ҚазАқпарат-Анонс: сәуірдің 28-і мен мамырдың 2-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: сәуірдің 28-і мен мамырдың 2-сі аралығындағы  оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

Сәуірдің 28-інде ҚР Көлік және коммуникация министрлігі «КазГерСтрой» қазақстан-германдық холдингі базасында (Қырқыншы стансасының маңында) «Жол жамылғысын төсеу және күтіп ұстау жөніндегі қазіргі заманғы технологиялар» тақырыбында ғылыми-техникалық семинар-кеңес өткізеді. Семинарға жол құрылысы саласындағы кәсіпорындар мен мамандар, ғалымдар мен практиктер қатысады. Семинар барысында автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов пен сараптау ұйымдар өкілдері қатысуымен журналистерге арналған брифинг ұйымдастырылады.

Сәуірдің 28-інде Ішкі істер министрлігінде апталық брифинг болады.

Сәуірдің 28-інде BNews.kz порталында ҚР вице-премьері, индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев пен оның орынбасары А.Рау елімізді жаңа индустрияландыру жоспарының алғашқы қорытындылары туралы он-лайн конференция өткізеді .

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Сәуірдің 28-інде мәскеу уақыты бойынша сағат 21.10-да «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Прогресс М-05М» жүк кемесі ұшырылады.

ӘЛЕМ

Сәуірдің 27-сі мен мамырдың 4-і аралығында Әзірбайжан астанасы - Бакуде мектеп оқушыларының химия пәнінен Менделеев олимпиадасы өтеді.

Сәуірдің 28-і мен 30-ы аралығында Венада ТМД және Шығыс Еуропа елдерінің IV Вена экономикалық форумы өтеді.

Мамырдың 1-і мен қазанның 30-ы аралығында Шанхайда «ЭКСПО-2010» халықаралық көрмесі өтеді. Оған 50 халықаралық ұйым қатысады.

ҚОҒАМ

Сәуірдің 15-інен мамырдың 15-іне дейін елімізде «Балалар - біздің болашағымыз» акциясы өтуде.

Сәуірдің 9-ынан мамырдың 9-ына дейін елімізде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ерлік даңқы өшпейді» акциясы өтуде.

Сәуірдің 23-і мен 30-ы аралығында Қазақстанда «Игілікті іс - әр күн сайын» ұранымен Ізгілік апталығы өтуде.

СПОРТ

Сәуірдің 15-і мен мамырдың 15-і аралығында Қазақстанда «Балалар - біздің болашағымыз» атты акция өтуде.

Сәуірдің 9-ы мен мамырдың 9-ы аралығында Қазақстанда Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ерлік даңқы өшпейді» атты акция өтуде.

Сәуірдің 23-і мен 30-ы аралығында Қазақстанда «Әр күн сайын - бір ізгі іс» деген ұранмен Ізгілік апталығы өтуде.

Мамырдың 1-і мен 9-ында қазақстандықтар үш күннен демалады. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға сәйкес, Қазақстанда демалыс және мереке күндері сәйкес келген жағдайда мерекеден кейінгі жұмыс күні демалыс күні болады. Яғни, биыл қазақстандықтар мамырдың 1-,2-,3- және 8-,9-,10-ы күндері демалатын болады.

Сәуірдің 21-30-ы аралығында Көкшетауда қыздар командалары арасында баскетболдан ҚР XVIII чемпионатының жартылай финалдық және финалдық ойындары өтуде.

Сәуірдің 25-30-ы аралығында Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогі үшін футболдан дәстүрлі халықаралық турнир өтеді. Бұл шараны Қазақстанның Футбол федерациясы мен «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырып отыр.

Сәуірдің 25-і мен мамырдың 2-сі аралығында Бакуде жастар арасында бокстан XVI Әлем чемпионаты өтуде.

Сәуірдің 28-і мен мамырдың 3-і аралығында Бангкокте жастар мен жасөспірімдер арасында дзюдодан Азия чемпионаты өтеді.

АСТАНА

Сәуірдің 27-29-ында Астанада Жастар форумы өтуде.

Сәуірдің 28-інде Астанада «Еуразия: Мәдениеттер және ұрпақтар диалогі» атты халықаралық форум өз жұмысын бастайды. Форумға Түркия, Ресей, Молдова, Беларус, Украина, Түрікменстан, Тәжікстан, Үндістан секілді, барлығы 16 мемлекеттен делегаттар келіп қатыспақ. Сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев болады деп күтілуде.

Сәуірдің 28-і күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Еуразия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысындағы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Сәуірдің 29-ы Конгресс-Холл сарайындаАстана қаласы әкімінің орынбасары А.Балаеваның төрайымдығымен Еңбек заңнамасы мәселесі бойынша кеңейтілген жалпықалалық семинар-кеңес өтеді. Семинар-кеңес жұмыс берушілер, қызметкерлер мен қоғамның назарын өндірістік жарақаттанушылықтың алдын алу бойынша кешенді шаралар өткізу қажеттігіне, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтауға бағытталған.

Сәуірдің 30-ында Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығында Тоқболат Тоғысбаевтың қазақтың кемеңгерлері «Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би портреттері» триптихының және италиялық суретші Джузеппе Кастильонидің «Қазақтардың Цин императорына сәйгүлік сыйлауы» («Хасакэ гун ма ту») атты картинасы негізінде Асейн Жұмабеков салған өнер туындысының тұсаукесері өтеді.

АЛМАТЫ

Сәуірдің 26-сы мен мамырдың 1-і аралығында Алматыда «Жобаларды тәжірибелік басқару» деген тақырыпта семинар өтеді.

Сәуірдің 27-28-інде Алматыда Еуразиялық медиа-форумның ІХ конференциясы өтуде.

Сәуірдің 28-інде Ақсай-2 ықшамауданындағы №2 балалар үйінде «Алматының апортын жандандырайық!» деп аталатын көктемгі қайырымдылық акциясы өтеді.

Сәуірдің 29-ы мен мамырдың 20-сы аралығында Мемлекеттік мұражайда Германияның Қазақстандағы жылының аясында «Алтын дала» көрмесі өтеді.

Сәуірдің 29-ында Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Әбе достарын шақырады» атты шығармашылық кеші өтеді. Кеште Ресейдің Мәскеу қаласында 15-рет жаңа редакциямен басылып шыққан жазушының әйгілі «Қан мен тер» трилогиясының, «Әбе» атты деректі фильм мен жаңа кітаптың тұсаукесерлері болады.

АЙМАҚТАР

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Сәуірдің 30-ы күні Қызылағаш ауылында алғашқы 45 үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал Қызылағаш ауылын жалпы қалпына келтіру жұмыстарының барлығы маусымның 15-інде аяқталады деп күтілуде.

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Сәуірдің 15-і мен 29-ы аралығында Семей қаласындағы Абай атындағы кітапханада Германияның Қазақстандағы жылы ауқымында «Қазіргі Германия» көрмесі өтуде.

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

Сәуірдің 26-сы мен мамырдың 8-і аралығында Инновациялық Еуразиялық университеттің Ғылыми кітапханасында Германияның Қазақстандағы жылының аясында «Су және энергия: өзің үшін Н2О және Ватт әлемін аш!» атты көрме өтеді.

Сәуірдің 28-інде Павлодарда алтайлық кәсіпкерлердің сауда-экономикалық миссиясы мен қазақстандық кәсіпкерлер кездесу өткізеді. Ресейлік және қазақстандық кәсіпкерлердің арасында өзара тиімді қарым-қатынас орнату мақсатында алтайлық кәсіпкерлер Павлодар облысының және республиканың басқа да өңірлерінің бизнесмендерімен іскерлік келіссөздер өткізеді.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

СӘУІРДІҢ 28-І, СӘРСЕНБІ

Бүкіләлемдік жұмыс орындарындағы қауіпсіздік пен денсаулық күні. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынысымен өткізіледі. ХЕҰ мәліметтері бойынша әлемде әрбір 15 секундта жұмыстағы жазатайым оқиғалардан немесе кәсіби аурулардан 1 адам қайтыс болады, 160 адам әлдеқандай бақытсыз жағдайға душар болып жатады екен. Ал, Стандарттаудың Халықаралық Ұйымы (ИСО) стандарттарын енгізу арқылы осындай кездейсоқ жайттардың алдын алуға болады.

Еңбекті қорғаудың дүниежүзілік күні. Әлемнің 100-ден астам елінде атап өтіледі.

Аталмыш күнді атап өту идеясы 1989 жылы американдық және канадалық жұмысшылардың қаза тапқан жұмысшыларды еске алу мақсатында өткізген күннен (the Workers Memorial Day) бастау алады. 2001 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

140 жыл бұрын (1870) Ташкент қаласында қазақ баспасөзінің тұңғышы - «Түркістан уәлаяты газеті» жарыққа шықты. Газет «Түркістан ведомостарына» қосымша ретінде айына екі рет екі тілде шығып тұрды.

10 жыл бұрын (2000) Алматы қаласында Түркия киносының күндері өтті.

5 жыл бұрын (2005) Президент Н.А.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

3 жыл бұрын (2007) Халық Қаһарманы, Ұлы отан соғысының ардагері, жазушы Қасым Қайсеновтың Кеңсайдағы зиратына ескерткіш орнатылды.

Қасым Қайсенов (1918-2006) - партизандар қозғалысының көрнекті ұйымдастырушысы, В.Чапаев атындағы дивизия отрядтарын басқарған, Украинаның, Молдованың, Румынияның, Чехословакияның жерінде көптеген операцияларды өткізді.

Ұлы Отан соғысының І дәрежелі, Богдан Хмельницкийдің, «Еңбек Ері», «Халык каһарманы» ордендерімен, КСРО-ның 25 медалімен және құрмет грамоталарымен марапатталған.

Қазақ әдебиетіндегі партизан соғысы тақырыбының негізін қалаушы қаламгер «Жас партизан», «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Жау тылындағы бала», «Жау тылында», «Партизан шайқастары» сынды әңгімелер, очерктер мен повестер жазып қалдырған.

1 жыл бұрын (2009) Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.

Орталықтың міндеті жерлесіміз Шер-ағаның шығармашылық мұраларын зерттеу және насихаттау болып отыр. Шерхан Мұртаза қазақ жазушыларының ішінде бірінші болып саясат және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов (1894-1938) туралы роман жазды.

1 жыл бұрын (2009) Қызылорда облысының Шиелі ауданында өндірістік қуаттылығы жылына 750 тонна уранды жер астынан шайып шығаратын жаңа «Иркөл» кенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Атом энергетикасы саласындағы қазақстан мен қытай ынтымақтастығының аясындағы өндіріске енгізілген бірінші кен болып табылады.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1955) Алматы қаласы бойынша Салық департаменті Медеу аудандық салық басқармасының бастығы, салық қызметінің 3-рангілі мемлекеттік кеңесшісі, «Салық қызметінің үздігі», Үкімет салық қызметінің 3-рангілі мүшесі, «Қазақстан Республикасы Салық Консультанттары Палатасы» қоғамдық ұйымының мүшесі КІРТАЕВ Бақытжан Мұхамеджанұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын (қазіргі Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті), «Тұран» университетін бітірген.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік салық инспекциясы заңды тұлғаларға салық салу басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі салық комитеті есеп-талдау басқармасының бастығы, Алматы қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, Алматы облысы бойынша Салық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Аталған қызметінде - 2008 жылдың мамыр айынан.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1965) Ақтөбе облысы бойынша кеденді бақылау департаментінің бастығы КОЧУБЕЙ Александр Петрович дүниеге келді.

Ақмола облысы Ерейментау ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.

Целина аймақтық кеденінде, Ақмола облысы бойынша бас кедендік бақылау басқармасында, «Астана-жаңа қала» кеденінде, Қазақстан Республикасының Қаржы Министрлігінің кеденді бақылау комитетінде инспекторлық және жетекшілік қызметтер атқарған. Аталған қызметінде - 2010 жылдың қаңтар айынан.

«Кеден органдарындағы озат қызметі үшін» 2-ші және 3-ші дәрежедегі төс белгілерімен, «Кеден қызметінің еңбек сіңірген қызметкері» құрмет белгісімен марапатталған.

СӘУІРДІҢ 29-Ы, БЕЙСЕНБІ

Халықаралық би күні. Бұл мереке ЮНЕСКО-ның шешімімен 1982 жылдан бастап, француздық балетмейстер, би өнерінің реформаторы әрі теоретигі Жан Жорж Новердің (1727-1810) туған күніне орай атап өтіледі.

Халықаралық би күні - «барлық биді» бірге біріктіруіне қызмет етеді, өнердің осы түрінде мейрам жасау керек және оның саяси, мәдениетті және этникалық шекараны қиып өтетін мүмкіндігі бар, адамдарды достық пен бейбітшілік үшін қосу, би тілінде - сөйлесуге мүмкіндік беру.

ОҚИҒАЛАР

70 жыл бұрын (1940) Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» пьесасының премьерасы қойылды.

18 жыл бұрын (1992) Алматыда түрік елшілігі салтанатпен ашылды.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында белгілі ақын Дүйсенбек Нақыповтың «Ре уақыты» атты поэмалар жинағы мен «Желдің көлеңкесі» атты романының таныстырылымы өтті.

Ақынның «Ре уақыты» атты жинағына 2001-2008 жылдары жазылған он жеті поэмасы мен екі эсселер топтамасы кірген. Ал «Желдің көлеңкесі» атты романында Алматы қаласындағы адамдардың тағдыры баяндалады.

1 жыл бұрын (2009) Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс 34-ші сессиясында «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беру жобасы бекітілді.

Құрметті атақ елорданың әлеуметтік саласын, ғылым және білім, экономикасын дамытудағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға да беріледі. Аталмыш дәрежені беру мәслихат сессиясының шешімімен жүзеге асырылады. Астана қаласының әкімі құрмет атағын беру туралы ұсынымды сессия мәслихатының қарауына жібереді. Осындай атаққа, құрметке ие болған тұлғаға елорда әкімі мен мәслихат хатшысы қол қойған «Құрмет дипломы» және арнайы куәлік тапсырылады.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1925-1995) жазушы САРҒАСҚАЕВ Сансызбай дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған.

«Қазақстан пионері» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редакторы, «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы қызметтерін атқарған.

«Достар» атты әңгімелер мен повестер жинағының, «Бір отрядта», «Сәуленің жаңа достары», «Көңілді балалар», «Біз бір көшеденбіз»,«Биіктен биікке» кітаптарының, «Мұғалима», «Сұлутөр» балалар романының авторы. Бірнеше шығармасы орыс тіліне аударылған.

45 жыл бұрын (1965) Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының әкімі ТОҚЖАНОВ Марат Лұқпанұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін, Қарағанды мемлекеттік заң академиясын бітірген.

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Аталған қызметінде - 2008 жылдан.

СӘУІРДІҢ 30-Ы, ЖҰМА

Швеция Корольдігінің ұлттық мейрамы - Корольдің туған күні (1946). Швеция Корольдігі Солтүстік Еуропадағы Скандинавия түбегінің шығысы мен оңтүстігін алып жатқан мемлекет. Швецияның иелігіне сондай-ақ Балтық теңізіндегі Готланд пен Эланд аралдары мен бірнеше ұсақ аралдар да кіреді. Астанасы - Стокгольм қаласы. Басқару формасы - конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - король. Жоғары заң шығарушы органы - бір палаталы парламент (риксдаг). Ресми тілі - швед тілі. Ақша бірлігі - швед кронасы.

Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 7-інде орнатылды.

Нидерланды Корольдігінің ұлттық мейрамы - Королева күні. Нидерланды - Батыс Еуропадағы мемлекет. Нидерландының солтүстік және батыс бөлігі Солтүстік теңіздің жағалауында орналасқан. Ресми тілі - нидерланд тілі. Басқару формасы - конституциялық монархия. Жоғары заң шығарушы органы - екі палатадан тұратын Бас Штаттар. Астанасы - Амстердам қаласы. Ақша бірлігі - евро.

Қазақстан Республикасы мен Нидерланды Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 10-ында орнатылды. Нидерланды Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі - Мурзамадиева Майнюра Саветовна. Қазақстан Республикасындағы Нидерланды Корольдігінің Төтенше және Өкілетті елшісі - Франс Потойт.

ОҚИҒАЛАР

65 жыл бұрын (1945) Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа ту тікті.

5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» Жарлыққа қол қойды.

3 жыл бұрын (2007) Болгарлардың Қазақстан жеріне қоныс аударуының 100 жылдығына орай Павлодар облысының Ақтоғай ауылындағы Жеңіс саябағында Достық аллеясы отырғызылды.

Столыпин реформасы жылдары болгарлар Ақтоғай ауданында бірнеше село құрған болатын. Өткен ғасырда қазақтың қонақжай жері болгар диаспорасының бірнеше буын өкілдеріне отан болып отыр. Достық аллеясына алғашқы көшеттерді көнекөз қариялар, ардагерлер және облыстық болгар ұлттық мәдени орталығының белсенділері отырғызды.

1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясы нормаларына сәйкестендіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

1 жыл бұрын (2009) Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентіндегі орталық саябаққа облысқа танымал тұлға, ауданның шаруашылық саласын қалыптастырып, дамытуға еңбек сіңірген басшы Қыдырбай Жүсіповтың есімі берілді.

Қыдырбай Жүсіпов (1933-1994) жетпісінші жылдары Шетпе ауылының коммуналдық-шаруашылық жұмыстарына басшылық етіп, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан ауылды өркендетуге үлес қосқан азамат.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1910-1998) кескіндемеші, ұлттық кәсіби бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-нің халық суретшісі ЫСМАЙЫЛОВ Әубәкір дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Омбы көркемөнеркәсіп техникумын, Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.

«Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газеті мен Петропавл қаласындағы өлкетану мұражайының суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағы ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының суретшісі әрі режиссеры қызметтерін атқарған.

Ұлттық кескіндеме өнерінің реалистік бағытындағы суретші, стилі халық шеберлері туындаларымен астасып жатады. «Көртоғай», «Хантәңіріндегі жайлау», «Шалкөде алабы» атты шығармалардың авторы.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

2010 ЖЫЛДЫҢ МАМЫР АЙЫ:

МАМЫРДЫҢ 1-І, СЕНБІ

Қазақстан халқының бірлігі күні - Мемлекеттік мейрам. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтіледі. 140-тан астам ұлт өкілдері тұратын Қазақстан үшін бұл мереке дәстүрлі мейрамдардың біріне айналды.

Еңбек мерекесі - Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні. Әлемнің 66 мемлекетінде атап өтіледі.

1886 жылы американдық жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, ереуіл ұйымдастырды. Аяғы полицейлермен қақтығысқа ұласып, үлкен қантөгіс болды. 1889 жылғы маусымда ІІ Интернационалдың Париж конгресі Чикагодағы жұмысшылар ереуілін мәңгі есте қалдыру мақсатында жыл сайын бірінші мамырда шеру өткізу туралы шешім қабылдады.

ОҚИҒАЛАР

80 жыл бұрын (1930) Орта Азия мен Сібір аралығын жалғастырған Түркістан-Сібір темір жолының ашылу салтанаты өтті. Бұл темір жол Семей қаласынан Алматы арқылы Жамбыл облысының Луговой бекетіне дейінгі аралықты жалғады. Ұзындығы 1452 шақырым. Темір жол құрылысы 1927 жылы басталып, 1931 жылы толығымен аяқталған. Құрылыс инженері Мұхамеджан Тынышбаев болды. Ең бірінші болып Э-1441 паровозы құрылыс заттарымен жүріп өтті.

18 жыл бұрын (1992) Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Түркияның Премьер-Министрі Сүлеймен Демирель Бірлескен мазмұндамаға қол қойды. Ал, Үкiмет басшылары Өзара жәрдемдесу және инвестицияларды қорғау туралы келiсiмге қол қойды. Екі жақтағы министрліктер мен мекемелердің жетекшілері автомобиль көлiгi, авиация қатынасы, мәдениет, радио және теледидар, кадр даярлау, орташа және шағын кәсiпорындар, банктiк және несие салаларын дамыту туралы, Қазақстанның батыс өңіріндегі мұнайды өңдеудегi түрiк фирмаларының жәрдемдесуi туралы, Ақтөбедегі газ электр станциялары ғимараттары туралы, Маңғыстаудағы мұнай өңдейтiн зауыттың құрылысы және қалпына келтiру жұмыстары туралы, Ақтау портын қалпына келтiру, Каспий теңізі арқылы Қара және Балтық теңіздеріне Қазақстанның жүктерін тасымалдау төңірегіндегі ынтымақтастық туралы келісімдерге және хаттамаларға қол қойылды.

10 жыл бұрын (2000) Алматыда Қазақстан халықтары достығының I фестивалі өтті.

ЕСІМДЕР

135 жыл бұрын (1875-1960) астроном, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі ТИХОВ Гавриил Андрианович дүниеге келді.

Беларустың Минск облысында туған. Мәскеу университетін бітірген.

Пулково обсерваториясында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Астроботаника секторының басшысы қызметін атқарған.

Зерттеу жұмыстары негізінен астрономия мен спектрофотометрияға арналған. Оның Марс беті мен Жердегі өсімдіктердің спектрометриялық қасиеттерін қатар зерттеуі нәтижесінде астроботаниканың негізі салынды. Ең бірінші болып Сатурн, Уран және Нептун планеталарына колориметриялық сандық зерттеулер жүргізген. Бірнеше рет күн тұтылуын бақылау экспедицияларына қатысып, күн тұтылғанда айналасынан көрінетін сәуле жиектерінің бояу қызуын бағалаған. Бірқатар еңбектері атмосфералық оптика мен аэрофототүсіруге арналған.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

95 жыл бұрын (1915-1975) профпатолог-гематолог, медицина ғылымының докторы, профессор АЛДАНАЗАРОВ Әмір Тұрлыбайұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ташкент медициналық институтын бітірген.

Қазақстан Ғылым Академиясы Өлкелік патология институтының (қазіргі Х.Жұматов атындағыҚазақ тазалық және эпидемиология ғылыми орталығы) кіші, аға ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Алданазаровтың негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанда қорғасыннан уланудан болатын қан жүйесіндегі өзгерістердің белгілері мен дамуын, сақтандыру шараларын және емдеу әдістерін зерттеуге арналған.

2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.

35 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі НҮСІПОВА Әсел Бекқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, Брэндайс университетін бітірген.

«NPV» консалтинг компаниясының сарапшысы, «Деловая неделя» апталығының экономикалық шолушысы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері бөлімінің консультанты, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жүйелік зерттеу орталығының бас сарапшысы, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі, «Ғылым қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы, «Делойт» консалтингтік компаниясының басшысы, «Самұрық - Қазына» АҚ-ның атқарушы директоры қызметтерін атқарған. Аталған қызметінде - 2009 жылдың сәуірінен.

МАМЫРДЫҢ 2-І, ЖЕКСЕНБІ

Литвада аналар күні. Католиктердің дәстүрiне сәйкес мамырдың бiрiншi жексенбiсiнде атап өтіледi.

ОҚИҒАЛАР

13 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Көкшетау облысының әкімшілік-аумақтық орналасуындағы өзгертулер туралы» Жарлығына сәйкес Көкшетау облысының Арықбалық, Уәлиханов, Көкшетау, Ленинград, Рузаев, Чистопольск, Чкалов аудандары таратылды, ал Щучье аудандық маңызы бар қала санатына енгізілді.

4 жыл бұрын (2006) Мойнақ су электр стансысының құрылысы қайта басталды. Стансының құрылысы 1985 жылы басталып, қаржыландырудың тоқталуына байланысты 1992 жылы орта жолда тұрып қалған болатын.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сәрсенбаев Амман қаласының басшысы Омар Әл-Мааниға «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалін салтанатты жағдайда табыс етті.

Иордания астанасы муниципалитетінің басшысын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге қосқан үлесі үшін марапаттап отыр.

1 жыл бұрын (2009) танымал саясаткер Досым Сәтпаев және жас журналист әрі жазушы Ербол Жұмағұловтың бірлесіп жазған «NomenClatura туралы аңыз» атты сатиралық авантюралық-шытырман оқиғалар романы жарық көрді.

Романның иллюстрациясын танымал суретші Қадырбаев Владимир орындаған, тиражы 5000 дана.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1960) әнші, хормейстер, Қазақ КСР халық артисі ОРЛОВ Борис Александрович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Саратов қаласында туған. Саратов консерваториясын бітірген.

1934 жылы Орлов жұбайы В.С.Пироговамен бірге Қарағандыдағы алғашқы қазақ хорын ұйымдастырды. Хордың құрамында әншілер Қ.Байжанов, Қ.Бабақов, Ж.Тоғандықов, З.Жұбатова, А.Әлиева, қобызшы Д.Мықтыбаев және басқа да көремөнерпаздар үйірмесіне қатысушылар болды. Хор Пирогова өңдеген қазақтың халық әндері «Қараторғай», «Жеңеше-ай», «Сәулем-ай», «Алтыбасарды» және Е.Брусиловский, Л.Хамиди, М.Ержанов шығармаларын орындады.

Қазақ мемлекеттік филармониясының көркемдік жетекшісі, Қазақ радиосының хормейстері, Қазақ телерадиосының көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды.

45 жыл бұрын (1965) «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы КӨШЕРБАЕВ Ермек Беделбайұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің көмекшісі, хаттамалар бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Халықаралық бөлімінің консультанты, Хаттама қызметінің жетекші қызметін атқарушы, Швейцариядағы елшіліктің 1-ші хатшысы, Сыртқы істер министрлігінде көпжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің көмекшісі, Нұрсұлтан Назарбаевтің білім қоры директорының бірінші орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ президенті аппаратының жетекшісі, «Рауан Медиа Групп» АҚ бас директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың ақпанынан.