ҚазАқпарат-Анонс: сәуірдің 2-сі мен 4-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ЕЛБАСЫ
Сәуірдің 2-сінде Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Сәулет кеңесінің мәжілісі өтеді. Онда елорданы әрі қарай дамыту мәселелері сөз болады.
ҮКІМЕТ
Сәуірдің 2-сінде Денсаулық сақтау министрлігінде «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу» мәселесіне арналған республикалық кеңес болады.
Сәуірдің 2-сінде Есеп комитетінде «Кеден одағы: бизнес-қоғамдастықпен консультация» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.
АСТАНА
Сәуірдің 1-2-сінде Астанада халықаралық Астық конференциясы өтеді. Конференцияның негізгі мақсаты - астық нарығындағы ағымдағы жағдайды және оның даму перспективасын талқылау.
Сәуірдің 2-сінде «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының кеңсесінде «Батыс Еуропа - Батыс Қвтай халықаралық транзиттік дәлізі жобасын жүзеге асырудың барысын бақылау» тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты болады.
Сәуірдің 2-сінде Ұлттық баспасөз клубында Астана және Алматы архиепископы Александрмен баспасөз мәслихаты болады.
Сәуірдің 2-сінде Отан қорғаушы алаңында «Жеңістің Спартак марафонына» қатысушыларды күтіп алу рәсімі болады.
АЛМАТЫ
Алматыда наурыздың 29-нан сәуір айының 2-не дейін қоршаған ортаны қорғау саласында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері біліктілікті көтеру курстарынан тегін өте алады. Акцияны Ұлттық Орхус орталығының қолдауымен ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ҮЕҰ-дар үшін Орхус конвенцияның аясында ұйымдастыруда.
Сәуірдің 2-сінде Ботаникалық бақта «Таза әлем» акциясы өтеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
СӘУІРДІҢ 2-І, ЖҰМА
Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштері құрылған күн. 1993-ші жылғы сәуірдің 2-сінде Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды.
Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2007-ші жылғы желтоқсанның 18-інде арнайы № A/RES/62/139 қарарымен бекіткен. 2008-ші жылдан бастап жыл сайын сәуірдің 2-сінде атап өтіледі. Бұл Бүкіләлемдік күн Катар мемлекетінің ұсынысы бойынша белгіленді, мұны БҰҰ-ның Бас Хатшысы 2008-ші жылғы жолдауында атап өтті. Бас Ассамблеяның қарарында, ең алдымен, балалардағы аутизм мәселесіне көңіл бөлінді, аутизмнен зардап шеккендер арасында балалар үлесінің жоғары болуы мазалайтыны айтылған, неғұрлым ерте диагноз қою және тиісті тексеру жүргізу атап көрсетілген.
Қарар қоғамды, оның ішінде отбасыларын, аутизмнен зардап шеккен балалар туралы хабардар ету үшін барлық шараларды қабылдауға ұсыныс береді.
Халықаралық балаларға арналған кітап күні. 1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің (1805-1875) туған күніне орай атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
80 жыл бұрын (1930) Қазақстанның ғылыми-зерттеу мекемелері қызметкерлерінің 1-ші съезі өтті.
70 жыл бұрын (1940) Семейде Абайдың мұражай-үйі ашылды (Мемлекеттік тарихи-мәдениетті және әдеби-мемориалды Абай мұражайы).
8 жыл бұрын (2002) Павлодарда Қазақстан халықтарының кіші Ассамблеясында Қазақстандағы этникалық болгарлардың «Славяне» қоры ресми түрде тіркелді.
1 жыл бұрын (2009) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жапонияның ең үздік жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын Васэда университетімен (Waseda University) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжаттың басты мазмұны ынтымақтастықтың келешектегі дамуы, білім саласын қолдауы, оқытушылар мен студенттер арасындағы кәсiби және мәдени өзара қарым-қатынастары болып табылады. Ортақ қызығушылық салалары болып академиялық қызметтің дамуы, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық, студенттер мен мамандарды оқыту анықталған.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1920-2007) Қазақстан халық мұғалімі КУБРАКОВ Григорий Максимович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданында туған. Петропавл медициналық техникумын, Петропавл педагогика институтын бітірген.
1939-1954 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында жауапты қызметтерде болған. 1954-1960 жылдары - Мамлют ауданында мектеп директоры. 1960-1963 жылдары - Булаев аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, Булаев орта мектебінің директоры. 1963-1988 жылдары - Мамлют санаториялық мектеп-интернаттың директоры. 1988-1991 жылдары Петропавл педагогика институтында педагогика кафедрасының оқытушысы, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған.
I дәрежелі Отан соғысы ордені, Еңбек Қызыл Ту және 2 рет Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.
205 жыл бұрын (1805-1875) әлемге әйгілі дат жазушысы АНДЕРСЕН Ханс Христиан дүниеге келді.
Андерсеннің туған қаласы Оденседегі музей-үйінде оның дүниежүзі халықтарының тілдерінде жарық көрген туындыларынан, жазушы шығармашылығы жайында жазылған еңбектерден тұтас бір кітапхана жасақталған.
«Импровизатор», «Тек скрипкашы», «Қос баронесса» романдары, «Мулат» пьесасы, «Ақын базары» қолжазба очерктер кітабы, «Менің өмірімнің ертегісі» өмірбаяндық кітабы және басқа да шығармалары әлем оқырмандарына жақсы таныс. Негізінен, әдеби ертегі, повестерімен даңқы шыққан. Танымал ертегі кітаптарында жазушы ар тазалығы мен жан жомарттығын, әділет, жақсылық сезімдерін ашып көрсеткен.
Андерсен атындағы халықаралық әдеби сыйлық бар.
СӘУІРДІҢ 3-І, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде студенттердің «Сыр орманы. Болашақ» қоғамдық бірлестігі құрылды.
Қоғамдық бірлестіктің мақсаты мемлекеттік «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыруына қатысу болып табылады.
1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мәдени құндылықтарды ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы», «Кеден одағында тауарлардың, жұмыстарды орындаудың, қызмет көрсетулердің экспорты мен импорты кезінде жанама салықтарды алу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарына қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде 2010-2015 жылдарға арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасы дамуына көмек көрсету жөніндегі шеңберлі бағдарламасына (ЮНДАФ) қол қойылды.
2010-2015 жылдарға арналған аталмыш бағдарлама бес жылда бір рет қабылданады. ЮНДАФ - Қазақстан - БҰҰ ынтымақтастығын анықтайтын негізгі құжат. Бұл бағдарламаның негізгі міндеті Қазақстанның басым мақсаттарын жүзеге асыру, сондай-ақ даму саласындағы басқа да халықаралық міндеттемелер аясындағы мәселелерді шешудегі БҰҰ жүйесімен бірлескен, келісілген және ықпалдасқан көмек көрсету болып табылады. Ынтымақтастықтың негізгі стратегиялық құжаты болғандықтан, ЮНДАФ БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, ЮНФПА, ЮНИФЕМ, ЮНЭЙДС сияқты БҰҰ-ның арнайы құрылымдарымен қарым-қатынастың жалпы бағытын айқындайды.
1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Қазпошта» АҚ ел аумағында «Еуропа» сериясы бойынша Халықаралық астрономия жылына арналған екі марка енгізілгенін мәлім етті.
«Қазпошта» АҚ «PostEurop» қауымдастығының келісімімен «Еуропа» сериясының маркаларын шығаруға 2005 жылы қосылған болатын.
Жаңа маркаларда Галилейдің портреті мен табиғат аясындағы телескоп бейнеленген. Әрқайсысы 230 теңге тұратын маркалардың пішіні - 33х27,5 мм, таралымы - 150 мың дана. Олар Қытайдың Пошта және телекоммуникация министрлігінің Бейжіңдегі пошталық төлем белгілері фабрикасында басылып шыққан.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1915-1942) ақын ЖҰМАҒАЛИЕВ Абдолла дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Батыс Қазақстан облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институт) бітірген.
1938-1939 жылдары Қызылорда сауда техникумында оқытушы, Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет (қазіргі «Жазушы) баспасында редактор болған. 1936 жылдан жұртшылыққа ақын ретінде таныла бастаған. Өлеңдері, поэмалары республикалық, облыстық басылымдарда жарияланып тұрды. Оның шығармалары өршіл пафос пен нәзік те сыршыл лиризмге толы. «Таңдамалы өлеңдері», «Өшпес жалын», «Өлмес өмір дастаны» атты жинақтары жарық көрді. «Токио», «Шығыс қызы», «Асан қайғы» атты поэмалары бар.
Ақын Лермонтовтың, Низамидің, Байронның жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Қасым Аманжолов ол туралы «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын жазды.
90 жыл бұрын (1920-1994) орыс әдебиетінің классигі, прозаның шебері және стилист, киносценарист НАГИБИН Юрий Маркович дүниеге келді.
Мәскеу қаласында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Әскери тілші ретінде Сталинградта, Ленинград түбінде, Минск, Вильнюс, Каунасты азат етуге қатысты.
Өз новеллаларында ұлы адамдардың өмірбаянын трагедиялы түрде көркем бейнелей білді. «Майданнан қайтқан адам», «Үлкен жүрек», «Екі күш», «Адам және жол», «Алыс пен жақын», «Ерте көктемде», «Менің алтын енем», «Қызыл басты жасыл құс» секілді прозалық шығармалар жинағының авторы. Сонымен қатар «Құбыр» және «Қысқы емен» әңгімелерімен де танымал. «Төраға», «Директор», «Қызыл шатыр», «Түнгі қонақ» фильмдерінің сценариін жазған.
СӘУІРДІҢ 4-І, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық мина қауіпсіздігі және минаны залалсыздандыруға қатысты іс-қимылға көмек көрсету мәселелері бойынша ағарту күні. БҰҰ бастамасымен 2006-шы жылдан бастап атап өтіледі.
Геолог күні. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1966 жылғы наурыздың 31-індегі Жарлығымен елдің минералдық-шикізат қорын құруда кеңес геологтары сіңірген қызметі құрметіне орай бекітілді. Бұл Жарлықтың шығуына 1966 жылы алғашқы Батыс Сібір мұнайлы аймағы кен орнының ашылуы түрткі болды. Геолог күні бұрынғы Кеңес одағының барлық геологиялық және өндіру мекемелерінде атап өтіледі. Геологтармен қатар бұл мерекені маркшейдерлер, қопарғыштар, шахта үңгушілері, сондай-ақ пайдалы қазбаларды іздеумен және өндірумен айналысатын басқа да адамдар өздерінің төл мерекесі деп есептейді.
Мейрамның өткізілу уақыты - сәуірдің бірінші жексенбісі - бекер таңдалмаған, өйткені қыстың аяқталғаны жазғы дала жұмыстары мен экспедицияларға даярлықтың басталуын білдіреді.
Веб бағдарламашы күні. Сәуірдің 4-і - Веб - бағдарламашылар күні болып есептеледі.
Бұл мереке тұтасымен виртуалды болғандықтан, біздердің атақты бағдарламашыларымыздың еңбектері нақты бола бермек. Бағдарламашы мамандығының маңызын күнделікті өмірде бағаламау өте қиын. Бұл қызмет түрі бұқаралыққа айналып келеді, сондай-ақ қазіргі қоғамның жаңалығын білдіреді.
Сенегал Республикасының мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1960 жылғы сәуірдің 4-інде Франция Сенегалға Франция қауымдастығы шеңберінде өкілдік берді. Осы жылғы тамыздың 20-сында Сенегал Тәуелсіздігін жариялады.
ОҚИҒАЛАР
80 жыл бұрын (1930) ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) алқасының үкімімен Ахмет Байтұрсынов бастаған қырыққа жуық адам әртүрлі мерзімдерге қамалуға, жер аударылуға кесілді. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мырзағали Есболов, Хәлел Ғаббасов, Дінмұхамед Әділов, Жүсіпбек Аймауытов, Ғазымбек Бірімжанов Әбдірахман Байділдин, Асқар Дулатов, Теміржан Есмағамбетов, т.б. (барлығы 20 адам) ату жазасына кесілді. Ол үкім кейін он жыл мерзімге лагерьде жазасын өтеуге ауыстырылды.
16 жыл бұрын (1994) Корея Халық Демократиялық Республикасында «Сәуір көктемі» атты халықаралық фестиваль өтті. Онда Нұрғиса Тілендиев жетекшілік ететін «Отырар сазы» ансамблі бірінші орын алды.
15 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Ұлттық саясат жөніндегі мемлекеттік комитетін құру туралы» Жарлығы баспасөз бетінде жарық көрді.
3 жыл бұрын (2007) Павлодарда еңбекте, өнер мен әдебиетте, аймақтың қоғамдық өмірінде айтулы жетістіктерге қол жеткізген павлодарлықтар туралы жаңа анықтамалық жарық көрді. «Кто есть кто» деп аталатын бұл анықтамалықтың беттерінде соғыс және еңбек ардагерлерінің, өнеркәсіпшілер мен мәдениет және қоғам қайраткерлерінің өмірбаяндары берілген. Ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері, ұлтаралық келісімді нығайтудағы олардың қызметтері туралы әңгімелер енгізілген.
Энциклопедия С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Ерлан Арынның редакциясымен шығып отыр.
3 жыл бұрын (2007) Семей облысының 1939-1997 жылдардағы әкімшілік-аумақтық бөліну тарихы туралы бірегей анықтама жарық көрді.
Анықтамада мерзімдік ретте барлық әкімшілік-аумақтық өзгерістер, аудандардан бастап елді мекендерге дейін әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекараларын өзгертулері көрсетіліп берілген.
Кітапқа енгізілген барлық мәліметтер Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихының құжаттама орталығында сақталған ресми құжаттар негізінде алынған.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1987) ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Социалистік Еңбек Ері СОКОЛЬСКИЙ Дмитрий Владимирович дүниеге келді.
Иран Ислам Республикасында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.
Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет) доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі, проректоры, Қазақстан Ғылым академиясының Химия ғылымдары институты директорының орынбасары, Қазақстан Ғылым академиясының бірінші вице-президенті, Органикалық катализ және электрхимия институтының директоры қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері каталитикалық гидрогендеу теориясы мен тиімділігі жоғары гидрлеу катализаторларын жасауға, гидратациялау, тотықтыру және кіші молекулалар негізінде синтездеу процестеріне, іргелі және қолданбалы ғылымды ұштастыруға арналған. Оның басқаруымен күрделі органикалық заттарды (майлар, хош иісті заттар, витаминдер) талғамдап гидрлейтін, автокөліктер мен көптеген өнеркәсіпте кеңінен қолданылатын өндірістік катализаторлар жасалды.
1800-ден аса ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 20 шетелдік патенті, 500 авторлық куәлігі және 18 монографиясы бар.
Екі рет Еңбек Қызыл Ту, Ленин, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері.
40 жыл бұрын (1970) Ақмола облысы Көкшетау қаласының әкімі САПАРОВ Бақыт Аманжолұлы дүниеге келді.
Ақмола облысы Щучинск қаласында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Көкшетау экономика және менеджмент институтын бітірген.
«Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» АҚ атқарушы директоры болған. Аталған қызметінде - 2008 жылғы 26 наурызынан.
30 жыл бұрын (1980-2000) Сиднейде өткен XXVII-ші Олимпиадада бокстан чемпион болған САТТАРХАНОВ Бекзат Сейілханұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында туған.
1998 жылы өткен әлем чемпионатының, 1999 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.
I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған.