ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 28-і мен қарашаның 1-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

Елбасы

Қарашаның 1-3-і  аралығында Елбасы Н.Назарбаевтың Абу Даби Әмірлігінің Тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Бас Қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның шақыруы бойынша Әмірліктерге жұмыс сапары өтеді.

Cапар барысында Елбасы екі елдің саяси, сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылып, екі ел арасында бірқатар келісімдерге қол қою күтілуде.

ҮКІМЕТ

Қазанның 28-інде Сыртқы  істер  министрлігінде «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы: ығыттар мен  мүмкіндіктер»  деген  тақырыпқа арналған   халықаралық конференция өтеді.

Қазанның 28-інде Білім және ғылым министрлігінде  «Студенттердің  оқуларын  жеңілдікті  несиелендіру бағдарламасы»  мәселесіне арналған  баспасөз мәслихаты   болады.

Қазанның 28-сінде  Ішкі істер министрлігінде   облыстық  ішкі істер  департаменттерінің  есірткімен күресу   жөніндегі бөлімдеріне, сондай-ақ  «Дельта»  және  «Оңтүстік»  арнайы  жасақтарына    автокөлік құралдарының кілттерін табыс ету  рәсімі   болады.

ПАРЛАМЕНТ

Қазанның 28-інде    Парламент  Мәжілісінің   жалпы  отырысы  өтеді.

ҚОҒАМ

Қазанның 25-30-ы аралығында «1999 жылғы Венадағы сенім және қауіпсіздік шаралары жөніндегі келісім құжаты» шеңберінде еліміздің десанттық шабуыл бригадалары әрекеттері мен авиабазаларын көрсету шаралары өтеді.        Шараға ЕҚЫҰ-ға қатысушы-мемлекеттер және серіктес елдердің, Ұйым хатшылығының, НАТО верификациялық комитеті және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі хатшылығы өкілдері қатысатын болады.

Қазанның 27-29-ы аралығында Бейжіңде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) Арнайы жұмыс тобы (АЖТ) және Аға лауазымды тұлғалар комитетінің отырыстары өтеді. Аталған отырыстар жұмысына АӨСШК-ға 20 мүше-мемлекеттер өкілдерінің қатысуы күтілуде.

Қазанның 30-ында  Мадридте   екі ел сыртқы істер ведомстволары арасында қазақстан -испан консультациялары өтеді. Қазақстандық делегацияны сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов , ал испан жағын испанияның сыртқы істер ведомствасының мемлекеттік хатшысы Анхель Лоссада басқармақ. Дипломаттар аймақтық және халықаралық сипаттағы өзекті мәселелерді, Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы және Испанияның ЕО-дағы 2010 жылдың бірінші жарты жылдығындағы  төрағалығын үйлестіру, әртүрлі деңгейдегі спарларды қоса алғанда екі жақты қатынастар мәселелерін қарастырады деп күтілуде.

АСТАНА

Қазанның  28-інде Астанада Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы және Жаңа демократия институтымен бірлесе отырып ҚР Сыртқы істер министрінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы: қатерлер мен мүмкіндіктер» атты халықаралық конференция өтеді.

Қазанның 28-29-ында Қазақстан Республикасына Палестиналық ұлттық әкімшілігінің Сыртқы істер министрі Рияд Малькидің сапары жоспарлануда. Сапар барысында Р.Мальки еліміздің басшыларымен кездесіп, келіссөздер барысында Таяу Шығыс мәселелерін үйлестіру, және де екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық жөнінде пікір алмаспақ.

Қазанның  28-30-ы аралығында АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісінің орынбасары Джордж Кролдың Қазақстанға сапары жоспарлануда. Дж. Крол сапар барысында  мемлекеттік мекемелер басшыларымен кездесіп,  екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ ҚР-дің ЕҚЫҰ-да 2010 ж. төрағалығы мәселелерін талқыламақ.

Қазанның 28-інде  Қаржы полициясы агенттігінде  апталық брифинг   өтеді.

Қазанның 28-інде  елордалық  Жол полициясы басқармасында «Жолдардағы   теміржол өткелдерінде кешенді тексеру  жүргізудің    қорытындысы»   тақырыбында брифинг    өтеді.

АЛМАТЫ

Қазанның   1-31-і аралығында Алматыда   Қарт  адамдар  және  мүгедектерге қамқорлық  көрсету айлығы өтуде.

Қазанның 28-інде  Қазақтың әл-Фараби  атындағы    ұлттық университетінде   Корея Республикасының Пусан   ұлттық университетінің  делегациясымен  кездесу  болады.

Қазанның 28-інде «Тянь-Шань»   отелінде   «Кедендік  одақ -  жаңа жағдайға жасалған   қадам»  деген тақырыпта  брифинг  болады.

Қазанның 28-інде Қазақтың әл-Фараби  атындағы    ұлттық университетіне   Жапонияның Қазақстан  Республикасындағы Елшісі   Сигэо  Нацуи    барады.

Қазанның  28-інде  «Интерфакс»  баспасөз   орталығында  Алкогольден бас тарту күніне арналған баспасөз  конференциясы  болады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. МЕРЕКЕЛЕР.

28 ҚАЗАН, СӘРСЕНБІ

Чех Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіз Чехословакияның құрылған күні (1918). Чехия - Орталық Еуропада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Польшамен, шығысында Словакиямен, оңтүстігінде Австриямен, батысында Германиямен шектеседі. Астанасы - Прага қаласы. Мемлекеттік тілі - чех тілі. Ақша бірлігі - чех кронасы.

Украина Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Фашист басқыншыларынан азат етілген күн. 1995 жылдан бастап, Закарпатье астанасы Ужгород қаласын басқыншылардан азат еткен күннің құрметіне орай атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1992) Қазақстанда тұратын немістердің алғашқы съезі өтті.

3 жыл бұрын (2006) Талдықорғанда Үш бәйтерек монументі ашылды. Бұл - қазақ халқының тарихи тұлғалары - Ескелді би, Балпық би және Қабылиса жырауларға арналған ескерткіш. Авторы - Жеңіс Молдабаев.

ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын (1899-1966) қазақтың тұңғыш анатом ғалымы, медицина ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері БӨКЕЙХАНОВ Хазихан Наушаұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Бөкей Орда ауданында туған.

Астрахан медициналық институтын, Алматы медициналық институтының (Қазақ ұлттық медициналық университеті) аспирантурасын бітірген.

1918-1920 жылдары Орданың Шонай, Сайқын, Толыбай аудандарындағы сүзек, тырысқақ, оба індетіне қарсы шыққан экспедицияларға қатысқан. 1930-1934 жылдары - Казталовка ауданы емханасының меңгерушісі. 1934 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы медициналық институтының доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Ғалым безгек, бұғақ, жұқпалы тері ауруларын зерттеп, оларды емдеу мәселелерімен шұғылданған. 16-дан астам ғылыми еңбектердің авторы.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

75 жыл бұрын (1934) жазушы, аудармашы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері БЕЛЬГЕР Герольд дүниеге келді.

Ресейдің Саратов облысында туған.

Абай атындағы Қазақ педагогика институтын және аспирантурасын бітірген. Шығармаларын неміс, орыс, қазақ тілдерінде жазады.

1958-1960 жылдары - Жамбыл облысы Байқадам кеңшарының орта мектеп мұғалімі. 1963-1964 жылдары - «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері. 1964 жылдан - шығармашылық жұмыста. 1992 жылдан - неміс тілінде шығатын «Феникс» альманахы бас редакторының орынбасары.

«Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Алты асу», «Тас өткел», «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Созвучие», «Уақытпен бетпе-бет», «Мотивы трех струн», «Гете и Абай», «Родство», «Земные избранники» зерттеу еңбектерінің, жекелеген әңгіме, мақалалары енген 25-ке жуық жинақтардың авторы.

Б.Майлин, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов, тағы басқа қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақшадан орыс тіліне, А.Раймген, Э.Кончак, Н.Ваккер, тағы басқа неміс ақын, жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды.

Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығының иегері, Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының иегері, Қазақстан ПЕН-клуб сыйлығының иегері. «Парасат» орденімен марапатталған.

29 ҚАЗАН, БЕЙСЕНБІ

Түркия Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика жарияланған күні (1923). Түркия - Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Оңтүстік-Батыс Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Болгария, Грекиямен, солтүстік-шығысында Грузия, Армениямен, шығысында Иранмен, оңтүстігінде Ирак, Сириямен, сондай-ақ солтүстігінде Қара теңізбен, солтүстік-батысында Мрамор теңізімен, оңтүстігінде Жерорта теңізімен, батысында Эгей теңізімен шектеседі. Астанасы - Анкара қаласы. Мемлекеттік тілі - түрік тілі. Ақша бірлігі - түрік лирасы.

ОҚИҒАЛАР

90 жыл бұрын (1919) қазанның 29-31 аралығында 5-Қызыл Армияның бөлімдері Петропавл қаласын Колчак әскерінен азат ету үшін «Петропавл операциясын» жүргізді.

60 жыл бұрын (1949) Өскемен қаласында Үлбі металлургия зауыты құрылды. «Қазақатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының құрамында басты кәсіпорын ретінде атом станциялары үшін ядролық отын өндіреді, бериллий, тантал, осы металдар мен олардың қосындыларынан ондаған бұйым атауларын шығарады.

10 жыл бұрын (1999) Польшаның Президенті Алексадер Квасьневскидің Қазақстан Республикасына бірінші ресми сапары болды. Сапар барысында поляктар мемлекеті басшысының ресми сапары салтанаты, сосын біріккен мәлімдемеге қол қоюмен аяқталған Н. Назарбаев пен А. Квасьневскидің келіссөздері өтті.

9 жыл бұрын (2000) 2000 жылғы Қазақстан Республикасының Кубогын иеленіп, астаналық «Жеңіс» футбол клубы еліміздің чемпионы атанды.

5 жыл бұрын (2004) Мемлекет басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Ричард Армитаджды қабылдады.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1924-2002) жазушы, аудармашы МЫҢЖАСАРОВА Роза дүниеге келген.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Қара Шоқат елді мекенінде туған. Ақтөбедегі мұғалімдер институтын, Республикалық партия мектебінің аудармашылар бөлімін бітірген. Оқу-ағарту саласының жауапты қызметтері, Шалқар аудандық комсомол комитетінің мектеп жұмысы жөніндегі хатшысы, Талдықорған, Алматы облыстық және «Семиреченская правда» газеттерінде қызметтер атқарған. 1971-1973 жылдары Байланыс министрлігінің мерзімді баспасөзді тарату басқармасының баспасөзге жазылу бөлімін басқарған.

«Қыр қыздары», «Әйел бақыты», «Төзім шеңбері» романдарының, «Өмір көріністері» әңгімелер мен повестер жинағының, бірнеше очерктер кітабының авторы. Көркем аударма саласында қазақ тіліне тәржімалаған бірқатар роман, повестері мен әңгімелері жарық көрген.

55 жыл бұрын (1954) генерал-лейтенант, Кеңес Одағының Батыры, Ауған соғысына қатысушы АУШЕВ Руслан Султанұғлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында туған.

С.Орджоникидзе атындағы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген.

2001 жылға дейін Ингушетия республикасының президенті болған. Қазіргі уақытта ТМД елдері басшылары кеңесінің жанындағы интернационал жауынгерлер жөніндегі комитетті басқарады.

Ленин, екі мәрте Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы ПІШЕМБАЕВ Мейрам Құдайбергенұлы дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған.

Семей зоотехникалық мал дәрігерлік институтын, Санкт-Петербург қаласының Солтүстік-Батыс академиясын бітірген.

Әр жылдары «Ермаковский» кеңшарының директоры, Қазақстандағы «Роснефть» өкілдігінің жетекшісі, «Казнефтеком» ЖШС-нің вице-президенті, Павлодар мұнай өңдіру зауытындағы «Казахойл» Ұлттық мұнай компаниясының бас менеджері, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті «РЦ Казимпекс» ЖАҚ-мы бас директорының орынбасары, Қазақстандағы Siemens компаниясының атқарушы директоры, «Корпорация «Казахсельмаш» ЖШС-і директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы. 2007 жылдан - Парламент Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.

30 ҚАЗАН, ЖҰМА

Ресей Федерациясында 1991 жылдан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (1999) Алматы облысы Қарасай ауданы Қарғалы ауылының бір көшесі мен орта мектебіне жазушы Ғабиден Мұстафиннің есімі берілді.

10 жыл бұрын (1999) Алматыда орыс ақыны А.Пушкинге ескерткіш орнатылды.

3 жыл бұрын (2006) «Атлас ключевых видов: высшие растения и позвоночные животные» атласы ПРООН демеушілігімен «Маңызды су-батпақты жерлерді бір жерден екінші жерге көшіп қонатын құстардың жайлану орны ретінде кешенді сақтау» Ғаламдық экологиялық қорының жобасы аясында басылып шықты. Атласқа Қызыл кітапқа енгізілген өте сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар түрлері енгізілген: балықтардың - 9 түрі, құстардың - 54 түрі, аңдардың - 18 түрі.

3 жыл бұрын (2006) Астанада «Digital Kazakhstan» («Цифровой Казахстан») журналының бірінші саны жарық көрді. Оқырмандар назарына Қазақстандағы және әлемдегі ақпараттық-коммуникациялық байланыс пен технологиялар даму барысы туралы жаңалықтар ұсынылған.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1934) суретші, монументалист, КСРО Суретшілер одағының мүшесі ДЖАКУБАЛИЕВ Марат Ғазизоллаұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Казталовка кентінде туған. В.Мухина атындағы Ленинградтағы жоғары көркемөнер өнеркәсіп училищесін (қазіргі А.Штиглиц атындағы Санкт-Петербор мемлекеттік көркемөнер өнеркәсіп академиясы) бітірген. 1979-1980 жылдары  Гурев қаласындағы «Нефтяник» Мәдениет  үйінің фойесіне, Орал қаласындағы Теміржолшылар мәдениет үйінің фойесіне көркемдік-безендіру жұмыстарын жүргізген. 1981-1983 жылдары Семей қаласындағы тұрғын үй ғимаратының,  Семей облысы Шар станциясындағы теміржол вокзалының ғимаратының, Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола облысы) «Нефтяник» демалыс орны ғимаратының бүйіржақтарына өрнектеу жұмыстарын жасаған.

70 жыл бұрын (1939) ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ЫДЫРЫСОВ Әлім Акрамұлы дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған.

Алматы медициналық институтын (Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген.

1966-1969 жылдары - Алматы медициналық институты оперативтік хирургия және топографиялық анатомия кафедрасының ассистенті. 1969-1980 жылдары - Ақтөбе медицина институтының доценті. 1984 жылдан Қазақ ұлттық медицина университетінің кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты хирургиялық анатомия және эскперименттік хирургия мәселелеріне арналған.

160-тан астам ғылыми еңбектің авторы. 3 ғылым докторы мен 6 ғылым кандидатын даярлаған.

70 жыл бұрын (1939) актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ОМАРХАНОВА Рымкеш дүниеге келді.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Сарытау ауылында туған. Қарағанды қаласындағы музыкалық училищесін бітірген.

1962-1963 жылдары - Қарқаралы аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі, 1963-1990 жылдары - Қарағанды облыстық драма театрының, 1991 жылдан Астана қалалық музыкалық-драма театрының актрисасы қызметтерін атқарған.

Сахнада Еңлік, Шолпан, Ақбала, Текті, Мөржан, Сәруар (М.Әуезов «Еңлік - Кебек», «Айман - Шолпан», «Қарагөз», «Түнгі сарын»), Баян, Күнікей, Мақпал, Дәмелі (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты»), Қарлығаш (М.Әуезов пен Л.Соболев «Абай»), Бәтес, Қалиса (С.Мұқанов «Мөлдір махаббат»), Майра (Ә.Тәжібаев «Майра»), Хадиша (С.Жүнісов «Қысылғаннан қыз болдығын»), Салиха, Зейнеп (Д.Исабеков «Мұрагерлері», «Ескі үйдегі екі кездесу»), Таңқабике (М.Кәрім «Ай тұтылған түн»), Катерина (А.Н.Островский «Найзағай») рөлдерін сомдаған.

Гастрольдік сапармен Қарақалпақстан мен Башқұртстанда өнер көрсеткен.

«Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.

31 ҚАЗАН, СЕНБІ

Үнемдеудің халықаралық күні. 1988 жылғы қазанның 27-сінде 29 елдің жинақ кассаларының өкілдері Миланда өздерінің бірінші Халықаралық арнайы конгрестеріне жиналды. Конгресс жұмысының соңғы күні - қазанның 31-інде «барлық елдердегі жинақ банктік институттардың бірінші құрылтайын есте қалдыру» идеясы өмірге келіп, бұл күнді «Халықаралық Үнем Күні» (International Saving Day) ретінде жыл сайын атап өтуге шешім қабылданды. Алайда, құрылтайшылардың пиғылынша, бұл күні тек ақшаны үнемдеп қана қоймай, үнемді кең мағынасында: уақыт үнемдеуге, заттарға ұқыпты қару, т.б. мәселелерге қолдануға арнау қажет. 1989 жылы БҰҰ нұсқау қабылдап, онда қазанның 31-ін Халықаралық Үнем күні етіп бекітті.

Эквадордың ұлттық туы күні. Эквадордың көлденең сары, көк және қызыл түсті белдеулі туы 1860 жылғы 26 қыркүйекте қабылданған. Эквадорлық тудың сары түсі күн сәулесін, жердің байлығын, бидай мен жүгері алқабын, елдің дәулеттілігін бейнелесе; көк түс - аспанның, өзендер мен Тынық мұхитты; қызылы - бостандық үшін күрестегі патриоттардың төгілген қанын бейнелейді.

ОҚИҒАЛАР

138 жыл бұрын (1871) Біржан сал мен Сара арасындағы атақты айтыс болып өтті.

1 жыл бұрын (2008) Астанада Индустрия және сауда министрлігінде ІІ республикалық «Дайын отандық өнімнің үздік экспортёрі-2008» конкурсы аясында тұңғыш рет «Қазақстанның экспорттық әлеуеті: мәселелер мен шешу жолдары-2008» республикалық конференция болып өтті.

Конференция мақсаты - экономиканың шикізаттық емес жүйесінің экспортер-кәсіпорындары мен экспорт нарығының мемлекеттік реттеушілері, қаржылық институттар, инвесторлар, кеңес беру қызметін ұсынушылар арасында сындарлы диалог орнату үшін оңтайлы орын белгілеу.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1944) Ресейдің еңбек сіңірген әртісі РЯЗАНОВА Раиса Ивановна дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында туған.

Рязан музыкалық-педагогикалық училищесін, А.В.Луначарский атындағы мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.

Музыкалық мектеп оқытушысы қызметін атқарған. 1979 жылдан - М.Горький атындағы киностудиясының актрисасы.

«Москва слезам не верит», «И все-таки я люблю...», «Не родись красивой», «Две сестры», «Next 3», «Ангел-хранитель», «Монтекристо», «Всегда говори «всегда» атты киноларында ойнаған.

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

1 ҚАРАША, ЖЕКСЕНБІ

  

Украинада Әлеуметтік сала қызметкерлерінің күні. Украина Президентінің 1999 жылғы 13 сәуірдегі Жарлығымен қарашаның бірінші жексенбісінде аталып өтеді.

Беларусьтегі Азаматтық авиация қызметкерлерінің күні. Жыл сайын қарашаның бірінші жексенбісінде аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

45 жыл бұрын (1964) Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының орыс труппасы құрылды. Осы кезең аралығында 200-ден астам спектакль қойылды. Көптеген қойылымдар негізі - адамдар тағдыры, олардың өсу өрістері, адамгершілік еріктері. Сахна саңлақтары арасындағы танымал есімдер қатарында Леонид Фомин, Людмила Шипкова, Раиса Телеуова, Полина Савицкая, Ольга Павлова, т.б. бар.

8 жыл бұрын (2001) Оралда «051 - құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі құрылды.

5 жыл бұрын (2004) Ақтөбеде «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттерінің күні өтті. Қалалық Оқушылар сарайында газеттер делегациясы қаланың қауымдастығымен кездесу өткізді. Кездесу диалог түрінде өрбіді. Еліміздің басты газеттерінің журналистері мұғалімдердің, ардагерлердің, оқушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді, атап айтқанда, нашақорлық, қылмыскерлік мәселелерін жариялау жайы көтеріліп, спорт журналистикасын дамыту, т.б. мәселелер әңгімеге арқау болды. «Казахстанкая правда» мен «Егемен Қазақстан» газеттерінің журналистері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенттері үшін шеберлік сабақтарын өткізіп, өлкетану мұражайында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды, «Шалқар» баспаханасында, педагогикалық институтта, «Ақтөбемұнайгаз СНПС» ААҚ-да болып, Алға, Мұғалжар, Хромтау және Шалқар аудандарына барды.

5 жыл бұрын (2004) Қарағанды қаласының «Аяла» вокалды-хореографиялық ансамблі Мәскеуде өткен «Толқын үстінде» халықаралық хореографиялық байқауында бірінші орынды жеңіп алды. «Аяла» ансамблі Қарағанды экономикалық университеті жанынан құрылған. «Толқын үстінде» байқауына ТМД-ның әр елдерінен барлығы 47 өнер ұжымы мен 450 әнші қатысты.

3 жыл бұрын (2006) Солтүстік Қазақстан облысында елімізде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Кеден органдары ардагерлері кеңесінің облыстық филиалы құрылды.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1949) жазушы, драматург, Қазақстан журналистер одағы Кәкімжан Қазыбаев атындағы сыйлығының иегері ӘБДІКӘРІМОВ Сейілғазы дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасында туған.

1962 жылы ата жұрты Қазақстанға оралған.

Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

Мәдениет министрлігінің репертуарлық редакциялық алқасының редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің аға тілшісі, Қазақ теледидарының комментаторы қызметтерін атқарған.

«Аға сержант» атты екі бөлімді драманың, «Үрейлі күндер», «Көпе-көрнеу», «Мазасыз түн», «Қанды қарымта» пьесалары мен «Беу, Қатира-ай» деген бір актілі комедияның, «Белес, белес, белестер», «Өнер мұраты» (Е.Төлегеновпен бірігіп жазған) жинақтардың авторы.

40 жыл бұрын (1969) «PetroKazakhstan International» компаниясының қоғам және үкіметпен байланыс жөніндегі вице-президенті ӘБДІҚАЛЫҚОВ Арман Айдарханұлы дүниеге келді.

Ресей Федерацияның Санкт-Петербор қаласында туған.

Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.

1991-1997 жылдары - жеке құрылыс компанияларында бухгалтер, атқарушы директоры, «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның экономисі, жетекші экономисі, басқарма бастығының бірінші орынбасарының көмекшісі. 1997-2002 жылдары - «BDT Audit&Consulting» ЖШС-нің атқарушы директоры, «ҚазТрансГаз» ЖАҚ-ның активтерді басқару департаментінің директоры, «Мұнай мен газ көлігі» ҰК» ЖАҚ-ның корпоративтік басқару және индикативтік жоспарлау департаменті директорының орынбасары. 2002-2003 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы индикативтік жоспарлау және экономикалық талдау департаменті директорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы бюджеттендіру, индикативтік жоспарлау және экономикалық талдау департаментінің бас менеджері, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы активтерді басқару департаменті директорының орынбасары. 2004-2007 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы активтерді басқару департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.

35 жыл бұрын (1974) танымал балуан, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ДЕҢГЕЛБАЕВ Берік Шалғымбайұлыдүниеге келді.

Алматы облысының Қаскелең қаласында туған.

1997-2000 жылдары бірнеше мәрте республика чемпионы атағын жеңіп алған. Халықаралық балуандар бәсекелерінде де бірнеше рет жүлделі орындарды иеленген.

2000 жылғы XIII Азия ойындарына қатысқан.

Соңғы жаңалықтар