ҚазАқпарат-Анонс: маусымның 22-сі мен 28-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: маусымның 22-сі мен 28-і аралығындағы   оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

Маусымның 15-і мен 23-і аралығында Ішкі істер министрлігінің сайтында (www.iim.kz және www.mvd.kz) нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес, есірткі қылмыстары үшін жауапкершілікті күшейту мәселелеріне арналған интернет-конференция өтеді. Жұртшылықтың сауалдарынан Ішкі істер вице-министрі Қалмұханбет Нұрмұханұлы Қасымов жауап береді. Сауалдар ведомство сайтының «Конференция» айдарында маусымның 15-і мен 23-і аралығында қабылданады, ал вице-министрдің жауаптары маусымның 26-сы күні шығады.

 Маусымның 22-сінде сағат 12-00-де ҚР Ішкі істер министрлігініңапта сайынғы брифингі өтеді.

 Маусымның 22-сінде сағат 14-00-де «Radisson SAS» қонақүйінде сауда-экономикалық қатынастар ынтымақтастығы бойынша Қазақстан-Германия үкіметаралық жұмыс тобының 7-ші отырысы өтеді, қазақстандық бөліктің тең төрағасы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов болып табылады.

Отырыста энергетика, қаржы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру мәселелері талқыланады.

 Маусымның 22-сінде сағат 15-30-да ҚР ІІМапта сайынғы брифингі өтеді.

 ПАРЛАМЕНТ

  Маусымның 22-сінде сағат 10.00-де ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысы өтеді.

  Маусымның 22-сінде сағат 11-00-де «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысы өтеді.

  Маусымның 22-сінде сағат 15-00-де ҚР Парламентінің Мәжілісінде «Мемлекеттік статистика туралы (жаңа редакциясы)» заң жобасының таныстырылымы өтеді. ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің төрайымыАнар Мешімбаева баяндама жасайды.

 ҚОҒАМ

  Маусымның 22-сінде сағат 15. 30-да «Нұр Отан» ХДП мүшелігіне салтанатты қабылдау өтеді.

 СПОРТ

 Маусымның 16-22-сі күндері Румынияның Бухарест қаласында ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтеді. Онда қазақстандықтар 4 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынамақ. Бұл дүбірлі додада ел намысын қорғайтын 7 атлеттің төртеуі - қызылордалықтар. Олар - 85 килә салмақтағы Мирас Қожахметов, 94 киләдағы Роман Русяновский мен Альберт Хакимурин және 105 киләдағы Айбол Алдабергенов. Бапкерлер бұл сайыста өзге өңірлерден тек 77 киләдағы қарағандылық Роман Кулик пен Александр Дзюбаны және 85 киләдағы алматылық Тахир Халматовты қосып отыр.

 Маусымның 20-сы мен 30-ы аралығында Ыстықкөлдің жағасында Шолпанатада өтетін  халықаралық шахмат фестиваліне Астана, Алматы, Қарағанды және республиканың басқа да қалаларынан қазақстандық шахматшылардың үлкен тобы қатыспақ.

 Маусымның 17-24-і күндері Дубайда волейболдан ерлер арасында клубтық Азия чемпионаты өтеді. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бұл дүбірлі додаға биыл 14 команда қатыспақ. Онда ел намысын XVII Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Алматының «Алматы» клубы қорғамақ.

 ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

  Маусымның 10-ы мен 26-сы аралығында «In search of Kazakhstan» бағдарламасы аясында Нидерландыдан келген волонтерлер тобы Алматыда болады. Нидерландылық волонтерлер «Code-X International» халықаралық бағдарламаны ұсынады.

Ұйымдастырушылар: «Komanda SOS» волонтерлер үйлестіруші оталығы және «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы.

 АСТАНА

  Маусымның  22-сінде сағат 10.00-де  Тұңғыш Президент мұражайының ұйымдастыруымен «Отбасында, мектепте және басқа әлеуметтік институттарда» деп аталатын ғылыми-практикалық семинар өтеді.

 АЛМАТЫ

  Маусымның 22-сінде «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бастамасы және халықаралық тәжірибе» халықаралық конференция «Алатау» санаторийінде өтеді.

  Маусымның 22-сінде ҚР Тұңғыш Президенті қорының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жастармен кездесуі өтеді.

 Маусымның 22-сінде сағат 11.00-де «Даму» республикалық кәсіпкерлер қорының ұйымдастыруымен «Мемлекеттің, бизнестің және қоғамның өзара іс-қимылы» жобасының таныстырылымы болады.

--------------------------------------------------------------------------------------------------

АТАУЛЫ КҮНДЕР.  ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР.

МАУСЫМНЫҢ 22-сі, ДҮЙСЕНБІ

Маусымның 22-сінде Петерборда еске алу және аза тұту акциясы өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

14 жыл бұрын (1995) Бейжің қаласында Абай күндері басталды.

12 жыл бұрын (1997) «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

8 жылбұрын (2001) Қазақстанда 184,5 шақырымдық Ақсу-Дегелең темір жолы іске қосылды.

3 жыл бұрын (2006) Қазақстан инвестициялық қорының «Investfunds.kz» деп аталатын жаңа сайты іске қосылды.

ЕСІМДЕР

125 жыл бұрын (1884-1976) қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның  еңбек сіңірген өнер қайраткері ӘЗІРБАЕВ Кенен дүниеге келді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. К.Әзірбаев - қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Әкесі Әзірбай, шешесі Ұлдар да әнші, домбырашы еді. Ән-жырды әуелі ата-анасынан үйренген Кенен 11 жасынан домбыраға қосылып, өз жанынан өлең, ән шығара бастады. «Бозторғай», «Көкшолақ», «Бұлбұл», «Он алтыншы жыл», «Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлады. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып,  айтысқа түсті, ән сайысына араласты. Мемлекет қайраткерлері О.Жандосов, Ж.Бәрібаев, Т.Бокин, тағы басқалармен таныс-біліс болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени-үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеңісін жырлады. «Біз жеңеміз», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Төрт батыр» сияқты көптеген өлең, жырлар шығарды. 50-70 жылдары бейбіт өмірді, республика табыстарын, замандастарын бейнелейтін өлең, терме, толғау дастандары туды. 150-дей  ән толғап, оның өлеңін жазды.

Оның әншілік, композиторлық болашағына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды.  Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алды. Ақын-композитордың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар», тағы басқа әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналды. К.Әзірбаев сондай-ақ Қарағанды кеншілерінің, Балқаш мыс қорытушыларының, Шымкент қорғасыншыларының, Каспий балықшыларының, Түрксіб  темір жол құрылысшыларының арасында болып, сол алып құрылыстардың жетістіктерін шабытпен жырлады.

Композитордың ән шығармашылығының негізгі тақырыбы - ел өмірі. Ол ел өміріндегі маңызды оқиғалар мен тарихи кезеңдерге әрқашан құлақ түріп, оған өз үлесін қосып отырды. Әзірбаевтің композиторлығы жайында Қазақстан өнер зерттеушілері  А.Жұбанов, Б.Ерзакович еңбектер жазды. 

Әзірбаев айтыс жанрына  ерте араласып, Шалипа, Ләтипа, Кенеқожа, Әбдіғали, Бопипа, Есдәулет ақындармен сөз жарысына түсті. Ол қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы, осы өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізуші тәлімгер-ұстаз да  бола білді. Оның «Шөпке барғанда», «Құдалар», «Әли батыр», «Қырғызбай», «Кенебай-Кербез», «Бұрынғы өткен батырлар», «Жалғыз қаз», «Жамбыл - жыр» атты толғау, дастандары бар. Бұл шығармалары - ақынның эпикалық дәстүрге құрылған көркем дүниелері. К.Әзірбаев халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын есінде мол сақтаған, оның айтуынан жазып алынған фольклорлық мұралар Қазақстан Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар орталығында сақтаулы.

Ол - жыр алыбы Жамбылмен жарты ғасырдай бірге жүріп, жаңа дәуірді асқақтата жырлаған замана жырауы. Бұған екі жүзден астам өлең, арнау, толғаулары айғақ. Бұл туындылары әлденеше рет жинақ болып жарияланды.

1984 жылы ақынның 100 жылдық мерекесі өткізілді. Таңдамалы шығармаларының 2 томдығы және «Шырқа, дауысым», орыс тілінде «Песни гор и степей» кітаптары жарық көрді. Деректі кино-телефильмдер түсірілді.

Кенен Әзірбаевтің есімі Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қасық орта мектебіне, Алматы қаласындағы бір көшеге, Жамбыл қаласындағы кинотеатрға берілген. Алматы консерваториясының және Шымкент мәдениет институтының үздік студенттері үшін Әзірбаев атындағы стипендия берілген. Жамбыл облысында ақын ұзақ жылдар бойы тұрған мекен Кенен ауылы атанады. Онда К.Әзірбаевтің мұражай үйі жұмыс істейді.

«Еңбек Қызыл Ту», 2-і мәрте «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.