ҚазАқпарат-Анонс: сәуірдің 6-сы мен 11-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

Сәуірдің 6-сында Ауыл шаруашылығы министрлігінде министр А.Күрішбаевтың төрағалығымен «Бірыңғай Кеден одағы аясында балық өнімдерін өңдеу және экспорттау саласындағы жекеменшік кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы болады.

Сәуірдің 6-сында елордалық Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде Білім министрі Ж.Түймебаев студент жастармен кездесу өткізеді. Кездесудің тақырыбы: «Жастар - елдің келешек келбетін анықтайды».

Сәуірдің 7-сінде Астана қаласында Қазақстан-грузин сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысы өтеді.

Сәуірдің 8-9-ы күндері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде министр Ақылбек Күрішбаевтың төрағалығымен «Кедендік одақ елдері агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ғылыми қамтамасыз ету» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Сәуірдің 3-і мен 10-ы аралығында Қытайдың Хайнань аралында «Наурыз-2010» мерекелік шарасы өтуде. Қазақстанның Сауда-өнеркәсіптік палатасы Қытайдың Санья қаласының әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырып отырған бұл шараның аясында семинарлар, танысу экскурсиялары, қазақтың ұлттық дәстүрлерінің таныстырылымы және концерттер өтуде.

Сәуірдің 4-9-ы аралығында Қазақстандық-британдық сауда-өнеркәсіп кеңесінің төрағасы Д.Статтард бастаған бизнес-делегацияның Қазақстан Республикасына сапары өтеді. Сапар барысында Алматы мен Астана қалаларында маңызды кездесулері жоспарланған, оның ішінде ҚР Үкіметінің және министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ ұлттық компаниялардың басшылықтарымен.

Сәуірдің 6-7-сі күндері БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанға сапармен келеді. Сапар аясында Пан Ги Мун Қазақстан Президентімен кездеседі, Семей өңірінде болып, бұрынғы ядролық полигонға ат басын тірейді.

Сәуірдің 7-сінде Елбасының шақыруымен Украинаның жаңадан сайланған Президенті Виктор Януковичтің Қазақстан Республикасына бірінші ресми сапары өтеді. Сапар барысында екі мемлекет Басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдарда келіссөздері болады. Сонымен қатар, сапардың шеңберінде сауда-экономикалық, отын-энергетикалық салаларындағы, машина жасау өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешендегі, космос саласындағы және гуманитарлық ынтымақтастық бойынша бірқатар мәселелер талқыланады.

Сәуірдің 8-9-ында ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовтің шақыруымен Грузияның Премьер-министрі Николоз Гилауридің Астанаға жұмыс сапары өтеді. Жоспарланған келіссөздер барысында екі елдің үкімет басшылары қазақстан-грузин іскер ынтымақтастығының жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ экономикалық дағдарыстың салдарын бірлесіп жеңу үшін қажет шараларды талқыға салынады.

Сәуірдің 7-сінде Санкт-Петербордағы Таврия сарайында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған Халықаралық парламенттік конференция өтеді. Конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов сөз сөйлейді.

СПОРТ

Сәуірдің 5-і мен 14-і аралығында Шымкент қаласында қыздар арасында футболдан Қазақстан-2010 чемпионатының бірінші кезеңі өтеді. Біріншілік екі кезеңнен өтетін болады. Бірінші турлық бәсекеде алғашқы төрттікке ілінген командалар іріктеліп, екінші кезеңде ұжымдар өзара екі реттен өз стадиондарында шеберлік сынасады. Бірініші кезеңде Жерім (Көкшетау), Қазығұрт (Шымкент), Шахтер ҚарМУ (Қарағанды), Алматы құрамасы, СДЮШС №7 (Шымкент), Восток ШҚМУ (Өскемен) командалары қатысады.

Сәуірдің 6-12 аралығында Түркияның Ыстамбұл қаласында бокстан халықаралық турнир өтеді. Аталған турнирге Қазақстаннан ерлер мен әйелдер құрамасы қатысады. Ерлер құрамасында 51 килә салмақта Мирас Жақыпов, 60 киләда - Айдар Өмірзақов, 64 киләда - Әділет Егізеков, 69 киләда - Рустам Сваев, 75 киләда - Данабек Сужанов, 81 киләда - Алмат Серимов, 91 киләда - Василий Левит пен Иван Дычко өнер көрсетеді. Ал әйелдер құрамасында 46 киләда - Назым Қазибай, 48 киләда - Назгүл Боранбаева, 51 киләда - Әйгерім Асқарова, 54 киләда -Гүлжан Әкімова 57 кила салмақта - Королёва Оксан, 60 киләда - Гүлжан Уббаниязова, 64 киләда - Саида Хасенова , 69 киләда -Елена Кольцова,75 киләда - Дариға Шикимова, 81 киләда - Юлдуз Маматкулова бар. Турнир АИБА ережесі бойынша 11 салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі.

АСТАНА

Сәуірдің 6-сында Астана қаласы Ішкі істер департаментінде апталық брифинг болады.

Сәуірдің 6-сында «Риксос» отелінде «Атамекен» одағы басқармасының кеңейтілген отырысы өтеді.

Сәуірдің 6-сында «Керуен» сауда орталығында «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Н.Өтешев «Тарбағатай мұңы - бүкіл Қазақстанның мұңы» деген тақырыпта брифинг өткізеді.

Сәуірдің 6-7-сі күндері Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде аналитикалық журналистика бойынша тренинг өтеді. Шеберлік сабағын «Известия - Казахстан» газетінің бас редакторы Эдуард Полетаев пен Алматыдағы «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Жәлелов өткізеді.

Сәуірдің 7-сінде Астана қаласында Қазақстан-грузин сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысы өтеді.

Сәуірдің 9-ында Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Сен үшін» қойылымының премьерасы және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ләйлә Бекназар - Ханинганың Бенефисі өтеді.

АЛМАТЫ

Сәуірдің 6-сында Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде «ХХІ ғасырдағы катализ және химиялық технология» деген тақырыпта ғылыми конференция болады.

Сәуірдің 6-сында әл-Фараби атындағы университеттің журналистика кафедрасында «Қазақстанның сталиндік дәуірдегі бірінші тұлғалары» оқу құралының таныстырылымы болады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

СӘУІРДІҢ 6-Ы, БЕЙСЕНБІ

Ресейде тергеу органдары қызметкерлерінің күні. 1963 жылғы сәуірдің 6-да КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен бастапқы тергеу құқығын КСРО Қоғамдағы тәртіпті қорғау министрлігіне тапсырылды. Кейін КСРО Ішкі істер министрлігі болып өзгертілді. Бұл Жарлық Ресей Федерациясы ішкі істер органдары тергеу аппараты ресми қызметінің бастапқысы болды.

ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1995) Қарағанды қаласында белгілі ғалым Ебіней Арыстанұлы Бөкетов (1925-1983) тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

5 жыл бұрын (2005) Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы студенттері түсірген «Екі кішкентай шұжық» атты балалар фильмі Фридрих Вильхем Мюрнау атындағы жүлдені жеңіп алды.

Күшікке тамақ табу үшін бір кішкентай баланың ақша ұрлауы жайында түсірілген фильмге, аталмыш оқу орнының студенттері Әсет Иманғалиев пен Мәлік Беделбеков және танымал әртіс Ғазиза Әбденәбиева, сондай-ақ бірқатар қазақстандық және германиялық жастар қатысып, оған неміс режиссері Файт Хельмер режиссерлік етті.

3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Ұлттық Кітапханасында академик Асқар Жұмаділдаевтің бүлдіршіндерге арналып жазылған танымдық-математикалық кітапшаларының таныстырылымы болды.

Кітаптағы математикалық терминдер мен есептер қазақ тілінде тақпақ және халық ертегілерінің кейіпкерлері арқылы балаларға жеткізілген.

1 жыл бұрын (2009) қазақстанның танымал жазушысы Дүкенбай Досжанның «Мен өлгенде» деген кітабы жарық көрді.

Кітапқа жазушының әр кезеңдегі жазылған «Қымыз», «Жел Арыстан жалы», «Жас келіншектің асуы», «Ақыл базарда сатылмайды», «Кішкентай Ягимус» және басқа да әңгімелері кірді.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1955) Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының әкімі МҰХТАРХАНОВ Ануарбек Мұхтарханұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында туған. Қазақ ауылшаруашылық институтын, Алматы экономика және статистика академиясын бітірген.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық өсімдіктерді қорғау стансасының бастығы, Высокогорский совхозының бас агрономы, Күршім аудандық комитеті агроөндірістік кешені жұмысшылар кәсіподақ кеңесінің төрағасы, Шығыс Қазақстан облыстық әкімшілігінің ұйымдастыру-инспекторлық және кадр жұмысы бөлімінің аға инспекторы, бас маманы, Шығыс Қазақстан облыстық депутаттар кеңесі-мәслихатының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Шығыс Қазақстан облыстық агроөндірістік кешені жұмысшылар кәсіподақ облыстық кеңесінің төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, ұйымдастыру-инспекторлық және кадрлық жұмыстар, аумақтық даму бөлімінің меңгерушісі, Курчатов қаласының әкімі қызметтерін атқарған. Аталған қызметінде - 2007 жылдың қыркүйегінен.

55 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Аппарат басшысы ОҚАСОВ Сейтқажы Қажыкенұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында туған. Алматы энергетикалық институтын бітірген.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Терроризмге қарсы орталықтың басшысы қызметін атқарған. Аталған қызметінде - 2008 жылдан.

СӘУІРДІҢ 7-І, СӘРСЕНБІ

Дүниежүзілік денсаулық күні. Дүниежүзілік денсаулық күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы - ДДҰ-ның 1948 жылы құрылған күнінде атап өтіледі. Сол кезден бері әлемнің екі жүзге жуық мемлекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болған.

Денсаулық күнін жыл сайын өткізу 1950 жылдан бастап дәстүрге айналды. Бұл күн адамдардың өз өмірлерінде денсаулықтың мәні қаншалықты зор екенін түсініп, бүкіл әлемде адамдар денсаулығын жақсара түсу мақсатында тиісті шешім қабылдаулары үшін өткізіледі. ДДҰ әр жылды медицинадағы аса көкейкесті мәселелердің біріне арнап отырады.

2010 жылы бұл күн «Қалалардың тазалығы үшін жаһандық қозғалыстың қатысушысы болыңыз» тақырыбымен өтеді.

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (2000) Душанбеде Ұжымдық қауiпсiздiк туралы келiсiм шарттың қатысушы елдері қауiпсiздiк кеңесi хатшыларының кездесуi болып өттi.

Кездесуде халықаралық терроризмға және экстремизмге қарсы, есірткі саудасымен күресу, Ұжымдық қауiпсiздiк туралы келiсiм шартың әрі қарай жетiлдiру сұрақтары қарастырылды. Үйлестiрулер мен ынтымақтастық жүйелеуінің, әскери ынтымақтастық бағыттағы мақсатпен келісім шарттың қатысушы елдері қауіпсіздік кеңесі хатшыларының тұрақты жұмыс істейтін комитетін құру туралы шешім қабылданды.

10 жыл бұрын (2000) ақын Олжас Сүлейменовтің «Жазу тілі» кітабы жарық көрді.

5 жыл бұрын (2005) «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік таңбаларды пошталық төлемге енгізді.

Бұл «Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылдануына 10 жыл» номиналы бір, екі, үш, сегіз, он теңге, және «А» литерасымен (Қазақстан Республикасының аумағындағы жер бетіндегі көлікпен 20 гр дейін жай хатты жіберу тарифының номиналы) номиналы 50 және 65 теңге стандартты пошта маркалары. Безендірушісі - Игорь Макиенко.

5 жыл бұрын (2005) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде қазақтың алғашқы кәсіби журналистикасы мен баспасөзінің негізін қалаушылар, Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының мүсін-барельефінің ашылу рәсімі өтті.

Сонымен қатар салтанатты жиында журналистика факультетінің мерейтойлық кітабы таныстырылады. Кітап факультет тарихына қатысты мұрағаттық құжаттар негізінде жазылды. Онда 1000-ға жуық фотосурет басылып, факультеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі таныстырылған, әр жылдарғы түлектердің аты-жөні жарияланған.

1 жыл бұрын (2009) Астанада 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Қазақстан Республикасы Ішкі әскерінің 17 жауынгеріне арналған Еске алу аллеясы ашылды.

Осыдан он төрт жыл бұрын Тәжікстан тауларында әскери қызмет бабындағы Қазақстанның Ішкі әскер ротасы тұтқиылдан тап берген лаңкестердің шабуылына ұшыраған болатын. Олардың қазақстандық ротаны тез арада жоямыз деген жоспары іске аспай, керісінше кері шегінулеріне тура келген. Алайда шайқас 17 жауынгердің өмірін қиып кетті. Жаңадан ашылған аллея алдында 17 жауынгердің туған-туысқандары, әскер қатарында бірге сап түзеген жолдастары, қала тұрғындары жиналып, жаңадан отырғызылған 17 ағаштың түбіне гүл шоқтарын қойды.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі, Қарағанды қаласының №78 орта мектебінің мұғалімі Мағрифа Кәрібекова космонавтиканы насихаттаған үшін Юрий Гагаринің медалімен марапатталды.

Награданы космонавтика Федерациясының атынан Ресей Федерациясының Федеральды аэронавигациялық қызметінің басшысы Александр Пузанов табыс етті.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1935) ақын, жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі САҚИҰЛЫ Зұлқарнай дүниеге келді.

Қарақалпақстан Тақтакөпір ауданында туған. Қарақалпақ мемлекеттік педагогика институтын бітірген.

1957-1960 жылдары - «Совет Қарақалпақстаны» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1960-1968 жылдары - Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), «Путь Ленина» газеттерінде меншікті тілші, бөлім меңгерушісі Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі. 1968-1974 жылдары - Қызылорда облысындағы ҚазТАГ («Қазақпарат» АҚ) тілшісі. 1974-1991 жылдары - «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің аға тілшісі, жауапты хатшысының орынбасары, бөлім меңгерушісі, «Ақиқат» журналының аға әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1992-1994 жылдары - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің аға референті «Мұраттас» баспасының бас редакторы . 1994-1996 жылдары - «Санат» баспасының аға редакторы, «Жеті жарғы» баспасы бас редакторының орынбасары, «Әділет министрлігінің хабаршысы» журналының бас редакторы. 1996-1998 жылдары «Қазақ энциклопедиясының» жетекші маманы, «Денсаулық» журналының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Х.Байранұқованың, Г.Марковтың шығармаларын, Б.Брехтің, А.Володиннің, Э.Де Филиппоның пьесаларын, В.Короленко, О.Гончар, Ю.Казаков, Ю.Рытхеу, Я.Кросс, Ц.Дамдинсурэн, И.Минэскурта, Р.Салури, В.Далан әңгімелерін, «Соттар мен судьялар туралы хикаялар» жинағын, Б.Ривкиннің монографиясын, тағы да көптеген шетелдік жазушылардың кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған.

70 жыл бұрын (1940) жазушы, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының алғашқы сыйлығының иегері БОДАУБАЙ Болат Қамиұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысы Шу ауданының Төле би ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1963-1974 жылдары - қазіргі «Жас алаш» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары. 1974-1976 жылдары - қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі. 1976-1984 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық қомитетінде жауапты қызметтерде болған. 1984-1996 - жылдары «Жалын» баспасының директоры, республикалық «Қазақстан» кітап саудасы бірлестігінің бас директоры, халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы. 1996-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының аударма, редакциялау және Парламент актілерін шығару бөлімінің орынбасары, 1997-2003 жылдары осы бөлімнің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

«Жас жүректер», «Желсіз түнде жарық ай», «Бір үйдің балалары», «Май жаңбыры», «Ескі дәптер шерткен сыр», «Қарт тергеушінің әңгімелері» атты кітаптардың авторы. Н.Носовтың романдарын, Ю.Алешковскийдің повестерін қазақ тіліне тәржімалаған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, бірнеше медальдармен марапатталған.

СӘУІРДІҢ 8-І, БЕЙСЕНБІ

Халықаралық сығандар күні. 1971 жылдың 8-ші сәуірінде бірінші Бүкілдүниежүзілік сығандар конгресі өткізілді. Осы конгресте Бүкілдүниежүзілік сығандар одағы құрылып, әнұраны мен туы қабылданды.

Сыған туралы алғашқы естеліктер 1501 жылы сыған таборының көсемі Васильдің Литва князі Александр Казимировичтен күзет грамотасын алған кезден бастау алады. Бүгінгі таңда аталмыш мереке ірі сыған ұйымдары бар 60-қа жуық елде жыл сайын атап өтіледі.

Халықаралық тайцзи және цигун күні (имунитетті күшейтуге арналған көне қытайлық жаттығулар жүйесі). Тайцзи и цигун - дем алу мен иммунитетті реттеуге арналған ежелгіқытайлық жаттығулар жүйесі.

Бұл күні дәстүр бойынша көпшілікке арналған жаттығулар өткізіледі.

ОҚИҒАЛАР

11 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Ақмола облысының әкімшілік орталығы Астана қаласынан Көкшетау қаласына көшірілді.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің «Тәуелсіз Қазақстанның монеталары» атты тұңғыш фото көрмесі болып өтті.

Көрмеге қойылған жәдігерлердің қатарында «Қызыл кітап», «Номадтар алтыны», «Тарихи-сәулет ескерткіштері», «Қазақстанның қызыл кітабы», «Спорт», «Көке Түркістан» сериялары бойынша шыққан монеталардың суреттері бар.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда Халықаралық экономика мектебінің және әлеуметтік ғылымының (ХЭМ) тұсау кесер рәсімі өтті. Бұл мектеп Қазақстан-Британдық университетiнің бөлiгi болып табылады.

1 жыл бұрын (2009) Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Халықаралық жас физиктер «Космос, ядра, наука и нанотехнологии» мектебі ашылды.

Ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1986) актер, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі БАЙЫРМАНОВ Хасен дүниеге келді.

Павлодар облысы, Ақсу ауданында туған. Мәскеудегі Орталық өнер техникумын бітірген.

1930 жылы Қазақ драма театрына қабылданып, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Жапалдың, Ж.Шаниннің «Шахтасы» мен «Торсықбайындағы» жалшының рөлдерін ойнап, актерлік өнерге бейімділік танытады.

1934 жылы ашылған Семей театрында өмірінің соңына дейін еңбек етті. Мұнда ол М.Әуезовтің пьесалары бойынша қойылған қойылымдардың бәріне қатысып, Жантық, Қараменде би, Төлеген, Қоңқай, Қарабай және тағы басқа рөлдерде ойнаған. Халық әндерін орындауда өз ерекшелігімен танылды. Иса Байзақовтың «Желдірмесін» өзгеше айтатын әншілердің бірі болған.

50 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы ТӘЖИН Марат Мұхамбетқазұлы дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. Алматы халық шаруашылық институтын (қазіргі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика унивеститеті), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болған.

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі.

Бірнеше монографияның авторы: «Адам. Аймақ. Қала», «Аймақтық социология», «КСРО-ны аймақтық зерттеу», «КСРО халқын аймақтық зерттеу».

Социология ғылымының докторы, Ресей Әлеуметтік ғылым академиясының академигі, ҚР Саясаттану ғылымы академиясының академигі және президенті.

«І дәрежелі Барыс», «Құрмет» ордендерімен, және «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері» төс белгісімен марапатталған.

СӘУІРДІҢ 9-Ы, ЖҰМА

Микаэль Агриколаның күні (Фин тілінің күні). Ұлы фин ағартушысы Микаэль Агрикола жазбаша фин тілін жасауға өзінің зор үлесін қосқан. Соның құрметіне 9 сәуірде Финляндияда мемлекеттік байрақ көтеріледі.

ОҚИҒАЛАР

140 жыл бұрын (1870) Маңғыстаудағы Иса-Досан көтерілісін басып-жаншуға Дағыстаннан жазалаушы отряд келіп жетті. Көтерілісшілер Александровск (қазіргі Форт-Шевченко) бекінісін тастап, кері шегінуге мәжбүр болды.

10 жыл бұрын (2000) Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Баку қаласында өткен «Китаби дәдә Коркут» эпосының 1300 жылдығына арналған мерекелік мәжіліске қатысып, сөз сөйледі.

3 жыл бұрын (2007) Павлодар облысы ардагерлер кеңесінің «Біздің өмірбаянымыз. 1987-2007 жылдар» (Вехи нашей биографии. 1987-2007») атты деректі кітабы жарық көрді.

Ардагерлер қозғалысының 20 жылдығына арналған бұл кітапта Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, тыл игерушілерінің қираған ауыл шаруашылығын қалпына келтірген, тың көтерген, қалалар мен зауыттарды салғандары туралы естеліктері кірген.

1 жыл бұрын (2009) Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында битум өндіретін зауыт іске қосылды.

ЕСІМДЕР

150 жыл бұрын (1860-1945) халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері БАЙҒАНИН Нұрпейіс дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Темір ауданында (қазіргі Байғанин ауданы) туған.

Жастайынан домбыра тартуға, жанынан суырып салып, өлең шығаруға талпынған. Көп кешікпей-ақ ол «бала жыршы» деген атқа ие болады. Нұрпейіс өз кезіндегі белгілі ақындардың жырларын тыңдайды, олардың шығармаларын жаттап алады. Жас кезінде-ақ оның репертуарына Батыс Қазақстанның ақындары Абыл Тілеуұлының, Алаша Байтоқтың, Шернияз Жарылғасұлының, Нұрым Шыршығұлұлының өлеңдері мен жырлары енген.

17 жасынан бастап Нұрпейіс маман ақын болып қалыптасады. Белгілі ақындармен айтысқа түсіп, үнемі жеңіске жетіп жүреді. Ол кәдімгі ақындар сияқты ауыл-ауылды аралап, өлең шығарады, ал көп кешікпей оның есімі тек туған жерінде ғана емес, Оңтүстік Орал, Сырдарияның бойында, Қарақалпақстан, Хиуада, Түркменстанда белгілі бола бастайды.

Қазақтың халық эпосын білгені оны жігері жасымайтын ақын етеді. Енді эпикалық поэмаларды жатқа қайталап айтумен шектелмей, оларды өңдейді, толықтырады, байытады, өзінің жанынан шығарған тамаша шумақтармен жандандырады. Осындай жолдармен Нұрпейіс Байғаниннің жырлауында «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Орақ - Мамай», «Қарасай - Қази», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз-жібек», «Айман-Шолпан» нұсқалары туған.

«Қобыланды» эпосының 26 нұсқасының ішіндегі ең көлемдісі де Нұрпейіс Байғаниндікі болып шығады. 9300 жолдан тұратын жырды 1940 жылы оның хатшысы Ахмет Ескендіров жазып алған.

1917 жылы Нұрпейіс Байғанин көтерілісшілердің жалынды ақын-үгітшісі болады. Оның сюжеттік өлеңдерінің тақырыбы мен шығармашылық әдісі де кеңейеді. Ертедегі өткендер енді шындыққа айналады, халық эпосының авторлықпен өңделген қайта жырлаулары күнделікті өмірдегі батырлық жөніндегі шығармаға айналады. «Ақкенже» поэмасында ол жас өмірдің қысым астында қалғаны жөніндегі тарихтың жан тебірентерлік бейнесін жасаған.

30-жылдары Нұрпейіс Байғанин әр түрлі мекемелерде жұмыс жасайды, колхоздарда үгітші және ұйымдастырушы болған. 1938 жылы Нұрпейіс Байғанин алғаш рет Алматыға келіп, Жамбыл Жабаевтың мерейтойына қатысып, «Ақын шабыты», «Жамбылға», «Көрімдік», «Ғасырдың қарт бұлбұлы», тағы басқа жырлар шығарған. Осы кезден бастап Нұрпейіс Байғаниннің барлық шығармалары оның бірінші жеке хатшысы Ахмет Ескендіров арқылы қағазға түсіріліп отырылады, соның арқасында ақынның жақсы шығармалары бізге дейін жеткен. Осы жылы Нұрпейіс Байғанин «Комиссар Пожарский» атты поэма жазады.

1939 жылы ақын Қазақстан Жазушыларының ІІ-съезіне қатысып, Жазушылар одағының мүшесі болған. Нұрпейіс Байғанин ақындардың республикалық слетіне қатысып, топпен бірге Мәскеудің ауыл шаруашылық жетістіктері көрмесіне жіберіледі. Көрме барысында Нұрпейіс Байғанин айтқан жырлар орыс тіліне аударылып, Бүкілодақтық радиодан беріледі.

Осы жылы Нұрпейіс Байғанинге «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» деген атақ беріліп, ақын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бірінші сессиясы Президиумының грамотасымен марапатталады. Ақын өз арнауымен ашқан бірінші облыстық Кеңестің депутаты болып сайланады.

1940 жылы қоғамдық қайраткерлігі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Бұл оқиғаға ол өзінің «Қуаныш жыры» атты өлеңін арнаған.

Әйгілі «Седовшылар» атты өлеңін 812 тәулік бойында мұз құрсауында қалған «Седов» қаһармандарына арнаған.

Оның соғыс жылдарындағы шығармашылығы табысты болды. Бұл кезеңдегі ақынның шығармалары еркін әрі тамаша өмір үшін күреске арналған. Ол эпостардағы халықтық қаһармандықты көрсете отырып, жеке батырлар мен майдандағы оқиғалар жөнінде өлеңдер мен дастандар шығарады. Бұл кезеңдегі шығармаларының белгілілері - «Батыр туралы жыр», «Батыр ұлға», «Жеңіс үшін», «Қазақстан - майданға»және басқалар.

Нұрпейіс Байғанин қиын кезеңде халықты тек жырымен демеп қоймай, үгіт бригадасының құрамында республиканы аралап, елдегі еңбекшілердің жауынгерлік рухын көтерген. 1944 жылы маусымда өзінің еңбектегі ерліктерімен белгілі болған Шығанақ Берсиевке қоштасу әнұранын арнаған.

Ақынның шығармаларын Мәриям Хакімжанова, Қуандық Шаңғытбаев, Ержан Ахметов, тағы басқа ақындар ұқыпты түрде қағазға түсіріп отырған.

Ақтөбе облысындағы ауданға, туған ауылына, Ақтөбе қаласындағы көшеге Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілген.

75 жыл бұрын (1935) жазушы-сатирик, Қазақстанның құрметті журналисті, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты ҚАБЫШҰЛЫ Ғаббас дүниеге келді.

Шығыс Қазақтан облысының Ұлан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1956-1966 жылдары - «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінің корректоры, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редакторы. 1966-1974 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, редакторы. 1974-1983 жылдары - КСРО Әдебиет қоры Қазақ бөлімшесінің директоры. 1983-1988 жылдары - «Ара» - «Шмель» әзіл-сықақ журналының бас редакторы. 1989-1991 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының Көркем аударма және әдеби байланыс бас редакциясы алқасының бөлім меңгерушісі, төрағасы. 1991-1995 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, 1995-1996 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы қызметтерін атқарған.

Алғашқы әзіл-сықақ әңгімелері 1966 жылы «Шұғыла» жас жазушылар жинағында жарық көрген. 1970 жылы жазушының алғаш рет «Мінездеме» атты жинағы шыққан. «Мысықта неге сақал жоқ?», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Тарихта қалғың келе ме?», «Бұл әлгі кім..», «Халіңіз қалай?», «Кадр мәселесін ... мәселе шешеді», «Жетім жиналыс», «Смех и слезы», «Адамның кейбір кездері» атты кітаптардың авторы.

А.Чеховтың, О.Вишнянның, И.Друцэнің, А.Несиннің, А.Бусуйоктың, Б.Нушичтың, Д.Ленчтің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

СӘУІРДІҢ 10-Ы, СЕНБІ

Нидерландыда мұражайлар күні. Амстердам - әлемдегі ең iрi көркем мұражай орталықтарының бiрi. Нидерландыда жыл сайын сәуірдің екінші демалысында Мұражайлар күнін атап өтеді.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданының орталығы Бурное селосына Бауыржан Момышұлының есімі берілді.

8 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының аумағында «Косманавтика күні» сериясының екі пошта маркасы айналымға түсті, «Алғашқы рет әлемде кеме бортындағы ғарыш саяхаттанушысы бар халықаралық ұшу» тақырыбына арналған.

2002 жылғы сәуірдің 8-і мен 12-і аралығында Алматыға әлемдегі алғашқы ғарыш-саяхатшысы Дэннис Тито сапармен келді, маркалардың салтанатты рәсіміне қатысуға ниет білдірді.

Бірінші марка: «Союз ТМ-32» экипажы ғарышкер-ұшқыш Талғат Мұсабаев және бортинженер Юрий Батурин мен Денис Тито бейнеленген түрлі-түсті сурет. Марканың сол жақтағы астыңғы бұрышында «Союз ТМ-32» кемесінің эмблемасы және барлық ғарышкерлердің фамилиясы бейнеленген.

Екінші марка: Марканың ортасында Жер планетасы және Қазақстаның, Ресейдің және АҚШ-тың желбіреген байрағы.

Бірінші пошта маркасының номиналы - 30 теңге, таралымы - 100 000 дана; екінші пошта маркасының номиналы - 70 теңге, таралымы - 100 000 дана.

1 жыл бұрын (2009) Киевте Қазақстан Республикасының Елшілігінде қазақтың танымал ақыны және жазушысы Олжас Сүлейменовтың украин тіліне аударылған «Тарихқа дейінгі түркілер» кітабының таныстырылымы болып өтті.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1940-2001) мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ДОСМАҒАМБЕТОВ Төлеген Сәбитұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін, И.Репин атындағы Санкт-Петербор кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген.

Алматы көркемсурет училищесінің оқытушысы, Алматы өнер академиясының кафедра меңгерушісі, доценті қызметтерін атқарған.

Төлеген Досмағамбетовтің отыз жылдық шығармашылық өміріндегі негізгі жұмыстары - мүсіндік портреттер мен көптеген ескерткіштер. «Ақан-Сері - Құлагер» монументік композициясының, Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Амангелді Иманов, Әліби Жанкелдин, Ғани Мұратбаев, Қаныш Сәтпаев, Дінмұхаммед Қонаевтың ескерткіштері мен кеуде мүсіндерінің авторы. Оның қаламынан Нұрсұлтан Назарбаев, Олжас Сүлейменов, Бибігүл Төлегенова, Әнуар Әлімжанов, Тоқтар Әубәкіров, тағы басқа тарихи тұлғалардың портреттері туындаған.

50 жыл бұрын (1960) Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі ТҰРЛАШОВ Ләззат Махатұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын бітірген.

Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі қызметін атқарған. Аталған қызметінде - 2009 жылғы 8 қыркүйегінен.

СӘУІРДІҢ 11-І, ЖЕКСЕНБІ

Халықаралық фашистік концлагерлер тұтқындарын босату күні. 1945 жылғы сәуірдің 11-інде Бухенвальда концлагерінің астыртын комитеті қарулы көтеріліс ұйымдастырып, тұтқындар азаттық алды. Сол кезден бастап барлық елде Халықаралық фашистік концлагерлердегі тұтқындарды босату күні атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

13 жыл бұрын (1997) Оралда «Жайық пен Оралдың қазақтары» атты қоғамдық бірлестік құрылды.

5 жыл бұрын (2005) Астанада дарынды балалардың «Ғылым әлемін ашамыз» деген тақырыппен бірінші халықаралық конференциясы өтті. - 2005-2007 жылдардағы «ҚР ғарыш саласын дамыту туралы» мемлекеттік бағдарлама аясында және де ЮНЕСКО қолдауымен 2005 жылды Физика жылы деп жариялануы шеңберінде Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырушысы.

Конференцияға Венгрия Республикасының ғарышкері Берталан Фаркаш, Ресей Федерациясының ғарышкері Александр Викторенко, Space Camp Халықаралық ғарыш лагері жобасының өкілі Скотт Вудхам, Байқоңырдағы Халықаралық ғарыш мектебінің директоры Шаталов Дмитрий Владимирович сынды құрметті қонақтар қатысты.

Шара аясында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мектеп оқушыларының ғарыштық тақырыптарға арналған ғылыми-техникалық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.

3 жыл бұрын (2007) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бірі, жазушы, аудармашы Спандияр Көбеевтің (1878-1956) таңдамалы шығармалары жарық көрді.

Жинақ орта мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне, жоғары оқу орындарының студенттері, аспиранттары, оқытушыларына арналған және кітапқа жазушының «Үлгілі тәржіма» және «Үлгілі бала» атты туындылары да енген.

3 жыл бұрын (2007) «Тұран-профи» халықаралық кәсіптік академиясында кәсіпкерлерді ақпараттық технологиялар саласында оқытуға арналған Ақпараттық технологиялар орталығы ашылды.

Аталған орталық «ЭксонМобилҚазақстан» компаниясының қаржылық демеушілігімен және Астана қаласы Салық комитетінің қолдауымен құрылды. Онда кәсіпкерлер компьютерде жұмыс істеу біліктілігін арттырып, бірқатар арнайы бағдарламаларды меңгере алады. Шағын және орта бизнес субъектілері ретінде тіркелген кәсіпкерлер «Компьютерлік сауаттылық», «Бухгалтериялық есеп», «1С: Бухгалтерия», «Салық есебінің электронды формалары», «Салық пен құқық» курстарынан өтеді.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1930-1996) инженер-металлург, техника ғылымының докторы, профессор Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі ФИАЛКОВ Борис Соломонович дүниеге келді.

Украинаның Харьков қаласында туған. Орал политехника институтын бітірген.

1952-1957 жылдары КСРО Қара металлургия министрлігінің «Оралэнергоқармет» мекемесінде инженер, аға инженер, 1957-1963 жылдары Орал политехника институтында аға инженер, кіші ғылыми қызметкер болған. 1963-1966 жылдары Қара металлургия орталық ғылыми-зерттеу институтының Қазақ филиалында ғылыми хатшы, зертхана меңгерушісі. 1966-1975 жылдары Бүкілодақтық көмір институтының зертхана меңгерушісі. 1975-1989 жылдары Қазақ КСР ҒА Химия-металлургия институтының зертхана меңгерушісі. 1989-1992 жылдары осы институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1994 жылы ҚР Минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі Ұлттық орталықтың бұйрығымен Химия-металлургия институтының директоры болып тағайындалып, өмірінің соңына дейін жемісті еңбек етті.

Негізгі ғылыми еңбектері қара металдар металлургиясына арналған. 4 монографияның және 300-ден аса ғылыми мақаланың, 50 авторлық куәлік пен өнертапқыш патенттің авторы. 19 кандидаттық және 3 докторлық диссертацияның жетекшісі болған.

70 жыл бұрын (1940) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымының докторы, профессор, Америка геофизикалық одағының мүшесі, К.Э.Циолковский атындағы Халықаралық космонавтика академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Астрофизикалық зерттеулер орталығы» мемлекеттік мекемесі, «Ионосфера институты» мемлекеттік еншілес кәсіпорнының директоры ДРОБЖЕВ Виктор Иванович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде туған. Томск мемлекеттік университетін бітірген.

В.И Дробжев - Қазақ КСР Ғылым академиясының Ионосфера секторының инженері (1962-1964), аспиранты (1964-1967), кіші ғылыми қызметкері (1967-1968), 14 Кеңес антарктикалық экспедициясының аға ғылыми қызметкері (1968-1970), аға ғылыми қызметкер (1970-1983), Физика-математика бөлімшесі академик-хатшысының орынбасары (1990-1994), Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті - ғылым министрінің орынбасары (1996-1999), қызметтерін атқарған. Қазір Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Астрофизикалық зерттеулер орталығы» мемлекеттік мекемесі «Ионосфера институты» мемлекеттік еншілес кәсіпорнының директоры (1983 жылдан) қызметін атқарады

Радио және геофизика саласының ірі маманы В.И.Дробжев ортаендік ионосферасының динамикалық процестерінің толқындық табиғатының тұжырымдамасын негіздеді, сонымен қатар олардың радио және геофизика болжамын жасады. Ол басқа бағытты дамытудың - жер маңы ғарыштық кеңістігіндегі табиғи және антропогенді құбылыстардың (жарылыстар, жер сілкіністері, ғарыш аппараттарын ұшыру, күннің жарқыл шығаруы) қарқынды кезінде болатын динамикалық процестерді зерттеуді дамытудың бастамашысы болды.

Ол Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссиясының қолданбалы проблемалар секциясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық кеңестің мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Төралқасының мүшесі, докторлық диссертация қорғау жөніндегі арнаулы кеңестің төрағасы, Институттың іргелі зерттеулер бағдарламасының және бірқатар қолданбалы жобалардың ғылыми жетекшісі болып табылады. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті - Ғылым министрінің орынбасары бола жүріп, қазақстандық ғылымды сақтап қалу мен дамытуда, атап айтқанда, республика ғылымының басқару жүйесін жетілдіруде, мақсатты ғылыми бағдарлама құруда, бағдарламалардың мемлекеттік тәуелсіз сараптамасын өткізуде, бірыңғай ақпараттық кеңістік құруда, мамандарды құрылымдық-балансталған түрде даярлауда көп еңбек етті. Үкіметтік жұмыс тобының мүшесі ретінде «Қазақстан Республикасында ғарыштық қызметті 2005-2007 жылдарда дамыту» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге қатысты, бұл құжат 2005 ж. 25 қаңтарында ел Президентінің Жарлығымен бекітілген болатын. Ол Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығына орай өткізілген «Қазақстан ғылымы - өткен күннен болашаққа» атты көрмені әзірлеу барысында үлкен қажырлылық көрсетті. Көрме Парижде 1999 жылы 15-ші сәуірінен 23-іне дейін ЮНЕСКО шеңберінде өтті.

200-ден астам ғылыми жұмыс пен 2 монографияның, 11 өнертабыстың авторлық куәліктерінің иегері, ол 1 доктор және 12 ғылым кандидатын даярлады.

5 медальмен, «КСРО өнертапқышы» белгісімен, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар