ҚазАқпарат-Анонс: шілденің 3-і мен 5-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ПРЕЗИДЕНТ

Шілденің 3-інде    Елбасы Н.Назарбаев    зиялы қауым өкілдеріне пәтер кілттерін табыс етеді.

Шілденің 3-інде   Елбасы Н.Назарбаев   Абылай хан  даңғылының  бойында  және Бөгенбай батыр  дағылы мен А.Пушкин  көшелерінің қиылысында салынып жатқан жолайрығының   құрылысымен   танысады.

Шілденің 3-інде    Елбасы Н.Назарбаевтың  қатысуымен   локомотив  құрастыру  зауытының ашылу  рәсімі  болады.

Шілденің 3-інде  Елбасы Н.Назарбаевтың   қатысуымен     жаңа стадионның ашылу    рәсімі  болады.

ҮКІМЕТ

Шілденің 3-інде    Сыртқы  істер министрлігінде  «ЕҚЫҰ - ҚР   Сыртқы істер министрлігінің басшылығы үшін»  тақырыбында    «дөңгелек үстел»  отырысы  өтеді.   Сондай-ақ Сыртқы  істер министрі М.Тәжин  АҚШ Конгресінің мүшесімен, ЕҚЫҰ Бас хатшысымен кездеседі.

 Шілденің 3-інде    Қаржы министрлігінде   «Салықтық  тексерулерді  оңтайландыру»   мәселесіне арналған  баспасөз мәслихаты   өтеді.

 СПОРТ

 Маусымның 25-і мен шілденің 5-і аралығында Норвегияның Ставангер қаласында жағажай волейболынан Әлем чемпионаты өтеді. Бұл дүбірлі додаға әлемдік рейтингте үздік 48-дің қатарына енген командалар ғана қатысады. Қазақстандықтар Әлем чемпионатына биыл тұңғыш рет барғалы отыр. Онда ел намысын Алексей Кулинич пен Александр Дьяченко қорғайды. Қазіргі таңда біздің волейболшы жігіттердің жұбы үздік 48-дің арасында 38-ші сатыда тұр.

АСТАНА

 Шілденің 3-інде  «Демеу»   отбасылық дәрігерлік-медициналық амбулаториясында  «Жастардың  денсаулық орталығы:   жасөспірімдер мен   жастардың  денсаулықтарын қорғаудың  бірегей    әдісі»   тақырыбында «дөңгелек  үстел»  отырысы   өтеді.

 Шілденің 3-інде    Ұлттық  баспасөз клубында  «Астанаға арнау»  түрік музыкасының   ІІ  халықаралық фестиваліне арналған   баспасөз мәслихаты өтеді.

 Шілденің 3-інде Тәуелсіздік сарайында  атақты әнші  Пласидо  Домингоның  қатысуымен  баспасөз мәслихаты  өтеді.

 Қала күні мерекесіне орай шілденің 4-і мен 6-сы аралығында Астана циркінде «Азия жаңғырығы» халықаралық қойылымы болады. Оған өз еліміз бен қырғыздың, өзбектің және қытай мен ресей әртістері қатысады.

Шілденің 4-інде елордада тауарлары ерекше атап өтілген тұтынушылар мен өндірушілерге халықтық сапа белгісі сыйлығын табыс ету рәсімі өтеді.  Бұл шараны өткізудегі мақсат - шығаратын өнімдердің, көрсететін қызметтер мен атқаратын жұмыстардың сапасына назар аударатын өндірушілердің абыройын арттыру, сондай-ақ нарықты алааяқ кәсіпкерлерден қорғау.

 АЛМАТЫ

 Шілденің 3-інде  «Интерконтиненталь»  отелінде  «Қытайдың Хайнань өңірі Қазақстанда - 2009»   жобасының таныстырылымы  өтеді.

Шілденің 3-інде «Нұр Отан»  партиясының     филиалында     сылайбас жемқорлыққа арналған  үздік   жарқағаздар  конкурсына арналған баспасөз мәслихаты  өтеді.

Шілденің 3-інде  Әділет министрлігінде   Тұтынушылар  мен    кәсіпкерлердің  құқықтарын қорғау жөніндегі  қоғамдық   кеңесті  құру  мәселесіне  арналған   баспасөз мәслихаты  болады.

--------------------------------------------------------------------------------------------------

АТАУЛЫ КҮНДЕР.  ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР.

ШІЛДЕ АЙЫНДА:

68 жылбұрын (1941) Ақтөбе қаласында 312-ші атқыштар дивизиясы жасақталды. Дивизия құрамына Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Қызылорда және Ақтөбе облыстарынан әскер қатарына шақырылғандар кірді. Қысқа мерзімде дайындықтан өткен дивизия қайта жасақталып, сол жылғы қазан айының 11-де Мәскеу үшін болып жатқан соғысқа араласты. Майдан шебі 50 шақырымды құраған осынау ұрыс барысында Т.Жолтаев, Д.Ниязбаев, Д.Әлсейітов, М.Почтаренко, И.Тананайский, С.Лукашев және т.б. ерен ерлік көрсетті. Дивизия кейінірек 43-ші армия құрамында Варшава шоссесін қорғады. Осыдан кейін дивизияның аман қалған жауынгерлерінен 12-ші атқыштар полкі жасақталып, 53-ші дивизия құрамында Малоярослав, Харьков және Румынияны азат етуге қатысты.

51 жыл бұрын (1958) бастауыш сынып балаларына арналған «Балдырған» әдеби-көркем журналының алғашқы саны жарық көрді. Айына бір мәрте шығатын журнал бетінде қазақ халқының тарихына қатысты шағын ақпараттар, балалардың ой-өрісін кеңейтетін, тілін ұстартып, сөздік қорын байытатын өлең-тақпақтар, ертегі-аңыздар, жаңылтпаштар мен жұмбақтар тұрақты жарияланып келеді.

51 жыл бұрын (1958) «Парасат» қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журналының алғашқы саны жарық көрді. Бастапқыда «Мәдениет және тұрмыс» деген атаумен шыққан. Қазіргі атауымен 1990 жылдан бастап жарық көріп келеді. Журнал бетінде тарих пен әдебиет, мәдениет пен өнер, руханият мәселелері көтеріледі. Айына 1 рет жарық көретін басылымның «Ойтолғақ», «Жаңғырық», «Тарих-тағдыр», «Таным», «Дерек пен дәйек», «Ғұмырдария» «Салауат», т.б. тұрақты айдарлары бар.

44 жыл бұрын (1965) Алматы мақта-мата комбинаты алғашқы өнімін шығара бастады.

43 жыл бұрын (1966) Атырау облыстық филармониясы құрылды. Алғашқы директоры - Ғ.Үмбетов. Кезінде филармония жанынан құрылған «Атырау-Жайық» фольклорлық ансамблі бүкіл республикамызға, шет елдерге де танымал болды. Сондай-ақ оның құрамында «Нарын» фольклорлық-этнографиялық ансамблі бар. Филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері - Ұ.Қарақұлова, М.Төрешев, халықаралық байқаудың лауреаты - С.Жұмағалиев, республикалық байқаудың лауреаты - Ш.Жаменовалар қызмет істейді. Филармонияға 1991 жылы Н.Жантөриннің есімі берілді.

18 жыл бұрын (1991) «Караван» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді.

16 жыл бұрын (1993) қазақ халқының төл тарихына арналған ғылыми-әдістемелік, педагогикалық басылым ретінде «Қазақ тарихы»журналы «Қазақстан мектебі» журналына қосымша ретінде шыға бастады. 2003 жылдан дербес басылымға айналды. Басылым алғашқы санынан бастап қазақтың арғы-бергі тарихын, оның атауының шығу тегін, жазу-сызуының пайда болған уақытына қатысты материалдарды, Кеңес империясы тұсындағы саяси өмір тынысын, экономикасын, мәдениетін жүйелі жариялап келеді, орта, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында қазақ тарихын оқыту тұжырымдамалары, әдіс-тәсілі, оқулықтары талқыланады. Қазақ тарихына қатысты Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан пікірлерімен таныстырды.

9 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада жаңа алаңның, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының ашылу салтанаты өтті.

4 жыл бұрын (2005) Астана қаласында Қазақстан Республикасы бірінші Президенті мұражайының ашылу рәсімі өтті. Мұражай Мемлекет Басшысының бұрынғы резиденциясында орналасқан. Бірегей жиһаздары мен бүтін бір кешенді құрастыратын ішкі көрінісі сол қалпында сақталған. Мұражайдың алғашқы жәдігерлері ел президентіне тарту етілген кітаптардан, суреттерден, сувенирлерден бастау алады. Бүгінде мұражай коллекциясында 60 мың данадан аса дүниелер бар. Олар - мұрағаттық-жазба, басылым материалдары, кино және суретті құжаттар, бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнер туындылары, қару-жарақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке заттары және құжаттары, Мемлекет басшысы марапатталған сыйлардың бірегей коллекциясы.

ЕСІМДЕР

275 жыл бұрын (1734-1817) ақын, батыр, Көшек батырдың он төрт ұлының бірі КӨШЕКҰЛЫ Жанкісі дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Қожаберген - Асқан медресесінде, кейін Бұхара медресесінде оқыған. Он жасынан өлең шығарып, ән салған, домбыра, сыбызғы тартқан. Жанкісі 1752-1758 жылдары қазақ-жоңғар соғысында ерлік көрсетіп, батырлығымен көзге түсті. 1759 жылы түрікмендерден Маңғыстауды, Кердері шағылын азат етуге белсене қатысты. Оның жырларының көпшілігі сақталмаған.  Тек «Керей Бөгембай батыр», «Керей Бердіқожа батыр» дастандары, Қанжығалы Бөгембай батырды жоқтауы, жас туралы толғауының, «Бақсары батыр» жырының үзінділері ғана жеткен.   

120 жыл бұрын (1889-1931) қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, драматург, аудармашы, зерттеуші, публицист АЙМАУЫТОВ Жүсіпбек дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан текті, дәулетті, атақ-абырой біткен, бай, ел арасында білікті кісілер екен. Жүсіпбек жастайынан арабша хат тану, оқу үстіне, ағаш берелігі, темір ұсталығы өнерін қатар үйренген. 15-16 жасында Павлодарға барып, орысша-қазақша екі кластық мектепке түседі. Онда ол бір жағынан бала оқытып, қаражат таба жүріп, оқуын 1914 жыл бітіреді де, Семейдегі оқытушылар семинариясына түседі.

1919-1924 жылдары Республика Халық ағарту комиссариатының алқа мүшесі, Семей губерниясы оқу бөлімінің бастығы, «Қазақ тілі» газетінің редакторы қызметтерін атқарып, екі жылдай Қарқаралы өңірінде мұғалімдік қызметте болады. 1924-1929 жылдары Ташкенттен шығатын «Ақ жол» газетінің әдеби қызметкері, Шымкент педагогика техникумының директоры қызметтерін атқарады. Осы кезеңдерде ол ара-тұра сол кездегі саяси науқандарға араласады. Торғай уезінің ашыққан халқына жәрдем ұйымдастырып, жиналған малды «өзі пайдаланып кетті» деген жаламен жауапқа тартылып, артынан ақталады.

1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген сылтаумен 14 адам тұтқындалады. Олардың ішінде Ж.Аймауытов та бар еді. ОГПУ органдары істі тергеп-тексеріп, тиісінше қылмысты іс қозғау жайында қаулы қабылдамастан-ақ бірден айыптау мақсатына кіріседі. Аймауытовтың ісін қайта қарауға қатысқан Қазақ ССР Жоғарғы сотының төрағасы Т.Қ.Аймұхаметов «Осындай қолдан ұйымдастырылған жасанды іс бойынша жаңа 14 адамға түгелдей сырттай үкім шығарылған» - дейді. Осылайша 1931 жылы сырттай үкіммен атылған.

Ж.Аймауытов өзінің қысқа ғұмырында артына аса бай әдеби, ғылыми мұра қалдырды. В.Шекспир, В.Гюго, Г.Мопассан, А.Дюма, А.Пушкин, Р.Тагор, Н.Гоголь, Л.Толстой, Дж.Лондон шығармаларын, «Интернационалды», бірқатар ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аударды. Қаламынан педагогика, психология, методика, эстетикалық тәрбие туралы зерттеулер туғызып, әдебиет, эстетика, сын саласына араласты, сан алуан публицистикалық мақалалар жазды.  Оның «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, «Шернияз», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар» пьесалары, «Жан жүйесі», «Өнер таңдау», «Комплексті оқу жолдары», «Мағжанның ақындығы туралы» ғылыми еңбектері - күрделі дарынның қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орны бар шығармалары.

Қаламгердің «Қартқожа», «Ақбілек» романдары сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, кең тынысты, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт, тірлік кешкен орта ауқымында, жан-жақты мүсіндейтін қазақ әдебиетіндегі алғашқы көлемді эпикалық шығармалар. Ол қазақ әдебиетінде көркем прозада алғаш лиризм әкелген, сондай-ақ пейзаждың үздік үлгісін, психологизмнің терең иірімдерін тамыршыдай дәл басқан нәзік стилист суреткер. 

Ж.Аймауытов 1918-1919 жылдары М.Әуезовпен бірге Семейде «Абай» журналын шығарып, «Екеу» деген бүркеншік атпен  М.Әуезовпен бірлесіп, «Абайдың өмірі және қызметі», «Абайдан кейінгі ақындар» атты мақалалар жазды.

Артынан мол мұра қалдырған жазушының көркем шығармалары эстетикалық бояуының қанықтығымен, көркемдік қуатымен, стильдік даралығымен қазақ әдебиетінде соны бағыт қалыптастырды. Педагогикалық оқу орындарында қызмет істей жүріп, жас ұрпақтың жан-жақты білім алуын көздеген еңбектерін, оқу құралдарын жазды. Оның педагогика, психология және әдістеме саласында жазған ірі еңбектері өз уақытында елеулі рөл атқарды. Олардың ішінде «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау», т.б. туындылары бұл бағыттағы ғылымның бастауында тұрған ірі ғылыми еңбектер болып табылады.

Жазушының қаламынан туған мол мұраны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 жылдары бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты.

ШІЛДЕНІҢ 3-І, ЖҰМА

Беларус Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1990). 1996 жылдан бастап, Беларус Президенті Александр Лукашенко Тәуелсіздік күнін елді фашистік Германиядан азат еткендердің құрметіне орай шілденің 3-інде атап өтуге Жарлық шығарды. Беларус - Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Шығысында Ресеймен, оңтүстігінде Украинамен, солтүстігінде Латвиямен, батысында Польшамен және солтүстік-шығысында Литвамен шектеседі. Әкімшілік-аумақтық жағынан 6 облысқа және Минск, Брест, Витебск, Гомель, Гродно, Могилев орталықтарына бөлінеді. Астанасы - Минск қаласы. Ресми тілі - беларус тілі. Ақша бірлігі - рубль.

Қазақстан мен Беларус арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 16-ында орнатылды. Беларус Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Гапеев Василий.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

106 жыл бұрын (1903) Қазақстандағы алғашқы арнаулы орта оқу орындарының бірі - Семей мұғалімдер семинариясы ашылды. Үш негізгі және бір даярлық оқу орны бар болатын. Оның дайындық класына алғаш Семей, Кереку, Өскемен, Қарқаралы, Ақмола уездерінен 24 бала қабылданды. Кейіннен Тобыл, Барнауыл, Жетісу аймақтарынан да жастар тартыла бастады. Семинарияның алғашқы директоры болып Петербург университетінің түлегі А.И.Белый тағайындалды. 1967 жылы М.Әуезовтің есімі берілді. 1992 жылы  мамырдың 22-інде педагогикалық колледжге айналды.

10 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласында «Алпамыс батыр» эпосының 1000 жылдығы аталып өтілді.

3 жыл бұрын (2006) Астанада Меценаттар клубы құрылды.

1 жыл бұрын(2008) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамы құрылды.

180 жыл бұрын (1829) Орал тауының батыс  жағынан Ресейдегі ең алғашқы алмас табылды.

80 жыл бұрын(1929)Dunlop Latex зертханасында алғаш рет каучук өндірілді.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1954-2002) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі БАҒАЕВ Ерұлан Ұзақұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Алматы облысы Кеген аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болып бастаған. 1978-1979 жылдары - «Жазушы» баспасының редакторы. 1979-1986 жылдары - Алматы қаласы Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Алматы қалалық партия комитетінің нұсқаушысы. 1986-1993 жылдары - «Қазақстан» баспасының редакция меңгерушісі, «Ғылым» баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Көркем әдебиетті насихаттау бюросы директорының орынбасары. 1993-1995 жылдары -«Фармация» мемлекеттік холдингтік компаниясының менеджері, «Әлемжарнамасервиз» кәсіпорнының бас менеджері. 1995-1997 жылдары ҚазТАГ-тың (қазіргі «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ) Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі болды. 

Ақынның «Тұңғыш дәптер», «Таңсәрі», «Жиырма бес», «Жүрегімнің жүз жібі» атты жыр жинақтары жарық көрген. Көркем аударма саласында Б.Любимовтың «Батыс Европа өнері», Ю.Кузнецовтың «Кемел шақ», М.Алиевтің «Қанат» кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған.

ШІЛДЕНІҢ 4-І, СЕНБІ

Кооператорлардың халықаралық күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының кооперативтік альянстың 100 жылдық мерейтойына орай шақырылған 49-шы сессиясының шешімімен шілде айының бірінші сенбісінде атап өтіледі (1994 жылғы желтоқсанның 23-індегі 49/155 қарарының негізінде).

Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1776 жылы Томас Джефферсон «АҚШ Тәуелсіздігі декларациясына» қол қойды. АҚШ - Солтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Оңтүстігінде Канадамен, оңтүстік-батысында Мексикамен шектеседі. Шығысын - Атлант мұхиты, оңтүстік-шығысын - Мексика шығанағы, батысын - Тынық мұхиты қоршайды. Әкімшілік жағынан 50 штатқа бөлінеді. Астанасы - Вашингтон қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - доллар.

Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1991 жылғы желтоқсанның 26-ында орнатылды. Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Ыдырысов Ерлан. АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Ричард Хоугланд.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

77 жыл бұрын (1932) бір топ қазақ зиялылары - Ғ.Мүсірепов, М.Ғатаулин, Е.Алтынбеков, М.Дәулетқалиев, Қ.Қуанышев БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.Голощкинге хат (бесеудің хаты) жолдады. Бастапқыда хат И.Сталинге арнап жазылған болатын. Бесеудің хаты республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып сақтандырған алғашқы дабылдардың бірі болды. Хатта қазақ ауылындағы социалистік қайта құрулар бүкілхалықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды - байларды, орта шаруаларды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы шыншылдықпен баяндалды.

17 жыл бұрын (1992) Алматы эстрада-цирк училищесіне Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің есімі берілді.

9 жыл бұрын (2000) Атырау қаласында қазақ халқының ұлы күйшісі, композитор, дүлділ домбырашы, қазақтың аспаптық музыкасының классигі Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші ашылды. Ол, 1823 жылы қазіргі Құрманғазы ауданының Жиделі елді мекенінде дүниеге келіп, 1896 жылы Астрахан облысының Алтынжар ауылында қайтыс болған.

  

6 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Автомобиль көлігі туралы» Заңға қол қойды.

190 жыл бұрын (1819) Кронштадттан «Восток» және «Мирный» шағын қайықтары жер шарын айналған саяхатқа шықты. Осы экспедиция барысында алтыншы континент Антарктида ашылды.

125 жыл бұрын (1884) Азаттық ескерткіші Франциядан Америкаға әкелінді. 92 метр, 255 тонналық мүсіннің ашылу салтанаты 1886 жылы қазанның 28-інде болды.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1924) филология ғылымының докторы, профессор САРМУРЗИНА Масура Ғайсақызы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Аталған университеттің доценті, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1962-1969 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры. 1969-2000 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, филология факультетінің деканы. 2000 жылдан зейнет демалысына  шыққан.

Медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

45 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, «Алтын жұлдыз» конкурсының лауреаты КИЯНИЦА Виктор Витальевич дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. «Комсомольская правда» газетінің тілшісі, «Московские новости» газетінің Қазақстан және Орта Азия бойынша арнаулы, меншікті тілшісі, «Огонек» журналының Қазақстан бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. 1997-1998 жылдары - «Gala-TV» телекомпаниясының шеф-редакторы, «Хабар» агенттігі «Жеті күн» бағдарламасының жетекшісі. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз хатшысы - баспасөз қызметінің жетекшісі. 2000-2001 жылдары - Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры Қоғамдық байланыс орталығының жетекшісі. 2001-2002 жылдары - «Мұнай және газ көлігі» жабық акционерлік қоғамының департамент директоры. 2002-2003 жылдары - «Комсомольская правда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры. 2003-2005 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» жабық акционерлік қоғамының департамент директоры, «АсТВ» телекомпаниясының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамының Алматы қаласындағы баспасөз орталығының жетекшісі, «Страна и мир» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді.

ШІЛДЕНІҢ 5-І, ЖЕКСЕНБІ

Кабо-Верде Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975). Кабо-Верде - Батыс Африка жағалауларына жақын Атлант мұхитындағы 8 ірі және 10 ұсақ аралда орналасқан мемлекет. Астанасы - Прая қаласы. Ресми тілі - португал және креол тілдері. Ақша бірлігі - эскудо.  Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - бір палаталы парламент - Ұлттық ассамблея.

  

Армения Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Конституция күні. 1995жылғы маусымның 5-дегі жалпыхалықтық референдумда Армения Конституциясы қабылданды.

Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 27-інде орнатылды.

Венесуэланың Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1811). Испанияның бодауында болған Венесуэла 1811 жылы тәуелсіздігін талап етті. Сол тәуелсіздігін 1830 жылы ғана алып, Оңтүстік Америкадағы бірінші тәуелсіз ел болды.

Қазақстан Республикасы мен Венесуэла Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1996 жылғы мамырдың 8-інде орнатылды.

Алжир Халықтық Демократиялық Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. Алжир - Солтүстік Африкада, Жерорта теңізінің батысында орналасқан мемлекет. Батысында Мароккомен, Батыс Сахарамен, оңтүстігінде Нигермен, шығысында Ливиямен, Туниспен шектеседі. Астанасы - Алжир қаласы. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - динар.

Қазақстан Республикасы мен Алжир арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1996 жылғы наурыздың 15-інде орнатылды.

Қырғызстанның медицина қызметкерлері күні. 1992 жылы шілдеде «Қырғызстан Республикасының халық денсаулығын қорғау туралы» Заңның қабылдануына орай Қырғыз Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Шілденің бірінші жексенбісінде атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

17 жыл бұрын (1992) Оралда Қазақ драма театры ашылды.

15 жыл бұрын (1994) Алматыда «Интернационал банктің» тұсаукесер рәсімі өтті. Оған Нью-Йорктегі Чейд Манхэттен банкісінің президенті Ародр Райан мырза қатысты.

13 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасының «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» Заңы қабылданды.

9 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев 2000 жыл мәдениетті қолдау жылы деп жариялануына орай, сонымен қатар Астана қаласын әлеуметтік-мәдени дамыту мақсатында және көрнекті қазақ әншісі Күләш Байсейітованың атын мәңгі есте сақтау үшін К.Байсейітова атындағы опера және балет театрына Ұлттық театр мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойды.

8 жыл бұрын (2001) Ақмола облысы, Щучье қаласындағы Кадет корпусы ғимаратының алдында қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, географ, фольклортанушы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлихановтың ескерткіші ашылды.

5 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» Заңы қабылданды.

55 жыл бұрын (1954) Ұлыбританияда Ричард Бейкер «Би-Би-Си теледидар жаңалықтары» бағдарламасын ұсынды.

15 жыл бұрын (1994) Қытайда ең төменгі еңбекақы мөлшерін, сегіз сағаттық жұмыс күні мен балалар еңбегін  пайдалануға тыйым салуды бекіткен еңбек туралы заң қабылданды.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1919) кен инженері, техника ғылымының докторы, профессор, Ұлы Отан соғысының ардагері МУЗГИН Сергей Спиридонович дүниеге келді.

Ресейде туған. Томск индустриялық институтын бітірген. Қазақ КСР Ғылым академиясы Кен ісі институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың орынбасары қызметтерін атқарған.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері мен өнертабыстары жер қойнауынан кен қазып алу үдерістерін механикаландыру, электрлендіру және автоматтандыру мәселелеріне арналған. 25 өнертабыстың авторы.

1-2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

80 жыл бұрын (1924-1986) медицина ғылымының докторы, профессор, Ұлы Отан соғысының ардагері ПОЛЕТАЕВ Станислав Дмитриевич дүниеге келді.

Ресейдің Волгоград қаласында туған. Ленинград әскери-теңіз медицина академиясын бітірген. 1961-1964 жылдары - Қазақ туберкулез (өкпе ауруы) ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1964-1971 жылдары - Целиноград медицина институтының ректоры және туберкулез (өкпе ауруы) кафедрасының меңгерушісі. 1971-1986 жылдары Орталық дәрігерлер білімін жетілдіру институтының (Мәскеу) бөлім бастығы, туберкулез кафедрасының профессоры, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.

С.Полетаевтың негізгі ғылыми еңбектері фтизиатрия мәселелеріне арналған. Ғалым тыныс органдары туберкулезінің эпидемиологиясы мен белгілерін зерттеп, оны емдеу тәсілдерін,  жаңа микроб штаммын ұсынды. Бір авторлық куәлігі бар.

2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1949) өнертанушы, тарихшы ЖАНГЕЛДИН Ермек Тоқтағалиұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Ресей өнер, мәдениет және туризм қызметкерлерін қайта даярлау институтын, Қазақстан Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын  бітірген. 1982-1983 жылдары - «Қазкітап» бірлестігі Республикалық кітап базасының директоры. 1983-1994 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік мұражайының ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, Алматы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының директоры. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары. 1995-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мұражайының директоры. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және өнерді қолдау мемлекеттік қоры атқарушы директорының орынбасары. 2001 жылдан Н.Назарбаев Білім қорының «Мирас» халықаралық мектебі мәдени білім беру бағдарламаларының директоры қызметін атқарады.

«Достық» орденімен, медальмен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар