ҚазАқпарат-Анонс: шілденің 7-cі мен 12-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚОҒАМ
Шілденің 8-10-ы аралығында Алматы мен Шортанды қалаларында егін шаруашылығынан тұрақты өнім алуға бағытталған әдістер мен технологияларға арналған халықаралық конференция өтеді.
СПОРТ
Қазақстанның боксшы қыздар командасы шілденің 8-і мен 11-і аралығында Петерборда өтетін халықаралық турнирге қатысады.
АСТАНА
Шілденің 7-сінде «Нұр Отан» партиясының Орталық кеңсесінде «Қоғамдық орындарда мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылуы туралы республикалық акцияның басталуына арналған брифинг өтеді.
Шілденің 7-сінде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалында «Бітіруші түлек-2009» бос қызмет орындарының жәрмеңкесі болады.
АЛМАТЫ
Шілденің 7-сінде «Серт» акционерлік қоғамының әкімдік алдындағы уәдесінде тұрмау мәселесіне байланысты Қазақстан баспасөз клубында баспасөз мәслихаты өтеді.
ШІЛДЕНІҢ 7-СІ, СЕЙСЕНБІ
Соломон аралдарының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1978). Соломон аралдары - Тынық мұхитының Меланезия аралдары тобындағы архипелаг. Ірі аралдары: Бугенвиль, Гуадалканал, Санта-Исабель, Малаита, Сан-Кристобаль, Шуазель, Нью-Джорджия. Аралды 1568 жылы испандық теңізде жүзуші А.Менданья де Нейра ашқан болатын. Соломон аралдарының Солтүстік бөлігі Папуа - Жаңа Гвинея құрамына кіреді, көпшілігі Ұлыбританияның протектораты. Әкімшілік орталығы - Хониара қаласы. Халқы австронезия және папуас тілдерінде сөйлейді. Ақша бірлігі - Соломон аралдарының доллары. Мемлекеттік құрылысы - конституциялық монархия.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
32 жыл бұрын (1977) Қазақ кардиология ғылыми-зерттеу институты (қазіргі Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты) құрылды.
27 жыл бұрын (1982) Оралда қазақ халқының батыр қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың өмірінен сыр шертетін мемориалдық мұражай-үйі ашылды.
10 жыл бұрын (1999) Ақтөбеде ақын Нұрпейіс Байғанинге ескерткіш орнатылды.
9 жыл бұрын (2000) Астанада жаңа Орталық алаң ашылды.
3 жыл бұрын (2006) Астанада «Ақорда» Республикалық қозғалысының мұрындық болуымен Шұбар кентінде 100 кісілік мешіт ашылды. Қос күмбезді, екі мұнаралы мешіттің ерлер мен әйелдерге арналған намаз залдары, кітапханасы мен киім ілетін, дәрет алатын бөлмелері бар. Алланың жердегі бұл үйі «Ақорда» қозғалысы елордада салған осымен төртінші мешіт саналады.
55 жыл бұрын (1954) Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1952 жылғы желтоқсанның 20-ында қабылдаған Әйелдердің саяси құқығы туралы конвенция күшіне енді.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924-2004) Кеңес Одағының Батыры, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының құрметті азаматы ӘШІРОВ Сейітқасым дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Самарқанд ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Самарқанд қаласында мергендер курсынан өткен. 2-ші Беларус майданының 96-шы атқыштар дивизиясы 331-ші полкінің құрамында барлаушы, взвод командирі болып, Беларустағы, Польшадағы ұрыстарда жау шебіне талай рет өтіп, құнды деректер әкелген. Соғыстан кейін Шәуілдір аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Қызылқұм аудандық халық сотында судья, Шардара ауданындағы Шардара кеңшарында бас мал дәрігері, директордың орынбасары, директоры қызметтерін атқарды.
«Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз», 1-ші дәрежелі «Отан соғысы», 3-ші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
45 жыл бұрын (1964) «Ыждағат» қоғамдық қорының вице-президенті, техника ғылымының кандидаты, Ресей Сапа проблемалары академиясының академигі ТҰРЫСПЕКОВ Мұрат Хамитұлы дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Мәскеу автомобиль жолдары институтын бітірген. 1996-1998 жылдары - Ақмола стандарттау, метрология және сертификаттау орталығының бөлімше бастығы, директордың орынбасары. 1998-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігі Стандарттау, метрология және сертификаттау комитетінің төрағасы, төрағаның орынбасары. 2001-2003 жылдары - «Ұлттық ақпараттық технологиялар» жабық акционерлік қоғамының атқарушы директоры. 2003-2005 жылдары - «Ақ жол» партиясы орталық аппаратының жетекшісі. Қазіргі қызметінде 2003 жылдан бастап істейді.
65 жыл бұрын (1944) итальяндық композитор, эстрада әншісі ТОТО Кутуньо (толық аты-жөні - Сальваторе Кутуньо) дүниеге келді.
Бала кезінен музыкалық қабілетін байқатқан ол 13 жасында аймақтық музыка байқауында 3-ші орынды иеленеді. 19 жасына дейін жергілікті музыкалық топта ұрмалы аспапта ойнап, Манусарди ансамблінің құрамында Финляндияға алты айлық сапарға шығады. Еліне оралғаннан кейін «Toto e Tati» атты жеке тобын ұйымдастырып, Италияда өнер көрсете бастады, сонымен қатар өзі де музыка жазуды қолға алды. 1983 жылы «Итальянец» әнімен Сан-Ремо фестивалінде бірінші орынды иеленсе, 1990 жылы «Евровидение» конкурсында жеңімпаз атанды.
Оның әуезді, аздаған мұңлы және өте романтикалық әндері ұзақ уақыт бойы италяндық Доменико Модуньо, Адриано Челентано, Кристиан, француздық Джо Дассен, американдық Петулы Кларк сынды танымал әншілердің репертуарынан орын алды.
ШІЛДЕНІҢ 8-І, СӘРСЕНБІ
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен Ақмола облысының Бурабай курортты аймағында Абылай хан ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
15 жыл бұрын (1994) қазақстандық кинематография тарихында алғаш рет «Территория жизни» сериалының ресми тұсаукесер рәсімі өтті. «Мастерс медиа» тәуелсіз телевизиялық продюсерлік орталығы түсірген экшн жанрындағы сериал әрқайсысы 30 минуттық 8 сериядан тұрады.
15 жыл бұрын (1994) Алматыда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Президенттері кездесіп, көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Ортаазиялық ынтымақтастық және даму банкін құру туралы келісімге қол қойды.
10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Парламенті кезекті сайлауының мерзімін тағайындау туралы» Жарлығы жарық көрді.
6 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Орман кодексіне» қол қойды.
4 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңы қабылданды.
65 жыл бұрын (1944) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Ардақты ана» және «Ана даңқы» ордендерін белгілеу туралы Жарлығы жарияланды.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1899-1969) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ОЧКУР Петр Павлович дүниеге келді.
Украинада туған. Киев медицина институтын бітірген. 1938-1961 жылдары Қазақ медицина институты патологиялық анатомия кафедрасының меңгерушісі, оқу ісі және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері патологиялық анатомия мәселелеріне арналған. П.Очкур ағзадағы жүрек-қантамыр аурулары, бруцеллез салдарынан туатын патоморфологиялық өзгерістерге сипаттама беріп, ондағы заңдылықтарды ашты.
Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1939) актер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі РАҚЫМОВ Ошат дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы опера және балет театры студиясын бітірген. 1960-1962 жылдары М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында қызмет етті. 1962 жылдан Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық драма театрының актері болды.
О.Рақымов театр сахнасында 200-ге тарта рөлде ойнады. Олардың қатарында Нарша, Көбей, Еспембет, Қозы Көрпеш, Бекежан, Әсет, Капулетти, т.б. бейнелері бар. «Өмірім - өнерім» атты жыр жинағы жарық көрген.
170 жыл бұрын (1839-1937) американдық кәсіпкер, адамзат тарихындағы алғашқы «доллар» миллиардері РОКФЕЛЛЕР Джон Дэвисон дүниеге келді.
Нью-Йорк штатының Ричфорд қаласында туған. 1863 жылы Рокфеллер әріптестерімен бірге Кливлендке тақау жерден өзінің алғашқы мұнай айдау зауытын салды. 1870 жылы «Стандарт Ойл Компани» компаниясының негізін қалады. Ол досы әрі бизнестегі әріптесі Генри Флаглермен бірге жекеленген мұнай шығаратын және мұнай өңдейтін кәсіпорындарды біртұтас қуатты мұнай тресінің астына топтастырды. Аталған компанияға Америкада өндірілетін мұнайдың 95 пайызы тиесілі болды.
1897 жылдан бастап Рокфеллер компанияның басқару тетіктерін біртіндеп қабілетті әріптестеріне беріп, өзі қайырымдылық шараларымен айналыса бастады. Ол 1892 жылы Чикаго университетінің, 1901 жылы Рокфеллер атындағы медицина институтының (кейінірек Рокфеллер атындағы университет) негізін қалады. 1902 жылы Жалпы білім беру кеңесін, ал 1913 Рокфеллер қорын құрды.
ШІЛДЕНІҢ 9-Ы, БЕЙСЕНБІ
Аргентинаның Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. Аргентина - Оңтүстік Американың оңтүстік-шығыс бөлігін толығымен алып жатқан мемлекет. Оңтүстігінде және батысында Чилимен, солтүстігінде Боливия, Парагваймен, солтүстік-шығыс және шығысында Бразилия, Уругваймен шектеседі. Әкімшілік жағынан 22 провинцияға, 1 ұлттық территорияға және 1 федералды астаналық округке бөлінеді. Астанасы - Буэнос-Айрес қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - песо. Аргентина конституциясы бойынша Федеративтік Республика. Ал басқару формасы бойынша парламентаризм элементтері бар Президенттік Республика. Мемлекет және үкімет басшысы - Президент. Сонымен қатар елдің қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып саналады. Жоғары заң шығарушы органы Сенат және Депутаттар палатасынан тұратын Ұлттық конгресс.
Қазақстан Республикасы мен Аргентина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы маусымның 25-де орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
8 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы жарық көрді.
35 жыл бұрын (1974) Кеңес Одағы геологиялық және геофизикалық мәселелерді шешу үшін «Метеор-18» жасанды жер серігін ұшырды.
ЕСІМДЕР
75жыл бұрын (1934) экономика ғылымының докторы, профессор СПЕКТОР Михаил Давыдович дүниеге келді.
Одесса ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Ақмола жерге орналастыру экспедициясының инженері, Целиноград ауыл шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі, доценті, факультет деканы, профессоры қызметтерін атқарды.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері ауылды қайта орналастырудың әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне арналған.
60 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі СҮЛЕЙМЕНОВ Жарасбай Қабдоллаұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Петропавл педагогикалық институтын бітірген. Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің кіші әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, облыстық және республикалық радионың журналисі, облыстық телерадио компаниясының комментаторы, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. «Солтүстік Қазақстан» газеті мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры, бас редакторы болған. Депутаттық өкілеттігі 2007 жылы қыркүйектің 2-інде басталды.
50 жыл бұрын (1959) суретші, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ЖҰМАБАЙ Әділет Асқарұлы дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын бітірген. Қазіргі уақытта Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытушы болып істейді.
Оның туындылары республикалық көрмелерге қойылған. 1996 жылы Алматы қаласындағы Республика алаңында орнатылған «Тәуелсіздік монументі» композициясының құрамындағы «Барыс үстіндегі Алтын адам» ескерткішін, «Сақтар» мен «Қазақтар» барельефтерін жасаған. Ә.Жұмабайдың «Айша бибі», «Күлтегін», «Абай», «Көшпенділер», «Қазақ анасы» атты мүсіндері бар.
45 жыл бұрын (1964) актер ЖҰМАНОВ Евгений Нұриұлы дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған. Шығармашылық қызметін Павлодар облыстық драма театрынан бастаған. Орал облыстық орыс драма театрында, Мемлекеттік орыс академиялық драма театрында өнер көрсеткен. 1996 жылдан Республикалық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының актері.
Е.Жұманов театр сахнасында Ромео (У.Шекспир «Ромео - Джульетта»), Калигула (А.Камю «Калигула»), Сольери (А.Пушкин «Моцарт пен Сольери»), Хосе (П.Периме «Кармен»), т.б. рөлдерінде ойнаған. «Тоғысқан тағдырлар» телесериалында Шәміл Байжановтың бейнесін сомдаған. Ол сонымен қатар теледидар бағдарламаларын жүргізуші ретінде де танымал.
190 жыл бұрын (1819-1867) американдық өнертапқыш ХОУ Илайес дүниеге келді.
Массачусетс штатының Спенсер қаласында туған. Тоқыма машинасы зауытында, сағат жөндеу шеберханасында істеген. 1846 жылы 5 жылдық еңбегінің арқасында тігін машинасын жасап шығарып, оған патент алды. Аталған машинаны Англияда сату құқығын тігінші У.Томасқа 250 фунт стерлингке беріп, онымен бірге Тұманды Альбион елінде алғашқы туындысын сатылымға шығарды. 1867 жылы жетілдірілген машина Париж көрмесінде алтын медальға ие болды
ШІЛДЕНІҢ 10-Ы, ЖҰМА
Багам аралдары Достастығының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1973). Багам - Атлант мұхитындағы Флорида түбегінің оңтүстік-шығыс жағалауынан Кубаның шығыс жағалауына дейінгі аумақта жатқан 700-ден астам аралдарды қамтитын мемлекет. Ең ірілері Андрос, Үлкен Абако, Үлкен Багам аралдары. Астанасы - Нассо қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - багам доллары. Багам аралдарының билеушісі Ұлыбритания королевасы болып есептеледі де, елді оның өкілі генерал-губернатор басқарады. Үкімет басшысы - Премьер-Министр. Заң шығарушы органы Сенат пен Өкілдер палатасынан тұратын парламент.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
90 жыл бұрын (1919) Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы» қаулысы қабылданды. Оның алғашқы құрамына С.Пестковский, А.Байтұрсынов, В.Лукашев, М.Тұнғаншин, Б.Қаратаев, С.Меңдешев кірді.
60 жыл бұрын (1949) «Астана су арнасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды. Кәсіпорынның жылдық су тарату көлемі 30 миллион куб метрді құрайды. «Астана су арнасы» 600 шақырымға жуық су құбырына және 270 шақырым канализация жүйесіне қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда Астана қаласында 37 канализация сорғышы стансысын, 250 шақырым канализациялық коллекторды және ауа жіберу стансысын біріктіретін орталықтандырылған субұрғыш жүйесі бар. Ауа жіберу стансысының жобалық қуаты тәулігіне 135,9 мың куб метрді құрайды.
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Алматы қаласындағы Қазанның 50 жылдығы атындағы спорт сарайы ақын, әнші және композитор Балуан Шолақ есімімен аталды.
7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының «Профилактика және темекі шегуді шектеу туралы» Заңы жарық көрді.
7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңы қабылданды.
120 жыл бұрын (1889) Парижде Эйфель мұнарасының ашылу салтанаты өтті. Мұнара 1889 жылы Бүкілдүниежүзілік көрме үшін А.Эйфельдің жобасы бойынша жасалған болатын. Бүгінде ол француз халқының мақтанышы. 19 ғасырдың техникалық жетістігінің ескерткіші. Мұнара 18 000 металл бөлшектерден, 2 500 000 шегеден құралған. Биіктігі - 300 метр, ені - 123 метр, салмағы 9 000 тонна.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944) техника ғылымының докторы, профессор ҚАЛДЫКӨЗОВ Еркімбек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ химия-технология институтын бітірген. Еңбек жолын кәсіпорындарда аппаратшы, шебер болып бастаған. 1971-1974 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының Атырау қаласындағы Мұнай және табиғи тұздар химиясы институтының ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1974-1995 жылдары Қазақ химия-технология институты мұнай және газ технологиясы кафедрасының оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1999 жылдан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мұнай-газ және полимерлер технологиясы кафедрасының профессоры болып істейді.
ШІЛДЕНІҢ 11-І, СЕНБІ
Халықтардың бүкілдүниежүзілік күні. БҰҰ-ның бастамасымен 1987 жылдан бастап атап өтіледі. Сол жылы шілденің 11-де БҰҰ демографтарының есебі бойынша жердің бес миллиардыншы тұрғыны дүниеге келді. 2001 жылғы мәлімет бойынша жер тұрғындары 1,1 млрд адамға көбейген. БҰҰ сарапшыларының болжамдарына қарағанда, соңғы 45 жыл ішінде адам саны 9 миллиардқа дейін көтерілуі мүмкін. Бірақ, дамыған мемлекеттердің тұрғындары көбеймейді, 1,2 млрд деңгейде тұрақталады. 2050 жылы Германия, Италия, Жапония, Украина және Ресей сынды 50 мемлекет тұрғындарының саны 2005 жылға қарағанда төмен болады. БҰҰ баяндамасына қарағанда адамдардың орташа өмір сүру деңгейі 1950-1955 жылдары 46 жас болса, 2000-2005 жылдары 64 жас. Яғни, адамдардың өмір сүру деңгейі 18 жылға өскен. 2050 жылы орташа өмір сүру деңгейі 75, ал дамыған мемлекеттерде 82 жас болады деп күтілуде.
Монғолияның Ұлттық мейрамы - «Наадам». 1921 жылдан бастап аталып өтіледі. Қазақстан мен Монғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы қаңтардың 22-інде орнатылды. Монғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Равдангийн Хатанбаатар. Қазақстанның Монғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Нұрбаев Орман Кәрімұлы.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
115 жыл бұрын (1894) Транссібір темір жолы арқылы Петропавл қаласына алғашқы пойыз келіп жетті. Темір жол қатынасының қалыптасуы бұл өлкенің экономикалық және дамуына жасалған негізгі қадам болатын.
32 жыл бұрын (1977) Қазақ минералдық шикізат ғылыми-зерттеу институты құрылды.
12 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы қабылданды.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1934)танымал итальяндық модельер, сауда-саттық айналымы 4 миллиард евроны құрайтын әлемдегі ірі дизайнерлік сән үйінің бірі Giorgio Armani S.p.A. компаниясының жалғыз акционері, атқарушы директоры әрі президенті АРМАНИ Джорджио дүниеге келді.
Италияның Пьяченца қаласында туған. Ол 2 жыл Пьянченца университетінде медицинаны оқығаннан кейін сәнді киімдер жасаумен әуестеніп, Nino Cerruti маркасы үшін ерлер киімін піше бастайды. 1975 жылы шілденің 24-інде досы Серджио Галеоттимен бірге Giorgio Armani S.p.A. компаниясын құрып, ерлер мен әйелдердің дайын киімдерін шығарады. Қазіргі таңда аталған компанияның өнімдері қатарында ерлер мен әйелдер киімі, аяқ киім, сөмке, сағат, көзәйнек, зергерлік бұйымдар, иіс су мен косметикалар, үй тауарлары мен жиһаздар бар.
Джорджио Армани сән саласындағы жұмысында Gran Cavaliere della Repubblica, Commendatore dell'Ordine al Merito della Repubblica (Италиядағы жоғары үкіметтік награда), Үздік халықаралық дизайнер (Award for Best International Designer) және ерлер киімінің коллекциясы үшін Американың Сән дизайнерлері кеңесінің Кәсіби жетістіктері үшін сыйлығы (Lifetime Achievement Award) сияқты бірнеше ұлттық және халықаралық марапатқа ие болды.
Джорджио Армани әлемнің 39 елінде орналасқан 13 фабрика мен 300 эксклюзивті сауда дүкенінің иесі.
ШІЛДЕНІҢ 12-СІ, ЖЕКСЕНБІ
Сан-Томе және Принсипи Демократиялық Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975). Сан-Томе және Принсипи - Гвинея шығанағындағы осы аттас аралдарда және Африканың батыс жағалауындағы басқа да ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы - Сан-Томе қаласы. Ресми тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - добра. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ұлттық халықтық жиналыс. Экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы. Экспортқа какао, кофе, пальма, банан шығарады. Негізгі сауда серіктестері - Португалия мен АҚШ.
Кирибати Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1979). Кирибати - Тынық мұхиттың батыс бөлігіндегі аралдар мен атоллдарда орналасқан мемлекет. Кирибати құрамына Гилберта, Лайн, Феникс, Банаба аралдары кіреді. Астанасы - Байрики қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар барлық халқы тунгаруан (кирибати) тілінде де сөйлейді. Ақша бірлігі - австралия доллары. Британ достастығы құрамына кіргенімен мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ассамблея палатасы.
Петропавл қаласының күні. Қала Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы.
Балықшылар күні - балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі (Ресей Федерациясы).
Адамдар күнкөріс үшін балық аулаумен мезолит дәуірінің соңынан бастап айналыса бастаған. Ал неолит дәуірінде теңіз, өзен, көл жағалауларын мекендеген тұрғындар үшін балық аулау нақты кәсіпке айналған. Бастапқыда балық ұстау үшін үшкір таяқ (сүңгі), тас құралдары пайдаланылса, кейінгі кезеңдерде найза, садақ сияқты аңшылық құралдарымен қатар сүзекі, сүйектен жасалған қармақ, қаза (қамыстан тоқылған құрал) пайдаланған. Орта ғасырдан бастап аталмыш кәсіп өркендеп, 19-20 ғасырларда балық аулайтын ірі көлемдегі және жетілдірілген құрал-жабдықтар, арнайы қайықтар мен кемелер жасалған. Қазақстанда 19 ғасырдың ортасынан бастап Каспий, Арал, Балқаш, Жайық, Сырдария сияқты ірі теңіздер мен өзендердің жағалауында балықшылар мекені, балық өңдейтін цехтар пайда болған.
Бүгінгі таңда дүниежүзілік балық шаруашылығының жалпы өндірісі 130 млн. тоннаға жетеді. Оның 90 млн. тоннадан астамы ауланса, қалған 40 млн. тоннаға жуығы аквамәдениеттің көмегімен алынады. Соңғы жылдары тұщы су жүйесінде де, сонымен қатар теңіз ортасында да аквамәдениеттің жедел дамуы қарқын алуда. Дүниежүзінде жалпы аквамәдениетті өндірудің көшбасшысы - Қытай және жыл сайын ішкі және дүниежүзілік нарыққа 325 мың тоннаға дейін лосось өсіретін және жеткізетін Норвегия болып табылады. Дүниежүзілік балық өндірісінің 38 пайызға жуығы экспортталады. Дамып келе жатқан елдердің экспорты 50 пайыздан астам, ал импорттың 80 пайыздан астамын дамыған елдерге (Жапония, АҚШ, Еуропа) тиесілі.
100 млн. тоннаға жуық балық өнімдері тамаққа пайдаланылады, ал қалғандары, негізінен балық ұнына қайта өңделеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
84 жыл бұрын (1925) Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Оның алғашқы басшылары - С.Сейфуллин, Б.Майлин. Одақ құрамында проза, поэзия, драматургия, сын, көркем аударма, очерк, сатира, фантастика, балалар әдебиеті, орыс, неміс, корей, ұйғыр әдебиеті жөніндегі шығармашылық кеңестер жұмыс істейді. 1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағының он шақты ғана мүшесі болса, қазіргі уақытта 900-ге жуық мүшесі бар. Қазақстанның 11 облысы мен Астана қаласында бөлімшелері бар.
150 жыл бұрын (1859) Уильям Гудейл өзі жасаған сөмке тігетін машинаға патент алды.
ЕСІМДЕР
115 жыл бұрын (1894-1977) режиссер, актер, КСРО-ның және Қазақстанның халық әртісі, профессор, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Лениндік сыйлықтың лауреаты ЗАВАДСКИЙ Юрий Александрович дүниеге келді.
Ресейдің Мәскеу қаласында туған. Мәскеу университетін бітірген. Ұлы Отан соғысы жылдарында Моссовет атындағы театр құрамымен бірге Шымкентте, Алматыда тұрған. Қазақстан театрының сахналарында К.Гольдонидің «Қонақ үйдің қожасы», У.Шекспирдің «Отеллосы» мен «Асауға тұсауын», «Виндзор сайқымазақтарын», М.Лермонтовтың «Маскарадын», тағы басқаларды қойды.