ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 26-сы мен қарашаның 1-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ
Қазанның 26-сында ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының XV-сессиясына қатысушы облыстық делегаттар бұл күні сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Үкіметінің мүшелерімен кездеседі.
Қазанның 26-сында Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг өтеді
Қазанның 26-сында Ішкі істер министрлігінде апталық брифинг болады.
ҚОҒАМ
Қазанның 26-27-сі күндері Румыния Президенті Траян Басескудің Қазақстанға ресми сапары жоспарлануда. Румыния Президенті еліміз басшылығымен кездесулер өткізіп, екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзараәрекеттестік мәселелерін талқыламақ. Келісімдер нәтижесінде екіжақты құжаттарға қол қою жоспарлануда.
Қазанның 25-30-ы аралығында «1999 жылғы Венадағы сенім және қауіпсіздік шаралары жөніндегі келісім құжаты» шеңберінде еліміздің десанттық шабуыл бригадалары әрекеттері мен авиабазаларын көрсету шаралары өтеді. Шараға ЕҚЫҰ-ға қатысушы-мемлекеттер және серіктес елдердің, Ұйым хатшылығының, НАТО верификациялық комитеті және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі хатшылығы өкілдері қатысатын болады.
АСТАНА
Қазанның 26-сында Қазақстан халқы ассамблеясының XV-сессиясына қатысушы облыстық делегаттарының «Қазақ елі» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі болады.
Қазанның 26-сында Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы ассамблеясының 15-ші сессиясы өтеді.
Қазанның 26-сында «Нұр Отан» партиясының кеңсесінде ТМД және ШЫҰ елдерінің жастар ұйымдары мен саяси партиялардың жастар қанаты жетекшілерінің алдағы жоспарланған кездесуіне арналған брифинг өтеді.
Қазанның 26-сында Жастар сарайында Балалар шығармашылығының «Балбөбек» V қалалық конкурсының ашылу салтанаты өтеді.
Қазанның 27-сінде Президенттік мәдениет орталығында белгілі суретші Кәміл Моллашевтың мерейтойлық «65 жыл» атты жеке көрмесінің ашылуы болады.
АЛМАТЫ
Қазанның 1-31-і аралығында Алматыда Қарт адамдар және мүгедектерге қамқорлық көрсету айлығы өтуде.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. МЕРЕКЕЛЕР.
26 ҚАЗАН, ДҮЙСЕНБІ
Австрия Республикасының Ұлттық мейрамы - тұрақты бейтараптық саясаты жарияланған күні (1955). Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 19-да орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (1999) президент Н.Назарбаев Мәскеудегі Кремльдің Георгиев залында өткен Кедендік одаққа мүше-мемлекеттердің Мемлекетаралық кеңесі мәжілісіне қатысты. Ресей астанасында Кедендік одақ және Бірегей экономикалық кеңістік туралы мүше-мемлекеттер басшыларының келісім-шартына қол қойылды.
5 жыл бұрын (2004) қазанның 25-26 аралығында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Швеция Корольдігінде ресми сапармен болды.
3 жыл бұрын (2006) астанамызда Ауғанстан соғысына қатысушыларға арналған «Боздақтар мәңгі жадымызда. 1979-1989» атты естелік кітаптың тұсау кесер рәсімі болып өтті. Басылым Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіріспе сөзімен басталады. Оқырмандар назарына 10 жылға созылған және мыңдаған жастардың өмірін қиған Ауғанстандағы соғыс тарихы, сол жылдары интернационалдық борышын өтеу барысында қаза болған немесе хабар-ошарсыз жоғалып кеткен боздақтардың нақты тізімдері келтірілген.
3 жыл бұрын (2006) Оралда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті табиғи-географиялық факультеті ғимаратына белгілі ғалым-педагог, биология ғылымдарының докторы Есенбай Ағелеуовтің (1936-1996) құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.
3 жыл бұрын (2006) Оралда ұшқыш, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы деректі фильмнің көрсетілім болып өтті. Хиуаз Доспанова - Ұлы Отан соғысы жылдары жауынгерлік тапсырмамен 300-ден аса ұшуда болған еліміздің жалғыз ұшқыш-әйелі. Фильмнің сценарий жазғандар - М.Жақыбаев, Қ.Тілеуішев, режиссері - ресейлік Л.Вахитов, редакторы - Е.Баженова
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1904-1989) мемлекет және қоғам қайраткері ОҢДАСЫНОВ Нұртас Дәндібайұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданында туған.
1920-1926 жылдары Ташкенттегі қазақ мектеп-интернатында тәрбиеленіп, Түркістан орман техникумында оқыған. БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген.
1926-1930 жылдары Қызылорда облыстық орман шаруашылығы орманшысының көмекшісі, су шаруашылығы бөлімінің статисті, Жамбылдағы Талас зерттеу партиясының кіші технигі, Шымкент облыстық су шаруашылығы бөлімінің технигі болған. 1931-1938 жылдары - Ташкент ирригация институтының бөлім меңгерушісі, кеңшар директорларын даярлайтын курс директорының орынбасары, Қазақ орман шаруашылығы тресі директорының орынбасары, директоры, Қазақ КСР Жер халкоматы басқармасының бастығы. 1938 жылы - Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1938-1951 жылдары - Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы. 1954-1962 жылдары - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Гурьев (Атырау) облыстық атқару комитетінің төрағасы, Гурьев облыстық партия комитетінің 1-хатшысы.
Ұлттық кадрлар дайындауға үлкен көңіл бөлген. 1946 жылы Қазақ КСР-нің Ғылым Академиясын құруға атсалысқан. 1962 жылдан Мәскеуде ғылыми жұмыстармен айналысқан. Араб-қазақ, парсы-қазақ түсініктеме сөздіктерінің авторы.
Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, үш мәрте Ленин ордендерімен марапатталған. Туған ауылына, ондағы орта мектеп пен көшелерге есімі берілген.
80 жыл бұрын (1929) ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ЖАРЫҚБАЕВ Құбығұл Бозайұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысы Алға ауданының Көкбұлақ ауылында туған.
Ақтөбе мұғалімдер институтын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1951-1958 жылдары - Қызылорда педагогикалық институтының ассистенті. 1958-1977 жылдары - Шымкент педагогикалық институтының аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі. 1977-1998 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, кафедра меңгерушісі, профессоры. 1998 жылдан - Т.Тәжібаев атындағы этнопедагогика және этнопсихология оқу-зерттеу орталығының директоры.
Ғылыми-зерттеу жұмыстары Қазақстандағы психологиялық және педагогикалық ой-пікірлердің даму тарихын, этнопсихология мәселелеріне бағытталған. Оның еңбектерінде қазақ халқының сан ғасырлық психологиясының ұғым-түсініктері жан-жақты талданған.
55 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі БӨЛЕГЕНОВ Ерғали Бөлегенұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған.
Москвадағы П.Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетін, Қазақстан химия-технология институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген.
1986-1991 жылдары партия басшылық қызметтерінде болған. 1992-1995 жылдары - Шымкент (Оңтүстік Қазақстан) облысы Абай ауданы әкімшілігінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1995-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаты. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД істері бойынша департаменті кеңесшісі, бөлім бастығы, басқармасының бастығы. 2001-2005 жылдары - Украинадағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі, кеңесші-уәкілі. 2005-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД істері бойынша департаменті директоры. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың маусым айынан.
45 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы индустрия және сауда вице-министрі, физика-математика ғылымының кандидаты, доценті, Қазақстан Республикасы жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі МАМЫТБЕКОВ Еділ Құламқадырұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. А.Жданов атындағы Ленинград (Санкт-Петербор) мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.
1991-1996 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушылық және әкімшілік қызмет атқарған. 1996-1998 жылдары - Үкімет Аппаратының, Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкері. 1998-2007 жылдары -ұйымдастырушылық-бақылау бөлімінің бас эксперті, әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас эксперті, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, Президент Әкімшілігінің экономикалық саясат басқармасының бас инспекторы. 2007-2008 жылдары Президент Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ғылыми басылымдардың, математика мен экономика мамандығы бойынша студенттерге арналған оқу құралдарының авторы.
Құрмет грамотасымен, медальдармен марапатталған.
27 ҚАЗАН, СЕЙСЕНБІ
Сент-Винсент және Гренадиннің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1979). Сент-Винсент және Гренадин - Кариб теңізіндегі аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы және ірі қаласы - Кингстаун. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Мемлекеттік құрылымы - конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - Великобритания патшайымы ұсынған генерал-губернатор. Үкімет басшысы - премьер-министр. Ақша бірлігі - шығыс кариб доллары.
Түркіменстан Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991).
Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанның 5-інде орнатылды.
Дүниежүзілік аудиокөру мұрасының күні. ЮНЕСКО Бас конференциясының 33 сессиясында осы ұйымға мүше-мемлекеттер 27 қазанды Дүниежүзілік аудиокөру мұрасының күні деп шешім қабылдады. Бұл «экономикалық, саяси және әлеуметтік дамудың, білім берудің, ғылыми ілімнің және түрлі ұлттар мен қоғамдастықтардың мәдениеттері алуандығы ілгерілгенінің, сондай-ақ табиғат пен бүкіл жер-жаханның дамығанының» дәлелі болып табылады деп атап көрсетілді.
Мектеп кітапханаларының халықаралық күні. Халықаралық мектеп кітапханалары қауымдастығының бекітуімен, қазан айының төртінші дүйсенбісінде атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2006) Алматыда «Батыс Желтоқсан» автомобильдер жол торабының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Жолды жасау жұмыстарын Қазақстанның жетекші құрылыс компаниясы «Базис-А» ЖШС-гі жүргізген. Шараға Алматы қаласының әкімі, «Базис-А» Корпорациясы» ЖШС-нің директорлар кеңесі төрағасы және де қала қызметтерінің басшылары қатысты.
3 жыл бұрын (2006) Алматыда белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов мұражай-үйі ашылды. Мұражайда қайраткердің жеке заттары, құжаттары, жеке суреттері қойылған.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1919) Қазақ КСР-інің халық әртісі КУЧИНА Тамара Ивановна дүниеге келді.
Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында туған.
Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры жанындағы мектеп студиясын бітірген.
1937 жылдан Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының әртісі. Сахнада 300-дей рөлді сомдаған. Олардың ішінде: Л.Леоновтың «Нашествие» спектаклінде Анна Николаевна, Д.Патриктің «Странная миссис Севидж» спектаклінде - миссис Севидж, Э.Фабраның «Омут» спектаклінде - Флора Бразье, А.Островскийдің «Без вины виноватые» спектаклінде - Кручинина, М.Горькийдің «Старик» спектаклінде -Софья Марковна, тағы басқалары бар. Қазіргі уақытта құрметті зейнеткерлік демалыста.
65 жыл бұрын (1944) суретші, Бүкілодақтық ЛКЖО сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері МОЛЛАШЕВ Кәміл Уәлиханұлы дүниеге келді.
Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында туған. Алматы көркемсурет училищесін, В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген.
Суретшінің туындылары Мәскеудегі Третьяков галереясында, Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайында, сонымен қатар шет елдердегі өнер туындыларын жинаушылардың жеке қорларында сақтаулы.
55 жыл бұрын (1954) техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар министрлігі көлік және жол қатынастары комитетінің төрағасы УАНДЫҚОВ Берік Құсманұлыдүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған.
В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, КСРО Ғылым Академиясының Басқару мәселелері институтының аспирантурасын бітірген.
2001-2004 жылдары - Шығыс Қазақстан су жолдары Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнынның басшысы. 2004-2008 жылдары - Көлік және коммуникациялар министрлігінде көлік және жол қатынастары комитеті төрағасының орынбасары және басқа да басшылық қызметтерді атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан.
50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Қылмыстық істер жөніндегі алқаның төрағасы ЖҮКЕНОВ Әбдірашид Төлегенұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Андреев ауданының Герасимовка ауылында туған.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2005 жылдан.
28 ҚАЗАН, СӘРСЕНБІ
Чех Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіз Чехословакияның құрылған күні (1918). Чехия - Орталық Еуропада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Польшамен, шығысында Словакиямен, оңтүстігінде Австриямен, батысында Германиямен шектеседі. Астанасы - Прага қаласы. Мемлекеттік тілі - чех тілі. Ақша бірлігі - чех кронасы.
Украина Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Фашист басқыншыларынан азат етілген күн. 1995 жылдан бастап, Закарпатье астанасы Ужгород қаласын басқыншылардан азат еткен күннің құрметіне орай атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
17 жыл бұрын (1992) Қазақстанда тұратын немістердің алғашқы съезі өтті.
3 жыл бұрын (2006) Талдықорғанда Үш бәйтерек монументі ашылды. Бұл - қазақ халқының тарихи тұлғалары - Ескелді би, Балпық би және Қабылиса жырауларға арналған ескерткіш. Авторы - Жеңіс Молдабаев.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1899-1966) қазақтың тұңғыш анатом ғалымы, медицина ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері БӨКЕЙХАНОВ Хазихан Наушаұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Бөкей Орда ауданында туған.
Астрахан медициналық институтын, Алматы медициналық институтының (Қазақ ұлттық медициналық университеті) аспирантурасын бітірген.
1918-1920 жылдары Орданың Шонай, Сайқын, Толыбай аудандарындағы сүзек, тырысқақ, оба індетіне қарсы шыққан экспедицияларға қатысқан. 1930-1934 жылдары - Казталовка ауданы емханасының меңгерушісі. 1934 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы медициналық институтының доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ғалым безгек, бұғақ, жұқпалы тері ауруларын зерттеп, оларды емдеу мәселелерімен шұғылданған. 16-дан астам ғылыми еңбектердің авторы.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
75 жыл бұрын (1934) жазушы, аудармашы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері БЕЛЬГЕР Герольд дүниеге келді.
Ресейдің Саратов облысында туған.
Абай атындағы Қазақ педагогика институтын және аспирантурасын бітірген. Шығармаларын неміс, орыс, қазақ тілдерінде жазады.
1958-1960 жылдары - Жамбыл облысы Байқадам кеңшарының орта мектеп мұғалімі. 1963-1964 жылдары - «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері. 1964 жылдан - шығармашылық жұмыста. 1992 жылдан - неміс тілінде шығатын «Феникс» альманахы бас редакторының орынбасары.
«Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Алты асу», «Тас өткел», «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Созвучие», «Уақытпен бетпе-бет», «Мотивы трех струн», «Гете и Абай», «Родство», «Земные избранники» зерттеу еңбектерінің, жекелеген әңгіме, мақалалары енген 25-ке жуық жинақтардың авторы.
Б.Майлин, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов, тағы басқа қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақшадан орыс тіліне, А.Раймген, Э.Кончак, Н.Ваккер, тағы басқа неміс ақын, жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды.
Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығының иегері, Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының иегері, Қазақстан ПЕН-клуб сыйлығының иегері. «Парасат» орденімен марапатталған.
29 ҚАЗАН, БЕЙСЕНБІ
Түркия Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика жарияланған күні (1923). Түркия - Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Оңтүстік-Батыс Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Болгария, Грекиямен, солтүстік-шығысында Грузия, Армениямен, шығысында Иранмен, оңтүстігінде Ирак, Сириямен, сондай-ақ солтүстігінде Қара теңізбен, солтүстік-батысында Мрамор теңізімен, оңтүстігінде Жерорта теңізімен, батысында Эгей теңізімен шектеседі. Астанасы - Анкара қаласы. Мемлекеттік тілі - түрік тілі. Ақша бірлігі - түрік лирасы.
ОҚИҒАЛАР
90 жыл бұрын (1919) қазанның 29-31 аралығында 5-Қызыл Армияның бөлімдері Петропавл қаласын Колчак әскерінен азат ету үшін «Петропавл операциясын» жүргізді.
60 жыл бұрын (1949) Өскемен қаласында Үлбі металлургия зауыты құрылды. «Қазақатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының құрамында басты кәсіпорын ретінде атом станциялары үшін ядролық отын өндіреді, бериллий, тантал, осы металдар мен олардың қосындыларынан ондаған бұйым атауларын шығарады.
10 жыл бұрын (1999) Польшаның Президенті Алексадер Квасьневскидің Қазақстан Республикасына бірінші ресми сапары болды. Сапар барысында поляктар мемлекеті басшысының ресми сапары салтанаты, сосын біріккен мәлімдемеге қол қоюмен аяқталған Н. Назарбаев пен А. Квасьневскидің келіссөздері өтті.
9 жыл бұрын (2000) 2000 жылғы Қазақстан Республикасының Кубогын иеленіп, астаналық «Жеңіс» футбол клубы еліміздің чемпионы атанды.
5 жыл бұрын (2004) Мемлекет басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Ричард Армитаджды қабылдады.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924-2002) жазушы, аудармашы МЫҢЖАСАРОВА Роза дүниеге келген.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Қара Шоқат елді мекенінде туған. Ақтөбедегі мұғалімдер институтын, Республикалық партия мектебінің аудармашылар бөлімін бітірген. Оқу-ағарту саласының жауапты қызметтері, Шалқар аудандық комсомол комитетінің мектеп жұмысы жөніндегі хатшысы, Талдықорған, Алматы облыстық және «Семиреченская правда» газеттерінде қызметтер атқарған. 1971-1973 жылдары Байланыс министрлігінің мерзімді баспасөзді тарату басқармасының баспасөзге жазылу бөлімін басқарған.
«Қыр қыздары», «Әйел бақыты», «Төзім шеңбері» романдарының, «Өмір көріністері» әңгімелер мен повестер жинағының, бірнеше очерктер кітабының авторы. Көркем аударма саласында қазақ тіліне тәржімалаған бірқатар роман, повестері мен әңгімелері жарық көрген.
55 жыл бұрын (1954) генерал-лейтенант, Кеңес Одағының Батыры, Ауған соғысына қатысушы АУШЕВ Руслан Султанұғлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында туған.
С.Орджоникидзе атындағы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген.
2001 жылға дейін Ингушетия республикасының президенті болған. Қазіргі уақытта ТМД елдері басшылары кеңесінің жанындағы интернационал жауынгерлер жөніндегі комитетті басқарады.
Ленин, екі мәрте Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.
50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы ПІШЕМБАЕВ Мейрам Құдайбергенұлы дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған.
Семей зоотехникалық мал дәрігерлік институтын, Санкт-Петербург қаласының Солтүстік-Батыс академиясын бітірген.
Әр жылдары «Ермаковский» кеңшарының директоры, Қазақстандағы «Роснефть» өкілдігінің жетекшісі, «Казнефтеком» ЖШС-нің вице-президенті, Павлодар мұнай өңдіру зауытындағы «Казахойл» Ұлттық мұнай компаниясының бас менеджері, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті «РЦ Казимпекс» ЖАҚ-мы бас директорының орынбасары, Қазақстандағы Siemens компаниясының атқарушы директоры, «Корпорация «Казахсельмаш» ЖШС-і директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы. 2007 жылдан - Парламент Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.
30 ҚАЗАН, ЖҰМА
Ресей Федерациясында 1991 жылдан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (1999) Алматы облысы Қарасай ауданы Қарғалы ауылының бір көшесі мен орта мектебіне жазушы Ғабиден Мұстафиннің есімі берілді.
10 жыл бұрын (1999) Алматыда орыс ақыны А.Пушкинге ескерткіш орнатылды.
3 жыл бұрын (2006) «Атлас ключевых видов: высшие растения и позвоночные животные» атласы ПРООН демеушілігімен «Маңызды су-батпақты жерлерді бір жерден екінші жерге көшіп қонатын құстардың жайлану орны ретінде кешенді сақтау» Ғаламдық экологиялық қорының жобасы аясында басылып шықты. Атласқа Қызыл кітапқа енгізілген өте сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар түрлері енгізілген: балықтардың - 9 түрі, құстардың - 54 түрі, аңдардың - 18 түрі.
3 жыл бұрын (2006) Астанада «Digital Kazakhstan» («Цифровой Казахстан») журналының бірінші саны жарық көрді. Оқырмандар назарына Қазақстандағы және әлемдегі ақпараттық-коммуникациялық байланыс пен технологиялар даму барысы туралы жаңалықтар ұсынылған.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1934) суретші, монументалист, КСРО Суретшілер одағының мүшесі ДЖАКУБАЛИЕВ Марат Ғазизоллаұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Казталовка кентінде туған. В.Мухина атындағы Ленинградтағы жоғары көркемөнер өнеркәсіп училищесін (қазіргі А.Штиглиц атындағы Санкт-Петербор мемлекеттік көркемөнер өнеркәсіп академиясы) бітірген. 1979-1980 жылдары Гурев қаласындағы «Нефтяник» Мәдениет үйінің фойесіне, Орал қаласындағы Теміржолшылар мәдениет үйінің фойесіне көркемдік-безендіру жұмыстарын жүргізген. 1981-1983 жылдары Семей қаласындағы тұрғын үй ғимаратының, Семей облысы Шар станциясындағы теміржол вокзалының ғимаратының, Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола облысы) «Нефтяник» демалыс орны ғимаратының бүйіржақтарына өрнектеу жұмыстарын жасаған.
70 жыл бұрын (1939) ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ЫДЫРЫСОВ Әлім Акрамұлы дүниеге келді.
Қызылорда қаласында туған.
Алматы медициналық институтын (Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген.
1966-1969 жылдары - Алматы медициналық институты оперативтік хирургия және топографиялық анатомия кафедрасының ассистенті. 1969-1980 жылдары - Ақтөбе медицина институтының доценті. 1984 жылдан Қазақ ұлттық медицина университетінің кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты хирургиялық анатомия және эскперименттік хирургия мәселелеріне арналған.
160-тан астам ғылыми еңбектің авторы. 3 ғылым докторы мен 6 ғылым кандидатын даярлаған.
70 жыл бұрын (1939) актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ОМАРХАНОВА Рымкеш дүниеге келді.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Сарытау ауылында туған. Қарағанды қаласындағы музыкалық училищесін бітірген.
1962-1963 жылдары - Қарқаралы аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі, 1963-1990 жылдары - Қарағанды облыстық драма театрының, 1991 жылдан Астана қалалық музыкалық-драма театрының актрисасы қызметтерін атқарған.
Сахнада Еңлік, Шолпан, Ақбала, Текті, Мөржан, Сәруар (М.Әуезов «Еңлік - Кебек», «Айман - Шолпан», «Қарагөз», «Түнгі сарын»), Баян, Күнікей, Мақпал, Дәмелі (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты»), Қарлығаш (М.Әуезов пен Л.Соболев «Абай»), Бәтес, Қалиса (С.Мұқанов «Мөлдір махаббат»), Майра (Ә.Тәжібаев «Майра»), Хадиша (С.Жүнісов «Қысылғаннан қыз болдығын»), Салиха, Зейнеп (Д.Исабеков «Мұрагерлері», «Ескі үйдегі екі кездесу»), Таңқабике (М.Кәрім «Ай тұтылған түн»), Катерина (А.Н.Островский «Найзағай») рөлдерін сомдаған.
Гастрольдік сапармен Қарақалпақстан мен Башқұртстанда өнер көрсеткен.
«Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.
31 ҚАЗАН, СЕНБІ
Үнемдеудің халықаралық күні. 1988 жылғы қазанның 27-сінде 29 елдің жинақ кассаларының өкілдері Миланда өздерінің бірінші Халықаралық арнайы конгрестеріне жиналды. Конгресс жұмысының соңғы күні - қазанның 31-інде «барлық елдердегі жинақ банктік институттардың бірінші құрылтайын есте қалдыру» идеясы өмірге келіп, бұл күнді «Халықаралық Үнем Күні» (International Saving Day) ретінде жыл сайын атап өтуге шешім қабылданды. Алайда, құрылтайшылардың пиғылынша, бұл күні тек ақшаны үнемдеп қана қоймай, үнемді кең мағынасында: уақыт үнемдеуге, заттарға ұқыпты қару, т.б. мәселелерге қолдануға арнау қажет. 1989 жылы БҰҰ нұсқау қабылдап, онда қазанның 31-ін Халықаралық Үнем күні етіп бекітті.
Эквадордың ұлттық туы күні. Эквадордың көлденең сары, көк және қызыл түсті белдеулі туы 1860 жылғы 26 қыркүйекте қабылданған. Эквадорлық тудың сары түсі күн сәулесін, жердің байлығын, бидай мен жүгері алқабын, елдің дәулеттілігін бейнелесе; көк түс - аспанның, өзендер мен Тынық мұхитты; қызылы - бостандық үшін күрестегі патриоттардың төгілген қанын бейнелейді.
ОҚИҒАЛАР
138 жыл бұрын (1871) Біржан сал мен Сара арасындағы атақты айтыс болып өтті.
1 жыл бұрын (2008) Астанада Индустрия және сауда министрлігінде ІІ республикалық «Дайын отандық өнімнің үздік экспортёрі-2008» конкурсы аясында тұңғыш рет «Қазақстанның экспорттық әлеуеті: мәселелер мен шешу жолдары-2008» республикалық конференция болып өтті.
Конференция мақсаты - экономиканың шикізаттық емес жүйесінің экспортер-кәсіпорындары мен экспорт нарығының мемлекеттік реттеушілері, қаржылық институттар, инвесторлар, кеңес беру қызметін ұсынушылар арасында сындарлы диалог орнату үшін оңтайлы орын белгілеу.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944) Ресейдің еңбек сіңірген әртісі РЯЗАНОВА Раиса Ивановна дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында туған.
Рязан музыкалық-педагогикалық училищесін, А.В.Луначарский атындағы мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.
Музыкалық мектеп оқытушысы қызметін атқарған. 1979 жылдан - М.Горький атындағы киностудиясының актрисасы.
«Москва слезам не верит», «И все-таки я люблю...», «Не родись красивой», «Две сестры», «Next 3», «Ангел-хранитель», «Монтекристо», «Всегда говори «всегда» атты киноларында ойнаған.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
1 ҚАРАША, ЖЕКСЕНБІ
Украинада Әлеуметтік сала қызметкерлерінің күні. Украина Президентінің 1999 жылғы 13 сәуірдегі Жарлығымен қарашаның бірінші жексенбісінде аталып өтеді.
Беларусьтегі Азаматтық авиация қызметкерлерінің күні. Жыл сайын қарашаның бірінші жексенбісінде аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
45 жыл бұрын (1964) Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының орыс труппасы құрылды. Осы кезең аралығында 200-ден астам спектакль қойылды. Көптеген қойылымдар негізі - адамдар тағдыры, олардың өсу өрістері, адамгершілік еріктері. Сахна саңлақтары арасындағы танымал есімдер қатарында Леонид Фомин, Людмила Шипкова, Раиса Телеуова, Полина Савицкая, Ольга Павлова, т.б. бар.
8 жыл бұрын (2001) Оралда «051 - құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі құрылды.
5 жыл бұрын (2004) Ақтөбеде «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттерінің күні өтті. Қалалық Оқушылар сарайында газеттер делегациясы қаланың қауымдастығымен кездесу өткізді. Кездесу диалог түрінде өрбіді. Еліміздің басты газеттерінің журналистері мұғалімдердің, ардагерлердің, оқушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді, атап айтқанда, нашақорлық, қылмыскерлік мәселелерін жариялау жайы көтеріліп, спорт журналистикасын дамыту, т.б. мәселелер әңгімеге арқау болды. «Казахстанкая правда» мен «Егемен Қазақстан» газеттерінің журналистері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенттері үшін шеберлік сабақтарын өткізіп, өлкетану мұражайында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды, «Шалқар» баспаханасында, педагогикалық институтта, «Ақтөбемұнайгаз СНПС» ААҚ-да болып, Алға, Мұғалжар, Хромтау және Шалқар аудандарына барды.
5 жыл бұрын (2004) Қарағанды қаласының «Аяла» вокалды-хореографиялық ансамблі Мәскеуде өткен «Толқын үстінде» халықаралық хореографиялық байқауында бірінші орынды жеңіп алды. «Аяла» ансамблі Қарағанды экономикалық университеті жанынан құрылған. «Толқын үстінде» байқауына ТМД-ның әр елдерінен барлығы 47 өнер ұжымы мен 450 әнші қатысты.
3 жыл бұрын (2006) Солтүстік Қазақстан облысында елімізде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Кеден органдары ардагерлері кеңесінің облыстық филиалы құрылды.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1949) жазушы, драматург, Қазақстан журналистер одағы Кәкімжан Қазыбаев атындағы сыйлығының иегері ӘБДІКӘРІМОВ Сейілғазы дүниеге келді.
Қытай Халық Республикасында туған.
1962 жылы ата жұрты Қазақстанға оралған.
Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Мәдениет министрлігінің репертуарлық редакциялық алқасының редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің аға тілшісі, Қазақ теледидарының комментаторы қызметтерін атқарған.
«Аға сержант» атты екі бөлімді драманың, «Үрейлі күндер», «Көпе-көрнеу», «Мазасыз түн», «Қанды қарымта» пьесалары мен «Беу, Қатира-ай» деген бір актілі комедияның, «Белес, белес, белестер», «Өнер мұраты» (Е.Төлегеновпен бірігіп жазған) жинақтардың авторы.
40 жыл бұрын (1969) «PetroKazakhstan International» компаниясының қоғам және үкіметпен байланыс жөніндегі вице-президенті ӘБДІҚАЛЫҚОВ Арман Айдарханұлы дүниеге келді.
Ресей Федерацияның Санкт-Петербор қаласында туған.
Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.
1991-1997 жылдары - жеке құрылыс компанияларында бухгалтер, атқарушы директоры, «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның экономисі, жетекші экономисі, басқарма бастығының бірінші орынбасарының көмекшісі. 1997-2002 жылдары - «BDT Audit&Consulting» ЖШС-нің атқарушы директоры, «ҚазТрансГаз» ЖАҚ-ның активтерді басқару департаментінің директоры, «Мұнай мен газ көлігі» ҰК» ЖАҚ-ның корпоративтік басқару және индикативтік жоспарлау департаменті директорының орынбасары. 2002-2003 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы индикативтік жоспарлау және экономикалық талдау департаменті директорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы бюджеттендіру, индикативтік жоспарлау және экономикалық талдау департаментінің бас менеджері, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы активтерді басқару департаменті директорының орынбасары. 2004-2007 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы активтерді басқару департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.
35 жыл бұрын (1974) танымал балуан, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ДЕҢГЕЛБАЕВ Берік Шалғымбайұлыдүниеге келді.
Алматы облысының Қаскелең қаласында туған.
1997-2000 жылдары бірнеше мәрте республика чемпионы атағын жеңіп алған. Халықаралық балуандар бәсекелерінде де бірнеше рет жүлделі орындарды иеленген.
2000 жылғы XIII Азия ойындарына қатысқан.