ҚазАқпарат-Анонс: Маусымның 1- 6-сы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ЕЛБАСЫ
Маусымның 1-інде елордадағы Тұңғыш Президент мұражайының тынымбағында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Жәнібек пен Керей хандарға арналған ескерткіштің ашылу рәсімі болады.
Маусымның 4-інде Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 23-ші пленарлық мәжілісі өтеді.
ҮКІМЕТ
Маусымның 1-інде Үкіметтің селекторлық кеңесі өтеді.
Маусымның 1-інде Денсаулық сақтау министрлігінде қатерлі инфекциялық ауруларға қатысты эпидемиологиялық жағдай мен оны тұрақтандыру жөніндегі қабылданып жатқан шараларға арналған брифинг өтеді.
Маусымның 1-інде Экономикалық даму және сауда министрлігінде вице-премьер Ө.Шөкеевтің қатысуымен «Қазақстан Республикасының Кеден одағының жұмысына атсалысуы» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Маусымның 2-сінде BNews.kz порталында (www.bnews.kz ) Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың қатысуымен «Батыс Еуропа -Батыс Қытай» жобасының жүзеге асырылу барысы» тақырыбында он-лайн конференция өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Мамырдың 31-і мен маусымның 2-сі аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов Финляндияға ресми сапар жасайды. Сапар аясында О. Мұхамеджанов Финляндия Парламентінің төрағасы Саули Нийнистемен, Премьер-Министрі Матти Ванханенмен, бірқатар финдік министрліктер мен ведомстволардың басшыларымен кездесулер өткізеді.
Маусымның 1-інде Парламент Сенатында «ҚазАгро» АҚ өкілдерімен кездесу болады.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Мамырдың 31-і мен маусымның 3-і аралығында Түркияның Памуккале қаласындағы ежелгі театрда ТРТ-ның (Түрік радиосы мен теледидары) және Деңізлі қалалық әкімшілігінің ұйымдастыруымен Халықаралық «Түрікдидар» фестивалі өтеді. Қазақстанның атынан бұл шараға елімізде танымал «Kesh you» тобы түрік жұртшылығына өнерін танытатын болады.
Маусымның 1-інде бұрынғы сенатор Ч. Хейгелдің басшылығымен АҚШ Атланта кеңесі делегациясының Астанаға сапары жоспарлануда. Сапар шеңберінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Еуропа мен Еуразия үшін XXI ғасырдағы Хелсинкі қорытынды актісі» атты конференция өтеді.
Маусымның 2-сі күні Қазақстанға Молдова Республикасының Премьер-Министрі Влад Филат сапармен келеді. Молдова Премьер-Министрінің Қазақстан басшылығымен келіссөздерінің барысында саяси және экономикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері, өңірлік бірлестіктер аясындағы өзара ықпалдастық және Приднестровье проблемасының бейбіт жолмен реттелуіне Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы қазақстандық төрағалықтың қосар үлесі талқыланатын болады.
Маусымның 5-і күні Қытайдың Шанхай қаласындағы Дүниежүзілік «Expo Shanghai-2010» көрмесіндегі Қазақстан ұлттық күнінің ресми ашылу салтанаты болады.
Маусымның 5-6-сы күндері Ыстамбұлда ҚР Сыртқы істер министірінің орынбасары Нұрлан Ермекбаевтың төрағалығымен АӨСШК-нің Аға лауазымды тұлғалары комитетінің кезекті отырысы өтеді.
Маусымның 6-сы мен 9-ы аралығында Ашғабадта Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы мәдениет күндері өтті,.
ҚОҒАМ
Маусымның 1-інен бастап елімізде жыл сайынғы «Скутер» шарасы басталап, ол шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.
Маусымның 1-інен бастап «Қазкоммерцбанк» АҚ мемлекеттік бағдарлама бойынша "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры есебінен ипотекалық несиелеуді қайта қаржыландыруды жаңғыртады.
Маусымның 4-10-ы аралығында республика бойынша 151 пунктте Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді. 2010 жылы 138 162 мектеп бітірушінің өтініш білдірген 110 118 -і Ұлттық бірыңғай тест тапсырады.
СПОРТ
Маусымның 3-де велоспорттан әйгілі «Тур де Франс-2010» көпкүндігі басталады. Оған команда капитаны испаниялық Альберто Контадор бастаған әлемдегі үздік велоклубтардың бірі - «Астана» қатысады. «Тур де Франс» көпкүндігінде «Астана» командасының намысын қорғайтын велошабандоздар: Александр Винокуров, Дмитрий Фофонов, Максим Иглинский, Андрей Зейц (барлығы Қазақстаннан), Оскар Перейро, Даниэль Наварро, Бенджамин Новаль, Хесус Эрнандес, Давид де ла Фуэнте, Хосеп Хуфре (барлығы Испаниядан) және Андрей Гривко (Украинадан).
Мамырдың 5-7-сі аралығында Алматыда үлкен теннистен әйелдер арасында «BELLA CUP ALMATY 2010» турнирі өтеді.
АСТАНА
Маусымның 1-і күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Н.Нұрғалидың (1940-2010) туғанына 70 жыл толуына арналған «Рымғали Нұрғали мұрасы және қазіргі әдебиет пен тіл ғылымының көкейкесті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді.
Маусымның 1-інде Астанада Қаржы министрлігі алдындағы «Бәйтерек» алаңында «Балалық шақты бағалайық» атты Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара өтеді. Сондай-ақ «Арай» саябағында «Әрқашан күн сөнбесін!» атты мерекелік шара болады.
Маусымның 3-інде сағ. 12.00-де Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Балаларды қорғау күні және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясы қабылдануының 20 жылдығына арналған «Жас шебер» аттыбалалар шығармашылығыныңфестивалі өтеді.
АЛМАТЫ
Алматыда мамыр айының 25-нен маусым айының 2-не дейін 6-шы Халықаралық фестиваль-байқауы өтеді. Фестивальдің мақсаты - балалар шығармашылық ұжымдарының дамуын ынталандыру, балалар ұжымдары арасында байланыстар орнату.
Маусымның 1-інде Абай алаңында Балаларды қорғаудың халықаралық күніне арналған мерекелік шара өтеді
Маусымның 1-інде «Riхos». Отелінде Қазақстанда Өндіруші салалардың ашықтығы (ИПДО) бастамасын жүзеге асыру жөніндегі ІІІ Ұлттық конференция өтеді
Маусымның 1-інде Орталық мемлекеттік мұражайда Балаларды қорғаудың халықаралық күніне арналған «Мұражайдағы ертеңгілік» қайырымдылық шарасы өтеді.
Маусымның 1-інде Оқушылар сарайында Балаларды қорғаудың халықаралық күніне арналған фотокөрме өтеді.
Алматыда маусымның 3-4-і күндері ІV қазақстандық инвестициялық саммит өтеді. Оны «Интернэшнл геральд трибьюн» газеті мен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі бірлесіп ұйымдастырып отыр.
АЙМАҚТАР
БАЙҚОҢЫР
Маусымның 1-2-сінде «Байқоңыр» ғарыш кешені өзінің 55 жылдық мерейтойын атап өтеді
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ
Қарағандыда маусымның 1-і мен 3-і аралағында бесінші, мерейтойлық «Таң шолпан» республикалық байқауы өтеді. Вокалдық байқауға жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері қатысады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
2010 ЖЫЛДЫҢ МАУСЫМЫ:
МАУСЫМНЫҢ 1-І, СЕЙСЕНБІ
Балаларды қорғаудың халықаралық күні. Жыл сайын өткізілетін балаларды соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау күнін атап өту 1949 жылы Әйелдердің Халықаралық демократиялық федерациясы кеңесінің сессиясында қабылданған. Алғаш рет 1950 жылы 51 елде атап өтілді.
Ресей Солтүстiк флотының күнi. 1933 жылы Солтүстік Теңіз Флотилиясы құрылды. 1937 жылы Солтүстік Флот (СФ) деп өзгертілді.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2000) Алматыда Орталық Азия киногерлерінің халықаралық II фестивалі басталды.
10 жыл бұрын (2000) Балқаш қаласында «Балқаш» АҚ-ның мыс қақтамасын шығаратын жаңа цехы іске қосылды.
3 жыл бұрын (2007) Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен балалардың бірінші халықаралық съезі барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Әлем елшісі» атағын беру туралы шешім қабылданды.
1 жыл бұрын (2009) Қарағанды облысы Спасск мемориалды кешенінде Саяси қуғын-сүргін құрбандары күніне арналған шара өтті. Шараға Қазақстандағы Әзірбайжан, Украина, Румыния, Польша, Венгрия, Словакия, Корея, Жапония елшіліктерінің басшылары және Ресей, Литва, Италия, Грузия, Қырғызстан елшіліктерінің дипломатиялық қызметкерлері қатысты.
Шара аясында мемориал кешенінің аумағында саяси қуғын-сүргін құрбандары кәрістерге арналған жаңа ескерткіш белгісі ашылды.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1940-2010) әдебиет зерттеушісі, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген техника және ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты НҰРҒАЛИЕВ Рымғали Нұрғалиұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
1968-1986 жылдары осы университет филология факультетінің доценті, профессоры, деканы қызметтерін атқарған. 1986-1997 жылдары - Қазақ энциклопедиясының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Терминология, ономастика және мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі.
Оның басшылығымен «Қазақ КСР: Қысқаша энциклопедия», «Балалар энциклопедиясы», «Қарағанды», «Алматы», «Абай», «Ислам» энциклопедиялары шықты. Әдеби зерттеу еңбектері ұлттық драматургияның даму тенденциялары мен теориялық мәселелеріне арналған. Негізгі зерттеулері «Сабыр Шәріпов. Өмірі мен шығармашылығы» (Б.Кенжебаевпен бірге), «Трагедия табиғаты», «Талант тағдыры», «Күретамыр. Қазақ драматургиясының поэтикасы», «Өнер алды - қызыл тіл», «Қазақ драматургиясы», «М.Әуезов және Алаш». Оның «Дән», «Жартастағы қарағай», «Атшабыс ертең», «Оқ» прозалық жинақтары бар. Сондай-ақ Л.Толстойдың «Әзәзіл» повесін, Н.Ф.Погодиннің «Салтанат жырын» қазақ тіліне аударған. 325-тен астам жұмыстары Франция, Түркия, Үндістан, Қытай және басқа да мемлекеттерде басылып шыққан.
«Парасат» орденімен, медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1950) әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БАЙБОСЫНОВ Қайрат Әукенұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған. Алматы эстрада-цирк студиясын бітірген.
1969-1988 жылдары - «Гүлдер» ансамблінің әншісі әрі Алматы эстрада-цирк студиясының оқытушысы. 1988-1999 жылдары Алматы консерваториясының аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры болған. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры.
Ұмыт болған, сирек орындалатын әндерді халық арасына таратуда елеулі еңбек етті. Концерттік сапармен АҚШ, Жапония, Германия, Франция Испания, Италия, Бирма, Сингапур, т.б. елдерде болып, ұлттық өнерімізді шетел тыңдаушыларына танытты.
МАУСЫМНЫҢ 2-І, СӘРСЕНБІ
Әзірбайжанда азаматтық авиация күні. Әзірбайжан Республикасы Президентінің 2006 жылғы мамырдың 18-дегі Жарлығына сәйкес жыл сайын атап өтеді. 1938 жылғы маусымның 2-інде Әзірбайжан Республикасында алғашқы авиация тобы құрылып, азаматтық авиацияның қалыптасуына негіз болды.
Италия Республикасының жарияланған күні. 1946 жылғы маусымның 2-де өткен сайлауда республика болып жарияланды. 2000 жылдың 20 қарашасында Италияның Президенті Ұлттық мерекелер туралы заңға қол қойды, сол заңға сәйкес бұл мереке мемлекеттік болып есептеледі.
Қазақстан Республикасымен және Италия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 12-де орнатылған.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2000) Астанада композитор Иманжүсіп Құтпанұлын (1863-1929) еске алу кеші өтті.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке Ресей халықтар достығы университетінің Құрметті докторы атағы беріледі. Дипломнан басқа Кәрім Мәсімовке құрметті доктордың мантиясы, бас киімі және естелік медалі табысталды.
3 жыл бұрын (2007) Павлодарда «Ақ отау» Неке қию сарайы ашылды.
Сарай ғимараты қала орталығындағы Ертістің жағасында киіз үйге ұқсастырылып салынған. Жас отау иелерін тіркеу кең, әдемі безендірілген залда өтеді.
1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы құрлықаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшыру қондырғыларын, апатты жағдайлардың салдарын жоюға және ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты Келісімге Түзетулерді бекіту туралы» Заңға қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Алматы облысының Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласында ауылшаруашылығы саласына арналған «Арлан» атты қазақстандық трактор құрастыратын зауыттың салтанатты ашылу рәсімі болды.
Зауыттың ашылу рәсіміне Ауыл шаруашылық министрлігінің, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ның, Алматы облысы әкімдігінің, Қытайдың «YTO Group» компаниясының өкілдері қатысты.
Мұнда құрастырылатын 20-дан 180-ге дейін ат күші бар «Арлан» атты шағын көлемді тракторлар Қазақстан нарығында теңдесі жоқ, ал құны бойынша шағын және орта фермерлік қожалықтарына қолжетімді.
ЕСІМДЕР
45 жыл бұрын (1965) «Аstаnа Grouр» компаниясының президенті, «Алматы сауда-қаржы» банкі директорлар кеңесінің мүшесі СМАҒҰЛОВ Нұрлан Еркебұланұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы «Нұрбұлақ» шағын кәсіпкерліктің директоры. 1992-1993 жылдары - «Саят-Брок» ЖШС-ның, «Мәдина» шағын өндірісінің коммерциялық директоры. 1993-1996 жылдары - «Астана-моторс» компаниясының президенті, «Астана-холдинг» вице-президенті. 1996-1997 жылдары - «Мемлекеттік азық-түлік келісімшарт корпорациясы» республикалық мемлекеттік өндірістің президенті. 1997-2004 жылдары - «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ЖАҚ-тың президенті. 2004-2006 жылдары «Астана Моторс» Қазақ мотор компаниясының президентi қызметтерін атқарған. Аталған қызметінде - 2006 жылдан.
40 жыл бұрын (1970) Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары ӘЛИЕВ Болатбек Нажметдинұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Алматы есеп-несие техникумын, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген.
Созақ аудандық білім бөлімі орталықтандырылған бухгалтериясының аға есепшісі, Созақ аудандық қаржы бөлімінің бас экономисі, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қаржы бақылау комитеті Созақ бөлімшесінің бақылаушы-ревизоры болған. 1993-2000 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасында, Қазақстан Республикасы мемлекеттік тергеу комитеті органдарында, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Қазақстан Республикасы Кеден органдарында қызмет атқарған. 2003-2009 жылдары - «Агросервис», «Dala-Trans» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы. Аталған қызметінде - 2009 жылдың маусым айынан.
МАУСЫМНЫҢ 3-І, БЕЙСЕНБІ
Черногория тәуелсіздігін жариялаған күн. 2006 жылғы маусымның 3-де Черногорияның Парламенті Югославия Одақтас Республикасының құрамынан, Сербия одағынан шығатынын және Черногорияның тәуелсіздігін жариялады. Бұл хабарлама 2006 жылдың 21-ші мамырында өткен референдумның нәтижесіне негізделген, онда сайлаушылардың 55,5% Черногорияның тәуелсіздігін қалады.
ОҚИҒАЛАР
85 жыл бұрын (1925) қырғыз елімен арадағы шекараны межелеуге байланысты Шу болысы «уезд құқығындағы аудан» (орталығы - Георгиевка селосы) мәртебесін алды.
15 жыл бұрын (1995) ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың (1845-1904) 150-жылдығына арналған мәдени күндер басталды.
1 жыл бұрын (2009) Астанада белгілі қазақстандық мұнайшы, Қазақстан Республикасы өнеркәсібіне еңбек сіңірген қызметкер Балтабек Қуандықовтың «Каспий қайраңының кілттері» («Ключи каспийского шельфа») атты кітабының тұсаукесері өтті.
Кітапқа деректі мәліметтер, бейнефильмдер, басылымдарда жарық көрген мақалалар мен Каспий теңізін игеру ісіне тікелей қатысқан адамдардың алғашқы еңбектері енгізілген.
1 жыл бұрын (2009) Ашхабадта «Нұрбанк» АҚ және Инвестициялар мен экспорттық несиелерді сақтандыратын Ислам корпорациясы (ICIEC) арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.
«Нұрбанк» АҚ қазақстандық банктердің ішінде өз пайдаланушыларына ICIEC қатысушы-елдермен инвестициялық келісім-шартты сақтандыруға және АҚШ-тың 150 млн. долларына дейінгі сомада экспорттық несие беру қызметтерін ұсынды.
Келісімге қол қою шарасы Ислам даму банкінің басқарушы топтарының 34-ші жыл сайынғы кеңестің мәжілісі шеңбері аясында өтті.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1985) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері БАРАНОВ Константин Яковлевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Ресей Федерациясында туған. Иркутск қаласындағы И.Копылов шеберханасында оқыған.
1948-1956 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының бас суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы қызметтерін атқарған.
Станоктік және кітап графикасында линогравюра, литография техникасымен, акварель және гуашь қолдана отырып жұмыс істеген. Жоғары техникалық шеберлікті талап ететін айқындығымен, әдемілігімен, суреткерлік тілінің үнемділігімен, метафоралығымен ерекшеленетін линогравюра саласында табысты еңбек еткен. Қазақстан графикасының дамуына айтарлықтай үлес қосты.
«Қарағанды», «Алматының алмасы», «Балқаш пен Арал балықшылары» сияқты линогравюралық, «Жамбылдың портреті», «Абайдың портреті», «Болат балқытушылар» атты еңбектердің авторы. «Қазақтың халық ертегілері», «Қазақ эпосы» «Қазақ және ұйғыр ертегілері» атты кітаптарды безендірген.
1-, 2-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1950) заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің мүшесі НҰРМАҒАМБЕТОВ Аманжол Мағзұмұлы дүниеге келді.
Ақмола облысы Көкшетау қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.
Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты және Министрлер Кабинеті секторының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының хатшысы, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. 1998 жылдан - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің азаматтық және еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, заң факультетінің деканы, Қазақстан Республикасы Әділет біліктілік алқасының хатшысы, Құқықтық реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссияның, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның мүшесі. 1999-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты төрағасы хатшылығының меңгерушісі. 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Хатшы хатшылығының бас инспекторы. Қазіргі қызметінде - 2005 жылдың сәуірінен.
«Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарын сайлау. Сауалдар және жауаптар», «Еңбек шарты» кітаптарының авторы. Еңбек және құқық мәселелеріне арналған 50-ден астам еңбегі бар. 6 заң ғылымдарының кандидаттарын дайындаған.
МАУСЫМНЫҢ 4-І, ЖҰМА
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылғы маусымның 4-де тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді - бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі.
Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады.
Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз Мемлекет бейнесін паш етті. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі болып табылады. 1992 жылы республикамыз әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Тұңғыш Қазақстан әнұран әнінің авторлары - Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды.
Бақытты тағдыры өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысынан басталған халық арасында кең танымал патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік әнұранның авторлары - Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекеттік рәміздер күні - Қазақстандағы мүлде жаңа мейрам, әйтсе де оны қазақстандықтар асқан патриоттық сезіммен мерекелейді.
Халықаралық жазықсыз агрессия құрбаны болған балалар күні. БҰҰ Халықаралық жазықсыз агрессия құрбаны болған балалар күнін қоғамдастықтың соғыстар барысында тек солдаттар ғана емес, соғыс қимылдары аймағында балалар да қаза болатынын ұмытпау үшін бекітті. Әлемді шарпып өткен бұған дейін кездеспеген жантүршігерлік лаңкестік шабуылдар көптеген жазықсыз балалардың да өмірін қыршынынан қиды, бүкіл адамзат үшін халықаралық терроризмнен тарайтын қауіптің жаңа өлшемдерін айқындап берді.
1982 жылғы тамыздың 19-да палестина мәселесі бойынша өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының төтенше арнайы сессиясының шешімімен, 1982 жылғы маусымның 4-дегі Израиль Қарулы Күштерінің Бейруттағы тұрғын үй аудандарын бомбалауының бір жылдығына орай, 1983 жылдан бастап атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Астанада Шешенстан Республикасының Президенті Рамзан Қадыров Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Шешенстанның алғашқы президенті Ахмет Қадыровтың орденін ұсынды.
Қазақстан басшысына бұл орден екі ел арасындағы байланыстарды дамытуға қосқан үлесі және депортация жылдарында қазақ елінің шешен халқына көрсеткен қолдауы үшін ұсынылды.
3 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Маңғыстау облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгеріс туралы» Жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес Маңғыстау облысының құрамында әкімшілік орталығы Маңғыстау ауылында болатын әкімшілік-аумақтық бірлік - Мұнайлы ауданы құрылды.
3 жыл бұрын (2007) Алматы-Атырау бағытында жаңа вагондардан жасақталған «Ақжайық» фирмалық жедел жолаушылар пойызы іске қосылды.
Жаңа пойыз Қытайдан алынған 19 вагоннан тұрады. Алматы-Атырау бағытының қашықтығын 4 сағатқа, Алматы-Ақтөбе бағытын 3 сағатқа қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа пойыз жолаушылар үшін аса ыңғайлы.
1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құжаттамалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Аталған Заң мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттаудың бірыңғай талаптарын белгілеуге, құжаттармен жұмысты ұйымдастыруды жақсартуға және құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Мәдени бағдарламалар орталығында педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Закирияновтың «Шыңғысханның түркілік ғұмырнамасы» атты кітабының тұсаукесері өтті.
«Шыңғысханның түркілік ғұмырнамасы» кітабында Шыңғысхан мемлекетінің құрылуы, Шыңғысхан әулетінің генетикалық мұрасының мәселелері талданады, Түркі қағанаты кезеңіндегі моңғолдар тарихының мәселелері қарастырылады. Шыңғысхан мемлекеті мен Қазақстан тарихы арасындағы өзара байланыс сараланып дәлелденеді. Ру таңбаларының шығу тарихы ғылыми тұрғыдан түсіндіріледі.
Сонымен қатар осы кітап беттерінде ғалым Қайрат Закириянов қазақ халқының тұрғылықты мекені, басқа халықтармен және өркениеттермен байланысы, халық болып қалыптасу жолындағы жеңістері мен жеңілістері мәселелерін қарастырады. Автор қазақ ұлтының қазіргі Қазақстан территориясында қалыптасу мәселелерін саралайды. Кітап осы еңбекте Шыңғысхан мемлекеті мен Қазақстан тарихының жаңа белгісіз беттерінің ашылуымен ерекшеленеді.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1935-2009) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Мұқағали Мақатаев атындағы Республикалық қордың және сыйлықтың иегері ІБІТАНОВ Еркін Жұмаділұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Райымбек ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Нарынқол аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық «Хантәңірі» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.
«Қойшылар», «Арман-әлем», «Хантәңірі, қайдасың?», «Қасіретті де қасиетті ғасырым» атты өлеңдері мен дастандар жинақтарының авторы. Бірқатар өлеңдері орыс тіліне аударылып, «Бүгінгі күн» жинағына енгізілген.
35 жыл бұрын (1975) спортшы, кикбокстен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ҚАЙЫПЖАНОВ Елмұрат Мұқашұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған.
Азияның, Еуропаның 2 дүркін чемпионы. 1997 жылғы Әлем Кубогының жеңімпазы, 1997 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған.
МАУСЫМНЫҢ 5-І, СЕНБІ
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған ортаны қорғау мәселесі бойынша Стокгольм конференциясы басталғандықтан осы күн таңдалды (1972 жыл), осыдан кейін БҰҰ қоршаған орта бойынша - ЮНЕП бағдарламасы құрылды.
Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні - экологиялық күнтізбедегі маңызды оқиғалардың бірі. 5 маусым күні әлемнің жүзден астам елінде аталып өтіледі. Осы оқиғаны атап өту ЮНЕП-тің қоршаған орта бойынша БҰҰ бағдарламасына тапсырылған. Жыл сайын сайланатын ел осындай маңызды шараны өткізу үшін басты және жауапты болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассемблеясының 1972 жылғы (27) қарарында маусымның 5-і Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні деп жариялаған.
Әзірбайжан мелиораторы күні. Әзірбайжан Республикасы Президентінің 2007 жылғы мамырдың 24-дегі Жарлығына сәйкес жыл сайын атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
30 жыл бұрын (1980) Ақтөбе қаласында Әлия Молдағұловаға мұражай ашылды. Мұражайға қойылған іс-қағаздар, газеттер, фотосуреттер мен өнер туындылары қазақ халқының даңқты қызы, Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың (1924-1944) өмірін суреттейді.
10 жыл бұрын (2000) Алматыда жазушы Тахауи Ахтанов (1923-1994) тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
3 жыл бұрын (2007) «Ертіс жағалауы» өлкетану қоғамының мүшелері Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында тас дәуіріндегі адамдардың бірнеше қоныс орындарын тапты.
Археологтар бұл табылған заттарды энеолит кезеніне жатқызып отыр. Бұл жерде табылған жебелер, қырғыштар, жоңқалардың ұштары ғалымдардың жорамалдарын растайды. Ғалымдар оларды жақсы ұста болғандарын атап өтті. Мысалы, тас жоңқаларымен немесе қырғыштармен малдарды мүшелеген.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтында «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» жаңа оқулығы мен хрестоматиясының тұсау кесер рәсімі өтті. «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» хрестоматиясы қазақ және орыс тілінде дайындалған.
«Тәуелсіз Қазақстан тарихы» хрестоматиясы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне арналған.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955) ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік және Еуропалық урологтар қауымдастығының мүшесі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас урологы АЛШЫНБАЕВ Мырзакәрім Кәрімұлы дүниеге келді.
Өзбекстан Республикасында туған. Алматы мемлекеттік медициналық институтын (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) бітірген.
Алматы облыстық ауруханасының, 4-Бас басқарма орталық ауруханасының дәрігер-урологы қызметтерін атқарған. 1986-1996 жылдары - Алматы қаласындағы клиникалардың аға ғылыми қызметкері, бас дәрігердің орынбасары, 1-қалалық аурухананың бас дәрігері. 1996 жылдан - О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының директоры.
Негізгі ғылыми жұмыстары урологиялық ауруларды емдеу мәселелеріне арналған. Жедел пиелонефрит ауруының емдеу әдісін жетілдірді. Оның басшылығымен қуық түбі безінің қатерлі ісігінің алдын алу және оны ерте анықтау бағдарламасы жасалған. 400-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 16 монографияның, 2 оқу-әдістемелік құралының, 1 оқулық пен 61 өнертабыстың авторы. Ғалымның жетекшілігімен 14 докторлық және 17 кандидаттық диссертация қорғалды.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
30 жыл бұрын (1980) дзюдодан спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы ҚАЛИЕВА Шолпан Сейдоллақызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
1998-2003 жылдары Қазақстан Республикасы біріншіліктерінің чемпионы болған. 1998 жылы Тблиси мен Бішкек қалаларында өткен Халықаралық турнирлердің қола жүлдесіне ие болып, 2002 жылы Оңтүстік Кореядағы Пусан қаласындағы Азия ойындарының қола жүлдегері атанған. 2004 жылы Афинадағы және 2008 жылы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарына қатысқан.
Жаттықтырушысы - Әбілқайыр Байбосынов.
Қазіргі кезде - Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшесі.
МАУСЫМНЫҢ 6-Ы, ЖЕКСЕНБІ
Швецияның ұлттық күні (Швед байрағының күні). Ұлттық мереке ресми түрде 1983 жылдан бастап атап өтіледі. Мереке екi тарихи атаулы күнмен байланысты: 1523 жылғы маусымның 6-да Густав Эриксон Швецияның королі болып Густав І Ваза атымен сайланды, ол 1521 жылы антидат халық көтерілісін басқарған; 1809 жылғы маусымның 6-да жаңа Конституция қабылданды, ол 1975 жылғы қаңтардың 1-не дейін қолданылды.
1916 жылдан бастап маусымның 6-ы Швед байрағының күні ретінде де атап өтіледі. Швед байрағының дәл жас шамасы белгiсiз, бiрақ сары крестi бар көк матаның суреттерi XVI ғасырда кездеседі.
Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 7-де орнатылды.
Ресей мелиораторы күні. Мелиоратор күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1976 жылғы мамырдың 24-де бекітілген. Ресейде 2000 жылы Президент Жарлығымен енгізілген. Жыл сайын маусымның бірінші жексенбісінде атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
65 жыл бұрын (1945) Қарағандыда әлемде тұңғыш көмір комбайны сынақтан өтті.
10 жыл бұрын (2000) Алматыдағы Қымбат Нұралиева жетекшілігімен «Ер Төстік» ер балалар хоры Австрияның Линц қаласында өткен халықаралық «Хор олимпиадасы - 2000» байқауына қатысып, қола жүлдеге ие болды.
3 жыл бұрын (2007) Екібастұз орталық қалалық кітапханасының қызметкерлері қазақ және орыс тілдерінде «Екібастұз қаласының құрметті азаматы» - «Почетный гражданин города Экибастуза» атты кітабын шығарды.
Бұл қаланың құрылысына, кен өндірісіне, электрстансаларына еңбек сіңірген тұрғындары туралы әңгіме.
«Құрметті азамат» атағы кәсіпорын ұйымдастырушыларына, дәрігерлер, ұстаздар, кен өндірушілерге берілген.
1 жыл бұрын (2009) маусымның 6-9 аралығында Ашхабадта Қазақстан Республикасының Мәдени күндері өтті.
Салтанатты ашылу рәсіміне Түрікменстанның Ұлттық мәдениет орталығында сол елдің мәдениет қайраткерлері, дипломатиялық корпустың, бұқаралық ақпарат құралдардың өкілдері қатысты.
Түрiкменстанның концерттiк және театр залдарында өткен шаралардың бағдарламасына Қазақстанның өнер майталмандарының концертi, «Қазақстан - Еуразия жүрегінде» фотокөрмелерi, соңғы жылдары түсірілген көркем киноленталары көрсетілді.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1982) геоботаник-ғалым, биология ғылымдарының докторы МИХАЙЛОВА Валентина Павловна дүниеге келді.
Ресей Федерациясында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
1935-1945 жылдары - КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалы ботаника секторының кіші ғылыми қызметкері, Топырақтану және ботаника институтының ғылыми хатшысы. 1945-1982 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясы Ботаника институтының ғылыми хатшысы, жоғары сатыдағы өсімдіктер флорасы бөлімінің меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, өсімдіктер қоры бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері өсімдік қоры мәселелеріне арналған. Михайлова Қазақстанда өсетін илік өсімдіктердің биологиясы мен таралуын зерттеп, олардың қорын тиімділікпен пайдалану тәсілдерін ұсынды.
«Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
50 жыл бұрын (1960) Маңғыстау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы БАБАХАНОВ Жалғас Бисалыұлы дүниеге келді.
Түркіменстан Республикасында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы нарық институтын, Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген.
«Шевченкооблгаз» өндіріс бірлестігіне газ учаскесінің шебері, аға инженері қызметін атқарған. 1985-1996 жылдары - «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігінің жөндеу-құрылыс басқармасының учаске шебері, аға инженері, өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы, басқарманың бас инженері, басқарма бастығы, «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің кен орындарды орнықтыру жөніндегі өндірістік бөлімінің бастығы. 1996-2009 жылдары - Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары - мемлекеттік кәсіпорын коммуналдық шаруашылығының директоры, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әкімі. Аталған қызметінде - 2009 жылдың 22 желтоқсанынан.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.