ҚазАқпарат-Анонс: Мамырдың 13-і мен 16-сы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ
Мамырдың 13-інде Сыртқы істер министрлігі ғимаратында Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы -Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев АҚШ-тың Атлантикалық кеңесінің төрағасы Чак Хейгелмен кездеседі.
Мамырдың 14-15-і күндері ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Алматыда өтетін «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» атты екінші Трансазиялық парламенттік форумға қатысады,
ПАРЛАМЕНТ
Мамырдың 13-і күні Парламент Мәжілісінде«Қазақстан заңнамасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясына сәйкес үйлестіру» деген тақырып бойынша дөңгелек үстел өтеді.
Мамырдың 13-інде Парламент Сенатының жалпы отырысы болады.
Мамырдың 13-інде Парламент Мәжілісінде «Ата-баба өсиеті - даналық қоры» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.
ҚОҒАМ
Сәуірдің 15-інен мамырдың 15-іне дейін елімізде «Балалар - біздің болашағымыз» акциясы өтуде.Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі сәуірдің 30-ы мен мамырдың 30-ы аралығында «Таза ауа» акциясын өткізеді. Акцияның мақсаты - автокөлік құралдарының тасымалдаушылары мен жүргізушілерінің рұқсат етілген автокөлік құралдарының шығарындыдағы ластаушы заттар құрамының экологиялық талаптары мен нормаларын сақтауы бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтың алдын алу.
СПОРТ
Сәуірдің 15-і мен мамырдың 15-і аралығында Қазақстанда «Балалар - біздің болашағымыз» атты акция өтуде.
Еркін күрестен Қазақстанның әйелдер құрамасы мамырдың 14-де Үндістан астанасы Делиде басталатын Азия чемпионатына қатысады.
АСТАНА
Мамырдың 10-ы мен 14-і аралығында Астана қаласы Бейбітшілік және келісім сарайында Біріккен Араб Әмірліктерінің мәдени күндері өтуде.
Мамырдың 13-інде Астанада «Климаттың өзгеруіне бейімделу: Қазақстан үшін қатерлер мен мүмкіндіктер» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтеді,
Мамырдың 13-інде Л.Гумилев атындағы университетте «Еуропа мен Еуразия үшін ХХІ ғасырдағы қорытынды Хельсинки акті» деген тақырыпта конференция өтеді.
Мамырдың 13-інде елордадағы Конгресс-Холл сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, эстрада жұлдызы Бағдат Сәмединованың «Мен даланың қызымын» атты концерті өтеді.
Мамырдың 13-інде 40-шы стансыдағы №68665 әскери бөлімде Мәскеу парадына қатысушылармен кездесу болады.
Мамырдың 13-інде Конгресс-холда «Қорғалған топырақ технологиясы. Жылыжай кешендері 2010» І бірлескен еуразиялық көрмесінің ашылу рәсімі болады.
Мамырдың 13-інде «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты кеңсесінде «Азаматтардың арыз-шағымдарының қаралу қорытындысына» арналған брифинг өтеді.
Мамырдың 14-інде сағат 17.00-де елордадағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының мұражайлары қорынан ұйымдастырылған «Ұлы тұлғалар бесігі» атты көрменің ашылуы болады.
АЛМАТЫ
Мамырдың 13-інде «Гранд Отель Тянь-Шань» қонақүйінде Германияның Қазақстандағы жылына орайластырылған «Азаматтық құқық жүйесінің мәселелері» тақырыбына арналған халықаралық конференция болады.
Мамырдың 13-інде «Intercontinental - Ankara» қонақүйінде «Қазақстанның энергетикалық секторындағы қаржылық және инвестициялық тәуекелдерді барынша азайту» тақырыбында халықаралық конференция өтеді.
Мамырдың 13-інде Қазақтың Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Оливер Спенсермен кездесу болады.
Мамырдың 13-інде Ұлттық кітапханада С.Бөкейхановтың «Менің қалам - Алматым» және «Біздің көшелеріміздің атаулары» кітаптарының таныстырылымы болады.
Мамырдың 14-і күні Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында «Музей түні-2010» PR шарасы өтеді.
Мамырдың 14-і мен 16-сы аралығында Алматыда «ЕҚЫҰ Еуразиялық өлшемі» Трансазиялық парламенттік форумы өтеді .
Мамырдың 14-16 күндері Алматыда дәстүрлі «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивалі өтеді.
Алматыда мамырдың 15-і күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әсел Мәмбетованың 50 жасқа толу мерейтойына арналған «Театр - менің тағдырым» деп аталатын бенефис-кеші өтеді.
АЙМАҚТАР
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ
Мамырдың 14-і күні Ақтөбеде «КАЗКА» Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен «Қазақстандық қамту: шағын және орта бизнестің міндеттері мен мүкіндіктері» атты аймақтық бизнес-форум өтеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
МАМЫРДЫҢ 13-І, БЕЙСЕНБІ
Қара теңіз флотының күні. 1996 жылы бекітілген. Қара теңіз флотының құрылғанына сәйкес жыл сайын мамырдың 13-де атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды бекіту туралы келісім жасалды.
3 жыл бұрын (2007) Санкт-Петербор қаласындағы «Невский пяточок» мемориалында соғыс жылдары қырғын ұрыс болған жерде «Память және Слава» атты интернационалды саябақтың ашылу салтанатты өтті.
Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинград шайқасындағы қорғаушылардың құрметіне саябақта 60 стелла орнатылған, оның ішінде қазақстандықтарда бар. Стеллалардағы жазулар әр ұлттың өз тiлiнде жазылған.
1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы - «Мугунхва» (Мәңгі гүлдеген раушангүл) орденімен марапатталды.
Қазақстан мен Кореяның достық байланыстарының дамуына зор үлес қосқаны үшін өз кезегінде Президент Ли Мён Бак Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапатталды.
1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1935-1993) ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Солтүстік Қазақстан меринос қойларының жаңа тұқымын өндірушілердің бірі ӘШІМБЕТОВ Кемер Қожахметулы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Алматы зооветеринарлық институтын (Қазақ Ұлттық аграрлық университеті) бітірген.
Павлодар облысы Железинка ауданы Советтік Қазақстан кеңшарының бас зоотехнигі, Лебяжі ауданы ХХІІІ партсъезд кеңшарының директоры, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімінің бастығы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Павлодар совхоз-техникумының директоры, Шарбақты аудандық атқару комитетінің төрағасы, Павлодар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Павлодар облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, еңбекшілер шаруашылығы қауымдастығының төрағасы, «Тұранбанк» облыстық басқармасының ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.
«Еңбек Қызыл Ту», үш мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
45 жыл бұрын (1965) заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Құрметті судьясы, Л.М.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры ӘБДІРАЙЫМОВ Бақытжан Жарылқасымұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысының Қаратау қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) және оның аспирантурасын, «Тұран» университетін, Мемлекет және заң институтының докторантурасын бітірген.
1992-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Жоғары Төрелік Сотының кеңесшісі, Жоғары Төрелік Сотының судьясы. 1995-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы. 2002-2006 жылдары - Парламент өкілінің жетекшісі. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты Аппараттының жетекшісі. 2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы сот әкімшілігі комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Ол «Қазақстан Республикасының жер процесіндегі заңдылықты қамтамасыз етудің құқықтық тетігі», «Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша экологиялық зиянды өтеу», «Қазақстан Республикасындағы жер процесі», «Жер дауларын шешудің процессуалдық ерекшеліктері» атты монографиялардың және 20-дан астам жер, аграрлық және экологиялық заңнамалардың аграрлық мәселелері бойынша оқу-тәжірибелік және ғылыми-әдістемелік оқулықтардың авторы.
«Құрмет» орденімен, «Үш би», «Қазақстан Республикасының Құрметті судьясы» белгілерімен марапатталған.
МАМЫРДЫҢ 14-І, ЖҰМА
Грузияның Тамаробасы - Грузиндердің ұлттық мерекесі. Әулие Тамара ханшайымды еске алу күні. Ұлттық мереке ретінде 1917 жылдан бастап атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Қарағанды облысының әкімдігі мен Табиғи ресурстардың Еуразиялық корпорациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Семейде Шығыс Қазақстандағы тұңғыш «Көксерек» атты аудиокітап шықты. Кітапты «Альфа Марино» жарнама студиясы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың хикаясы бойынша шығарды.
Идеяның авторы «Қазақстан - Семей» телеарнасының қызметкері Қуат Ахмеджанов. Ұзақтығы 1 сағат 5 минуттық әдеби шығарманы дыбыстандырған да өзі. Шығарушылар аудиокітаптың алғашқы жиынтығын қаладағы мектеп-интернаттарға сыйлық ретінде табыстады.
1 жыл бұрын (2009) Киев қалалық кеңесінің 2008 жылғы желтоқсанның 18-дегі шешімімен Шевченко ауданындағы Кузьминская көшесі қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың есіміне ауыстырылды. 2009 жылғы мамырдың 8-де осы көшеде Жамбыл Жабаевтың мемориалдық тақтасы ресми түрде салтанатпен ашылды.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Сирия Араб Республикасындағы, Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы, Араб Мемлекеттері Одағы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі ТАСЫМОВ Бақтияр Сардарбекұлы дүниеге келді.
Өзбекстан Републикасында туған. Ташкент мемлекеттік университетін бітірген.
Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі кеңесші-уәкілі қызметін атқарған. Аталған қызметінде - 2008 жылдан.
45 жыл бұрын (1965) Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аттестаттау және аккредиттеу департаменті - Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің мемлекеттік құрылыс инспекторы ӘБДРӘЙІМОВ Ғалымжан Райылұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын, «Тұран» Университетін бітірген.
Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аккредиттеу және аттестаттау басқармасының директоры қызметін атқарды. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан.
МАМЫРДЫҢ 15-І, СЕНБІ
Халықаралық отбасы күні. 1993 жылдан БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген.
Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың отбасының қазіргі жағдайы мен оның қоғам өміріндегі және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына алаңдаушылық туғызуына орай жүзеге асып отыр.
Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы - сүйіспеншіліктің, құрметтеудің, ынтымақтастық пен үйір болушылықтың ошағы, яғни, кез келген зиялы қоғамның діңгегі, онсыз адам өмір сүре алмайтын құндылық негізі. Отбасының аман-саулығы - әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық ядролық орталық және Атом қуаты жөніндегі агенттік құрылды.
11 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігі құрылды.
3 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің жаңа моделін бекітетін, еліміздің экономикалық дамуының осы заманғы талаптарына және еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға жауап беретін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қол қойды.
Сонымен қатар, Елбасы «Қазақстан Республикасы Еңбек кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңға, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының еңбек мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерін қолданыстағы заңдарды жаңадан қабылданған Еңбек кодексіне сәйкестендіруге бағытталған өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Берлинде Қазақстанның Германиядағы жылы ауқымында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның («Болашақ») Германиядағы және Еуропадағы құрылықтық елдердегі өкілдіктері ресми түрде ашылды.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1920-1997) қазақтың белгілі жазушысы БАҚБЕРГЕНОВ Сәуірбек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған.
Ұлы Отан соғысына қатысып, Солтүстік Батыс майданда Новгород, Псков, Калинин, Холм түбіндегі ұрыстарға қатысты. 28-панфиловшылар дивизиясында взвод командирі, кейін дивизиялық байланысшы офицер болды. Соғыстан кейін «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде, «Жазушы» баспасында қызмет атқарған.
Алғашқы жыр шумақтары баспасөз бетіне 1939 жылы шықты. Кеңес Одағының батыры атағын екі рет алған ұшқыш Т.Бигелдиновтің өміріне арналған алғашқы «Талғат» повесі 1950 жылы жарияланған. Сонымен қатар Ш.Уәлиханов, К.Әзірбаев, Б.Момышұлы өмірінен елеулі туындылар жазған. Жастарды адамгершілікке, адалдыққа, отансүйгіштікке баулитын, замандастар жайлы ой толғайтын, тарих қойнауынан сыр шертетін және Ұлы Отан соғысы тақырыбын арқау еткен 20-ға жуық романдар мен повестер жинағының авторы. Көптеген шығармалары ТМД елдерінің тілдеріне аударылған. Көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп, М.Горькийдің, У.Фолкнердің, В.Короленконың бірсыпыра шығармаларын қазақшаға тәржімалаған.
45 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, экономика ғылымдарының кандидаты ӘБДІҚАЛЫҚОВА Гүлшара Наушақызы дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген.
1987-1994 жылдары - Қызылорда облысының халықты әлеуметтік қорғау басқармасының аға инспекторы, бөлім бастығы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі консультанты. 1995-2003 жылдары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, зейнетақымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы, әлеуметтік қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмек көрсету департаментінің директоры, зейнетақымен қамтамасыз ету және халықтың табысын реттеу департаментінің директоры. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. 2005-2006 жылдары - «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы. 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың наурызынан.
МАМЫРДЫҢ 16-Ы, ЖЕКСЕНБІ
Бүкілдүниежүзілік Жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісі (ЖҚТБ) құрбандарын еске алу күні. 1983 жылдан бастап, мамырдың үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
Арменияның Әуе қорғанысының күні. 1992 жылғы мамырда Армения Республикасының Қарулы Күштерiнiң әуе қорғаныс бөлiмшелерiнiң құрастырылуы аяқталды. Осы уақыттан бастап мамырдың үшінші жексенбісі Арменияның қарулы күштерінде Әуе қорғаныс күні болып атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2000) Астанада академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков тұрған үй қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков (1931-1999) - көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы және халықаралық сыйлықтардың лауреаты, бірнеше рет парламент депутаты болып сайланған. Қазақстан жоғары техникалық оқу орындарының бағдарламасы мен оқыту жүйесін жасаушылардың бірі.
3 жыл бұрын (2007) Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Тұрақты даму комиссиясының 15-ші сессиясы шеңберінде 2007-2024 жылдардағы Қазақстанның тұрақты даму тұжырымдамасының таныстырылымы өтті. Таныстырылымды БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ұйымдастырды.
Тұжырымдама елдің 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму бағдарламасын және бәсекеге қабілетті елу ел қатарына кіру мақсатын іске асырудың ең маңызды құралы болып табылады.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда «Есімізде сол соғыс» Естелік кітабы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайына салтанатты түрде табыс етілді.
460 беттен тұратын бұл жалғыз дана кітапқа 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысып, аман қалған ардагерлер мен тылда қызмет еткен 200-ден астам адамның қолтаңбасы қалдырылған. Бұл кітапқа келесі жылы болатын Жеңіс күніне дейін соғыстың дәмін татып, көзкөрген адамдар өз қолтаңбаларын қалдыра алады.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1935) ақын АСҚАР Оразақын Асқарұлы дүниеге келді.
Батыс Түркістан өлкесіне қарасты Іле аймағында туған. Үрімжі қаласындағы Ұлттар институтын, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1955 жылы атамекені Қазақстанға түбегейлі қоныс аударды. Шекарадан өлең толы қолжазба дәптерлерін ала келген Оразақын бірден Алматыдағы Жазушылар одағына келіп, ақындар Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Жаппар Өмірбековтерге жолығады. Олар жас ақынның өлеңдерін ұнатып, сол кезде баспаға дайындалып жатқан жас ақындардың «Қос жүрек» атты жинағына бір топ өлеңдерін дереу енгізеді. 1961 жылы араб әрпін білуіне байланысты арнайы сұраныспен Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. 1964-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, Поэзия секциясында орынбасар болып қызмет атқарады. 1970-1984 жылдары Кітап палатасында бөлім меңгеруші, одан 1995 жылға дейін «Жалын» баспасында поэзия бөлімінің аға редакторы болды.
«Қорықтар әлеміне саяхат» деп аталатын топтама өлеңдері 1983 жылы Қазақстан табиғат қорғау қоғамының бәйгесіне ие болды. «Туған жердің картасы» деген дастаны 1974 жылы балалар мен жастарға арналған «Жалын» баспасының жабық конкурсында жүлдеге ие болды. «Тұңғыш», «Мейірім», «Белжайлау», «Балқарағай», «Өркеш», «Орбұлақ», «Күнгей», «Тәуелсіздік тартулары» атты жинақтары жарық көрді. Ол қазақтың қара өлең түрлерін ұзақ жылдар бойы ел ішінен жинап, жиырма мың жолдық екі кітабын жариялады. Бұл еңбегі 1994 жылы Мәдениет министрлігі мен Ғылым академиясы, Әдебиет институты бірігіп жариялаған ауыз әдебиетін жинаушыларға арналған бәйгеде бірінші орынды жеңіп алды.
70 жыл бұрын (1940) ақын, аудармашы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Жамбыл Жабаев атындағы Халықаралық сыйлықтың, Ілияс Жансүгіров атындағы Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының иегері ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ Есенбай дүниеге келді.
Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Алғашқы еңбек жолын Жарқамыс орта мектебінде мұғалімдіктен бастаған. Кейіннен Темір және Байғанин аудандық және Ақтөбе облыстық газеттерінің әдеби қызметкері, аға тілшісі, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болды. 1978-2007 жылдары республикалық «Жалын», «Ана тілі», «Раритет», «Жазушы» баспаларының аға редакторы, жетекші редакторы, аудармашы-редакторы, редакторы қызметтерін атқарған.
«Бозала таң мен бозторғай», «Ақпейіл», «Ұланғайыр», «Ашық аспан», «Ақ желкенді ағыстар», «Біздің толқын», «Ашық хат», «Таң торғайы», «Үш-бұлақ», «Санамақ», «Әліппе - тілашар», «Менің жаңа астанам», «Жаңбыр әні» атты жыр жинақтарының авторы.
М.Горькийдің «Әдебиет туралы», Г.Ломидзенің «Ұлы достық ұлағаты» кітаптарын, Әл-Хамиси лирикасын, Б.Абакированың жырларын қазақ тіліне тәржімалаған.