ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 5-і мен 10-ы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

Қазанның 5-і күні Тәуелсіздік сарайында «KAZENERGY» форумы өтеді.

Қазанның 5-інде Министрліктер үйінде «Жасыл ел» автожарысының қорытындыларына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.

Қазанның 5-і күні Бас Прокуратура жанындағы Құқықтық статистика жөніндегі комитеттің 9 ай ішінде елдегі заңдылық пен тәртіптің сақталауы тақырыбында брифинг өтеді.

ПАРЛАМЕНТ

Қазанның 5-інде Парламент Мәжілісінің төрағасы ҚХР Төтенше және өкілетті елшісімен кездеседі.

АСТАНА

Қазанның 5-і күні Президенттің Мәдениет орталығында 12-ші Тіл фестивалі аясында мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметте тақырыбына арналған іс-шара болып өтеді.

Қазанның 5-інде күні Астана қаласындағы «Көрме» көрме орталығында көрме кешенінің ресми тұсау кесері болады.

АЛМАТЫ

Қазанның 5-і күні Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорының мәселелері» атты ресупбликалық көрме-конференция болады.

Қазанның 5-інде Алматыдағы «Асфальтобетон» ЖШС-да ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - Жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа жолдауын түсіндіру жөніндегі кездесу өтеді.

Қазанның 5-і күні Қазақстанның Ұлттық банкі баспасөз мәслихатын өткізеді.

АЙМАҚ

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН

Шығыс Қазақстан облысында қазанның 1-інен бастап облыстық әкімдік жанынан Инновациялар мен жаңа технологиялар жөнінде кеңес өз жұмысын бастайды

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

Қазанның 8-і күні Павлодардағы «Астана» мұз айдынында әйелдердің қолынан шыққан тауарлар мен жаңа идеялардың «Қанатты әйел-3» атты республикалық жәрмеңкесі ашылады

ҚАРАҒАНДЫ

Қазанның 8-і күні Қарағандыда жастарға патриоттық тәрбие беру мәселелері талқыланатын ЖОО-дың республикалық семинар кеңесі өтеді

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР

ҚАЗАННЫҢ 5-І, СЕЙСЕНБІ

Бүкіләлемдік мұғалім күні

1994-інші жылы ЮНЕСКО бекіткен. Қазанның 5-інде атап өтіледі. 1966-ншы жылы осы күні ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымы шақырған конференция «Мұғалімдер жағдайы туралы» Ұсынысты - мұғалімдер еңбегі жағдайларын айқындайтын тұңғыш халықаралық құжат қабылдады.

Бұл күн қоғамдағы мұғалімдер жайына, олардың білім беру мен дамудағы рөліне көңіл бөлуді көздейді. Бүкіләлемдік мұғалімдер күнін әлемнің 100-ден астам мемлекеттері атап өтеді.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Алматыда белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының кинематографтар одағының мүшесі Қалила Омаровтың «Мұнай тамшысындағы тағдырлар» атты деректі фильмнің тұсау кесер рәсімі өтті.

Республикамыздың мұнай саласындағы ардагерлеріне арналған фильм үш бөлімнен тұрады. Фильмде отандық мұнай саласының дамуы, ардагерлердің суық климаттық жағдайларда аянбай еңбек еткендері туралы көрсетілген.

Фильм «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы тапсырысы бойынша түсірілген. Сценарийін жазған белгілі журналист және публицист Қайнар Олжай. Картина режиссері Қалила Омаров орындаушы продюсері және кинооператоры болды.

1 жыл бұрын (2009) Павлодарда облыстың білім саласының үздік қызметкерлері таныстырылған «Алтын қор» жинағы жарық көрді.

Басылымға ерен еңбектері үшін жоғары кәсіби баға алған үздік мұғалімдердің аты-жөндері енгізіліп отыр.

1 жыл бұрын (2009) «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы оңтүстікқазақстандық филиалының бастамасымен облыста Ақпараттық технологиялар орталығы пайда болды.

Орталықтың мақсаты - жергілікті жердегі ең өткір проблемаларды шешуде және оқиғаларды шынайы таратуда ынтымақтастық таныту.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1920-1988) ақын МОЛДАҒАЛИЕВ Жұбан дүниеге келді. Орал облысының Ақжайық ауданында туған. Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. 1940-1947 жылдары әскер қатарында болған. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1948-1952 жылдары - «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары. 1952-1954 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1955-1956 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары. 1957-1963 жылдары - «Жұлдыз» журналының бас редакторы. 1963-1971 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 1973-1983 жылдары - КСРО Жазушылар басқармасының хатшысы. 1979-1983 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1983-1988 жылдары - шығармашылық жұмыспен айналысты.

Алғашқы өлеңі Орал облыстық «Комсомол ұрпағы» газетінде 1939 жылы басылған. 1949 жылы «Жеңіс жырлары» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы шыққан. Содан бергі жылдар ішінде «Нұрлы жол», «Жыр туралы жыр», «Ғашық көзбен», «Заман тынысы», «Байқоңыр баспалдақтары», т.б. барлығы 60-тан астам кітабы, әр кезеңде қазақ, орыс тілдерінде таңдамалы шығармаларының бір томдығы, қос томдығы, үш томдығы жарық көрді. Өзі дүниеден өткеннен кейін шығармаларының екі томдығы шықты. 1970 жылы «Кісен ашқан» поэмасы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына, 1978 жылы «Қыран дала» және «Сел» поэмалары үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. КСРО Қорғаныс Министрлігі сыйлығының лауреаты және А.Фадеев атындағы алтын медальдің иегері. Көптеген шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, монғол, словак және басқа шетел тілдеріне аударылған.

Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, екі рет 2-інші дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 1985 жылы «Қазақ КСР Халық жазушысы» құрметті атағы берілді.

70 жыл бұрын (1940-1996) кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ТОҒЫСБАЕВ Тоқболат Төлепбайұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында туған. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін (қазіргі О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі) бітірген.

Ол туған ел табиғатын бейнелеуде өзінің қайталанбас қолтаңбасын айқын аңғартты; заман мен адамды асқақ жырлаумен ұлттық бейнелеу өнері тарихында терең із қалдырды. «Гүл мен қыз», «Дала әуені», «Соғыс триптихы», «Дала баладасы», «Құрлысшылар сөзі», «Әнші таулар» атты кескіндемелік шығармалары айшықты әсемдігімен ерекшеленеді. Кескіндемеші портрет жанрында («Абай», «Айсұлу», «Ақын М.Шахановтың портреті», «Т.Ордабековтің портреті», «Е.Брусиловскийдің портреті». «Ә.Қашаубаевтың портреті») бейнелейтін адамның сыртқы ұқсастығынан гөрі ішкі парасатты ой толғанысы мен психологиялық-шығармашылық сезім дүниесін ашуды басты мақсат тұтты. Оның қылқаламынан туған туындылары кезінде Республикалық, Бүкілодақтық және Халықаралық көрмелерге қойылған. Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты. 1997 жылы оның туған ауданындағы орта мектепке есімі берілген.

ҚАЗАННЫҢ 6-Ы, СӘРСЕНБІ

Бүкіләлемдік мекендеген жерді қорғау күні (World Hospice and Palliative Care Day)

Бүкіләлемде қазанның 6-ы күні атап өтіледі. Бұл мерекені 1979 жылы Еуропаның жабайы флорасы мен фаунасын және мекендеген жерлерін қорғау туралы конфенциясының шеңберінде бекітілген.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Павлодар облысы Лебяжі ауданының Черное ауылындағы бір көшеге бұрынғы кеңшардың директоры Мұхтар Арыновтың есімі берілді. ХХIII партсъезд атындағы кеңшарды 18 жыл бойы басқарған, ол ауылдастарының мұқтаждарына көңіл бөліп отырған. Ол басқарған шаруашылық жоғары көрсеткіштерге жетті, Черное ауылының көшелеріне асфальт төселіп, мектеп, және шаруашылықтың жұмыскерлеріне ыңғайлы үйлер салынды. Ауылдастарының М.Арыновтың есімін мәңгі есте сақтап қалу ниетін жергілікті билік өкілдері қолдады.

1 жыл бұрын (2009) Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында алғашқы жоғары кернеулі трансформатор шығарылды. Қуатты машинаны «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ы жасап шығарған, олар бір жыл ішінде қуаттылығы 25000 кВА жоғары кернеулі трансформаторларды шығаратын жаңа цехты салды.

Бұл - отандық энергетика саласындағы инновациялық жоба. Жаңа цех жетекші батыс фирмаларының жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған.

1 жыл бұрын (2009) «Нұр Отан» ХДП-нің «Жас Отан» жастар қанатының жеке интернет-сайты www.zhasotan.kz ашылды.

«Жас Отанның» беделін арттыру, «Жас Отан» мен жастар арасындағы қарым-қатынасты күшейту мақсатында құрылды.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1950) ішкі қызмет полковнигі, «KSAR technology» ЖШС-ның бас директоры БАЙМҰХАМБЕТОВ Мақсұт Мақанұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген.

Алматы облыстық атқарушы комитеті Ішкі істер басқармасының Еңбекпен түзеу мекемесінде нұсқаушы, аға нұсқаушы, Еңбекпен түзеу 14 - колониясы бастығының орынбасары, Еңбекпен емдеу 15 - профилакторий бастығының орынбасары, Алматы облысы ІІД-нің қылмыстық-атқарушы жүйе бөлімі бастығының орынбасары, Алматы облысы ІІД-нің ЛА-155/4 мекемесінің бастығы, ҚР ІІМ-нің қылмыстық-атқарушы жүйе департаменті бастығының орынбасары, ҚР ІІМ-нің жанындағы тыл департаментінің бастығы, ҚР ІІМ «Қару (Арсенал)-1» РММ-нің бастығы, ҚР ІІМ-нің тергеумен-қамалған күдіктілерді алдын ала оңашалау департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан бастап.

ҚАЗАННЫҢ 7-І, БЕЙСЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Орталық Азиялық ынтымақтастығы ұйымына мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы аяқталғаннан кейін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен ЕурАзЭҚ-тың біріктірілуі туралы шешім қабылданды.

5 жыл бұрын (2005) Еуразия ұлттық университетінде ірі түркітанушы ғалым, этнограф Лев Гумилевтің кабинет-мұражайы ашылды.

Мұнда Л. Гумилевтің бүкіл шығармалары топтастырылған. Олардың ішінде «Қазақ этносының шығу тарихы» қолжазбасы мен «Этногенез бен Жер биосферасы» атты докторлық диссертациясының түпнұсқасы да бар. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеясын қолдайтын бірқатар еңбектері қойылған. Кабинеттің ашылу рәсімінде ғалымның зайыбы Н. Гумилеваның жиені М. Новгородова еуразияшыл жанның өз туындыларын басқан «Continental» жазу машинкасын мұражайға тапсырды.

1 жыл бұрын (2009) Павлодар мемлекеттік университеті ғалымдарының атымен аудиториялар аталды.

Аудиториялардың біріне ұлттық білім беру жүйесіне өзінің елеулі үлесін қосқан тарих ғылымдарының докторы, академик Тоқмұхамед Садықовтың есімі алтын әріптермен жазылған. Кабинеттерге оқу орнының бірінші ректоры - Евгений Мирошниктің, және ғылым жөніндегі проректоры, физика саласын зерттеуге өзінің 40 жылын арнаған - Василий Волошиннің және математик - Қанатбек Қайырбаевтың есімдері жазылған.

1 жыл бұрын (2009) Астанада Швейцар Конфедерациясының Қазақстандағы Елшілігі ашылды.

1 жыл бұрын (2009) «Нұр Отан» ХДП-ның бастамасымен әлеуметтік шиеленістерді қарастырып және оларды шешетін Республикалық қоғамдық кеңес құрылды.

Кеңес қоғамдық мағынасы бар ұзақ уақыт бойы қарастырылмаған арыздарды қарайды.

ЕСІМДЕР

125 жыл бұрын (1885-1962) даниялық ғалым, қазіргі заманғы физиканың негізін салушылардың бірі, Копенгагендегі Теориялық физика институтының (қазіргі Нильс Бор институты) негізін қалаушысы (1920) және оның жетекшісі, КСРО ҒА мүшесі (1929) БОР Нильс Хенрик дүниеге келді.

Данияда туған. Копенгаген университетін бітірген. 1911-1912 жылдары Кембриджде Джордж Томсонмен, 1912-1913 жылдары Манчестерде Эрнест Резерфордпен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1916 жылдан Копенгаген университетінің профессоры. Ол атомның алғашқы кванттық теориясын жасаушы, кванттық механиканың негізін қалаушылардың бірі. Оның қағидалары (постулаттары) деп аталған тұжырымдар негізінде атомның орнықтылығын және сутек тәрізді атомдардың спектірлік заңдылықтарын түсіндірді. Оның теориясы бойынша атомның орнықты (стационар) күйдегі энергиясының үзілісті (дискретті) мәндерге болатындығы алынғанымен, электрон шеңбер не эллипс тәрізді орбита бойымен қозғалатын классикалық бөлшек ретінде қарастырылады. Атом құрылысының және оның ішінде өтетін түрлі процестердің толық теориясы кванттық механика заңдары ашылған соң ғана жасалды.

Нобель сыйлығының лауреаты (1922).

ҚАЗАННЫҢ 8-І, ЖҰМА

Дүниежүзілік жұмыртқа күні

Әлемнің көптеген елдерінде қазанның екінші жұмасында Дүниежүзілік жұмыртқа күні (World Egg Day) атап өтіледі. Бұл мейрам - жұмыртқаны, омлетті және қуырылған жұмырқаны жақсы көретіндердің мейрамы. Мейрамның тарихы мынандай: 1996 жылғы Венадағы Халықаралық жұмыртқа комиссиясында (International Egg Commission) дүниежүзілік «жұмыртқа» мейрамын қазанның екінші жұмасында өткізілуін жариялады. Комиссияның айтуынша көптеген елдерде жұмыртқа күнін тойлаудың көптеген себебтері бар, әсіресе жұмыртқа өнімін өндіретін ұйымдар мейрамды тойлауға дайын екенін айтты. Соңғы оңжылдықта жұмыртқа туралы көптеген жағымсыз пікірлер айтылды, соңғы ғылым зерттеулерінің бойынша жұмыртқаны пайдаланудан қашпау керек. Оның ішінде көптеген ағзаға пайдалы заттар, витаминдер мен минералдар бар, антиоксиданттар кейбір ауруларға көмектеседі. Жұмыртқа холестерин деңгейін көтермейді. Сондықтан да, күніне бір жұмыртқа жеуге әбден болады.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2007) Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы Бейнелеу өнері мұражайы жаңа жәдігермен толықты. Абай ауданының тұрғыны Жәнібек Молдахан мұражайға тастан қашалған жауынгердің мүсінін тарту етті. Тасмүсін табылған жерге аттанған өлкетанушы-ғалымдар, бұл осыдан 1 мың жылдай бұрын қашалған түркі жауынгерінің бейнесі деген пайымдау жасап отыр. Өлкетанушылар: тас мүсін көне түркілердің әдетте зират басына қоятын дәстүрлі ескерткіші болып табылады және оның көмегімен байырғы көшпелілер дүниенің төрт бұрышын бағдарлаған деген пайымдауды ұсынып отыр.

1 жыл бұрын (2009) Астанада Елбасының қатысуымен Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті.

Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш Астана қаласының Ташенов көшесінің бойындағы жасыл саябақта орналасқан. Ескерткіш қоладан, ал тұғыры - граниттен жасалған. Биіктігі - 4,4 метр, салмағы - 5,5 тонна. Оның құрлысына 0,0625 гектар жер телімі берілді.

1 жыл бұрын (2009) С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу орталығы базасында «Ядролық технологиялар және қайтарымды энергетика технологиясы» ұлттық ғылыми зертханасының таныстырылымы өтті.

Ұлттық ғылыми зертхананың құрылымына ядролық-магнитті резонансты-спектроскопия зертханасы, қолданбалы және радиациялық физика зертханасы, математикалық модельдеу зертханасы кірді. Ядролық технологиялар және орны толатын энергетика технологиясы зертханасы - мұндай жалғыз зертхана. Елімізде осындай бес Ұлттық зертхана бар, солардың ішінде тек осы зертхана ғана аймақтық университеттің құрылымына кіреді. Себебі, университет аймақтың ірі кәсіпорындарымен, ҚР Ұлттық ядролық орталықпен бірлескен жобалар атқарады. Зертхана ядролық физика, қайтарымды энергетика, конденсатты жағдай физикасы және материалтану, химия, медицина, фармакология, экология салаларында ғылыми зерттеулер өткізу үшін құрылып отыр.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1940) актриса, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі БАҒЫСОВА Жібек Есекейқызы дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры жанындағы әншілік-хор студиясын бітірген.

1960-1995 жылдары Қызылорда облыстық драма театрында, 1995 жылдан Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық музыкалық драма театрында өнер көрсетеді.

Ол ойнаған Қарагөз, Қарлыға, Жүзтайлақ (М.Әуезовтің «Қарагөзінде», «Қара қыпшақ Қобландыда», «Түнгі сарында»), Ақтоты (Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтотысында»), Ева Броер (Қ. Мұхамеджановтың «жат елдесінде»), Ажар (С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалында»), Қамажай (Д.Исабековтің «Әпкесінде»), Әлиман мен Толғанай («Ш.Айтматовтың повесі бойынша қойылған «Ана - Жер анасында»), Шапақ (М. Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде»), Тата Нерадова (А.П. Штейннің «Толасында»), Регана (У. Шекспирдің «Король Лирінде»), т.б. рөлдер актриса талантын танытты. Ол жасаған сахналық бейнелердің ұлттық бояуы айқын. Сонымен қатар сахнада кейіпкердің ішкі толғаныстарын, психологиялық көңіл-күйлерін терең ашуымен ерекшеленеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған.

60 жыл бұрын (1950-2007) ақын, журналист, аудармашы АҚЫПБЕКҰЛЫ Өтепберген дүниеге келді.

Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1973-1985 жылдары Қапал аудандық «Қапал еңбеккері» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, кейіннен облыстық «Октябрь туы» газетінде жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1985-1995 жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Денсаулық», «Жанашыр», «Халық Конгресі» газет, журналдарында аға тілші, бөлім меңгерушісі, бөлім редакторы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып қызмет істеді. 1995-1998 жылдары Республикалық «Қазгидромет» агенттігінде, ҚР Парламенті Мәжілісінде, ҚР Ұлттық Банкісінде аға референт, кеңесші, ҚР Әділет министрлігінің Ішкі әкімшілік департаменті Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Бірнеше дүркін Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті мен «Жалын» баспасының бірлескен дәстүрлі конкурсының және республикалық, халықаралық мүшәйралардың жүлдегері атанған. Әр жылдары: «Доп», «Футболшы боламын», «Жарыс», «Жарыстан соң жарыс», «Жылдың төрт мезгілі», «Балабақтың бір күні», «Қырық қызық», «Балдай тәтті әліппе», «Ажарлы Астана», «Керек кітап», «Мен таңдайтын мамандық», т.б. балаларға арналған өлең кітаптары мен кітапшалары жарық көрген. «Шекара әскерінің үздігі» құрмет белгісімен және медальмен марапатталған.

55 жыл бұрын (1955) «КаспийМұнайҚұрылыс» АҚ-ның Басқарма төрағасы СҮЙІНДІКОВ Жаңабай дүниеге келді.

Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті), Қазақ мемлекеттік басқарма академиясы жанындағы Нарық институтын (қазірігі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университет) бітірген.

1983-1987 жылдары - Каспий маңындағы Құрылыс басқармасынның мастері, прорабы, бастығы. 1987-1988 жылдары - «Союзтермнефть» К аспий маңындағы Машина құрылыс кешенінің бас инженері. 1988-1992 жылдары - Бұзаншы құрылыс-монтаждау басқармасының бастығы. 1992-1994 жылдары - «Нафта» фирмасының бастығы. 1994-2005 жылдары - «Нефтебанк» ААҚ-ның Басқарма төрағасы және Директорлар Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2001 жылдан - өзінің бастамасымен құрылған «КаспийМұнайҚұрылыс» ЖАҚ басқарып келеді (2006 жылдан бастап Акционерлік қоғам). Бірнеше рет Маңғыстау облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған.

«Қазақстан Республикасына 10 жыл» медалімен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Құрмет грамотасымен, Қазақстан кәсіпкерлері Форумының «Қазақстанның үздік кәсіпкері» атты грамотасымен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 9-Ы, СЕНБІ

Бүкіләлемдік пошта күні

1969-ыншы жылы Токиода өткен Дүниежүзілік пошта одағының XVI конгресінің шешімі бойынша өткізіледі.

Қазір қызмет көрсететін байланыс түрлерінің арасында бәрінен бұрын пошта пайда болған. Бүгінде ол, тіпті телефон желісі мен электр қуаты жетпейтін елді мекендерге де, яғни, бүкіл әлемге дерлік жайылған.

Бәлкім, уақыт өте келе пошта байланысы қарым-қатынас жасаудың басқа да шапшаңырақ түрлеріне орын берер, бірақ хаттар мен түрлі-түсті ашық хаттар ғана өткен оқиғаларды еске түсіріп қала бермек. Жақын адамдарыңызға хат жазыңыз, олардың жүректерінде өзіңіз туралы естелік қалдырыңыз!

ОҚИҒАЛАР

145 жыл бұрын (1865) бильярд шарына патент алынды. Өнертапқыш Джон Уэсли Хайятт белгілі бір пішінге келтіруге болатын синтетикалық материалды ойлап тауып, одан бильярд шарын жасады. Бұған дейін бильярд шарын піл сүйегінен жасап келген болатын.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен екінші деңгейлі 5 банк арасында өңдеу саласындағы кәсіпкерлік субъектілерді қолдау және жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу үшін 3 келісім жасалды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры», «Стрестік активтер қоры», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-дары мен екінші деңгейдегі 5 банк арасында екі келісім жасалды. Біріншісі, кейіннен өңдеу өнеркәсібімен айналысатын кәсіпкерлерге несие беру үшін банктерде қаражат орналастыру жөніндегі Бас келісім. Екіншісі - өңдеу өнеркәсібімен айналысатын кәсіпкерлердің лизингтік мәмілелерін банктер және лизингтік компаниялар арқылы қаржыландыру жөніндегі келісім. Одан кейін Самұрық-Қазына» ҰӘҚ», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» және «Қазақстанның даму банкі» АҚ-лары арасында «Қазақстанның даму банкіне» кейіннен өңдеу өнеркәсібі саласындағы инвестициялық жобаларды несиелендіру үшін ұзақмерзімді жеңілдетілген несие беру жөніндегі келісімге де қол қойылды.

«Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде бөлінген бұл қаражат екінші деңгейдегі банктер арқылы өңдеу өнеркісібі саласында қызмет ететін жеке кәсіпкерлердің қарыздарын қайта қаржыландыруға және жаңа жобаларын қаржыландыруға бағытталатын болады. Онда соңғы қарыз алушы (кәсіпкер) үшін жылдық сыйақы 8 пайыздан аспайтын мөлшерде белгіленіп отыр. Екінші деңгейлі банктер арасынан - «БТА банк», «Қазкоммерцбанк», «Халық банк», «Альянс банк» және «Темір банк» АҚ-дарының әріптес ретінде таңдап алынуы тегін емес. Еліміздегі өңдеу саласындағы кәсіпкерлік субьектілерін қаржыландыруда несие қоржынның 90 пайызы осы 5 банктің үлесінде».

1 жыл бұрын (2009) Сарысу ауданының Жайылма ауылында жаңа спорт кешенінің ашылу рәсімі өтті.

Спорт кешенге Оңтүстік Қазақстан облысының қазақша күрес бойынша чемпионы Бөрібек Тоғызбаевтың есімі берілген. Спорт кешенді жеке кәсіпкер Б.Тоғызбаевтың ұлы Жеңіс салды. Екі қабатты ғимараттың ішінде күреспен, стол теннисімен, шахматпен, дойбымен айналысатын спорт залдары, және жуыну бөлмелері бар.

ЕСІМДЕР

50 жыл бұрын (1960) тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Нұр Отан» ХДП Астаналық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары РАХЫМЖАНОВ Әмірхан Мұратбекұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қарағанды политехникалық институтын (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті), Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұржар ауданының Чапаев атындағы ұжымшарында бастаған. Ұржар аудандық партия комитетінде саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, орта мектеп оқытушысы болған. 1991-1999 жылдары - мұғалім, Шығыс Қазақстан облысының аудандық, қалалық, облыстық білім басқармасының бастығы. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігінде Орта және кәсіби білім комитеті басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің орта жалпы білім департаменті директорының орынбасары, басқарма бастығы. 2001-2003 жылдары - білім беру секторының меңгерушісі, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің кеңсесі әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі. 2003-2006 жылдары - Астана қаласының Білім департаментінің директоры. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде бас нұсқаушы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2008-2010 жылдары - Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазірігі қызметінде - 2010 жылдың ақпанынан бастап.

Екі медальмен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 10-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Дүниежүзілік жүйке саулығы күні (World Mental Health Day)

Әлемде 1992-інші жылдан Дүниежүзілік денсаулық ұйымының қолдауымен Дүниежүзілік жүйке саулығы федерациясының ұсынысы бойынша атап өтіледі.

Дүниежүзілік жүйке саулығы күнінің мақсаты депрессивтік ауытқушылық, шизофрения, Альцгеймер ауруы, нашақорлыққа тәуелділік, эпилепсия, ақыл­-есі кемістігі тарауын қысқарту болып табылады.

ОҚИҒАЛАР

7 жыл бұрын (2003) Алматыда «Религии мира. Культовые сооружения» атты көркем пошта маркаларының таныстырылымы өтті.

Екі маркада филателисттердің қызығушылығын арттырады және әлем діндеріне арналған алғашқы серия болып табылады. Маркаларда Қазақстанда ең көп тараған екі дін бейнеленген: олар Алматының орталық мешіті және Вознесенский кафедралдық шіркеуі. Суретшісі - Данияр Мұхамеджанов. Маркалардың таралымы - 70 мың дана, құны - 50 теңге.

2 жыл бұрын (2008) Мәскеуде Ресей ғылым академиясының «Шығыс әдебиеті» баспасынан «Қазақ тілі» кітабы жарық көрді. Оқулық М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Азия және Африка елдері институтының Кавказ және Орталық Азия оқу-ғылыми орталығында дайындалған. Оқу құралы Ресей ғылым академиясы Тілтану институтының бас ғылыми қызметкері, ММУ профессоры Кеңесбай Мұсаевтың орыс тілді оқушыларға қазақ тілін үйрету жөніндегі көпжылдық тәжірибесіне негізделген. Ол - «Қазақ тілі оқулығы» мен «Фонетикалық курстан» тұратын оқу-әдістемелік топтама. Мұнда тілді бастапқы үйренуге қажетті формалар, яғни грамматикалық, қоғамдық-саяси, көркем әдебиеттер мен күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын сөздер берілген.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1925-1986) жазушы, аудармашы АБДУЛЛИН Хизмет Әбдімүталипұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1951-1955 жылдары - Алматыда шығып тұратын «Жаңа өмір» журналы редакциясында әдеби қызметкер, бөлім бастығы және жауапты хатшы. 1955-1980 жылдары - ұйғыр тілінде шығатын «Иеңи һаят», «Коммунизм туғи» газеттерінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Қазақстан Жазушылар одағында ұйғыр әдебиеті секциясының меңгерушісі болды.

Оның шығармаларының негізгі өзегін ел қорғау, бостандық жолындағы күрес, болашаққа деген сенім, махаббат, адамгершілік мәселелері құрайды. Шетелдегі ұйғырлардың өміріне арналған «Тұрфан аясында» романы, «Ауылдастар», «Тағдыр», «Отты шеңбер», «Жылдарға жауап», «Гүлстан», т.б. көптеген повестері мен әңгімелер жинақтары, «Анаят», «Давутжан», т.б. өлеңдер мен поэмалар жинақтары бар. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, Р.Тагор, М.В.Исаковский шығармаларын ұйғыр тіліне тәржімалады. Оның «Тас түйін» аталатын повестер мен әңгімелер жинағы қазақ тілінде жарық көрді.

75 жыл бұрын (1935) жазушы, журналист, фельетоншы УАЙДИН Үмбетбай Уайдаұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

1958 жылы Шалқар аудандық газеті редакциясы жанындағы баспаханада әріп теруші, 1959 жылдан қазақ радиосы, «Ара» журналы, «Өнер» баспасы, Қазақстан кітапқұмарлар қоғамы мен Жазушылар одағында әр түрлі қызметтер атқарған.

Оның «Қара көзілдірік» (1968), «Құрдым шиыр» (1971), «Ендігісін айтпаймын» (1974), «Ішіңбілсін» (1976), «Контейнермен келген кемпір» (1978), «Тілсіз қоңырау» (1980), «Быды-быды» (1982), «Нанайын ба, нанбайын ба?» (1984), «Инабат иірімдері» (1985), «Мәселе қайда жатыр?» (1987), «Пәлен-пәштуан» (1992), «Мәңгілік мәселе» (1993), «Көпен Әмірбек» (2005), «Із» (2005), «Әдеп әлемі» (2008) кітаптары жарық көрген.

Шығармалары орыс, украин, қырғыз, қарақалпақ, тува тілдеріне аударылған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар