигінің таныстырылымы өтті. Құны үш миллион долларды құрайтын кеме Румынияның «Damen shipyard gorinchem» компаниясында жасалған. Ол кемелерді арқанмен байлауға, өрт сөндiруге және тасымалдауға қажетті барлық заманауи жабдықтармен жабдықталған. Портын мамандары Голландиядан оқып келді.
5 жыл бұрын (2005) Таразда жаңа өндірістің - Қазақстандағы бірден-бір керамзит бұйымдарын өндіретін зауыттың таныстырылымы болды. «Керамик-Инвест» ЖШС-іне Ресейде және басқа елдерде құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар тобының - «Стройтех» ғылыми-өндірістік орталығы» Ресей компаниясы инвестиция салып отыр. Бұл Қазақстандағы теңдесі жоқ бірегей өндіріс. Ресейде осыған ұқсас 20 шақты кәсіпорын бар. Шет елдерде автоматтандыру деңгейі тап осындай құрылыс тақталарын шығаратын кәсіпорын жоқ. «Керамик-Инвест» ЖШС-інің негізгі өнімі - құрылыс индустриясында үлкен сұранысқа ие болып отырған беріктігі жоғары және жоғары сапалы төсем тақталары, сондай-ақ зауыт сәндік әрлеу тақталарын да шығарады
5 жыл бұрын (2005) Санкт-Петерборда Ұлттар үйі ашылды.
Бүгінгі күні Ұлттар үйі Петерборда тұратын 36 көркем өнерпаздар ұжымын, ғылыми орталықтарын және 130-ға тарта халықтардың өкілдерін біріктіріп отыр.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ұйымдастырған Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы құрылымдық келісімнің отырысы барысында «2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарының» таныстырылымы өтті.
1 жыл бұрын (2009) Бішкекте Орталық Азияның жазушы-әйелдерінің «Тордағы бұлбұл» атты жинағының таныстырылымы өтті.
Жинаққа Орталық Азия республикаларының жазушы-әйелдерінің жұмыстары енген. Қазақстаннан жинаққа Мадина Омарова мен Зарина Жандосованың жұмыстары кірді. Кітап қырғызстан мен финдік ПЕН-орталықтарының ынтымақтастығымен қазақстандық «Ескендір» баспасынан шығарылды. Жинақтың таралымы бір жарым мың дана.
1 жыл бұрын (2009) Астанада Қазақстанның тұңғыш жел атласының таныстырылымы өтті.
Аталмыш жел атласы Қазақстан аумағындағы кез келген нүктедегі желдің жылдық орташа жылдамдығы жайында хабардар ететін интерактивті карта болып табылады. Атласты жасаушылардың айтуынша, Қазақстан жерінің 50 мың шаршы километрі жел энергетикасын дамытуға қолайлы. Ал осы әлеует пайдаға жаратылып жататын болса, жылына 900 мың ГВт /сағ. электр энергиясы алынады деп болжануда. Атлас - жел энергиясын алудың тиімді, басымдықты аймақтарын оңай анықтауға мүмкіндік беріп, осы салаға инвестициялар тартуға, жел энергиясын өндіру көрсеткіштерін арттыруға жол ашады.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1930-1986) қоғам қайраткері, биология ғылымдарының кандидаты МАШЕЕВ Тәңірберген Сыздықұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында туған. Алматы зооветеринарлық институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлы университеті) бітірген.
1959-1960 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы, 1960-1961 жылдары - Қазақстан ЛКЖО ОК-тың бірінші хатшысы. 1961-1966 жылдары - Кеген ауданды «Қарқара» кеңшарының директоры. 1966-1968 жылдары - «Дегерес» кеңшарының директоры. 1968-1970 жылдары - Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 1970-1973 жылдары - Алматы облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі. 1973-1977 жылдары - Жамбыл ауданы «Рославльский» кеңшарының директоры қызметтерін атқарған. 1977-1986 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқармасында жұмыс істеді.
Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.
65 жыл бұрын (1945) актер, режиссер, сценарийші, продюсер, Ресей Федерациясының Халық әртісі МИХАЛКОВ Никита Сергеевич дүниеге келді.
Мәскеу қаласында туған. Б.В.Щукин атындағы театр училищесін, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематографистер институтын бітірген.
«Тендер арасында өзі, өздері арасында бөтен», «Махаббат құлы», «Бес кеш бойында» сияқты фильмдердің режиссері. «Урга», «Сібір шаштаразы», «Күннен қалжырағандар» фильмдері үшін үш рет РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. 1991 жылы Венецияда өткен Халықаралық кинофестивальда «Урга» фильмі үшін «Алтын арыстан» сыйлығын, «Күннен қалжырағандар» фильмі үшін «Оскар» сыйлығын иеленген. Ол қазақ киносына да өз үлесін қосып, «Мәншүк туралы ән» фильміне түсіп, «Транссібір жүрдек пойызы» фильмінің сценарийін жазуға қатысқан.
1992 жылдан - Ресей мәдениет қорының төрағасы, 1998 жылдан - Ресей кинематографистер Одағының төрағасы, «ТРИТЭ студиясының» президенті қызметтерін атқарады.
Еңбек Қызыл Ту, «Отан алдында сіңірген еңбегі үшін» ордендерімен марапатталған. Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
ҚАЗАННЫҢ 22-І, ЖҰМА
Дағыстанның Мемлекеттік мейрамы - Ақ тырналар мерекесі
Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтың бастамасымен, поэзия мерекесі ретінде соғыс даласында мерт болған барлық жауынгерлердің рухын ардақтау мақсатында жиырма жылдан астам уақыт атап өтілуде.
ОҚИҒАЛАР
95 жыл бұрын (1915) Семейдің теміржол вокзалы ашылды. Семей вокзалының тарихы 1915 жылы қазанда осында Новониколаевтан алғашқы пойыз келген күннен басталады.
Осы жылдар ішінде ол екі рет күрделі жөндеуден өтті. Өз тарихында миллиондаған жолаушыларды қабылдап, шығарып салды.
5 жыл бұрын (2005) Көкшетаудың «Жайлау» ықшамауданында медресе ашылды. Дiни мектептiң ашылуына қолдау көрсеткендер «Науан хазрет» мешіті және «Қайрат» қайырымдылық қоры. Медресе оқуға, бес уақыт намазға арналған бөлмелермен жабдықталған, және онда асхана мен демалыс бөлмелері бар.
5 жыл бұрын (2005) Алматы «А-club» спорттық-сауықтыру орталығы ашылды.
«А-club» спорттық-сауықтыру орталығы Алматы орталығының маңындағы Ремизовск шатқалында орналасқан бұрынғы Демалыс үйінің орнында салынған.
5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Техникалық жәрдемдесу мен ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді бекіту туралы» және «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.
3 жыл бұрын (2007) Павлодарда Төлеубек Қоңыровтың «Бөкейханнан Баубекке дейін» атты жаңа кітабы жарық көрді. Жергілікті журналистика ардагерінің кітабында жерлестері мен Ұлы Отан соғысына қатысушылар жайында очерктер, әскери буын балалары жайындағы әңгімелер басылған. Баспада жарияланған сұхбатта 70 жастағы автор өмірі мен шығармашылық жолы, облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі қызметі жайында айтып береді.
3 жыл бұрын (2007) Халал өнімдерін стандарттау мен сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық комитет пен мемлекетаралық кеңес құрылды. Оның құрамына Қырғызстан, Ресей, Қазақстан және Малайзия елдері кірді. Қазіргі кезде елде 150-ден астам фабрикалар мен кәсіпорындар шариғат заңдарына сүйеніп, таза өнім өндіруді қолға алған.
3 жыл бұрын (2007) Шымкентте жастар діни білім алатын жаңа оқу орны ашылды. Бұл - бозбалалар мен бойжеткендер қатар білім ала алатын алғашқы діни мекеме. Оқудың ұзақтығы 2,5 жыл. Жаңа медресенің өз жатақханасы, кітапханасы, компьютерлік сыныбы, спорттық залы және мешіті бар.
1 жыл бұрын (2009) «Ақтөберентген» АҚ-ның жетекші инженері Иван Кисельниковтың басшылығымен «Санжар» атты бірегей кішідозалы флюрографиялық рентген аппараты ұсынылды. Мұндай бірінші аппарат облыс орталығының ауруханаларына қойылды.
Бұл жоғары технологиялық аппараттын бірегейлігі соншалық, онда алғаш рет сканерлік рентгендік тексеру амалы қолданылды, бірақ қаралушы адамның күнделікті мөлшерінен аспайтын микроскопиялық сәулеге шалдығады. Жаңа аппаратта сәулеге шалдығудан қорықпай, флюрографияны жылына 200 рет түсуге болады. Бұл аппаратта алдын алу мақсатында әдеттегіден жиі балаларды, жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді тексеруге болады.
Аппараттың басқа ерекшеліктерінің ішінде жоғары қарама-қарсы болып тұрған сезгіштік, рұқсат етілетін қабілеттілігі, динамикалық диапазон және сканерлік өрісі көбейуі болып табылады. Аппараттың құрылымы адам ағзасының барлық мүшесін түсіруге мүмкіндік береді және жұмсақ ұлпаларды, сүйек құрылымын бір суреттен қарауға болады. Сканерлік өрісі 1200 мм дейін көбейген, ал жәй аппараттар 400-де 400 мм ғана болады. Аппаратқа тиісті сертификат берілген.
1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталды.
ЕСІМДЕР
140 жыл бұрын (1870-1953) орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты БУНИН Иван Алексеевич дүниеге келді.
Ресейдің Воронеж қаласында туған. Оның әдеби қауымға 1887 жылы жарыққа шыққан алғашқы көркем дүниелерімен-ақ таныла бастаған. «Күзгі жапырақтар» жинағы үшін 1901 жылы Ресей Ғылым Академиясының А.С. Пушкин атындағы сыйлығын алды. «Антонов алмасы», «Қарағайлар», «Жаңа жол» атты шығармалар жинағын да оқырман қауым жылы қабылдаған. Өмірінің соңғы сәттерінде жазылған естеліктер мен мақалалары 1990 жылы Мәскеуде «Советский писатель» баспасынан «Окаянные дни» деген атпен жарық көрді. Кеңес өкіметін, большевиктер билігін өмір бойы мойындамай өткен Бунин кеңес жазушылары, кеңес қоғамы туралы өзінің шынайы ойларын аталмыш кітапта жан-жақты жазып қалдырған.
Оның «не пугай меня грозой» деген өлеңінін Абай «Қорқытпа мені дауылдан» деген атпен қазақ тіліне аударған. Жазушының «Антонов алмасы» жинағы Ғ.Қайырбеков аудармасымен қазақ тілінде жарық көрді.
85 жыл бұрын (1925-2004) қазақ экономисі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды қаласының құрметті азаматы ҚАШЫҚОВ Шағатай Қашықұлы дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Семей педагогикалық институтын (қазіргі Семей мемлекеттік педагогикалық институты), және С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын (қазірігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1947-1960 жылдары Қарағанды облыстық халық ағарту мекемелерінде істеген. 1960-1965 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті, 1965-1991 жылдары Қарағанды политехникалық институты (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) кафедрасының меңгерушісі, 1991-2004 жылдары профессоры болып қызмет атқарған.
Ғылыми жұмысының негізгі бағыты - жиынтық қоғамдық өнімнің ұдайы өндіріс процестерін зерттеу және социализм кезіндегі мемлекет пен оның кәсіпорындары арасындағы таза өнімді бөлу.
«Структура и темпы роста национального дохода», «Модификация чистого продукта в распределительные формы национального дохода» атты шығармаларының авторы.
І-інші дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
ҚАЗАННЫҢ 23-І, СЕНБІ
Венгрияның Мемлекеттік мейрамы - Республика күні
1956 жылғы қазанның 23-інде тәуелсіздік жолындағы күрес басталып, 1989 жылы Венгрия Республикасының егемендігі жарияланды.
Венгрия Республикасы - Еуропаның орталығында орналасқан мемлекет. Ресми тілі - венгр (мадьяр) тілі. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы органы - бір палаталы Мемлекеттік жиналыс. Астанасы - Будапешт.
Қазақстан Республикасы мен Венгрия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Грозный қаласының мэрі Мүсілім Хучиев Бутырин атындағы көшенің атауын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ауыстыру туралы өкімге қол қойды. Бұл - екі халықтың арасындағы бауырластық байланыстарды нығайту ісіне қомақты үлес қосқан Қазақстан Мемлекетінің басшысына көрсетілген құрмет.
1 жыл бұрын (2009) Семейде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің стадионы салтанатты түрде ашылды.
Стадион жоғары оқу орнының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықовтың жеке бастамасымен университет бас корпусының маңындағы бос алаңқайға салынған. Семей мемлекеттік университетіне қарасты жаңа стадионың футбол алаңына қаладағы бірінші және әзірше жалғыз жасанды жамылғы төселген.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Чираган Сарайында Ыстамбұлдың Окан университетінің Құрметті докторы атағына ие болды.
Окан университетін 1999 жылы Окан мәдениет, білім және спорт қоры құрған болатын.
ЕСІМДЕР
45 жыл бұрын (1965) инженер-құрылысшы, экономист, техника ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ президенті МАМИН Асқар Ұзақбайұлы дүниеге келді. Астана қаласында туған. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын (Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университет), Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын бітірген.
Еңбек жолын «Целинтяжмаш» трестінің құрастырушысы болып бастады. 1991-1993 жылдары - Қазақстан инновациялық кәсіпорындары одағы бас директорының орынбасары. 1993-1996 жылдары - «Интер-Есіл» біріккен кәсіпорынның бас директоры. 1996-2000 жылдары - Ақмола (Астана) қаласы әкімінің орынбасары. 1998-2000 жылдары - Ақмола еркін сауда аймағының әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар вице-президенті, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы. 2002-2003 жылдары - «Инком Астана» ЖШС-інің бас директоры. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда бірінші вице-министрі, «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ-ы Директорлар кеңесінің, «Қазақстан даму банкі» ЖАҚ-ы Директорлар кеңесінің, «Каzakhstan Engineering» ҰК» ААҚ-ы Директорлар кеңесінің мүшесі. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялық министрі. 2006-2008 жылдары - Астана қаласының әкімі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан бастап.
2008 жылдан бастап - Қазақстан Республикасының хоккей федерациясының бастығы. «Астанаға 10 жыл» медальмен, «Құрмет» және и ІІІ дәрежедегі «Святой благоверный князь Даниил Московский» ордендерімен марапатталған.
ҚАЗАННЫҢ 24-І, ЖЕКСЕНБІ
Қарусыздану апталығы
Бүкіләлемдік бейбітшілік кеңесі мен Қарусыздану жөніндегі БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясының шешімімен 1978 жылғы қазанның 24-і мен 31-і аралығында жыл сайын атап өтіледі.
Бүкіләлемдік ақпараттың даму күні
БҰҰ Бас Ассамблеясының 27-інші сессиясының шешімімен (қарар А/RES/3038) 1973 жылғы қазанның 24-інде жыл сайын атап өтіледі. Қарарда айтылғандай, 24 қазан Дүниежүзілік күн Біріккен Ұлттар Ұйымы күнімен сәйкес келуі керек.
Бұл күннің мақсаты әлемдік және қоғамдық пікірдің назарын даму мәселелеріне аудару және оны шешуде халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі.
«Байқоңыр» ғарыш айлағында қаза тапқан сынақшыларды еске алу күні
1960-шы жылы осы күні М.Янгель құрастырған Р-16 жаңа континентаралық баллистикалық зымыран сынақ барысында апатқа ұшырады. Электрлік сынақ жүргізу сәтінде жанармай толтырылған зымыранның 2-інші сатыдағы қозғалтқышы жүйеге еріксіз қосылып кеткен. Соның салдарынан өршіген өрттен және жанармай газынан уланған 76 әскери қызметкер мен өнеркәсіп өкілдері опат болды. Олардың ішінде артиллерияның Бас маршалы М.Неделин, полигоннан сынақ жетекшілері полковниктер А.Носов пен Е.Осташев бар. Бүгінде олардың есімдері Байқоңыр қаласындағы көшелерге берілген. Қазанның 24-і жыл сайын «Байқоңыр» ғарыш айлағында қаза тапқан сынақшыларды еске алу күні ретінде атап өтіледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы күні
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы күшіне енген күн - 1945-інші жылғы қазанның 24-і - 1948-інші жылдан Біріккен Ұлттар Ұйымы күні ретінде мерекеленеді. Дәстүр бойынша ол бүкіл әлемде Ұйымның жетістіктері мен мақсаттарына арналған мәжілістер, пікірталастар мен көрмелер өткізу жолымен жүзеге асады.
1971-інші жылы Бас Ассамблея барлық ұйымға мүше мемлекеттер бұл күнді мемлекеттік мейрам ретінде атап өтуге ұсыныс жасады (2782-нші қарар (XXVI)).
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Павлодар мемлекеттік педагогика институтында жаңа жайлы қоныс - Студенттер үйі ашылды. Бұл еліміздің жоғары оқу орындарындағы пәтер үлгісіндегі бірден-бір жатақхана. Жатақханада тұруға рұқсатты облыс әкімі грантының иегерлері бірінші болып алды. Олар Студенттер үйінде тегін тұрады.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Әлемдік классика» сериясымен жарық көрген «Экономика» және «Адамзат ақыл-ойының қазынасы» сериясымен жарық көрген «Психология» атты қос 10 томдықтың таныстырылымы өтті.
1 жыл бұрын (2009) «Байқоңыр» ғарыш айлағында оттегі-азот зауыты іске қосылды.
Ол зымырантасығыштарды ұшыру үшін отын компоненттерін өндірумен айналысатын болады.
Зауыт жылына екі рет - күздің екінші жартысында және қыстың аяғында іске қосылады.
1 жыл бұрын (2009) Астанада халқымыздың көрнекті қаламгері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, профессор-ғалым Ақселеу Сейдімбекке арналған мемориалдық тақта орнатылды.
Ақселеу қай бағытқа ізін салса да, өзінің ерекшелігімен, ұтқыр ойларымен, биік парасаттылығымен айрықша көзге түсетін. Жан-жақты, қарымды қаламгер болатын. Оның қаламынан 30-дан астам көркем, ғылыми-танымал монографиялар мен кітаптар жарық көрген.
Көрнекті қоғам қайраткері әр жылдары «Жас Алаш», «Орталық Қазақстан», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жұмыс істеген. «Зерде» журналының және «Әлем» альманахында бас редактор болған. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі, Ы. Алтынсарин атындағы Білім беру институтының директоры, Қазақ ұлттық білім беру академиясының бірінші президенті, Президенттік мәдениет орталығы директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Өмірінің соңына дейін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры болды.
1 жыл бұрын (2009) Астанадағы № 54-ші қазақ мектеп-лицейі көрнекті ғалым, белгілі қайраткер, марқұм Ақселеу Сейдімбектің есімімен аталған.
№54 мектеп-лицейі Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша бой көтерген алғашқы мектеп және ол барлық жағынан заманауи талаптарға сәйкес келеді.
1 жыл бұрын (2009) Бурабайда Абылай хан атындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінің экспозиция кешенінің ашылуы барысында Тарихта «Шаңды жорық» деген атаумен қалған оқиға Бурабайдағы Абылай хан мұражайының бір қабырғасына безендірілді Абылай хан алаңындағы айтулы кешен тақырыптық жазулардан, «Әскери кеңес» сәулет композициясынан, ақпараттық стендіден тұрады. Игілікті істің ұйытқысы болған ҚР Президентінің Іс басқармасы мен «Нұр Отан» халықтық -демократиялық партиясы. Кешеннің басты мақсаты - кең көлемді, танымдық, идеологиялық және отансүйгіштік рухтағы тәрбиелік жұмыстарды атқаруды көздейді.Сонымен қатар жас буынды Қазақстанның бай тарихынан, мәдениетінен хабардар етіп, өңірде туристік кластерді кеңінен өрістестуге бағытталған.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1987) ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ДАРҚАНБАЕВ Темірбай Байбосынұлы дүниеге келді.
Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және КСРО Ғылым Академиясы жанындағы биохимия институтының (қазіргіМикроорганизмдердің физиология және биохимия институты) аспирантурасын бітірген.
1941-1946 жылдары - КСРО Ғылым Академиясының Қазақ бөлімшесінде аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі. 1946-1970 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінде оқу ісі жөніндегі проректоры, кафедра меңгерушісі және ректоры. 1972-1983 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының биологиялық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы. 1983-1987 жылдары - Молекулалық биология және биохимия институтында дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ол Қазақстан бидайының тағамдық маңызы мен технологиялық қасиеттеріне баға беріп, олардың құрамындағы белоктардың түзілу және кебу заңдылықтарын анықтады. Ол бидай дәнінде амилаза ферментінің жасырын түрде кездесетінін дәлелдеп оның биосинтезін зерттеген. Амилаза ферментінің, глиадиндермен қатар, бидай сорттарының сапалық көрсеткіші бола алатындығын анықтаған.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
50 жыл бұрын (1960) Алматы қалалық сотының төрағасы БӘРПІБАЕВ Тілектес Ешейұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазірігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1986-1990 жылдары - Қаскелен аудандық ішкі істер бөлімінің нұсқаушысы, Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі. 1990-1992 жылдары - Жамбыл аудандық прокуратурасының тергеушісі. 1992-1999 жылдары - Жамбыл аудандық сотының судьясы, төрағасы. 1999-2002 жылдары - Алматы облыстық сотының төрағасы. 2002-2003 жылдары - Алматы қалалық сотының азаматтар ісі жөніндегі коллегиясының төрағасы. 2003-2007 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы сотының төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан бастап.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалімен марапатталған.