ҚазАқпарат-Анонс: маусымның 29-ы мен шілденің 5-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ПРЕЗИДЕНТ
Маусымның 29-ында ҚР Президенті Н.Назарбаев бірқатар нысандарды аралайды.
ПАРЛАМЕНТ
Маусымның 29-ында ҚР Парламентінің Мәжілісінде Үкімет сағаты өтеді.
ҮКІМЕТ
Маусымның 29-ында ҚР Ішкі істер министрлігінің апта сайынғы брифингі өтеді.
Маусымның 29-ында ҚР Индустрия және сауда министрлігінде серпінді индустриялық даму үйлестіру кеңесінің отырысы өтеді.
ҚОҒАМ
Маусымның 29-ында Астаналық бизнес орталығы BNews.kz порталының студиясында Қазнеттегі әлеуметтік желілерді құруға және дамытуға арналған отырыс өтеді.
Маусымның 29-ында «Нұр Отан» ХДП-сында «Жастарды кадрлық резерві» жобасының республикалық іріктеу деңгейінің қорытындысын жариялау брифингі өтеді.
СПОРТ
Маусымның 20-сы мен 30-ы аралығында Ыстықкөлдің жағасында Шолпанатада өтетін халықаралық шахмат фестиваліне Астана, Алматы, Қарағанды және республиканың басқа да қалаларынан қазақстандық шахматшылардың үлкен тобы қатыспақ.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Маусымның 29-ында Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының VII отырысы өтеді.
Маусымның 29-ында Израиль мемлекетінің президенті Шимон Перес Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.
Маусымның маусымның 29-ы мен 30-ы аралығында ЕҚЫҰ әріптес-елдердің Жерорта теңізі топтары аясында төзімділік және гуманитарлық өлшемдер бойынша семинар өтеді.
АСТАНА
Маусымның 29-ында Тәуелсіздік сарайында құрылысшылар форумы өтеді.
--------------------------------------------------------------------------------------------------
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР.
МАУСЫМНЫҢ 29-ы, ДҮЙСЕНБІ
Славян бірлігі және достығы күні (Ресей, Украина және Беларустың шекара аймағында атап өтіледі).
Сейшель аралдары Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1976). Сейшель аралдары мемлекеті Мадагаскар аралының солтүстік-шығысында, Үнді мұхитындағы 115 аралда орналасқан. Әкімшілік-аумақтық жағынан 23 округке бөлінеді. Астанасы - Виктория қаласы. Ресми тілі - креоль, ағылшын және француз тілдері. Ұлттық ақша бірлігі - сейшель рупийі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
77 жыл бұрын (1932) КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының алқасы «Балқаш маңы мыс қорыту комбинатының құрылысы туралы» қаулы қабылдады.
45 жыл бұрын (1964) Мақат-Ақтау темір жолының құрылысы аяқталды.
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Люксембург Ұлы герцогтығының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
11 жыл бұрын (1998) Тараз мемлекеттік университетінде XVI ғасырда өмір сүрген белгілі тарихшы, әдебиетші, философ, «Тарихи Рашидидің» авторы М.Х.Дулатиге мүсінтас қойылды.
8 жыл бұрын (2001) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймақ құру туралы» Жарлыққа қол қойды.
45 жыл бұрын (1964) теледидарды алыстан басқару пульті жасалды.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1919-1944) Кеңес Одағының Батыры НҰРЖАНОВ Қазбек Бисенұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Ол 1942 жылдың сәуірінен 5-ші атқыштар дивизиясына қарасты 61-ші жойғыштар дивизионының құрамында брон бұзғыштар бөлімшесінің, кейін барлаушылар взводының командирі болып ұрысқа қатысты. Волга, Орел, Зуш, Десна, Сож, Днепр, Березина өзендерінен өту кездерінде асқан ерлік көрсетті. Волковск қаласын алу кезіндегі шайқаста асқан ерлік көрсетіп қаза тапты. Қазір Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында Қ.Нұржанов атындағы орта мектеп бар. 2008 жылы Минск қаласында Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш орнатылған.
«Ленин», «Қызыл Жұлдыз», 3-ші дәрежелі «Даңқ» орденімен, медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1939-1987) биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Лениндік сыйлықтың лауреаты АЙТХОЖИН Мұрат Әбенұлы дүниеге келді.
Петропавл қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1978-1983 жылдары - Ботаника институтының директоры. 1983-1987 жылдары - Молекулалық биология және биохимия институтының директоры. 1986-1987 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қызметін атқарған.
М.Айтқожин клеткалық макромолекулалардың синтезі саласында аса құнды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Эукариоттық клеткаларда кездесетін клеткалық бөлшектердің жаңа класын, ақпараттық рибонуклеин қышқылдарының рибонуклеопротеидтік түрін - информосоманы ашқан. Айтхожин бидай дәнінің эмбриогенезі, пісіп-жетілуі, тұқымнан өнуі кезінде оның клеткаларында жүретін құбылыстарды: ақпараттық рибонуклеин қышқылдарының биогенезін, түзілуін, сақталуын және оның құрылымдық ерекшеліктерін зерттеді. Өсімдік рибосомаларының физикалық-химиялық қасиеттерін анықтап, олардың жануар рибосомаларына ұқсас екенін байқады. Жануар мен өсімдік клеткаларының суббөлшектерінен тұратын әрекеті күшті будан рибосомалар алуға, оларды зерттеуге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Бұл зерттеулердің эволюциялық теорияны дамытуда үлкен маңызы болды. Биохимиялық тәжірибелерді автоматтандыру саласында белсенді басшылық жасады. 1983 жылы Қазақстан Ғылым академиясы жанынан Молекулалық биология және биохимия институтын ашқан. Осы институт құрамында клеткалық және генетикалық инженерия, трансгеноз зертханаларын, Биотехнология орталығын ұйымдастырған.
М.Айтқожин есімі молекулалық биология және биохимия институтына, Петропавл қаласындағы орта мектепке берілген. Алматыда ғалым тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған. Оның есімі Қазақстанның құрмет кітабына енгізілген.
«Халықтар достығы» орденімен, Халықаралық бейбітшілік қорының Алтын медалімен марапатталған.