ҚазАқпарат-Анонс: шілденің 9-ы мен 12-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ
Шілденің 9-ында Ауыл шаруашылығы министрлігінде алқа мәжілісі болады.
ҚОҒАМ
Шілденің 8-10-ы аралығында Алматы мен Шортанды қалаларында егін шаруашылығынан тұрақты өнім алуға бағытталған әдістер мен технологияларға арналған халықаралық конференция өтеді.
Шілденің 10-11-і күндері Венада «Дін және сенім бостандығы» тақырыбына арналған ЕҚЫҰ-ның адами өлшемдер жөніндегі 2-інші қосымша отырысы өтеді, оған қазақстандық мемлекеттік органдар және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысады. Күн тәртібі « Міндеттен орындауға: ЕҚЫҰ аймағындағы дін және сенім бостандығы»; «Діни қоғамдастық пен дінге сенушілердің жағдайы»; «Ғибадат ету орыны» тақырыптарына арналған үш сессияны қамтиды.
СПОРТ
Шілденің 8-і мен 11-і Қазақстанның боксшы қыздар командасы аралығында Петерборда өтетін халықаралық турнирге қатысады.
Шілденің 9-12-сі күндері Филиппиннің Манила қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күрестерінен жастар арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Бұл дүбірлі додада ел намысын әйелдер күресінен Әлбина Әбілева (44), Гүлмира Ысқақова (48), Зүлфия Яхъярова (51), Мөлдір Сақымбекова (55), Жулия Сәтімбекова (59), Татьяна Захарова (63), Татьяна Костюкевич (67) пен Евгения Степовая (72 килә) қорғайды. Бапкерлер бұл жолы еркін күресте 50, 55, 60, 66, 74, 84, 96 және 120 килә салмақтарда бақ сынайтын Марғұлан Жүсіпов, Дәулет Ниязбеков, Саятбек Оқасов, Дәурен Жұмағазиев, Жанболат Мағзұмов, Ислам Әзизов, Ғани Ізмағамбетов пен Мұса Мамедовке сенім артып отыр. Сондай-ақ грек-рим күресі шеберлері де 8 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. Олардың арасында Артур Үмбетқалиев, Мәди Жарболов, Ербол Киікбаев, Ренат Нығматулин, Досжан Қартықов, Жасұлан Қожанов, Жанарбек Қабдолов және Самалбек Нысанбаев бар.
АСТАНА
Шілденің 9-ында Астана-Технопарк орталығында қала әкімі И.Тасмағамбетовтың қатысуымен жаңа зауыттың ашылу рәсімі болады.
Шілденің 9-ында Республика даңғылындағы №7а үйдің алдында әкім И.Тасмағамбетовтың қатысуымен көпдеңгейлі жерасты автопаркингі ашылады.
Шілденің 9-ында Кедендік бақылау комитетінде «63 миллион теңге соманың мұнайы тиелген 20 цистернаның (вагон) ұсталу фактіне» арналған» баспасөз мәслихаты өтеді.
АЛМАТЫ
Шілденің 9-ында Ұлттық баспасөз клубында Шынжаң қазақтарының рухани мәдениеті туралы 7 томдық кітаптың жарыққа шығуына арналған баспасөз мәслихаты болады.
Шілденің 9-ында «Ретро Шлягер» диско-клубында «Балқаш 2009» халықаралық байкфестивалінің ашылуына арналған баспасөз мәслихаты болады.
ШІЛДЕНІҢ 9-Ы, БЕЙСЕНБІ
Аргентинаның Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. Аргентина - Оңтүстік Американың оңтүстік-шығыс бөлігін толығымен алып жатқан мемлекет. Оңтүстігінде және батысында Чилимен, солтүстігінде Боливия, Парагваймен, солтүстік-шығыс және шығысында Бразилия, Уругваймен шектеседі. Әкімшілік жағынан 22 провинцияға, 1 ұлттық территорияға және 1 федералды астаналық округке бөлінеді. Астанасы - Буэнос-Айрес қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - песо. Аргентина конституциясы бойынша Федеративтік Республика. Ал басқару формасы бойынша парламентаризм элементтері бар Президенттік Республика. Мемлекет және үкімет басшысы - Президент. Сонымен қатар елдің қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып саналады. Жоғары заң шығарушы органы Сенат және Депутаттар палатасынан тұратын Ұлттық конгресс.
Қазақстан Республикасы мен Аргентина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы маусымның 25-інде орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
8 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы жарық көрді.
35 жыл бұрын (1974) Кеңес Одағы геологиялық және геофизикалық мәселелерді шешу үшін «Метеор-18» жасанды жер серігін ұшырды.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1934) экономика ғылымының докторы, профессор СПЕКТОР Михаил Давыдович дүниеге келді.
Одесса ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Ақмола жерге орналастыру экспедициясының инженері, Целиноград ауыл шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі, доценті, факультет деканы, профессоры қызметтерін атқарды.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері ауылды қайта орналастырудың әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне арналған.
60 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі СҮЛЕЙМЕНОВ Жарасбай Қабдоллаұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Петропавл педагогикалық институтын бітірген. Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің кіші әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, облыстық және республикалық радионың журналисі, облыстық телерадио компаниясының комментаторы, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. «Солтүстік Қазақстан» газеті мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры, бас редакторы болған. Депутаттық өкілеттігі 2007 жылы қыркүйектің 2-інде басталды.
50 жыл бұрын (1959) суретші, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ЖҰМАБАЙ Әділет Асқарұлы дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын бітірген. Қазіргі уақытта Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытушы болып істейді.
Оның туындылары республикалық көрмелерге қойылған. 1996 жылы Алматы қаласындағы Республика алаңында орнатылған «Тәуелсіздік монументі» композициясының құрамындағы «Барыс үстіндегі Алтын адам» ескерткішін, «Сақтар» мен «Қазақтар» барельефтерін жасаған. Ә.Жұмабайдың «Айша бибі», «Күлтегін», «Абай», «Көшпенділер», «Қазақ анасы» атты мүсіндері бар.
45 жыл бұрын (1964) актер ЖҰМАНОВ Евгений Нұриұлы дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған. Шығармашылық қызметін Павлодар облыстық драма театрынан бастаған. Орал облыстық орыс драма театрында, Мемлекеттік орыс академиялық драма театрында өнер көрсеткен. 1996 жылдан Республикалық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының актері.
Е.Жұманов театр сахнасында Ромео (У.Шекспир «Ромео - Джульетта»), Калигула (А.Камю «Калигула»), Сольери (А.Пушкин «Моцарт пен Сольери»), Хосе (П.Периме «Кармен»), т.б. рөлдерінде ойнаған. «Тоғысқан тағдырлар» телесериалында Шәміл Байжановтың бейнесін сомдаған. Ол сонымен қатар теледидар бағдарламаларын жүргізуші ретінде де танымал.
190 жыл бұрын (1819-1867) американдық өнертапқыш ХОУ Илайес дүниеге келді.
Массачусетс штатының Спенсер қаласында туған. Тоқыма машинасы зауытында, сағат жөндеу шеберханасында істеген. 1846 жылы 5 жылдық еңбегінің арқасында тігін машинасын жасап шығарып, оған патент алды. Аталған машинаны Англияда сату құқығын тігінші У.Томасқа 250 фунт стерлингке беріп, онымен бірге Тұманды Альбион елінде алғашқы туындысын сатылымға шығарды. 1867 жылы жетілдірілген машина Париж көрмесінде алтын медальға ие болды
ШІЛДЕНІҢ 10-Ы, ЖҰМА
Багам аралдары Достастығының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1973). Багам - Атлант мұхитындағы Флорида түбегінің оңтүстік-шығыс жағалауынан Кубаның шығыс жағалауына дейінгі аумақта жатқан 700-ден астам аралдарды қамтитын мемлекет. Ең ірілері Андрос, Үлкен Абако, Үлкен Багам аралдары. Астанасы - Нассо қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - багам доллары. Багам аралдарының билеушісі Ұлыбритания королевасы болып есептеледі де, елді оның өкілі генерал-губернатор басқарады. Үкімет басшысы - Премьер-Министр. Заң шығарушы органы Сенат пен Өкілдер палатасынан тұратын парламент.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
90 жыл бұрын (1919) Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы» қаулысы қабылданды. Оның алғашқы құрамына С.Пестковский, А.Байтұрсынов, В.Лукашев, М.Тұнғаншин, Б.Қаратаев, С.Меңдешев кірді.
60 жыл бұрын (1949) «Астана су арнасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды. Кәсіпорынның жылдық су тарату көлемі 30 миллион куб метрді құрайды. «Астана су арнасы» 600 шақырымға жуық су құбырына және 270 шақырым канализация жүйесіне қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда Астана қаласында 37 канализация сорғышы стансысын, 250 шақырым канализациялық коллекторды және ауа жіберу стансысын біріктіретін орталықтандырылған субұрғыш жүйесі бар. Ауа жіберу стансысының жобалық қуаты тәулігіне 135,9 мың куб метрді құрайды.
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Алматы қаласындағы Қазанның 50 жылдығы атындағы спорт сарайы ақын, әнші және композитор Балуан Шолақ есімімен аталды.
7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының «Профилактика және темекі шегуді шектеу туралы» Заңы жарық көрді.
7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңы қабылданды.
120 жыл бұрын (1889) Парижде Эйфель мұнарасының ашылу салтанаты өтті. Мұнара 1889 жылы Бүкілдүниежүзілік көрме үшін А.Эйфельдің жобасы бойынша жасалған болатын. Бүгінде ол француз халқының мақтанышы. 19 ғасырдың техникалық жетістігінің ескерткіші. Мұнара 18 000 металл бөлшектерден, 2 500 000 шегеден құралған. Биіктігі - 300 метр, ені - 123 метр, салмағы 9 000 тонна.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944) техника ғылымының докторы, профессор ҚАЛДЫКӨЗОВ Еркімбек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ химия-технология институтын бітірген. Еңбек жолын кәсіпорындарда аппаратшы, шебер болып бастаған. 1971-1974 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының Атырау қаласындағы Мұнай және табиғи тұздар химиясы институтының ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1974-1995 жылдары Қазақ химия-технология институты мұнай және газ технологиясы кафедрасының оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1999 жылдан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мұнай-газ және полимерлер технологиясы кафедрасының профессоры болып істейді.
ШІЛДЕНІҢ 11-І, СЕНБІ
Халықтардың бүкілдүниежүзілік күні. БҰҰ-ның бастамасымен 1987 жылдан бастап атап өтіледі. Сол жылы шілденің 11-де БҰҰ демографтарының есебі бойынша жердің бес миллиардыншы тұрғыны дүниеге келді. 2001 жылғы мәлімет бойынша жер тұрғындары 1,1 млрд адамға көбейген. БҰҰ сарапшыларының болжамдарына қарағанда, соңғы 45 жыл ішінде адам саны 9 миллиардқа дейін көтерілуі мүмкін. Бірақ, дамыған мемлекеттердің тұрғындары көбеймейді, 1,2 млрд деңгейде тұрақталады. 2050 жылы Германия, Италия, Жапония, Украина және Ресей сынды 50 мемлекет тұрғындарының саны 2005 жылға қарағанда төмен болады. БҰҰ баяндамасына қарағанда адамдардың орташа өмір сүру деңгейі 1950-1955 жылдары 46 жас болса, 2000-2005 жылдары 64 жас. Яғни, адамдардың өмір сүру деңгейі 18 жылға өскен. 2050 жылы орташа өмір сүру деңгейі 75, ал дамыған мемлекеттерде 82 жас болады деп күтілуде.
Монғолияның Ұлттық мейрамы - «Наадам». 1921 жылдан бастап аталып өтіледі. Қазақстан мен Монғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы қаңтардың 22-інде орнатылды. Монғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Равдангийн Хатанбаатар. Қазақстанның Монғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Нұрбаев Орман Кәрімұлы.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
115 жыл бұрын (1894) Транссібір темір жолы арқылы Петропавл қаласына алғашқы пойыз келіп жетті. Темір жол қатынасының қалыптасуы бұл өлкенің экономикалық және дамуына жасалған негізгі қадам болатын.
32 жыл бұрын (1977) Қазақ минералдық шикізат ғылыми-зерттеу институты құрылды.
12 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы қабылданды.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1934)танымал итальяндық модельер, сауда-саттық айналымы 4 миллиард евроны құрайтын әлемдегі ірі дизайнерлік сән үйінің бірі Giorgio Armani S.p.A. компаниясының жалғыз акционері, атқарушы директоры әрі президенті АРМАНИ Джорджио дүниеге келді.
Италияның Пьяченца қаласында туған. Ол 2 жыл Пьянченца университетінде медицинаны оқығаннан кейін сәнді киімдер жасаумен әуестеніп, Nino Cerruti маркасы үшін ерлер киімін піше бастайды. 1975 жылы шілденің 24-інде досы Серджио Галеоттимен бірге Giorgio Armani S.p.A. компаниясын құрып, ерлер мен әйелдердің дайын киімдерін шығарады. Қазіргі таңда аталған компанияның өнімдері қатарында ерлер мен әйелдер киімі, аяқ киім, сөмке, сағат, көзәйнек, зергерлік бұйымдар, иіс су мен косметикалар, үй тауарлары мен жиһаздар бар.
Джорджио Армани сән саласындағы жұмысында Gran Cavaliere della Repubblica, Commendatore dell'Ordine al Merito della Repubblica (Италиядағы жоғары үкіметтік награда), Үздік халықаралық дизайнер (Award for Best International Designer) және ерлер киімінің коллекциясы үшін Американың Сән дизайнерлері кеңесінің Кәсіби жетістіктері үшін сыйлығы (Lifetime Achievement Award) сияқты бірнеше ұлттық және халықаралық марапатқа ие болды.
Джорджио Армани әлемнің 39 елінде орналасқан 13 фабрика мен 300 эксклюзивті сауда дүкенінің иесі.
ШІЛДЕНІҢ 12-СІ, ЖЕКСЕНБІ
Сан-Томе және Принсипи Демократиялық Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975). Сан-Томе және Принсипи - Гвинея шығанағындағы осы аттас аралдарда және Африканың батыс жағалауындағы басқа да ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы - Сан-Томе қаласы. Ресми тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - добра. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ұлттық халықтық жиналыс. Экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы. Экспортқа какао, кофе, пальма, банан шығарады. Негізгі сауда серіктестері - Португалия мен АҚШ.
Кирибати Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1979). Кирибати - Тынық мұхиттың батыс бөлігіндегі аралдар мен атоллдарда орналасқан мемлекет. Кирибати құрамына Гилберта, Лайн, Феникс, Банаба аралдары кіреді. Астанасы - Байрики қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар барлық халқы тунгаруан (кирибати) тілінде де сөйлейді. Ақша бірлігі - австралия доллары. Британ достастығы құрамына кіргенімен мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ассамблея палатасы.
Петропавл қаласының күні. Қала Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы.
Балықшылар күні - балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі (Ресей Федерациясы).
Адамдар күнкөріс үшін балық аулаумен мезолит дәуірінің соңынан бастап айналыса бастаған. Ал неолит дәуірінде теңіз, өзен, көл жағалауларын мекендеген тұрғындар үшін балық аулау нақты кәсіпке айналған. Бастапқыда балық ұстау үшін үшкір таяқ (сүңгі), тас құралдары пайдаланылса, кейінгі кезеңдерде найза, садақ сияқты аңшылық құралдарымен қатар сүзекі, сүйектен жасалған қармақ, қаза (қамыстан тоқылған құрал) пайдаланған. Орта ғасырдан бастап аталмыш кәсіп өркендеп, 19-20 ғасырларда балық аулайтын ірі көлемдегі және жетілдірілген құрал-жабдықтар, арнайы қайықтар мен кемелер жасалған. Қазақстанда 19 ғасырдың ортасынан бастап Каспий, Арал, Балқаш, Жайық, Сырдария сияқты ірі теңіздер мен өзендердің жағалауында балықшылар мекені, балық өңдейтін цехтар пайда болған.
Бүгінгі таңда дүниежүзілік балық шаруашылығының жалпы өндірісі 130 млн. тоннаға жетеді. Оның 90 млн. тоннадан астамы ауланса, қалған 40 млн. тоннаға жуығы аквамәдениеттің көмегімен алынады. Соңғы жылдары тұщы су жүйесінде де, сонымен қатар теңіз ортасында да аквамәдениеттің жедел дамуы қарқын алуда. Дүниежүзінде жалпы аквамәдениетті өндірудің көшбасшысы - Қытай және жыл сайын ішкі және дүниежүзілік нарыққа 325 мың тоннаға дейін лосось өсіретін және жеткізетін Норвегия болып табылады. Дүниежүзілік балық өндірісінің 38 пайызға жуығы экспортталады. Дамып келе жатқан елдердің экспорты 50 пайыздан астам, ал импорттың 80 пайыздан астамын дамыған елдерге (Жапония, АҚШ, Еуропа) тиесілі.
100 млн. тоннаға жуық балық өнімдері тамаққа пайдаланылады, ал қалғандары, негізінен балық ұнына қайта өңделеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
84 жыл бұрын (1925) Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Оның алғашқы басшылары - С.Сейфуллин, Б.Майлин. Одақ құрамында проза, поэзия, драматургия, сын, көркем аударма, очерк, сатира, фантастика, балалар әдебиеті, орыс, неміс, корей, ұйғыр әдебиеті жөніндегі шығармашылық кеңестер жұмыс істейді. 1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағының он шақты ғана мүшесі болса, қазіргі уақытта 900-ге жуық мүшесі бар. Қазақстанның 11 облысы мен Астана қаласында бөлімшелері бар.
150 жыл бұрын (1859) Уильям Гудейл өзі жасаған сөмке тігетін машинаға патент алды.
ЕСІМДЕР
115 жыл бұрын (1894-1977) режиссер, актер, КСРО-ның және Қазақстанның халық әртісі, профессор, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Лениндік сыйлықтың лауреаты ЗАВАДСКИЙ Юрий Александрович дүниеге келді.
Ресейдің Мәскеу қаласында туған. Мәскеу университетін бітірген. Ұлы Отан соғысы жылдарында Моссовет атындағы театр құрамымен бірге Шымкентте, Алматыда тұрған. Қазақстан театрының сахналарында К.Гольдонидің «Қонақ үйдің қожасы», У.Шекспирдің «Отеллосы» мен «Асауға тұсауын», «Виндзор сайқымазақтарын», М.Лермонтовтың «Маскарадын», тағы басқаларды қойды.