ҚазАқпарат-Анонс: шілденің 15-і мен 19-ы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ
Шілденің 15-інде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомствоның алқа мәжілісі болады.
Шілденің 15-інде Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Агроөнеркәсіптік кешен саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру және жемқорлықпен күресуді күшейту» тақырыбына арналған кеңес өтеді.
Шілденің 19-ы мен 21-і аралығында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Корея Республикасына ресми сапар жасайды.
БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР
Шілде айынан бастап қыркүйек айына дейін Кедендік бақылау комитетінің басшылары азаматтарды қабылдайды. Комитет төрағасы Козы-Көрпеш Кәрібозов азаматтарды - шілденің 11-і, тамыздың 14-і, қыркүйектің 11-і күндері қабылдайды. Азаматтар сондай-ақ, өз мәселелерімен комитет төрағасының орынбасарларына да кіре алады. Төраға орынбасары Сержан Дүйсебаев - шілденің 16-сында, тамыздың 13-інде, қыркүйектің 17-сінде қабылдаса, Жарқынбек Оспанов - шілденің 15-інде, тамыздың 12-сінде, қыркүйектің 9-ында, ал Игорь Тен - шілденің 6-сында, тамыздың 10-ында, қыркүйектің 14-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-18.30-дың аралығында. Мына телефон арқылы қабылдауға жазылуға болады: (8-7172) 79-45-79.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Шілденің 6-сы мен 15-і аралығында Қазақстан Республикасына Аз ұлттардың мәселелерімен айналысатын тәуелсіз сарапшы Гей Макдугалл ханым сапар жасайды. Сарапшы ресми тұлғалармен,
үкіметтік емес ұйымдардың, аз ұлттардың өкілдерімен консультациялар өткізеді. Сапар аясында ол Астана, Алматы қалаларында болады.
Шілденің 18-інде Мәскеудің орталық атшабарының 175 жылдық мерейтойы тойланады. Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің шақыруымен ТМД елдерінің Мемлекет басшылары осы шараға қатысады деп күтілуде
Еуропа елдеріне сапары аясында шілденің 17-18-інде Германияда қазақстандық танымал «Ұлытау» тобы өнер көрсетеді.
Шілденің 14-16-сы аралығында Ыстықкөл жағалауындағы Шолпаната қаласында зияткерлік меншік саласындағы университет координаторларына арналған аймақтық форум өтеді. Зияткерлік меншіктің Дүниежүзілік ұйымы Қырғызстанның Мемлекеттік патенттік қызметімен бірлесіп ұйымдастырған форум Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 11 елінің патенттік ведомстволарының мамандары мен дүниежүзілік ұйымның өкілдерінің бастарын қосады.
СПОРТ
Қазақстанның жеті қаласында мүмкіндіктері шектеулі адамдардың арасындағы ІІІ спартакиада бағдарламасының финалдық жарыстары өтеді. Жарыстар спорттың сегіз түрі бойынша өтеді. Олар- пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, дойбы, жүзу, волейбол, үстел теннисі ойындары. Спартакиаданың жабылу рәсімі тамыздың 5-інде Қарағандыда өтеді. Турнир жарыстары сондай-ақ, Қостанай Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ақтөбе қалаларында өтеді. Шараны Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық параолимпиадалық комитет ұйымдастыруда.
Шілденің 14-17-сі аралығында Алматы-Бурабай бағыты бойынша «Алтын торпақ.КZ» жорық-экспедициясы өтеді.
Шілденің 17-19-ында Балқаш көліндегі «Тұлпар» туристік базасында байкерлердің «Балқаш-2009» халықаралық фестивалі өтеді.
Шілденің 19-ында «Локомотив» және «Ақтөбе» командаларының ойыны болады.
АСТАНА
Шілденің 13-18-і аралығында Президенттік мәдениет орталығында «Мерейтой иелері» кітап көрмесі болады.
Шілденің 13-18-і аралығында Президенттік мәдениет орталығында «Нұр Отан» партиясына -10 жыл» кітап көрмесі өтеді.
Шілденің 14-18-і аралығында Президенттік мәдениет орталығында «Елбасы және Елорда» көрмесі өтеді.
Шілденің 14-19-ы аралығында Президенттік мәдениет орталығында «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы және оның негізін қалаушы - Президент Нұрсұлтан Назарбаев» көрмесі өтеді.
Шілденің 14-20-сы аралығында Астанадағы Суретшілер одағының көрме залында «Қызғалдақтың отаны - Қазақстан» республикалық фестивальдің қорытындысы бойынша балалар суреттері мен фотосуреттерінің көрмесі өтеді.
Шілденің 15-інде «Дипломат» бизнес орталығында (19 қабат, 16 кабинет) «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ пен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арасында ынтымақтасу жөніндегі Меморандумға қол қойылады.
Шілденің 15-інде Астана әкімі И.Тасмағамбетовтың қатысуымен 2009-2010 жылу беру маусымына әзірлік мәселесі бойынша көшпелі кеңес өтеді.
Шілденің 15-інде «Нұр Отан» партиясының орталық кеңсесінде «Қазақстанның түтінсіз келешегі жолында!» тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтеді.
Шілденің 15-інде Астана әкімі И.Тасмағамбетовтың қатысуымен METRO сауда орталығының іргетасын қалау рәсімі өтеді.
Шілденің 15-інде Қаржы полициясында апталық брифинг жоспарланған.
Шілденің 15-інде Қазіргі заман өнері мұражайында композитор Б.Қабылбайдың «Қазақстан -ән дастан» музыкалық альбомының таныстырылымы өтеді
АЛМАТЫ
Шілденің 15-інде Алматыда Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы Парламентаризм институтымен бірлесе отырып, «Саяси диалог мәдениетін құру және келіссөздер жүргізу арқылы жан-жақты қатысуды ілгері жылжыту» жобасы ауқымында «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс - Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту факторы» тақырыбында аймақтық саяси клуб отырысын өткізеді.
Шілденің 15-інде «Үш терек» дәмханасында мүгедектерге арналған газеттің таныстырылымы болады.
Шілденің 15-інде қалалық әкімдікте Қазақстанның индустриялық экономикасы мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты болады.
ШІЛДЕНІҢ 15-І, СӘРСЕНБІ
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
68 жыл бұрын (1941) Петропавл қаласында 314-ші атқыштар дивизиясы жасақталып, Солтүстік-Батыс майданына жіберілді. Аталмыш дивизия сонымен қатар Ленинград түбіндегі шайқастарға да қатысты. 1941 жылы қыркүйектің 7-де дивизия жауынгерлері Свирь өзенінің бойында жаудың бетін тойтарды. Дивизия Балтық жағалауын, Польшаны және Чехославакияны азат ету ұрыстарына қатысып, асқан ерлік көрсетті. Соғыс жылдары дивизияның 12000-нан астам жауынгерлері мен офицерлері орден, медальдармен марапатталса, үшеуі Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың біреуі солтүстікқазақстандық - П.Гончар. Петропавл қаласының орталығына 314-ші атқыштар дивизиясына ескерткіш орнатылған.
55 жыл бұрын (1954) Қытайдың Циң хай өлкесінде Алтыншоқы қазақ автономиялық ауданы құрылды.
17 жыл бұрын (1992)Қазақстан Республикасы мен Румыния арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
12 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Заңы қабылданды.
10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Алматы облысының Талғар қаласын аудандық маңыздағы қалалар санатына енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.
10 жыл бұрын (1999) Третьяков галереясында (Мәскеу) қазақстандық суретші, Сальвадор Дали атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Ерболат Төлепбаевтың жеке көрмесі болып өтті.
7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңы қабылданды.
140 жыл бұрын (1869) Парижде Ипполит Мега-Мурье әскери-теңіз флотының қажеттілігі үшін маргаринге патент алды.
70 жыл бұрын (1939) Нью-Йорк тұрғыны Клара Адамс жершарын айнала ұшып шыққан тұңғыш әйел атанды.
ЕСІМДЕР
120 жыл бұрын (1889-1984) халық ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ӨТЕҒАЛИЕВА Халима Нұрғалиқызы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған. Композитор Қ.Мусиннің анасы. Өлеңдері мерзімді басылымдарда жарияланып тұрды. 30-шы жылдары ауданаралық әр түрлі айтыстарға қатысты. Көп жыл бойы туған ауылында сауыншы болды. 1944 жылы Алматы қаласына қоныс аударды. Ақынның «Мақтанышым - өз елім», «Ана жыры», «Әже әлдиі», «Бесік жыры», «Мейірім» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.
65 жыл бұрын (1944) Қазақстан Журналистика академиясының президенті, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Саяси ғылымдар академиясының, Журналистика академиясының академигі, 5 мәрте Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты ҚОЗЫБАЕВ Сағымбай Қабашұлы дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. Қазақ КСР Мемлекеттік телерадиосының редакторы, аға редакторы, бас редакторының орынбасары, Бүкілодақтық радионың Қазақстан бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. 1974 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, журналистика факультеті деканының орынбасары, деканы, халықаралық журналистика кафедрасының меңгерушісі, журналистика тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессоры қызметтерін атқарды. Қазіргі қызметінде 2001 жылдан бастап істейді. Бірнеше кітаптың авторы.
Медальдармен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.
60 жыл бұрын (1949-2007) мемлекет қайраткері КОЛОДА Владимир Алексеевич дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Омбы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын кеңшардың агрономы болып бастаған. 1996-2006 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев, Шал ақын аудандарының әкімі қызметін атқарған.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
ШІЛДЕНІҢ 16-СЫ, БЕЙСЕНБІ
Франциядағы Виши режимінің нәсілшілдік және антисемиттік бой көрсетулері құрбандарын еске алу күні. Алғаш рет 1993 жылы атап өтілген осы атаулы күн 2000 жылғы ақпанның 29-да Ұлттық жиналыстың шешімімен ресми бекітілген. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында Францияда құрылған Виши нәсілшілдік режимінің полициясы 1942 жылы дәл осы күні 13 мыңға жуық шыққан тегі еврей француздықтарды Париж велодромына айдап шығып, оларды гитлершілердің қолдарына табыс еткен. Осы тұтқындардың көпшілігі «өлім лагерлерінде» қаза тапқан.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік экспорт-импорт банкі (Эксимбанкі) құрылды.
15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Мемлекеттік билік органдарының құрылымын дамыту және оларға шығатын шығынды қысқарту туралы» Жарлығы жарияланды.
10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңы қабылданды.
10 жыл бұрын (1999) Боливияның астанасы Ла-Пас қаласында ЮНЕСКО-ның бас хатшысы Федерико Майор Астана қаласына «Әлем қаласы үшін» халықаралық конкурсы жеңімпазының медалі мен сертификатын табыс етті. Осы күннен бастап Астана «Әлем қаласы» атағына ие.
6 жыл бұрын (2003) Астана қаласы әкімі мен Халықаралық сәулет академиясы арасында Меморандумға қол қойылды.
40 жыл бұрын (1969) адамзат тарихындағы Айға тұңғыш сапар басталды - АҚШ-тың «Аполлон 11» ғарыш кемесі ұшырылды.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944) «Қазгипротүстімет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, Өскемен қаласының және Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданының құрметті азаматы ШАЙЖҮНІСОВ Тоқан Жақиянұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Өскемен құрылыс-жол институтын, Шығыс Қазақстан техникалық университетін бітірген. Еңбек жолын Өскемен үй құрылысы комбинатының инженері болып бастаған. 1975-1984 жылдары - «Жөндеуқұрылыстресі» басқармасының бастығы. 1984-1988 жылдары - «Шығысқазкеңшарқұрылыс» тресінің бас инженері, бастығы. 1988-1999 жылдары - «Агроөнеркәсіпқұрылыс» бірлестігінің төрағасы. Қазіргі қызметінде 1999 жылдан бастап істейді.
Т.Шайжүнісовтің тікелей басшылығымен республикамызда және басқа да шет елдерде бірнеше ірі тау-кен кәсіпорындарының, экологиялық, сәулет-қала құрылысы, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік құрылыс кешендері жобаланып, құрылысы салынды. Ол бірнеше мәрте Шығыс Қазақстан аймақтық қайырымдылық қорының «Жыл адамы» атанды.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
ШІЛДЕНІҢ 17-СІ, ЖҰМА
Ирак Республикасының Ұлттық мейрамы - Ұлттық Республика және Тәуелсіздік күні (1958). Ирак - Оңтүстік-Батыс Азияда, Тигр және Евфрат өзендері бойында орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 18 уәлаятқа бөлінеді. Астанасы - Бағдат қаласы. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - ирак динары. 1970 жылы қабылданған Конституциясы бойынша Революциялық кеңестің төрағасы елдің Президенті және Жоғарғы Бас қолбасшы қызметтерін қатар атқарады. Заң шығарушы органы - Ұлттық кеңес.
Финляндиядағы демократия күні. 1919 жылы шілденің 17-інде Финляндия регенті (монарх орнында мемлекетті уақытша басқарушы) Карл Маннергейм Финляндияны республика деп жариялау туралы Сейм шешіміне қол қойды. Алғаш 1992 жылы аталып өтілді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
11 жыл бұрын (1998) Қазақстан мен Қырғызстан Республикалары арасындағы мемлекеттік шекараны анықтау (делимитациялау) туралы меморандумға қол қойылды.
10 жыл бұрын (1999) «Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексін (Негізгі бөлім) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
6 жыл бұрын (2003 шілденің 17-сі - тамыздың 7-сі) екінші «Хан-Тәңірі-2003» фестивалінің шеңберінде Хан-Тәңірі шыңының баурайында құтқарушылардың бірінші халықаралық слеті өтті.
3 жыл бұрын (2006) Қазақстанда алғаш рет зейнеткерлерге несие беру жөніндегі жоба іске қосылды.
3 жыл бұрын (2006) Қазақстанның Ұлттық банкі «Қазақстан петроглифтері» сериясы бойынша «Күйме» деген атаумен коллекциялық күміс шақаны сатылымға шығарды. Шақаның дизайнында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықтың екінші жартысынан бізге жеткен «Күйме» петроглифінің деталі қолданылған. Номиналы 500 теңгелік шақа 3 мың данамен шығарылған, олардың әрқайсысының бағасы - 3 мың теңге. Бұл монета - «Қазақстан петроглифтері» сериясы бойынша шығарылып отырған 7-ші шақа. Оның салмағы - 24 грамм, диаметрі - 37 мм. Шақа сапа сертификатына ие.
155 жыл бұрын (1854) Еуропада тау қыраттары арқылы тартылған тұңғыш темір жол ашылды. Вена мен Италияны жалғап жатқан жолға теңіз деңгейінен 897 метр биіктікте ұзындығы 1430 метрлік тоннель қазылды. Жалпы жол бойында барлығы 15 тоннель болған. Қазір олардың саны 38-ге жетіп отыр.
55 жыл бұрын (1954) Вьетнам Солтүстік және Оңтүстік болып екіге бөлінді. Шекара 17-ші ендік бойынша белгіленді. Францияның отары болған Үндіқытайдың орнында Солтүстік және Оңтүстік Вьетнам, Лаос, Камбоджа мемлекеттері құрылды.
ЕСІМДЕР
40 жыл бұрын (1969) Қазақстан баспасөз клубының президенті, IPRA (Халықаралық жұртшылықпен байланыс қауымдастығы) мүшесі, PR-шы клубын ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі ҚАРАУЫЛОВА Әсел Әділқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын, АҚШ-тың Миссури-Коламбия университетін бітірген. «Ленинская смена» газетінің штаттан тыс тілшісі болған. 1994-1995 жылдары - USAID менеджері. Қазіргі қызметінде 1995 жылдан бастап істейді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шет ел инвесторлары кеңесі сыртқы имидж бойынша тобының мүшесі, PR нарығы проблемалары бойынша мақалалардың тұрақты авторы, жетекші бизнес мектептердің оқытушысы болып табылады.
Ол отандық PR нарығын дамытушылардың көшбасында болды, PR және коммуникация саласында 15 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Ә.Қарауылова 15 жыл ішінде 320 PR жобаны, Қазақстан, Орта Азия, ТМД, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында 2700-ден астам медиа іс-шараны, халықаралық әріптестермен бірге жалпыұлттық сипаттағы 10 ірі жобаны жүзеге асырды.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың, АҚШ сенаторы болған Хиллари Клинтонның алғыс хатымен марапатталған.
ШІЛДЕНІҢ 18-І, СЕНБІ
АҚШ-та Ұлттық хот-дог күні. Бұл мерекені 1957 жылы АҚШ Сауда палатасы ресми бекіткен болатын. 1994 жылы өнім сапасы, дәмі және жарнамасымен айналысатын Ұлттық хот-дог және сосиска кеңесі құрылды. Кеңестің дәстүрлі мүшелері хот-догпен сосисканы ұнататындарға арналған жарыс өткізіп тұрады. Жарыстың 4 негізгі ережесі бар: 18 жасқа толмағандарға хот-догқа кетчуп жағуға болмайды; хот-догты тәрелкеге салмай тек қана қолмен жеу керек; қолға жұққан дәмдеуішті жууға болмайды, саусақтарыңды жалап тазалауың қажет; ешқашанда хот-догты қытай ыдысына салуға болмайды, бұл «хот-дог - американдықтардың ұлттық тамағы» деген түсінікпен үндеспейді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының Дубайдағы Бас консулдығы Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын араб тілінде жарыққа шығарды. Бұл басылым жетекші араб елдерінің ресми, ғылыми және іскер топтарын Елбасы Жолдауының негізі бағыттарымен, атап айтқанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәдениетаралық және конфессияаралық диалог орталықтарының бірі ретінде қызмет атқаруға әзір екенін қуаттаған сөзімен қеңінен таныстыруға септігін тигізді.
35 жыл бұрын (1974) Польшаның Костантинов қаласында әлемдегі ең биік құрылыс - Варшава радиосының 646 метрлік мачтасы тұрғызылып бітті. Ян Поляк конструкциясы бойынша бой көтерген, салмағы 550 тонналық бұл мұнара 1991 жылы жөндеу жұмысы кезінде құлап түскен.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924) жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері ФИЛАТОВ Валентин Михайлович дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1947-1963 жылдары «Ленинская смена», «Казахстанская правда» газеттерінің әдеби қызметкері болған. 1963 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысты.
Қаламгердің «На Миусе» атты алғашқы повесі 1961 жылы жарық көрді. 1970 жылы «Ақпан - қысқа ай» атты повестер мен әңгімелер жинағы жарыққа шықты.
70 жыл бұрын (1939) жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ТІЛЕУХАНОВ Төлек дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған. 1974-1996 жылдары «Жазушы» баспасының аға редакторы, бөлім меңгерушісі, «Айқап» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1996 жылдан «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі болған.
Қаламгердің шығармалары 1965 жылдан бастап жарық көре бастады. Оның «Көрші келіншек», «Шарапатты жан», «Өзгенің бақыты үшін», «Өмір арнауы», «Мәуелі бәйтерек» әңгіме-повестері, «Келешек кіріспесі», «Үш ұрпақ мұңы» романдары жарық көрген. Көркем аударма саласында А.Маршалдың, А.Чеховтың, А.Плавканың, Х.Нәзірдің, А.Беляевтің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.
65 жыл бұрын (1944) дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері САДЫҚОВА Райса Құдайбергенқызы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Алматы музыка училищесін, Алматы консерваториясын, Санкт-Петербор консерваториясын бітірген. 1964-1975 жылдары - Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әртісі. 1975 жылдан Қазақ опера және балет театрының дирижері болған.
ШІЛДЕНІҢ 19-Ы, ЖЕКСЕНБІ
Миғраж түні. 2009 жылғы шілденің 19-ынан 20-ына қараған түн - 1430 хижра жылының 26-27-ші ережебі. Пайғамбар жеті көкке көтерілген түн (жексенбіден дүйсенбіге қараған түн).
Металлург күні. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
Никарагуа Республикасының Ұлттық мейрамы - Революция күні (1979).
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
210 жыл бұрын (1799) ежелгі мысыр жазуы басылған Россет тасы табылды. Осы тастың арқасында Ежелгі мысыр тілінің сыры ашылды.
90 жыл бұрын (1919) Лос-Анджелесте үлкен жылдамдықпен жүріп жол ережесін бұзған жүргізушіні ұстау үшін аэроплан пайдаланылды.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі, Павел Васильев атындағы республикалық әдеби сыйлықтың лауреаты ГУНДАРЕВ Владимир Романович дүниеге келді.
Ресейде туған. Ақмола педагогикалық училищесін бітірген. Газет, радио, теледидар редакцияларында жұмыс істеген. 1970-1990 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Целиноград облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі қызметін атқарған. 1990 жылдан өзі ұйымдастырған «Нива» журналының бас редакторы болды.
Қаламгердің «Деревня моя деревянная», «Какого цвета поле», «Через все испытания», «Капля в море», «Семь дней и вся жизнь», т.б. поэмалық, прозалық кітаптары жарық көрген.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
45 жыл бұрын (1964) спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық санаттағы төреші, Достық кубогының иегері БАЛФАНБАЕВ Алан Борисович дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 1992 жылдан - Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы. Ол «Алматы» әйелдер ватерполо клубының аға жаттықтырушысы, Қазақстанның су добы бойынша әйелдер құрама командасының бас жаттықтырушысы болған. А.Балфанбаев Әлем чемпионатында, Олимпиада ойындарында, Әлем кубогында төрешілік жасаған. Оның шәкірттері 1994, 1998, 2002 жылдары Азия ойындарының чемпионы атанған.
195 жыл бұрын (1814-1862) американдық қару-жарақ конструкторы КОЛЬТ Самюэль дүниеге келді.
Ол қару-жарақ компаниясының және зауытының негізін қалаған. С.Кольттің алғашқы револьвері оған дейінгі қолданыстағы барабанды қарудың және револьвердің жүйесін жетілдіре түсті. Осыдан кейін оның фирмасы атыс қаруының автоматты пистолет, револьвер сияқты көптеген түрлерінің үлгісін жасап шығарды.