ҚазАқпарат-Анонс: наурыздың 4-і мен 8-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ПАРЛАМЕНТ
Наурыздың 4-і күні Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтеді.
Наурыздың 4-і күні Мәжіліс спикері О.Мұхамеджанов елімізге сапармен келген Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі Пааво Вяюрюненмен кездеседі.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қоры делегациясының Қытайға сапарының аясында наурыздың 1-і мен 8-і аралығында Қазақстан-қытай сараптау кеңесінің екінші отырысы болады. Сарапшылар кеңесінің отырысында екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелері талқыланбақ.
Наурыздың 3-і мен 5-і аралығында Финляндия Республикасының Сыртқы сауда және даму министрі Пааво Вяюрюнен Қазақстанда ресми сапармен болады. Министр П. Вяюрюнен бастаған делегация құрамында 60-қа тарта жетекші іскер топ өкілдері де бар. Суоми елінің кәсіпкерлері мен Үкіметінің өкілдері қазақ-фин бизнес форумына қатысады.
Наурыздың 3-і мен 6-сы аралығында ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ресми сапармен Швейцария Конфедерациясына барады. Швейцария астанасы Берн қаласында Қазақстанның Сыртқы істер министрі сол елдің басшылығымен бірқатар келіссөздер өткізеді. Сонымен қатар Қ.Саудабаев Женевада ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде «ЕҚЫҰ - Еуропа кеңесі» форматындағы кездесуге қатысып, Еуропалық кеңестің Бас хатшысы Торбьерн Ягландпен кездеседі, БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңесінің 13-ші сессиясына және Қарусыздану жөніндегі конференцияның жалпы сессиясына қатысады. БҰҰ-ның еуропалық бөлімше басшыларымен бірқатар кездесулер өткізеді.
Наурыздың 5-інде Мәскеуде ТМД Экономикалық кеңесінің 45-ші отырысы және Достастыққа мүше мемлекеттердің «Ресейдің ТМД-ға төрағалығы жылындағы жаңа бастамалар» атты халықаралық экономикалық форумы өтеді. Бұл жиындардың жұмысына құрамында Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің, сондай-ақ басқа да мемлекеттік ведомстволардың басшылары бар қазақстандық делегация қатысады.
СПОРТ
Қазақстанның ұлттық құрамасындағы велошабандоздары наурыз айының 1-7-сі аралығында Малайзияда өтетін «Лангкави туры» көпкүндігіне қатысады.
Алматыда «Шымбұлақ» тау курортында наурыз айының 3-6-сы аралығындажасөспірімдер арасында тау шаңғысынан Азия чемпионаты өтеді. Чемпионатқа тау шаңғы спортының Азия Федерациясы құрамына енетін Азия мемлекеттерінің спортшылары: Қазақстан, Корея, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Үндістан, Пәкістан, Қытай, Жапония, Иран, Тай-пей, Моңғолия, Ливан, Гон-Конг, Непал елдерінің шаңғышылары қатысуда.
Наурыздың 4-інде Астанадағы Теннис кортында Дэвис Кубогының теннис матчына арналған баспасөз мәслихаты болады.
АСТАНА
Наурыздың 4-інде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ғимаратында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған кезекті брифинг өткізіледі.
Наурыздың 4-інде Астана әкімдігінде көпбалалы аналарды «Алтын Алқамен» және «Күміс алқамен» марапаттау рәсімі болады.
Наурыздың 4-інде Тұңғыш Президент мұражайында «Елбасы Жолдауы - жас ұрпақтың көзімен» деген тақырыпта мұражай сабағы болады.
Наурыздың 4-інде «Нұр-Сәулет-2» бизнес- орталығында Корей Мәдени орталығының ашылу рәсімі болады.
Наурыздың 4-і күні Астанада «Қазақстандағы Финляндияның экономика күндері» бизнес-форумын өткізу жоспарланып отыр. |Шараны ҚР Индустрия және сауда министрлігі, Қазақстандағы Финляндия Елшілігі, «KAZNEX» Экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі корпорациясы» АҚ, сондай-ақ «ФинПро» финдік агенттік ұйымдастырып отыр.
Наурыздың 5-сі күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық киім үлгілерін насихаттауға және қазақ қыздарының сұлулығын паш етуге арналған «Қыз Жібек - 2010» арулар байқауы өтеді.
Наурыздың 6-сында К.Байсейтова атындағы Ұлттық опера және балет театрында 8-ші наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылары қатысады деп күтілуде. Концертті «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ ұйымдастырады.
АЛМАТЫ
Алматыда Оқушылар сарайында наурыз айының 1-і мен 4-і аралығында «Асыл мұра» халықтық дәстүрлі ән және жеке аспапта орындаушылардың І-ші қалалық ән-би байқауы өтеді.
Наурыздың 4-і күні Алматыда танымал ресейлік журналист Леонид Парфеновтің «Намедни: наша эра» атты орыс тіліндегі 4 томдық кітабының таныстырылымы өтеді. Шараға автордың өзі келеді деп күтілуде. Ол наурыздың 3 күні «Намедни» мейрамханасында әріптестерімен өтетін жабық кешке қатысады. Сондай-ақ наурыздың 4-і күні БАҚ өкілдерімен кездеспек. Кешкісін «Меломан Гранд» дүкенінде таныстырылым шарасы өтеді.
Наурыздың 4-інде ҚР Президентінің мұрағатында Жолдау жүктеген міндеттерге арналған «Жаңа онжылдық - жаңа тарихи перспективалар» атты «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Наурыздың 4-інде Алматы әкімдігінде газ тарту мәселесі бойынша әкімдік пен «ҚазТрансГаз» компаниясының арасындағы меморандумға қол қою рәсімі болады.
АЙМАҚ
АТЫРАУ ОБЛЫСЫ
Ақпанның 12-сі мен наурыздың 12-сі аралығында Атырау облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиялымен бірлесе отырып, партия филиалының ғимаратында азаматтардың қоғамдық қабылдауын өткізеді.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
Батыс Қазақстан облысында ақпанның 23-і мен наурыздың 23-і аралығында туберкулезбен күрес айлығы өткізілмек.
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ
Наурыздың 1-інен бастап Павлодарда «Студент жастар - жол қозғалысының қауіпсіздігін қолдайды» деген акция басталады.
Наурыздың 4-інде Павлодарда Ресей мен Қазақстан кәсіпкерлері кездеседі. Ертіс жағалауындағы қалаға Пензаның алты кәсіпорнының кәсіпкерлер делгациясы келеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
2010 ЖЫЛДЫҢ НАУРЫЗ АЙЫНДА:
ОҚИҒАЛАР
145 жыл бұрын (1865) XIII-XIV ғасырлардағы «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» екі жастың ұлы және трагедиялық махаббаты туралы лиро-эпостық жыры орыс тілінде жарық көрді. Олар зұлымдық пен қатыгездікке, аяусыз ақиқаттың әлеуметтік бөгеттеріне қарсы тұрып қаза болады, бірақ мәңгілік махабаттың жарық нышаны болып қалады.
95 жыл бұрын (1915) Сұлтанмахмұт Торайғыровтың (1893-1920) «Кім кінәлі» деген дастаны жарық көрді. Онда феодалды-патриархалды отбасының үш ұрпағы мысалында қазақ даласының тарихи өзгертулері көрсетілген. Алғашқы рет қазақ әдебиетінде адам әлеуметтік құбылыс ретінде бейнеленген.
90 жыл бұрын (1920) Ташкенте «Түркістан кедейлері» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Жарық көрген бірнеше санының өзінде Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтарды кеңес өкіметінің алғашқы шараларымен таныстырды, кедейлерді қызыл армия қатарына шақырып, революция жеңістерін қорғап қалуға үндеп отырды.
90 жыл бұрын (1920) Семей уәлаятының мұрағаты құрылды. Бүгінде ол Қазақстан Республикасындағы ірі әрі байырғы мұрағаттардың бірі болып табылатын Семей қазіргі заман тарихын құжаттау орталығы. Мұрағатта 500 мыңнан астам құжаттар Семейдің мәдени тарихы мен қалыптасу кезеңдері туралы сыр шертеді.
50 жыл бұрын (1960) қазақтың ғалымы Шоқан Уәлихановтың өміріне арналған Бердібек Соқпақбаевтың «Дала жұлдызы» деген кітабы жарық көрді.
40 жыл бұрын (1970) Оралхан Бөкеевтың (1943-1993) «Қамшігер» атты туған жер туралы есте қалған ойлар мен жас кезіндегі оқиғаларға арналған алғашқы повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрді.
ЕСІМДЕР
320 жыл бұрын (1690-1740) Ұлы жүз ханы ЖОЛБАРЫС ХАН, Жолбарыс Абдоллаұлы дүниеге келді.
1718 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін қазақ хандарының бір орталыққа бағындырғысы келген мақсаттары жүзеге аспай қалды. Қазақ хандығы ауыр дағдарысқа ұшырап, елдің бірлігі бұзылды, бытыраңқылық етек алып өзара егес шегіне жетті. Тәукенің орнына отырған баласы Болат ханның тек атағы ғана болды. Осы кезде жүздерді билеген кіші хандар өз алдына дербестеніп, қазақ хандығы саяси жақтан бөлшектенді. Орта жүзді Сәмеке хан, Ұлы жүзді Жолбарыс хан, Кіші жүзді Әбілхайыр хан биледі. 1730 жылы Тәуке ханның баласы Үлкен Орда иесі Болат хан қайтыс болып, таққа талас басталды. Болат ханның інісі, Орта Жүздің ханы Сәмеке (Шахмұхамед) тақтан негізгі үміткер болды. Сондай-ақ қалмақты қыруда үлкен ерлік танытқан және аса зор бедел жинаған Кіші жүз ханы Әбілхайыр да тақтан дәмеленді. Алайда аға хан болып Болаттың үшінші ұлы Әбілмәмбет сайланды. Әбілхайыр бұған наразы болып, майдан шебінен әскерін алып кетті. Хандықтың заңды мұрагері болуға лайық Сәмеке де Шу бойымен Бетпақдалаға қарай өз әскерімен шегінді. Бұл реніштердің салдарынан жоңғарларға қарсы майдан шебі әлсірей бастады.
Ұлы жүз ханы Жолбарыс өзі билеген қазақ рулары мен Ташкент тұрғындары атынан Жоңғар хандығына тәуелділігін мойындап, жоңғар әскербасына алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болды. 1733 жылы Ұлы жүз ханының елшілері Аралбай мен Оразкелді Кіші жүздегі Ерәлі сұлтанмен бірге Ресейге барып, патшайым Анна Иоановнаға Ұлы жүздің Төле би, Қодар, Сатай, Хангелді, Бөлек сынды батырларының атынан жазылған хатын тапсырды. 1738 жылы Жолбарыс хан Ресей бодандығын қабылдау ниетін білдіріп, Ресей үкіметіне хат жазды. 1738 жылы қыркүйекте Анна Иоановна Жолбарыс ханның атына арнайы грамота жолдап, оның тілегінің қабылданғанын мәлімдеді. Бірақ жоңғар билеушілерінің қарсылығы және Ресей мен Ұлы жүз хандығы арасында саяси қарым-қатынастардың қалыптаспауы себепті Жолбарыс ханның саясаты жүзеге аспады.
Жолбарыс Абдоллаұлы 1739 жылы Абылай ханмен тізе қоса отырып, жоңғар басқыншыларына қарсы күрес ұйымдастырды. Соның нәтижесінде Ташкент, Сайрам қалалары жоңғар әскерлерінен азат етілді. 1740 жылы сәуірде Жолбарыс хан Ташкент тұрғындарының қолынан қаза тапты.
Орыс тарихшысы А.Левшин өзінің қазақтар туралы тарихи еңбегінде Жолбарыс хан қайтыс болған соң Төле бидің Ташкентті алты жыл бойы үздіксіз билегенін айтады. Жолбарыс ханның барлық іс-әрекеті қазақ мемлекетінің құрылу, даму кезеңдерінде зор маңызға ие болды. Ол тарихқа XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы тәуелсіз билеушілердің бірі ретінде енді.
НАУРЫЗДЫҢ 4-І, БЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Республикалық бюджеттің атқарылуын қадағалау жөніндегі Қазақстан Республикасы Есеп комитеті мен Американдық халықаралық даму жөніндегі агенттік (ЮСАИД) арасында Есеп комитетін нығайту мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
ЮСАИД тексерулердің орындалуы мен жеделдігін, нақтылығы мен сенімділігін арттыруға қолдау көрсету үшін жұмыс әдістерін анықтау және енгізу мәселелері бойынша Есеп комитетіне ынтымақтастық көрсететін болады.
5 жыл бұрын (2005) Лондонда Британ Өнеркәсібі Конфедерациясының қамқорлығымен Ұлыбританияның іскер және ресми топ өкілдері үшін Қазақстанның Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының таныстырылымы болып өтті.
5 жыл бұрын (2005) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Темірбек Қожакеев атындағы аудиторияның ашылу рәсімі өтті.
Темірбек Қожакеев (1926-2003) - белгілі ғалым, сатирик, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақ мемлекеттік университетінде 45 жыл бойы ұстаздық етіп, 6 мың журналист маман даярлаған. Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы қоғамдық негізде жұмыс істейтін сықақшылардың «Найзагер» қауымдастығын басқарған.
1 жыл бұрын (2009) тараздық жазушы, журналист, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосыновтың «Ақындар шоқжұлдызындағы Омар Хайям» атты жаңа кітабы қазақ тілінде жарық көрді.
Жинақ автордың көп жылғы аударған жұмыстарының қорытындысы. Отандық кітап баспасынан қазақ тіліне аударылған мұндай жырлар жинағы алғаш рет басылып шығарылды.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1905-1987) ақын ЭЮПОВ Ғафар (Ғафар Бұлғанақұлы) дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Қырым автономиялық облысының Симферополь ауданында туған. Махачкалада Дағыстан институтын бітірген.
Жиырма жылдан астам Атырау мұнай өңдеу зауытында қызмет істеген.
Шығармаларын қырым татары тілінде жазған. Өлеңдері 1926 жылдан басылған. 1938 жылы «Жас жасампаздар» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрген. «Жылдар мен жырлар», «Адам», «Қайта оралған жастық шақ» атты өлеңдер жинақтарының авторы.
60 жыл бұрын (1950) еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші, греко-рим және еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы МЫЦЫК Александр Алексеевич дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Степняк қаласында туған. Қарағанды дене шынықтыру және спорт техникумын, Қарағанды педагогикалық институтын (Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті) бітірген.
Еңбек жолын Қарағанды қаласындағы спорт шеберлігі мектебінде жаттықтырушылықтан бастаған. Ауғанстан ұлттық командасын жаттықтырған. Қазіргі уақытта Жоғары спорт шеберлігі мектебінің еркін күрестен жаттықтырушысы қызметін атқарады. Сонымен қатар Қарағанды облысының «Орталық спорттық армияшылар клубы» қоғамдық бірлестігін басқарады.
6 рет Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, КСРО біріншілігінің күміс жүлдегері, Куба, Чехия, Болгария елдерінде өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы болған. Ардагерлер арасында еркін күрестен Канадада өткен Әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Болгарияда өткен Әлем біріншілігінің чемпионы атанған.
Ауғанстан Республикасының екі орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.
НАУРЫЗДЫҢ 5-І, ЖҰМА
Әзірбайжанда дене шынықтыру және спорт күні. Әзірбайжан Республикасы Президентінің 2005 жылғы наурыздың 4-дегі Жарлығымен бекітілді. Жыл сайын атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
35 жыл бұрын (1975) Павлодарлық трактор зауытының конвейерiнен «Қазақстандық» («Казахстанец») 100-мыңыншы тракторы шығарылды.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда Орталық Азия қолөнерлерінің жәрмеңкесі өтті. Ұйымдастырушысы - Алматыдағы қолөнерлердiң палатасы. Жәрмеңкеде марғұлан жібектері және керамика ыдыстары, ыстық-көл қөлөнерлерінің киізден жасалған бұйымдары, тәжік шеберлерінің кестелері, түрікмен кілемшілерінің асылдары, қазақстан зергерлерінің әшекейлері және әр түрлі жәдігерлер көрсетілген. Олардың барлығы қолдан жасалған.
1 жыл бұрын (2009) «Фолиант» баспасынан заңгерлік терминдердің қазақ-орыс және орыс-қазақ сөздігі жарық көрді.
Сөздік қоғамдағы өміріміздің барлық саласын қамтамасыз ететін заңдардың, кодекстердің мәтінін негізге алған.
Қосымша кітап 1996-2007 жылдары Сенат Парламенті қабылдаған, 250-ден аса заңдардың терминдері мен сөздерінен тұрады. Жинақ тіл мамандары, Сенат Парламенті аппаратының тәжірибелі аудармашылары қатысуымен құрастырылған.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1940-1997) ғалым, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі КӨКЕНОВ Мәдениет Қаратайұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.
Ботаника және фитоинтродукция институты өсімдіктер қорын зерттеу зертханасының аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі және осы институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері ботаника, өсімдік дүниесін қорғау және оның байлығын тиімді пайдалану мәселелеріне арналған. Қазақстанның тау алқаптарында өсетін шаруашылыққа бағалы өсімдіктер түрлерінің биологиясын, таралуын зерттеген. Солардың биомассасындағы биологиялық активті заттар мөлшерін анықтап, оларды бөліп алу тәсілдерін жетілдірген. Осы өсімдіктердің табиғи қорларын анықтап, дайындау уақытын, табиғатқа зиянсыз деңгейде жинау мөлшерлерін белгілеумен шұғылданған.
70 жыл бұрын (1940) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі АЧИЛОВ Ысмайыл Шайқұлұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.Ресейдің Владивосток қаласындағы Қиыр Шығыс мемлекеттік өнер институтын бітірген.
Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің (О.Таңсықбаев атындағы Алматы көркемсурет колледжі), Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының оқытушысы қызметтерін атқарған.
Шығармалары бірқатар халықаралық, бүкілодақтық, республикалық көрмелерге қойылған.
НАУРЫЗДЫҢ 6-Ы, СЕНБІ
Гана Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. Гана Республикасы - Батыс Африкадағы мемлекет. Астанасы - Аккра. Ресми тілі - ағылшын тілі. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығару органы - бiр палаталы парламент.
Гана Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 14-де орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
93 жыл бұрын (1917) 1916 жылғы көтеріліске қатысқандарға кешірім жарияланды. Қазақстанда ақпан революциясын қуана қарсы алды. Уақытша үкімет бұрынғы биліктегілермен бірігіп облыстық және уездік комиссариаттар құра бастады. Торғай облысына Әлихан Бөкейхан, Жетісуға - Мұхамеджан Тынышбаев, Оралға - Халел Досмұхамедұлы, Қостанай уезіне - Ахмет Бірімжанұлы комиссар болып сайланған.
25 жыл бұрын (1985) Сәуірбек Бақбергеновтың (1920-1997) «Әке мен бала» атты повесі мәскеулік «Советский писатель» баспасынан жарық көрді. Онда соғыстан кейінгі жылдардағы Қарағанды кеншілерінің өмірі туралы жазылған.
23 жыл бұрын (1987) Қазақстан компартиясының Орталық комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің «Республикадағы қазақ тілін оқытуды жақсарту» және «Республикадағы орыс тілін оқытуды жақсарту» деген қаулысы шықты. 2 қаулы да баспаға методикалық-оқыту әдебиетін, сөздіктер, анықтамалар дайындауға тапсырды.
1 жыл бұрын (2009) Алматы облысының Шамалған кентінде қазіргі заманғы неміс және голланд технологияларын пайдалану арқылы еліміздегі алғашқы жемісті өсіретін, сақтайтын және қайтадан өңдейтін жаңа кешен ашылды.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1930-2005) қазақстан физик-химигі, химия ғылымдарының докторы АГАШКИН Олег Васильевич дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Краснояр өлкесіде туған. Томск мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оптика және плазма кафедрасының профессоры қызметін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері органикалық және физикалық химия салаларына арналған (молекулалық спектроскопия, органикалық люминесценциясы, т.б.). 180 ғылыми еңбектің және 2 монографияның, 4 авторлық куәліктің иесі. 2 доктор және 14 химия ғылымының кандидатын, 1 физика-математика ғылымының кандидатын дайындады.
Агашкин есімі Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына жазылған.
60 жыл бұрын (1950-2006) ақын, түрктанушы ғалым, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері ЕГЕУБАЕВ Асқар Құрмашұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.
Шығыс Қазақстан облысы «Шамшырақ», «Достық» аудандық газеттерде, «Қазақстан коммунисі», «Жұлдыз» журналдарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасы мен «Қазақ энциклопедиясы» редакциясы бас редактор орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қызметтер атқарған.
«Мөлдір тұма», «Жүректегі жұлдыздар», «Сыр мен сымбат», «Сөз жүйесі», «Құс жолы», «Әділет» атты өлеңдер мен поэма, сын кітаптарының, «Кісілік кітабы», «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі» деп аталатын монографиялардың авторы.
Әрі ақын, әрі ғалым Асқар Егеубаев сондай-ақ түркі мәдениетіне қатысты көне әдеби мұраларды қазақ тіліне аударып, зерттеу жұмысымен айналысқан. Ж.Баласағұнның «Құтадғу білігін» қазақ тіліне аударған. Бұл кітап 1989 жылы Пекиннің ұлттар баспасынан араб әліпбиімен екінші рет жарық көрді. М.Қашқаридің үш томдық «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегін қазақ тіліне аударған.
НАУРЫЗДЫҢ 7-І, ЖЕКСЕНБІ
Балалардың теледидары мен радиохабарларының халықаралық күні. Бұл мерекелі күнді Каннда 1994 жылы сәуірде БҰҰ-ның (ЮНИСЕФ) Балалар қорының өкілдері жариялады. Сол кезден бастап жыл сайын наурыздың алғашқы жексебісін дүниежүзінің барлық теледидар және радиокомпанияларының жүргізушілері эфир уақытын балаларға және балалар бағдарламаларына ұсынады.
Қазақстан Республикасы Телерадиокешенінің дәуірі 1958 жылдың 8 наурызында басталды. Дәл осы күні Алматы студиясында алғашқы бағдарлама өтті. Сосын бұл студия тұрақты апта сайынғы бес сағаттық хабарға айналды. Содан кейінгі жылдарда телестудиялар республикамыздың басқа да қалаларында пайда бола бастады, телехабарлар бүкіл Қазақстанға тарады. Баспа мен киноның бай тәжірибесіне, ерекше сапаның қабілеттілігіне сене отырып теледидар әр үйге еркін кіріп және әр отбасының мүшесі болды.
60-жылдары футбол матчтарының, концерттердің, мерекелік шаралардағы репортаждардың тікелей хабарлары басты орын алды.
Қазақ теледидарының бастауында көрнекті, дарынды инженер Виктор Иванович Тюленев, қазақстандағы алғашқы әйел-инженер Гүлжан Төлегенқызы Балфанбаева, радиотелеорталықтың алғашқы директорларының бірі Рамазан Сағадиұлы Файзуллин және тағы да басқалары тұрды.
Барлық кезеңде де теледидардың бетке ұстарлары дикторлар болған. Қазақ теледидарының алғашқы дикторлары Нелли Омарова, Зульхия Жұматова, Лязиза Аймашева, Орынбала Оразбаева болды. Содан кейін Ласкер Сейітов, Мәриям Айымбетова, Всеволод Иванов, Лидия Тельменко, Қажы Қорғанов, Тыныс Өтеубаев келді. Қазіргі күнге дейін сол кездегі алғашқы дикторлар үлкен кісілердің есінде, олар жаңалықтарды да, концертерді де және сұхбаттарды да өздері жүргізген.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қарағанды металлургия комбинатын аса ауыр дағдарыстан шығару мәселелері бойынша кеңес өткізді. Талқылаудың қорытындысы бойынша Министрлер Кабинетіне Қарағанды металлургия комбинатын тұйықтан алып шығу шаралары кешенін барынша қысқа мерзімде әзірлеп, жүзеге асыру тапсырылды.
5 жыл бұрын (2005) Парижде, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде қазақстандық танымал суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылды. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты Өкілі Олжас Сүлейменовтың бастамасымен ұйымдастырылған бұл көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Парижде тіркелген дипломаттар, Францияның танымал саясаткерлері мен өнер қайраткерлері, шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдері, өнерсүйер қауым қатысты.
Ерболат Төлепбай - Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ресейдiң Императорлық көркем академиясының құрметтi мүшесi, Қырғызстанның Көркем академиясының нақты мүшесi, Масарык атындағы Чех көркем академиясының мүшесi, «Платина Тарланының» иегері.
3 жыл бұрын (2007) Астанада Қазақстан Республикасының «Электрондық үкiмет» веб-порталы жаңа нұсқасының көрсетілімі болып өтті.
Портал республиканың барлық мемлекеттiк органдарының ақпараттық қорына электрондық рұқсат беретін бiр терезе қағидасы бойынша жұмыс iстейдi.
ЕСІМДЕР
335 жыл бұрын (1675-1768) жырау, қолбасы, қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі, дипломат АҚТАМБЕРДІ Сарыұлы дүниеге келді.
Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысында туған.
«Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелеген. Қысқа, нақыл, шешен сөздердің шебері.
Ол 1742 жылы Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысына өкіл болған. 1738-1752 жылдары қазақ-қалмақ арасында болған қанды қақтығыстардың барлығына дерлік қатысқан. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген.
Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау болған. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған.
Ақтамберді жырау өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды. Азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен ханым ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» және тағы да басқа өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге толы. Ақтамбердінің «Балаларыма өсиет» деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап-мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады.
Ақтамберді толғаулары мен жырлары С.Мұқановтың «Қазақтың 18-19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер», «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырдағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізілген.
65 жыл бұрын (1945) дәрігер, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі БІРТАНОВ Амантай дүниеге келді.
Жамбыл облысы Талас ауданы Ойық ауылында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген.
Алматы қаласындағы балалар ауруханасының хирургі, Жамбыл облысындағы 2-ші балалар емханасының, ана мен балаға арналған республикалық «Көктем» санаторийінің, 10-шы және 4-ші қалалық емханаларының, Алматы қалалық жедел жәрдем клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Алматы қалалық 2-ші емханасының бас дәрігері.
Қызметінің негізгі бағыты - әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру, халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту, оның сапасын жетілдіру, ана мен баланы қорғау және ардагерлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыздандырудың сапасын арттыру. Біртановтың басшылығымен «Көктем» санаторийінде термалды сумен т.б. емдеу-сауықтыру кабинеттері ашылды, 4-ші емханада республикада тұңғыш рет жыл сайынғы диспансерлеу бойынша «Космон» автоматты бақылау жүйесі енгізілді, Алматыда ТМД елдері бойынша тұңғыш ақпараттық-консультативтік токсикология орталығы құрылып, ол республикалық ғылыми-медициналық ақпараттық оқыту-әдістемелік мекемесіне айналды. 1993 жылдан «Туссон (АҚШ) - Алматы» медициналық әріптестік бағдарламасына жетекшілік етеді.
4 кітаптың, 7 авторлық куәліктің авторы.
Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың басқарма мүшесі.
Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, «Парасат» орденімен, медальдармен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Алматы қаласы және Медеу ауданы әкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.