ҚазАқпарат-Анонс: Мамырдың 1-і мен 9-ы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

Мамырдың 4-інде Сыртқы істер министрлігінде ведомствоның апталық брифингі өтеді.

ӘЛЕМ

Сәуірдің 27-сі мен мамырдың 4-і аралығында Әзірбайжан астанасы - Бакуде мектеп оқушыларының химия пәнінен Менделеев олимпиадасы өтеді.

Мамырдың 1-і мен қазанның 30-ы аралығында Шанхайда «ЭКСПО-2010» халықаралық көрмесі өтеді. Оған 50 халықаралық ұйым қатысады.

ҚОҒАМ

Сәуірдің 15-інен мамырдың 15-іне дейін елімізде «Балалар - біздің болашағымыз» акциясы өтуде.

Сәуірдің 9-ынан мамырдың 9-ына дейін елімізде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ерлік даңқы өшпейді» акциясы өтуде.

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі сәуірдің 30-ы мен мамырдың 30-ы аралығында «Таза ауа» акциясын өткізеді. Акцияның мақсаты - автокөлік құралдарының тасымалдаушылары мен жүргізушілерінің рұқсат етілген автокөлік құралдарының шығарындыдағы ластаушы заттар құрамының экологиялық талаптары мен нормаларын сақтауы бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтың алдын алу.

СПОРТ

Сәуірдің 15-і мен мамырдың 15-і аралығында Қазақстанда «Балалар - біздің болашағымыз» атты акция өтуде.

Сәуірдің 9-ы мен мамырдың 9-ы аралығында Қазақстанда Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ерлік даңқы өшпейді» атты акция өтуде.

Мамырдың 1-і мен 9-ында қазақстандықтар үш күннен демалады. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға сәйкес, Қазақстанда демалыс және мереке күндері сәйкес келген жағдайда мерекеден кейінгі жұмыс күні демалыс күні болады. Яғни, биыл қазақстандықтар мамырдың 1-,2-,3- және 8-,9-,10-ы күндері демалатын болады.

Сәуірдің 25-і мен мамырдың 2-сі аралығында Бакуде жастар арасында бокстан XVI Әлем чемпионаты өтуде.

Сәуірдің 28-і мен мамырдың 3-і аралығында Бангкокте жастар мен жасөспірімдер арасында дзюдодан Азия чемпионаты өтуде.

Мамырдың 8-9-ында Астанада Кұрлықтық хоккей лигасы мен Қазақстан Республикасы чемпионаты клубтарының жанкүйерлері арасында хоккей турнирі өтеді.

АСТАНА

Мамырдың 1-інде Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шаралар қалалық әкімдіктің алдындағы орталық алаңда, Бәйтерек жанындағы алаң мен Отан қорғаушы монументінің жанында, елордалық саябақ пен Қаржы министрлігі ғимаратының алдында өтеді. Ұлттық-мәдени орталықтар, көркемөнерпаздар ұжымдары дайындаған үлкен концерттік бағдарлама, халық серуені, мемлекеттік филармония әртістерінің, «Жастар» сарайы ұжымдарының, мектеп оқушыларының қатысуымен мерекелік іс-шаралар өтеді.

Мамырдың 1-інде «Азия Парк» орталығында «Астана жолбарыстары» баскетбол клубының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.


Мамырдың 4-інде «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалында «Бір тамшы қан - бір адамның өмірін құтқарады» атты акция өтеді.

Мамырдың 4-інде Мемлекеттік мұрағатта «Ақмолалықтар - майдан мен тылда» атты жинақтың таныстырылымы болады.

Мамырдың 9-ында, Жеңіс күні Астанада «Қазақ елі» монументінен бастапТәуелсіздік даңғылы бойымен «Отан қорғаушылар» монументіне дейін мерекелік шеру өтеді.

АЛМАТЫ

Сәуірдің 26-сы мен мамырдың 1-і аралығында Алматыда «Жобаларды тәжірибелік басқару» деген тақырыпта семинар өтуде.

АЙМАҚТАР

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

Сәуірдің 26-сы мен мамырдың 8-і аралығында Инновациялық Еуразиялық университеттің Ғылыми кітапханасында Германияның Қазақстандағы жылының аясында «Су және энергия: өзің үшін Н2О және Ватт әлемін аш!» атты көрме өтеді.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

2010 ЖЫЛДЫҢ МАМЫР АЙЫ:

МАМЫРДЫҢ 1-І, СЕНБІ

Қазақстан халқының бірлігі күні - Мемлекеттік мейрам. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтіледі. 140-тан астам ұлт өкілдері тұратын Қазақстан үшін бұл мереке дәстүрлі мейрамдардың біріне айналды.

Еңбек мерекесі - Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні. Әлемнің 66 мемлекетінде атап өтіледі.

1886 жылы американдық жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, ереуіл ұйымдастырды. Аяғы полицейлермен қақтығысқа ұласып, үлкен қантөгіс болды. 1889 жылғы маусымда ІІ Интернационалдың Париж конгресі Чикагодағы жұмысшылар ереуілін мәңгі есте қалдыру мақсатында жыл сайын бірінші мамырда шеру өткізу туралы шешім қабылдады.

ОҚИҒАЛАР

80 жыл бұрын (1930) Орта Азия мен Сібір аралығын жалғастырған Түркістан-Сібір темір жолының ашылу салтанаты өтті. Бұл темір жол Семей қаласынан Алматы арқылы Жамбыл облысының Луговой бекетіне дейінгі аралықты жалғады. Ұзындығы 1452 шақырым. Темір жол құрылысы 1927 жылы басталып, 1931 жылы толығымен аяқталған. Құрылыс инженері Мұхамеджан Тынышбаев болды. Ең бірінші болып Э-1441 паровозы құрылыс заттарымен жүріп өтті.

18 жыл бұрын (1992) Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Түркияның Премьер-Министрі Сүлеймен Демирель Бірлескен мазмұндамаға қол қойды. Ал, Үкiмет басшылары Өзара жәрдемдесу және инвестицияларды қорғау туралы келiсiмге қол қойды. Екі жақтағы министрліктер мен мекемелердің жетекшілері автомобиль көлiгi, авиация қатынасы, мәдениет, радио және теледидар, кадр даярлау, орташа және шағын кәсiпорындар, банктiк және несие салаларын дамыту туралы, Қазақстанның батыс өңіріндегі мұнайды өңдеудегi түрiк фирмаларының жәрдемдесуi туралы, Ақтөбедегі газ электр станциялары ғимараттары туралы, Маңғыстаудағы мұнай өңдейтiн зауыттың құрылысы және қалпына келтiру жұмыстары туралы, Ақтау портын қалпына келтiру, Каспий теңізі арқылы Қара және Балтық теңіздеріне Қазақстанның жүктерін тасымалдау төңірегіндегі ынтымақтастық туралы келісімдерге және хаттамаларға қол қойылды.

10 жыл бұрын (2000) Алматыда Қазақстан халықтары достығының I фестивалі өтті.

ЕСІМДЕР

135 жыл бұрын (1875-1960) астроном, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі ТИХОВ Гавриил Андрианович дүниеге келді.

Беларустың Минск облысында туған. Мәскеу университетін бітірген.

Пулково обсерваториясында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Астроботаника секторының басшысы қызметін атқарған.

Зерттеу жұмыстары негізінен астрономия мен спектрофотометрияға арналған. Оның Марс беті мен Жердегі өсімдіктердің спектрометриялық қасиеттерін қатар зерттеуі нәтижесінде астроботаниканың негізі салынды. Ең бірінші болып Сатурн, Уран және Нептун планеталарына колориметриялық сандық зерттеулер жүргізген. Бірнеше рет күн тұтылуын бақылау экспедицияларына қатысып, күн тұтылғанда айналасынан көрінетін сәуле жиектерінің бояу қызуын бағалаған. Бірқатар еңбектері атмосфералық оптика мен аэрофототүсіруге арналған.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

95 жыл бұрын (1915-1975) профпатолог-гематолог, медицина ғылымының докторы, профессор АЛДАНАЗАРОВ Әмір Тұрлыбайұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ташкент медициналық институтын бітірген.

Қазақстан Ғылым Академиясы Өлкелік патология институтының (қазіргі Х.Жұматов атындағыҚазақ тазалық және эпидемиология ғылыми орталығы) кіші, аға ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Алданазаровтың негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанда қорғасыннан уланудан болатын қан жүйесіндегі өзгерістердің белгілері мен дамуын, сақтандыру шараларын және емдеу әдістерін зерттеуге арналған.

2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.

35 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі НҮСІПОВА Әсел Бекқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, Брэндайс университетін бітірген.

«NPV» консалтинг компаниясының сарапшысы, «Деловая неделя» апталығының экономикалық шолушысы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері бөлімінің консультанты, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жүйелік зерттеу орталығының бас сарапшысы, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі, «Ғылым қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы, «Делойт» консалтингтік компаниясының басшысы, «Самұрық - Қазына» АҚ-ның атқарушы директоры қызметтерін атқарған. Аталған қызметінде - 2009 жылдың сәуірінен.

МАМЫРДЫҢ 2-І, ЖЕКСЕНБІ

Литвада аналар күні. Католиктердің дәстүрiне сәйкес мамырдың бiрiншi жексенбiсiнде атап өтіледi.

ОҚИҒАЛАР

13 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Көкшетау облысының әкімшілік-аумақтық орналасуындағы өзгертулер туралы» Жарлығына сәйкес Көкшетау облысының Арықбалық, Уәлиханов, Көкшетау, Ленинград, Рузаев, Чистопольск, Чкалов аудандары таратылды, ал Щучье аудандық маңызы бар қала санатына енгізілді.

4 жыл бұрын (2006) Мойнақ су электр стансысының құрылысы қайта басталды. Стансының құрылысы 1985 жылы басталып, қаржыландырудың тоқталуына байланысты 1992 жылы орта жолда тұрып қалған болатын.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сәрсенбаев Амман қаласының басшысы Омар Әл-Мааниға «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалін салтанатты жағдайда табыс етті.

Иордания астанасы муниципалитетінің басшысын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге қосқан үлесі үшін марапаттап отыр.

1 жыл бұрын (2009) танымал саясаткер Досым Сәтпаев және жас журналист әрі жазушы Ербол Жұмағұловтың бірлесіп жазған «NomenClatura туралы аңыз» атты сатиралық авантюралық-шытырман оқиғалар романы жарық көрді.

Романның иллюстрациясын танымал суретші Қадырбаев Владимир орындаған, тиражы 5000 дана.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1960) әнші, хормейстер, Қазақ КСР халық артисі ОРЛОВ Борис Александрович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Саратов қаласында туған. Саратов консерваториясын бітірген.

1934 жылы Орлов жұбайы В.С.Пироговамен бірге Қарағандыдағы алғашқы қазақ хорын ұйымдастырды. Хордың құрамында әншілер Қ.Байжанов, Қ.Бабақов, Ж.Тоғандықов, З.Жұбатова, А.Әлиева, қобызшы Д.Мықтыбаев және басқа да көремөнерпаздар үйірмесіне қатысушылар болды. Хор Пирогова өңдеген қазақтың халық әндері «Қараторғай», «Жеңеше-ай», «Сәулем-ай», «Алтыбасарды» және Е.Брусиловский, Л.Хамиди, М.Ержанов шығармаларын орындады.

Қазақ мемлекеттік филармониясының көркемдік жетекшісі, Қазақ радиосының хормейстері, Қазақ телерадиосының көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды.

45 жыл бұрын (1965) «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы КӨШЕРБАЕВ Ермек Беделбайұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің көмекшісі, хаттамалар бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Халықаралық бөлімінің консультанты, Хаттама қызметінің жетекші қызметін атқарушы, Швейцариядағы елшіліктің 1-ші хатшысы, Сыртқы істер министрлігінде көпжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің көмекшісі, Нұрсұлтан Назарбаевтің білім қоры директорының бірінші орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ президенті аппаратының жетекшісі, «Рауан Медиа Групп» АҚ бас директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың ақпанынан.

МАМЫРДЫҢ 3-І, ДҮЙСЕНБІ

Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. 1992 жылдан бері БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ұйымының (ЮНЕСКО) қолдауымен Африка елдерінің тәуелсіз баспасөзі өкілдерінің ұсынысы бойынша атап өтіледі.

Мамырдың 3-і текке таңдап алынбаған, 1991 жылы нақ осы күні Намибияның астанасында қол қойылған, бүкіл әлем мемлекеттері үкіметтерін баспасөз бостандығы мен оның демократиялылығын қамтамасыз етуге шақырған «Виндхук декларациясының» құрметіне орай, 1993 жылғы 21 желтоқсандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен атап өтіледі. Декларацияда кез-келген демократиялық қоғамның құрамдас бөлігін ерікті, жариялы және тәуелсіз баспасөз құрайтыны атап көрсетілген.

1986 жылы қаза болған колумбиялық журналист Гильермо Кано атындағы баспасөз бостандығы ісіне қосқан үлесі үшін Бүкіләлемдік сыйлық тапсыру мерекелеудің басты шарасы болып табылады. Бұл сыйлық 1997 жылы тағайындалған, жеке адамдарға, ұйымдар мен мекемелерге тапсырылады. Баспасөз бостандығы күні кәсіби міндеттерін атқару үстінде қаза тапқан журналистерді еске түсіреді.

Күн күні. 1994 жылдан бастап Күн энергиясы халықаралық қоғамынының Еуропалық бөлімі жаңартылған энергия көзін пайдалану мүмкіндігіне назар аудару үшін еркінділік негізінде жыл сайын Күн күнін ұйымдастырады. Энтузиасттар мен кәсіпқой мамандар, қоғамдық ұйымдар мен бүкіл еуропаның фирмалары әр түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырады және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігі туралы демонстрация өткізеді.

ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1995) «Батыс Қазақстан - Құмкөл» мұнай құбыры іске қосылды.

5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» Жарлыққа қол қойды.

3 жыл бұрын (2007) Тараздың шығыс ауданында, қасиетті Тектұрмас тауының етегіндегі Талас өзенінің биік жағалауында мұсылманша неке қиятын Неке сарайы тұрғызылды.

Мұсылманша неке сарайын тұрғызу идеясының, заманауи Тектұрмас-ата кесенесі идеясының да бастамашысы және демеушісі - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты - Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Амангелді Момышев.

Тектұрмас тауы - Әулие Тектұрмастың кесенесіне мінәжатқа келушілер тұрақтайтын қасиетті орын, қалыптасқан дәстүр бойынша жас жұбайлар да осында келіп кетеді екен. Неке сарайының ғимараты тарихи орында - көне Тараздың шығыс көпірінің жанында орналасқан. Кезінде Ұлы Жібек жолының керуендері Талас арнасынан тасыған кезде, тараздық билеушілерге салық төлеп, дәл осы көпірден өтеді екен.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1950) кеден қызметінің генерал-майоры, Төтенше және Өкілетті Уәкiл, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ҚАСЫМОВ Ғани Есенкелдіұлы дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. КСРО Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген.

Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің халықаралық бөлімінің меңгерушісі, Париж қаласында Қазақстан Республикасының сауда уәкілі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Кеден комитетінің төрағасы, Қаржы министрлігі Кеден комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1999 жылдың қазан айынан - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты - экология және табиғатты пайдалану сауалдары бойынша комитет мүшесі. 2000 жылдың қаңтарынан - Республикалық Ардагерлер және Қазақстан жастары спорты одағының төрағасы. 2000 жылдың маусымынан - Қазақстан патриоттары партиясының төрағасы. 2007 жылы - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған - Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

2-дәрежелі «Достық», ТМД ПАА «Содружество» ордендерімен бес медальмен марапатталған.

Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері.

50 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің мүшесі БОРТНИК Михаил Михайлович дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Павлодар Индустриалдық институтын бітірген.

Еңбек жолын Ақтау пластмас зауытында шебер болып бастаған. 1985-1989 жылдары - пластмас зауыты комсомол комитетінің хатшысы, Шевченко қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1989-1998 жылдары - учаске бастығы, зауыттың бас энергетигі орынбасары, бас энергетик міндетін атқарушы. 1999-2008 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің коммуналдық шаруашылық, көлік, құрылыс, білім алу және денсаулық сақтау жөніндегі орынбасары, Маңғыстау облысы әкімінің құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық және энергетика жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2008 жылдан - Маңғыстау облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің мүшесі.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

МАМЫРДЫҢ 4-І, СЕЙСЕНБІ

Жапонияда көгалдандыру күні. «Көгалдандыру күні» Жапонияда 2007 жылға дейін сәуірдің 29-ында атап өтілген. Мерекенiң табиғи атауы Сёва Императорының атымен және оның қағылез табиғатқа деген терең махаббатымен байланысты.

2007 жылдан бастап бұл күн 4-ші мамырда атап өтіледі.

Қытай жастарының күні. Шэньси-Ганьсу-Нинся Шекаралық ауданындағы жастар ұйымдарының бастамасымен алғашқы рет 4-ші мамыр Қытай жастарының күні болып жарияланды. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін Орталық халық үкіметінің Мемлекеттік әкімшілік кеңесі 1949 жылғы желтоқсанда ресми түрде 4-ші мамырды Қытай жастарының күні деп жариялады.

ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы «Қазақша жер-су аттарын, атауларды орыс тілінде дәл жазуды тәртіпке келтіру және Қазақстан Республикасы жекелеген әкімшілік-аумақтық мекендерінің атауларын өзгерту туралы» қаулы қабылданды.

17 жыл бұрын (1993) Абай атындағы опера және балет театрында, Абай атындағы қалалық қордың ашылу құрметіне қазақтың салты бойынша «тұсау кесу» рәсімі өткізілді.

5 жыл бұрын (2005) Елбасы «Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан әрі пайдалану жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

3 жыл бұрын (2007) ұзындығы 235-шақырымдық Хромтау-Алтынсарин жаңа теміржол желісі учаскесі пайдалануға берді. Жаңа теміржол желісі Қазақстанның солтүстігіндегі астықты және орталығындағы өнеркәсіпті аймақтарды елдің батысына қарай ең қысқа жолмен жалғастырады. Бұдан басқа, Қазақстаннан өтетін экспорттық жүктерді балтық және қаратеңіздік айлақтарға өткізетін жаңа жолбағыт жасақталған.

1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тауарлық биржалардың қызмет үдерісі мен биржалық сауда-саттықты жүзеге асыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін «Тауар биржалары туралы» Заңға қол қойды. Елбасы сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы «Тауар биржалары туралы» Заңға сәйкестендіруді қарастырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлық биржа мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

1 жыл бұрын (2009) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осы оқу орнының тарихы туралы жаңа мұражайы галереясының бірінші тасын және капсуласын қою рәсімі өтті. Шара еліміздің алдыңғы қатарындағы университеттің 75-жылдық мерейтойына арналған.

Мұражайдың қорында фотоматериалдар, қолжазбалар, сувенирлер, сыйлықтар, суреттер, портреттер, кiтаптар, ғалымдардың монографиясы және тағы басқа 14 мың бiрлiк нақты материалдар жинағы бар.

Мұражайдың жалпы ауданы - 900 шаршы метрді, университет тарихының галереясын қосқанда (өткел) - 540 шарша метр, Даңқ залы - 120 шаршы метр, «ҚазҰУ - бүгін, ертен» залы - 240 шаршы метрді құрайды.

Мұражайда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi рәсімделген және құрметті қонақтармен, шетелдік делегациялармен, ардагермен, жастармен кездесулер өткізуге арналған.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1950) аға әділет кеңесшісі, Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары НҰРДӘУЛЕТОВ Моряк Нұрдәулетұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Нарынқол ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

Алматы облысы Қаскелең ауданы прокурорының аға көмекшісі, Қазақ КСР прокуратурасының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің прокуроры, Алматы облысы Балқаш, Шелек аудандарының прокуроры, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Жалпы бақылау бас басқармасы көлік заңдарын қадағалау бөлімінің бастығы, Алматы көлік прокурорының көмекшісі, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының Алматы қаласы және облысы бойынша көмекшісі, Каспий маңы экологиясы аймақтық прокуроры, Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Ақмола облысы прокурорының бірінші орынбасары, Алматы облысы прокурорының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың 10 желтоқсанынан.

«Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» белгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатын алып, «Қазақстан Республикасы Бас прокурорының құрмет грамотасымен» марапатталған.

60 жыл бұрын (1950) Жамбыл облыстық сотының төрағасы ЧИНЯЕВ Нұрғожа Қыдырханұлы дүниеге келді.

Түрікменстанның Мары облысында туған. Ашғабад гидромелиаротивтік техникумын, Түрікмен мемлекеттік университетін бітірген.

1992 жылы тарихи отанына оралған. Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының прокуроры, бөлім бастығы, басқарма бастығы, Маңғыстау облыстық соты төрағасының орынбасары, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдың наурыз айынан.

«Астана» медалімен, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен және Әділет министрлігі мен Жоғарғы Сот төрағасының көптеген құрмет грамоталарымен және алғыстарымен марапатталған.

МАМЫРДЫҢ 5-І, СӘРСЕНБІ

Халықаралық мүгедектер құқын қорғау күні. 1992 жылы Бас Ассамблея Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектердің онжылдығы соңында (1983-1992 жж.) Халықаралық мүгедектер күнін жариялады.

Халықаралық мүгедектер күнін атап өту олардың мәселелеріне көңіл бөлуге, қадір-қасиетін, құқығы мен аман-саулығын қорғауға, мүгедектердің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірге қатысуынан қоғамға келетін басымдылыққа назар аударуға бағытталған.

ОҚИҒАЛАР

85 жыл бұрын (1925) Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы әйелдер бөлімі шығарған «Азат әйел» газеті негізінде «Теңдік» газетінің алғашқы саны шықты. 1955 жылдан бастап «Қазақстан әйелдері» деген атпен журнал болып шыға бастады.

22 жыл бұрын (1988) КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығымен Екібастұз қаласында туған Кремениш Николай Иванович Ауғанстанда көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

17 жыл бұрын (1993) Вашингтондағы Дүниежүзілік банктің штаб-пәтерінде Арал теңізіне арналған халықаралық семинар өтті. Онда Арал теңізінің қайта түлеуін қамтамасыз ететін деңгейде тұрақтандыру жөнінде төрт тармақтан тұратын бағдарлама қабылданды.

15 жыл бұрын (1995) Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ ауылында Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының мұражайы ашылды.

1 жыл бұрын (2009) Елордалық «Жастар» сарайында «Көлеңке» деп аталатын Астанада түсірілген жаңа фильмнің премьералық көрсетілімі өтті.

Криминалдық драма тағдыр тәлкегімен түрлі жолмен кеткен екі достың өмірін баяндайды. Кейіпкерлердің бірі полиция қызметкері, екіншісі - мафиялық топтың жетекшісі.

Режиссері - Ренат Елубаев. Фильмге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Асылболат Ысмағұлов пен «101» тобының әншісі Ербол Жайлауов түскен.

1 жыл бұрын (2009) Алматы облысының Қарасай ауданындағы Ақсеңгір бекетінде «RG Brands» АҚ-ның жаңа өндірістік - логистикалық орталығы пайдалануға берілді.

Қазіргі заманғы кешен жоғары сапалы азық-түлік өнімдерін халықаралық стандарттарға сай дайындауға құрылған.

1 жыл бұрын (2009) «Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалы өз интернет-сайтын ашты. www.veteran.kostanay.kz сайтында Ұлы Отан соғысына 1941-1945 жж. қатысқан қостанайлықтар туралы мәліметтер, фотосуреттер, құжаттар орналастырылған.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1910-1958) қазақ тіл білімі негізін салушылардың бірі, түрктанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері САУРАНБАЕВ Нығмет Тінәліұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысы Қордай ауданында туған. Халық ағарту институтын, Мәскеу педагогикалық институтын бітірген.

1932-1934 жылдары республикалық Халық-ағарту комиссариатында жұмыс істеді. 1938-1946 жылдары - Қазақ КСР Халық-ағарту комиссариатының мектептер жөніндегі ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы Тіл-әдебиет және тарих институтының директоры. 1946-1958 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясы қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің хатшысы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының вице-президенті, Тіл білімі институты бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Сауранбаевтың тіл білімінде барынша назар аударған саласы - синтаксис, оның ішінде құрмалас сөйлемдер жүйесі. Морфология саласында ол қазақ тіліндегі етістік категориясының жасалу тәсілдері мен тарихи даму жолдары, көсемше тұлғалары, олардың мағыналары, синтаксистік қызметі жайында және қазақ тілі грамматикасының, оның ішінде морфологиясы, орфографиясы мен алфавиті жайында ғылыми еңбектер жариялады. Әдеби тіл тарихы жөнінде «Қазақ әдеби тілінің дамуындағы Абайдың рөлі», «Қазақ тілінің жасалуы туралы», «Қазіргі қазақ тіліндегі диалектілер», «Қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеу туралы» атты еңбектері бар.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

100 жыл бұрын (1910-1982) тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері КИІКБАЕВ Нығметолла дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) бітірген.

Жамбыл облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лекторы, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Қазақт педагогикалық институтының (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) доценті, деканы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері республикада өнеркәсіпті құру мен дамыту, қазақ ұлтын құру мәселелеріне арналған. Қазақстан тарихы мәселелері бойынша ғылыми зерттемелерге зор үлесін қосқан. 100-ге жуық ғылыми еңбектің, кітаптар, теориялық мақалалардың авторы.

90 жыл бұрын (1920-1971) қазақ жазушысы, ақын ҰЯБАЕВ Құрманғали дүниеге келді.

Алматы облысы Қаскелең ауданында туған.

1950-1971 жылдары «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Қазақстан», «Қазақ Совет Энциклопедиясының» редакцияларында қызмет атқарған.

1949 жылы «Шығыс шыңында» атты тұңғыш кітабы жарияланды. «Сағат» поэманың, «Жырларым», «Өтеді жылдар», «Концерт жырлары», «Тағдыр туралы сөз», «Дарқан далам» өлең жинақтары мен «Қырдағы қырандар», «Шақырылмаған қонақтар» атты очерктер жинақтарының авторы.

Ұябаевтың бірқатар өлеңдері, әңгіме, очерктері орыс тілінде жарық көрді. Ол А.Пушкин, А.Мицкевич, т.б. ақын-жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған.

МАМЫРДЫҢ 6-Ы, БЕЙСЕНБІ

Мацзу Аспан Патшайымының мерекесі. Тянь-хоу Мацзу (Мацзу Аспан патшайымы) - ежелгі қытай мифологиясындағы теңіз құдайы. Оның мәдениеті Х-ХІ ғғ. дүниеге келді. Тянь-хоудың толқында, бұлтта немесе тақта отырғаны бейнеленген. Оның екі көмекшісі бар: біріншісінің қолы құлағына, ал екіншісінің қолы көзіне қойылған. Аңызда айтылғандай Мацзу 960 жылдары өмір сүрген, Линь деген балықшылар ауылының қызы болған, тоқымамен теңіз арқылы жүзе білген және бұлттармен аралдарды кесіп өтетін болған. Бүгінгі таңда Мацзу елдегі және шетелдегі қытайлықтарды байланыстырады. Орта есеппен алғанда, құдай анаға әлемнің түпкір-түпкірінен 200 миллионнан астам адамдар сыйынады.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Дания Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы Хаттамаға қол қойылды.

17 жыл бұрын (1993) Алматыдағы Республикалық кино үйінде 1991-1993 жылдары жасалған фильмдердің байқауы өтті. Гран-при жүлдесі режиссер Ардақ Әмірқұловтің «Отырардың күйреуі» және режиссер Дамир Манабаевтың «Сұржекей» фильмдеріне берілді.

15 жыл бұрын (1995) 6-8 мамыр аралығында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Лондонда, Парижде және Мәскеуде өткен Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50-жылдық мерейтойына арналған салтанатты рәсімдерге қатысты.

Елбасы мерекелік шараларға қатысу барысында Эдинбург және Уэльсский ханзадаларымен, Ұлыбританияның Премьер-министрі Дж.Мейджормен, Францияның Президенті Ж.Ширакпен, Германияның Федеральды канцлері Г.Кольмен, АҚШ-тың Вице-президенті А.Гормен, Иордания Королі Хусейнмен және басқа да мемлекеттердің басшыларымен кездесулер өткізді.

15 жыл бұрын (1995) бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға тең адамдарға жеңілдік пен әлеуметтік көмек көрсету туралы» Жарлығы жарияланды.

12 жыл бұрын (1998) Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы - Ақмола қаласының атауы Астана қаласы болып өзгеріп, «Сарыарқа» және «Алматы» аудандары құрылды.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Спира-Берга» ЖШС-ның жаңа полиэтилен тұрбалар зауыты іске қосылды.

«Спира-Берга» зауыты - қазіргі заманғы сумен жабдықтау, канализация және кабелді қорғайтын жүйелерге арналған полиэтилен тұрбаларының жоғары сапалы өндiрiсін оңтайлатқан Қазақстан аумағындағы алғашқы кәсiпорындардың бiрi.

Өнiм Cincinnati, Corma және Jweel дүниежүзілік өндiрушiлердің жабдығында шығарылады.

ЕСІМДЕР

130 жыл бұрын (1880-1959) биолог-ғалым ЧЕТВЕРИКОВ Сергей Сергеевич дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. Мәскеу университетін бітірген.

Негізгі еңбектері генетика, эволюция теориясы және энтомология мәселелеріне арналған. Генетикалық процестердің және оқшауланудың пайда болуы мен эволюциясындағы маңызын көрсетті. Дарвин ілімі мен генетика арасын байланыстырып, популяциялық генетика негізін құрды.

«Құрмет белгісі» орденімен, Германия табиғат зерттеушілер академиясының «Дарвин планшеті» медалімен және басқа медальдармен марапатталған.

100 жыл бұрын (1910-1977) ғалым зоолог-ихтиолог, КСРО Ғылым Академиясының коореспондент мүшесі, профессор, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты НИКОЛЬСКИЙ Георгий Васильевич дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

«Вопросы ихтиологии» журналын алғаш ұйымдастырушы және бас редакторы болған.

Ол балықтардың экологиясы, биогеографиясы және балық шаруашылығының биологиялық негізі туралы көптеген ғылыми зерттеулер жүргізді. Никольский КСРО-ның, оның ішінде Қазақстан су айдындарының, әсіресе Арал теңізі балықтарының биологиясын зерттеген.

Ленин орденімен, үш орденмен және медальдармен марапатталған.

МАМЫРДЫҢ 7-І, ЖҰМА

Отан қорғаушы күні. 1992 жылғы мамырдың 7-інде Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Нақ осы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі - жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштері бас штабтары бекітіліп, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қайта құрылды. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери - Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді.

Дәстүр бойынша Отан қорғаушы күні Қазақстан Президенті (Жоғарғы Бас қолбасшы) кезекті әскери атақтар тағайындап, көзге түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсырады.

ОҚИҒАЛАР

35 жыл бұрын (1975) Өскемен қаласындағы Ертіс өзенінің жағасында Ұлы Отан соғысы жылдарында мерт болған шығысқазақстандық азаматтарға ескерткіш орнатылды.

25 жыл бұрын (1985) Петропавлдағы Жеңiстiң жаңа саябағында 1941-1945 жж. соғыстағы Ұлы Жеңiстiң 40-жылдығына арналған обелиск ашылды.

Биiктiгi 14 метр, темiр-бетоннан жасалған, мәрмәр тақтайшамен қапталған, Жеңiстiң бiр метрлiк орденiмен аяқталған. Обелискiнiң төменгi бөлiгiнiң екi жағында жауынгерлердiң стильденген мүсiндерiнiң рельефтiк суретi бар. Басқа екi жақта ту және Қызыл ту орденiнiң суретi орын алған.

Ұлы Отан соғысы жылдары Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 314-ші атқыштар дивизиясы және тағы басқа да әскери бөлімшелер ұйымдастырылған.

18 жыл бұрын (1992) Президент Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.

1 жыл бұрын (2009) Павлодар облысынның Ақсу қаласында жауынгер-интернационалистерге арналған ескерткiш орнатылды.

Жаяу әскердiң жауынгерлiк машинасы баянауыл тастарынан қаланған биiк тұғырда орнатылған. Мемориал тақтада Ауғанстан соғысында апатқа ұшыраған жерлестердiң есімдері жазылған.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1930-1982) график-суретші, Қазақ КСР-нің халық суретшісі СИДОРКИН Евгений Матвеевич дүниеге келді.

Ресейдің Киров облысында туған. Қазандағы көркемсурет училищесін, Ригадағы көркемсурет академиясын, Санкт-Петербор қаласындағы Кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген.

1957 жылдан Алматыда қызмет еткен.

Қазақ халық ертегілеріне арналған «Көңілді алдампаздар», «Қазақ эпосы» иллюстрациялардың, «Қазақтың ұлттық ойындары», «Ғасырлар түнегінен» атты автолитографиялардың, «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» атты топтаманың, М.Салтыков-Щедриннің «Бір қаланың тарихы» романына салған иллюстрацияның авторы. Қазақ халқының тіршілік-болмысына, оның ішкі сыр-сипатына терең бойлаған бұл топтама суреттері 1965 жылы Лейпцигтегі көрмеде алтын медаль алды. «Ақсақалдар» атты автолитографиялар топтамасы мен М.Әуезовтің «Абай жолы» романына жасаған иллюстрациялары үшін Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Суретші монументті-сәндік өнері саласында да еңбек етті, әсіресе монументті формаға бейімділік көрсетті. Алматыдағы бұрынғы «Целинный» кинотеатрының фойесіне арнап көп қабатты түрлі-түсті графитто композициясын және суретші О.Богомоловпен бірге балалар театры фронтонының мозаикалық үлкен панносын жасады.

50 жыл бұрын (1960) Ақмола облысы Атбасар ауданының әкімі ӘУБӘКІРОВ Руслан Шохметұлы дүниеге келді.

Ақмола облысы Ақкөл қаласында туған. Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген.

Целиноград ауданы (Ақмола) Қосшы ауылындағы кеңшар-техникумының оқытушысы, Жақсы аудандық комсомол комитетінің хатшысы, Целиноград облыстық комсомол комитетінің сектор, бөлім меңгерушісі, хатшысы, бірінші хатшысы, Қазақстан Жастар Одағының Целиноград облыстық комитетінің бірінші хатшысы, Алматы қаласындағы «Политек» жабық түрдегі акционерлік қоғамының басшысы, «Агрофирма TNK» ЖШС басшысы, Ақмола облысы Жақсы, Щучье аудандарының әкімі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2006 жылдың 6 қарашасынан.

35 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы ҚАСЫМБЕК Жеңіс Махмұдұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Шу қаласында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын «Темірбанк» ААҚ бас банкирі болып бастады. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі темір жол көлігі мен порттар бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі үйлестіру және тарифтік саясат департаменті тарифтік саясат бөлімінің бастығы, Су көлігі департаментінің директоры, «Ақтау халықаралық теңіз порты» РМК директоры, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың 12 наурызынан.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10-жыл», «Астананың 10-жылдығы» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

МАМЫРДЫҢ 8-І, СЕНБІ

Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алуға арналған еске алу және бітістіру күндері (мамырдың 8-і мен 9-ы).

2004 жылғы қарашаның 22-інде Бас Ассамблея мамырдың 8-ін және 9-ын Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбандарына арналған еске алу және бітістіру күнін жариялай отырып, БҰҰ-на мүше-мемлекеттерге, үкімет емес ұйымдарға, жеке тұлғаларға осы күнді Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбандарының құрметіне жыл сайын лайықты түрде атап өтуіне ұсыныс жасады.

Дүниежүзілік Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест күні. 1953 жылдан бастап, «Қызыл Крест» халықаралық қоғамының негізін қалаушы, швейцар гуманисі, қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының иегері Анри Дюнанның құрметіне жыл сайын атап өтіледі. Ал қозғалыстың өзі 1863 жылы Жаралыларға көмек көрсету жөніндегі халықаралық комиссия құрылған кезде пайда болып, алғашында соғыс майдангерлеріне және ұрыс барысында жарақаттанғандарға көмек көрсететін болған. 1864 жылдың тамызында Швейцарияда қол қойылған конвенцияға сәйкес, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің символы ретінде ақ фондағы Қызыл Крест алынған. 1906 жылы Осман империясында мұсылман елдерінің Қызыл Крестке ұқсас Қызыл Жарты ай қайырымдылық қоры құрылды. Осы екі қауымдастық та Женева қаласында штаб-пәтері орналасқан Халықаралық комитетке бағынышты. Әскери уақытта Комитет соғысушы елдермен және Қызыл Крест пен Қызыл Жарты ай аумақтық бөлімшелері арасында делдалық қызмет атқарады. Бұл ұйымның өкілдері тұтқындар мен босқындар лагерлері аймағына бөгетсіз өту құқықтары бар.

Бүгінгі таңда жоғарыда аталған екі қозғалыс әлемнің 180 еліндегі 400 миллионнан астам адамды біріктіреді. 2002 жылы Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты ай ұлттық қоғамы құрылып, 2003 жылдың желтоқсан айында Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамдары Халықаралық федерациясына қабылданды.

Дүниежүзілік әділетті сауда күні. Жыл сайын мамырдың екінші сенбісінде атап өтіледі, ал мамыр айы әділетті сауда айы деп есептеледі.

Бұл күн Дүниежүзілік әділетті сауда ұйымының (World Fair Trade Organization) басқаруымен өткізіледі, онда 70 мемлекеттен 350 өндіруші ұжымы әділетті сауда ұйымына қатысқаны туралы жариялайды.

Әділетті сауда - бұл таңбасы бар және таңбасы жоқ тауарларға байланысты халықаралық стандарттар мен қоғамдық саясатты пайдалануды жақтайтын қоғамдық қозғалыс. Дамымаған елдерден дамыған елдерге экспортталған тауарларға көп көңіл бөлінеді. Әділетті сауданың тауарлары мыналар: шәй, кофе, какао, банан, және де қол-өнер туындылары мен киім-кешек. Ең бастысы олар құлдық пен балалар еңбегін пайдаланбай өндірілуі керек.

Еуропа күні. 1950 жылы мамырдың 9-ында Парижде Франция сыртқы істер министрі Робер Шуман Франция, Германия және басқа еуропа елдерінің көмір және болат құятын өнеркәсіп салаларын (әскери техника өндіру негіздерін) біріктіріп, оны жаңа ұлттық құрылым басқармасына беруге шақырды. 1985 жылы Милан саммитінде Еуроодақ көшбасшылары Шуман Декларациясын мәңгі есте сақтауға шешім шығарып, жыл сайын мамырдың 9-ын «Еуропа күні» деп бекітті.

ОҚИҒАЛАР

45 жыл бұрын (1965) Байқоңыр ғарыш айлағы Ленин орденімен марапатталды.

17 жыл бұрын (1993) Алматының Республика алаңында тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең алғашқы әскери шеруі болып өтті.

3 жыл бұрын (2007) Семейде Жоғарғы Ертiс өзені пароход шаруашылығының қызметi туралы және барлық тарихи айғақтар мен мәлiметтер жиналған ерекше басылым жарық көрді. Кітаптың авторы - Ұлы Отан Соғысының ардагері, пароход шаруашылығының қария қызметкері Николай Верещагин.

Мұндағы 1930-1990 жылдардағы пароход шаруашылығының құрылуынан бастап және оның қызметінің тоқталуына дейінгі қамтылған барлық деректер мұрағаттан алынған құжаттар мен суреттерге негізделген.

Кітап шығысқазақстандық су жолдары кәсіпорнының қолдауымен жарық көрді.

1 жыл бұрын (2009) Елордалық «Жастар» сарайында Памирдегі 1995 жылғы 7 сәуірдегі оқиға туралы әңгімелейтін «Қазбат» деректі фильмінің таныстырылымы болды.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы» 1992 жылғы 15 мамырдағы мемлекетаралық шартқа сәйкес ел басшылығы Қалайқұм қаласы аумағындағы тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын нығайту үшін Қазақстан Республикасының қосынды батальонының құрамында ІІМ Ішкі әскерлерінің қосынды ротасын жіберу туралы шешім қабылданған болатын. Ауысымды кесте бойынша осы кезең ішінде Ішкі әскерлер жедел құрамының бөлімшелерінен 20 қосынды рота жасақталды. 1995 жылғы 7 сәуірде Пшихавр шатқалында Ішкі әскерлер моджахедтермен ұрыста 17 жауынгерінен айырылды. Боздақтар Отанның және ТМД елдерінің мүддесін қорғау жолында опат болды.

Деректі фильмнің авторы қоюшы режиссер Рустам Одинаев. «Қазбат» фильмі ұрысқа тікелей қатысқан жауынгерлердің және әр жылдары тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен әскери қызметшілердің естеліктері бойынша шынайы оқиғалардың негізінде жасалған.

Фильмнің таныстырылымы Жеңіс күні қарсаңында өтті, оның негізгі мақсаты - жастарға отансүйгіштік тәрбие беру. Шараға ардагерлер, әскери қызметшілер, қала тұрғындары мен қонақтары, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

1 жыл бұрын (2009) елордадағы Көктал тұрғын кентіндегі саябақта Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне орнатылған мемориалдық барельефтің салтанатты ашылуы болды. Ескі ескерткішке қашап жазылған С.М.Киров кеңшарынан майданға аттанып, қаза тапқан 74 жауынгердің есімі жаңа тақтаға толығымен көшірілді.

1 жыл бұрын (2009) «Жазушы» баспасынан Қазақстанның алғашқы мұнайшысы, мұнай-газ өндірісі реформаторының 100-жылдық мерейтойына арналған «Сафи Өтебаев» атты кітабы жарық көрді. Авторы - танымал журналист Нұрлыбек Сафин, Бақытжан Жұмалиева орыс тіліне тәржімалаған.

Сафи Өтебаев (1909-2007) - Қазақ ССР-нің ғылым мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ақтау, Атырау қалаларының және Атырау облысындағы Жылысой ауданының құрметті азаматы. Елімізде Кеңқияқ, Күлсары, Қаратон, Мұнайлы, Жетібай, Өзен және басқа да маңызды мұнай орындарының ашылуы және оның өндірісі Сафи Өтебаевтың атымен тығыз байланысты. Ленин, «Құрмет белгісі», 2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы», «Отан», 2-ші дәрежелі «Барыс» ордендерімен, медалдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

«Сафи Өтебаев» кітабы «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясынан басып шығарылған.

1 жыл бұрын (2009) Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің Жарлығымен еліміздің М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрының әртісі Владимир Толоконников Достық орденімен марапатталды.

Қазақстан Республикасының азаматы, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрының әртісі Владимир Алексеевич Толоконниковтің театр және кинематография өнерін дамытуға, Қазақстан Республикасында орыс мәдениеті мен орыс тілін таратуға қосқан зор үлесі атап көрсетілген.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1940) жазушы СӘМИТҰЛЫ Жақсылық дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасында туған. Шыңжаң университетін бітірген.

1995 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы болды.

Тұңғыш өлеңі «Алтай халқы» газетінде жарық көрді. «Атамекен», «Тау самалы», «Ақ тілек», «Ақ сәуле» повесть, әңгіме жинақтардың авторы.

«Атамекен» кітабына Қытай Халық Республикасының мемлекеттік сыйлығы берілген. Қазақстанда жазушының «Сергелдең» атты трилогиясы мен «Қытайдағы қазақтар» атты монографиясы басылып шықты.

МАМЫРДЫҢ 9-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Жеңіс күні - Мемлекеттік мейрам. Кеңестер Одағы халқының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні.

Ұлы Отан соғысы жеңісінің 65 жылдық мерейтойы Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де кеңінен атап өтіледі. Жеңіс күні біздің бәрімізге ортақ - ақсақал ардагерлер, олардың балалары, немерелері мен шөберелері үшін ең басты, ең қымбат, шындығында халықтық мереке. Барлығымыз осы күні Ұлы Отан соғысының ерлік пен шерге толы сәттерін, қаза тапқандарды еске аламыз. Ең бастысы, осы жеңісті сыйлаған майдангерлерге шексіз алғысымызды білдіреміз.

ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерейтойын атап өту және оған дайындық мәселелеріне қатысты негізгі іс-шаралар жоспарының жобасы қабылданған болатын. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған құжат Достастыққа қатысушы мемлекеттерде жоспарланған іс-шаралар кешенін есепке алады.

Ұлы Жеңістің 65-жылдығына арналған Мәскеудегі Қызыл алаңда өтетін салтанатты шеруге қазақтың 100-ге тарта жауынгері қатыспақ және еліміздің 32 соғыс ардагері арнайы шақыртылып отыр. Сондай-ақ, Ресейдің Тверь облысында әйгілі жүздеген ескерткіштер маңында 200 аса ұлт әскерлері және қазақстандық сарбаздар сап түзейтін болады. Мұнда 2005 жылдан бастап 140 қазақстандық әскери топ құрылған болатын.

«Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» мерейтойлық медалі бекітілді.

Бүкіләлемдік жыл құстары күні (мамырдың 9-ы мен 10-ы).

Құстар тіршілігі - бүкіл өсімдіктер мен жануарлардың биологиялық әр алуан саласындағы жағдайлар мен үрдістер туралы пікір түюге мүмкіндік беретін үлгілі көрсеткіш. Қоршаған ортаның өзгерістерін саралау жұмыстарын жүргізгенде құстарды бақылау ерекше маңызды, өйткені оларды іс жүзінде планетамыздың барлық экологиялық жүйесінен кездестіре аламыз.

Өздерінің жылдық өрістері барысында қоныс аударушы құстар көптеген елдер мен құрлықтарды асып өтеді, кейбіреулері тундрадан тропикке ұшып өтеді, сөйтіп, түрлі экологиялық жүйелер арасында байланыстырушы буын міндетін атқарады. Жыл құстарын және олардың тіршілік ету орындарын сақтау арқылы біз биоалуандықты кеңірек көлемде сақтап қала аламыз.

Бүкіләлемдік жыл құстары күні алғашқы рет төрт жыл бұрын Африка-еуразиялық жыл құстары келісімі (САЕВП) және Көші-қон жануарлары конвенциясы (КМЖ) хатшыларының бастауымен атап өткізілген, олардың есептеуі бойынша жоғары ақпарат беретін жаһандық кампанияны бастау керек, және де жыл құстарын қорғап сақтайтын міндетті адамдардың іс-қимылын шабыттандыру қажет.

Еуропа күні. 1950 жылы мамырдың 9-ында Парижде Франция сыртқы істер министрі Робер Шуман Франция, Германия және басқа еуропа елдерінің көмір және болат құятын өнеркәсіп салаларын (әскери техника өндіру негіздерін) біріктіріп, оны жаңа ұлттық құрылым басқармасына беруге шақырды. 1985 жылы Милан саммитінде Еуроодақ көшбасшылары Шуман Декларациясын мәңгі есте сақтауға шешім шығарып, жыл сайын мамырдың 9-ын «Еуропа күні» деп бекітті.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2007) Жеңіс күні Семейден 70-километрлік жерде орналасқан Шаған стансасында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ескерткіш ашылды.

Монумент екі метрлік тақтадан жасалған, онда майданға атанғандардың аты және әскери тақырыптағы сурет қашаланып жазылған. Ұлы Отан соғысына осы бекеттің 90 тұрғыны қатысқан.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан, Қытай Халық Республикасы, Ресей және Тәжікстанның ең ірі жастар ұйымдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Жастар кеңесі құрылтайының конференциясына қатысты.

Конференцияның қорытындысы бойынша ШЫҰ Жастар кеңесiн құру туралы декларацияға қол қойылды және 2009-2010 жылдардағы жұмыс жоспарлары бекітілді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесiн құру туралы шешiм қатысушы-елдердің жастар ұйымдарының кезектi кездесуiнде Санкт-Петерборда 2008 жылдың қазанында қабылданды.

Оның мақсаты Шанхай ынтымақтастық ұйыма мүше-мемлекеттердiң жас буын өкiлдерi арасындағы жан-жақты ынтымақтастыққа қолдау көрсету.

1 жыл бұрын (2009) Қарағандыда жаңа Жеңіс саябағы ашылды. Бұл саябақ Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұсынысы бойынша құрылды.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің жауапты хатшысы ИКРАНБЕКОВ Абай Зұбайырұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.

Алматы қаласы бойынша Қазақстан Республикасы жер қатынастары және жерді қоныстандыратын мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесінің ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызыметінде - 2007 жылдың 28 қазанынан.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

45 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрі АЙТЖАНОВА Жанар Сейдахметқызы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Біріккен Вена институтын, Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін (АҚШ) бітірген.

Қазақ мемлекеттік университеті және Мәскеу мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өткен. БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінде бағдарламалар үйлестірушісі, Моңғолиядағы БҰҰ-ның үйлестірушісі және БҰҰ-ның Даму бағдарламасы Өкілінің көмекшісі, БҰҰ-ның Даму бағдарламасының Еуропа және ТМД өңірлік бюросының Орталық Азия елдері бөлімінің бағдарламалар жетекшісі, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі, Қазақстан Республикасының Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына кіруі жөніндегі келіссөздердегі Қазақстан Республикасының арнаулы өкілі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2010 жылдың наурызынан.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар