ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 5-і мен 11-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ПАРЛАМЕНТ
Қазанның 5-інде Парламент Мәжілісінде Үкімет сағаты өтеді.
Қазанның 5-інде Парламент Мәжілісінде «Энергия қуатын үнемдеу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтеді.
ҮКІМЕТ
Қазанның 5-інде Үкімет үйінде селекторлық кеңес өтеді.
Қазанның 5-інде Білім және ғылым министрлігінде вице-министр А.Жақыпов Ұлыбританияның жоғары білім және зияткерлік меншік министрі Д.Ламмимен кездеседі.
Қазанның 5-інде Ішкі істер министрлігінде апталық брифинг болады.
Қазанның 5-інде Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг өтеді.
ҚОҒАМ
Қыркүйектің 28-і мен қазанның 9-ы аралығында Варшава қаласында мыңнан астам ұлттық делегациялар өкілдері, адам құқықтары мен демократизациялау жөніндегі көптеген үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ), академиялық топ өкілдерінің қатысуымен адам өлшемі саласындағы міндеттемелерді орындау барысына қатысты жыл сайынғы ЕҚЫҰ Кеңесі өткізіледі. Кеңеске Қазақстан жағынан СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Мәдина Жарбосынова бастаған делегация қатысады.
АСТАНА
Қыркүйектің 11-і мен қазанның 11-і аралығында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайында Қостанай облыстық мұражай қорларының «Ұлттық мәдениеттер бесігі» тақырыбындағы көрмесі өтеді.
Қыркүйектің 15-і мен қазанның 15-і аралығында Астанада тазалық айлығы өтеді.
Қазанның 2-9 аралығында Астанада тұңғыш рет Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) Бас Ассамблеясының XVIII сессиясы өтуде.
Қазанның 5-інде Статистика департаментінде БҰҰ-ның Мыңжылдықтың даму мақсаттары жөніндегі Еуропалық экономикалық комиссия сарапшылар тобының кездесуі болады.
Қазанның 9-ында Астанадағы Бәйтерек алаңында жас патриоттардың «Біздің Отанымыз - Қазақстан, біздің мемлекеттік тіліміз - қазақ тілі» атты акция өтеді.
АЛМАТЫ
Алматыда қыркүйек айының 25-інен қазан айының 5-іне дейін дәстүрлі 4 қалалық «Алматы - менің сүйікті қалам» атты фото байқау өтеді. Шараны Алматы қаласы жастар саясатының мемлекеттік дамыту қоры мен Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы ұйымдастыруда.
Қазанның 5-інде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, Алматы қаласындағы «Ш.Айманов атындағы Қазақфильм» киностудиясы АҚ-ында «Еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуындағы отандық кинематографияның рөлі және оны заңнамалық қамтамасыз етудің келешегі» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысын өткізеді. Басқосуға Парламент депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, отандық көрнекті кинематографтар, танымал киноактерлер, белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ Алматы қаласы мәслихатының депутаттары қатысады.
Қазанның 5-інде Қазақтың Қыздар педагогикалық институтында «Тіл бірлігі - ел бірлігі» шарасы өтеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. МЕРЕКЕЛЕР.
5 ҚАЗАН, ДҮЙСЕНБІ
Дүниежүзілік сәулетшілер күні. 1996 жылы Халықаралық сәулетшілер одағы Барселонада өткен ХХ Бас ассамблеяда сәулетшілер күнін қазан айының алғашқы дүйсенбісінде атап өтуді ұйғарған.
Халықаралық баспана күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен қазан айының алғашқы дүйсенбісінде аталып өтіледі.
Португалия Республикасы күні. 1910 жылы монархия құлаған күн құрметіне атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (1999) Президент Н.Назарбаев Иранда ресми сапармен болды. Жоспарланған ниеттерге сәйкес, екі мемлекет арасындағы саяси және сауда-экономикалық қатынастарды жақсартуы тиіс, бірқатар құжаттарға қол қою жүзеге асты. Бірқатар келіссөздер жүргізілгеннен кейін тараптар Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы Мәлімдемеге, екі елдің үкіметтері арасындағы ұзақ мерзімді сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы, ұйымдасқан қылмыс және лаңкестікпен күресте ынтымақтастық туралы келісімдерге, мәдени, ғылыми және білім берудегі ауыстырулар бағдарламасына, сондай-ақ есірткі-дәрілер, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен күресте ынтымақтастық туралы үкіметтер арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа тараптар сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық бойынша бірлескен қазақстандық-ирандық 5-ші үкіметаралық комиссияның хаттамасына қол қойды.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924-1988) белгілі сатирик, жазушы СМАХАНҰЛЫ Шона дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ ұлттық педагогика университетін бітірген. 1943-1957 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданында педагогикалық қызметте болған. 1957-1984 жылдары - «Мектеп» баспасының редакторы, «Қазақстан мұғалімі» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Ара» - «Шмель» журналының фельетонисі, «Жазушы» баспасының редакторы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Тұңғыш сатиралық өлеңдер жинағы «Тотияйын» 1959 жылы басылып шыққан. «Қу түлкінің сыбағасы», «Көріп жүр ғой көздерің, үкімін айт өздерің», «Шымшыма», «Ұры тіс», «Алтын жұмыртқа», «Ұр, тоқпағым, ұр», «Жүз шымшыма, қырық қышыма», «Қоңыраулы шеңгел», «Кездік», «Сандықтан шыққан шайтан», «Жымияды жеңешем», «Жасырайын несіне», «Өткірдің жүзі» сатиралық өлеңдер жинағы, тарихи тақырыпқа жазылған «Үміт жұлдызы» повесі жарық көрген. Бірқатар ән мәтіндерінің авторы. Орыс тілінде бірнеше кітаптары жарық көрген.
Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталған. Алматы қаласындағы мектепке Ш.Смаханұлының есімі берілген.
50 жыл бұрын (1959) боксшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері НҰРҚАЗОВ Серік Төкенұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ақтау кентінде туған.
Алғашқы бапкерлері - Л.Тілеубаев, Я.Фетисов.
Қазақстанның және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, «Трудовые резервы» Бүкілодақтық ерікті спорт қоғамы біріншілігінің финалисі. КСРО халықтары спартакиадасының күміс және қола жүлдегері. Еуропа чемпионы және қола жүлдегері. КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы атанып, күміс және қола жүлдесін иеленген. Әлем кубогінің күміс жүлдегері.
6 ҚАЗАН, СЕЙСЕНБІ
Дүниежүзілік табиғи ортаны қорғау күні. 1979 жылы Еуропада жабайы фауна мен флораны, жануарлар жайлаған табиғи ортаны қорғау туралы Конвенция аумағында бектілді.
Беларусьтегі мұрағатшы күні. Өз жұмысын 1863 жылдан бастаған тұңғыш орталықтандырылған мемлекеттік мұрағат - Витебск көне актілер кітаптарының орталық мұрағаты.
Египеттің әскері күні (Қарулы күштер күні). 1973 жылы дәл осы күні Египет әскері Суэц каналын кешіп өтіп, израильдік әскерлерге шабуыл жасады.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссия қорытындысы негізінде Қарағанды облыстық мәслихаты Осакаров, Жаңаарқа және Шет аудандары елді мекендерінің атауын өзгерту туралы шешім қабылдады. Октябрь селосы - Қарағайлы, Литвиновка мен Красноармейский аулдық округі - Есіл, Скобелев ауылдық округі - Сұңқар, Вольский - Сарыөзек, Пролетарский - Ақбұлақ болып өзгертілді. Жаңаарқа ауданының Аппаз ауылына Мұқажан Жұмажановтың, Шет ауданының Жарық темір жол стансасына Сәкен Сейфуллин есімі берілді.
50 жыл бұрын (1959) планетаралық «Луна-3» станциясынан Айдың екінші беті суретке түсірілген. Бортта орналасқан фотокамера Ай шарының жартысынан көбін түсірген. Суреттер бортта өңделіп, фото теледидар арқылы Жерге жіберілген.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1914-2002) атақты норвегиялық саяхатшы және ғалым-антрополог ХЕЙЕРДАЛ Тур - дүниеге келді.
Норвегияның Ларвик қаласында туған.
Тынық мұхитындағы Маркиз аралдарындағы тұңғыш зерттеулерін ІІ дүниежүзілік соғыс бөліп жібереді. Хейердал байланысшы-диверсант ретіндегі арнайы дайындықтан өтіп, Норвегияны ұлтшылдардан азат ету үшін күреседі және ержүректілігі үшін марапатталған.
Жинақтаған тәжірибелері оның экспедицияларының табысты болуына мүмкіндік беріп, ал өзі Тынық мұхит аралдарына Оңтүстік Америкадан көшіп-қонушыларды қоныс аудартудың сенімді жақтаушысы болған. Оның көптеген қарсыластары келтірген басты уәждерінің бірі - америкалық үндістердің алыс қашықтыққа теңізді кешіп өте алатын кемелері болмаған.
1947 жылы Хейердал мен оның 5 серіктесі қолайлы «Кон-Тики» ағашынан көне дәуірлік перулықтардың сал қайығын жасап, қастарында қолдау көрсету үшін еріп жүретін кемелер көмегінсіз-ақ, Перудан Полинезияға дейінгі 8000 шақырымдық су жайылған кеңістікті өз күштерімен жүзіп өтеді. Осы экспедицияның тыныс-тіршілігі барысын бүкіл әлем 101 күн асқан қызығушылықпен қадағалап отырды.
Т.Хейердал бірнеше кітаптардың авторы.
Ол тұрған үйге ескерткіш орнатылған.
30 жыл бұрын (1979) белорус суретшісі БЕЛЬСКАЯ Ольга дүниеге келді.
Белорустың Брест қаласында туған.
А.С.Пушкин атындағы Брест мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбектерін 2006 жылдан виртуалды галереяларға шығарып келеді. Туындылары Белорус, Ресей, Чехия, Израиль, Франция елдеріндегі жеке коллекция жинаушылар қорында.
1997 жылы Брест қаласында және 2007-2008 жылдары Чехияның қалаларында жеке көрмесін ұйымдастырған.
7 ҚАЗАН, СӘРСЕНБІ
Қырғызстан азаматтық авиациясы күні. Қырғыстан Республикасы Үкіметінің 1994 жылғы қазанның 3-гі қаулысымен бекітілген.
ОҚИҒАЛАР
80 жыл бұрын (2004) Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжі құрылды. Бұл оқу орны жыл сайын Қазақстан қалалары мен алыстағы ауылдардың педагогикалық кадрларын мұғалімдер қамтамасыз етеді. Колледж мұражайында оқу орны түлектерінің суреттері, сол жерден тәлім алған Қазақстанның білім беру ісінің белгілі қайраткерлерінің кітаптары мен портреттері сақтаулы. Қазіргі заманда педагогикалық колледж бастауыш класс мұғалімдерінен басқа да қазақ және шетел тілдері оқытушыларын, информатика, әлеуметтік педагогтарды, балалар бақшасы тәрбиешілері мамандарын даярлайды.
10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулысымен Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаттық қорының Ережесі қабылданды.
10 жыл бұрын (1999) Берлиннің бір көшесіне қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың есімі берілді.
5 жыл бұрын (2004) 7-9 қазанда Латвия Республикасының Президенті Вайре Вике-Фрейберганың Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары болды. Келіссөздердің қорытындысында серіктестік қатынастарды жандандыруға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.
5 жыл бұрын (2004) Алматыда өткен «Қазіргі заманғы қазақстандық роман» әдеби сайыстың нәтижесінде таңдалып алынған бес романның тұсау кесер рәсімі өтті. Айгуль Кемелбаеваның «Мұнара», Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кiтаптар», Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс», Николай Веревочкиннің «Зуб мамонта», Илья Одеговтің «Звук, с которым встает солнце» атты романдары жеңімпаз атанды. Сайыс «Мәдениет және өнер» ұлттық бағдарлама шегінде «Сорос-Қазақстан» қорымен өткізілген болатын. Мақсаты - Қазақстанда әдеби үрдістерді жандандыру.
125 жыл бұрын (1884) Флоридада алғаш рет тіс щеткасын өндіру жолға қойылды. Алғашқы тіс щеткасы 505 жылы Қытай императорына арналып жасалған болатын. Қазір оның түр-түрі шыққанымен, бәрі де тіс пен қызылиекті тазалауға арналған.
32 жыл бұрын (1977) КСРО Кеңес Одағы тоғызыншы шақырылымының кезектен тыс VII сессиясында жаңа және ең соңғы КСРО Конституциясы (Ата Заң) қабылданды.
ЕСІМДЕР
50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты АХМЕТОВ Рашит Сайранұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған.
Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын бітірген.
1982-1994 жылдары Орал темір жол бекетінің шебері, вагон депосы бөлімінің бастығы, партия комитеті хатшысының орынбасары, шағын кәсіпорын директорының орынбасары, брокерлік фирманың бас брокері, Орал механика зауыты директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 1994-1999 жылдары - «Нұржанар» ашық акционерлік қоғамының президенті. 1999 жылдан - Батыс Қазақстан облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 2005 жылы - Батыс Қазақстан облысынан қайта сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. - Қаржы, экономика және бюджет комитетінің, Беларусь Республикасы Парламентімен, Франция Республикасы Парламентімен қызметтестік топтарының мүшесі.
30 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директорыЕСҚАРАЕВ Азамат Несіпбайұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры болған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан.
8 ҚАЗАН, БЕЙСЕНБІ
Дүниежүзілік көру күні. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының ұсынысы бойынша жыл сайын қазанның әрбір екінші бейсенбісінде атап өтіледі. Бұл күні соқыр боп қалу мәселесіне, көру мүмкіндігінің құндылығы туралы ақылға келуге, сосын мүмкіндігінше, қажет тұтқандардың барлығына окулист-дәрігерлердің қызметтерін пайдалана алуын қамтамасыз етуге қоғам назарын аудару тиіс.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (1999) Президент Н.Назарбаев АҚШ Президентінің Каспий аймағының энергетикалық мәселелер жөніндегі арнайы көмекшісі Д.Вульфты қабылдады. Кездесу барысында тараптар қазақстандық мұнайды әлемдік нарықта тасымалдау мәселелері және АҚШ Президентінің өкілі ұсынған Баку-Жейхан құбыр желісінің жобасы егжей-тегжейлі талқыланды.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924) ғалым, тарих ғылымының кандидаты ӨСЕРБАЙҰЛЫ Базарбек дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Алматы облысы Алакөл ауданының Үшарал ауылында туған. Қызылорда педагогикалық институтын (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) бітірген. 1947-1950 жылдары - Қызылорда облыстық партия комитеті хатшысының көмекшісі, баяндамашылар тобының лекторы. 1956-1960 жылдары - Қызылорда педагогикалық институтының марксизм-ленинизм кафедрасының доценті. 1960-1963 жылдары - Қарағанды политехникалық институтының кеңестік одақтар коммунистік партиясы тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1963 жылдан Қызылорда педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған.
Қызыл Жұлдыз, І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
85 жыл бұрын (1924) қазақтың ақыны СЕЙІЛЖАНОВА Гүлсім дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданының Ақсеңгір ауылында туған.
Алматы санақ техникумын бітірген.
1943-1951 жылдары ұшымшарда есеп қызметкері, бас бухгалтері, кітап дүкенінің директоры болып жұмыс істеген. 1952-1959 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының фольклор бөлімінде, 1959-1973 жылдары Республикалық халық творчествосы үйінде қызметтер атқарған.
1957 жылдан шығармалары баспасөзде жарияланған.
1970 жылы орыс тілінде шыққан «Көктем жаңбыры», 1981 жылы «Ғажайып бақ» аталған қазақ ақын қыз-келіншектерінің жинағына енген бір топ өлеңдердің, балаларға арналған «Біздің ауыл бақшасы» суретті кітапшасының авторы.
9 ҚАЗАН, ЖҰМА
Уганда Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1962). Мемлекет Шығыс Африкада орналасқан. Солтүстігінде Суданмен шектеседі, шығысында Кениямен, оңтүстігінде - Танзания және Руандамен, батысында - Конго Демократиялық Республикасымен шектеседі. Астанасы - Кампала. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Мемлекеттік құрылымы - әскери режим. Мемлекет басшысы - президент. Үкімет басшысы - премьер-министр. Ақша бірлігі - угандалық шиллинг.
Дүниежүзілік пошта күні. Дүниежүзілік пошта одағының 14-інші Конгресінің шешімімен осы ұйымның 1874 жылы құрылған бастап өткізіліп келеді.
ОҚИҒАЛАР
65 жыл бұрын (1944) Павлодар қаласында православты христиандар ғибадатханасы ашылды. 1944 жылдың 9 қазанында православты христиандар жамағатын тіркеуге рұқсат берілді. Кішкентай күмбезді қарапайым тұрғын үй облыста жарты ғасырдан аса жалғыз православты шіркеу болып келді. 1976 жылы қайта тұрғызылған.
17 жыл бұрын (1992) тарихшы Халифа Алтайға «Ата жұрттан Анадолыға дейін» атты кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш» сыйлығы берілді.
9 жыл бұрын (2000) 9-10 қазанда 21-қабатты бизнес орталығынан және 3-қабатты «Рамстор» гипермаркетінен тұратын «Астана мұнарасы» кешені пайдалануға берілді.
1 жыл бұрын (2008) Қазақстан Республикасында алғаш рет «Қазпошта» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Бірінші республикалық пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар съезі» болып өтті. Съез барысында «Қазақстанның пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар одағы» қоғамдық бірлестігін құру ұйғарылды.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1899-1990) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбегі сіңірген ғылым қайраткері БУБЛИЧЕНКО Николай Лазаревич дүниеге келді. Украинаның Харьков қаласында туған. Ленинград кен институтын бітірген. 1924-1939 жылдары Геологиялық комитеттің барлау экспедициясының аға коллекторы, геологы болып Алтайда, Қаратауда және Балқаш аймағында жұмыс істеген. 1939-1950 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының геология секторының бас ғылыми қызметкері. 1951-1969 жылдары - Өскемен қаласындағы Алтай тау-кен металлургия институты директорының орынбасары, зертхана меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері. 1963-1973 жылдары - Қазақстан Геологиялық ғылымдар институты Алтай бөлімшесінің ғылыми жетекшісі. 1973-1982 жылдары осы институттың ғылыми қызметкері, кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері орта палеозойдың, әсіресе, девонның стратиграфиясы мен палеонтологиясын зерттеуге арналған. Ол Қазақстанда төменгі, ортаңғы девон және Кузбасста жоғарғы силур шөгінділерінің бар екенін алғаш рет дәлелдеген.
2-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдарымен марапатталған.
50 жыл бұрын (1959) аға әділет кеңесшісі, Ақмола облысының прокуроры АБДУЛОВ Болат Қасымұлы дүниеге келді.
Солтүстік-Қазақстан облысы Булаев ауданының Возвышенка ауылында туған.
Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысы Куйбышев ауданы прокуратурасында сынақтан өтуден бастаған. Алматы қаласының прокуратурасы тергеу бөлімінің прокуроры, Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының қала прокуроры орынбасары, Көкшетау облыстық прокуратурасының бөлім бастығы, аса маңызды істері бойынша тергеушісі, Көкшетау, Петропавл қалаларының прокуроры, Солтүстік Қазақстан облысының, Астана қаласының прокурорларының орынбасары, Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан.
10 ҚАЗАН, СЕНБІ
Фиджи Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1970). Мемлекет Тынық мұхитының оңтүстігінде орналасқан, Меланезияның бір бөлігі. Құрамына 300-ден аса үлкенді-кішілі аралдар кіреді. Астанасы - Сува. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Мемлекет басшысы - президент. Үкімет басшысы - премьер-министр. Ақша бірлігі - фиджилік доллар.
Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні. Бұл күнДүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының қолдауымен және Дүниежүзілік психикалық денсаулық федерациясының шешімі бойынша 1992 жылдан бері жыл сайын аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
47 жыл бұрын (1962) Өскемен титан-магний комбинаты тұңғыш өнімін шығарды.
10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне депутаттар сайлауы, соның ішінде партиялық тізіммен де өтті.
3 жыл бұрын (2006) Запорожьеде (Украина) Қазақстан Республикасының құрметті консулдығы ашылды.
1 жыл бұрын (2008) Астана қаласының Халықаралық әуежайында «Борбардье» корпорациясының CRJ ұшағының тұсаукесері өтті.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1914-1993) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ҚАЙЫПОВ Арықтай Қайыпұлы дүниеге келді.
Қазіргі Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданында туған.
Қазақ кен-металлургия (Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) институтын және оның аспирантурасын бітірген.
1939 жылы КСРО Ғылым Академиясының Қазақ бөлімшесі Шұбартау геологиялық партиясын басқарды. 1943-1993 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Геологиялық институтының ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі.
Негізгі ғылыми жұмыстары металлогения саласына арналған. Орталық Қазақстанда Ақмая сирек металл кен орнын ашқан. Бұл кеніш 2-дүниежүзілік соғыс жылдары қорғасын өндірісін вольфрам концентратымен қамтамасыз етіп тұрды. Ғалымның Ащысай және Зырянов кендерінде жүргізген зерттеулері жаңа кентас қабаттарын табууға, кендердің жалпы қорын анықтауға мүмкіндік беріп, Зырянов қаласында қорғасын комбинатының салынуына негіз болды. Комбинаттың жаңа шикізат қорын тауып, үздіксіз жұмыс істеуіне үлкен үлес қосты. Оның Жетісу Алатауында, Шығыстағы Миөзек - Құсмұрын металлогениялық белдемінде, Солтүстік Қазақстан мен Сарыарқа аудандарында жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде алтынның, мыстың, полиметалдың өндірістік кендерінің төменгі палеозойдағы жаңартаулық жыныстармен байланыстылығы Қазақстан аумағында алғаш рет анықталды. Қазақстанның және Орта Азияның металлогениялық картасын құрастырушылардың бірі болды. Ғалымның басшылығымен 11-томдық «Металлогения Казахстана» монографиясы жарық көрді.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Орденмен және медальдармен марапатталған.
Алматыдағы Геологиялық ғылымдар институты ғимаратының қабырғасына ескерткіш тақта қойылған.
80 жыл бұрын (1929) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЯРОШЕНКО Людмила Александровна дүниеге келді.
Ресейдің Одесса қаласында туған.
Мәскеудің М.С.Щепкин атындағы театр училищесін бітірді. 1954-1976 жылдары Алматы қаласында тұрған. М.Ю.Лермонтов атындағы орыс академиялық драма театрының актрисасы болған. Дарынды өнер иесі орыс және шет елдік драматургия бойынша қойылған спектакльдердегі ұмытылмас рөлдерімен құрметке бөленген.
Оның сомдаған бейнелері қатарында Райхан (Н.Ановтың «Мұрагерлерінде»), Мария Спиридонова (М.Шатровтың «Алтыншы шілдесінде») сынды рөлдері де бар.
Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған.
50 жыл бұрын (1959) экономика ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау министрі ӘШІМОВ Нұрғали Сәдуақасұлы дүниеге келді.
Шымкент қаласында дүниеге келді.
Мәскеу экономика-статистикалық институтын және оның аспирантурасын бітірген.
1981-1987 жылдары - Қазақ КСРО Мемжоспарының жанындағы ғылыми-зерттеу институтының кіші қызметкері. 1987-1990 жылдары - Қазақ КСРО Мемжоспарының жанындағы жоспарлау үдерісін автоматтандыру мен басқару құрылымын өрістету ғылыми-зерттеу институтының (ӨБАЖ ҒЗИ) бөлім меңгерушісі. 1990 жылдан - Қазақ КСРО Министрліктер кеңесі жанындағы Республикалық кадрларды қайта дайындау институтының аға оқытушысы, Қазақ химия-технологиялық институтының аға оқытушысы. 1992 жылдың наурызынан - Мемлекет басшысының кеңесшісі, 1992 жылдың тамызынан - Мемлекет басшысының Оңтүстік-Қазақстан облысы бойынша әкімдігі орынбасары - мемлекеттік мүлік бойынша Оңтүстік-Қазақстан аймақтық комитетінің төрағасы. 1993 жылдың желтоқсанынан - Мемлекет басшысының Оңтүстік-Қазақстан облыстық әкімдігінің орынбасары. 1996 жылдан - Оңтүстік-Қазақстан облыстық Ұлттық банк басқармасының бастығы. 1997 жылдан - экономика және сауда вице-министрі. 1997 жылдан - «Тұран Әлем Банкі» жабық акционерлік қоғам басқармасы төрағасының орынбасары. 1998 жылдан - Қостанай облысы әкімінің орынбасары. 1999 жылдың ақпанынан - Қостанай қаласының әкімі. 2000 жылдың шілдесінен «Қазтрансгаз» ЖАҚ коммерция және маркетинг бойынша вице-президенті. 2000 жылдың қарашасынынан - «Intergas CentraI Asia» ЖАҚ-ның бас директоры. 2001 жылдың қаңтарынан - «Intergas CentraI Asia» ЖАҚ-ның президенті. 2003 жылдың маусымынан - Энергетика және минералды ресурстарының алғашқы вице-министрі. 2003-2007 жылдары - Батыс-Қазақстан облысының әкімі. 2007-2009 жылдары - Оңтүстік-Қазақстан облысының әкімі. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың наурызынан.
11 ҚАЗАН, ЖЕКСЕНБІ
Башқұртстан Республикасының күні. І990 жылы осы күні Башқұрт АКСР-інің егемендік алған күні. Жаңа - РКФСР құрамындағы Башқұрт КСР-і атауы қабылданды. 1992 жылғы ақпаннан - РФ құрамындағы Башқұртстан Республикасы.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) «Қазақтелеком» Акционерлік Қоғамы құрылды.
12 жыл бұрын (1997) Қазақстанда «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы қабылданды.
5 жыл бұрын (2004) Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің О.Жарылқапов атындағы спорт кешенінің ашылу салтанаты болып өтті. Бұл шараға Қазақстан Республикасы волейбол федерациясының президенті Нұртай Әбіқаев қатысты. Октябрь Жарылқапов - еліміздің әйгілі волейболшысы, волейболдан Қазақстанның бірінші еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Кешеннің ашылу күніне орай Алматы қаласы ардагерлер командалары арасында турнир болып өтті.
60 жыл бұрын (1949) Дүниежүзілік Медицина қауымдастығының Бас Ассамблеясында алғашқы халықаралық медицина этикасы кодексі қабылданды.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1934) ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ғылым мен техникасына еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты ҚОШАНОВ Аманжол Қошанұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында туған.
М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
1957-1959 жылдары - Ақтөбе кооперативтік техникумының оқытушысы. 1959-1989 жылдары - Қазақ КСР Ғылым Академиясы Экономика институтының кіші, бас ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, директоры. 1989-1990 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Президиумының аға ғалым хатшысы, 1994 жылдың ақпан айынан - Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының вице-президенті. 2004 жылдан - Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы Экономика институтының бөлім меңгерушісі.
Ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыты - кеңейтілген ұдайы өндіріс пен индустриялдық дамудың өзекті мәселелері, аймақтық экономиканың әлеуметтік-экономикалық мәселелері, Қазақстандағы нарықтық қатынастардың қалыптасуының теориясы мен әдістемесі. Ғалым экономика ғылымының бір бағыты - ғылыми индустриялдық дамудың кешендендіру теориясы мен аймақтық экономиканың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін негізін салушы. 400-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 25 монографияның авторы. Халықаралық конференцияларда, Жапонияда, Германияда, Англияда, Финляндияда, Грекияда, Қытайда, Кореяда, Венгрияда өткен симпозиумдарда ғылыми баяндама жасаған. Ғылыми еңбектері АҚШ-та, Қытайда, Жапонияда, Швецияда жарық көрген.
«Қазақстан Республикасы Жаршысы. Қоғамдық ғылымдар сериясы» журналының бас редакторы.
«Парасат» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.