ҚазАқпарат-Анонс: сәуірдің 30-ы мен мамырдың 2-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: сәуірдің 30-ы мен мамырдың 2-сі аралығындағы  оқиғалардың күнтізбесі

АҚОРДА

Сәуірдің 30-ында Ақордада Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның отырысы өтеді.

ҮКІМЕТ

Сәуірдің 29-ында BNews.kz порталында Статистика агенттігінің төрағасы Ә.Смаиловтың қатысуымен он-лайн-конференция өтеді.

Сәуірдің 30-ында Еңбек министрлігінде «Бизнестің Жол картасы -2020: гендерлік сипаты» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.

Сәуірдің 30-ында Денсаулық сақтау министрлігінде медициналық техникалар мен медициналық мақсаттардағы жабдықтарды мемлекеттік сатып алудың қорытындысы жария етіледі.

ӘЛЕМ

Сәуірдің 27-сі мен мамырдың 4-і аралығында Әзірбайжан астанасы - Бакуде мектеп оқушыларының химия пәнінен Менделеев олимпиадасы өтеді.

Сәуірдің 28-і мен 30-ы аралығында Венада ТМД және Шығыс Еуропа елдерінің IV Вена экономикалық форумы өтеді.

Мамырдың 1-і мен қазанның 30-ы аралығында Шанхайда «ЭКСПО-2010» халықаралық көрмесі өтеді. Оған 50 халықаралық ұйым қатысады.

ҚОҒАМ

Сәуірдің 15-інен мамырдың 15-іне дейін елімізде «Балалар - біздің болашағымыз» акциясы өтуде.

Сәуірдің 9-ынан мамырдың 9-ына дейін елімізде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ерлік даңқы өшпейді» акциясы өтуде.

Сәуірдің 23-і мен 30-ы аралығында Қазақстанда «Игілікті іс - әр күн сайын» ұранымен Ізгілік апталығы өтуде.

СПОРТ

Сәуірдің 15-і мен мамырдың 15-і аралығында Қазақстанда «Балалар - біздің болашағымыз» атты акция өтуде.

Сәуірдің 9-ы мен мамырдың 9-ы аралығында Қазақстанда Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ерлік даңқы өшпейді» атты акция өтуде.

Сәуірдің 23-і мен 30-ы аралығында Қазақстанда «Әр күн сайын - бір ізгі іс» деген ұранмен Ізгілік апталығы өтуде.

Мамырдың 1-і мен 9-ында қазақстандықтар үш күннен демалады. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға сәйкес, Қазақстанда демалыс және мереке күндері сәйкес келген жағдайда мерекеден кейінгі жұмыс күні демалыс күні болады. Яғни, биыл қазақстандықтар мамырдың 1-,2-,3- және 8-,9-,10-ы күндері демалатын болады.

Сәуірдің 21-30-ы аралығында Көкшетауда қыздар командалары арасында баскетболдан ҚР XVIII чемпионатының жартылай финалдық және финалдық ойындары өтуде.

Сәуірдің 25-30-ы аралығында Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогі үшін футболдан дәстүрлі халықаралық турнир өтеді. Бұл шараны Қазақстанның Футбол федерациясы мен «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырып отыр.

Сәуірдің 25-і мен мамырдың 2-сі аралығында Бакуде жастар арасында бокстан XVI Әлем чемпионаты өтуде.

Сәуірдің 28-і мен мамырдың 3-і аралығында Бангкокте жастар мен жасөспірімдер арасында дзюдодан Азия чемпионаты өтуде. АСТАНА

Сәуірдің 30-ы күні Астана медицина университетінде мерекелік концерт өтеді. Қазақстан халқының бірлігі күні мен Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында өткелі тұрған бұл шараны Астана қаласындағы Өнер университеті ұйымдастырып отыр.

Сәуірдің 30-ында Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығында Тоқболат Тоғысбаевтың қазақтың кемеңгерлері «Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би портреттері» триптихының және италиялық суретші Джузеппе Кастильонидің «Қазақтардың Цин императорына сәйгүлік сыйлауы» («Хасакэ гун ма ту») атты картинасы негізінде Асейн Жұмабеков салған өнер туындысының тұсаукесері өтеді.

Сәуірдің 30-ы күні елордадағы Еуразия ұлттық университетінде Ұлы Жеңістің 65-жылдығына арналған «Ұлы жеңіс: жаңаша көзқарас пен зерттеу жолдары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Ғылыми мәжіліс барысында Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық жауынгерлердің ерлік істері сараланып, сол зұлмат соғыстан кейінгі өмірлік тәжірибені бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру жайы сөз болмақ. Конференцияда ардагерлердің естеліктері тыңдалады. Іс-шараға Қазақстан, Ресей мен Грузияның белгілі тарихшы ғалымдары қатысады.

Сәуірдің 30-ында «Бәйтерек» медиа-орталығында әнші Роза Рымбаеваның қатысуымен баспасөз мәслихаты болады.

Мамырдың 2-сі күні Астана қаласындағы Өнер университетінің шағын ұжымы Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойы аясында өңірлерге шығармашылық сапармен аттанады. Іссапар жоспарына сәйкес бірінші концерт Ақтөбе қаласының тұрғындары алдында қойылады. Одан кейін Қызылорда, Шымкент және Тараз қаласында кезекті концерттер өтетін болады. Өнер ұжымы мамырдың 8-і күні Астанаға оралады.

АЛМАТЫ

Сәуірдің 26-сы мен мамырдың 1-і аралығында Алматыда «Жобаларды тәжірибелік басқару» деген тақырыпта семинар өтуде.

Сәуірдің 29-ы мен мамырдың 20-сы аралығында Мемлекеттік мұражайда Германияның Қазақстандағы жылының аясында «Алтын дала» көрмесі өтуде.

Сәуірдің 30-ында сағат 11.00-де Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Кино алаңы» клубында «Шытырман оқиғалы «Афалина секірісі» көркем фильмінің Халықаралық детективті фильмдер фестивалінде «Детективті көркем кинофильмдер» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алуына байланысты баспасөз-конференциясы өтеді.

Сәуірдің 30-ында Британдық консулдықтың кеңсесінде қазақстандық жас ғалымдарға арналған семинар өтеді.

Сәуірдің 30-ында Қазақ-Британ техникалық университетінде Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездеседі.

Сәуірдің 30-ында Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде «КампюсФранс» білім бағдарламасының менеджері Ж.К.Ито-Пажеспен кездесу болады.

Сәуірдің 30-ында Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында КСРО Халық әртісі Ә.Дінішевтің есеп беру концерті өтеді.

АЙМАҚТАР

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Сәуірдің 30-ы күні Қызылағаш ауылында алғашқы 45 үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал Қызылағаш ауылын жалпы қалпына келтіру жұмыстарының барлығы маусымның 15-інде аяқталады деп күтілуде.

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

Сәуірдің 26-сы мен мамырдың 8-і аралығында Инновациялық Еуразиялық университеттің Ғылыми кітапханасында Германияның Қазақстандағы жылының аясында «Су және энергия: өзің үшін Н2О және Ватт әлемін аш!» атты көрме өтеді.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

СӘУІРДІҢ 30-Ы, ЖҰМА

Швеция Корольдігінің ұлттық мейрамы - Корольдің туған күні (1946). Швеция Корольдігі Солтүстік Еуропадағы Скандинавия түбегінің шығысы мен оңтүстігін алып жатқан мемлекет. Швецияның иелігіне сондай-ақ Балтық теңізіндегі Готланд пен Эланд аралдары мен бірнеше ұсақ аралдар да кіреді. Астанасы - Стокгольм қаласы. Басқару формасы - конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - король. Жоғары заң шығарушы органы - бір палаталы парламент (риксдаг). Ресми тілі - швед тілі. Ақша бірлігі - швед кронасы.

Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 7-інде орнатылды.

Нидерланды Корольдігінің ұлттық мейрамы - Королева күні. Нидерланды - Батыс Еуропадағы мемлекет. Нидерландының солтүстік және батыс бөлігі Солтүстік теңіздің жағалауында орналасқан. Ресми тілі - нидерланд тілі. Басқару формасы - конституциялық монархия. Жоғары заң шығарушы органы - екі палатадан тұратын Бас Штаттар. Астанасы - Амстердам қаласы. Ақша бірлігі - евро.

Қазақстан Республикасы мен Нидерланды Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 10-ында орнатылды. Нидерланды Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі - Мурзамадиева Майнюра Саветовна. Қазақстан Республикасындағы Нидерланды Корольдігінің Төтенше және Өкілетті елшісі - Франс Потойт.

ОҚИҒАЛАР

65 жыл бұрын (1945) Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа ту тікті.

5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» Жарлыққа қол қойды.

3 жыл бұрын (2007) Болгарлардың Қазақстан жеріне қоныс аударуының 100 жылдығына орай Павлодар облысының Ақтоғай ауылындағы Жеңіс саябағында Достық аллеясы отырғызылды.

Столыпин реформасы жылдары болгарлар Ақтоғай ауданында бірнеше село құрған болатын. Өткен ғасырда қазақтың қонақжай жері болгар диаспорасының бірнеше буын өкілдеріне отан болып отыр. Достық аллеясына алғашқы көшеттерді көнекөз қариялар, ардагерлер және облыстық болгар ұлттық мәдени орталығының белсенділері отырғызды.

1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясы нормаларына сәйкестендіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

1 жыл бұрын (2009) Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентіндегі орталық саябаққа облысқа танымал тұлға, ауданның шаруашылық саласын қалыптастырып, дамытуға еңбек сіңірген басшы Қыдырбай Жүсіповтың есімі берілді.

Қыдырбай Жүсіпов (1933-1994) жетпісінші жылдары Шетпе ауылының коммуналдық-шаруашылық жұмыстарына басшылық етіп, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан ауылды өркендетуге үлес қосқан азамат.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1910-1998) кескіндемеші, ұлттық кәсіби бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-нің халық суретшісі ЫСМАЙЫЛОВ Әубәкір дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Омбы көркемөнеркәсіп техникумын, Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.

«Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газеті мен Петропавл қаласындағы өлкетану мұражайының суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағы ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының суретшісі әрі режиссеры қызметтерін атқарған.

Ұлттық кескіндеме өнерінің реалистік бағытындағы суретші, стилі халық шеберлері туындаларымен астасып жатады. «Көртоғай», «Хантәңіріндегі жайлау», «Шалкөде алабы» атты шығармалардың авторы.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

2010 ЖЫЛДЫҢ МАМЫР АЙЫ:

МАМЫРДЫҢ 1-І, СЕНБІ

Қазақстан халқының бірлігі күні - Мемлекеттік мейрам. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтіледі. 140-тан астам ұлт өкілдері тұратын Қазақстан үшін бұл мереке дәстүрлі мейрамдардың біріне айналды.

Еңбек мерекесі - Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні. Әлемнің 66 мемлекетінде атап өтіледі.

1886 жылы американдық жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, ереуіл ұйымдастырды. Аяғы полицейлермен қақтығысқа ұласып, үлкен қантөгіс болды. 1889 жылғы маусымда ІІ Интернационалдың Париж конгресі Чикагодағы жұмысшылар ереуілін мәңгі есте қалдыру мақсатында жыл сайын бірінші мамырда шеру өткізу туралы шешім қабылдады.

ОҚИҒАЛАР

80 жыл бұрын (1930) Орта Азия мен Сібір аралығын жалғастырған Түркістан-Сібір темір жолының ашылу салтанаты өтті. Бұл темір жол Семей қаласынан Алматы арқылы Жамбыл облысының Луговой бекетіне дейінгі аралықты жалғады. Ұзындығы 1452 шақырым. Темір жол құрылысы 1927 жылы басталып, 1931 жылы толығымен аяқталған. Құрылыс инженері Мұхамеджан Тынышбаев болды. Ең бірінші болып Э-1441 паровозы құрылыс заттарымен жүріп өтті.

18 жыл бұрын (1992) Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Түркияның Премьер-Министрі Сүлеймен Демирель Бірлескен мазмұндамаға қол қойды. Ал, Үкiмет басшылары Өзара жәрдемдесу және инвестицияларды қорғау туралы келiсiмге қол қойды. Екі жақтағы министрліктер мен мекемелердің жетекшілері автомобиль көлiгi, авиация қатынасы, мәдениет, радио және теледидар, кадр даярлау, орташа және шағын кәсiпорындар, банктiк және несие салаларын дамыту туралы, Қазақстанның батыс өңіріндегі мұнайды өңдеудегi түрiк фирмаларының жәрдемдесуi туралы, Ақтөбедегі газ электр станциялары ғимараттары туралы, Маңғыстаудағы мұнай өңдейтiн зауыттың құрылысы және қалпына келтiру жұмыстары туралы, Ақтау портын қалпына келтiру, Каспий теңізі арқылы Қара және Балтық теңіздеріне Қазақстанның жүктерін тасымалдау төңірегіндегі ынтымақтастық туралы келісімдерге және хаттамаларға қол қойылды.

10 жыл бұрын (2000) Алматыда Қазақстан халықтары достығының I фестивалі өтті.

ЕСІМДЕР

135 жыл бұрын (1875-1960) астроном, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі ТИХОВ Гавриил Андрианович дүниеге келді.

Беларустың Минск облысында туған. Мәскеу университетін бітірген.

Пулково обсерваториясында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Астроботаника секторының басшысы қызметін атқарған.

Зерттеу жұмыстары негізінен астрономия мен спектрофотометрияға арналған. Оның Марс беті мен Жердегі өсімдіктердің спектрометриялық қасиеттерін қатар зерттеуі нәтижесінде астроботаниканың негізі салынды. Ең бірінші болып Сатурн, Уран және Нептун планеталарына колориметриялық сандық зерттеулер жүргізген. Бірнеше рет күн тұтылуын бақылау экспедицияларына қатысып, күн тұтылғанда айналасынан көрінетін сәуле жиектерінің бояу қызуын бағалаған. Бірқатар еңбектері атмосфералық оптика мен аэрофототүсіруге арналған.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

95 жыл бұрын (1915-1975) профпатолог-гематолог, медицина ғылымының докторы, профессор АЛДАНАЗАРОВ Әмір Тұрлыбайұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ташкент медициналық институтын бітірген.

Қазақстан Ғылым Академиясы Өлкелік патология институтының (қазіргі Х.Жұматов атындағыҚазақ тазалық және эпидемиология ғылыми орталығы) кіші, аға ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Алданазаровтың негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанда қорғасыннан уланудан болатын қан жүйесіндегі өзгерістердің белгілері мен дамуын, сақтандыру шараларын және емдеу әдістерін зерттеуге арналған.

2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.

35 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі НҮСІПОВА Әсел Бекқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, Брэндайс университетін бітірген.

«NPV» консалтинг компаниясының сарапшысы, «Деловая неделя» апталығының экономикалық шолушысы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері бөлімінің консультанты, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жүйелік зерттеу орталығының бас сарапшысы, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі, «Ғылым қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы, «Делойт» консалтингтік компаниясының басшысы, «Самұрық - Қазына» АҚ-ның атқарушы директоры қызметтерін атқарған. Аталған қызметінде - 2009 жылдың сәуірінен.

МАМЫРДЫҢ 2-І, ЖЕКСЕНБІ

Литвада аналар күні. Католиктердің дәстүрiне сәйкес мамырдың бiрiншi жексенбiсiнде атап өтіледi.

ОҚИҒАЛАР

13 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Көкшетау облысының әкімшілік-аумақтық орналасуындағы өзгертулер туралы» Жарлығына сәйкес Көкшетау облысының Арықбалық, Уәлиханов, Көкшетау, Ленинград, Рузаев, Чистопольск, Чкалов аудандары таратылды, ал Щучье аудандық маңызы бар қала санатына енгізілді.

4 жыл бұрын (2006) Мойнақ су электр стансысының құрылысы қайта басталды. Стансының құрылысы 1985 жылы басталып, қаржыландырудың тоқталуына байланысты 1992 жылы орта жолда тұрып қалған болатын.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сәрсенбаев Амман қаласының басшысы Омар Әл-Мааниға «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалін салтанатты жағдайда табыс етті.

Иордания астанасы муниципалитетінің басшысын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге қосқан үлесі үшін марапаттап отыр.

1 жыл бұрын (2009) танымал саясаткер Досым Сәтпаев және жас журналист әрі жазушы Ербол Жұмағұловтың бірлесіп жазған «NomenClatura туралы аңыз» атты сатиралық авантюралық-шытырман оқиғалар романы жарық көрді.

Романның иллюстрациясын танымал суретші Қадырбаев Владимир орындаған, тиражы 5000 дана.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1960) әнші, хормейстер, Қазақ КСР халық артисі ОРЛОВ Борис Александрович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Саратов қаласында туған. Саратов консерваториясын бітірген.

1934 жылы Орлов жұбайы В.С.Пироговамен бірге Қарағандыдағы алғашқы қазақ хорын ұйымдастырды. Хордың құрамында әншілер Қ.Байжанов, Қ.Бабақов, Ж.Тоғандықов, З.Жұбатова, А.Әлиева, қобызшы Д.Мықтыбаев және басқа да көремөнерпаздар үйірмесіне қатысушылар болды. Хор Пирогова өңдеген қазақтың халық әндері «Қараторғай», «Жеңеше-ай», «Сәулем-ай», «Алтыбасарды» және Е.Брусиловский, Л.Хамиди, М.Ержанов шығармаларын орындады.

Қазақ мемлекеттік филармониясының көркемдік жетекшісі, Қазақ радиосының хормейстері, Қазақ телерадиосының көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды.

45 жыл бұрын (1965) «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы КӨШЕРБАЕВ Ермек Беделбайұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің көмекшісі, хаттамалар бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Халықаралық бөлімінің консультанты, Хаттама қызметінің жетекші қызметін атқарушы, Швейцариядағы елшіліктің 1-ші хатшысы, Сыртқы істер министрлігінде көпжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің көмекшісі, Нұрсұлтан Назарбаевтің білім қоры директорының бірінші орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ президенті аппаратының жетекшісі, «Рауан Медиа Групп» АҚ бас директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың ақпанынан.