ҚазАқпарат-Анонс: Шілденің 28-і мен тамыздың 1-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ
Шілденің 31-інде егін орағына әзірліктің барысына арналған Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісі өтеді.
ҚОҒАМ
Тамыз айында Ыстамбұлда Қазақстан-Түркия ынтымақтастығы кеңесінің төртінші мәжілісі өтеді.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің әкімшілік полиция комитеті ағымдағы жылдың 26 шілдесі - 11 тамызы аралығында мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарта отырып, «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» акциясын өткізеді.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Шілденің 27-30-ы күндері Бейжіңде өтетін «Шығыс маржандары» байқауына қазақстандық 6 жас өнерпаз қатысады.
СПОРТ
Шілденің 29-ы күні Меркі қаласындағы "Жастар" стадионында Қазақстанның жастар құрамасы футболдан Жамбыл облысының құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді
АСТАНА
Шілденің 29-30-ы күндері Астана қаласында Толеранттылық пен дискриминацияға қарсы конференция өтеді.
Маусымның 29-ы мен қыркүйектің 1-і аралығында ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Назарбаев және Қазақстан» атты көрме өтеді.
Шілденің 30-ында «Rixos Hotel Astana» қонақүйінде «KazMeat&Milk 2010» атты I Халықаралық мал шаруашылығы форумы өтеді.
Шілденің 31-і мен тамыздың 1-і күндері елордадағы «Метро» көтерме сауда орталығының аумағында «Қараөткел 2010» Қазақстан агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің І жәрмеңкесі өтеді.
Шілденің 29-31-і аралығында Астанада прокуратура органдарының арасында Бас прокурордың Кубогы үшін мини-футбол чемпионаты өтеді. Бұл шара ҚР Конституциясының қабылдануының 15 жылдығы құрметіне арналып отыр.
АЛМАТЫ
Алматыдағы Достық спорт кешенінде шілденің 27-31-і күндері бокстан ашық жеке чемпионат өтеді. Бұл шара "Динамо" денешынықтыру спорт қоғамы бірлестігінің қазақстандық қоғамының құрылғанына 85 жыл толуына арналып отыр.
Алматыда шілденің 28-і күні мемлекеттік қуыршақ театрында "Алматы - шабыт көзі..." деген жыр кеші өтеді.
Шілденің 30-ы күні Алматыда "Қазақстанда табиғатты қорғау бағдарламасын жасау мен жүзеге асыруға қоғамдық қатысудың әлеуетін өсіру" жобасының 2 жылғы жұмысының нәтижесі шығарылады.
Алматыда шілденің 31-і күні «Goold disko festival» өтеді.
ҚАРАҒАНДЫ
Шілденің 28-інде Карағандыда облыс әкімінің орынбасары Б.А. Смағұловтың басшылығымен «Қарағанды облысының тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығына экономикалық өрлеу және өзіндік пайдалану шығындарын төмендету және ресурс сақтаушы технологиялар енгізуді қамтамасыз ету жөнінде» облыстық конференция өтеді және Жылу энергиясын пайдаланушылардың консультативтік орталығы ашылады.
ҚОСТАНАЙ
Шілденің 29-ында Қостанай қаласы әкімшілігі ғимаратында «Көп пәтерлі тұрғын үйді пайдалану және тиімді басқару» тақырыбында ПИК төрағалары мен қызметкерлеріне арналған оқу семинары өткізіледі.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ШІЛДЕНІҢ 28-І, СӘРСЕНБІ
Перу Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1821).
Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1997 жылғы ақпанның 6-да орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Оралда «Соқпақ-Тропинка» ғылыми-әдiстемелiк журналдың бiрiншi саны жарық көрді.
Журнал қазақ және орыс тілдерінде басылып шығарылады. Оның бірінші саны педагогикалық жұмыстардың тәжірибесі, балалардың жазғы саяхаты, мектеп білімінің методикасы, қоршаған ортаны қорғау, өңірдің тарихы және психология тақырыптарын қамтыды. Журналдың басты мақсаты жас ұрпақты отан сүйгіштік сезімге тәрбиелеу болып табылады.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білім саласында қоғамдық қатынастарды реттеуге, осы саладағы мемлекеттік саясаттың қағидаттарын анықтауға және Қазақстан Республикасы азаматтары, сондай-ақ елімізде тұрғылықты тұратын шетел және азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған «Білім туралы» Заңға қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) «Ертіс» ӘКК және «Теньши» ЖШС кесек сөндірілмеген әк өндірісін өндіру жобасы бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қол қойылған құжатқа сәйкес «Ертіс» ӘКК жобаға қатысқан жағдайда әк зауытының дамуына өз үлесін қосып, тауарды қазақстанның және шетелдің нарығына өткізуге көмек көрсету керек.
ЕСІМДЕР
50 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі кадр жұмыстары департаментінің бастығы, полиция полковнигі ЖАНСЕЙІТОВ Әлібек Ақбұзауұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында туған. К.Ушинский атындағы Петропавловск педагогикалық институтын, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін, КСРО ІІМ-нің Киев жоғары курстарын бітірген.
Петропавл қалалық ІІБ арнайы комендатурасының саяси-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы ІІБ-ның жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімінің, кадр бөлімінің инспекторы, аға инспекторы, Мемлекеттік тергеу комитеті басқармасының, Петропавл қаласы ІІО-ның жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы ІІД кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі басқарма бастығы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басқарма бастығының орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы ІІБ-ның тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың ақпан айынан.
2-, 3-дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, «Қазақстан полициясына 15 жыл», «ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері» белгілерімен марапатталған.
ШІЛДЕНІҢ 29-Ы, БЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) елордада жаңа саябақ ашылды. Ол Қазақстан спорткешенінің маңында Ақ Бұлақ өзенінің жағалауында орналасқан. Жалпы аумағы 11,32 га құрайды. Саябақта 2 мың 800 шаршы метрге гүл, 1800 ағаш көшеті отырғызылған, 385 шамдар орнатылған. 2 мың 146 шаршы метрді құрайтын балаларға арналған ойын алаңы бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңдары да бар. Спортшыларға арналған жаттығу орындары кішігірім теннис кортын, баскетбол алаңын, бадминтон ойнайтын алаңды құрайды. Саябақтың орталығында жалпы диаметрі 18 метрді құрайтын су бұрқақ орналасқан.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда шілденің 29 мен 31 аралығында «Тау самал» атты авторлық өлеңдердің фестивалі өтті.
Ұйымдастырушысы - Алматы облысы әкімшілігінің қолдауымен «Аэлита» шығармашылық бірлестігі. Шараға қолдау көрсеткендер «Dilmah» сауда маркасы, «Oil trade center» компаниясы және «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты.
1 жыл бұрын (2009) Павлодар облысында Есқара ауылында жаңа мешіт ашылды.
Көк күмбезді және төрт мұнаралы мешіт мектептің жанынан салынып отыр. Бұл кездейсоқ емес - мешітке Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан бұрынғы мұғалім Шайдолла Ахметовтың (1910-1943) есімі берілген.
Мешіт Железин ауданы тұрғындарының қаржыларына салынып отыр, жауынгердің ұлы мен немерелері де қомақты үлес қосты.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955) Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Орталық Қазақстан» облыстық газетінің басшысы - бас редакторы СЕМБАЕВ Мағауия Сланбекұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Аққора ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, бас редактордың бірінші орынбасары, бас редактордың міндетін атқарушы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде журналистика факультетінің аға оқытушысы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 1997 жылдың қарашасынан.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері. Қазақстан Республикасының мерекелік медальдарымен марапатталған.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, бас редакторлардың Г.Толмачев атындағы сыйлығының лауреаты.
ШІЛДЕНІҢ 30-Ы ЖҰМА
Жүйе әкімшілері күні. 1999 жылдан бастап шілде айының соңғы жұмасында корпоративтік әкімшілік және үй жүйелері, деректер базасы, пошта жүйесі, программалық комплекс және басқа да жүйелер мамандарының кәсіби мейрамы - Жүйе әкімшілері күні аталып өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Алматыда «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы құрылды.
Жаңа қоғамдық ұжымның мақсаты - елiн, жерiн сүйетiн, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге, оны өзгелерден талап етiп жүрген ұлтжанды, намысшыл азаматтарымыздың қайратын жанымақ.
1 жыл бұрын (2009) физика-математика ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің доценті Байсалов Ержан Рахметоллаұлы «Қазақтан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болды.
ЕСІМДЕР
175 жыл бұрын(1835-1929) әнші, ақын, композитор ЖАЯУ МҰСА Байжанұлы дүниеге келді.
Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Жастайынан халық музыкасымен, ауылға келіп-кетіп жүрген әнші-күйшілер өнерімен танысады. Өзі де ән салып, домбыра тартады. 1851 жылы Қызылжарға (қазіргі Петропавл) келіп, орыс тілін үйренеді. Ол домбыра, қобыз тартумен қатар, сырнай мен скрипка ойнауды да меңгереді. Қаладағы оркестрлердің, әншілердің орындауындағы концерттерді қызыға тыңдайды. Бұл оның музыкалық-эстетикалық талғамын қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. Жаяу Мұсаның Шоқан Уәлихановпен бірге жүруі, Ыбырай Алтынсариннің өлеңіне («Кел, балалар, оқылық») ән шығаруы, өлеңмен күнделік жазуы, Абайға өлең арнауы, Л.Н. Толстой кейіпкерінің атын баласына қоюы - оның заман лебін терең сезінгендігін байқатады.
1854 жылы Омбы қаласындағы орыс мектебінде оқыған. Осындағы кітапханадан Санкт-Петербор, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Ақмола, тағы басқа қалаларда шығатын газет-журналдармен, кітаптармен танысады. Жаяу Мұсаның тырнақалды туындысы «Қыздар-ай» Омбыда дүниеге келді. Ол туған ауылына сауатты азамат, музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын өнерпаз болып оралады. Келе ауыл өміріне қызу араласты. Әкімдердің, би-болыстардың парақорлығын әшкерелеп, әсіресе, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шорманов пен оның інісі Мұстафаның зорлық-зомбылығын айтып, Омбы генерал-губернаторына шағым жазады. Сол үшін ағайынды Шормановтар оның астындағы атын тартып алып, «жаяу» атандырды. Осы тұста шығарған «Ақсиса» әнінде - әлеуметтік теңсіздікке өз наразылығын білдіреді. Билігі жүріп тұрған Шормановтар әр түрлі жала жауып, 1860 жылы оны Тобылға 12 жылға жер аудартқан. «Сүйіндік», «Тұтқын зары» әндері осы кезде шыққан. Тұтқында 2 жыл болғаннан кейін өзі сұранып әскерге кетеді. Оны Литвада Орталық Азия жорығына дайындалып жатқан Г.Черняевтің отрядына жібереді. 1863-1865 жылдары осы отрядтың жүк батальоны құрамында Шымкент, Әулие-ата (Тараз), Верный (Алматы) жорығына қатысқан. Черняевтің халыққа көрсеткен зорлығына қатты наразы болып, туған ауылына оралады. Оған ата жаулары елде де тыныштық бермей, қайта қуғынға салған. Жергілікті халықтың ауыр тұрмысын, билеушілерден көрген зорлық-зомбылығын айтып түсіндіру үшін ол Санкт-Петерборға аттанады. Бірақ одан да қолдау таба алмаған соң, Латвияда, Польшада болып, соңынан Қазанға келіп аялдайды. Жаяу Мұсаның әншілік, композиторлық өнері халық музыкасымен тығыз байланыста дамыды. Сол түста өмір сүрген Тоқсанбай, Жанақ, Түбек, Көтеш, Жаңабай сынды ақын-жыршылардың дәстүрлерін үлгі тұтып, жаңалыққа құлаш ұрды. Жаяу Мұсаның әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін «Ақсиса», «Хаулау», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары», «Тұтқын зары», «Сүйіндік», туған жер табиғатын суреттейтін «Баянауыл», «Жаздың күні», «Жазда», «Ұлытау», «Сарын»; аңшылық-саятшылық туралы «Тұрымтай», «Қаршыға», «Көгершін», күлдіргі «Құлбай», «Қазан қыздары», махаббатты жырлайтын «Сұрша қыз», «Шолпан», «Сәулем қыздар», «Гауһар қыз», «Ләйлім»; өмірлік серігі Сапарға арналған «Келдім, Сапар, басыңа» атты әндері бар.
Сондай-ақ, ол - лирикалык сипаттағы «Қыз күйі», «Қыз-бала күйі», «Қызқарқара», «Қамшылау» сияқты күйлердің де авторы. Жаяу Мұсаның музыкалық шығармалары - халықтың әншілік-орындаушылық дәстүрі, сондай-ақ, қала әсерінен пайда болған марш, би ырғағындағы туындылар негізінде дамыған. Әндерінде диатоникалық жүйедегі ладтар басым. Жаяу Мұсаның әндерінде қазақ халык әндерінде аса сирек кездесетін құбылыс - классикалық музыканың формасын құрайтын ерекшеліктер «Ақсиса», «Ескендір», «Тұрымтай» әндерінен анық байқалады. Жаяу Мұса композитор, әнші ғана емес, өз әндеріне лайықтап, өлең шығарған ақын. Көптеген мысқыл өлеңдерімен қатар «Шал мен торғай», «Бөдене мен қаншыр» атты мысалдары да бар. Жаяу Мұса көңілге түйгендерін орысша, қазақша қағазға түсіріп отырған. Қазақ қоғамының әлеуметтік. істеріне белсене араласып, ұлт мәдениетіне елеулі үлес қосқан. Жаяу Мұсаның көптеген колжазбалары Алматы, Қазан, Санкт-Петербор, Омбы мұрағаттарынан табылған. Оның әндері мен күйлерін алғаш нотаға түсіріп, жазып алғандар - А.Затаевич, А.Жұбанов, Б.Ерзакович, М.Лалинов; әндерін айтып берушілер - Қ.Бабақов, Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев, Қ.Лекеров, Ж.Елебеков және Жаяу Мұсаның баласы Салық Мусин. Оның музыкалық мұрасын қазақ композиторлары опера («Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан - Сара», «Бе-кет»), симфония, эстрада жанрларында пайдаланған. Жаяу Мұсаның әндері қазіргі әншілердің (Ермек Серкебаев, Қайрат Байбосынов, т.б.) репертуарынан орын алды. Әнші бейнесі көркем шығармаларда, З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» романында сомдалған.
Павлодар облысының Ақсу қаласындағы мәдени-ағарту училищесі және Павлодар қаласының бір көшесі Жаяу Мұсаның есімімен аталған.
55 жыл бұрын (1955) қазақтың инженер-электригі, техника ғылымының докторы, профессор, «КазРЕНА» Қазақстан ғылыми білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының бас директоры ЖАПАРОВ Барыс Әлікенұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қ.Сатбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті).
1976-1983 жылдары - инженер, кіші, аға, ғылыми қызметкер. 1983-1989 жылдары - Қазақ политехникалық институтында зертхана меңгерушісі. 1989-1997 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кабинетi жанындағы Білiктілiктi арттыру және мамандарды қайта даярлау мемлекеттiк институтында (қазіргі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы) кафедра меңгерушісі, ғылыми-методикалық жұмыстар бойынша проректоры және бірінші проректоры. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Елшіліктің кеңесшісі. 1999-2000 жылдары "NOKIA NETWORKS OY" белгілі телекоммуникациялық бірлестігінде қызмет атқарды. 2001-2004 жылдары - Білім беру желісі академиясында халықаралық байланыстардың директоры, жоба жетекшісінің орынбасары. 2001 жылы «КазРЕНА» Қазақстан ғылыми білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығын құрды, кейіннен оның бас директоры болып сайланды. 2004 жылдан «RENATA» Транс-Азиялық ғылыми білім беру компьютерлік желісі қауымдастығы директорының міндетін атқарушы қызметін атқарады. 1995 жылдан «Бiрiккен Әлемнiң Колледждер» (United World Colleges ) Ұлттық сұрыптаушы комитетiн басқарады.
Ы.Алтынсарин атындағы медальмен, А.Байтұрсынов атындағы күміс медальмен, НАТО-ның Құрмет сертификатымен марапатталған. Ғылым мен техника төңірегіндегі ең жақсы өңдеу үшін Қазақстан комсомолы сыйлығының иегері.
ШІЛДЕНІҢ 31-І, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) «Қазпошта» АҚ «Сәулет» сериясынан Бейбітшілік және Келісім сарайы бейнеленген жаңа пошталық маркасын айналымға енгізді.
Бейбітшілік және Келісім Сарайы Қазақстан халықтарының конфессия аралық келісімдерін нығайтады. Оның құрылысы туралы шешiм 2003 жылы Әлемдік дәстүрлі діндер съезінде қабылданған болатын. Ғимарат Есіл өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан.
Марканың тиражы - 50000 дана.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Талдықорған қаласындағы «Гранита плюс» ЖШС-ның керамикалық-граниттік тақта өндіретін зауыттын іске қосты. Құны 6 млн. евролық итальяндық «Сакми» фирмасы жабдықтаған кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 2 млн. шаршы метр керамикалық-граниттік тақтаны құрайды.
1 жыл бұрын (2009) Павлодар облысының Екібастұз қаласына қарасты Өлеңті ауылдық округының Тай ауылында Сұлтан қожа атындағы жаңа мешіт ашылды.
500-ге тарта адам сиятын ғимарат қызыл кірпіштен күміс күмбезден салынған.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1920-1944) Кеңес Одағының Батыры СУХАМБАЕВ Ағаділ дүниеге келді.
Жамбыл облысының Байзақ ауданында туған. 1939 жылы «Диқан» орта мектебін бітірген.
Туған ауылы «Қарасуда» тракторшы болып жұмыс істеген. 1940 жылғы қазанда Қызыл Армия қатарына шақырылған. Әскери борышын Томск қаласында өтеп жүрген жерінен соғысқа аттанған. 31-Армияның 628-Қызыл Тулы атқыштар полкі құрамында неміс басқыншыларына қарсы соғысып, автоматшылар бөлімшесінің командирі болған. 1944 жылы шілде айында поляк деревнясын азат ету үшін болған ұрыста Александр Матросов ерлігін қайталап, дзоттың ауызын кеудесімен жапқан. Батырдың сүйегі Литва Республикасының Друскиненкай қаласында жерленген.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылғы наурыздың 24-де оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
2005 жылы Тараз қаласында оған ескерткіш орнатылған. Авторы - мүсінші Сейіткерім Момыш, сәулетшісі - Рүстем Бодаубеков. Ескерткіш қалалық әскери комиссариаты ғимаратының алдында, Абай мен Қонаев көшелерінің қиылысына орнатылған.
55 жыл бұрын (1955) журналист, әдеби сыншы, «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы ҒАБДУЛЛИН Бигелді Қайырдосұлы дүниеге келді.
Ақмола облысының Макин ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
«Ленинская смена» газетінің әдеби бірлестігінде жетекші, «Казахстанская правда» газетінде тілші, Қазақстан Жазушылар одағы насихаттау бюро директорының орынбасары, «Жібек жолы» халықаралық қоры бас директорының орынбасары, «Таң» телекомпаниясының бас редакторы, «Новое поколение» газетінің бас редакторы, «Биік Ел» ЖШС-ның бас директоры, «XXI век» газетінің бас редакторы, Вашингтон қаласында Languages «Institute Inlingua» оқытушы, «Азаттық» радиосында тілші қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдың желтоқсанынан.
300-ден астам жарияланған жұмыстардың авторы. Орыс тіліне Қ.Жұмаділовтың «Земля отцов», Х.Рахимованың «Сеңгірдің құпиясы», Т.Жұртбаеваның «Каллеки» романдарын тәржімалаған.