ҚазАқпарат-Анонс: сәуірдің 9-ы мен 11-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ
Сәуірдің 8-9-ы күндері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде министр Ақылбек Күрішбаевтың төрағалығымен «Кедендік одақ елдері агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ғылыми қамтамасыз ету» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Сәуірдің 9-ында Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов елімізге жұмыс сапарымен келген Грузия премьер-министрі Н.Гилауримен кездеседі.
Сәуірдің 9-ында сағат 15.00-те «BNews.kz» ақпараттық агенттігінің студиясында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукиннің қатысуымен Online-конференция өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Сәуірдің 9-ында Парламентте Сенаттың жалпы отырысы өтеді.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Сәуірдің 3-і мен 10-ы аралығында Қытайдың Хайнань аралында «Наурыз-2010» мерекелік шарасы өтуде. Қазақстанның Сауда-өнеркәсіптік палатасы Қытайдың Санья қаласының әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырып отырған бұл шараның аясында семинарлар, танысу экскурсиялары, қазақтың ұлттық дәстүрлерінің таныстырылымы және концерттер өтуде.
Сәуірдің 4-9-ы аралығында Қазақстандық-британдық сауда-өнеркәсіп кеңесінің төрағасы Д.Статтард бастаған бизнес-делегацияның Қазақстан Республикасына сапары өтеді. Сапар барысында Алматы мен Астана қалаларында маңызды кездесулері жоспарланған, оның ішінде ҚР Үкіметінің және министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ ұлттық компаниялардың басшылықтарымен.
Сәуірдің 8-9-ында ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовтің шақыруымен Грузияның Премьер-министрі Николоз Гилауридің Астанаға жұмыс сапары өтеді. Жоспарланған келіссөздер барысында екі елдің үкімет басшылары қазақстан-грузин іскер ынтымақтастығының жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ экономикалық дағдарыстың салдарын бірлесіп жеңу үшін қажет шараларды талқыға салынады.
СПОРТ
Сәуірдің 5-і мен 14-і аралығында Шымкент қаласында қыздар арасында футболдан Қазақстан-2010 чемпионатының бірінші кезеңі өтеді. Біріншілік екі кезеңнен өтетін болады. Бірінші турлық бәсекеде алғашқы төрттікке ілінген командалар іріктеліп, екінші кезеңде ұжымдар өзара екі реттен өз стадиондарында шеберлік сынасады. Бірініші кезеңде Жерім (Көкшетау), Қазығұрт (Шымкент), Шахтер ҚарМУ (Қарағанды), Алматы құрамасы, СДЮШС №7 (Шымкент), Восток ШҚМУ (Өскемен) командалары қатысады.
Сәуірдің 6-12 аралығында Түркияның Ыстамбұл қаласында бокстан халықаралық турнир өтеді. Аталған турнирге Қазақстаннан ерлер мен әйелдер құрамасы қатысады. Ерлер құрамасында 51 килә салмақта Мирас Жақыпов, 60 киләда - Айдар Өмірзақов, 64 киләда - Әділет Егізеков, 69 киләда - Рустам Сваев, 75 киләда - Данабек Сужанов, 81 киләда - Алмат Серимов, 91 киләда - Василий Левит пен Иван Дычко өнер көрсетеді. Ал әйелдер құрамасында 46 киләда - Назым Қазибай, 48 киләда - Назгүл Боранбаева, 51 киләда - Әйгерім Асқарова, 54 киләда -Гүлжан Әкімова 57 кила салмақта - Королёва Оксан, 60 киләда - Гүлжан Уббаниязова, 64 киләда - Саида Хасенова , 69 киләда -Елена Кольцова,75 киләда - Дариға Шикимова, 81 киләда - Юлдуз Маматкулова бар. Турнир АИБА ережесі бойынша 11 салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі.
Сәуірдің 10-ында елордадағы «Астаналық цирк» ғимаратында, мемлекеттік қызметкерлер арасында қазақша күрестен белдесу өтеді.
АСТАНА
Сәуірдің 9-ында Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Сен үшін» қойылымының премьерасы және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ләйлә Бекназар - Ханинганың Бенефисі өтеді.
Сәуірдің 9-ында Л. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетте студенттердің «Ломоносов-2010» халықаралық конференциясы өтеді.
Сәуірдің 9-ында «Бәйтерек» медиа-орталығында Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ерлік даңқы өшпейді» атты акцияның басталғаны туралы баспасөз мәслихаты болады.
Сәуірдің 9-ында «Нұр Отанның» орталық аппаратында «Ғылым туралы» Заң жобасын талқылау» тақырыбы бойынша «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Сәуірдің 9-ында Музыка академиясында Германияның Қазақстандағы жылының аясында көктемгі концерт болады.
АЛМАТЫ
Сәуірдің 8-11-і күндері аралығында Алматыда «IX халықаралық джаз мерекесі» дәстүрлі фестивалі өтеді.
Сәуірдің 9-ы күні Алматыда «Тілдерді оқытудың тиімді стратегиясы, қазіргі жолдары мен жаңа әдістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Алматыда сәуірдің 9-ы күні Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде «Абай» мұражай-кабинетінің тұсаукесері өтеді.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН
Орал қаласында сәуірдің 10-ы мен мамырдың 10-ы аралығында санитарлық тазалық және абаттандыру айлығы өткізілмек,
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
СӘУІРДІҢ 9-Ы, ЖҰМА
Микаэль Агриколаның күні (Фин тілінің күні). Ұлы фин ағартушысы Микаэль Агрикола жазбаша фин тілін жасауға өзінің зор үлесін қосқан. Соның құрметіне 9 сәуірде Финляндияда мемлекеттік байрақ көтеріледі.
ОҚИҒАЛАР
140 жыл бұрын (1870) Маңғыстаудағы Иса-Досан көтерілісін басып-жаншуға Дағыстаннан жазалаушы отряд келіп жетті. Көтерілісшілер Александровск (қазіргі Форт-Шевченко) бекінісін тастап, кері шегінуге мәжбүр болды.
10 жыл бұрын (2000) Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Баку қаласында өткен «Китаби дәдә Коркут» эпосының 1300 жылдығына арналған мерекелік мәжіліске қатысып, сөз сөйледі.
3 жыл бұрын (2007) Павлодар облысы ардагерлер кеңесінің «Біздің өмірбаянымыз. 1987-2007 жылдар» (Вехи нашей биографии. 1987-2007») атты деректі кітабы жарық көрді.
Ардагерлер қозғалысының 20 жылдығына арналған бұл кітапта Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, тыл игерушілерінің қираған ауыл шаруашылығын қалпына келтірген, тың көтерген, қалалар мен зауыттарды салғандары туралы естеліктері кірген.
1 жыл бұрын (2009) Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында битум өндіретін зауыт іске қосылды.
ЕСІМДЕР
150 жыл бұрын (1860-1945) халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері БАЙҒАНИН Нұрпейіс дүниеге келді.
Ақтөбе облысының Темір ауданында (қазіргі Байғанин ауданы) туған.
Жастайынан домбыра тартуға, жанынан суырып салып, өлең шығаруға талпынған. Көп кешікпей-ақ ол «бала жыршы» деген атқа ие болады. Нұрпейіс өз кезіндегі белгілі ақындардың жырларын тыңдайды, олардың шығармаларын жаттап алады. Жас кезінде-ақ оның репертуарына Батыс Қазақстанның ақындары Абыл Тілеуұлының, Алаша Байтоқтың, Шернияз Жарылғасұлының, Нұрым Шыршығұлұлының өлеңдері мен жырлары енген.
17 жасынан бастап Нұрпейіс маман ақын болып қалыптасады. Белгілі ақындармен айтысқа түсіп, үнемі жеңіске жетіп жүреді. Ол кәдімгі ақындар сияқты ауыл-ауылды аралап, өлең шығарады, ал көп кешікпей оның есімі тек туған жерінде ғана емес, Оңтүстік Орал, Сырдарияның бойында, Қарақалпақстан, Хиуада, Түркменстанда белгілі бола бастайды.
Қазақтың халық эпосын білгені оны жігері жасымайтын ақын етеді. Енді эпикалық поэмаларды жатқа қайталап айтумен шектелмей, оларды өңдейді, толықтырады, байытады, өзінің жанынан шығарған тамаша шумақтармен жандандырады. Осындай жолдармен Нұрпейіс Байғаниннің жырлауында «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Орақ - Мамай», «Қарасай - Қази», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз-жібек», «Айман-Шолпан» нұсқалары туған.
«Қобыланды» эпосының 26 нұсқасының ішіндегі ең көлемдісі де Нұрпейіс Байғаниндікі болып шығады. 9300 жолдан тұратын жырды 1940 жылы оның хатшысы Ахмет Ескендіров жазып алған.
1917 жылы Нұрпейіс Байғанин көтерілісшілердің жалынды ақын-үгітшісі болады. Оның сюжеттік өлеңдерінің тақырыбы мен шығармашылық әдісі де кеңейеді. Ертедегі өткендер енді шындыққа айналады, халық эпосының авторлықпен өңделген қайта жырлаулары күнделікті өмірдегі батырлық жөніндегі шығармаға айналады. «Ақкенже» поэмасында ол жас өмірдің қысым астында қалғаны жөніндегі тарихтың жан тебірентерлік бейнесін жасаған.
30-жылдары Нұрпейіс Байғанин әр түрлі мекемелерде жұмыс жасайды, колхоздарда үгітші және ұйымдастырушы болған. 1938 жылы Нұрпейіс Байғанин алғаш рет Алматыға келіп, Жамбыл Жабаевтың мерейтойына қатысып, «Ақын шабыты», «Жамбылға», «Көрімдік», «Ғасырдың қарт бұлбұлы», тағы басқа жырлар шығарған. Осы кезден бастап Нұрпейіс Байғаниннің барлық шығармалары оның бірінші жеке хатшысы Ахмет Ескендіров арқылы қағазға түсіріліп отырылады, соның арқасында ақынның жақсы шығармалары бізге дейін жеткен. Осы жылы Нұрпейіс Байғанин «Комиссар Пожарский» атты поэма жазады.
1939 жылы ақын Қазақстан Жазушыларының ІІ-съезіне қатысып, Жазушылар одағының мүшесі болған. Нұрпейіс Байғанин ақындардың республикалық слетіне қатысып, топпен бірге Мәскеудің ауыл шаруашылық жетістіктері көрмесіне жіберіледі. Көрме барысында Нұрпейіс Байғанин айтқан жырлар орыс тіліне аударылып, Бүкілодақтық радиодан беріледі.
Осы жылы Нұрпейіс Байғанинге «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» деген атақ беріліп, ақын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бірінші сессиясы Президиумының грамотасымен марапатталады. Ақын өз арнауымен ашқан бірінші облыстық Кеңестің депутаты болып сайланады.
1940 жылы қоғамдық қайраткерлігі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Бұл оқиғаға ол өзінің «Қуаныш жыры» атты өлеңін арнаған.
Әйгілі «Седовшылар» атты өлеңін 812 тәулік бойында мұз құрсауында қалған «Седов» қаһармандарына арнаған.
Оның соғыс жылдарындағы шығармашылығы табысты болды. Бұл кезеңдегі ақынның шығармалары еркін әрі тамаша өмір үшін күреске арналған. Ол эпостардағы халықтық қаһармандықты көрсете отырып, жеке батырлар мен майдандағы оқиғалар жөнінде өлеңдер мен дастандар шығарады. Бұл кезеңдегі шығармаларының белгілілері - «Батыр туралы жыр», «Батыр ұлға», «Жеңіс үшін», «Қазақстан - майданға»және басқалар.
Нұрпейіс Байғанин қиын кезеңде халықты тек жырымен демеп қоймай, үгіт бригадасының құрамында республиканы аралап, елдегі еңбекшілердің жауынгерлік рухын көтерген. 1944 жылы маусымда өзінің еңбектегі ерліктерімен белгілі болған Шығанақ Берсиевке қоштасу әнұранын арнаған.
Ақынның шығармаларын Мәриям Хакімжанова, Қуандық Шаңғытбаев, Ержан Ахметов, тағы басқа ақындар ұқыпты түрде қағазға түсіріп отырған.
Ақтөбе облысындағы ауданға, туған ауылына, Ақтөбе қаласындағы көшеге Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілген.
75 жыл бұрын (1935) жазушы-сатирик, Қазақстанның құрметті журналисті, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты ҚАБЫШҰЛЫ Ғаббас дүниеге келді.
Шығыс Қазақтан облысының Ұлан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1956-1966 жылдары - «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінің корректоры, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редакторы. 1966-1974 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, редакторы. 1974-1983 жылдары - КСРО Әдебиет қоры Қазақ бөлімшесінің директоры. 1983-1988 жылдары - «Ара» - «Шмель» әзіл-сықақ журналының бас редакторы. 1989-1991 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының Көркем аударма және әдеби байланыс бас редакциясы алқасының бөлім меңгерушісі, төрағасы. 1991-1995 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, 1995-1996 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы қызметтерін атқарған.
Алғашқы әзіл-сықақ әңгімелері 1966 жылы «Шұғыла» жас жазушылар жинағында жарық көрген. 1970 жылы жазушының алғаш рет «Мінездеме» атты жинағы шыққан. «Мысықта неге сақал жоқ?», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Тарихта қалғың келе ме?», «Бұл әлгі кім..», «Халіңіз қалай?», «Кадр мәселесін ... мәселе шешеді», «Жетім жиналыс», «Смех и слезы», «Адамның кейбір кездері» атты кітаптардың авторы.
А.Чеховтың, О.Вишнянның, И.Друцэнің, А.Несиннің, А.Бусуйоктың, Б.Нушичтың, Д.Ленчтің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.
СӘУІРДІҢ 10-Ы, СЕНБІ
Нидерландыда мұражайлар күні. Амстердам - әлемдегі ең iрi көркем мұражай орталықтарының бiрi. Нидерландыда жыл сайын сәуірдің екінші демалысында Мұражайлар күнін атап өтеді.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданының орталығы Бурное селосына Бауыржан Момышұлының есімі берілді.
8 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының аумағында «Косманавтика күні» сериясының екі пошта маркасы айналымға түсті, «Алғашқы рет әлемде кеме бортындағы ғарыш саяхаттанушысы бар халықаралық ұшу» тақырыбына арналған.
2002 жылғы сәуірдің 8-і мен 12-і аралығында Алматыға әлемдегі алғашқы ғарыш-саяхатшысы Дэннис Тито сапармен келді, маркалардың салтанатты рәсіміне қатысуға ниет білдірді.
Бірінші марка: «Союз ТМ-32» экипажы ғарышкер-ұшқыш Талғат Мұсабаев және бортинженер Юрий Батурин мен Денис Тито бейнеленген түрлі-түсті сурет. Марканың сол жақтағы астыңғы бұрышында «Союз ТМ-32» кемесінің эмблемасы және барлық ғарышкерлердің фамилиясы бейнеленген.
Екінші марка: Марканың ортасында Жер планетасы және Қазақстаның, Ресейдің және АҚШ-тың желбіреген байрағы.
Бірінші пошта маркасының номиналы - 30 теңге, таралымы - 100 000 дана; екінші пошта маркасының номиналы - 70 теңге, таралымы - 100 000 дана.
1 жыл бұрын (2009) Киевте Қазақстан Республикасының Елшілігінде қазақтың танымал ақыны және жазушысы Олжас Сүлейменовтың украин тіліне аударылған «Тарихқа дейінгі түркілер» кітабының таныстырылымы болып өтті.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1940-2001) мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ДОСМАҒАМБЕТОВ Төлеген Сәбитұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін, И.Репин атындағы Санкт-Петербор кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген.
Алматы көркемсурет училищесінің оқытушысы, Алматы өнер академиясының кафедра меңгерушісі, доценті қызметтерін атқарған.
Төлеген Досмағамбетовтің отыз жылдық шығармашылық өміріндегі негізгі жұмыстары - мүсіндік портреттер мен көптеген ескерткіштер. «Ақан-Сері - Құлагер» монументік композициясының, Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Амангелді Иманов, Әліби Жанкелдин, Ғани Мұратбаев, Қаныш Сәтпаев, Дінмұхаммед Қонаевтың ескерткіштері мен кеуде мүсіндерінің авторы. Оның қаламынан Нұрсұлтан Назарбаев, Олжас Сүлейменов, Бибігүл Төлегенова, Әнуар Әлімжанов, Тоқтар Әубәкіров, тағы басқа тарихи тұлғалардың портреттері туындаған.
50 жыл бұрын (1960) Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі ТҰРЛАШОВ Ләззат Махатұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын бітірген.
Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі қызметін атқарған. Аталған қызметінде - 2009 жылғы 8 қыркүйегінен.
СӘУІРДІҢ 11-І, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық фашистік концлагерлер тұтқындарын босату күні. 1945 жылғы сәуірдің 11-інде Бухенвальда концлагерінің астыртын комитеті қарулы көтеріліс ұйымдастырып, тұтқындар азаттық алды. Сол кезден бастап барлық елде Халықаралық фашистік концлагерлердегі тұтқындарды босату күні атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
13 жыл бұрын (1997) Оралда «Жайық пен Оралдың қазақтары» атты қоғамдық бірлестік құрылды.
5 жыл бұрын (2005) Астанада дарынды балалардың «Ғылым әлемін ашамыз» деген тақырыппен бірінші халықаралық конференциясы өтті. - 2005-2007 жылдардағы «ҚР ғарыш саласын дамыту туралы» мемлекеттік бағдарлама аясында және де ЮНЕСКО қолдауымен 2005 жылды Физика жылы деп жариялануы шеңберінде Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырушысы.
Конференцияға Венгрия Республикасының ғарышкері Берталан Фаркаш, Ресей Федерациясының ғарышкері Александр Викторенко, Space Camp Халықаралық ғарыш лагері жобасының өкілі Скотт Вудхам, Байқоңырдағы Халықаралық ғарыш мектебінің директоры Шаталов Дмитрий Владимирович сынды құрметті қонақтар қатысты.
Шара аясында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мектеп оқушыларының ғарыштық тақырыптарға арналған ғылыми-техникалық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.
3 жыл бұрын (2007) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бірі, жазушы, аудармашы Спандияр Көбеевтің (1878-1956) таңдамалы шығармалары жарық көрді.
Жинақ орта мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне, жоғары оқу орындарының студенттері, аспиранттары, оқытушыларына арналған және кітапқа жазушының «Үлгілі тәржіма» және «Үлгілі бала» атты туындылары да енген.
3 жыл бұрын (2007) «Тұран-профи» халықаралық кәсіптік академиясында кәсіпкерлерді ақпараттық технологиялар саласында оқытуға арналған Ақпараттық технологиялар орталығы ашылды.
Аталған орталық «ЭксонМобилҚазақстан» компаниясының қаржылық демеушілігімен және Астана қаласы Салық комитетінің қолдауымен құрылды. Онда кәсіпкерлер компьютерде жұмыс істеу біліктілігін арттырып, бірқатар арнайы бағдарламаларды меңгере алады. Шағын және орта бизнес субъектілері ретінде тіркелген кәсіпкерлер «Компьютерлік сауаттылық», «Бухгалтериялық есеп», «1С: Бухгалтерия», «Салық есебінің электронды формалары», «Салық пен құқық» курстарынан өтеді.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1930-1996) инженер-металлург, техника ғылымының докторы, профессор Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі ФИАЛКОВ Борис Соломонович дүниеге келді.
Украинаның Харьков қаласында туған. Орал политехника институтын бітірген.
1952-1957 жылдары КСРО Қара металлургия министрлігінің «Оралэнергоқармет» мекемесінде инженер, аға инженер, 1957-1963 жылдары Орал политехника институтында аға инженер, кіші ғылыми қызметкер болған. 1963-1966 жылдары Қара металлургия орталық ғылыми-зерттеу институтының Қазақ филиалында ғылыми хатшы, зертхана меңгерушісі. 1966-1975 жылдары Бүкілодақтық көмір институтының зертхана меңгерушісі. 1975-1989 жылдары Қазақ КСР ҒА Химия-металлургия институтының зертхана меңгерушісі. 1989-1992 жылдары осы институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1994 жылы ҚР Минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі Ұлттық орталықтың бұйрығымен Химия-металлургия институтының директоры болып тағайындалып, өмірінің соңына дейін жемісті еңбек етті.
Негізгі ғылыми еңбектері қара металдар металлургиясына арналған. 4 монографияның және 300-ден аса ғылыми мақаланың, 50 авторлық куәлік пен өнертапқыш патенттің авторы. 19 кандидаттық және 3 докторлық диссертацияның жетекшісі болған.
70 жыл бұрын (1940) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымының докторы, профессор, Америка геофизикалық одағының мүшесі, К.Э.Циолковский атындағы Халықаралық космонавтика академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Астрофизикалық зерттеулер орталығы» мемлекеттік мекемесі, «Ионосфера институты» мемлекеттік еншілес кәсіпорнының директоры ДРОБЖЕВ Виктор Иванович дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде туған. Томск мемлекеттік университетін бітірген.
В.И Дробжев - Қазақ КСР Ғылым академиясының Ионосфера секторының инженері (1962-1964), аспиранты (1964-1967), кіші ғылыми қызметкері (1967-1968), 14 Кеңес антарктикалық экспедициясының аға ғылыми қызметкері (1968-1970), аға ғылыми қызметкер (1970-1983), Физика-математика бөлімшесі академик-хатшысының орынбасары (1990-1994), Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті - ғылым министрінің орынбасары (1996-1999), қызметтерін атқарған. Қазір Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Астрофизикалық зерттеулер орталығы» мемлекеттік мекемесі «Ионосфера институты» мемлекеттік еншілес кәсіпорнының директоры (1983 жылдан) қызметін атқарады
Радио және геофизика саласының ірі маманы В.И.Дробжев ортаендік ионосферасының динамикалық процестерінің толқындық табиғатының тұжырымдамасын негіздеді, сонымен қатар олардың радио және геофизика болжамын жасады. Ол басқа бағытты дамытудың - жер маңы ғарыштық кеңістігіндегі табиғи және антропогенді құбылыстардың (жарылыстар, жер сілкіністері, ғарыш аппараттарын ұшыру, күннің жарқыл шығаруы) қарқынды кезінде болатын динамикалық процестерді зерттеуді дамытудың бастамашысы болды.
Ол Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссиясының қолданбалы проблемалар секциясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық кеңестің мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Төралқасының мүшесі, докторлық диссертация қорғау жөніндегі арнаулы кеңестің төрағасы, Институттың іргелі зерттеулер бағдарламасының және бірқатар қолданбалы жобалардың ғылыми жетекшісі болып табылады. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті - Ғылым министрінің орынбасары бола жүріп, қазақстандық ғылымды сақтап қалу мен дамытуда, атап айтқанда, республика ғылымының басқару жүйесін жетілдіруде, мақсатты ғылыми бағдарлама құруда, бағдарламалардың мемлекеттік тәуелсіз сараптамасын өткізуде, бірыңғай ақпараттық кеңістік құруда, мамандарды құрылымдық-балансталған түрде даярлауда көп еңбек етті. Үкіметтік жұмыс тобының мүшесі ретінде «Қазақстан Республикасында ғарыштық қызметті 2005-2007 жылдарда дамыту» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге қатысты, бұл құжат 2005 ж. 25 қаңтарында ел Президентінің Жарлығымен бекітілген болатын. Ол Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығына орай өткізілген «Қазақстан ғылымы - өткен күннен болашаққа» атты көрмені әзірлеу барысында үлкен қажырлылық көрсетті. Көрме Парижде 1999 жылы 15-ші сәуірінен 23-іне дейін ЮНЕСКО шеңберінде өтті.
200-ден астам ғылыми жұмыс пен 2 монографияның, 11 өнертабыстың авторлық куәліктерінің иегері, ол 1 доктор және 12 ғылым кандидатын даярлады.
5 медальмен, «КСРО өнертапқышы» белгісімен, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен марапатталған.