ҚазАқпарат-Анонс: шілденің 23-і мен 26-сы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Шілденің 22-25-і аралығында Лондондық Ситидің лорд мэрі Иэн Лудердің Қазақстанға сапары өтпекші. Сапар барысында И. Лудердің еліміздің ресми өкілдерімен екіжақты келіссөздерін ұйымдастыру көзделген. Сапар аясында Қазақстан-британ сауда-өндірістік кеңесінің 13-ші отырысын өткізу жоспарлануда.
БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР
Шілде айынан бастап қыркүйек айына дейін Кедендік бақылау комитетінің басшылары азаматтарды қабылдайды. Комитет төрағасы Козы-Көрпеш Кәрібозов азаматтарды - шілденің 11-і, тамыздың 14-і, қыркүйектің 11-і күндері қабылдайды. Азаматтар сондай-ақ, өз мәселелерімен комитет төрағасының орынбасарларына да кіре алады. Төраға орынбасары Сержан Дүйсебаев - шілденің 16-сында, тамыздың 13-інде, қыркүйектің 17-сінде қабылдаса, Жарқынбек Оспанов - шілденің 15-інде, тамыздың 12-сінде, қыркүйектің 9-ында, ал Игорь Тен - шілденің 6-сында, тамыздың 10-ында, қыркүйектің 14-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-18.30-дың аралығында. Мына телефон арқылы қабылдауға жазылуға болады: (8-7172) 79-45-79.
СПОРТ
Қазақстанның жеті қаласында мүмкіндіктері шектеулі адамдардың арасындағы ІІІ спартакиада бағдарламасының финалдық жарыстары өтеді. Жарыстар спорттың сегіз түрі бойынша өтеді. Олар- пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, дойбы, жүзу, волейбол, үстел теннисі ойындары. Спартакиаданың жабылу рәсімі тамыздың 5-інде Қарағандыда өтеді. Турнир жарыстары сондай-ақ, Қостанай Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ақтөбе қалаларында өтеді. Шараны Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық параолимпиадалық комитет ұйымдастыруда.
Шілденің 21-і мен 26-сы аралығында Өскеменде ҚР Президентінің Кубогы үшін Волейболдан халықаралық турнир өтеді.
Шілденің 24-27 күндері Петропавл қаласында ІV «Ақ бидай» ауылдық спортының ойындары өтеді. Төрт жылда бір болатын бұл жарыстың бағдарламасына спорттың 19 түрі еніп отыр. Олар - волейбол, футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисі, жүзу, жазғы Президенттік көпсайыс, жеңіл атлетика, кір спорты, армрестлинг пен көкпар, аламан бәйгі, жорға жарыс, аударыспақ, сайыс сияқты ұлттық ат спорты ойындары. Футбол, кір спорты мен қазақ күресінен басқа спорт түрлері бойынша өтетін сайысқа ерлер де, әйелдер де қатысады. Алғашқы кезеңде бұқаралық жарыстар дене шынықтыру ұжымдарында, екінші кезеңде аудандық және қалалық деңгейде, үшінші кезеңде облыстық, ал төртінші кезеңде ақтық сындар өтеді. Павлодар қаласында шығыс аймағынан - Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар облыстары, Атырау қаласында батыс аймағынан - Маңғыстау, Ақтау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары, Қызылорда қаласында оңтүстік аймағынан - Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облысы, Қостанай қаласында солтүстік аймағынан - Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары өзара күш сынасады.
Шілденің 27-сінде үшсайыстан Қазақстан құрамасы Бурабай курортты аймағында оқу-жаттығу жиынын бастайды.
АСТАНА
Шілденің 22-сі мен 24-і аралығында Астанада шет ел өкілдерінің қатысуымен Қазақстан нейрохирургтарының І съезі өтеді.
Шілденің 20-сынан бастап Бөгембай батыр даңғылы бойынша көлік құралдарының қозғалысы ішінара (жүру бөлігі бойынша) шектеледі, Осыған байланысты уақытша осы даңғылдың Сарыарқа даңғылынан Республика даңғылына дейінгі учаскесінде жолаушылар бағыттары қозғалысының кестесі өзгертіледі. № 2, 106, 109, 116, 119 және 120 жолбағыттар Жеңіс даңғылы-Жангелдин көшесі-Республика даңғылы-Бөгембай батыр даңғылы бойынша, одан әрі бұрынғы кестемен. № 4, 16, 20, 36, 45 және 59 жолбағыттар Бөгембай батыр даңғылы бойынша өзгеріссіз, жолаушылар келесі көшелерден түсіріліп-мінгізіледі. № 8, 34 және 57 жолбағыттары Жеңіс даңғылы - Жангелдин көшесі бойымен, одан әрі бұрынғы кестемен. № 19, 27 және 122 жолбағыттар Бейбітшілік көшесі-Дүкенұлы (Дружба) көшесі-Республика даңғылы бойынша, одан әрі бұрынғы кестемен. № 117 жолбағыт - Республика даңғылы - Сейфуллин көшесі- Жеңіс даңғылы бойымен, одан әрі бұрынғы кестемен. Шектелген учаскелерде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Шілденің 23-інде Республикалық Нейрохирургия ғылыми орталығында ҚР нейрохирургтарының І съезінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
Шілденің 23-інде «Нұр Отанның» орталық кеңсесінде партия хатшысы Е.Қарин мен Орталық аппараттың қоғамдық қабылдауының меңгерушісі Д.Жанділдина брифинг өткізеді.
АЛМАТЫ
Шілденің 23-інде қалалық әкімдікте әкім. А.Есімовтың қатысуымен тарифті белгілеу мәселелеріне арналған кеңес өтеді.
Шілденің 23-інде «Пионер 3» бизнес-орталығында елімізге сапармен келген Лондон Сити мэрі Лорд Иэн Лудердің қатысуымен бизнес-форум өтеді.
Шілденің 23-інде вице-премьер С.Ахметов Алматыда өтіп жатқан «Жер 2009» жаттығуының барысымен танысады.
Шілденің 23-інде Қазақстан баспасөз клубында «Қазақстанда Саяси шешімдер институтын құру» мәселесіне арналған жиын өтеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР
ШІЛДЕНІҢ 23-І, БЕЙСЕНБІ
2009 жылғы шілденің 23-і - 1430 хижра жылының 1-ші шағбаны. Шағбан айының 1-ші жұлдызы.
Египет Араб Республикасының Ұлттық мейрамы - Революция күні (1952). ГенералМұхаммед Нәджіб Египетті Республика деп жариялады.
Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 6-ында орнатылды. Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Тасымов Бахтияр Сардарбекұлы.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
17 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы мен Грузия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
17 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы мен Колумбия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңы қабылданды.
10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы шықты.
180 жыл бұрын (1829) Уильям Остин Барт баспа құрылғысына патент алды.
ЕСІМДЕР
125 жыл бұрын (1884-1937) жазушы, драматург ЖОМАРТБАЕВ Тайыр дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Көкбай медресесі мен Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген. 1911-1915 жылдары Семей қаласы маңындағы Жақия қажы мектебінде ер балаларға, әйелі А.Орманова қыз балаларға сабақ берген. 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспаханасынан жастарды адамгершілікке, ізгілікке, оқу-білімге үндейтін «Балаларға жеміс» атты өлеңдер жинағы, төңкеріске дейінгі қазақ қыздарының әлеуметтік жағдайын көтерген «Қыз көрелік» романы басылып шықты. 1915-1928 жылдары Зайсан қаласында, Маңырақ болысында мұғалім болды. 1928-1930 жылдары Семейдегі №14 мектептің директоры қызметін атқарды. 1930-1937 жылдары Семей педагогикалық техникумының оқытушысы болды.
Т.Жомартбаев оқытушылықпен қоса журналистикамен де айналысып, «Айқап», «Жаңа мектеп» журналдары мен «Қазақ», Алаш» газеттерінде мақала, фельетондар жазып тұрды. Оның «Сары сүйек құда», «Осы ма, қазақ өмірің?» атты пьесалары Зайсан, Семей театрларында қойылған. Кузнецк қаласындағы №23 мектепте жұмыс істеп жүрген кезінде жалған саяси жаламен тұтқындалып, Семейде үштіктің шешімімен ату жазасына кесілген. 1956 жылы ақталды.
ШІЛДЕНІҢ 24-І, ЖҰМА
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
65 жыл бұрын (1944) Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесі 1944 жылы қазанның 1-де Алматы мемлекеттік өнер институтын ашу туралы қаулы қабылдады. Аталмыш мекеме Алматының музыкалық-хореографиялық комбинаты негізінде құрылды. Сондықтан комбинат директоры И.Круглихин алғашқы ректоры міндетін атқарды. 1945 жылы консерваторияға Құрманғазы есімі беріліп, басшылыққа Ахмет Жұбанов келді.
8 жыл бұрын (2001) Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласындағы «Еменді бақта» жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1939) Орта Азияда және Қазақстанда тұңғыш рет шахматтан КСРО спорт шебері атағын алған шахматшы, Қазақстанның 10 дүркін чемпионы МҮСІЛІМОВА Аида дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ол 1956 жылы мектеп оқушыларының республикалық спартакиадасында чемпион атағын жеңіп алды. А.Мүсілімова 1958 жылы Қазақстан әйелдері арасында чемпион атанды, кейін бұл атаққа 10 рет (6 рет жеке, 4 рет командалық) ие болды. Шахматшы 1992 жылы Филиппиннің Манила қаласында өткен Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасында 8-ші орынға табан тіреген Қазақстан Республикасы құрама командасының капитаны болды.
180 жыл бұрын (1829-1889) орыс жазушысы ЧЕРНЫШЕВСКИЙ Николай Гаврилович дүниеге келді.
Саратов діни семинариясында, Петербор университетінің тарих-филология бөлімінде оқыған. Н.Чернышевский университетте оқып жүрген кезінде өз бетімен білімін жетілдірумен шұғылданып, тарих, философия, социология туралы еңбектерді мұқият зерттеді. Оның көзқарасының қалыптасуына орыс әдебиетшілері А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Гоголь, тағы басқалар үлкен ықпал етті. А.Герценмен саяси байланыста болуы себепті 1862 жылы тұтқындалып, Петропавл қамалына жабылды. Ол қамауда отырған кезде «Не істеу керек?» романын жазды. Тұтқындалуға үкім кесіліп, Мытинск алаңында қара бағанға таңылып жазаланғаннан кейін Н.Чернышевский көп кешікпей Сібірге жер аударылды. Жиырма жылдан астам айдауда жүргенімен шығармашылық жұмыспен шұғылдануын тоқтатқан жоқ.
Н.Чернышевскийдің «Бір қыздың тарихы», «Барбарустардың ұрпағы», тағы басқа повестері мен әңгімелері, «Шешусіз драма», «Жаны ғажап күйеу» пьесалары бар. Кеңес үкіметі тұсында Н.Чернышевский тұлғасы мен еңбектері патшалық Ресейдегі халықтың азаттық күресіне дем беруші күш ретінде бағаланады.
ШІЛДЕНІҢ 25-І, СЕНБІ
Орыс актері, ақын, өз әндерінің орындаушысы Владимир Высоцкийді (1938-1980) еске алу күні.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
77 жыл бұрын (1932) Қазақ КСР ҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасы құрылды.
52 жыл бұрын (1957) Қазақ КСР ҒА Физикалық-техникалық институтының негізінде Ядролық физика институты құрылды. Институттың құрылу мақсаты - ядролық физика саласындағы физикалық және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту қажеттілігі және ауыл шаруашылығының түрлі салаларында атом энергиясын қолдану, жоғары сапалы мамандарды дайындау болды. Институтты ұйымдастырушылар - Қазақ КСР ҒА-ның президенті, академик Қ.Сәтбаев және КСРО ҒА-ның академигі И.Курчатов болды.
25 жыл бұрын (1984) кеңес ғарышкері Светлана Савицкая әйел ғарышкерлер арасынан тұңғыш рет ашық әуе кеңістігіне шықты.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924-1985) сәулетші, КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі РАХМАТИ Камиль Рахматұлы дүниеге келді.
Өзбекстанның Ташкент қаласында туған. Орта Азия политехникалық институтын, КСРО Құрылыс және сәулет академиясының Алматы қаласындағы Қазақ филиалының аспирантурасын бітірген. 1965 жылдан Оңтүстік Қазақстан өлкесі коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы, «Оңтүстікқалаауылжоба» институты филиалының бас сәулетшісі, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мұражай-қорығының директоры қызметтерін атқарды.
К.Рахмати Жамбыл қаласындағы белгілі ескертіштердің, Меркі, Луговое аудандары орталықтарындағы тұрғын-жай орамдарының авторы
75 жыл бұрын (1934) экономика ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы БЕЙСЕНОВ Ораз Мақаұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрінің орынбасары - «Басалматықұрылыс» тресінің бастығы қызметтерін атқарған. 1977-1984 жылдары - Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1984-1988 жылдары - Қазақ КСР Құрылыс материалдары өнеркәсібі министрі. 1988-1989 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитеті төрағасының орынбасары. 1989-1991 жылдары - КСРО Өнеркәсіп құрылысы банкінің Қазақ республикалық банкі басқармасының төрағасы. 1991-1993 жылдары «Тұранбанкі» басқармасының төрағасы қызметін атқарған.
«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1939) суретші, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі МҰСАБАЕВ Болатбек Амангелдіұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. В.Мухина атындағы Ленинград жоғары көркемөнер өнеркәсіп училищесін бітірген. Қылқалам шеберінің «Жаз», «Революция солдаттары», «Бәйтерек», т.б. туындылары бар.
80 жыл бұрын (1929-1974) орыс жазушысы, кинорежиссер, актер, РКФСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткері ШУКШИН Василий Макарович дүниеге келді.
Ресейдің Алтай өлкесінде туған. Бүкілресейлік кинематография институтын бітірген. Мосфильм киностудиясында, М.Горький атындағы киностудияда жұмыс істеді. Өз сценарийлері негізінде «Осындай бір жігіт бар», «Балаңыз бен бауырыңыз», «Қыңырлар», «Қызыл бүрген» фильмдер қойды. Аталған фильмдердің бірсыпырасы Халықаралық және Бүкілодақтық кинофестивальдердің сыйлығына ие болды. Оның «Пысық жандар» пьесасы Алматыдағы, Павлодардағы орыс драма театрларында, «Өлермендер» деген атпен Қызылорда драма театрында қойылды. Ол «Отан үшін от кешкендер» фильмін түсіру кезінде кенеттен қайтыс болды.
«Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
ШІЛДЕНІҢ 26-СЫ, ЖЕКСЕНБІ
Куба Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Ұлттық төңкеріс күні. Куба - Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлықтары аралығындағы Куба, Хувентуд және олардың жанындағы Үлкен Антил аралдар тобында орналасқан мемлекет. Астанасы - Гавана қаласы. Ақша бірлігі - Куба песосы. Ресми тілі - испан тілі. 1976 жылғы қабылданған конституция бойынша мемлекет билігі халықтық өкіметтің қолында. Ол өз депутаттары арасынан Мемлекеттік Кеңес сайлайды және Министрлер Кеңесінің мүшелерін бекітеді. Осы екі Кеңестің төрағасы мемлекет басшысы болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.
Либерия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1847). Либерия - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 13 графтыққа бөлінеді. Астанасы - Монровия қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - либерия доллары. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы қос палаталы парламент - Сенат және Ұлттық ассамблея. Жоғары атқарушы органы - Үкімет.
Мальдив Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1965). Мальдив - Оңтүстік Азиядағы осы аттас аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы - Мале қаласы. Ресми тілі - мальдив тілі. Ақша бірлігі - мальдив руфиясы. Конституциясы бойынша мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Меджлис.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
41 жыл бұрын (1968) «Абай тілінің сөздігі» жарық көрді. Сөздікке 6 000-ға жуық сөз бен түсіндірмелер енген.
20 жыл бұрын (1989) Қазақ КСР Компартиясы ОК жанындағы комиссия қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері, қазақ прозасындағы ең алғашқы роман «Бақытсыз Жамалдың» авторы Міржақып Дулатовтың шығармаларына дұрыс бағасын беріп, оларды жариялау туралы, әділеттілікті қалыптастыру туралы қорытынды шығарды.
15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының ақша жүйесі туралы» Жарлығы жарияланды.
10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Барыс» ордені белгіленді. Бұл орденмен марапаттау Қазақстан Республикасының мемлекеттігі мен егемендігін нығайту iciнe; бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халкының бірлігін қамтамасыз етуге; мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қызметте; халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға; ұлттық мәдениеттерді жақындастыру мен өзара байытуға; мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды дамытуға ciңipгeн ерекше еңбегі үшін жүргізіледі. «Барыс» орденінің үш дәрежесі бар. І дәрежелі «Барыс» opдені жұлдыздан және иыққа асатын лентадағы белгіден тұрады.
5 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес, республика аумағында осы уақытқа дейін қолданыста болған 3 сағаттық белдеудің орнына 2 сағаттық белдеу белгіленді. Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында уақыт өлшемі елорда сағатынан 2 сағатқа кешігіп жүретін болды. Бұл белдеуге Ақтөбе облысы да кірді. Қызылорда және Қостанай облыстары елорданың сағат белдеуіне жақын орналасуына байланысты, аталмыш облыстар Астана қаласының сағаттық белдеуіне ауыстырылды. Осылайша, республиканың Қостанай, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында уақыт өзгерді. Бұл шара ең алдымен, республика халқына жайлы жағдай жасауға, облыстардағы әкімшілік жұмыстарды оңтайландыруға, елдің біртұтас энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, сыртқы және ішкі көлік - жүк тасымалдарын, аймақтардың телекоммуникациялық жүйелерін өзара үйлестіруге бағытталды.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, экономика ғылымының кандидаты, «МИРБИС» Мәскеу халықаралық жоғары бизнес мектебінің құрметті профессоры ЖАҚСЫБЕКОВ Әділбек Рыскелдіұлы дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Бүкілодақтық кинематография институтын, Г.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институты жанындағы өнеркәсіптік өндірісті жоспарлау факультетін бітірген. Қазақ КСР Мемлекеттік кино жүйесінде еңбек еткен. 1990-1992 жылдары - «Цесна» фирмасының бас директоры. 1992-1996 жылдары - «Цесна» корпорациясының президенті. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары. 1997-2003 жылдары - Астана қаласының әкімі. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрі. 2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», III дәрежелі «Барыс» ордендерiмен, басқа да үкіметтік наградалармен марапатталған.
45 жыл бұрын (1964-2003) боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері МИРОШНИЧЕНКО Александр Викторович дүниеге келді.
Қостанай қаласында туған. Бокспен 1979 жылдан бастап айналыса бастаған, алғашқы жаттықтырушысы - В.Никулин. Ол үш мәрте КСРО чемпионы, Еуропа чемпионы, 24-ші Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Әлем кубогының иегері атанған. 1990 жылдан кәсіпқой бокспен айналысқан.