ҚазАқпарат-Анонс: тамыздың 11-і мен 16-сы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: тамыздың 11-і мен 16-сы  аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

Тамыздың 11-інде Көлік  және коммуникация  министрлігінде    вице-министр  А.Бектұровтың  қатысуымен  «Көлік тасымалдарының  қауіпсіздігін қамтамасыз  ету»  тақырыбына арналған  «дөңгелек  үстел»  отырысы  өтеді.

Тамыздың 11-інде  Туризм және  спорт  министрлігінде Спорт күніне арналған    салтанатты  жиналыс  болады.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі «Электрондық Үкімет» (www.e.gov.kz )  порталында тамыздың 15-і мен 25-і аралығында Мемлекет Басшысының «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және жүзеге асыру аясында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының І жартыжылдығы бойынша қорытындылары мен 2009-2011 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы рұқсат беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс съезінде атап өткен негізгі 7 бағыт бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру барысы жөнінде Интернет-конференция өткізеді.

ТМД

Тамыздың 10-11-інде Мәскеу қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 64-ші сессиясының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ТМД және ҰҚШҰ қатысушы мемлекеттердің қадамдарын үйлестіру жөніндегі сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялары өткізіледі. Іс-шара барысында БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясындағы басымды мәселелер, БҰҰ реформасы, сандай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі, БҰҰ органдарына сайлау, Ауғанстандағы жағдай және басқа да мәселелерді  талқылау жоспарлануда.

Тамыздың 11-інде Душанбеде ТМД елдерінің мәдениет ықпалдастығы бойынша кеңесінің кезекті XXIV отырысы өтеді.  Отырыста «Ықпалдастық күмбезі: кітапхана» бағдарламасының іске асырылу барысын қарау жоспарланған.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Тамыздың 12-сінде БҰҰ Даму бағдарламасы және ҚР-дағы Ұлыбритания Елшілігінің қолдауымен Қазақстанды жан-жақты мерзімді шолуға (ЖМШ) дайындау жөнінде қорытынды семинар жоспарлануда.Семинар жұмысына мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес органдардың, халықаралық ұйымдардың және Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысады.Жан-жақты мерзімді шолу - Адам құқығы жөніндегі Кеңестің жаңа механизмі, ол төрт жылда бір рет БҰҰ-ға мүше барлық 192 мемлекеттердегі адам құқығы саласындағы саясатты шолуға арналған. Қазақстан ЖМШ-ды 2010 жылы ақпан айында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Кеңесінің 7 сессиясы барысында өтеді.

Мәскеу түбіндегі Жуковскінің М.Громов атындағы ұшқыштар институтының жазғы алаңында тамыздың 18-і мен 23-і аралығында «MAKС-2009» Халықаралық авиациялық-ғарыш салоны өтеді.

БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР

Шілде айынан бастап қыркүйек айына дейін Кедендік бақылау комитетінің басшылары азаматтарды қабылдайды. Комитет төрағасы Козы-Көрпеш Кәрібозов азаматтарды - шілденің 11-і, тамыздың 14-і, қыркүйектің 11-і күндері қабылдайды. Азаматтар сондай-ақ, өз мәселелерімен комитет төрағасының орынбасарларына да кіре алады. Төраға орынбасары Сержан Дүйсебаев - шілденің 16-сында, тамыздың 13-інде, қыркүйектің 17-сінде қабылдаса, Жарқынбек Оспанов - шілденің 15-інде, тамыздың 12-сінде, қыркүйектің 9-ында, ал Игорь Тен - шілденің 6-сында, тамыздың 10-ында, қыркүйектің 14-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-18.30-дың аралығында. Мына телефон арқылы қабылдауға жазылуға болады: (8-7172) 79-45-79.

СПОРТ

Алматыда тамыздың 9-13 күндері футболдан ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны өтеді.

АСТАНА

Шілденің 20-сынан бастап   Бөгембай батыр даңғылы бойынша көлік құралдарының қозғалысы ішінара (жүру бөлігі бойынша) шектеледі, Осыған байланысты уақытша осы даңғылдың Сарыарқа даңғылынан Республика даңғылына дейінгі учаскесінде жолаушылар бағыттары қозғалысының  кестесі өзгертіледі. № 2, 106, 109, 116, 119 және 120 жолбағыттар Жеңіс даңғылы-Жангелдин көшесі-Республика даңғылы-Бөгембай батыр даңғылы бойынша, одан әрі бұрынғы кестемен.  № 4, 16, 20, 36, 45 және  59 жолбағыттар Бөгембай батыр даңғылы бойынша өзгеріссіз, жолаушылар келесі көшелерден түсіріліп-мінгізіледі.  № 8, 34 және 57 жолбағыттары Жеңіс даңғылы - Жангелдин көшесі бойымен, одан әрі бұрынғы кестемен. № 19, 27 және  122  жолбағыттар Бейбітшілік көшесі-Дүкенұлы (Дружба) көшесі-Республика даңғылы бойынша, одан әрі бұрынғы кестемен.  № 117 жолбағыт - Республика даңғылы - Сейфуллин көшесі- Жеңіс даңғылы бойымен, одан әрі бұрынғы кестемен. Шектелген учаскелерде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Тамыздың 11-інде  елордадағы  №8 емханада «Денсаулық жолы»  акциясы  өтеді.

Тамыздың  11-інде Ұлттық академиялық  кітапханада   IV Азаматтық форумға   дайындық  жөніндегі   қоғамдық кеңестің  отырысы  болады.

Тамыздың   11-інде  Кедендік  бақылау комитетінде   І  жартыжылдықтың  қорытындысына арналған брифинг  болады.

Тамыздың 11-інде  «Нұр Отан»  партиясы орталық аппаратының  кеңсесінде    жиын өтеді.

АЛМАТЫ

Тамыздың 5-і мен қыркүйектің 5-і аралығында  Алматыда қоршаған ортаның  сапасын жақсарту   мақсатында «Таза ауа» айлығы өткізіледі.     Айлық аясында  қалаға кіре беріс жолдар мен көлік  магистралдарында автокөліктерден шығатын түтін  мен улы газдардың  нормасына, атмосфералық  ауаны ластаушы  бірқатар  кәсіпорындардың  табиғатты қорғау  қызметіне, жанармай  құю  стансаларында  сатылатын  көлік  жанармайларының  сапасына мониторинг  жасау көзделген.

Тамыздың  11-інде  Ұлттық  баспасөз  клубында  Жасөспірімдер  арасында   күрестен  әлем чемпионатындағы    Қазақстан   құрамасының   жетістіктеріне арналған  баспасөз мәслихаты   болады.

Тамыздың  11-інде   Ұлттық баспасөз клубында  «Рамазан  Есіркеповқа қатысты    әділетсіз     үкім  туралы»  баспасөз мәслихаты   өтеді.

АТАУЛЫ  КҮНДЕР.  ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР

ТАМЫЗДЫҢ 11-І, СЕЙСЕНБІ

Чад Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Чад - Орталық Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ливиямен, шығысында Суданмен, оңтүстігінде Орталық Африка Республикасымен, Батысында Камерун, Нигерия және Нигермен шектеседі. Астанасы - Нджамен қаласы. Ресми тілі - араб және француз тілдері, сонымен қатар тағы да 100-ге жуық тіл қолданылады. Ақша бірлігі - Африка қаржы қауымдастығы франкі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2004) «Атамұра» баспасынан Қызылорда локомотив депосының құрылғанына 100 жыл толуына арналған кітап жарық көрді. Төлеген Жылгелдиев пен Меруерт Өмірзақованың авторлығымен шыққан кітапта Орынбор-Ташкент магистралының құрамына кірген депоның құрылған кезінен бастап басынан өткерген маңызды оқиғаларынан сыр шертіп, аймақтың темір жол саласының дамуына зор еңбек сіңірген азаматтардың өмірбаяны берілген.

90 жыл бұрын (1919) Германия Ұлттық ассамблеясы «Веймар конституциясын» қабылдады. Енгізілген басты өзгеріс - Баварияның Германияға қосылуы заңды түрде бекітілуі.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1929) биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ПОЛЫМБЕТОВА Фатима Әбілқайырқызы дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясы Ботаника институтының аспирантурасын бітірген. 1951-1993 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Ботаника институтының кіші ғылыми қызметкері, ғалым хатшысы, бөлім, зертхана  меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Өсімдіктер физиологиясы, генетикасы және биоинженериясы ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі болып істейді.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері өсімдіктің физиологиясына арналған. Ол мәдени өсімдіктердің биологиялық әр түрлілігін ескере отырып, оларды сақтау, тарату, қорын байыту  және республика климатына төзімділігі мен өнімділігін арттыру жөнінде  ғылыми бағыт қалыптастырды. Ол дәнді дақылдар, үрмебұршақ, қауын және қызанақтың бірнеше түрлері мен будандарын жинастырып, олардың гендік қорын зерттеген. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде өсімдіктердің қолайсыз факторларға бейімделуінің тұрақты теориясын ұсынды. Оның басшылығымен бидайдың бірнеше жаңа сорттары («Эритроспермум - 350», «Ақсай», «Мирас», «Отан», «Әлем»), құрамы белокқа бай үрмебұршақтың екі сорты (Жоңғарлық, Ақтәтті) шығарылып, өндіріске енгізілді. Ф.Полымбетованың ұсынысымен Қазақстанның континентальды климатының (қысы - суық, жазы - ыстық, құрғақ) өсімдіктерге әсерін модельдеуге бейімделген арнайы жылыжай - фитотрон салынды. Ф.Полымбетованың жетекшілігімен 12 ғылым докторы, 30-дан астам ғылым кандидаты даярланды. Ғалымның 16 монографиясы, 300-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрді. Ол 15-тен аса авторлық куәліктің иегері.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған.

80 жыл бұрын (1929) суретші, мүсінші ИСАЕВ Александр Афанасьевич дүниеге келді.

Ресейде туған. Харьков мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген. Оның «Сталевар», «Буденовец» атты туындысы, Алматы қаласындағы М.Фрунзе ескерткіші, суретші Ж.Шарденовтің портреті, т.б. шығармалары бар.

65 жыл бұрын (1944) биология ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық инженерлік академияның академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі КЕМБАЕВ Бекет Арапбайұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік экономика комитетінің бөлім бастығы, Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының ғылым бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «Атакент» акционерлік қоғамының вице-президенті. 1993-2005 жылдары Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпараттар ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарған.

Оның «Әлемнің алдыңғы қатарлы елдеріндегі ғылыми-техникалық дамуды басқару», «Қазақстандағы ғылым мен техниканы дамыту» (авторлар құрамында) атты кітаптары бар.

2 медальмен марапатталған. 

55 жыл бұрын (1954-2004) техника ғылымының кандидаты БИҒАЛИЕВ Ермекқали Аққалиұлы дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. 1995-2002 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 1-2-ші сайланымының депутаты, Экономика, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, хатшысы, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, «Ауыл» Қазақстан социал-демократиялық партиясының Сенаттағы фракциясының жетекшісі, Испания Парламентімен ынтымақтастық тобының мүшесі болған. Бір кітаптың және 30-дан астам ғылыми жарияланымның авторы.

Бірнеше медальмен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 12-СІ, СӘРСЕНБІ

Халықаралық жастар күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес 1999 жылғы желтоқсанның 17-інен бастап атап өтіледі (Лиссабон, 1998 жылғы тамыздың 8-і мен 12-і аралығы).

Ресей Федерациясының Әскери-әуе күштері күні. РФ Президентінің 1997 жылғы тамыздың 29-ындағы «Әскери-әуе күштері күнін бекіту туралы» Жарлығына сәйкес атап өтіледі.

Бүкіләлемдік дыбыс жазу тарихы. 1877 жылы дыбыс жазу өнерінің тарихы басталды. Американдық өнертапқыш Томас Эдисон механикалық тәсілмен «Mary Had A Little Lamb» әуенін күйтабаққа жазды. Оның дыбыс жазуға арналған алғашқы машинасы қолдың көмегімен іске қосылатын цилиндрден тұрды. Сонымен қатар құрылғыда керней мен ұшы мұқалған ине болды. Кернейдің жіңішкеріп аяқталған жері жұмсақ мембранамен жабылды. Кернейдің кең жағынан шыққан дыбыс басына ине орнатылған мембрананы тербеліске түсіреді. Ал ине дыбыс әсерінен жоғары төмен қозғалады. Цилиндр жұқа қалайымен қапталған. Осы қаптаманың үстімен кернейге бекітілген ине қолдың көмегімен қозғалады. Осылайша цилиндрді бірнеше мәрте айналып шыққан ине қаптамаға жолақ сызып шығады. Кернейден ән салғанда немесе сөйлегенде ине жоғары-төмен қозғалысқа түседі. Ине төмен түскенде жұқа қалайының бетіне терең, ал көтерілгенде ұсақ жолақ сызады. Жолақ тереңдіктерінің өзгеруі сөйлегенде немесе ән салғанда шығатын дыбыс толқынын шағылыстырады. Осылайша дыбыс жазу пайда болды. Жазылған жазбаны тыңдау үшін инелі кернейді жолақтың басталған жеріне қою қажет. Ине жолақ бойымен қозғалғанда нәзік мембрананы дірілдетеді. Бұл керней бойындағы ауада діріл тудырып, жазу барысында сақталған дыбыстың сыртқа шығуына түрткі болады.

Қырғызстанның қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің күні. Қырғыз Республикасының «Қылмыстық-түзету жүйесі органдары және мекемелері туралы» Заңының 39 бабына сәйкес 2003 жылғы қыркүйектің 26-ындағы Қырғыз Үкіметінің №609 қаулысымен бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

56 жыл бұрын (1953) Семей полигонында қуаттылығы 400 килотонналық термоядролық жарылыс жасалды.

39 жыл бұрын (1970) Алматыда Қазақ циркінің ғимараты салынып бітті. 1979 жылы Бүкілодақтық цирк өнері конкурсында «Земля чудес» бағдарламасы 1-ші орынды иеленді. 1991 жылы Қазақ циркі «Одақмемцирк» құрамынан шықты.

38 жыл бұрын (1971) іргетасы 1950 жылы қаланған Лисаков елді-мекеніне қала мәртебесі берілді. Қала - Тобыл өзенінің оң жағалауына орналасқан, Қазақстандағы темір кенін өндіретін орталықтардың бірі.

10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңы жарияланды.

5 жыл бұрын (2004) Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Хайдардың «Халық даналығы» атты кітабы жарық көрді. Кітап қазақ мақал-мәтелдерінің шығу мәселелеріне, олардың табиғаты мен дамуына арналған бөлімдерден тұрады.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1924) ақын, аудармашы Ұлы Отан соғысының ардагері ЖҰМАҒҰЛОВ Мақан Жұбанышұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Шелек ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Мәскеудегі М.Горкий атындағы әдебиет институтын бітірген. 1948-1952 жылдары Алматыдағы №18 орта мектепте ұстаздық қызмет атқарған. 1952-1954 жылдары - «Учитель Казахстана» газетінің әдеби қызметкері. 1959-1969 жылдары - «Жазушы» баспасының редакторы. 1970-1973 жылдары - «Қазақстан» баспасының редакторы. 1975-1983 жылдары Бүкілодақтық авторлық құқық қорғау жөніндегі агенттігі Қазақ республикалық бөлімшесінің инспекторы, аға әдеби кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Алғашқы өлеңдері 1950 жылы «Қазақстан» (қазіргі «Простор» журналы) альманахы мен «Ленинская смена» газетінде жарияланған.

60 жыл бұрын (1949) қол күресінен спорт шебері, армрестлингтен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы ҚЫДЫРХАНОВ Сатыбалды Қыдырханұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында туған 1980-1995 жылдары Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, «Восток» спорт клубының ауыр атлетикадан жаттықтырушысы болған. 1995 жылдан армрестлингтен жаттықтырушы қызметін атқарады. 1975 жылы Бүкілқазақстандықтар спартакиадасының жүлдегері атанған. С.Қыдырханов ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында КСРО біріншілігінің жеңімпазы - А.Кузмин, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, армрестлингтен Әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері - А.Малахов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Еуропа біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері - Р.Қасымжанов сияқты көптеген спортшыларды дайындаған.

55 жыл бұрын (1954) Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының әкімі ӘБДІҚҰЛОВ Созақбай Исаұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Шымкент облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының аға агрономы, бөлім бастығы, Созақ аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған. 1986-1997 жылдары - Созақ аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, бастығы. 1997-2006 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданы әкімінің бірінші орынбасары, әкімі. 2006-2008 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді.

3 медальмен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 13-І, БЕЙСЕНБІ

Халықаралық солақайлар күні. 1984 жылы Халықаралық солақайлар конфедерациясының бастамасымен атап өтіледі. Әлем тұрғындарының 10 пайызға жуығы - солақай. Солақайлардың қатарында Юлий Цезарь, Жанна д׳Арк, Наполеон, Уинстон Черчилль, Микеланджело, Рафаэль, ағылшын королевасы Елизавета, Бетховен, Мэрилин Монро, Грета Гарбо сынды танымал тұлғалар бар.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

90 жыл бұрын (1919) Түркістан майданы әскерлерінің негізінде Түркістан әскери округі құрылды.

35 жыл бұрын (1974) Қазақ КСР-нің «Мемлекеттік нотариат туралы» Заңы қабылданды.

10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Сертификаттау туралы», «Стандарттау туралы», «Демпингке қарсы шаралар туралы» және «Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік марапаттаулар туралы» Жарлығына өзгертулер  мен толықтырлар енгізу туралы» Заңы жарияланды.

6 жыл бұрын (2003) Семей қаласында аквапарк ашылды. Құны 295 миллион теңгеге бағаланған бұл нысан республикалық бюджеттің есебінен қаржыландырылған. Аквапарк іске қосылғаннан кейін «ШАМ» республикалық қазыналық кәсіпорнының балансына өтті. Жаңа аквапаркте субұрқақтар, пластиктен жасалған су ішіндегі қыраттар, сарқырамалы жартасы бар айдын, көпірше, жазғы дәмхана, секіру трамплині бар бассейн жұмыс істейді.

5 жыл бұрын (2004) Алматыдағы «Кеңсай» қорымында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сәку Тәкежановтың бейіті басына орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. С.Тәкежанов 1931 жылы қарашаның 18-інде дүниеге келген. Томск политехникалық институтын  бітірген ұзақ жыл Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының бас инженері болып, Қазақ КСР Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары - Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Ол - Халықаралық Инженерлік академияның академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ұлттық вальютамыз теңгенің жасалуына белсенді араласқан. Қазақстанның Ұлттық инженерік академиясының құрылуы да оның есімімен тығыз байланысты.

ЕСІМДЕР

50 жыл бұрын (1959) шығыс жекпе-жегінің шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қара белбеу мен каратэ-додан бесінші дан иегері, Қазақстан Республикасының каратэ-додан Ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы МАНСУРОВ Парвиз Дунямалиоглы дүниеге келді.

Грузияның Доманиси ауданында туған. 1993-1997 жылдары Ақтау қаласындағы Шығыс жекпе-жегі түрлері балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарған. 1997 жылдан Қазақстан Республикасының каратэ-додан Ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарады. Ол 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен 23 спорт шеберін дайындаған.

195 жыл бұрын (1814-1874) швед физигі және астрономы АНГСТРЕМ Андерс Йонас Ангстрем дүниеге келді.

Швецияның Лёгдё қаласында туған. Упсала қаласында университет бітірген. 1858 жылдан Упсала университетінің профессоры, физика кафедрасының меңгерушісі, ректоры қызметтерін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері спектрлік анализге арналған. 1861 жылы күн сәулесінің спектрін зерттеумен тұрақты айналысып, Күн ауасында сутегінің бар екендігі туралы қорытынды шығарды. 1867 жылы алғашқылардың бірі болып солтүстік шұғыла спектрін зерттеді. 1868 жылы ұзақ жылдар бойы беделді дерек көзі болған күн сәулесінің спектрлік желісінің алғашқы толық атласын жариялады. Ғалымның есімімен оптикада, атом физикасы мен молекулалық физикада қолданылатын өлшем бірлігі аталады. Ангстрем 1870 жылы Лондон корольдік ғылыми қоғамның мүшесі болып сайланған. 1872 жылы Румфорд медалімен марапатталған.

120 жыл бұрын (1889-1982) кеңес геологы және палеонтологы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Лениндік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, РКФСР-дің еңбек сіңірген ғылым қайраткері НАЛИВКИН Дмитрий Васильевич дүниеге келді.

Петербор қаласында туған. Петроградтың тау-кен институтын бітірген. 1924 жылдан осы институтта профессор болып, фациялар туралы ілімнен алғашқы лекциялар оқыды. 1946-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясының көлтану зертханасының директоры қызметін атқарды. 1956 жылдан Мекемеаралық стратиграфиялық комитеттің тұңғыш төрағасы болып, Орталық Қазақстанда жоғары девон мен төменгі карбонның стратиграфиялық схемасының негізін құрды.

Ол - КСРО-ның ұсақ масштабты геологиялық карталарының бас редакторы. Геологиядағы жаңа сала - фация туралы ілімнің негізін қалады. Негізгі ғылыми еңбектері Оралдың боксит кендері мен Орал алдының мұнай кен орындарын зерттеуге арналған. Геологтардың ұлттық комитетінің төрағасы, Халықаралық геологиялық конгрестің 21-сессиясында, оның стратиграфиялық комиссиясының вице-президенті болды.

4 рет «Ленин» орденімен, басқа да ордендермен, бірнеше медальмен марапатталған.

110 жыл бұрын (1899-1980) ағылшын және американ кинорежиссері, сценарист ХИЧКОК, Хитчкок (Hitchock) Альфред дүниеге келді.

Лондонда туған. Лондонда иезуиттер колледжін бітірген. Кинодағы дебютін 1920 жылы бастады. 1923 жылдан ағылшынның «Гейнсборо» киностудиясында қызмет етті. 1926 жылы «Пәтерші» фильмін қойды. Осыдан кейін ол негізінен психологиялық шырғалаң оқиғалы «Усойқылық», «Өлшеусіз білгіш», «39 қадам» атты фильмдерін қоюмен шұғылданды. 1940 жылы АҚШ-қа қоныс аударып, Голливудте «Ребекка», «Шүбәлылық», «Күдік белгісі», тағы басқа шырғалаң оқиғалы фильмдерді қоюды одан әрі жалғастырды. Соңғы қойған «Жіп», «Психоз», «Құстар» атты көріністерінде есі ауысқан сырқат жандардың патологиясын тәпіштеп көрсетуімен ерекшеленеді.

ТАМЫЗДЫҢ 14-І, ЖҰМА

Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1947). Осыдан 60 жыл бұрын Үнді субқұрлығындағы мұсылмандар ұзаққа созылған, бірақ, бейбіт күрестің нәтижесінде өз мемлекеттігін құрып, тәуелсіздігіне қол жеткізген болатын. Каид-е-Азам Мұхаммад Әли Джин бастаған мұсылмандардың басты мақсаты Британияның құлдық езгісінен босану ғана емес, дербес, тәуелсіз мемлекет құру еді. Пәкістан - Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстік, солтүстік-шығысында Ауғанстанмен, солтүстік-шығыс, шығыс және оңтүстік-шығысында Үндістанмен, батысында Иранмен, оңтүстігі Араб теңізімен шектеседі. Пәкістан Үндістанмен арада жатқан Джамму және Кашмир аумақтары үшін дауласуда. Астанасы - Исламабад қаласы. Ресми тілі - урду тілі, сонымен қатар пушту, синдхи, сараики, балох, ағылшын тілдері де қолданылады. Ақша бірлігі - пәкістандық рупий.

Қазақстан Республикасы мен Пәкістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды. Қазақстан Республикасының Пәкістандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Шабарбаев Бақытбек. Пәкістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Ирфан-ур-Рехман Раджа.

Португалдық корриданың туған күні. Жыл сайын Абиул қаласында ежелгі ұлттық дәстүр бойынша өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

165 жыл бұрын (1844) Кенесары хан Екатеринск бекінісін тіке шабуылмен басып алды.

5 жыл бұрын (2004) Ресей экранында қазақстандық режиссер Гүлшат Омарованың «Шиза» фильмі көрсетіле бастады. Картина ресейлік танымал режиссер Сергей Бодровтың қатысуымен түсірілді. Ол сонымен қатар сценарий авторларының бірі болды.

60 жыл бұрын (1949) Германияда соғыстан кейін алғашқы сайлау өтті.

35 жыл бұрын (1974) АҚШ пен КСРО бір мезгілде ядролық қаруды сынақтан өткізді.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1954) «Тигрохауд» фирмасының бас директоры, кәсіпкер, меценат ЖАУЖҮРЕК Әділхан дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.  Ә.Жаужүректің демеушілігімен және жергілікті тұрғындардың жәрдемімен Шу ауданының Жиембет ауылында «Жексенбай Дүйсенбетұлы» мешіті салынып, 1931-1933 нәубет жылдарының, 1937-1938 және Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналып,қызыл гранитке есімдері жазылған мемориалдық құлпытас қойылды. Жиембет ауылындағы Бақтыбай атындағы спорт кешені салынып, «Қойшы баба» қорымының басына қорған тұрғызылып, құлпытас орнатылды. Шу өңірінде Қоқан хандығына қарсы шаруалар көтерілісіне басшылық жасаған Амангелді Серікбайұлы және Жаужүрек Қойшыұлы батырлардың күмбездері тұрғызылды. Ол атақты тарихшы-ғалым Мұхаммед Хайдар Дулатидің Үндістанның Кашмир өңіріндегі зиратына барған арнайы Қазақстан делегациясына демеушілік жасады. Ә.Жаужүрек басқаратын «Тигрохауд» фирмасы тарапынан сахна жұлдыздарына, дарынды жас ғалымдарға, әдебиетшілер мен тарихшыларға демеушілік көмек көрсетіліп келеді.

50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасындағы «Interpol» ұлттық орталық бюросының бастығы ТОҚСАНБАЕВ Әміржан Ботайұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 1994 жылдан Қазақстан Республикасындағы «Interpol» ұлттық орталық бюросының аға жедел уәкілі, аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, бөлім бастығы, бөлімше бастығы - бюро бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2003 жылдан бастап істейді.

2 медальмен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 15-І, СЕНБІ

Үндістан Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1947). Үндістан - Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Қытай, Непалмен, солтүстік-батысында  Пәкістан, Ауғанстанмен, солтүстік-шығысында Бангладешпен, шығысында Бутан, Бирмамен (Мьянма) шектеседі. Мемлекет құрамына Араб теңізіндегі Лаккадив, Аминдив, Бенгаль шығанағындағы Андаман, Никобар аралдары да кіреді. Халқының саны жағынан Қытайдан кейінгі екінші орында. Астанасы - Дели қаласы. Ресми тілі - хинди, ағылшын тілдері, сондай-ақ әртүрлі штаттарында мемлекеттік тіл дәрежесінде қолданылатын 10-нан астам тіл бар. Жалпы Үндістанда 1600-дан астам тіл мен диалекті бар. Үндістан 25 штаттан және 7 одақтас аумақтан тұратын Федеративті Республика. Әр штатының және кейбір одақтас аумағының министр басқаратын үкіметі және заң шығару жиналысы бар. Үндістанның мемлекет басшысы - Премьер-Министр. Ақша бірлігі - рупий.

Қазақстан Республикасы мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 23-інде орнатылды. Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Ашок Саджанхар. Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Омаров Қайрат Ермекұлы.

Корея Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика жарияланған күні (1948). Корея - Шығыс Азиядағы Корей түбегінде орналасқан мемлекет. Шекарасы Қытаймен және Ресеймен шектеседі. Әкімшілік жағынан 9 провинциядан және тікелей орталыққа бағынатын  6 қаладан тұрады. Астанасы - Сеул қаласы. Ресми тілі - корей тілі. Ақша бірлігі - вон. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ұлттық жиналыс.

Қазақстан Республикасы мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 28-інде орнатылды. Қазақстанның Кореядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Дулат Бәкішев. Корей Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Ким Иль-су.

Конго Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Конго - Орталық Африкада орналасқан мемлекет. Оңтүстігінде Анголамен, шығысында Конго Демократиялық Республикасымен, солтүстігінде Камерун, Орталық Африка Республикасымен, батысында Габонмен, оңтүстік-батысы Атлант мұхитымен шектеседі. Әкімшілік жағынан 10 облысқа және Браззавиль автономиялық коммунасына бөлінеді. Астанасы - Траззавиль қаласы. Ресми тілі - француз тілі, сонымен қатар банту тілі мен Конго өзенінің орта ағысы аумағындағы этноаралық сөйлесу тілі лингала кеңінен тараған. Ақша бірлігі - Африка қаржы қауымдастығы франкі. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы екі палаталы парламент - Сенат және Ұлттық жиналыс.

Поляк Халық армиясы күні. 1920 жылы тамыз айында Қызыл Армияның Батыс майданы мен Поляк Армиясы арасында Варшава шайқасы болды. Шайқас тамыздың 13-нен 16-ына дейін созылды.

Ұлттық еске алу күні (Нидерландыда өтетін жыл сайынғы үлкен шеру (Голландия)).

Бұл күн Тынық мұхитта екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталуына орай атап өтіледі. Жыл сайын Амстердамның оңтүстік бөлігіндегі Мартин Лютер Кинг саябағында карнавалдар мен қойылымдардың үлкен шеруі өтеді. Саябаққа кіру кешкі сағат 18.00-ге дейін тегін, одан кейін ақылы. Сонымен қатар саябақта пародия думаны өтеді.

Археолог күні. Археология - тарих ғылымының көне дәуір мен орта ғасырдағы адамзат қоғамы дамуының заңдылықтары мен негізгі кезеңдерін зерттейтін саласы. Археология термині жыл санауға дейінгі 4 ғасырда көне заманды зерттейтін ғылым ретінде қолданыла бастағанымен, ғылыми археологиялық зерттеулер Еуропада Қайта өркендеу дәуірінде ғана жүргізілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

65 жыл бұрын (1944) Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты ашылды.

48 жыл бұрын (1961) Қазақстан картасында жаңа екі қала Шахтинск және Абай пайда болды.

Абай Қарағанды облысындағы Абай ауданының орталығы. Қала іргетасы 1949 жылы Қарағанды көмір алабының батыс телімдерінің игерілуіне байланысты Шерубайнұра кенті ретінде қаланған. Қалада 5 шахта, «Шығыс» көмір байыту фабрикасы, темір-құйматас бұйымдары зауыты, құрылыс материалдары және құралымдар комбинаты, тігін фабрикасы, нан зауыты, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты жұмыс істейді. Сондай-ақ онда Тау-кен техникумы, 13 мектеп, 8 аурухана, 2 музыка, 1 спорт мектебі, 2 оқушылар үйі, мәдениет үйі, кинотеатр, кітапхана, стадион, жүзу бассейні бар.

Шахтинск қаласы Шерубайнұра және Тентек өзендері аралығында Қарағандыдан 50 шақырым жерде орналасқан. Іргесі 1949 жылы Тентек кокстелетін көмір кен орнының игерілуіне байланысты қаланған. Қаланың әкімшілік қарамағына  Шахан және Новодолинка  поселкесі, Солтүстік-батыс елді мекені кіреді. Аталмыш өңірдің тас көмір қоры 4,5 миллиард тоннаны құрайды. Қалада технологиялық колледж, кәсіптік-техникалық мектеп, 10-нан астам орта дәрежелі білім беретін оқу орындары, көркемөнер, музыка, спорт мектептері жұмыс жасайды.

17 жыл бұрын (1992) әдебиетші, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың тұрған үйіне орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу құрметіне орай Алматы қаласы жұршылығының жиыны өтті.

13 жыл бұрын (1996) Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласында Абай ескерткіші ашылды.

95 жыл бұрын (1914) Солтүстік және Оңтүстік Америка арасында қазылған Панама арнасы ресми түрде ашылды.

ЕСІМДЕР

95 жыл бұрын (1914-1996) ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері СҮЛЕЙМЕНОВ Иманбек дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, К.Тимирязев Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясының аспирантурасын бітірген. 1938-1940 жылдары - осы ғылыми мекеменің топырақтану кафедрасының ассистенті, аға ғылыми қызметкері. 1940-1942 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы институты директорының оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, Қазақ КСР Жер халық комиссарының орынбасары қызметтерін атқарды. 1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына  қатысты. 1944-1947 жылдары - Қазақ ауыл шаруашылығы институты директорының оқу және ғылым жұмыстар жөніндегі орынбасары, өсімдік өсіру кафедрасының доценті. 1947-1953 жылдары - Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі. 1953-1961 жылдары - Семей зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының кафедра меңгерушісі. 1961-1971 жылдары Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының профессоры қызметін атқарды. 1971 жылдан Қазақ ауыл шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі, профессоры болды.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері егіншілік пен өсімдік өсіру мәселелеріне арналған. Оның 170-тен аса ғылыми еңбегі, оның ішінде 7 монографиясы жарық көрген.

2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.

75 жыл бұрын (1934) экономика ғылымының докторы, профессор НЫСАНБАЕВ Сұлтан дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қазақ КСР Ұн өнімдері министрлігінде, Мемлекеттік жоспарлау комитетінде істеген. 1973-1983 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы, саяси экономика кафедрасының доценті. 1983-1989 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар оқытушылары біліктілігін жоғарылату институтының кафедра меңгерушісі. 1989 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры болып істейді.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері өнім сапасын, ғылыми-техникалық прогресті дамыту негізінде баға құрылымын жақсарту ісіне арналған.

50 жыл бұрын (1959) экономика ғылымының кандидаты, «Еуразия» халықаралық экономика академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Шаңғы спорты федерациясының құрметті президенті, каратэден КСРО чемпионатының күміс жүлдегері КӘКІМЖАНОВ Зейнолла Халидоллаұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясы Экономика және ғылыми-техникалық прогресті болжау институтының аспирантурасын бітірген. 1992-1993 жылдары - «Қазақстан» Республикалық құрылыс биржасы» акционерлік қоғамының вице-президенті, «КИНКО» компаниясының бас директоры. 1993-1994 жылдары - Қазақстандық банкаралық валюта биржасының бас директоры. 1994-1997 жылдары - «Қазақстан акционерлік халықтық жинақ банкі» жабық үлгідегі акционерлік қоғамының басқарма төрағасының міндетін атқарушысы, төрағасы. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - ҚР Президент жанындағы  Тұрақты даму жөніндегі ұлттық кеңес төрағасының орынбасары. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрі. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрі.  2003 жылдан «Қазақстан инвестициялық қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы қызметін атқарған.

240 жыл бұрын (1769-1821) ұлы француз императоры НАПОЛЕОН I (Бонапарт) дүниеге келді.

16 жасында артиллерия кіші лейтенанты шенінде әскери қызметін бастады. 1799 жылы мемлекеттік төңкеріс жасап, бірте-бірте билікті өз қолына алып, 5 жылдан кейін император болды. Ол көптеген жорықтар ұйымдастырып, империя аумағын мейлінше ұлғайтты. Алайды француз басқыншыларына қарсы Ресейдің 1812 жылғы соғысы оның «Ұлы армиясын» күйретіп қана қойған жоқ, сонымен бірге Еуропада Наполеон езгісіне қарсы ұлт-азаттық күрестің басталуына ұйытқы болды. 1814 жылы наурызда Парижге енген одақтастар әскері оны орнынан түсуіне мәжбүр етті. Ол 1815 жылы Эльба аралынан Францияға қайта оралып, екінші рет «жүз күн» билік құрды. 1815 жылы маусымның 2-інде Ватерлоо түбінде Ресей, Англия, Германия әскерлерінен жеңіліп, 6 жылдан кейін Қасиетті Елена аралында қайтыс болды.

ТАМЫЗДЫҢ 16-СЫ, ЖЕКСЕНБІ

Спорт күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы қаңтардың 20-ындағы Жарлығымен бекітілген. Қазақстан Республикасы Білім және денсаулық сақтау министрлігі бастамасымен жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтіледі.

АҚШ-тағы Элвис Преслиді еске алу күні. АҚШ-тың Мемфис қаласында әнші әрі каратист Элвис Преслиді еске алу күні өтеді. Тамыздың 10-ында мыңдаған адамдар Теннесси штатының Мемфис қаласына жиналады. Бағдарлама бойынша көптеген шаралар өткізіледі. Сонымен қатар үш күндік каратэ сайысы болып, Элвис қайтыс болған күні, яғни тамыздың 16-ында оның аты-жөні жазылған сыйлықтар жеңімпаздарға табыс етіледі. Қайтыс болғанға дейін оның 500 миллионға жуық үнтаспасы сатылып, жеті жылдан кейін бұл сан екі есеге өскен. 33 фильмге түсіп, әрқайсысынан миллион доллар көлемінде еңбекақы алған. 1973 жылы ол қатысқан телебағдарлама көрермендері 1 миллиард адамға жеткен.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

71 жыл бұрын (1938) «Сот құрылысы туралы» Заң қабылданды. 1938 жылы тамыздың 16-ында КСРО Конституциясының 14-ші бабына сәйкес «КСР одағының, одақтас және автономды республикалардың сот құрылысы туралы» Заң қабылданып, КСРО-ның және республикалардың соттарынан тұратын бірыңғай сот жүйесі бекітілді. Сот мекемелерінің алғашқы тобына КСРО Жоғарғы соты, арнаулы соттар: әскери трибуналдар мен темір жол желілік соттары кірді. Ал екінші топ құрамына одақтас республикалардың жоғарғы соттары, аймақтық және облыстық соттар және халық соттары енді.

20 жыл бұрын (1989) Шығыс Қазақстан облысының Қарауыл ауылында «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының белсенділері ұйымдастырған наразылық шеруі өтті. Шеруге қатысушылар КСРО Жоғарғы Кеңесінің АҚШ Конгресіне ядролық сынақты тоқтату туралы жолдаған үндеуіне қолдау көрсетті.

10 жыл бұрын (1999) «Қазпошта» акционерлік қоғамы Бүкіләлемдік пошта одағының  EMS кооперативіне қабылданды.

85 жыл бұрын (1924) 1-ші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен державалардың Лондон конференциясында Германия үшін Ч.Дауэс жетекшілігімен халықаралық комитет жасаған репарациялық жоспар бекітілді.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1939) Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері ИСАҒАЛИЕВ Қайрат дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Алматы  шет тілдері педагогикалық институтын бітірген. Мектеп-интернатта француз тілінің оқытушысы, Ембі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1969-1971 жылдары - Алжирдегі кеңестік мамандар тобының аудармашысы. 1971-1976 жылдары - Қазақ шетелдік мемлекеттермен достық және мәдени байланыс қоғамының бөлім меңгерушісі.  1976-1979 жылдары - Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің бөлім меңгерушісі. 1979-1981 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы. 1981-1985 жылдары - «Интурист» сыртқы экономикалық акционерлік қоғамының бөлімше бастығы. 1985-1988 жылдары - Алматы облыстық кәсіподақ кеңесінің нұсқаушысы. 1990-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Автомобиль жолдары министрлігінің бас маманы. 1992-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бөлім меңгерушісі, басқарма бастығы, министрліктің кеңесшісі. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Елшілігінің кеңесшісі. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы істерінің уақытша сенімді өкілі. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртық істер министрінің кеңесшісі. 2004 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы болып істейді.

2 медальмен марапатталған.

50 жыл бұрын (1959) халықаралық дәрежедегі спорт шебері, байдарка мен каноэ есу жарысынан Әлем чемпионы АКУНИШНИКОВ Александр дүниеге келді.

Орал қаласында туған. 1980 жылы КСРО біріншілігінде қола жүлдегер атанып, одақ құрамасы командасына қабылданған. Бірнеше рет КСРО біріншілігі мен кубогының, халықаралық жарыстардың жеңімпазы, жүлдегері болған. 1983-1986 жылдары Англияда өткен халықаралық жарыстың жеңімпазы, КСРО кубогының екі мәрте иегері, КСРО чемпионы, Монреальда өткен әлем біріншілігінің чемпионы атанды.

45 жыл бұрын (1964) «Мир» мемлекетаралық телерадио компаниясының директоры ӘЛІМЖАНОВ Асқар Әнуарбекұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жастардың әлеуметтік бағдарламалары қорының тілшісі, аудармашысы, жауапты хатшысы, «Ленинская смена» газетінің тілшісі қызметтерін атқарған. 1991-1992 жылдары - «Азия-пресс» ақпарат агенттігінің редакторы, «Таң» телекомпаниясы ақпараттық бөлімінің меңгерушісі. 1992-1996 жылдары - «Акбар» халықаралық журналистика орталығының ректоры, вице-президенті. 1996-1997 жылдары - «Хабар» агенттігі  жаңалықтар қызметінің аға, бас редакторы. 1997-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары. 2000-2002 жылдары - Орта Азиялық жүйелі зерттеулер қорының бөлім бастығы. 2002-2004 жылдары - «Репутация» коммуникативтік технологиялар орталығының кеңесшісі, даму жөніндегі директоры, бас директоры. 2004-2005 жылдары - «Перспектива» саяси консультация беру қорының бас директоры. 2005 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының баспасөз хатшысы - хатшылық меңгерушісінің орынбасары, «Қазақстан» телерадио корпорациясы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2009 жылдан бастап істейді.

105 жыл бұрын (1904-1971) американдық химик ВЕНДЕЛ Мередит Стэнли дүниеге келді.

АҚШ-тың Индиана штатының Риджвилл қаласында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін Ричмонд қаласындағы Эрлем колледжіне түскен. 1932 жылы Нью-Джерси штатының Принстон қаласындағы Рокфеллер медициналық зерттеулер институтының жануарлар мен өсімдіктер патологиясы зертханасына ауысты. Осы жерде ол өсімдіктерді ауруға ұшырататын вирустарды зерттеумен айналысты. Стэнли алғаш рет темекі мозаикасы вирусының кристалын алды. Ол вирус жұқтырған 1 тонна темекі жапырағынан бірнеше грамм ине тәріздес ұсақ кристалдарды бөлді. Сонымен қатар вирус кристалдарының өсімдікте көбею және жұқтыру қасиеттерін бұзбай-ақ ерітуге, тазалауға, сүзіп тазалауға және қайтадан кристалдауға болатынын анықтады. 1946 жылы «вирустардың ферменттері мен ағуыздарын таза түрде дайындағаны үшін» Нобель сыйлығына ие болды. 1948 жылдан өмірінің соңына дейін Беркли қаласындағы Калифорния университетінің зертханасына басшылық жасап, ғылыми жұмыстармен айналысты. Стэнли адамдардың рак ауруының көптеген түрін вирустардан пайда болады деп санады. Сонымен қатар ол Жер шарында ең алғаш вирустар пайда болған деген көзқараста болды. Ол бұл ойын өзінің «Вирустар», «Вирустар және өмір жаратылысы» атты кітаптарында жан-жақты баяндады.